БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ГУМАНИСТІК ТӘРБИЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҚҰЗЫРЛЫЛЫҚ ҚАТЫНАС
Бүгінгі жаңа қоғамда болып жатқан терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер білім дамуына жаңа ықпалдарды талап етеді, қалыптасқан әдіснама мен педагогика ғылымының парадигмаларын өзгертуді қажет деп санайды. Білім беруді дамыту концепциясы тек қана білімнің теориялық ұстанымдарының жаңартылуына бағытталған, ал реформаның негізгі талаптарына жауап бере алмауда. Сол себепті Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдар аралығында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес білім берудің әрбір кезеңдеріне білім жүйелерінің жетілген жаңа үлгілерін енгізу міндеттелді, оның ішінде, гуманитарлық тәрбие парадигмасына айрықша назар аударылып отыр.
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында бұрынғы кеңестік жүйеде өмір сүрген барлық ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда тәрбие теориясы мен практикасы мәселесі үлкен дағдарысқа ұшырағаны айқындалды. Ол дағдарыс: құндылықтық, мақсаттылық, мазмұндық, технологиялық, нәтижеліліктің деңгейлерінің барлығында да көрініс тапты. Осындай тарихи-қоғамдық формация жағдайында, ғылыми-педагогикалық әдебиеттерге жасалынған талдау жаңа қоғамдық формацияның даму және қалыптасу ерекшеліктеріне сәйкес Қазақстанда бастауыш сынып оқушыларының гуманистік көзқарасын қалыптастыру арқылы болашақ маманның адами сапасын арттырудың аса маңызды міндеттердің бірі екендігін көрсетіп беріп отыр.
Бүгінгі күні педагогика ғылымының мазмұны көптеген жалпығылы-милық, әлеуметтік-философиялық, әлеуметтік-мәдени және адамгершілік-эстетикалық процестердің тоғысуына тап келіп отыр, өйткені қоғамдық өмірдің күрделі талаптарына сәйкес тәрбиенің құндылық сипаттарын қайта анықтау өзекті мәселе ретінде қарастырылуда. Оқу-тәрбие процесін гуманитарландыру арқылы, яғни оқушыға бүкіладамзаттық құндылықтарды дарыту арқылы, әрбір оқушының тек білімі, біліктілігі және дағдысын ғана емес адамгершілік сипатын анықтайтын өзіндік рухани байлықтарының сапасын арттыру жүзеге асырылады деп саналады.
Білім беру мен тәрбие арқылы жас ұрпақтың гуманистік тәрбиесі мен дүниетанымын қалыптастыру педагогика тарихында кең қаралған мәселелер қатарына жатады. Педагогика тарихында жас ұрпақтың гуманистік тәрбиесін қалыптастыру адамзаттың ізгілікті-прогресшіл бағытта дамуының басты алғы шарты екендігі Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, В.А.Сухомлинский, Г.Н.Волков, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, т.б. еңбектерінде айтылған болатын.
Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер адам санасындағы күрделі жаңғыру процесімен астаса жүріп жатыр, мұның өзі іргелі және әмбебап білімді саралап, оның өрісін кеңейте түсуді және бұл істі білім беру жүйесі арқылы жүзеге асыруды талап етеді. Қоғамымызда бүгінгі таңда білім берудің өндірісті қамтудан мәдени-шығармашылық мұратқа ойысуы жолындағы келелі міндеті туралы дәстүрлі түсінік қайта қаралуда, өйткені олар жеке тұлғаның дамуындағы сыңаржақтылық пен толымсыздықты еңсеруге жәрдемдеседі, әр кісінің азаматтық тұғырын табуына жетелейді, сол арқылы оның ішкі әлеуетін ашуына деген мүмкіндігін кеңейтеді.
Қазақстан Республикасында қабылданған білім беруді гуманитарландыру тұжырымдамасында (1994) жалпы адамзаттық құндылықтар мен Қазақстанның ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, өтпелі кезеңде гуманитарлық білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиясын ұсыну, оның серпінді дамуы мен қызмет атқаруына жағдай жасау мақсаты көрсетілген.
Қазіргі білім беру жүйесінің жай-күйіне жасалған талдау оның әлемдік деңгейге де, сондай-ақ көкейкесті практикалық қажеттілікке де сай еместігі дәлелденіп отыр. Біздің бұрынғы білім беру жүйесіне шектен тыс идеяологиялық тәуелділік пен кәсіптік бағдар тән еді. Қоғамдық пәндер саласында көбінесе адам табиғатын, оның өмірлік мүдделері мен қажеттіліктерін, шынайы мәдени құндылықтарын тиісінше ескере бермейтін ғылыми білім үлгілеріне бағыт ұстанылған еді. Білім беруді бір ізге салу, жаттанды қағидалар мен қалыптардан таймау, әлемдік өркениеттен оқшаулану рухани өмірдің жұтаңдауына әкеліп соқты. Халықтың мәдени-тарихи мұрасының тұтас қаттаулары жадымыздан қағыс қалдырылды.
Көптеген оқушылардың әлемнің және Отанымыздың мәдениетінің негіздерін білмеуі, қоғамдық институттардың құрылымы мен қызметі туралы қарапайым түсініктерінің жоқтығы, адамдардың қарым-қатынас жасаудағы этикалық және психологиялық тұрлаулы дағдысының әлсіздігі немесе болмауы, дүниені түсіну жөніндегі жалпы ғылыми көзқарасының қалыптаспауы, өмірге және ондағы өз орнына деген тоғышарлық көзқарастың меңдеп кетуі – жастардың гуманистік көзқарасының дұрыс қалыптасуына, олардың даярлығына жеткілікті көңіл бөлмеу салдары.
Дәстүр бойынша жеке адам тұлғасы алдында үш жақты проблема өз инстинктарымен, табиғат күштерімен және қоршаған адамдармен өз қарым-қатынастарын реттеу тұр десек, онда жаңа қоғам адам мен оның өндірген өнімдерінің арасындағы қалыптасқан қарама-қайшылықтарды шешуге мәжбүр болды.
Ғылыми-техникалық прогрестің антигумандық логикасы ғаламдық техникаландыру адам өміріне сыналап еніп, шындықты бұрмалады және адамның өзі жаратқан құндылықтарды одан да жоғары ретпен дәріптей бастады. Сол себепті қоғамның гумансыздануы философтар, мәдениеттану шылар, педагогтар мен әлеуметтанушылардың назарына зерттеу нысанасы ретінде алынды. Дағдарыс жағдайынан шығу жөніндегі олардың зерттеулері гуманистік ойды дамытудың тұтас кезеңдерін қамтыды. ХХ ғасырдың ірі гуманистерінің бірі Хосе Ортега-и-Гассеттің айтуынша «өмірлік адасу» (дезориентация) атты феномен тіркелді:» Бізге, кешегі өмірлік кеңістігімізге бағыт беруші ұлы мақсаттарымыз өз нақтылығын, тартымдылығын, күші мен билігін жоғалтты.
Осындай қоғамда адамзатта тек өндірісті барынша арттыру мен оның өнімдерін пайдаланудан басқа мақсат қалмайды. Құндылықтардың осылай деформациялануы адамзаттың ядролық қарудан ғана емес, рухани әрекетсіздіктен қырылуына алып келеді.
Ғасырлар бойы гуманистік тәрбиенің әлемдік теориясы мен практикасында жалпы түрде қабылданған басты мақсат жан-жақты және гармониялы дамыған жеке адамды қалыптастыру болып келді. Бұл мақсат идеал ретінде жеке адамның статикалық сипатын береді. Ал оның динамикалық сипаты өзіндік-даму және өзін-өзі пайдалана алу (самореализация) процестерімен байланысты. Сондықтан осы процестер гуманитарлық тәрбиенің ерекшелігін анықтайды: жеке адамның өзімен және қоғаммен гармониялық байланыста өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі пайдалана алуы үшін жағдай (шарт) туғызу қажет болып табылады.
Гуманистік дәстүрлерде жеке адамның дамуы рационалды және эмоционалды өмірдегі өзара байланысты өзгерістер процесі ретінде қарастырылады, оның өзімен және әлеуметтік ортамен үйлесімдік деңгейі арқылы сипатталынады.
Гуманистік тәрбиенің мақсатын осылай өрнектеуге сәйкес адамның өз өміріне, өз құқығына әсерін және өз қабілеттері мен шығармашылық потенциалын ашуға жауапкершілігін, өзін-өзі дамыту мен пайдалана алуын таңдау еркіндігі және оған қоғамның әсері арасындағы қатынасты түсінуді қайта бағалау мүмкіндігі пайда болды. Қазіргі түсінік бойынша гуманистік тәрбие мақсаты негізіне планетарлық сана мен бүкіладамзаттық мәдениеттің элементтерін қалыптастыру мүмкіндігі алынған.
Педагогика ғылымы бүгінгі күні көптеген жалпы ғылымилық, әлеуметтік-философиялық, әлеуметтік-мәдени және адамгершіліктік-эстетикалық процестердің тоғысуына тап келіп отыр, өйткені қоғамдық өмірдің күрделі талаптарына сәйкес тәрбиенің құндылық сипаттарын қайта анықтау өзекті мәселе ретінде қарастырылуда. Ал оның алғы шарты басты гуманистік құндылықтарды дамыту, яғни жеке тұлға ретінде тұлға бойында қайырымдылықты, шыншылдықты, әділдікті, еркіндікті қалыптастыру педагогика ғылымының прогрессивті ұстанымдарының бірі болып табылады. Оқу-тәрбие процесін гуманитарландыру арқылы оқушыларға бүкіладамзаттық құндылықтарды дарыту арқылы, әрбір оқушының тек білімі, біліктілігі және дағдысын ғана емес адамгершілік сипатын анықтайтын өзіндік рухани байлықтарының санасын арттыру жүзеге асырылады. Болашақ маманның адами сапасының қалыптасу дәрежесіне байланысты оның маман ретіндегі кәсіби деңгейі айқындалынады. Сондықтан кәсіби білім, іскерлік пен дағды оқушының тек тұлғалық ерекшелігінің элементарлы негізі болады, ал қабілеттері мен құндылық бағдарларының жан-жақты дамуы жоғары және өнімді қалыптасу деңгейі болып табылады, яғни тәрбиелілік мәдениеттің жоғарылауының, бүкіладамзаттық құндылықтарды меңгеру арқылы гуманистік көзқарасының тұрақталуының көрсеткіші болып алады. Оқушылардың жалпыадамзаттық құндылықтар туралы білімдері мен гуманистік көзқарасын қалыптастырудың ең тиімді, мүмкін болатын құралы – берілетін білімдерге адами және рухани сипат беру болып табылады.
Тәрбиені педагогикалық процесс деп түсіндіретін деңгейде «тәрбие- адамның ішкі дүниесіне әсер ететін барлық педагогикалық ықпалдардың кірігуі (интеграциялану), яғни адам бүкіл өмірінде өзіне қатысты тәрбиелік функцияларды атқарушы адамдар арасында болады және олардың ықпалын тиімділік дәрежесі бойынша қабылдауы» - деп тұжырымдауға болады. Тәрбие жүйесінің әрбір звеносы тәрбиеленуші үшін өзіндік тәрбие ықпалын тигізеді. Тәрбиені кәсіби қызмет ретінде түсіндіретін үшінші анықтамада педагог-тәрбиеші қызметі тәрбие субьектісі ретінде алынады және түрлі тәрбие звеноларында нақты әрекеттер жүйесімен қызмет етеді.
«Тәрбие» ұғымының түрлі анықтамалары мен түсініктерін қазіргі тәрбие көріністері контексімен салыстыра отырып, Б.Т.Лихачев тәрбиені адамның сапалық қасиеттерімен бағалау арқылы жаңа гуманистік анықтамасын берген жөн деп санайды. Аталған логика бойынша тәрбие – адамның сапалық деңгейін мәндендіруші, оның тұрмысының мән-мағынасы мен өмір сүру әдістерінің өзгеру динамикасынан туындайтын педагогикалық өзара әсерлесу нәтижесі деп түсіндіруге болады.
Тәрбиеге гуманистік сипат беру мақсатында біраз ғалымдар оны әлеуметтендіру жеткілікті, яғни бағытталған әрекет арқылы индивидке саналы түрде қажетті қасиеттер мен белгілерді сіңіруге болады (И.С.Кон) десе, біразы (Изотов М.З, Фромм Э) жеке тұлғаның қажеттіліктерін қалыптастыру мен оларды қанағаттандырудың мүмкін болатын әлеуметтік тәсілдерін анықтау жеткілікті, ал Г.С.Батишев - адамға өзін-өзі танып білу мен өз қажеттіліктерін анықтау мүмкіндігін беру қажет, сонда ғана тәрбиеде гуманистік мазмұн бола алады деген. Дәстүрлі түсініктерде (Я.А.Коменский, В.Зенковский) тәрбие «ұстап отыру механизмі» немесе «мінез-құлықтық шектеу» делініп, этностық, туыстық қарым-қатынастар жүйесінде өмірдің талабы мен ережелерінің, мәңгіліктік заңдарымен байланыс тәсілі ретінде бағаланады, ал Р.Тагордың еңбектерінде «адамзаттың данышпандығының шексіз ішкі бастауларын сыртқа шығарушы» деген тамаша анықтама беріледі.
Гуманистік тәрбие беру көзқарасының түрлі сипаттамаларына, олардың түрлі мазмұндарына қарамастан тәрбиешіні тәрбиеленушінің ішкі саналық қасиеттерінің бағыттылығы қызықтыруы керек. Шын мәнінде бұл бағыттылық рухани дамуға жол сілтейді, яғни адамның өзінің тұрмыстық деңгей шеңберінен асу (шығу) арқылы толық қанағаттануға жақындау болып табылады.
Құзырлылық қатынас тәрбиеленуші мен тәрбиеші арасындағы тәрбие міндеттерін жүзеге асыруда нақты әрекеттерді меңгерумен және күтілетін нәтиженің мақсатқа сәйкестігімен айқындалады. Сондықтан бастауыш мектеп оқушыларынң гуманистік тәрбиесін қалыптастырудағы құзырлылық қатынас оқушылардың қарым-қатынас мәдениеті мен білім сапасындағы ізгіліктік ниет пен гуманистік көзқарастың құраушы элементтерін қай деңгейде және қаншалықты меңгергеніне байланысты болады.
Құзырлылық қатынасты таңдау гуманистік тәрбиенің гуманистік тәрбиенің жалпы адамзаттық құндылықтарының әлеуметтік ұйымдастырылған интериоризация процесі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Өйткені, гуманистік тәрбие айтарлықтай дәрежеде кәсіби-этикалық өзара жауапкершілік метақағидасының жүзеге асырылуымен де байланысты болғандықтан жеке тұлғаның көзқарасы мен рухани дүниетанымына ықпал етеді. Құзырлылық қатынас негізінде оқушылардың гуманистік тәрбиесін қалыптастыру – қарым-қатынас мәдениетін нақты кезеңдер арқылы жүзеге асыру жолдары көрсетілген. Құзырлылық қатынас тәрбиеленуші мен тәрбиеші арасындағы тәрбие міндеттерін жүзеге асыруда нақты әрекеттерді меңгерумен және күтілетін нәтиженің мақсатқа сәйкестігімен айқындала-тыны, сондықтан бастауыш мектеп оқушыларының гуманистік тәрбиесін қалыптастырудағы құзырлылық қатынас оқушылардың қарым-қатынас мәдениеті мен білім сапасындағы ізгіліктік ниет пен гуманистік тәрбиесінің құраушы элементтерін қай деңгейде және қаншалықты меңгергеніне байланысты болады.
Бастауыш сынып оқушыларының гуманистік тәрбиесін қалыптастыру жас жеткіншектерімізді мәдениетті, парасатты, білікті, көрегенді етіп тәрбиелеу бұл мемлекет басшысының салиқалы ой тізбегінен өткен жай, әлемдік өркениет дамуының қырын-сырын оқып, зерттеп жүйелеген көрегендік саясатының толық қанды жемісі болмақ. Осы тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында барынша еңбек етіп, елімізді өркендетіп, гүлдендіру, ”Мен Қазақстанның азаматымын” – деген ұлтжанды отандастарымыздың ардақты да, асқақ борышы болмақ. Сондықтан да, өсіп келе жатқан жас ұрпақтарымыздың жан-жақты ойлай білетін, өз елінің, халқының қамын жейтін, қоғамды алға қарай дамытатын адамгершілігі мол бүлдіршіндерін дайындауымыз керек. Сол себепті де, білім беру саласында жұмыс істейтін педагогтарымыздың алдында үлкен міндет, ауыр жүк тұр. Өйткені, қазіргі оқушыларға егемен еліміздің болағашына, өтпелі кезеңнің көлеңкелі жақтарын ескере отырып, оған мойын ұсынбай, алдымызда тұрған нарықтық экономика жағдайында мазмұнды, әрі сапалы білім беру біздің аса жауапты міндетіміз. Бастауыш сынып оқушыларына құзырлылық қатынас негізінде гуманистік тәрбие беру, осы бағытта отбасында, мектепте алған тәрбиелерін ұштау, жетілдіру – бүгінгі педагогика ғылымының өзекті мәселелерінің бірінен саналады. Гуманистік тәрбие берудің түрлері мен бағыт-бағдарлары алуан түрлі.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. - Астана, 2010.
2. Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымда-масы. - Алматы: Қазақстан, 1994.
3. Бөлеев Қ. 12 жылдық мектеп педагогының кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру// «Мектепте құзыреттілік білім беруді енгізу жағадайында педагог кадрларды дайындау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция - Тараз, 2006.
4. Қожахметова К.Ж. Халықтық педагогиканы зерттеудің кейбір ғылыми және теориялық мәселелері. – Алматы, 1993.
Достарыңызбен бөлісу: |