Дара жарнақтылар класы
Дара жарнақтылар класына (лилиопсиды или однодольные – Liliopsida или Monocotyledones)104 тұқымдас, 63000-дай түр жатады. Бұлар бiр жылдық, екi жылдық, көп жылдық шөптесiн өсiмдiктер, сиректеу ағаштар, бұталар, лианалар. Дара жарнақтылардың қос жарақтылардан басты айырмасы бұлардың тұқым жарнағы бiреу болады.Тамыры шашақты немесе пиязшықты. Дара жарнақтылардың сабағының алғашқы құрылысы өсiмдiктiң тiршiлiгiнiң соңына дейiн сақталады. Сабақтың көлденең кесiндiсiнде өткiзгiш шоқтары ретсiз, шашыраңқы орналасады. Жапырақтары параллель немесе доға тәрiздi жүйкеленедi.
Құртқашаштар (ирисовые - Iridaceae) тұқымдасы
Құртқашатардың жалпы сипаттамасы. Құртқашаш (касатик - Iris), гладиолус (шпажник - Gladiolus), бәйшешек (шафран - Crocus)
секiлдi сәндiк өсiмдiктердi сендер жақсы бiлесiңдер. Олардың барлығы құртқашаштар тұқымдасына жатады. Сонымен бiрге бұл тұқымдасқа басқа да көптеген сән болып гүлдейтiн өсiмдiктер жатады. Құртқашаштар үлкен тұқымдас. Оған 75-80-дей туыс, 1800-дей түр жатады. Қазақстанда 6 туысы, 35 түрi өседi. Бұл тұқымдастың өкiлдерiнiң таралу аймағы аса кең. Олар жершарының салқын, кейбiр шөлдi және ылғалды тропикалық ормандарынан басқа кеңiстiктердiң барлығында кездеседi. Бiрақ құрқашаштардың түрлiк саны мен өсу жилiгi барлық жерде бiрдей емес. Олардың аса қалың өсетiн аймағы Африканың оңтүстiгi, орталық және оңтүстiк Америка. Құртқашаштардың көпшiлiгi шөптесiн өсiмдiктер. Әсiресе тамырсабақты, пиязшықты, түйнектi пиязшықты формалары көп кездеседi. Тропикалық аймақтарда бұталары да кездеседi. Жапырақтары қылыш немесе таспа тәрiздi болып келедi. Гүлдерi iрi қосжынысты дұрыс, кейде бұрыс гүлдер болады. Мысалы, гладиолустың гүлдерi бiржақты масақ тәрiздi гүлшоғырын түзедi. Гүлдерi бiр түрлерiнде жалғыздан болса, екiншiлерiнде бiрнешеуден жиналып гүлшоғырын түзедi. Гүлсерiгi қарапайым алты күлте жапырақшадан тұрады. Олар үштен шеңбер түзiп орналасады. Сыртқы шеңбердi түзетiн желектердiң, iшкi шеңбердiң желектерiнен айқын айырмасы болады. Аталықтары мен аналықтарының саны үшеуден, төменгi жатынды. Жемiстi үш ұялы қауашақ.
Гүлiнiң формуласын былай жазуға болады:
♀♂ Гс 3+3 А3 Ж(3)
Басты туыстарының бiрi құртқашаш (касатик - Iris). Оның Қазақстанда 21 түрi кездеседi. Құртқашаштың көптеген түрлерiмен бұдандастыру арқылы алынған (гибридний) сорттарын барлық жерде сәндiк өсiмдiк ретiнде отырғызады. Әсiресе герман құртқашашы (касатик германский – Iris germaniana) деген түрдi жұпар иiстi тамырсабағы үшiн үлкен алқапқа отырғызады. Оны парфюмерия өнеркәсiбiнде және қақырық түсiретiн дәрi ретiнде медицинада қолданады. Құртқашаштың 2 түрi: Альберт құртқашашы (ирис Альберта – Iris alberti) және Людвиг құртқашашы (ирис Людвига – Iris ludwigii) сирек кездесетiн және жойылуға жақын өсiмдiктер ретiнде қазақстан қызыл кiтабында тiркелген. Бәйшешек туысы (шафран - Crocus). Бәйшешек түйнектi пиязшықты өсiмдiк. Жасыл таспа тәрiздi жапырақтары жапырақ қынапшасынан топтасып шығады. Гүлдерi үлкен болады. Көп жағдайда жалғыздан немесе қосарланып жапырақ қынапшасын жарып шығады. Гүлдерi қосжынысты, күлте жапырақшалары сары немесе ашық көк түстi болып келедi. Қазақстанда бәйшешектiң мынадай екi түрi кездеседi: Корольков бәйшешегi (шафран королькова – Crocus korolkovii) және Алатау бәйшешегi (шафран Алатавский – Crocus alatavicus). Оның бiрiншiсi сирек кездесетiн, жойылуға жақын өсiмдiк ретiнде қазақстан қызыл кiтабына тiркелген.
Гладиолус туысы (шпажник - Gladiolus). Гладиолустар сән болып гүлдейтiн түйнектi пиязшықты өсiмдiктер. Күлте жапырақшалары ашық түске (ақ, қызыл, сары) боялған болады. Дүние жүзi бойынша 250 түрi белгiлi. Ал қазақстанда 2 түрi кезедеседi: қатпар гладиолусы (шпажник черопитчатый – Gladiolus imbricatum) және будан гладиолусы (шпажник гибридный – Gladiolus hibiridus). Оның бiрiншiсi сирек кезедесетiн түр ретiнде Қазақстан қызыл кiтабына енген.
Шиқылдақ туысы (юнона - Juno). Шиқылдақтар биiктiгi 15-20 см шамасында болатын көпжылдық пиязшықты өсiмдiктер. Қысқа сабағын орақ тәрiздi иiлген жапырақтары тұтас жауып тұрады. Гүлдерi бiреуден (сиректеу 2-3-тен) болады. Гүлдерi сарғыштау-көк, ашық-көк немесе көкшiлдеу түстi болып келедi. Сәндiк өсiмдiктер. әсiресе көктемде айналаға ерекше көрiк бередi. Шиқылдақ туысының Қазақстанда 8 түрi өседi. Оның үшеуi сирек кездесетiн өсiмдiк ретiнде қазақстан қызыл кiтабына енген. Олар Алматы шиқылдағы (юнона Алма-Атинская-Juno almatensis), көкшiл шиқылдақ (юнона голубая – Juno coerulea). Кушакевич шиқылдағы (юнона кушаковича – Juno kuschakewiczii). Сонымен бiрге бұл тұқымдасқа Калпаковский придодиктиумы (иридодиктиум Калпаковского – Iridodictyum kalpakowskianum) деп аталынатын түр жатады. Ол биiктiгi 15-20 см болатын, кiшiрек шар тәрiздi түйнектi пиязшықты өсiмдiк. Пиязшығын өткен жылғы жапырақ қынапшасының тор тәрiздi қалдықтары жауып тұрады. Әдетте тор жiңiшке таспа тәрiздi жапырағы болады. Олар гүлсидамы секiлдi жапырақ қынапшасын жарып шығады. Гүлдерi күлгiн-көк түстi. Гүлдерiнiң түп жағында ақ түстi дағы, ал жоғарғы жағында ашық-сары түстi айдары болады. Сәндiк өсiмдiк. Ол сирек кездесетiн өсiмдiк ретiнде Қазақстан қызыл кiтабына тiркелген.
Лалагүлдер тұқымдасы (лилейные - Liliaceаe)
Лалагүлдер тұқымдасының (лилейные - Liliaceаe) жалпы сипаттамасы. Лалагүлдер тұқымдасының өкiлдерi дара жарнақтылар класына тән өсiмдiктер. Бұл тұкымдастың өкiлдерi бiржылдық, екiжылдык жөне көпжылдық шөптесiн өсiмдiктер. Бұл тұкымдаста 10 туыс, 470-тей түр бар. Олардың көпшiлiгi тамырсабақты немесе баданалы (пиязшықты) көп жылдық шөптесiн өсiмдiктер. Жапырақтары қандауырша тәрiздi, таспалы пiшiндi болып келедi. Жапырақтары әдетте отырмалы болып кезектесiп орналасады. Көптеген түрлерiнiң гүлдерi жиналып гүл шоғырын түзедi. Аздаған түрлерiнiң ғана гүлдерi жалғыздан болады. Гүл серiгi қарапайым, жай күлте жапырақшалар түрiнде берiлген, қос жынысты, дұрыс гүл. Аталығы екi шеңбер түзiп орналасады (А. 3+3). Аналығы 3, сиректеу 4 жемiс жапырақшаларынан тұрады. Жоғарғы жатынды, жемiсi қауашақ немесе жидек. Осы тұкымдастың бiрқатар түрлерiмен танысамыз.
Қызғалдақ туысы (тюльпан - Tulipa). Туыста шамамен 100-дей түр бар. Қазақстанда 32 түрi кездеседi. Қызғалдақтар шөлдi, жартылай шөлдi және далалы аймактарда кең таралған өсiмдiктер. Кейбiр түрлерi сиректеу орманды жерлерде де кездеседi.
Қызғалдақ гүлдерi жалғыздан болады. Гүл серiгi қарапайым, бос орналасады. Күлте жапырақшалары екi шеңбер түзiп орналасады. Сырткы шеңбердi 3 күлте, iшкi шеңбердi 3 күлте құрайды. Олардың барлығының мөлшерi бiрдей және қанық боялған. Аталықтарының саны 6, ол екi шеңбер түзiп орналасады. Гүлдiң ортасын үлкен аналық алып тұрады. Ол мойны қысқа, үш телiмдi аналықтың аузымен аяқталады.
Қызғалдақ жемiстерi - құрғақ, көп тұкымды қауашақтар. Тұқымының
эндоспермi ұрықты қоршап тұрады. Гүлiнiң формуласы:
*♀♂ К3+3 А3+3 Ж(3)
Қазақстанда кездесетiн 32 түрдiң бiреуi Регел қызғалдағы (тюльпан Регеля – Tulipa regelii) жойылуға жақын түр ретiнде және 6 түрi сирек кездесетiн өсiмдiктер ретiнде Қызыл Кiтапқа енген. Қызғалдақтарды сәндiк өсiмдiктер ретiнде өсiредi. Қазiргi кезде қызғалдақтардың 800-дей сорттары белгiлi. Лалагүл туысына (36 сурет) қоныржай климатты аймақтарда өсетiн 80-100 түр жатады. Қазақстанда бұйра лалагүл (лилия кудряватая, царские кудри – Lilium martagon) деп аталынатын жалғыз түр өседi. Лалагүл пиязшықты және тамырсабақты өсiмдiк. Гүлдерi iрi шашақты гүл шығарын түзедi немесе жеке болады. Гүл серiгi қарапайым, күлте жапырақшылар түрiнде болады және қанық боялған. Күлте жапырақшыларының түсi арқылы: қызыл, сары, ақ түстi тағы басқаша болады. Ақ лалагүлдiң (лилия белая – Lilium candidum) шыққан жерi Кавказ. Күлте жапырақшыларының саны 6, олар 3-тен екi шеңбер түзiп орналасады. Аталықтарының да саны 6, оларда 3-тен екi шеңбер түзiп орналасады. Аналығы 3 бiрiккен жемiс жапырақшасынан тұрады, жоғарғы жатынды гүл. Сонымен лалагүлдiң гүлiнiң құрлысы қазғалдақпен бiрдей.
Лалагүлдердiң көпшiлiгi сәндiк өсiмдiктер. Оған Король лалагүлi(лилия королевская - Lilium regale) жатады. Қазiрiгi кезде бұл түрдiң 2000-дай сорттары бар. Шығыс Азияда лалагүлдi жеуге жарайтын пиязшығы үшiн, көкөнiс дақылы ретiнде де өсiредi.
Қазжуа туысы (гусиный лук - Gagea). Туыста шамамен 70-тей түр бар. Олар өте ұсақ көпжылдық шөптесiн өсiмдiктер. Жапырақтары жiңiшке, гүлдерi ұсақ, негiзiнен сары түст болады. Қазжуалар ерте көктемде гүлдеп, жемiс берiп, вегетациялық кезеңiн қысқа уақыттың iшiнде аяқтайды. Бiрақ олардың жер асты пиязшықтары сақталады. Келесi жылы көктемде осы пиязшықтардан қайтадан жаңа өсiмдiктер жетiледi. Жаңа өсiмдiктер шашылған тұқымдарынан да пайда болады. Қазақстанда 38 түрi кездеседi, олардың барлығы дерлiк шөлдi және далалы аймақтың өсiмдiктерi.
Сепкiлгүл туысында (рябчик - Fritillaria) 100 түр бар. Қазақстанда 5 түрi өседi. Олар сәндiк және дәрiлiк өсiмдiктер. Көптеген түрлерiнiң құрамында алколоидтар бар, сондықтан да олар улы өсiмдiктер. Аздаған түрлерiнiң, мысалы Камчатка сепкiлгүлiнiң (рябчик камчатский – Fritilaria kamtschatkensis), кавказ сепкiлгүлiнiң (рябчик кавказский – Fritillaria kaucasica) пиязшығын қышқылдығына қарамастан тамаққа пайдаланады.
Кандық туысында (кандык - Erythronium)
24 түрi бар. Қазақстанда сiбiр қандығы (кандык сибирский – Erythronium sibiricum) деп аталатын бiр ғана түр өседi. Қандықтың барлығы көктемгi сәндiк өсiмдiктер. Бiрқатар түрлерiнiң пиязшықтарын тамаққа және дәрi-дәрмек ретiнде пайдаланады.
Ллойдия туысында (ллойдия - Lloydia) 20 түр бар. Қазақстанда кеш ллойдия деген бiр түрi өседi. Сонымен бiрге қазақстанда ринопеталюм туысының (ринопеталюм - Rhinopetalum) 2 түрi кездеседi.
Жуалар (луковые - Alliaceae) және iнжугүлдер (ландышевые - Convallariaceae) тұқымдастары
Жуалар тұқымдасының жалпы сипаттамасы. Жуалар тұқымдасында 32 туыс, 750 түр бар. Олар Австралиядан басқа құрлықтардың барлығында кездедi. Түрлерiнiң басым көпшiлiгi солтүстiк ендiктiң қоңыржай климатты аймақтарында өседi. Жуалар тұқымдасының түрлерi алуан түрлi және биiк тау белдеулерiнен бастап теңiз жағалауларына дейiн өседi. Қазақстанда жуа (лук - Allium) деп аталынатын бiр ғана туыс кездеседi. Онда 109 түр бар. Екi түрлi жапырағы болады: түтiк тәрiздi және жалпақ жапырақты. Гүлшоғыры жай шатыр. Ашылмаған гүлшоғырын ақ түстi, жұқа жарғақ жамылғы жауып тұрады.
Кейде гүлшоғырынан ұсақ пиязшықтарды- өнiм бүршiктерiн көремiз. Гүлiнiң құрылысы қарапайым. Қос жынысты, дұрыс гүл. Гүл серiгi қарапайым ол тек 3-тен екi шеңбер түзiп орналасқан 6 күлте жапырақшадан тұрады. Аталықтарының да саны 6, олар да 3-тен екi шеңбер түзiп орналасады. Бiр- бiрiмен бiрiккен 3 аналығы болады, жемiсi үшбұрышты қауашақ. Жуа гүлiнiң формуласы: *♂♀ К3+3 А3+3 Ж(3)
Тұқымдастың басты өкiлiнiң бiрi қатпарлы жуа. Қатпарлы жуаның (лук репчатый - Allium cepa)
жапырағы түтiк тәрiздi. Гүл жаратын (шығаратын) сабағын гүлсидам дейдi. Жуаның ащы иiсiнiң болуы оның құрамында эфир майының барлығын көрсетедi (концентрациясы 0,03-0,5%). Одан басқа жуаның құрамында қант (5%-ға дейiн), витаминдер В,С фитонцидтер кездеседi. Бұл түрдiң көптеген сорттары бар, бiрақ жабайы түрi белгiсiз. Сарымсақтың(лук чеснок – Allium sativum) жапырағы жалпақ, пиязшығы көптеген ұсақ пизшықтардан тұрады. Гүл шоғыры шатыр тәрiздi. Ашылмаған жас шатыршаны ақ түстi жарғақ жамылғы жауып тұрады. Мұндай жамылғының бiр ұшы үшкiр болады. Пиязшықтары және өнiм бүршiктерi арқылы вегетативтiк жолмен көбейедi, құрамында сарымсақ майы болады. Жуалар тұқымдасына жататын өсiмдiктер сонымен бiрге тұқымдары арқылы көбейедi. Сарымсақты Қазақстанда көптеп отырғызады. Порей жуасын (лук порей – Allium porrum) жапырақтары мен сабақтарынын жеуге келетiн түп жағы үшiн отырғызады. Домалақ сарымсақ кей жағдайда күресуге бой бермейтiн арам шөп болып өседi. Тұқымдасқа жуадан басқа да туыстар жатады. Бiрақ олардың ешқайсысы Қазақстанда өспейдi.
Жуалар тұқымдасының көптеген өкiлдерi тамаша гүлдейтiн сәндiк өсiмдiктер. Оларды көкөнiстiк өсiмдiк ретiнде тамаққа пайдаланады. Сонымен бiрге жуалар мен сарымсақтар дәрiлiк өсiмдiктер.
Меруертгүлдер немесе Iнжугүлдер тұқымдасы (ландышевые - Convallariaceae)
Iнжугүлдер тұқымдасының (ландышевые - Convallariaceae) жалпы сипаттамасы. Дүние жүзi бойынша iнжугүлдер тұқымдасының 23 туысы, 230- дай түрлерi бар. Олар негiзiнен солтүстiк жартышардың қоңыржай климатты аймақтарында кездеседi. Әсiресе Гималай тауларында, Шығыс Азияда, Солтүстiк Америкада, Кавказда, Шығыс Сiбiрдiң ормандарында көптеп өседi. Қзақстанда iнжугүлдер тұқымдасының өкiлдерi негiзiнен таулы аймақтарда өседi. Меруертгүл, мамыр iнжугүлi (ландыш майский – Convallaria majalis) деп те аталынады. Ол биiктiгi 15-30 сантиметр болатын көп жылдық шөптесiн өсiмдiк. Жiңiшке ұзын тамырсабағы болады. Жапырақтарының саны екеу (сиректеу үшеу), олар тамырына жақын орналасады және қынапша тәрiздi жапырақшаларымен қоршалып тұрады. Жапырақтары ұзын сағақты, сопақша екi жүйкелi. Жапырақтары сабақты сыртынан түгелiмен жауып тұрады. Сәуiр, мамыр айларында гүлдейдi. Гүл беретiн атпа сабағы ұзын болады және бiржақты орналасқан сирек шашақты гүлшоғырымен аяқталады. Гүлдерiнiң саны әр өсiмдiкте 6-дан 20-ға дейiн болады. Жекелеген гүлдiң сыртқы көрiнiсi қоңырау тәрiздi. Оның төменгi жағында 6 тiсi бар, ақ түстi, жұпар иiстi бiрiккен желектерден тұрады. Гүлi қос жынысты , дұрыс гүл. Гүлсерiгi қарапайым, 6 бiрiккен желектерден тұрады. Аталықтарының саны 6, аналықтары 3 және олар бiрiккен. Гүлнiнiң құрылысын формула түрiнде былай беремiз:
*♀♂ К(3+3) А3+3 Ж(3)
Жемiсi қызғылт- сары түстi, шырынды, шар тәрiздi, үш дәндi жидек. Улы өсiмдiк. Дәрiлiк қасиетi бар. Гүлдерi мен жапырақтары жүрек ауруларына қолданылады. Оларды қайнатып медицинада тұнбасын пайдаланады. Жаңа жиналған гүлдерiн парфюмерия өндiрiсiнде иiс сулар жасауға пайдаланады. Iнжугүлдi сәндiк өсiмдiк ретiнде саябақтарда отырғызады.
Бұл тұқымдасқа Қазақстан аумағында кездесетiн қырлышөп(купена - Polygonatum) туысының 4 түрi және қоянжем(майник - Majanthemum) туысының бiр ғана түрi жатады. Маңызды түрлерiнiң бiрi кәдiмгi қырлышөп (купена обыкновенная – Polygonatum officinale) көпжылдық шөптесiн өсiмдiк. Жуан тамырсабағы горизонталь бағытта өседi. Сабағы иiлген болады. Биiктiгi 30-70 см шамасында. Гүлдерi ақ түстi, төмен қарап салбырап тұрады. Орманда бұталардың арсында, шалғындарда өседi. Тамырсабағының дәрiлiк қасиетi бар. Жапырақтары мен жемiстерi де сағаққа бекiнген. Құрамында витамин С көп болады. Тамырсабғында алколоидтар, глюкозиттер т.б. бар. Сондықта да улы өсiмдiктерге жатады.Гүлiнiң құрылысы iнжугүлдiң гүлiнiң құрылысымен бiрдей. Қоянжем кiшкентай орман өсiмдiгi. Iнжугүлмен қатар гүлдейдi. Ақ түстi ұсақ гүлдерi жұпар иiстi болады. Қос жапырақты қоянжем (майник двулистый – Majanthemum bifolium) тамаша сәндiк өсiмдiк.
Бұлардан басқа диоспорум (Disporum 20 түр), стрептопус (Streptopus 9 түр), клинтония (Clintonia 6 түр), смилацина(Smilacina25 түр) туыстары бар. Бұлардың көпшiлiгi сәндiк өсiмдiктер. Кейбiреулерiнiң жемiсi жеуге келедi. Бiрақ олар Қазақстанда кездеспейдi.
Астық тұқымдасы дара жарнақтылар класына жатады. Онда 7,5-10 мың түр, 700-дей туыс бар. Астық тұқымдасы көп жағдайда шалғындар мен далалы жерлердiң табиғи өсiмдiктер жабыныда басым болады. Тамаққа пайдаланылатын және малазықтық өсiмдiктер ретiнде, олардың халық шаруашылығындағы маңызы аса зор. Астық тұқымдасына негiзiнен көп жылдық және бiр жылдық шөптесiн өсiмдiктер жатады. Тропикалық және субтропикалық аймақтарда ағаш тәрiздi формалары да бар. Олар шашақтамырлы, сабақтары буыннан және буын аралықтарынан тұратын өсiмдiктер. Астық тұқымдасының сабақтары буын аралығының түп жағындғы клеткалардың бөлiнуiнiң нәтижесiнде ұзарып өседi. Астық тұқымдасына жататын өсiмдiктердi тығыз түптенген, сирек түптенген және тамырсабақты деп топтастырады.
Бiрқатар астық тұқымдасының – бидай(пшеница - Triticum), қарабидай(рожь - Secale), атқонақ(тимофеевна - Phleum) сабағының буын аралығының iшкi қуыс, ал буындары ұлпалармен толтырылған. Мұндай сабақты сабан деп айтады. Ал кейбiр астық тұқымдасына жататын өсiмдiктердiң (жүгерiнiң, борыққамыстың) буынаралықтары ұлпалармен толтырылған.
Жабайы астық тұқымдастар
Астық тұқымдасының жапырақтары кезектесiп орналасады, параллель жүйкеленедi және олардың қынапшасы болады. Қынапша дегенiмiз- жапырақтың түтiк тәрiздi кеңейген түп жағы. Қынапша сабақты буыннан жоғарырақ орап тұрады, одан жапырақ кетедi. Астық тұқымдасында қынапша буынаралығының төменгi бөлiгiн жауып, бөлiнетiн жас клеткаларды қорғап тұрады. Астық тұқымдасы басқа тұқымдастарға жататын өсiмдiктерден осы ерекшелiгiмен ажыратылады. Жапырақ тақтасының қынапшадан кететiн жерiнде жарғақ тәрiздi өсiндiсi немесе тiлшесi болады. Ол сабақ пен қынапшаның арасына судың өтуiне мүмкiндiк бермейдi. Астық тұқымдасының ұсақ, көрiксiз гүлдерi күрделi масақ және сыпырғы гүлшоғырын түзедi.Астық тұқымдасының барлығының масағының түп жағында, екi масақша қабыршағы болады. Масақшаларындағы гүлдердiң саны, әр түрлi астық тұқымдасында әрқилы. Олардың саны әр масақшада бiреуден бiрнешеуге дейiн болады. Астық тұқымдасының әрбiр гүлiн 2-ден гүл қабыршағы, 2 гүлжарға, 3 аталығы және бiр аналығы болады. Аналығының сыртын қалың түктер каптайды, аузы қостелiмдi, мойны болмайды. Бiр ғана тұқым бүрi болады. Әдетте бұл бұрыс гүлге жатады. Гүлiнiң формуласы: *♂♀ Т(2)+2 А3 Ж1
Астық тұқымдасының жемiсi – дән. Дәнде жемiс қабы мен тұқым қабы бiрiгiп кетедi. Дәнде эндосперм ұрықты қоршап жатпайды. Эндосперм ұрыққа бүйiр жағынан жанасып, қалқанша деп аталынатын жалғыз тұқым жарнағына тiкелей тиiп тұрады.
Астық тұқымдасының экономикалық жағынан аса маңыздыларына бидай, қарабидай, жүгерi, арпа, күрiш, сұлы, тары жатады.
Бидай туысында (пшеница - Triticum)19 түр бар, олардың тек 4-уi ғана табиғи жағдайда белгiлi, қалғандары мәдени жағдайда өседi. Жел арқылы өздiгiнен және айқас тозаңданатын өсiмдiктер. Масағы жалғыздан, оның 3-тен 7-ге дейiн гүлi болады. Гүлшоғыры - күрделi масақ. Дүниежүзiнiң ауыл шаруашылық өндiрiсiнде негiзiнен нан өнiмдерiн беретiн дақыл, 4 мыңнан астам сорттары белгiлi.
Қарабидай туысы (рожь - Secale). Қарабидайдың қоңыржай климатты аймақтарда, әсiресе солтүстiк ендiктiң таулы аудандарында кең таралған 8 түрi бар. Жабайы қарабидайдың (дикая рожь – Secale sylvestre) ареалы кең – Кавказда, Батыс Сiбiрде, Орта Азияда кездеседi. Жабайы қарабидай көп жылдық және бiр жылдық шөптесiн өсiмдiк. Гүлшоғыры күрделi масақ. Масақтың осiнде көптеген екi гүлдi масақшалар орналасады. Гүлдiң төменгi қабыршағының қылтығы болады, дәнiнiң сыртын түктер қаптап тұрады.
Мәдени қарабидайда(рожь посевная - Secale cereale) күрделi масағының әрбiр масақшасында 2 жақсы жетiлген , 1 толық жетiлмеген гүлi болады. Қарабидай – желмен тозаңданатын өсiмдiк. Оның дәнi әрi жiңiшке, әрi ұзын. Қарабидайдың дәнiнен алынған ұнның түсi қоңыр. Одан қрабидай нанын пiсiредi.
Арпа туысында(ячмень - Hordeum) 26 түр бар, оның 12-сi Қазақстанда кездеседi.
Арпаның гүлшоғыры – күрделi масақ. Масақ осiнде бiр гүлдi 3 масақша орналасады. Арпа гүлдеген кезде өздiгiнен тозаңданады, айқас тозаңдануы да мүмкiн. Арпа – ерте пiсетiн дәндi дақыл. Оның дәнегiнен арпа жармасын дайындайды және сыра ашытады. Мал азығы ретiнде де пайдалы дақыл арпамен жылқыны, iрi қараны, шошқаны және құстарды семiртедi.
Сұлы туысының(овес - Avena) 33-тей түрi бар. Қазақстанда 7 түрi кездеседi. Шашыраңқы болып келетiн гүлшоғыры сыпырғы деп аталды. Сыпырғының бұтақшаларында масақшалар орналасқан, олардың әрқайсысында 2-4 гүл бар. Сұлы- суыққа төзiмдi дақыл. Мәдени жағдайда егiстiк сұлыны (овес посевной – Avena sativa) орталық және солтүстiк аудандарында құнды жарма алынатын және малазықтық өсiмдiк ретiнде себедi.
Тары туысы(просо - Panicum). Тропикалық және субтропикалық зоналарда көп таралған және қоңыржай климатты аймақтарда өсетiн 400-дей түрi бар. Жарма беретiн дақыл ретiнде себiледi.
Күрiш туысының(рис - Oryza) Азияда, Африкада, Австралияда, Оңтүстiк Америкада таралған 24 түрi бар. Бiр гүлдi масақшалары сыпырғы тәрiздi гүлшоғырына жиналған. Масақшаның гүлiнiң 4 қабыршағы, 6 аталығы, 1 аналығы болады. Күрiштiң екi түрi мәдени жағдайға ендiрiлген және көп жерде себiледi. Олардың ең маңызыдысы – екпе күрiш (рис посевной – Oryza sativa). Бiздiң елде күрiш бидайдан кейiн екiншi орын алады. Ол Орталық, Оңтүстiк –Шығыс және Кiндiк Азияда негiзгi астық өнiмдерiн беретiн дақыл. Қазiргi кезде дүниежүзi бойынша күрiштiң 2 мыңнан астам сорттары белгiлi. Гүлiнiң формуласы: ♂♀ Гс2 А3+3 Ж(3)
Жүгерi туысы (кукуруза - Zea). Бiр үйлi өсiмдiк, гүлдерi және гүлшоғыры әр түрлi жынысты. Агрегатты, сыпырғы тәрiздi гүлшоғырында екi гүлдi аталық масақшалары орналасқан. Екi гүлдi масақшаның әр гүлiнде үш- үштен аталығы болады. Аналық гүлдерi собық деп аталатын күрделi гүлшоғырына жиналады. Собық жапырақтың қолтығында орналасып, түрi өзгерген жапырақтардан тұратын жамылғымен оралып қапталған. Аналықтың жатыны дөңгелек, мойны жiбек жiп тәрiздi сусылдаған ұзын, аузы қос телiмдi. Өсiмдiкте собық пайда болып, оның жамылғысынан шашақтанып, аналықтың аузы көрiнгенше тозаң пiсiп кетедi. Сондықтан жүгерiде өздiгiнен тозаңдану мүлдем жоқ десе де болады. Тозаң аналықтың аузына жел арқылы жақын өскен өсiмдiктердiң бiрiнен келiп түседi. Шыққан жерi – Мексика.
Жүгерi – жылу сүйгiш өсiмдiк. Оның тамыры ауаның жеткiлiктi мөлшерде келiп тұрғанын қажет етедi. Сондықтан жүгерiнi себуден бұрын топырақты тиянақты түрде өңдеуден өткiзiп, оны жаз бойы қопсытып отырады. Жүгерi жарықты қажет етедi, сондықтанда оны қатар- қатар, бiр- бiрiнен қашықтау себедi. Бiршама құрғақшылыққа төзiмдi, бiрақ күнiне әрбiр өсiмдiк 1 литрдей су қажет етедi. Жүгерiнi суық ұрғанға, (үсiк жүргенге) дейiн жинап алады, өйткенi пiсiп жетiлген өсiмдiк -1ºС өзiнде оңай зақымданады.
Туыстың кең тараған түрi кәдiмгi жүгерi(кукуруза обыкновенная – Zea mays). Жүгерi – биiктiгi 2-3 метр кейде одан да биiктеу болатын бiр жылдық шөптесiн өсiмдiк.
Ол тек мәдени жағдайда ғана белгiлi. Еуропаға Оңтүстiк Америкадан 1493 ж. әкелiнеген, Ресейде оны XVII ғасырда себе бастаған. Тағамдық, малазықтық және техникалық өсiдiк ретiнде маңызы аса зор.
Қоңыржай климатты аудандарда жүгерiнiң көптеген сорттарының дәндерi пiсiп үлгермейдi. Сондықтанда Солтүстiк аудандарда жүгерiнi сүрлем үшiн өсiредi. Қазақстанда жүгерi тамақ өнiмдерiне қажеттi және малға азық болатын аса құнды дақыл, әрi өндiрiске қажеттi шикiзат.
Борыққамыс туысы(сахарный тростник - Saccharum). Жер шарының екi бөлiгiнiң де тропикалық және субтропикалық аймақтарында кең тараған 15 түрi бар. Сабақтарында 15-20% дейiн қант болады. Сондықтанда бұл өсiмдiктi қант, ром, спирт алу үшiн өсiредi.
Қоңырбас туысы(мятлик - Poa). 200-дей түрi бар. Қазақстанда 32 түрi кездеседi. Олардың кейбiреулерi космополиттер*. Мал азығы ретiнде құнды өсiмдiктер. Сондықтан ерекше құндыларын мәдени жағдайда өсiредi.
Бидайық туысының(пырей - Agropyron) 70-тей түрi бар. Қазақстанда 44 түрi кездеседi. Күрделi масақтың өсiне жалпақ жағымен 3-тен 13-ке дейiн гүлi бар масақша орналасқан. Жатаған бидайық (пырей ползучий - Agropyron repens) деген түрi егiстiкке зиянды арамшөп, оның гүлшоғыры тiк өсетiн жекелеген күрделi масақтан тұрады.
Шалғын атқонағы (тимофеевка луговая – Рhleum pratense). Тамырсабағы қысқа болып келетiн көп жылдық шөптесiң өсiмдiк. Гүл шоғыры жүгерiнiң аталық гүлоғыры секiлдi өсiмдiктiң сабағының жоғарғы бөлiгiнде тoп болып орналасады. Мұндай гүл шоғыры сұлтан деп аталады. Малазығы ретiнде ең құнды өсiмдiктердiң бiрi, көп жағдайда оны бедемен (клевер - Trifolium) араластырып себедi.
Осы жоғарыда келтiрiлгендерден басқа астық тұқымдасына жабайы өсiмдiктерден бетеге (овсяница - Festuca), арпабас (костер - Bromus), ажырық (прибрежница - Aeluropus), қау (ковыль - Stipa), қамыс (тростник - Phragmites), қияқ (волоснец - Elumas), мортық (мортук - Eremopyrum) туыстарының өкiлдерi, т.б. жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |