БРУЦЕЛЛЕЗ ІНДЕТІМЕН КҮРЕСУДЕ АУРУ ЖАҒДАЙЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫС АЛГОРИТМДЕРІ МЕН ІНДЕТТІҢ СТАНДАРТТЫ АНЫҚТАМАСЫН ПАЙДАЛАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ
А.А. Мырзабекова
С.Ж Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті
Алматы, Қазақстан
Қазақстандағы бруцеллез проблемасы соңғы жылдары өзекті мәселеге айналды.
Егер 2000 жылы республика бойынша адамдар арасында бруцеллезбен бірінші рет ауырғандардың сырқаттылық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда – 12,8 болса, ол жылдан-жылға жоғарылап 2004 жылы екі есеге жуық артып, сырқаттылық көрсеткіші - 23,7 жетті. Мұндай жоғарғы көрсеткіш республика көлемінде соңғы 50 жыл ішінде болмаған жағдай еді.
Қазақстан республикасы 1970-80 жылдары адамдар арасында (әсіресе малшыларың) бруцелез ауруынан ССРО көлемінде өте жоғарғы көрсеткіште еді. Ал, 90-шы жылдары басталған, агроөнеркәсіп саласында жойылып жатқан ескі өндірістік қатынастар мен мал шаруашылығын жаппай жекешелендіру барысындағы пайда бола бастаған жаңа қатынастар арасындағы дағдарыс кезінде, елді мекендерде бруцеллез ауруы эпидемиялық сипат ала бастады. Қазіргі таңда да бұл мәселе өзінің өзектілігін жоймастан республикамыздың Ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау министрліктері мамандары үшін айтарлықтай қиындық тудыруда. Қазақстан республикасында адамдар мен ауыл шаруашылығы малдарының бруцеллезбен аурушаңдығы СНГ көлемінде (Қырғызстан республикасынан кейінгі) жоғары орында қалуда.
Сондықтан да бруцеллез мәселесіне деген көзқарас дәрігерлер мен ғалымдардың зейіні мен қызығушылығын арттыруда, себебі аурудың негізгі көзі болып табылатын малдар арасында бұл індетті болдырмау және алдын алу шаралары әлі де түбегейлі жүргізілмей отыр.
Адамдар мен жануарлар арасындағы бруцеллездің және бір өзектілігі оның республика көлемінде, әсіресе оңтүстік облыстарда кеңінен етек алуы, еліміздің экономикасына айтарлықтай зиян келтіруімен анықталады. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ғалымдарының зерттеулері бойынша, тек бір жылдың (2003 ж.) ішінде экономикалық зиянның көлемі адамдар арасындағы бруцеллезге 100 млн. тенге болса, ауыл шаруашылығы малдарын сауықтандыруға жұмсалған шығын одан 4-5 есе артық болған.
Сонымен қатар, шешімін таппаған басқа мәселелер де көп. Олар:
- медициналық статистикада бруцеллез ауруының тек қана расталған жағдайларының есепке алынуы;
-бруцеллез ауруының болжамды және ықтимал жағдайларының ескерілмеуі нәтижесінде, алдын алу, ұйымдастырушылық және т.б. шараларының жүргізілмеуі;
- ауылшаруашылық малдар арасында бруцеллез індетінің кеңінен етек алуы;
- жеке иеліктегі ауылшаруашылық малдардың толық есепке алынбауы, мал иелерінің ветеринарлық-санитарлық ережелерді мұқият сақтамауы;
- ауруы анықталған малдардың уақтылы сойылмауы немесе көп уақыт бойы бөлекше бағылуы;
- ауру малдарды қабылдап, етін өңдейтін өндіріс орындарының (шұжық немесе консервілар жасайтын) жеткіліксіздігі немесе атымен болмауы, арнайы ауру малдарды соятын цехтардың жоқтығы;
- ауру малдардың аудан, облыс, республика көлемінде таралуына, бруцеллез ауруынан қолайсыз мекендерден алынуына, сатылуына немесе аурудан таза мекендерге тексерусіз әкелінуіне қарсы шаралар жүргізілмеуі;
- ауру ошақтарының эпизоотиялық-эпидемиологиялық жағдайының нашар тексеріліп ауру көздерінің (20%-ға дейін) уақтылы анықталмауы, тағы да басқа мәселелер.
Жоғарыда көрсетілген мәселелер, бүгінгі таңда, медицина саласының барлық звеноларының күнделікті тәжірибесінде қолдану үшін, жаңа ғылыми ізденістерді керек етеді. Осыған орай, әсіресе эпидемиологиялық қадағалау мекемелерінің індеттермен күресу және олардың алдын алу жұмыстарын пәрменділікпен жүргізуі үшін, ауру жағдайларының жұмыс алгоритмдерін және індеттерді стандартты анықтаудың тәсілдерін дайындап, тәжірибеге енгізілуін қажет етті.
Дәлелді медицинаға негізделген бұл тәжірибе дәрігер мамандардың жұмысында жүргізілетін шараларлың кезектілігі мен бағытын айқындап, нақты басқарушылық шешімдер қабылдауға жәрдем береді.
Бұл жағдайда әртүрлі деңгейдегі медицина мекемелері індетке қарсы күресу, оны емдеу, алдын алу шараларын ұйымдастырып жүргізу үшін және мамандар мен материалдық ресурстарды дұрыстап пайдалануға мүмкіндік алады да, жоғары сапалы, нақты шаралар жүргізеді.
Осыған байланысты, жұқпалы індеттермен ауырған адамдармен бірінші кездесетін және олардан ауру жұқтырып алу қаупі бар бірінші кезектегі медицина мамандарын дайындау өзекті мәселеге айналуда
Сонымен қатар, ауруларға алғашқы медициналық жәрдем көрсететін медицина мамандары, инфекционистер, эпидемиологтар және зертхана мамандары өзінің күнделікті жұмыс тәжірибесінде ауру жағдайларының жұмыс алгоритмдерін және індеттерді стандартты анықтаудың тәсілдерін тәжірибеге толыққанды енгізілмеуі нәтижесінде оны пайдаланбайды.
Біздің мақсатымыз, Қазақстан республикасының эпидемиолгиялық қадағалау жүйесіне жүктелген бруцеллез ауруы көп тіркелетін аймақтарда ауруды тіркеу, есепке алу және індет ошағында эпидемиологиялық зерттеу, індет бұрқетпелерін талдау, эпидемиологиялық (ғылыми) зерттеу жүмыстарын жүргізу барысында, әртүрлі саладағы медицина қызметкерлерін, індеттерді стандартты анықтау тәсілдерін пайдаланып эпидемиологиялық қадағалау жүйесінің сезімталдығы мен тәндігін арттыруды қамтамасыз ету және оларды нақты іс әрекет алгоритмдерімен «қаруландыру» болып табылады.
Қорытынды:
-
Қазіргі таңда бруцеллез мәселесі және оның оңтүстік облыстарда кеңінен етек алуы ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау министрліктері мамандары үшін өзекті проблемаға айналып еліміздің экономикасына айтарлықтай зиян келтіруде.
-
Эпидемиологиялық қадағалау мекемелері мен әртүрлі деңгейдегі медицина мамандарының тәжірибесінде ауру жағдайларының жұмыс алгоритмдерін және індеттерді стандартты анықтаудың тәсілдерін тәжірибеге толыққанды енгізілмеген.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» 2002 жылы 4-ші желтоқсанда қабылданған №361-11-ЗОК Заңы.
2. ҚР ДСМ 2006 ж 15 желтоқсандағы № 623 «Медицина саласында адамдардың аса қауіпті ауруларының есебі мен тіркелуі кезінде оқиғаларды стандартты анықтауды бекіту туралы» бұйрығы.
3. Қазақстан Республикасындағы аса қауіпті жұқпалардың эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдайының 2001-2010 жылдардағы талдауы. Республикалық санэпидстанциясының 2001-2010 жылдардағы есептерінің топтамалары.
4. Амиреев С.А., Муминов Т.А., Черкасский Б.Л., К.С.Оспанов «Стандарты и алгоритмы мероприятий при инфекционных болезнях». (практическое руководство). Том 1. Алматы, 2007.
Достарыңызбен бөлісу: |