Болашақты бірге жасаймыз.
Партияның жаңа миссиясы
«Нұр Отан» партиясы құрылған кезден бастап-ақ 1999 жылы партияның І съезінде қабылданған Бағдарламасында тұжырымдалған міндеттерді ойдағыдай шешіп келеді. Партиямыздың бағдарламалық ұстанымының дұрыстығын уақыт көрсетіп берді және ол нақты істермен дәлелденді. «Нұр Отан» партиясы барлық сынақтарға дер кезінде назар аударып, өз Бағдарламасын жетілдіріп отырды. Біз бірігіп өзімізді де, елімізді де өзгерте алдық. Бірақ қол жеткенге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды.
Ел тарихының сапалық жаңа кезеңі басталды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған реформаларды іске асыру экономиканы жаңғыртып, қоғам өмірін жаңартуға мүмкіндік береді. Олар Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында, 2020 Стратегиясында және 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы халықты осы жауапты міндетті орындауға жұмылдыруда шешуші рөл атқарады.
Осы миссияға сәйкес партияның жаңа Бағдарламасында алдағы онжылдықтарға арналған негізгі басымдықтар мен міндеттер айқындалған. Бұл құжат – жаңа болашаққа арналған мақсаттарымызды бекіту, жетістіктерден гүлденуге жетер жолдағы іс-қимылға басшылық.
«Нұр Отан» партиясының жаңа Бағдарламасы саяси, идеологиялық және ұйымдастырушылық-партиялық жұмыс тәжірибесін қорытындылайды, партияның 2020 жылға дейінгі қызметінің негізгі кезеңдерін айқындайды. Бұл құжатта көрініс тапқан мақсаттық ұстаным Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарымен үйлестірілген. Бірлескен әрі келісілген жұмыс қана инновациялық реформалардың онжылдық бағдарламасын барынша толық орындауға мүмкіндік береді.
«Нұр Отан» өз ұстанымы мен саясатын қалыптастырған кезде центристік көзқарасты ұстанады, оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев кең ауқымды әлеуметтік базаға негізделген байыпты және ымырашыл саяси бағыт ретінде негіздеме берді.
Дәл осы центризм саясаты біз дәйектілікпен жақтап, жүзеге асырып отырған мынадай идеологиялық құндылықтарды білдіреді:
– «Нұр Отан» азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды бірінші орынға қоятын, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі ретіндегі күшті, тиімді мемлекетті қолдайды!
– «Нұр Отан» жеке меншікке қол сұғылмауын, орташа тапты күшейтуді, орынды мемлекеттік реттеу жағдайында нарықтық қатынастардың еркін дамуын қолдайды!
– «Нұр Отан» көппартиялықты, саяси плюрализм мен сөз бостандығын қамтитын саяси жүйенің демократиялық дамуын қолдайды!
– «Нұр Отан» әрбір қазақстандық өзі және айналасындағылар үшін жауапкершілікті сезіне отырып, өзінің жеке қабілеті мен мүмкіндіктерін іске асыра алатындай азаматтардың өзін-өзі көрсетуі үшін одан әрі жағдай жасауды қолдайды!
– «Нұр Отан» Қазақстанның әрбір өкілі жеке тұлға және толық құқылы азамат ретінде бірдей бағаланатын Қазақстан халқының мызғымайтын бірлігін қолдайды!
– «Нұр Отан» мемлекеттік тіл мен басқа тілдердің дамуын, мәдени әралуандық пен рухани құндылықтарды қолдауды, халықтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауды қолдайды!
Сонымен қатар, біз еліміздің тиімді дамуына кедергі келтіретін жағымсыз құбылыстарға қатысты өз ұстанымымызды ашық білдіреміз:
– «Нұр Отан» популизмге, жалған саясатшылдыққа және туындаған түйткілдерді пайдакүнемдік саяси мақсаттар жолында пайдалануға қарсы!
– «Нұр Отан» радикализмге, экстремизмге және елдің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімге қауіп төндіретін басқа да құбылыстарға қарсы!
– «Нұр Отан» кәсіпкерлік бастамаға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарға қарсы!
– «Нұр Отан» сыбайлас жемқорлыққа қарсы, ол әлеуметтік кесел ғана емес, сонымен бірге елдің дамуына да тежеу болады!
– «Нұр Отан» масылдық пиғылға қарсы, мемлекет көмек пен қолдауға мұқтаж азаматтарға ғана көмектесуге тиіс!
– «Нұр Отан» ұлттық мүдделердің маңызын, рухани құндылықтар мен имандылықты жете бағаламауға, тарихымыз бен мәдениетімізді менсінбеушілікке қарсы!
Мемлекет дамуының биік мақсаттары адамға деген күнделікті қамқорлықпен ұштасқанда ғана алға қойған міндеттерге тиімді қол жеткізуді қамтамасыз етуге болады!
Біз бірігіп Қазақстанды табыстан табысқа жеткіздік, енді оны бірігіп гүлдендіреміз!
Жаңа онжылдықтар бастауында
БҮГІНГІ ҚАЗАҚСТАН: ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ
Партияның негізін салушы және оның көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Оның асқан беделінің, көрегендігінің және саяси ерік-жігерінің арқасында «Нұр Отан» жалпыұлттық күшті парламенттік типтегі партияға айналды, ол қазақстандықтардың кең әрі тұрақты қолдауына ие.
2030 Стратегиясында айқындалған ел дамуының ұзақ мерзімдік басымдықтарын басшылыққа ала отырып, өткен онжылдықта біз Қазақстанның болашақта табысты дамуының негізін салуға қол жеткіздік. Ол елдің экономикалық әлеуетін ұлғайту, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, азаматтардың әлеуметтік саламаттығын қамтамасыз ету, сыртқы саясатта ғаламдық жаңа бастамаларды іске асыру уақыты болды. Бізде атқарылған игі істер мол. Бұл - еліміздің әр азаматының сіңірген еңбегінің нәтижесі.
Қоғам мен мемлекет өмірінің барлық саласында қарқынды және тиімді даму қамтамасыз етілді. Бұған мыналар дәлел болады:
– жалпы ішкі өнім көлемінің екі есе артуы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінің, сондай-ақ экономиканың басқа секторларының өсуі, энергетика және көлік инфрақұрылымының дамуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы, даму институттарының құрылуы, Ұлттық қордың қалыптасуы, қажетті резервтердің жинақталуы;
– кәсіпкерліктің дамуы, шағын және орта бизнес субъектілері санының өсуі, салық заңнамасының жетілуі;
– еліміздің бас қаласы – Астананың қарыштап дамуы, оның халқы 10 жыл ішінде 1,8 еседен астам өсті, елдің басқа да өңірлерінің дамуы;
– денсаулық сақтау және білім беру салаларын қаржыландыру көлемінің ұлғаюы, әлеуметтік маңызы бар жаңа объектілер құрылысы: он жыл ішінде 652 мектеп, 463 денсаулық сақтау объектісі пайдалануға берілді;
– ауылда өмір сүрудің тұрақты түрде жақсаруы: «Ауыз су» бағдарламасын іске асыру аясында 13 мың километр су құбыры желісі салынды, бұл 3,4 мыңнан астам ауылдық елді мекенді сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік берді; ауыл халқын байланыспен қамтамасыз ету 3 есе артты;
– халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз жіктерін қолдау саясатын дәйектілікпен іске асыру: тағайындалған зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа айлық мөлшері 3 есе ұлғайды;
– халықтың, оның ішінде бюджет саласы: білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер табысының тұрақты өсуі, олардың орташа айлық жалақысы 5 есе өсті;
– күтілетін өмір сүру ұзақтығының кемінде 3 есе артуы, демографиялық дамудың оң өсу қарқынына қол жеткізу;
– көлік инфрақұрылымының дамуы: 2001 – 2010 жылдар кезеңінде республикалық автомобиль жолдар желісінің 70 %-ы және жергілікті жолдар желісінің 55%-ы жақсартылды;
– тұрғын үй құрылысы: 10 жыл ішінде көлемі 40 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынды;
– мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігінің артуы, жеке секторға әкімшілік қысым көрсетудің кемуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жергілікті өзін-өзі басқару органдары рөлінің күшеюі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жақсаруы және оның тізбесінің кеңеюі;
– азаматтық қоғам институттары ықпалының өсуі, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың дамуы, партияаралық диалогтың дамуы, этносаралық келісім жүйесінің одан әрі жетілуі, Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер рөлінің күшеюі, мемлекеттік тілдің дамуы, «Үштұғырлы тіл» бағдарламасының іске асырылуы;
– этникалық қазақтардың отанына оралуы жөніндегі көші-қон саясатының табысты іске асырылуы: тәуелсіздік жылдарында 806 мыңнан астам адам тарихи отанына оралды;
– отандық мәдениеттің дамуы, «Мәдени мұра» бағдарламасының іске асырылуы: өткен 10 жыл ішінде жүзге жуық жаңа мәдениет объектісі ашылды, 50-ден астам тарихи және мәдени объект қалпына келтірілді, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени және Табиғи мұра тізіміне екі теңдесі жоқ қолөнер ескерткіші – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы археологиялық ландшафтының Петроглифтері, сондай-ақ «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» табиғат объектісі енгізілді.
– ақпараттық кеңістіктің кеңеюі: Интернет желісіне кіре алатын мектептер саны 2000 жылы жалпы санның бестен бір бөлігі ғана болса, ал 2009 жылы барлық мектептердің 98 %-дан астамы Интернет желісіне қосылды;
– спортты жан-жақты қолдау: 2000 – 2010 жылдар арасындағы кезеңде 125-тен астам спорт кешені пайдалануға берілді;
– мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру, жас отбасыларын, жас мамандарды қолдау, жаңа кадрлар даярлау, «Болашақ» бағдарламасын дамыту;
– көпвекторлы сыртқы саясатты іске асыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, халықаралық беделдің өсуі, мәдениетаралық және конфессияаралық диалог бастамаларын жүзеге асыру; Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға және Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның және Азиядағы өзара ықпалдастық және ынтымақ шаралары жөніндегі кеңес саммиттерін, әлемдік және дәстүрлі діндер съездерін өткізу.
Өткен онжылдықта қол жеткен табыстардың арқасында Қазақстанның 2020 жылға дейінгі еліміздің стратегиялық даму жоспарын тиімді іске асыру үшін қажетті барлық ресурстары мен жағдайлары бар.
БІЗГЕ ТАҒЫ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК
Қазақстан даму әлеуетін сақтап қана қоймай, жаңғыртудың сапалық жаңа деңгейіне көтерілуге алғышарттар қалыптастыра отырып, әлемдік қаржы және экономикалық дағдарысқа байланысты сынақтан сүрінбей өтті. Сонымен қатар біз шешуін күтіп тұрған проблемалар мен қиындықтарды объективті түрде бағалауға тиіспіз.
Оларға мыналар жатады:
– адами әлеуеттің даму дәрежесінің, білім беру мен денсаулық сақтау сапасының жеткіліксіздігі;
– еліміздің демографиялық көрсеткіштерінің жеткіліксіз өсуі, атап айтқанда, туудың төмендігі, өлім деңгейінің жоғары болуы және өмір сүру ұзақтығының жеткіліксіздігі;
– еліміздің бірқатар өңірлерінде халықтың денсаулығына қауіп төндіретін экологиялық қолайсыз жағдай;
– Қазақстан экономикасының шикізатқа бағдарлануы, сондай-ақ оның бәсекеге қабілеттілік және әртараптандырылу деңгейінің жеткіліксіздігі;
– білім мен экономика арасындағы байланыстың жеткіліксіздігі;
– индустриялық саланың технологиялық жарақтану деңгейінің төмендігі;
– өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі деңгейінің төмендігі;
– әкімшілік жүйені реформалау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын және оларға әкімшілік жасаудың тиімділігін арттыру процесінің аяқталмауы;
– ауылдық аумақтарды дамыту қарқынының кейін қалуы және ауылдар мен селолардағы өмір сүру деңгейінің төмендігі;
– халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі;
– қоғамдағы құндылықтар жүйесін қалыптастыруға мәдениеттің ықпал ету деңгейінің жеткіліксіздігі;
– қоғамның бір бөлігінің сыбайлас жемқорлыққа және сыбайлас жемқорлық көріністеріне немқұрайды қарауы.
Бұл проблемалар мен қиындықтарды еңсеруге болады және біз оларды шешу жолдарын білеміз. Осы проблемаларды шешу елімізді дамытудың алдағы онжылдықтарға арналған жаңғырту жобаларының негізіне алынған. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясы оны жүзеге асырудағы шешуші саяси институттардың бірі болуға бел байлады.
Қазақстан – 2020: жаңару кезеңі
АДАМИ ӘЛЕУЕТ:
ЖАҢҒЫРТУ ПРОЦЕСІНІҢ МАҚСАТЫ МЕН НЕГІЗІ
Еліміздің алдында тұрған ғаламдық міндеттерді шешудегі негізгі шарт адами әлеуеттің сапасын жүйелі түрде жақсарту болып табылады. Бұл мақсат біздің экономикалық саясаттағы басымдығымызды айқындап қана қоймайды, алдағы онжылдықтағы бүкіл іс-қимыл стратегиясының негізі болмақ. Адам ресурстарының дамуы еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында жоғарғы басымдық ретінде айқындалады.
Адами әлеуетті дамыту жай ғана экономикалық өсу факторы емес, экономиканы жаңарту жоспарының мақсаты деген түсінікті қалыптастыру қажет.
Негізгі күш-жігерді мына бағыттарға жұмылдыру керек:
– бүкіл білім беру жүйесін жаңғырту: жаңа нысандар жасау және балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен толық қамту, материалдық-техникалық базаны жақсарту, оқытудың жаңа стандарттарын, әдістері мен технологияларын әзірлеу мен енгізу арқылы барлық деңгейде білім беру сапасын арттыру, педагог қызметкерлердің кәсіби даярлығының жоғары сапасын қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік мәртебесі мен еңбек ақысын көтеру;
– білім беру жүйесінің ұсынысы мен жұмыс берушілердің колледждер мен жоғары оқу орындарының жоғары білікті бітірушілеріне сұранысы арасындағы теңгерімге қол жеткізу;
– институционалдық реформаларды жүзеге асыру арқылы білім мен бизнестің өзара тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету;
– білім беру жүйесін жаңғырту жоспарының елдің индустриялық-инновациялық даму міндеттерімен байланысын қамтамасыз ету, кадрларды кәсіби даярлаудың сапасын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес арттыру;
– денсаулық сақтау саласын түбегейлі жаңғырту: көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту, саланы жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен еңбекақысын көтеру, олардың әлеуметтік құқықтарын қорғау, салауатты өмір салтын белсенді насихаттау, әрбір қазақстандықтың денсаулығы үшін жеке және ортақ жауапкершілік қағидатын енгізу;
– экологиялық саясатты іске асыру: кешенді экологиялық бағдарламаны әзірлеу және жүзеге асыру, экологиялық жағдайды жақсарту, ресурс үнемдейтін технологияларды, қалдықсыз экологиялық таза өндірісті, жаңартылатын энергия көздерін енгізу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және насихаттау;
– өмір сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру: жеке және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жұғымды тағаммен және сапалы қызметпен қамтамасыз ету, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй алу тетіктерін одан әрі жетілдіру, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа бағдарламаны іске асыру;
– арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін реформалау: әлеуметтік қызмет көрсету саласы әлеуметтік қызметкерлерінің мәртебесін және еңбекақысын көтеру;
– ауылдық жердегі өмір деңгейін арттыру, ауылға жас мамандардың келуін қамтамасыз ету, ауылдағы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын дамыту және нығайту;
– кешенді демографиялық саясатты жүзеге асыру: халықтың денсаулығын жақсартуға және 2020 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін ұзартуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру, ана мен баланы қорғау, ардагерлерге қамқорлық көрсету, қарттар мен мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру, оралмандардың проблемаларын шешуге жәрдемдесу, 2020 жылға қарай халықтың жалпы өлім-жітімін 30%-ға азайту, бала тууды ынталандыру және отбасы институтын нығайту, атап айтқанда, мұны Ұрпақ қоры сақтандыру депозиттерін құру арқылы жүзеге асыру;
– қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық сана-сезімін тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру.
Жаңару стратегиясын іске асырудың түпкі нәтижесі адами әлеуетті сапалы дамыту болмақ, білімді, дені сау, бастамашыл, жауапкершілігі бар, кәсіби біліктілігі мен мәдениеті жоғарғы деңгейдегі адам оның негізі болды және болып қала бермек.
ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ:
ӘРКІМГЕ ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР
Еліміздің одан әрі даму мақсаттарына қол жеткізу мемлекеттің азаматтардың әлеуметтік саламаттығының биік стандарттарын қамтамасыз ететін әлеуметтік саясатының сапасы мен тиімділігіне байланысты. Қоғамның барлық мүшелері үшін бастапқы әлеуметтік мүмкіндіктердің теңдігін қамтамасыз ететін әділетті әлеуметтік саясат қоғамдық келісімнің негізі болып табылады.
Негізгі әлеуметтік мәселелерді жоспарлы түрде шешуге баса назар аудару қажет, оның қатарына мыналар кіреді: сапалы білімнің қолжетімді болуы, еңбекпен қамту мәселесі және халықты материалдық қамтамасыз ету деңгейін көтеру, ұлт денсаулығының жай-күйі, тұрғын үй мәселесі және әлеуметтік инфрақұрылым жағдайы.
Әлеуметтік саясаттың осы міндеттерін шешу үшін мыналарды жүзеге асыру керек деп ойлаймыз:
– әлеуметтік қамтамасыз етудің көпдеңгейлі жүйесін жетілдіру: базалық әлеуметтік төлемдерді арттыру, халықты, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін халықты әлеуметтік қамсыздандырумен қамту ауқымын кеңейту, жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту, базалық зейнетақы төлемін ұлғайту;
– өндіргіш жұмыспен қамтушылықты ынталандыруға бағытталған шаралар кешенін іске асыру: еңбекке қабілетті халықты, соның ішінде мүгедектер мен қарт адамдарды жұмыспен қамтудың жалпы деңгейін арттыру, еңбек ресурстарын кәсіптік даярлаудың көпдеңгейлі жүйесін енгізу, жоғары білікті жұмыс күшінің үлес салмағын арттыру, жұмыссыздықты азайту;
– әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру: әлеуметтік сала мекемелері желісін дамыту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңғырту; арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің стандарттарын енгізу және оның сапасын арттыру; бәсекелес ортаны дамыту;
– ана мен баланы қолдау: болашақ ана үшін, жұмыс істеп жүрген ана үшін, көп балалы ана үшін қолайлы жағдайлар жасау; толық емес және тұрмысы төмен отбасы балаларын, мүгедек балаларды, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қолдаудың тетіктерін жетілдіру;
– халықтың әлеуметтік әлсіз жіктеріне әлеуметтік көмек көрсетудің өлшемдерін жетілдіру, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтендірудің жаңа нысандарын әзірлеу және енгізу.
Партия Президенттің стратегиялық жоспарларында көрсетілген әлеуметтік бағдарлы мемлекеттің мұраттарын іске асыруға бұдан былай да ұмтыла бермек. Еліміздің басты капиталы – оның азаматтарын сақтау мен дамыту басты мақсат болып табылады.
Мемлекеттік органдардың әлеуметтік саладағы жұмысының сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастыруды, атқарушы биліктің шешімдеріне және заңнамаға, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың, өңірлерді дамыту бағдарламаларының орындалуына әлеуметтік аудитті жүзеге асыруды Партия өз міндеті деп қарайды.
ЭКОНОМИКА: ЖАҢҒЫРТУ АРҚЫЛЫ ОРНЫҚТЫ ДАМУҒА
Қазақстан соңғы онжылдықта экономиканы дамытудың көрнекті нәтижелеріне қол жеткізді. Стратегиялық бағдарды сауатты және дәйекті түрде іске асырудың арқасында елдің экономикалық әлеуеті артып, соңғы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан тиімді шығуға мүмкіндік берген қажетті ресурстар жинақталды. Алдағы онжылдық кезеңінде экономиканы кең көлемді жаңғырту және әртараптандыру маңызды міндет болмақ, бұл ұзақ мерзімдік, орнықты және сапалы өсуді одан әрі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы міндетті шешуде басты күш-жігерді мына бағыттарға жұмылдыру қажет:
– экономиканың өнімділігін кешенді түрде арттыруға, оны әртараптандыруға және шикізаттық емес басым салаларды дамытуға бағытталған елді жедел индустрияландыру;
– шикізат өндірісінен қосылған құны неғұрлым жоғары тауарлар өндіруге көшу;
– ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін кемінде 4 есе арттыру және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын өсіру;
– өңірлерді дамыту бағдарламаларының орындалу барысын бақылауды күшейту, қаржылық қамтамасыз ету және бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыру, өңірлерде инвестициялық саясатты іске асыруда республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен жобаларды бірлесіп қаржыландыру қағидаттарын жетілдіру;
– көлік, өндіріс және энергетика инфрақұрылымын дамыту, транзиттік тасымал көлемін 2 еседен астам арттыру, ішкі өндіріс есебінен электр энергиясымен толық қамтамасыз ету, тұтынушылар топтары бойынша және тұтыну көлеміне қарай сумен жабдықтау қызметінің және тұтыну көлеміне қарай электр энергиясының сараланған тарифтерін барлық жерде қолдану;
– экономиканың бәсекеге қабілеттігін арттыру: 2020 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігін кемінде 2 есе арттыру, инновацияны кең ауқымды дамыту және енгізу, инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлес салмағын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының 20%-на дейін арттыру, жалпы ішкі өнімнің энергетикалық сыйымдылығын кемінде 25%-ға дейін кеміту, қазіргі бар өндірістерді технологиялық жаңарту;
– макроэкономикалық жағдайлар жасау, қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі мен дамуы;
– мемлекеттік активтерді (ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық серіктестіктер) басқару тиімділігін арттыру;
– концессиялар туралы заңнаманы қолдану тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, оны қолдану мен пайдалану ауқымын кеңейту;
– бизнес-ахуалды жақсарту, бизнеске мемлекеттің қысымын азайту, бизнестің операциялық шығындарын кемінде 50%-ға азайту, рұқсат беру рәсімдерінің санын 30%-ға және бұған қоса жоспарлы тексеріс санын 10%-ға қысқарту;
– шағын және орта бизнесті дамыту, олардың жалпы ішкі өнімге үлесін ұлғайту, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, ұлттық холдингтер мен жүйе құраушы компаниялардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда «қазақстандық қамту» үлесін арттыру;
– қазақстандық экспортты сыртқы нарықтарға ілгерілетуге бағытталған салиқалы сыртқы экономикалық саясатты одан әрі жүргізу, әсіресе Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде экономикалық ықпалдастықты тереңдету.
Осы бағыттарды іске асыру Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономиканы дамытудың жаңа орнықты деңгейіне шығуына мүмкіндік береді.
ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР –
ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ НЕГІЗІ
Индустриялық-инновациялық даму міндеттеріне, ең алдымен, ғылым дамуының жоғары деңгейі, ғылымды қажет ететін технологиялар әзірлеу және оларды нақты экономикаға уақтылы енгізу, сондай-ақ ғылым мен өндірістің ықпалдасуы жағдайында қол жеткізуге болады.
Технологиялық ілгерілеудің және инновациялық экономиканы қалыптастырудың басты шарттары:
– елдің ғылыми әлеуетін дамыту: ұлттық инновациялық жүйенің базалық құрамдас бөлігі ретінде іргелі ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қолдау көрсетуді айтарлықтай арттыру; бірегей тәжірибе-эксперименттік жабдықтары бар жаңа ірі ғылыми орталықтар құру, жас әрі дарынды ғалымдарға қолдау көрсету, ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру және оларды лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету;
– ғылым мен экономиканың өзара тиімді іс-қимыл жүйесін құру: ғылымды қажет ететін өндіріске мемлекеттік қолдау көрсету, инновациялық инфрақұрылымды дамыту; инновациялық технологиялар саласында халықаралық әріптестікті дамыту; инновацияларға жеке инвестициялар салуды ынталандыру және оны коммерциялық тұрғыда қолдану.
Қалыптасып жатқан ұлттық инновациялық жүйе елдің табысты дамуының маңызды факторына айналады. Ғылыми әлеует пен инновациялық кәсіпкерлікті дамыту экономиканы жаңғыртуға және оның одан әрі орнықты өсуіне белсенді түрде жағдай жасайтын болады.
ЖАСТАР: ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Елді жаңғыртудың стратегиясы жастардың іскерлігі, бастамашылығы мен қуатына негізделіп іске асырылуға тиіс. Экономикалық тұрғыдан гүлденген мемлекетті дамытудың биік мақсаттарын жастардың табысты болашаққа деген ұмтылыстарымен біріктіруді Партия өз міндеті деп біледі.
Қазіргі жастар зияткерлік жұмылдыруға қабілетті, елдің стратегиялық даму басымдықтары бойынша инновациялық идеялардың, сындарлы жобалар мен ұсыныстардың қайнар көзі болуға тиіс. Әрбір жас адамның әлеуеті мен дарыны аса құнды және олар қоғам игілігіне пайдаланылуға тиіс.
Бұл үшін негізгі күш-жігерді мына бағыттарға жұмылдыру қажет:
– жастар саясатын одан әрі жетілдіру: жас мамандар мен отбасыларына қолдау жасау, әрбір қазақстандық жас азаматтың қоғамдық және кәсіби қызметке кіруі үшін бірдей бастапқы мүмкіндіктер жасау, ауылдарға жас мамандардың көптеп келуін қамтамасыз ету, отансүйгіштікке, имандылыққа, азаматтық белсенділікке, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу және оларды дамыту;
– жастардың өз мүмкіндіктерін іске асыруына және инновациялық белсенділігін арттыруына жағдай жасау, жастардың инновациялық жобаларын өндіріске енгізу жүйесін қалыптастыру, жас дарындарға қолдау көрсету;
– жастарды партияның «Жас Отан» жастар қанаты төңірегіне топтастыру: жастар ұйымдарының өзара ықпалдасу жүйесін нығайту және олардың жұмыс тиімділігін арттыру, жастардың азаматтық және саяси белсенділігін дамыту, отансүйгіштік және ұрпақтар сабақтастығы негізінде құндылықтар жүйесін қалыптастыру, елді кең ауқымды жаңғырту ісіне белсене қатысу үшін жастарды жұмылдыру.
Достарыңызбен бөлісу: |