Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыс беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 108 Қаулысы
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 27) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыс беру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 19 қаңтардағы
№ 108 қаулысымен
бекітілген
Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық
демалыс беру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыс беру қағидалары "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген.
2. Академиялық демалыс - білім беру ұйымдарында білім алушылар (оқушылар, студенттер, магистранттар, адьюнкттар, курсанттар, тыңдаушылар және докторанттар) медициналық айғақтар бойынша және өзге де ерекше жағдайларда өз оқуын уақытша тоқтата тұратын кезең.
3. Академиялық демалыс беру кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушы тұлғаның мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде әрі қарай оқу құқығы сақталады және оның оқуын қаржыландыру (дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде академиялық демалыстағы білім беру гранттары иегерлеріне белгіленген тәртіппен стипендиялар төлеу үшін көзделген шығыстарды қаржыландырудан басқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысының 14-тармағына сәйкес) берілген академиялық демалыс кезеңі бойында тоқтатылып, осы демалыс аяқталғаннан соң қайта жалғастырылады.
4. Ақылы негізде білім алушыға академиялық демалыс берілген кезде академиялық демалыс кезеңі бойында оқуына төлемақы төлеу тоқтатылады.
2. Академиялық демалыстар беру тәртібі мен мерзімдері
5. Академиялық демалысты ресімдеу үшін білім алушы білім беру ұйымы басшысының атына өтініш береді және оқуды уақытша үзудің негізділігін растайтын құжаттарды тапсырады.
6. Білім алушыға академиялық демалыс мынадай негізде:
1) амбулаториялық-емханалық ұйым жанындағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның (бұдан әрі - ДКК) қорытындысы бойынша сырқатына байланысты ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейін;
2) туберкулезбен ауырған жағдайда туберкулезге қарсы медициналық ұйымның жанындағы Орталық дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бойынша беріледі.
Сондай-ақ білім алушыға академиялық демалыс мынадай негіздерде:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметке шақыру қағазы болғанда;
2) босанғанда, ұл немесе қыз бала асырап алғанда - заңнамада белгіленген жағдайларда ұзақтығы 3 жылға дейін;
3) заңнамада көзделген өзге де жағдайларда берілуі мүмкін.
7. Ұсынылған құжаттардың негізінде білім беру ұйымының басшысы үш жұмыс күнінің ішінде білім алушыға басталу және аяқталу мерзімін көрсете отырып, академиялық демалыс беру туралы бұйрық шығарады.
8. Осы бағдарламаны қаржыландырудың тиісті сомасы мен мерзімдерін түзету үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымының басшысы білім беру гранты бойынша білім алушыға академиялық демалыс беру туралы бұйрықтың көшірмесін білім саласындағы уәкілетті органға немесе тиісті салалық министрлікке үш жұмыс күнінің ішінде, ал жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымының басшысы білім саласындағы жергілікті атқарушы органдарға жолдайды.
9. Білім алушы академиялық демалыстан келген соң білім беру ұйымы басшысының атына өтініш береді және науқасына байланысты академиялық демалыста жүрген білім алушы осы мамандық бойынша білімін жалғастыру мүмкіндігі туралы қорытындымен қоса науқастың қаралған емдеу ұйымынан денсаулық жағдайы туралы ДКК анықтамасын тапсырады.
10. Факультет деканы (институт директоры) ұсынылған құжаттардың негізінде оқу жұмыс жоспарындағы пәндердің айырмашылығын анықтайды, офис регистратормен (білім алушылардың оқудағы жетістіктерінің барлық тарихын тіркеумен айналысатын және білімін бақылаудың барлық түрлерін және оның академиялық рейтингісін есептеуді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін академиялық қызмет) келісе отырып, білім алушының оқу курсын және жеке оқу жоспарын бекітеді.
Оқу курсы білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау жағдайындағы ереже бойынша пререквизиттерін есепке ала отырып анықталады.
11. Білім беру ұйымдарының басшылары ұсынылған құжаттардың негізінде білім алушының мамандығын, курсын және тобын көрсете отырып, үш жұмыс күнінің ішінде академиялық демалыстан шығу туралы бұйрық шығарады.
12. Осы бағдарламаны қаржыландырудың тиісті сомасы мен мерзімдерін түзету үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымының басшысы мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алушы академиялық демалыстан келген кезде аталған бұйрықтың көшірмесін білім саласындағы уәкілетті органға немесе тиісті салалық министрлікке үш жұмыс күнінің ішінде, ал жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымының басшысы білім саласындағы жергілікті атқарушы органдарға жолдайды.
13. Егер академиялық демалыстан келу немесе академиялық демалысқа шығу уақыты академиялық кезеңнің басталуына немесе аяқталуына сәйкес келмесе, білім алушы жеке кесте бойынша барлық оқу тапсырмаларын орындап, рейтингке рұқсат алу үшін қажетті балдарды жинауы тиіс немесе жазғы семестрде айырмашылықтар пайда болған пәндерге жазылады.
14. Білім алушы айырмашылық пәндерін жою үшін ағымдағы оқу жұмысымен қатар академиялық кезеңде барлық оқу пәндеріне қатысып, сол пән бойынша оқу жұмыс жоспарында қарастырылған ағымдағы және кезеңдік бақылаудың барлық түрлерін тапсырады, рұқсат алады және академиялық күнтізбеге сәйкес білім алушылардың аралық аттестаттауы кезеңінде қорытынды бақылауды тапсырады.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
Достарыңызбен бөлісу: |