В. И. Байденко [1], Г. К. Нургалиева [2], Ю. Г. Татура [3 және т б. еңбектерін талдау жоғары білім беруді дамытудағы маңызды мәселелердің бірі қазіргі



Дата08.06.2016
өлшемі111.94 Kb.
#122397
Халықаралық білім беру кеңістігіне табысты бірігу қазақстандық білім беру жүйесін дамытудың негізгі міндеттерінің бірі. 2005-2010 жылдары Қазақстан Республикасында  Мемлекеттік білім беруді дамытудың аталмыш бағдарламасына сай көп деңгейлі білім берудің ұлттық жүйесін модернизациялау жолдары белгіленген болатын. Мемлекеттік бағдарламада студенттердің академиялық мобильділігіне, олардың жеке тұлғалық әлеуетін толыққанды жүзеге асыруына жағдай жасау қажеттігі айтылып, студенттің оқу іс-әрекетін жекелендіруді, жеке тұлғаға бағдарланған оқыту мен тәрбиелеуді қамтамасыз ететін вариативті бағдарлама құру ресми мәлімделді. Бұл бағдарламаның басымдықтарының бірі кәсіби міндеттерді өз бетінше, шығармашылық тұрғыда шеше алатын, кәсіби қызметінің тұлғалық және қоғамдық маңыздылығын ұғынатын, өз ісіне жауапты, кәсіби-құзыретті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау сапасын арттыру болып табылады.

Зерттеушілердің айтуынша, студенттерде академиялық білімді қалыптастыру, өзгермелі қоғамға оңай бейімделіп, табысты еңбек ете алатын мамандар даярлау – білім берудің  маңызды міндеттерінің бірі.

В.И.Байденко [1], Г.К.Нургалиева [2], Ю.Г.Татура [3  және т.б. еңбектерін талдау жоғары білім беруді дамытудағы маңызды мәселелердің бірі қазіргі мамандарды дайындау сапасын арттыру қажеттігін көрсетеді.

Сапа – бұл зерттелетін объект (зат, үрдіс, ақырғы нәтиже)  қасиеттерінің талап етілген немесе күтілетін нәтижеге сәйкестік дәрежесін білдіретін ұғым.



Сапа (ИСО 9000 сериясы) - қандай да бір объект (өнімнің, қызметтің, үрдістің)  сапасының кейбір талаптарға (нормаларға, стандарттарға) сай болу дәрежесі.

ИСО 9000 сериясы стандарты сапа жүйесін бағалау бойынша күллі әлем мойындайтын тәсілді бекітті. ИСО – бұл тұтынушыға қатаң бағдарлану. Аталған ИСО 9000 сериясы стандарттары осы саладағы Э.Деминг, П. Друкер, К.Исикава, Ф.Кросби, Г.Тагути және басқа ғалымдардың еңбектерімен байланысты.

Сапаның көрсеткіштері (индикаторлары) келесідей сипатталады.

Сапа:

-  стандартқа сәйкестік;

-  қолдануға сәйкестік;

-  бағаға сәйкестік;

-  қажеттіліктерге сәйкестік.

Зерттеуімізге арқау болып отырған мамандарды дайындау  сапасы – мамандарды даярлаудың білім беру мақсаттарына, тұтынушылардың нормаларына, стандарттары мен талаптарына тең дәрежеде сай болуы, бұл жерде тұтынушылар сұранысы кәсіби мінездемелерге берілетін нақты тапсырыспен анықталады. Аталмыш ұғым «білім беру сапасы», «оқыту сапасы», «жоғары білім сапасы» ұғымдарымен тығыз байланысты. Оларды келесідей анықтаймыз.



Білім беру сапасы – білім беру үдерісінің күйі мен нәтижелілігін, оның тұлғаның азаматтық, тұрмыстық және кәсіби концепцияларын дамытуда және қалыптастыруда қоғамның қажеттіліктеріне сай болуын анықтайтын әлеуметтік категория; білім беру сапасының көрсеткіштері мынадай:

-  білім беру мазмұны;

-  оқыту әдістері мен формалары;

-  материалды-техникалық база;

-  білім алушылардың құзыретінің дамуын қамтамасыз ететін кадрлық құрам.

Оқыту сапасы – студенттердің оқыту мақсаты мен міндеттері негізінде қойылған белгілі бір талаптарды орындау қабілеттілігі; Оқыту сапасының  көрсеткіштері (ИСО 9000 сериясы бойынша):

-  тестілеудің сандық көрсеткіші;

-  студенттердің өзіндік жұмысының үлесі;

-  жаңа бағыттар мен мамандықтардың болуы;

-  оқу материалының сапасын бағалау;

-  ЖОО материалды-техникалық базасын бағалау;

-  ЖОО түлектерінің сұранысқа ие болуы (мамандықтар бойынша жұмысқа орналасқан түлектер саны);

-  жоғары оқу орнынан тыс олимпиада және сайыстарға қатысу;

-  жоғары оқу орнынан кейін білім алу бағдарламасын алуға түскен түлектер саны (магистратура, аспирантура) т.б. тұжырымдаған[3].

Жоғары білім сапасы – жоғары білімнің барлық аспектілерінің мақсатқа, қажеттіліктерге, талаптарға, нормалар мен стандарттарға сәйкестілігі [3]. Студенттерді дайындау сапасы мынадай көрсеткіштермен сипатталады:

-  пәндік салаға терең бойлау;

-  шығармашылыққа талпынысты қалыптастыру;

-  беймәлімді тануға ішкі қажеттілік механизмінің болуы;

-  өзіндік жұмыс іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға мотив, ынталылықтың болуы;

-  фундаменталды ғылымдар негізін білу;

-  білім беру технологияларын игеру;

-  ғылыми-зерттеуші іс-әрекет технологияларын меңгеру;

-  білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін педагогика және психология негіздерін білу;

-  дербестілік, бастамашылдық және шығармашылық қасиеттердің болуы.

Ғылымда білім беру сапасын қамтамасыз ететін тәсілдер бар:

1.  Дәстүрлі - жоғары оқу орнының беделін қамсыздандыру, бұл дегеніміз ЖОО орнын беделді ету, мұндай жоғары оқу орнының түлегі еңбек нарығында анағұрлым табысты позицияны алады.

2.  Ғылыми - стандарттарға сай болуды қамтамасыз етеді, клиентті қанағаттандыратын білім сапалы болып саналады.

3.  Менеджерлік - клиент талаптарына сай болуды қамтамасыз етеді.

4.  Тұтынушылық - тұтынушы білім беру сапасын анықтайды, ЖОО оның кез келген қалауын орындайды.

5.  Демократиялық - ЖОО орналасқан аймаққа, қоғамға пайда әкелу [4].

1998 жылы жоғары білім беру бойынша халықаралық конференцияда қабылданған  Дүниежүзілік декларацияда көрсетілгендей, жоғары білім беру сапасы – бұл жоғары оқу орны қызметінің барлық жағын: оқу және академиялық бағдарламаларын, оқу және зерттеу жұмыстарын, профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттерді, оқу-материалды база мен ресурстарды қамтитын көпқырлы ұғым [4].

Мамандарды дайындау мәселесі бүгінгі таңға дейін жоғары білім беру жүйесінде қарастырылып келді. Кең мағынада жоғары білім беру сапасы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдық және келешектегі міндеттеріне қаншалықты сай екендігімен,  яғни біртұтас қоғам мен тұлғаның сұранысын қаншалықты қанағаттандыра алатындығымен анықталады.

Мамандарды даярлау сапасын арттыру мәселесіне көптеген зерттеушілер, соның ішінде С.И. Архангельский, В.П. Беспалько, П.И.Пидкасистый, О.А.Абдуллина, Е.В.Бондаревская, Т.А.Воронова, Н.В.Кузьмина, В.А.Сластенин, Н.М.Яковлева және т.б. ғалымдар баса назар аударады. Аталған ғалымдар білім беру үрдісі құрылымындағы педагогикалық бақылау, оның қызметтері, формалары мен әдістерін ғылыми дәлелдеген. Сонымен қатар, олар болашақ педагог мамандардың кәсіби дайындығы сапасын арттыру мәселесін шешудің әр түрлі бағыттары мен жолдарын ұсынады. А.Н.Майоров,  Г.К.Селевко, Г.А.Цукерман еңбектерінде студенттерді кәсіби даярлау сапасы мониторингін ұйымдастыру технологиясы мен жүргізу әдістемесі мәселесі қозғалған. Г.Н. Александров, С.М.Василевский, Г.И.Вергелис, А.Н.Небаба, И.И.Малкин, В.Г.Разумовский, Н.А.Половникова сынды ғалымдардың ой-пікірлері бойынша студенттерді кәсіби дайындау сапасын бақылаудың альтернативті дәстүрлі құралдары оқу (дидактикалық) ойындары, проблемалық жағдаяттар жасау, педагогикалық тапсырмаларды шешу, модульдік және тестілік бақылау болып табылады.

Көптеген авторлық тәсілдердің негізгі екі түрін бөлуге болады: біріншіден, мамандарды кәсіби даярлау сапасын арттыруда білім беру үрдісіне баса назар аударылады (Д.Ю. Бабаев, В.И. Байденко, А.Г. Бермус, Р.М. Назаренко, Е.И. Сахарук), екіншіден, кәсіби дайындық сапасы оның алдын ала бекітілген стандартқа сай болу деңгейімен бағаланады (А.И. Ахулкова, Г.А. Засобина, Н.В. Кузьмина, П.И. Образцов, В.А. Сластенин). Сонымен қатар, зерттеушілердің көпшілігі кәсіби дайындық сапалы болады, егер оның нәтижелері білім беру мақсаттарына сай болып, қолданылатын педагогикалық құралдар (оқыту мазмұны, формалары, әдістері, құралдары т.б.) мен студенттердің жеке ерекшеліктері ескеріліп отырса деген пікірді ұстанады. Мәселен, В.А.Андриеш зерттеулерінде педагогикалық тестілеу жоғары оқу орнында студенттерді кәсіби даярлау сапасын арттыру құралы ретінде қарастырылады. Автордың пікірінше, педагогикалық тестілеу жүйелі бақылау мен оқытудың барлық үрдісінде студенттердің кәсіби дайындығының сапасын объективті бағалауға мүмкіндік беретін құрал болып саналады. В.А.Андриеш педагогикалық тестілеу құралдарымен жоғары оқу орны студенттерін кәсіби даярлау сапасын арттыруды қамтамасыз ететін теориялық модельді жасаған [5].

М. М. Дубцова зерттеулерінде оқыту сапасын арттыру факторы ретінде студенттердің оқу жетістіктерін бағалаудың ұйымдастырушы-педагогикалық негіздері қарастырылған. Зерттеуші оқу жетістіктерін бағалау үрдісін «педагогикалық жүйелермен және құрылымдылық, иерархиялылық, жүйелілік, динамикалылық белгілермен, сыртқы-ішкі факторлармен сипатталатын педагогикалық технология ретінде» тұжырымдаған. Зерттеу нәтижесінде оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік беретін студенттердің оқу жетістіктерін бағалаудың ұйымдастырушы-педагогикалық шарттары анықталған [5].

А.Н.Майорова білім беру сапасы мониторингі концепциясының қағидаларына негізделе отырып, оқушылардың оқу жетістіктерінің ахуалын қадағалауға және олардың даму тенденцияларын болжауға мүмкіндік беретін педагогикалық мониторинг жүйесін жасаған [5].

Соңғы уақытта білім беру сапасы  қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен байланысты болғандықтан бұл мәселені зерттеуге бірқатар еңбектер арналған. Бұл зерттеулерде ғаламдық экономиканың дамуы жағдайында қазіргі жоғары білім берудің әлеуметтік-экономикалық даму келешегін жақсартуда маңызды рөл атқаратындығы көрсетіледі.

«Білім беру сапасы» ұғымымен салыстырғанда  «дайындау сапасының»  мағынасы тар болып келеді.

ХХ ғ. екінші жартысында (70-80 жж.) мамандарды дайындау сапасы ретінде аттестациялау кезінде білім алушылардың жалпы санынан жақсы немесе өте жақсы баға алғандар қарастырылды. Бұл жерде мәселе білім алушылардың сандық көрсеткіштері жайында ғана қозғалады.

Қазіргі уақытта студенттерді сапалы дайындау мыналарды көздейді:

§студенттерді білімнің пәндік саласына терең бойлату, оларға танымның зерттеп жатқан саласына «ену» тәсілдерін меңгерту;

§студенттерді беймәлімді тануға ішкі қажеттіліктерін және үдемелі қызығушылықтарын қалыптастыру;

§студенттердің таңдалған мамандықтың шығармашылық сипатына мотивациясын зерттеу;

§студенттердің өзіндік жұмысын қалыптастырушы іскерліктер мен дағдыларды, стимулдарды анықтау;

§мамандарды кәсіби даярлау сапасына ықпал етуші факторларды бөлу [6].

Жоғары оқу орынында білім алу барысында болашақ мамандарды еңбек нарығының сұраныстарына сай қалыптастыру - оқу үрдісін қазіргі білім беру талаптарына сәйкес жоспарлы және мақсатты ұйымдастырумен тығыз байланысты. Ол үшін оқыту үрдісіне жаңа және бұрын қолданылған озық тәсілдер мен бағыттарды жетілдіре енгізу қажет.  Олардың ішінде білім беру технологиялары айрықша орын алады. Тәжірибе көрсеткендей, оқу үрдісіне технологияларды белсенді енгізу - білім беруде дағдарыстарды жеңуге мол мүмкіндік береді, әрі білім беру мазмұны мен әдістерінің қоғамның және тұлғаның өзгермелі талаптарға сай болуын қамсыздандырады. Олар оқытуды ұғынылған мақсат жемісі ретінде сипаттайды және оны инновациялық оқыту ретінде танып, дәстүрлі оқытуға қарағанда білімді игерудің айрықша түрі деп бағалайды [7].

Мамандарды дайындау сапасы басқарудың жаңа әрі тиімді құрылымы мен әдіснамалық тәсілдер – құзыреттілік, маркетингтік, ситуациялық, жүйелі-динамикалық, жеке тұлғаға бағдарланған тәсілдері негізінде қамтамасыз етілуі керек. А.А. Жайтапова пікірінше, оқыту сапасы мәселесін қарастыруда ең алдымен оның нәтижелері жайында талқылау қажет [8].

Кейде сапа мақсат пен нәтиженің байланысы деп түсіндіріледі. Сондықтан оқу мекемесінің алға қойған мақсаты мен қол жеткізген нәтиже, жетістіктерін бағалау қажет. Бұл тұрғыда білім беру сапасы қоғам талабына жауап бере алатын білім беру үрдісінің және оның нәтижелерінің интегративті сипаттамасымен анықталады.

Кәсіби білім беру сапасы – бұл қажетті кәсіби қасиеттер мен біліктілікті игерген мамандарды даярлау саласында қоғам талабын қанағаттандыра алатын қасиеттер жиынтығы. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында маманның сапасын бағалаудың басты критериясы оның бәсекеге қабілеттілігі болып табылады.

Білім беру сапасы әлеуметтік алға жылжулардың – экономика және саясаттың сан түрлі бағыттарына қойылатын талаптарды да қанағаттандыруы тиіс. Бүгінгі маман – бұл жалпы және арнайы білімі терең, техника және ғылымда жүріп жатқан өзгерістерге оңай бейімделе алатын, жаңа технологиялар талаптарына сай адам; қазіргі маманға базалық білім, проблемалық, аналитикалық ойлау, әлеуметтік-психологиялық компетенттілік, интеллектуалды мәдениет қажет.

Жоғары оқу орны деңгейінде сапалы білім берудің негізгі өлшемдері:

-  мазмұны мамандарды білім алушылар қажеттіліктері мен әлеуметтік сұраныстарға сай дайындауды қамтамасыз ететін білім бағдарламалары жиынтығының болуы;

-  студенттердің таңдалған білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейі;

-  білім алушылардың білім беру мекемесінде оқыту нәтижелеріне қанағаттану деңгейі.

Әлемнің озық елдері мамандарды дайындау сапасы мәселесін тұрақты өзгермелі экономикалық жағдайларды, сонымен қатар қоғамның, ғылым мен техниканың даму деңгейін ескере отырып зерттейді.

Бүгінгі қоғам жоғары сапада дайындалған әрі қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маманды талап етеді. Мұндай маман кәсіби міндеттерді шешудің әдіс-тәсілдерін меңгерген, әртүрлі, өзгермелі жағдаяттарда қойылған мақсаттарға жете алатын қасиеттерімен бағаланады.



Қорытындылай келгенде, мақаламыздағы басты ұғым мамандарды даярлау сапасы деп дайындау үдерісінің білім беру мақсаттарына, нормаларына, стандарттарына, сонымен қатар тұтынушылар талаптарына тең дәрежеде сай келуін айтамыз, бұл жерде тұтынушылардың сұраныстары жоғары білімді мамандар дайындаудың кәсіби қасиеттеріне нақты тапсырыспен анықталады.

Сонымен, сапалы деңгейде даярланған болашақ маман иелері өзінің жеке және кәсіби қызметінде табысты жетістіктерге қол жеткізіп қана қоймай, мемлекетіміздің ұлттық экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып, Қазақстанның әлемдік қауымдастықта таңдаулы орын алуын қамтамасыз ете алады деп тұжырымдаймыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет