2009-12-04 11:28:00.0
Бір тілде ойлап, бір тілде сөйлеген халықтың ғана бірлігі баянды болмақ - А.Бұлашев
АСТАНА. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысымен әзірленген Ел бірлігі доктринасы жалпыхалықтық талқыға түсуде. Оған қатысты жұртшылық тарапынан түрлі ұсыныстар мен пікірлер де көптеп айтылуда.
Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашевтың Доктринаға қатысты пікірін білген еді.
- Айтбай Қабыкешұлы, көпконфессиялы Қазақстан жұртшылығы үшін Доктринаның маңызы қандай?
- Маңызы өте үлкен. Бесенеден белгілі жағдай - ел болу үшін, ең бірінші, бірлік керек. Бұл қазіргі әлемдік дағдарыс кезінде бұғанасы қатая қоймаған егемен еліміз үшін ең басты мәселе. Орташа есеппен алғанда, жер бетіндегі әрбір үлкенді-кішілі он бес этностың тек біреуінің ғана пешенесіне өзіндік ұлттық мемлекет құру жазылған екен. Жаратқан иеміз жар болып, мыңжылдықтың түйіскен тоғысында ата-бабаларымыз аңсаған арманына қол жеткіздік. Бодандықтан айырылу оңай емес, ал жаһандану кезінде тәуелсіздігімізді сақтап, сіз айтқандай көпконфессиялы мемлекетімізді өркениетті елдердің қатарына қосу одан да қиын. Ол үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын халқымыз болуы керек. Міне сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында Ел бірлігі доктринасы туралы сұрақтың қарастырылғаны кездейсоқ емес.
Өз баяндамасында Елбасы аталмыш стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеу кезінде негізгі үш мәселеге назар аударуды тапсырды. Соның бірі және ең бастысы деп айтсақ та болады - елімізде этностық, діни және басқа да әлеуметтік-мәдени топтардың қоғамдастығын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан игі істерімізді әрі қарай жалғастыру. Президент көпұлтты алпауыт мемлекеттерді мысалға келтіре отырып, бұл елдерде тұрып жатқан адамдардың азаматтық және этностық тұтастығына көңіл аудартты.
«Кемедегінің жаны бір» демекші, этносына қарамай бір елдің азаматы болған соң, әлеуметтік-мәдени жағдайға байланысты қауымдасу - заңдылыққа айналған тарихи құбылыс сияқты. Айталық, иммигранттардың ұрпақтарынан қалыптасқан АҚШ халқы өздерін «біз америкалықтармыз» деп ағылшын тілінде, ал еуропалықтар мен үндістердің және Африкадан құлдыққа әкелінген негрлердің қан араласуынан пайда болған бразилиялықтар бір тілде - португал тілінде сөйлейді. Бұл халықтарды біріктіріп отырған олардың ортақ тілдері. Құдайға шүкір, біз ата-бабамыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған ұлан байтақ жерінде тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған этностармен бірлігіміз жарасып, Қазақстан халқы болып тәуелсіз мемлекет құрып отырмыз. Ендігі мақсатымыз - ұлтаралық келісімімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, жылдан-жылға нығайта білу. Ал мұндай бірліктің тұрақты да баянды болуына алып баратын негізгі жол - халқымызды құрап отырған барлық этностардың мемлекетқұрушы болып табылатын ұлттың тілінде, яғни қазақ тілінде сөйлеуі. Бір тілде ойлап, бір тілде сөйлеген халықтың ғана бірлігі баянды болмақ. Президентіміз ел бірлігі әрбір азаматымыздың міндетті түрде мемлекеттік тілді білуін қажет ететіндігін, алайда бұл үшін уақыт керектігін, асығыстық жасауға болмайтындығын баса айтқан болатын. Соңғы санақ нәтижелері қазақ ұлтының үлесі 67,8 пайызға жеткендігін көрсетті. Алайда, біз әлі де болса бұрынғы әдетпен «Қазақстан - көпұлтты мемлекет» деп жүрміз. Халықаралық құқық қағидасының тұжырымдамасына сүйенсек, халқының үштен екі межесінен астам үлесі бірегей этнос тобына жататын ел - жалқы ұлттық мемелекеттер санатына енгізілетін көрінеді. Дегенмен, сандық үлесі жағынан басымдылыққа ие болған қандастарымыздың жартысынан көбі орыс тілінде білім алғандықтан, қызмет бабында ресми тілде сөйлегенді жөн көреді. Қазақ тіліне жетік мемлекеттік қызметкерлеріміздің өздері отырыс залында ілеспе аударманың барын біле тұра, «бәріміз білетін тілде сөйлейін» деп орысша сайрап жатады. Кейбір жиындарда басқа ұлттың өкілдері болмаса да отырыс ресми түрде жүреді. Өз басым тілімізді үйренуге құлшынып жүрген орыс тілді отандастарымыз бен елшіліктердегі шетелдік азаматтардың, елімізде қазақ тілін үйренуге қажетті ортаның әлі де болса қалыптаспағандығы туралы өкініштерін естіп жүрмін. Ең бірінші рет мұндай қынжылысты бір жыл ішінде қазақ тілін үйреніп алған АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Ричард Джонстың зайыбының аузынан естіген едім. Мемлекеттік тіл болып Ата заңымызда бекітілген ана тілімізге өзіміз құрмет көрсетпесек басқа ұлттар оған қалай қызығушылығын таныта қоймақ. Елбасымыздың «асығыстық жасамайық, уақыт керек» дегені мемлекеттік қызметке қазақ тілін меңгерген жаңа буынның келу мерзімін меңзейтін сияқты. Бұл уақыт көп ұзамай-ақ келеді. Өйткені жылдан-жылға қазақ тілінде білім алып, өмірге жолдама алып жатқан азаматтарымыздың саны өсіп отыр. Олардың ішінде басқа да ұлттардың өкілдері баршылық. Елімізде тыныштық болып, этнос және дінаралық келісім нығая түссе, бұл үрдісті тоқтату мүмкін емес. Әрбір ұлттың ұрпағы өзінің тарихи отанында өсіп-өнгенін қалайтынын ешкім жоққа шығармас. Олай болса, уақыт өте қандастарымыздың Қазақ еліндегі саны мен үлесі өсе түседі. Ең бастысы - тіл мәселесі төңірегінде жалаң сөздер айтып, айқай-шу шығармай, эволюциялық жолмен өз мәртебесіне көтеріліп келе жатқан мемлекеттік тілімізге нақты істермен көмек беріп, Қазақстан халқының ортақ тіліне айналуына күш салуымыз керек.
- Доктрина жобасында жас ұрпақты тәрбиелеу жұмысында жіберілген қателіктер, көпэтностық Қазақстан халқының этносаралық және мәдениетаралық төзімділік дәстүріндегі сабақтастықтың бұзылу қаупін туғызуы мүмкіндігі айтылған. Ішінде түрлі ұлт өкілдері бар 6 мыңнан астам жасқа білім беріп отырған агротехникалық университет осының алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр?
- Иә, расымен, университетімізде қырықтан астам ұлт өкілдері білім алып жүр. Бүгінгі студент - ертеңгі маман, еліміздің болашағын айқындайтын тұлға. Сондықтан да біз оны, халқымызды құрайтын этностардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін құрметтеп, қазақстандық патриотизм рухын бойына сіңіріп, көпұлтты және көпконфессиялы ортада белсенді еңбек етуге бейімдеуіміз абзал. Осыған орай, университеттің тәрбие жұмысының жоспарында жастар арасында ұлтаралық келісімді нығайтуға, дәстүрлі емес діни ағымдардың жіксалғыш идеяларына студенттеріміздің төзімділігін қалыптастырып, қоғамдық-саяси сауаттылықты арттыруға бағытталған, сондай-ақ ауызбірлікті уағыздайтын бірқатар іс-шаралар тізбесі көрсетілген. Аталмыш тәрбие жұмыстарының шеңберінде ғалымдарымыздың арнайы дәрістер жинағы жарыққа шығып, бұл оқу құралының материалдары кураторлық сағаттар кезінде жастарымыздың бойына төзімді сана ұстанымдарын сіңіруге көмек ретінде қолданылып келеді. Одан қалды, биылғы оқу жылынан бастап, «Қазақ халқының рухани мұралары», «Дінтану», «Этнопедагогика» және «Мәдениеттану» пәндері мамандықтарымыздың оқу жоспарына енгізілді. Ал келесі жылы студенттерге «Ұлтаралық келісім негіздері» атты арнайы курс ұсынылмақ.
Білім ордамыздағы ұлт өкілдерін ынтымақтастыққа тәрбиелейтін іс-шаралар туралы сөз қозғағанда, биыл төртінші рет өткізу жоспарланып отырған «Қазақстан халқының салт-дәстүрлері» атты фестивалімізді айтпай кетуге болмайды. Фестиваль күндері әрбір ұлт өкілі, өздерінің төл мәдениетімен замандастарын таныстыру мақсатында арнайы концерттік бағдарламаларды, театрландырған көріністер мен көрмелерді ұйымдастырып, ұлттық тағамдарын ұсынады. Дәстүрге айнала бастаған іс-шараға қызығушылық танытып, оның тартымды әрі қызықты өтуіне атсалысушылар да табыла бастады. Мысалы, фестивальға Түрікменстан,Тәжікстан, Грузия Елшіліктері, Қазақстан Кәрістерінің қауымдастығы, Украинаның «Ватра» қоғамдық бірлестігі, «Қайта өрлеу» неміс орталығы, Армян этно-мәдени бірлестігі, Тәжікстанның «Парвиз», Шешен-ингуштардың «Вайнах» этно-мәдени бірлестіктері, Вроцлав университетінің (Польша) «Берегиня» шығармашылық тобы және басқа да мемлекеттік және қоғамдық ұжымдар айтарлықтай демеу көрсетуде. Университетімізде сондай-ақ, оқытушылар мен студенттер үшін қазақ және орыс тілін үйренуге арналған тегін курстар жұмыс істеп жатқанын айта кетейін. Бұл жұмысымыздың нәтижесін де көре бастадық. Айталық, кейінгі жылдары қазақ тілін меңгерген басқа ұлт өкілдерінен құралған көңілділер мен тапқырлар клубы жоғары және орта арнаулы оқу орындардың арасындағы қалалық байқауларда бірінші орындарды иеленіп жүр.
- Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ассамблеяның кезекті 15-ші сессиясында БАҚ-тарда этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды әдептілікпен жазу маңызды екендігін атап өтті. БАҚ-тардың бүгінгі жұмысынан нені алып, нені қосар едіңіз?
- Иә, төртінші билік болып саналатын БАҚ-ның ел бірлігін нығайтуда, этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдіруде жауапкершілігі өте зор. Ұлтаралық келісім және сана төзімділігіне байланысты мақалалар мен теле- радиохабарларды дайындағанда тақырыпқа терең үңіліп, ұлттың тілі мен дініне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне көлеңке түсіретіндей ой-пікірлерден аулақ болуға тырысқан жөн. Орыс тілді басылымдарымыз тілі орысша шыққан жастарымыздың мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылығын тудыратын мақалаларды жиі жарыққа шығарып тұрса құба-құп болар еді. Ал әзірше мұндай материалдар негізінен қазақ тілді газет-журналдарда жарияланып, олардың назарынан тыс қалып жүр. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары жас буынға орыс және шет тілдерін білудің маңыздылығын насихаттап, ой-өрісі кең азамат ретінде қалыптасуына атсалысуы керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |