Бұл мәтін М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісімақованың «Тәуелсіздік және Алаш ғылымы» атты кітабынан алынған үзінді
Бұл мәтін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісімақованың «Тәуелсіздік және Алаш ғылымы» атты кітабынан алынған үзінді. Мәтінді мұқият оқып, төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз. Жүсіпбек Аймауытұлы (1889-1930) қазақ әдебиеттануының абайтану, мағжантану салаларымен қатар ақын Сұлтанмахмұт туралы да тұңғыш кәсіби әдебиеттанушылық зерттеудің басында тұр. С.Торайғырұлының туған ортасы, ата тегі, шығармашылығының деңгейі туралы ғылыми құнды ақпарат Ж.Аймауытұлының «Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» еңбегінде сақтаулы.
Бұл еңбек ақынның 1933 жылы жарық көрген шығармалар жинағына алғысөз ретінде берілген. Бірақ алғысөз соңында Ж.Аймауытұлының есімі көрсетілмеген, себебі ол 1931 жылы атылып кеткен. Бұл мәтінді қазіргі қазақ әрпіне түсірген – Құлбек Ергөбек.
Ақынның алғашқы өлеңі мен соңғы күндеріне дейінгі өмірін Ж.Аймауытұлы жан-жақты баяндап берген. Сұлтанмахмұт әуелі әкесінен, кейін молдадан алғаш білім алған. 13 жасында тұңғыш сықақ өлең жазғаны белгілі. Ақынның Баян қаласында Әбдірахман молданың қолында тұрғаны, болашақ ақынның ерекше тақуалығы туралы құнды мәліметтер осы зерттеуде ғана бар: «Махмұт тақуа болады. Тұла бойы толған тұмар, мойнында – тәспі, дұғалық, ауызында – зікір, күн шықпай оқығаны – намаз, заулатқаны – «жасын»; ол дәретсіз жер баспайды; «қари» болам деп, Құранның 13 парасына дейін жаттап алады, сырлас жолдастарына: «Күллі денем зікір айтқандай болады», – деп жүреді». Ақынның елдегі шала сауатты молдаларынан көрген қорлығы туралы да деректер келтірілген.
Бұл мақалада С.Торайғырұлының өмірбаяны, кедейшіліктен көрген тауқыметі, бақытсыздыққа ұшырағанының сырлары айқындалған. «Қайғы-шерін қаламмен ағытып, көңілі біраз сейілген соң Махмұт тағы тіршілік қамына кіріседі. Тағы оқу іздейді».
1912 жылдан бастап («Зарландым») Сұлтанмахмұттың өлеңге бет бұрғаны анықталған. «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі қалай жазылғаны туралы да тарихи дерек келтірілген. Ақынның «Айқап», «Заман» журналында істеген кездегі шығармашылық көзқарастары сараланған. «Білімге жан-тәнімен сусаған Махмұттың жолын жоқшылық байлап, өнер, білімнен алыс, қараңғы Алтай тауының түкпірінде қалғанына» назаланып шығарған өлең жолдары талданады. Ақынның «Қазақ» газетіндегі Мамановтар жариялаған бәйгеге Махмұт та дәмеленіп, «Әжібай болыс» немесе «Кім жазықты?» деген романды өлеңмен жазғаны мәлім.
Ақын 1918 жылы Семейге келеді: «Бұл жолы келгенде, Махмұттың кім екенін ел таниды; оның улы қаламынан Семей азаматтарына беделінен жуандар, жауыздар ығысады, шылаулар, кем-кетік оны арқа-таяныш қылады. Махмұт күркілдеп, булығып отырып, нашардың дауын даулап, ақылын айтып, жөн сілтеуден қажымайды. Сот-сайлау секілді елдің іргелі жұмыстары да Махмұтсыз шешілмейтін болады. Махмұттың турашылдығынан, әділдігінен арамзалар қаймығады... Махмұт Томнан, Семейден кітапты көп оқып, терең мәнді кітаптарды елде жатса да оқудан босамайды... Махмұт бұрынғы қызу бетінен қайтып, қазақтың жақсы-жаман мінездерін білім көзімен қарап, сынап, қазақ өмірін зерттеп үйренеді, қазақтың ел болу, болмау нышандарын, себептерін тексереді. Бітіре алмай кеткен, «Қала ақыны мен дала ақынының айтысы» осы пікірін білдіру мақсатымен басталған еді» .
Ақынның өмір жолы мен еңбек етуі осы зерттеуде тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізілген. XX ғасыр басындағы қазақ даласында болған төңкеріс оқиғаларын діни сауатты ақын адам қалай қарсы алып, неден жиреніп, қандай мақсат ұстанып, бұл өмірден қалай өткені туралы толық мағлұмат берілген. Жоқшылық пен кедейшіліктен тапқан ауру соңына жеткен ақын туралы мақала келесі сөздермен бітеді: «Тым болмаса екі жыл тұрмадым: іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын», – деп арман етеді. Ең болмаса, «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмағаны да өкініш болады». Сөйтіп, құрт жайлаған кеудесін қалың қайғы, ауыр арман кернеген, ет жүрек жас ақын жадыраған жаздың нұр төгілген сұлу күнінде жарық дүниеге хош айтады. Ол күн 1920 жылдың (жаңаша) 21 май күні еді» [1. 290]. Сұлтанмахмұтқа жаны ашып, осыншама ізгілікпен дарынды ақынды жоқтау – қазақ әдебиеттануына ақын туралы көрсетілген ерекше ықылас.
«Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі, суретшілдігі «Баянда» толық көрінді», – деп Ж.Аймауытұлы шығарманың көркемдік ерекшелігіне ескірмейтін баға бергені белгілі.
Шынайы көркем шығарманың ерекшелігі оның тілінің сырында екенін Ж.Аймауытұлы былай келтірген: «Абай айтқан «сөз патшасы» «Баянда» бар. Адамдардың мінезін дұрыс келтіру, биге – бише, батырға – батырша, ханға –ханша баға беріп, әрқайсысының ауызына өздеріне лайық сөз салуы, сұлуды, махаббатты, батырды, соғысты, өлімді суреттеуі өмірді түйе білгендігін көрсетеді. «Баян» қазақ әдебиетінде бола бермеген табыс. Әсіресе, «Баянның» басқы бөліміндегі сурет, шешендік толғау, күй төгіліп кеткен. Соңғы бөлімі солғындау шыққан. Соған қарағанда Мағжан алысқа шабатын сылпылдақ жүйрік емес, шыға салма, ағылшын жүйрік деп айтуға болады».
Әдебиеттанушы Ж.Аймауытұлының «Батыр Баянға» жүргізген осы талдауы қазіргі жас зерттеушілерге үлгі болатын классикалық ғылыми мәтін. Әдебиетшінің келесі пікірлері бүгінгі мәдениеттанушылар түсіндіре алмай келе жатқан қағидалары: «Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты.
Мағжан – заман туғызған көшпелі дәуірдің ақыны, ескіні жырлаған, жаңаны әлі мойындап болмаған ақын. Әлі де болса, оның ақындығы, еңбегі алдында».
Мағжанның сөзінің, ақындық қуатының басқадан айырмашылығы неде? деген сауалға Ж.Аймауытұлы былай деген: «Мағжан терең ойдың ақыны емес, ұлт ақыны... Ұлтты жалпағынан алып қарайды. Ол түрікшіл, санашыл, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылыққа, жаугерлікке қарсы күншығысшыл ақын. Мағжанның ақындығы туралы азды-көпті байқағанымызды айттық. Қалғаны болса, оқушылар жеткізе жатар деп, сөзімізді бітірдік».
Бізге Мағжанды осы тұрғыдан зерттеуді меңзеп берген Алаш әдебиеттанушысы Ж.Аймауытұлының «пән сөздері» арқылы құрылған зерттеулерінің бүгінгі ғылыми стильге үлгі болары да айқын. Бұл жерде Мағжанды қолдау үшін қолданған полемикалық әдістер кәсібилік шеңберден шықпайды. Саяси кінәға осындай әдебиеттанулық зерттеумен жауап беру – басты мақсат. Сондықтан осы екі мақаладан кейін Қошке мен Сәбит Мағжан туралы айтысты доғарған. Аталған еңбектер ұлттық сөз өнерін ұлттық мүддемен саралап шығу үлгісін іске асыруымен де құнды.