Дарынды суретші (суретші Қанафия Темір Болатұлы Телжанов шығармашылығына байланысты библиографиялық шолу) «Адам мен Ғалам-менің ой ізденістерімнің әлемі мен кеңістігі



Дата12.07.2016
өлшемі389 Kb.
Дарынды суретші

(суретші Қанафия Темір - Болатұлы Телжанов шығармашылығына байланысты

библиографиялық шолу)

«Адам мен Ғалам-менің ой ізденістерімнің әлемі мен кеңістігі, мұңым мен үмітім. Жер бетіндегі Бақыт пен Болашаққа деген сенім рухына бөленген ойлар көрінісі. Менің картиналарым адамның жарқын мақсат-мүддесі мен оның жан дүниесінің әсемдігіне бағышталған».

Қанафия Темір-Болатұлы Телжанов
КСРО-ның халық суретшісі КСРО Көркемсурет академиясының мүше-корреспондеті, Қазақстан ¥лттық ғылым академиясының толық мүшесі (академик), Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қазақ КСР-ның халық суретшісі, Халықаралық жоғары мектеп академиясының құрметті академигі, профессор.

Қанафия Темір-Болатұлы Телжанов Омбыда 1927 жылы 1 мамырда Көкшетау облысындағы Телжан ауылының беделді руына жататын отбасында дүниеге келген. Қанафия Темір-Болатұлы балалық шақтың таза сезімінен қалыптасқан ата-бабаға деген кұрмет, туған жерге деген махаббат құр алақан қалдырмады. "Атамекен" атты тамаша туынды дүниеге келді. Кейіннен Қанафия Телжановтың дәл осы еңбегі оның ең үздік шығармасы болып, Қазақстан бейнелеу өнері дамуы тарихында жаңа бір кезең ашты.

Қанафияның әкесі Темір-Болат Мұхаметжанұлы Телжанов 1898 жылы туған, 1929 жылы Калинин атындағы Ленинград политехникалық институтын бітіріп, содан соң Мәскеудегі Қызыл профессура институтын тәмәмдайды.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері әкесі кішкентай Қанафия бес жасқа толғанда отбасын Омбыдан Ленинградқа көшіріп әкеледі. Баланың сурет салуға ынтасы мен дарыны ерте-ақ белгілі болады. Кішкене өскен соң әкесі оны Бүкіл ресейлік Көркемсурет академиясының (1757 жылы ашылған Санкт-Петербургтегі бұрынғы императорлық көркем академия) дарынды балаларға арналған мектебіне оқуға береді.

1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысы басталды. Сол жылдың күзінде оны басқа да оқушылармен бірге Ленинградтан Киров облысының Колково селосына көшіреді. Жамал шешейдің балаларын соғыс бауырынан ажыратып, өзін Л енинградта жалғыз қалдырады. Қанафияның әпкесі Айжанды Ленинградтағы А.Я.Ваганова атындағы хореографиялық училищесінің оқушыларымен бірге Молотов қаласына жібереді.

1942 жылдың 5 сәуірінде К.Телжанов 36 жастағы анасының жау қоршаған Ленинградта қайтыс болғаны жайында ашық хат алады. Сөйтіп болашақ суретші 15 жасында өз бетімен өмір сүруге мәжбүр болады. Әзер Алматыға жетеді. Оны бірден Алматы көркемсурет училищесінің екінші курсына оқуға қабылдайды. 1947 жылы оқуын үздік бітірген соң КСРО Көркемсурет академиясының И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнерінің институтына оқуға түседі.

1953 жылы дипломдық жұмысын табысты қорғап Алматыға қайтып оралады. Көркем сурет училищесінің жоғары курстарына сабақ бере жүріп шығармашылық жұмыспен де жемісті айналысады. 1954 жылы Мәскеу түбіндегі "Сенеж" шығармашылық орталығында К.Телжанов роялда ойнап отырған әйел бейнесін жазады. Осының негізінде ол "Алғаш" картинасын жазып бітіреді. Ол еңбегі Бүкілодақтық көркемсурет көрмесіне алынып 1954 жылы басылымдарда жақсы баға беріледі.

Жемісті басталған еңбегі суретшіні қанаттандыра түсті. Сөйтіп Алматыға ол қызу еңбек ету мақсатымен оралады. Сол жылы ол ашық аспан күмбезінің астында, жасыл шөптің көктемгі көркімен қан-қаперсіз от жағып отырған жас өспірім қыз бейнесін жазған еді. Қ.Телжановтың бұл картинасы "Жамал" деп аталады. Бұл шығармада суретші дүниенің бірлігін, адамзатпен табиғат әлемінің астасқан шағын авторлық ойының өлшемі дерлік дәрежеде жаңашыл ірі шығармашылық тұлғасы жаңа өзіндік өнер жолын бастаған еді. Бұл мағынасында жарқын да биік гуманистік мақсаттағы суретшінің өте бір сәтті шығармасы көптеген елдерде көрсетілді. 1967 жылы Монреалда Қазақстанға арналған күндерде осы картина көрменің төрінде тұрды. Сол жылы шығарманы Третьяков галереясы сатып алды.

Қ.Телжановтың алғашқы тарихи тақырыпқа жазған шығармасы 1957 жылы "19І8 жылғы Қазақстан" деген атпен жарық көрді. Ол терең халықтық дәстүрден нәр алған қолөнер, музыка және эпостық сипатта еді.

Ал "Атамекен" картинасы болса бірден көпшіліктің көңілінен шығып, көрерменнен көрікті пікірлер алып жатты. Мәскеуде өткен Қазақ КСР бейнелеу өнерінің көрмесінде де Телжановтың бұл шығармасы негізгі орынды иемденді. Мұндай орынға республика өнері жетістіктері арасында бүгінгі күнге дейін де ие.

1958 жылы Қ. Телжанов "Атамекен" картинасын жазу үстінде "Қарлығаш", "Кеш", "Домбыра үні" атты бірнеше лирикалық шығармаларын да орындады. Оның біріншісінде суретші бақытқа ұмтылған жастық шақтың поэтикалық бейнесін көрсетеді. Ал "Кеш" картинасында кейіпкерлер тыныш кешкі салқында табиғаттың сұлулығына бой ұрған. Суретші осы "Кеш" картинасындағы ойды жалғастыра келіп,сол жылы өзінің ең бір таңдаулы шығармасының бірі болатын "Домбыра үні" атты қызықты тақырыпқа шығарма жазады. Мұның эмоционалдық әсерлі үні картинада кескіндемелік пластикалық толық мүмкіндігін пайдаланудан шығады.

Суретші формаларды таза реңді үлкен жазықтармен беріп, оның қанықтығын көкшіл көлеңкелер арқылы тағы да әсерлей түседі де түр-түстің күшті ырғақтығын қалыптастырады. 1961 жылы Мемлекеттік Третьяков галереясы алған "Бейбіт оттар" картинасының тақырыбы жаңа тұрғыда шешім тауып "Тыныштық" картинасында қайталанады. Бұл алып әлем жаратылысындағы өнер адамдарына өзінің биігінен қарайтындай. Енді сол «көңіл-күй» суретшінің оқиғаға деген жаңа көзқарасы екені белгілі болады. Картинадағы көптеген ұсақ бөлшектер қою-көк қараңғылыққа араласып тек биік аспаннан жымыңдаған жұлдыздар ғана адамдарға тіл қатып тұрғандай. Суретші болмысты масштабты да мол сезінеді, көрерменмен де жарқын дауыспен, эмоциямен сөйлеседі.

Сондықтан да өткені мен бүгінгісі, ерлік пен әдеттегі іс оның өнерінде өрнек тауып жоғарғы мәнге ие болады.

Суретшінің өмірдің жалпылық белгісі мен жиынтық бейнелер ізденудегі талпыныстары 1960 жылғы "Көкпар" картинасынан көрініс табады. Ептілік пен батылдық талап ететін халық ойыны жігіттерге күш көрсетудің мерекесіне айналған. Қылқалам шебері қазақ халқының еркіндікті сүйетінін өз шығармасында көрсете білген. Тура көрерменге қарай гүрілдеген селдей атқа мінген топ жөңкіліп келеді. Картина толы қозғалыста сияқты да кұлағына жылқының кісінегені, тұяқтарының дүрсілі, адамдардың айғай, шуы келеді. Қ.Телжановтың шығармашылық және қоғамдық белсенділігі шындығында ғажап іс. Көптеген жылдар Республика Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстан КП ОК мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет пен өнер саласында Лениндік сыйлық беру комитетінің мүшесі, Үлкен Қазақстан Энциклопедиясы Бас редакциясы мен ҚР әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтар беру жөніндегі комиссияның мүшесі және ғылым мен білімге байланысты мәселелердегі Ғылыми Кеңес пен комиссияның мүшесі ретінде де суретші белсенді шығармашылықтық әрекетте болды. Қ. Телжановтың шығармашылығы ерен халықаралық деңгейде танылды. 1972 жылы ол Куба Өнер академиясынан педагогикалық қызметке шақыру алады. 1993 жылы профессор К. Телжановты Орталық Қытай Басқармасы Синьцзянь Өнер институтына шақырады.

"Күншуақты өлке" картинасы (1960) биік таудағы жайлауда салынған этюд негізінде жасалған. Қазақ үйдің табалдырығында кітап оқып отырған кішкене қыз бейнеленген. Осы сәтте көрерменге кішкентай мектеп оқушысын табалдырықтың аржағынан күтіп тұрған еркін балалық бақыт пен бояуға бай әсем дүние көрінгендей болады.

Бейне жасауда суретші белгілі сүрлеумен жүреді. Бір күні ол өз үйінің терезесінен сыртта әнгімелесіп отырған екі әйелдің бейнесін этюд ретінде жазады.Оны қызықтырған апалардың аппақ кимешектерінің әдемі де жұмсақ сәулеленуі мен ұлттық киімнің әсем ерекшеліктері еді. Сонымен қатар олардың қимылынан қалаға қонақ екенін білдіргендей қымсыну да байқалады. "Бүркітпен аң аулау" (1964), "Қыз қуу" (1966) және "Кеңес" (1966) картиналары толықтай кескіндемелік бейне арқылы ашылады. "Кеңес" картинасында суретшінің тауда байқаған қарапайым бір сәті эпикалық мән алған: өз-өздеріне сенімді және өздерін қоршаған ғаламат табиғатқа етене үйреншікті күйде бірнеше атты адамдар шың құздың ұшар басындағы көгалда орналасып әңгіме-дүкен құрған. Осы бір адам мен ортаның бірлігінде баяндаушы сюжеттің жоқтығы ұлттық мінезділікті түсінуге негізделген үлкен мән тұрғандай болады.

"Үйлер" (1965) картинасында мазмұн адам жанының әр-түрлі күйінде терең психологиялық саралау жасағаннан барып ашылады. Алакөлеңке бөлмеде, аяғында кирзо етік, ескі гимнастерка киіп, портрет салынған плакат алдында өз ойының тұңғиығына батқан ер адам тұр.Үйіне оралған адам үшін үй тек ағаштан құралған қуыс қана емес - ол Отаны, оның туған елі."Ұшқын" картинасымен жұмыс үстінде "Басталу" үштігін (триптих) жасау ойы туды. "Ағыс" деген ат иемденген үштіктің оң жақ бөлігі тікенектей тік тұрған дала халқының күреске көтерілгені еді. Үштіктің орталық бөлігі оның мәндік және композициялық ортасы.



"Ән бастаушы"- басына буденовка киіп, ақшыл көйлегінің өңімен ерекшеленген жас қазақ... Ол ерде шалқая отырып, алға қарай байыпты қадам басуда. Оның ашық аспан мен күннен сәулеленген тұрпаты, самал желден желбіреген қызыл жалау үлкен кеңістік пен бостандықты сезіндіреді. Үштіктің бұл бөлігін Мемлекеттік Третьяков галереясы сатып алады. "Октябрь" үштігінде Телжанов экспрессияның шүйілген өткір күйін көрсетуге тырысады да жалпы көріністің ықшам да ұрымталдығын көздейді.

Қазақ даласының төсінде алқызыл жейде киген аттылы жөңкіп келеді. Ол тура ұшқан құстай. Жоғары көтерілген қолы мен "Бостандық" деген айқайы бүкіл далаға естіледі. Кескіндемешінің көптеген шығармаларындағы "Малшылар" (1962), "Кұрбылар" (1966) ең ұнамды кейіпкерлері егде әйелдер, балалар мен жастар. Суретші атқа мінген екі жасөспірімнің поэтикалық бейнесіне жиі-жиі оралады: "Таза аспан астында" (1972), "Жеңіс"(1975),"Бақыттылар"(1977) т.б. Осы жұмыстарының барлығында оптимизм мен өмір қуанышы негізгі анықтауыш –ол шығармалардағы толық, жарық, шексіз қуаныш, сенім мен қуатты сезіну.

Өмірдегі еңбек, жаңа ашылымдармен сәтті сапарлар, көтеріңкі романтикаға толы тақырыпта құрылған шығарма ол "Бозарал адамдары" (1972). Суретші тағы да монументалдық кейіпте,эпикалық бейнелеу формасындағы, үлкен эмоциялық әсерлі үштік түріне келеді. Еш бір ұсақ-түйексіз жалпылама түрінде жетілген пейзаж өте тартымды, шығарманың жалпы архитектоникасы полотно бетіндегі адамдар бейнесімен теңдік тауып өте әсерлі көрінеді.

К.Телжанов портрет тақырыбына өте сирек баратын суретші, бірақ сол азғана кескіндеменің өзінде адамның жеке ерекшелігін ашуға тырысқандығы көрініп тұрады. Композитор С. Мұхаметжановтың (1971), суретшінің қайратты да мінезді, іске ынталы жанды көрсеткен портретін еске алсақта жеткілікті.

Телжановтың полотнолары қайталанбас атмосферасымен өзіндік ырғақты құрылымы бар, мәнерлі жазу әдісімен әрқашан ой қиялы өрісіне кеңістік қалдырып отырады.

Тың және тыңайған жерлерді игерудің 25-жылдығына арнап Қ.Телжанов "Қазақстан тыңында" (1977-1978) атты өзінің ең таңдаулы деген шығармаларының бірін жазады. Бұл шығарма алдында үлкен де қиын талап қойып, оны масштабты түрде сенімді етіп шеше білетін, толысқан шебердің дүниесі еді. Суретші таза пейзажға сирек көңіл бөлетін. Нақты пейзаждарды жазғанда ("Сенеж көлі", "Мәскеу түбінде"), ол табиғаттың әсерлі құбылысын ұстап қалуға тырыспайды, пейзаждық сарынды сол тұрақты күйінде анықтауға күш жұмсайды.

Оның тарихи және жанрлық кескіндемелерінде пейзаж ұшқыр ортаның рөлін атқарады. Шын мәнінде оның шығармаларындағы эмоционалдық құрылымды, дауыс ырғағы мен негізгі сазын анықтайтын да табиғат. Суретші мәңгілікпен тілдеседі және жазады. Оған ашық реңді гүлдер, боз даланың ақселеу шөбі мен балбалдары алқызыл қызғалдағы мен жусаны, дауылы мен қоңыр салқын самалы сыр айтысып, ымдасады.

К.Телжанов басқа да шеберлер сияқты шетелдік сапарларда бірнеше мәрте болған. Ол Италияны, Францияны, Венгрияны, Египетті, Үндістанды, Кубаны т.б. елдерді аралап көрген. Көптеген суреттемелер мен жолшыбай салынған сызбалар оның барлық әдеттен тыс дүниеге құмарлығының куәсі.

Дарынды суретшінің шығармашылық еңбегі, бүкіл қоғамдық және халықаралық деңгейде мойындалады. Сонымен қатар рухани , кәсіби шеберліктің, шынайы отансүйгіштіктің өнегелі үлгісі болып табылады және қайта өрлеу үстіндегі мемлекет Қазақстан Республикасының қалыптасуына тым қажетті ұлтық сана-сезімінің дамуына баға жетпес үлесін қосуда.

Қ. Телжановтың қандай ауқымда, қандай дәрежеге көтерілгенін сезіну үшін, бұл кісінің есімі,сонау XIII ғасырдан бергі алғанда 10 мыңдық суретшінің қатарында енгенін айтсақ та жеткілікті. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Қанафия Телжанов КСРО суретшілер қоғамына мүше болды, бірнеше мәрте Жоғарғы Кеңес депутаты болды. М.Б. Греков атындағы күміс медаль иегері, «Құрмет белгісі» ордені, Еңбек қызыл Ту ордені және «Отан» орденін кеудесіне тақты. Бүгінгі күнде Қанафия Телжанов Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жетекшісі.


Өмірі мен шығармашылығы жайындағы әдебиеттер
1.Телжанов К. Альбом.- Алматы: Өнер, 2006.-128 б.

2. Телжанов Қ. // Солтүстік Қазақстан: Энциклопедия.-Алматы, 2006.- б.575-576.

3.Телжанов Қ. // Қазақ мәдениеті: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы, 2005.-б.583-584.

4.Телжанов Қ. // Қазақстан: Ұлтық энциклопедия.-Т.8.С-У.- Алматы, 2006.- б.336-337.

5.Телжанов Қанафия Темірболатұлы (Мұхамедқанафия) // Қызылжар өңірінің зиялы қауымы. - Петропавл, 2010.- б.320-321.

Құрастырушы: Казиқанова А.Қ.



ақпараттық-библиографиялық бөлім
Каталог: Library -> Librarykz -> vobzori
vobzori -> Ол батырлар тайпасынан
Librarykz -> « Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін Қазақ ақын дарының қара Қордалы ауылында туып, европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын сезгендей боламын
Librarykz -> Қолданылған әдебиеттер тізімі
Librarykz -> Жаным дала көгінен арылмай, батпан зілдер басса да, жүр тарылмай. Шідерлеулі көңілді зулат, жырым, баяғының құс қанат тұлпарындай. Елтімейді қалғыған шаққа жаным
Librarykz -> Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары өз өлкесін, туған топырағын мақтан етеді. Табиғат оларға байлығын үйіп – төгіп бере салған. Онда адамды әрқашан баурайтынның, жүрек қылын шертетіннің бәрі бар
Librarykz -> Ақпанның 12 жұлдызында қазақ филология кафедрасы күні өткізілді. Кафедра оқытушылары, магистранттар тіл, әдебиет және журналистикаға қатысты жаңа кітаптармен танысты
Librarykz -> «Әдебиет алыбының тағылымы»
vobzori -> Әлі күнге Баукеңнің баласы боп жүрмін


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет