Болдурукова Н. Б. Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу саясаттану және журналистика факультеті



Дата04.03.2016
өлшемі121.08 Kb.
#37700
Болдурукова Н.Б.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Саясаттану және журналистика факультеті

«Саясаттану» кафедрасының 1-курс PhD докторанты

+77051890104

E-mail: nazira.bolatovna@gmail.com


Н.Б. Болдурукова
Қытай диаспораларының әлеуеті
(Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласы)
Қытай әлемдегі экономикасы ең дамыған алып елдердің қатарында, 2010 жылға жалпы ішкі өнім көлемі бойынша АҚШ тан кейін екінші орында тұрды. Қытайдың қарқынды дамуы ХХ ғасырдың 70 жылдарындағы реформалардың сәтті, тиімді өтуінің нәтижесі. Сонымен қатар, «қытайлық ғажайыптың» себептерінің бірі – шетелдегі қытай диаспоралары – хуацяолардың инвестициялық үлесі.

Қытай диаспорасы әлемдегі ең ықпалды топтардың бірі, ресми деректерге сүйенсек 151 мемлекетте қоныстанып жүрген қытайлардың саны 35 млн-нан астам. Қытайлар әлемдегі мигранттардың ең ірі тобын құрайды [1] .

Соңғы 20-30 жыл ішінде шетелге 1,7 млн. адам, соның ішінде 700 мың адам   Еуропаға, 500 мың   АҚШ қа, 200 мың   Канадаға қоныс аударған [2]. Хуацяолардың 90%-ға жуық бөлігін қамтитын азиялық қытай диаспоралары ең ауқатты болып келеді. Оңтүстік-шығыс Азияда тіркелген ірі компаниялардың көбісі этникалық қытайлардың иелігінде. Мысалы 200 млн халқы бар мұсылмандық Индонезияда (халқының 3,5%   қытайлар) листингтік компаниялар капиталының 73% ы, 300 ірі конгламераттардың 68% ын, 10 ірі қаржы өнеркәсіптік топтардың 9 ы қытайлардың бақылауында [3]. Осылайша, мекен етіп отырған мемлекеттерде маңызды лауазымдар, қаржы мүмкіндіктерін пайдаланып «лоббизмді» өте шебер қолданатын халықтардың бірі.

Малайзияда хуацяолар (халықтың 29% ы), елдегі компаниялар капиталының 61% ын бақылайды. Филиппин елінде (халықтың 1% ы), 100 ірі фирманың 67 сін хуацяолар басқарады. Таиландта (11%) жеке сектордың 90% ын, қытайлықтар негізгі халқы болатын Сингапурде (90%) бүкіл экономиканы бақылайды [4]. Қытай бизнесі өз қаражатының мүмкіндіктерін саяси салада да тиімді қолданады, мысалы Таиландта үкіметтің көп бөлігін қытайлар құрайды.

АҚШ та 1,27 млн қытай эмигранттары бар, 12 мың коммерциялық мекемелер хуацяолардың иелігінде. Америкадағы хуацяолардың негізгі міндеті – ҚХР мүддесі мен қызығушылығын алға жылжыту [5].

Қазіргі уақытта қытайлардың жердің әрбір түпкіріне таралуы бір ғасырдан кем емес ұзақ үдерістің нәтижесі. Әсіресе ХІХ ғасырдың ортасынан бастап бұл кең етек жайды. Халық табыс көзін іздеп қайта ораламыз деген ниетпен Оңтүстік-Шығыс Азия, Австралия, Жаңа Зеландия, Солтүстік Америкаға қоныс аударған. Қоныс аударғандардың көбісі тұрғылықты жерге бейімделе алмай, кедей ғұмыр кешсе де, жаңа жағдайларға тез бейімделіп, өз елдерінде экономикаға едәуір ықпал ете алатын іскерлердің бір тобы болып қалыптасты.

Шетелдегі қытайлармен жұмыс маңызды болғанмен, «мәдени революция» кезде құдалауға ұшырады. Таптық жаулар деп қарастырылып, хунвэйбиндердің қолынан қаза тапқан. Алайда, реформалар басталғаннан кейін, хуацяоларға қайта көңіл бөлініп, «мәдени революция» кезінде қысқартылған хуацяо мәселелері бойынша мемлекеттік органдар, эмигранттарға арналған оқу орындары ашылды.

ХХ ғасырдың 80-ж.б. 26,8 -27,5 млн-ға жетсе, он жыл ішінде 90-ж. 37-57 млн-ға жеткен [6]. Бұл өсім - Қытайдағы демографиялық жағдайының және үкіметтің жүргізіп отырған демографиялық саясатының салдары.

АҚШ-тағы қытайлар саны 2004 жылғы санақ бойынша 3,4 млн-ға жетіп, ең ірі азиаттық этникалық топ болып табылады. Олардың саны жалпы мемлекеттегі халық санының өсімінен 4-5 есе жылдам өседі [7].

Хуацяолардың арасында білікті мамандар да аз емес. Әйгілі Силикон жазығында қызметкерлердің 53% - иммигранттар болса, солардың 25% - қытайлар (15 мың) мен үндістер [8]. Қазіргі уақытта үкімет өз отандастарының жоғары білім алып, оны ел пайдасына жұмсауына мүдделі.

2002-2003 жылдары 17 мың білікті мамандар Н-1В визалық бағдарлама бойынша АҚШ-тан ҚХР-на кетіп, көбісі өз елдерінде компьютерлік бағдарламалау мен есептеу саласында жұмысқа орналасты. Америкалықтардың ішінде ғылыми-техникалық кадрлардың 19,5%, ал жоғары деңгейдегі менеджерлердің 10,9% - қытайлар [9].

Шетелдегі қытайларда ұлтшылдық, патриоттық сезім, өзінің этникалық отаны, әсіресе «кіші отаны» — туған жерімен ерекше байланыс сезіліп тұрады. Эмигранттар ең көп шыққан жерлер, басқаша айтсақ, «ұшқан ұясы» арнайы «цяосан» деп атайды. Осындай «цяосандардың» көбі оңтүстік жағалаулық Гуандун, Фуцзян провинцияларында орналасқан. Шетелдегі қытайлар өздерінің туыстарына қаражат аударып, емхана, мектеп, университеттер құрылысына демеушілік көрсетіп, туған жерлерінің дамуына үлес қосады. Көмек көрсеткен демеушілердің есімдері естілік тақталар мен ескерткіштер арқылы мәңгі сақталады.

Қытайдың хуацяолармен қарым қатынас тәжірибесі маңызды. Әлемнің түпкір түпкірінде мекендейтін 5 млн. қазақтардың ұлы отаны Қазақстанның өркендеуіне үлес қосып, туған жерлерімен байланысын күшейту керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауында патриоттық, рухани тәрбие басты назарда болу керектігін айтты. Хуацяолар өзге елде тұрса да, бар арман тілектері ұлы Қытайдың гүлденуі болып табылады. Әлемдегі қазақ диаспоралары да Қазақстанның өркендеуіне бар мүмкіндік, күшін аямау керек. Осы тұрғыдан қытайлық диспоралардың тәжірибесін зеттеу біз үшін қаншалықты маңызды?

Қытай диаспоралары мәселесі ғалымдардың назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Гельбрас В.Г. , Ларин А.Г, Дятлов В.И. және т.б. қытай диаспорасы феномені, олардың әлемде таралуы, тарихы мен сипаттары туралы көптеген еңбектер жазған. Батыстың ғалымдарынан Р. Скелдонның еңбегінде батыстағы қытайлар саны туралы ақпарат бар. Сонымен қатар Еуропадағы қытайлар туралы Ф. Ласко, Ж. Джанг, К. Пина-Герасимофф және арнайы зерттеу орталықтарының, Пекин университетінің экономикалық зерттеулер орталығы ғалымдарының еңбектерінде кездестіруге болады.

Отандық зерттеушілердің ішінде «хуацяо», «чайнатаун» феномені туралы түбегейлі зерттеуер аз. Қазақстандағы қытай бұл тақырып біршама зерттелген. Қазақстандағы қытай мигранттары, қытайлық көші-көннің аймақтық қауіпсіздікке әсері туралы К.Сыроежкин, С.Кожированың еңбектері бар. М. Лаумулиннің «бір Қытай», «Қытай бірлігі», ҚХР-ң көршілерімен шекаралық, аумақтық мәселелерін талдаулары бар.

Мекен еткен жердегі құрылатын қытай қауымдастықтарының да үлесі зор. Қауымдастықта өзінің өзара көмек көрсету жүйесі бар, ол бойынша жаңадан келгендерге әлеуметтік көмек алуға, жұмысқа орналасуға, отанымен байланыста болып тұруына барынша көмек көрсетеді. Осылайша, қытай қауымдастықтарының ұзақ уақыт бойы ықпалын жоғалтпауының себебі ішкі өзара көмек пен байланыстың мықты және этникалық бірігу деңгейінің жоғары болуында. Қытай мигранттары жетістігінің ерекшелігі – бұл жеке тұлғаны қолдау мен оның жетістігін насихаттау, осыны бүкіл қауымдастықтың жетістігі деп білуінде. Бұнда жеке тұлғаның жетістігі қауымдастықтың мүдделеріне қайшы келмейді, керісінше көпшіліктің қалауы болып, барынша қолдауға ие болады. Хуацяолардың жылдам дамып, кең ауқымда ықпал етуінің кілті, міне, осында.

Қытай үкіметінің шетелдегі қандастарға қатысты саясаты қытай диспорасының отанымен байланысын нығайтуға негізделген. Кез-келген мемлекет үшін, әсіресе, осындай ең ірі көлемде болғанда, шетелдегі диаспораларын қолдау сыртқы саяси мақсатқа қол жеткізуде маңызды болып табылады. Диаспора сол елдегі қытайлардың экономикалық, тілді, мәдени ықпалының болуына себепші болады.

Жалпы, қытай диаспорасының қаражаты, технология, кәсіпкерлік тәжірибесі, халықаралық әскерлік байланыстары бар. Мәдени-тілдік ортақтастық, экономикалық ынталандыру, ұлттық дәстүр мен сана-сезім хуацяолардың өз атамекендерімен тығыз байланыста болуына себеп. Қазіргі уақытта ҚХР үкіметі де осы бірегей мүмкіндікті барынша тиімді қолдануға тырысады. Шетелдегі қытайларға ұлттық-патриоттық сезімдерін дамытып, қамқорлық пен құрметпен қарап, өндірісте әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Бұл ел басшыларының сөздерінде де көп ескерілетін идеологиялық платформаға айналды. 2007 жылы Ху Цзиньтао IV Бүкіләлемдік шетелдегі қытайлар ассоциациясының достық конференциясында «Ғасырлар бойы өз қажырлы еңбектерінің арқасында шетелдегі қытайлар көптеген салада өз үлестерін қосып, қытай ұлтының тәуелсіздігі мен өркендеуіне, Қытайдың реформалануына, ашықтығы пен модернизациялануына, қытай халқы мен бүкіл әлем халықтарының арасында достық пен өзара түсінушілікті нығайтуға өлшемсіз үлес қосты» деп, шетелдік қытайларды тұрғылықты елдерінің дамуына үлес қоса отырып, қытай халқының керемет дәстүрлерін дамытуға, Қытайды модернизациялауға, қытай өркениетінің жетістіктерін таратуға әлі де үлес қосуға шақырды [10].

Қуатты Қытай мемлекетін құру мен ұлы қытай ұлтын өркендетуде ұлы мақсаттар қоятын ҚХР басшылығы шетелдегі қытайлардың әлеуетін қолданып, оларды тартуға мүдделі. Қытайда шетелдегі отандастарымен, диаспоралармен қарым-қатынас жөніндегі істермен ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Қытай эмигранттарының жұмысы жөніндегі кеңсе айналысады. Сонымен қатар, Бүкілқытайлық репатрианттар ассоциациясы шетелдегі қытайлардың құқығы мен мүддесін қорғау, олардың жағдайын талдап, атқарушы органдарға жеткізу бағытында жұмыс атқарып отыр. Сонымен қатар, Чжунго чжигундан партиясы, Қытайлық шетелдік байланыстар ассоциациясы, Қытай эмиграциясын зерттеу қоғамы сияқты қоғамдық ұйымдар да шетелдік қытайлардың мәселесімен айналысады. 1991 жылғы 1 қаңтардағы «Реэмигранттар және олардың туысқандарының құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы» заңда да хуацяолардың ақша аударымы, инвестиция, реинвестициялауда қолданылатын айтарлықтай жеңілдіктер санаттар бойынша көрсетілген [11].

Қытайдың экономикалық дамуында хуацяолардың рөлі ерекше. 1970-інші жылдары елде реформалар жүргізіле бастағанда, Қытайдың шетелдік кәсіпкерлердің ішінен алғашқы әріптестері де осы хуацяолар болған. Шетелдік капиаталдың өзі хуацяолармен байланысты. Бүгінгі таңда ҚХР-на инвестицияланатын капиталдың 80%-ы хуацияолардың үлесінен.

Қытай үкіметі хуацяоларға мынадай міндеттерді қояды: ел бірлігі, Қытай жерінде жүзеге асатын үкіметтің экономикалық жобаларына қаржылық қолдау, ақпараттық, лоббистік және басқа да тәсілдермен Бейжіннің халықаралық мәселелердегі ұстанымын насихаттау.

Қытай дисапоралары негізінен ірі қаржы-сауда-өнеркәсіптік топтарға жатады: қытайлық кәсіпкерлер өздері мекендеп жатқан елдің шаруашылығында да маңызды орын алып, сол елдің ҚХР-мен экономикалық, инвестициялық ынтымақтастығының нығаюында үлкен рөл атқарады.

Жоғарыда айтылған хуацяоларға жасалатын жеңілдіктер тек экономикалық мүддені ғана көздеп қоймай, хуацияолардың Қытайда тұратын туыстарымен байланысын күшейтеді. Мысалы, Гуандун провинциясының бір уезінде шетелдік қытайларға өзінің қаражатымен салынған кәсіпорнының басшысы етіп өзі туысы немесе досын тағайындауға және жұмыс орнының 10%-ына өз туыстарын алуға рұқсат беретін қаулы қабылданған. Гуанчжоуда болса, егер шетелдік қытай қаладағы бірлескен кәсіпорынға 300 млн доллар берсе, онда туысының біреуі ауылдық тіркеуден шығып қалаға тіркелген.

Заманның өзгеруімен экономикалық талаптар да өзгерді. Қазіргі хуацяолардың буынында өзгеше инвестициялық стратегияны көздейді. Олардың мақсаты – өнеркәсіптің қарапайым салаларына, рентабельді кәсіпорындарға, ұзақмерзімді жобаларға, батыс капиталы жете қоймайтын туған жерлеріне инвестиция тарту.

Қытай диаспораларының экономикалық қуаты мен ықпалының күшеюі өздері мекендеп жүрген елде саяси ықпалдың өсуіне алып келетіні сөзсіз.

Реформалар кезіңіндегі диаспоралық саясат экономикалық байланыстардың күшеюіне жол ашып, елді модернизациялауда маңызды рөл атқарып, әлемде алдыңғы қатарға шығарды. Қолында мықты қаржылық құрал болғанда диаспора ҚХР-дағы өз мүддесін жүзеге асыруға мүмкіндік алады, мысалы, капитал тартуда одан да қолайлы жағдай жасау, диаспора өкілдерінің құқығын қорғау. Осылайша, Қытай мен шетелдік қытайлардың арасында күштер тепе-теңдігі сақталады. Мемлекет пен диаспора өзара пайда принципі бойынша қызмет етеді.



  • өз ортасында «тұйық шеңберді» сақтау;

  • ассимилятивті әлеуеті жоғары: неке кезінде басқа этностармен араласса да «басымдыққа» ие болып қалады;

  • «үлкен Қытайдағы» салт-дәстүрлерін мекен етіп жүрген елде де орындап, қата сақтап жүреді;

  • әлеуметтік әркелкілігіне қарамастан, ішкі бірлігі мен ынтымақтастығы мықты;

  • өзара көмек пен қолдау көрсету жоғарғы орында тұрады;

  • әлеуметтік әрекет пен қоғамда өзін ұстау «кодексіне» бағынған, идеологиялық негізі мықты, патриоттық рухы жоғары;

  • тарихи отанымен байланысын үзбеуі, елінің өркендеуі үшін қызмет етуге дайын болуы;

  • кез-келген әлеуметтік, мәдени, экономикалық жағдайда өмір сүруі үшін қажетті коммуникативті және бейімділік қасиеттерінің жақсы дамығаны;

  • әлемдегі ең ықпалды диаспоралардың бірі болуына көмектесетін «экономикалық» тірлігі мен пысықтығы;

  • саланы таңдамауы: қытайлар шетелде ғылымда да, білімде де, «көлеңке» бизнесте де өз орнын тауып, тез бейімделеді;

  • қандай іспен аналыспасын, тапқан қаражатты Қытайға туыстық және бизнес каналдары арқылы жібереді.

Қытайлардың миграциялық стратегиясына тән нәрсе – этномәдени қоғамдар құру. Осындай орталықтардың бірі Қазақстанда да бірнеше қалаларда ашылған Конфуций институттары, қытай мәдени орталықтары, т.б. болып табылады. Сонымен қатар, ең кең қолданылатын қоғамдық тамақтану жүйесі Еуропа, Америкадағы ең көп таралған түрі [12].

ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао өз сөзінде: «Ел мен партия үшін Қытайдың шетелде жүрген ұл-қыздарының күшін біріктіру, оларды қолдау мен белсенділігін арттыру өте маңызды. Тарих көрсеткендей, елді модернизациялауға, отанымызды толық біріктіру міне қытай ұлтының өркендеу жолында шетелдегі қандастарымыз, олардың туыстары мен реэмигранттар мықты күш екендігін тарих дәлелдеді, әлі де көрсетеді» деп сенім білдірді [13]. Дэн Сяопин де Қытайдың қарқынды дамуы үшін көптеген себептердің болғаны, бірақ бір ерекшелігі – бұл шетелде жүрген миллиондаған отансүйгіш қытайлардың болуы деп көрсеткен болатын.

Осылайша, қытай диаспорасы ҚХР экономикалық дамуының маңызды сыртқы факторы болып, Қытай мен дамыған елдер арасындағы дәнекер рөлін атқарады. Дәл осы хуацяолар тарихи отанының назарында жүр. Бір жағы Қытайдың экономикасы өседі, екіншіден, «бір ел – екі жүйе» принципі негізіндегі ұлттық бірлік күшейеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері сыртқы саясатта көпвекторлық бағытты ұстанып, халық бірлігі мен татулығын бірінші орынға қойды. Бұл халықаралық сахнада белсенділік танытып, өз орнын алуға, ынтымақтастықтың ұйытқысы болуына септігін тигізді. Елімізде жүргізіліп жатқан саясат та ел бірлігін нығайтуға бағытталған. Халықтың ғана емес, шетелдегі отандастарымыздың бірлігі, отансүйгіштігі, елімен байланысын үзбей, әлеуетін тарихи отанынының пайдасына жұмсауы мемлекетіміздің одан әрі дамып, алдыңғы қатарлы елдермен терезесі тең болып, әлемдік саясатты жүргізетін басты мемлекеттердің бірі болуына мүмкіндік береді. Сондықтан, хуацяолардың «үлкен Қытайға» деген сүйіспеншілігі мен адалдығы сияқты, Қазақстанға да шетелдегі ауқатты қандастарымыздың әлеуетін ел өркендеуіне жұмсағаны абзал.



ӘДЕБИЕТТЕР:


  1. Китайская экспансия мира меняет лик мира. //http: www.nrs.com/print/ /140207_145311.

  2. Сыроежкин К.Л. Проблемы современного Китая и безопасность в Центральной Азии. – Алматы: КИСИ при Президенте РК. − 2006. − 299 б.

  3. Портяков В.Я. Российский вектор в глобальной китайской миграции // Проблемы Дальнего Востока. − 2006. − № 2. − 12-25 б.

  4. Сыроежкин К.Л. Проблемы современного Китая и безопасность в Центральной Азии. – Алматы: КИСИ при Президенте РК. − 2006. − 299 б.

  5. Артюхова Ю.С. Китайская диаспора как фактор внешнеполитического влияния КНР. // www.mpa.ru.

  6. Poston DudleyL., Jr.,Mao Xinxiang Michael, YuMei-Yu.The Global Distributrionof the Overseas Chinese Around 1990/Populationan Development Review 20. NewYork. 1994. No3(September). 631, 633 б.

  7. Passel, J.. Cohn. D. A Portrait of Unauthorized Immigrants in the United States. //www.pewhispanic.org

  8. Тэн ШУфэнь. Жоу дан цзя, жэньцай цзюэ шэн: [Их дом – Азия. Таланты побеждают] - Тайвань гуанхуа. 2006, №9. 8 б.

  9. Лун Дэнгао, Чжан Хунъюнь. До юань цзуцюнь ши е сяди хуажэнь тэсин [Китайская специфика в условиях многонациональности] - Хуацяо хуажэнь лиши яньцзю. 2007. №1. 17 б.

  10. Доклад Председателя КНР, Генерального секретаря ЦК КПК Ху Цзиньтао на 4-й Всемирной дружеской конференции ассоциациий зарубежный китайцев в 2007 году. (www.chinaqw.com.cn/zgqj/qjdt/200706/20/76733.shtml)

  11. Сыроежкин К.Л. Проблемы современного Китая и безопасность в Центральной Азии. – Алматы: КИСИ при Президенте РК. − 2006. − 299 б.

  12. Манежев С.А. Иностранный капитал в экономике КНР. − М.: Наука, 1990. – 271 б.

  13. Flemming C. Chinese Identity in Europe //Chinesse in Europe. Macmillan Pres Itd., 2000. − 47-52 б.


Қытай диаспораларының әлеуеті мақаласының түйіндемесі

РЕЗЮМЕ

Данная статья посвящена хуацяо-китайцам, проживающим за рубежом, их положению, потенциалу, также роли в динамичном развитии экономической и социальной жизни современного Китая. Хуацяо рассматриваются как возможный инструмент доминирования КНР в Юго-Восточной Азии, проводник интересов Китая и увеличения влияния в мире.
ТҮЙІНДЕМЕ

Thе article is devoted to the huaqiao, the Chinese Diaspora, its location, potential and role on the dynamic development of economic and social life in modern China. Huaqiao considered to be a potential mechanism of Chinese domination in the Southeast Asia, the conductor of China's interests and increase influence in the world.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет