Сыныптан тыс жұмыс оқушыларға тәрбие беру құралы, сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылатын мақсатқа бағытталған іс болып табылады.Сыныптан тыс тәрбие жұмысына барлық оқушылар қамтылуы керек және оған ата-аналар, еңбек ұжымдарының өкілдері, өндіріс орындары, студенттік педагогикалық бөлімдер қатынасады.Негізгі мақсаты оқушылардың бастамалары мен өзіндік іс-әрекеттердің дамуы. Негізгі міндеті - сабақтан соңғы бос уақытты ұйымдастыру процесінде білімнің түрлі салаларына оқушылардың танымдық қызығуын қалыптастыру, әлеуметтік белсенділігін тәрбиелеу, іс-әрекет түрлеріне қажеттіктерін, дарыны мен қабілеттерін дамыту, мамандыққа бағдар беру, қоғамдық мәні жан-жақты дамыған оқушының сапаларын үздіксіз, бірізді тәрбиелеу.
Бастауыш сыныптарға сыныптан тыс жұмыс, көп жағдайда, қамқоршы ата-аналар көмегімен сыныптың оқушылар іс-әрекеті төңірегінде жүргізіледі. Сыныптан тыс жұмыс сабақ сияқты уақытпен шектелмегендіктен, оның мазмұнын ұйымдастыру формалары мен әдістерін өзгертіп отыруға мүмкіндік береді.Сыныптан тыс жұмыс оқушыларды көптеген іс-әрекет түрлеріне қатынастыруға, ол іс-әрекет түрлерінің тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдалануға қолайлы жағдай туғызады.
Бастауыш мектеп жасындағы балаларды өздері қызығатын, ықыласпен орындайтын істер ғана қызықтырады.Бастауыш мектеп жасында жүріс-тұрыс тәжірибесі қарқынды жинақталады.Сондықтан бастауыш сынып мұғалімі сыныптан тыс жұмыстарда ынтымақтасу,өзара көмек, достық пен жолдастық қатынасын қажет ететіндей іс-әрекет түрлерін таңдап алуы керек.
Бастауыш мектеп жасындағы оқушылармен жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың түрлеріне тоқталайық.
Танымдық іс-әрекет.Сыныптан тыс танымдық іс-әрекет шеңбері оқушылар сабақта алған білімдерін кеңейтетін,қоршаған өмірге қызығуын дамытатын мәселелерді қозғайды.Танымдық іс-әрекетте ұжымдық және жеке жұмыс формаларын бөліп қарауға болады.Ұжымдық сыныптан тыс танымдық іс-әрекетте балалар ұжымы мүшелерінің алдына жалпы танымдық міндеттер қойылады.Сабақтан тыс уақытта оқушылар жаңа білімдерді бірлесе алады, тәжірибе жұмыстарының, қарапайым модельдер дайындаудың нәтижесіне жетеді,түрлі мамандықтар жөнінде мағлұматтар алады.Өз еркімен түрлі ұжымдық-танымдық іс-әрекеттерге қатынасып, оқушылар іс барысындағы тәуелділікке, жауапкершілікке,өзара көмек қатынасына тартылады. Оқушылардың сыныптан тыс танымдық іс-әрекетін ұйымдастыруда мұғалім балалардың түрлі жас кезеңдеріне байланысты топтарының танымдық қызығу ерекшеліктерін білуі керек.Бастауыш мектеп жасындағы балаларды қызықтырмайтын нәрсе жоқ. Бұл жастағы балалардың қызығуы шашыраңқы болады. Мысалы, 6-7 жасар балалардың қоятын сұрағы заттар және құбылыстармен алғашқы танысуға байланысты болса,8-10 жастағылардың сұрақтарынан деректерге, құбылыстарға, олардың мәнін тануға қызығуды көріуге болады. Бұған қосымша бұл жастағы балалар сұрағынан олардың санасына шешімі табылуға тиісті мәселе туындағанын көруге болады. Олар бұл мәселені өздігінен шеше алмауы мүмкін, сондықтан олар үлкендерге иек артады.
Олардың танымдық қызығуын талдау нәтижесінде В.А. Сухомлинский әр баланың ойы өзіндік жолмен дамиды, олардың әрқайсысы өзінше ақылды да дарынды деген болатын.
Сыныптан тыс жұмыс барысында балалардың танымдық қызығуы қанағаттандырылып қана қоймайды.
Оқушылардың сыныптан тыс танымдық іс-әрекеті формалары мен әдістері олардан себеп-салдарлық байланыстарды талап ететіндей, қарапайым сұрақтардан күрделірек сұрақтарға көшетіндей етіп құрылады.
Оқу барысына қарағанда, оқушылардың сыныптан тыс іс-әрекет формалары көбірек. Балалар байқауларға, викториналарға, әңгімелерге қатынасады, ғылым мен техника жаңалықтары жөнінде баяндамалар тыңдайды, танымдық сипаттағы ойындарға қатынасады, оқылған кітаптар мен көрілген кинофильмдерді талқылайды. Бастауыш мектеп жасындағы оқушылармен жүргізілетін танымдық іс-әрекет формасы қызығу саласына сай клубтық жұмыстар болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |