Бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық біліктілігін қалыптастыру



Дата13.06.2016
өлшемі61.31 Kb.
#131731
түріСтатья
Бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық біліктілігін қалыптастыру

Сартаева Н., Беркінбаева А.

(Қазақстан Республикасы, Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті)



Nazgul_88s@mail.ru, akori-87@mail.ru

Аннотация

Статья посвящена проблеме формирования читательских интересов младших школьников.
Маңызды сөздер: оқырмандық біліктілік, оқырмандық қызығушылық, мәтінді талдау.
Бастауыш мектептің негізгі міндеттерінің бірі – баланың ақыл-ойының дамуына қамтамасыз ететін жағдайлар жасау. Сабақтардың оқу міндеттері өзгеруі мүмкін, бірақ мұндай сабақтардағы басты әрекет мәтінді оқу мен талдау болып қала береді. Осылайша, әдебиеттік оқу сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстарда бастауыш оқытудағы басты мәселе – оқу дағдысын қалыптастыру мен оқыған мәтінді түсінуге бағытталған жұмыстар жүргізу мәселелері шешіледі.

Оқырмандық біліктілік – оқу әрекетін көзделген мақсат пен шарттарға орай неғұрлым тиімді етіп орындауға дайындық. Ол көркем мәтінді талдау, оқиға желісі, композиция, бейнелерге бағытталады және шығарма идеясын жүзеге асыруға ықпал етеді.

Жекелеген оқырмандық біліктілікке төмендегілер енеді:

1. Тілдің бейнелі құралдарын шығармадағы атқаратын қызметіне орай қабылдау біліктілігі.

Тілдің бейнелі құралдарын дұрыс қабылдау мен бағалау негізі – сөзді көркем бейне тудырушы құрал ретінде ұғыну. Оқушыны оқу барысында кездестіретін бейнелі сөздерді дұрыс қабылдауға, яғни сөйлемнің құрылымына, сөзді таңдауына назар аудару арқылы автор таңдауына көңіл аударуға үйрету керек.

2. Жазушы суреттеген өмір құбылыстарын қиялда бейнелей білу біліктілігі.

Жарқын бейнелер жеткіліксіз болған кезде көркем шығармадан алар ләззат та жұтаң болады. Сондықтан оқырманның қиялдау белсенділігін дамыту және бастауыш сынып оқушыларын өз қиялын шығарма мәтініне бағыттау, түзеп отыруға дағдыландыру қажет. Шығарманы талдау өмірдің өзін емес, автордың өмірді бейнелеуін ұғынуға бағытталуы керек.

3. Эпикалық шығармадағы әрекеттің даму логикасын, лирикалық шығармада сезім тасқынын, драмада келіспеушіліктер мен шиеленістерді, оқиғалар арасында себеп-салдарлық байланысты орната білу біліктілігі.

Аталған біліктілік шығарма композициясын анықтауға бағытталған. Композиция – бұл шығарманың тарауларға, бөліктерге, азат жолдарға, қатарларға, көріністерге, оқиғалар өрбуін хабарлау ретіне және т.б. бөлінуі. Бастауыш сынып оқушылары композиция ұғымының мәнін жете түсінбесе де, оларды алуан түрлі сезімдердің алмасуы мен келіспеушіліктердің шиеленісуіне назар аударуға үйрету қажет. Оқиға желісі – сюжетпен және оның элементтері: кіріспе, шиеленіс, әрекеттер дамуы, қорытындымен таныстыру және олардың шығарма идеясын ашудағы маңызын үғындыру.

4. Эпостық шығармада кейіпкер бейнесін, лирикалық шығармада кейіпкер сезімін, драмада идеяны ашуға бағытталған элементтер сипатын тұтастай қабылдау біліктілігі.

Көркем шығармада идеяны ашу кейпкер бейнесін дұрыс суреттей білуге байланысты. Кейіпкерді тұтастай қабылдау дегеніміз оқырманның оған эмоционалды қатынас тудыруы, мотивтерін анықтауы, кейіпкер әрекетінің нәтижесін, бейненің дамуын көру. Бұл біліктілікті қалыптастыру кейіпкерді суреттей отырып, автордың қандай да бір сұрақ төңірегінде өз көзқарасын еркін білдіруіне сүйенеді.

5. Көркем шығарманың барлық элементінен авторлық тұғырды аңғара білу біліктілігі.

6. Шығарма идесын түсіне алу біліктілігі.

Идеяны түсіну – бұл талдау мақсаты, ол қабылдау элементтері арасындағы байланыстарды орнатуға негізделеді [1].

Оқырман қалыптастыру жайындағы бүгінгі күнгі ғылымдағы көзқарас бойынша, әдеби оқу үдерісінің негізгі көрсеткіші – оқырманның кітапты таңдауда, басқа біреудің сөзін жеткізуде, кітап оқумен айналысу уақытын белгілегенде өз бетінше әрекет ету деңгейі. Кез келген әрекетті, оның ішінде оқырмандық әрекетті өз бетінше жүзеге асыру үшін оқырман ешкімнің көмегіне жүгінбестен, әрекетті орындауда, біріншіден, әлемде және өзінің айналасында қандай кітаптар бар, басқа кітаптар арасынан өзіне қажет кітапты қалай таңдау қажеттігін білуі керек; екіншіден, мәтінді қатесіз, жылдам, түсіне оқып шығып, өзіне және өзінің жеке қажеттіліктеріне сүйене отырып, кітаптың қандай тәжірибе бергені жөнінде ойлануы қажет; үшіншіден, осы жұмыстарды ол ешкімнің бұйрығынсыз, өз еркімен орындауы тиіс. Ешкім оған кітаптар ішінен көкейінде жүрген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында белгілі бір кітапты іздеуі қажет екенін есіне салып отырмауы керек.

Оқу үдерісін және оқырманның өз бетінше әрекет ету деңгейін сипаттайтын тағы бір жағдай бар, ол оқушы миына күш түсірмей, баланы рухани байытатын кітаптарға күніне қанша уақыт бөлуі керектігі. Бұл ретте қазіргі ғылыми білім мынадай: 1-сынып оқушысы 10-15 минутқа дейін үздіксіз кітаппен жұмыс жасай алады; 2-сынып оқушысы үшін бұл уақыт екі еселенеді; 3-сыныпта бұл үдеріс 1-1,5 сағатқа созылуы мүмкін; ал 4-сынып оқушысы қатарынан 2 сағаттан артық жұмыс жасауына болмайды, ол қанша оқығысы келгенімен, міндетті түрде кішігірім үзіліс жасағаны жөн.

Біліктіліктер төмендегідей әдс-тәсілдер арқылы қалыптасады: көркем шығарманы қабылдау деңгейін көтеруге бағытталған ауыша суреттеу, авторлық тұғырды анықтау, шығарма элементтері арасында байланыс орнату, шығармашылық әңгімелеу түрлерінің тиімділігін анықтау, сондай-ақ арнайы жинақталған жаттығулар жүйесі [2].

Балаларды шығармадағы логикалық байланысты анықтай білуге үйрету өте маңызды:

- шығармада ең басты ой қандай деп ойлайсың?

- оқиғаның бұлай өрбуіне не себеп болды?

- бұл әрекет неліктен орын алды?

- әрекет етушінің бұл ісін қалай бағалау қажет?

- шығарманы оқуда қандай сезімге бөлендің?

- автор шығарманың басты кейпкер ісіне қалай қарайды?

Логикалық байланыс орнатуға көркем шығарманы ұжыммен талдау мүмкіндік береді.

Әдебиеттік оқу сабағы және көркем шығарманы талдау мынадай кезеңдерден тұрады:

1. Мәтінді қабылдауға дайындық.

2. Мәтінді алғаш қабылдау.

3. Алғаш қабылдауды тексеру.

4. Шығарманы оқу және талдау.

5. Жалпылау.

6. Жаңа оқырмандық мақсатта шығарманы қайта оқу.

7. Оқылған мәтінге байланысты шығармашылық жұмыс [3].

Оқырмандық біліктілікті қалыптастыру үшін оқушының оқырман ретінде де, тұлға ретінде де қызығушылығы мен қажеттілігін ескеру керек. Әйгілі педагог, психолог және балалар жазушысы В.А.Левин төмендегідей әдістемелік нұсқауларды ұсынады:



  • Бала бірлескен оқуға (өнердің басқа түрлеріне де) өз еркімен қатысады және одан эстетикалық ләззат алады.

  • Оқу материалын бала барлық оқушылар үшін тапсырылған «міндетті» әдебиеттер тізімі бойынша емес, өз бетінше таңдайды.

  • Ересектер тек өзіне ұнаған туындыны ғана оқиды. Оқушыны бұл өнерге баулу тек өзі де әдебиетті сүйетін адамның ғана қолынан келеді.

  • Бала кітаппен оңаша қалуға мүмкіндік алып, оқыған шығарманы, авторды, жанрды қайта таңдап, тұтастай немесе бөлікке бөліп оқуға құқылы болуы тиіс.

  • Шығарма дұрыс таңдалмағанын (ба аүшін қызықсыз немесе бүгінгі көңіл-күйіне сай келмейтінін) байқаған соң, ересек адам қырсығып, баланы шығарма соңына дейін еріксіз тыңдатудың орнына мәтінді кейінге қалдырғаны жөн [4].

Мәтінді оқудың алдында оқушылар назарын талдау тапсырмаларына (мысалы, қай жыл мезгілі туралы айтылуда, мәтінді қанша бөлікке бөлуге болады, бұл автордың басқа шығармаларына несімен ұқсайды) аудармаған жөн. Оқудың алдында оқырманның мәтінді қабылдауына бағытталған тапсырма берген дұрыс, мысалы: «Оқып шығып, автордың суреттеген бейнесін көз алдарыңызға келтіруге тырысыңыздар!» немесе «Ақын бізге қандай сезімді жеткізбек болды?» және т.б.

Мәтінге деген оқырмандық қызығушылықты белсендіретін кейбір әдіс-тәсілдерге тоқталып кетейік:



  • Оқырманның өмірлік тәжірибесіне бағытталу. Мысалы: Есіңе түсірші, сенің ойыңша, қыста (жазда, көктемде) ең әдемі болып көрінетін қандай көрініс? Осы суретті сал. Қандай түсті қарындаштарды таңдайсың? Неге?

  • Оқушылардың шығармашылық қиялын белсендіру жұмыстары. Мысалы: Күздің жапырағы, нәзік қылау немесе найзағайлы бұлттан түскен тамшының тағдыры жайлы қиялдан. . Сен олардың көңіл-күйі, сезімдері және ойларын елестете алсың ба? Олардың мінезі қандай? Олармен жерге түсерге дейін қандай оқиғалар болуы мүмкін?

  • Шығарманың тууына байланысты оқиғалар жайлы әңгіме.

  • Жазушы және оның шығармасы туралы әңгіме.

  • Оқылатын әдеби шығармадағы мәселеге жуық тақырыптағы кескіндеме туындыларын көру.

  • Әдеби шығармадағы көңіл-күйге сәйкес ән тыңдау.

  • Балаларға таныс жазушы шығармаларына байланысты викториналар, кроссвордтар.

  • Жазушы кітаптарының көрмесі [5].

Сонымен, әдебиеттік оқу пәні – оқушының өнер туындысы арқылы рухани әлемінің дамуы, оқырмандық біліктілік - әрекет ету жағдайына байланысты мақсат пен шартқа сай тиімді жұмыс жасауға дайын болу.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Маретбаева М. Көркем мәтінді зерттеудің теориялық мәселелері // «Тіл білімі» ғылыми-теориялық конференция материалдары. 3 бөлім. – Астана, 2007. – 130-134-б.б.

2. Бабенко Л.Г., Васильева И.Е., Казарин Ю.В. Лингвистический анализ художественного текста. – Екатеринбург: Деловая книга, 2000. – 345 с.

3. Мұстафина С.С. Текстообразующие средства казахского языка. Автореф. канд. филол. наук. – Алматы, 1986. – 24 с.



4. Примаковский, А. П. О культуре чтения: методы самостоятельной работы с книгой в свете научной организации умственного труда. М.: Книга, 1969. - 158 с.
5.    Пантюхова, Т. В. Читательская культура в обществе коммуникаций // Библиотековедение. – 2008. - №3. – С. 61-64.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет