Дәріс - 11
Тақырыбы: Қоғамдық орындарды өсімдіктермен және табиғи материалдармен безендіру
Мақсаты: Студенттерді мектеп ауласы мен мектеп жанындағы учаскенің экологиялық және эстетикалық келбетін жақсарту проблемасына, гүлзарлар салу жөніндегі практикалық іс-әрекетіне тарту.
Жоспар:
1. Мектеп ауласын көгалдандыру
2. Мектеп ауласын көгалдандыруға арналған өсіміктер ассортименті
3. Кабинеттерді гүлдермен безендіру
4. Безендіруге арналған өсімдіктер ассортименті
Мектеп ауласын көгалдандыру
Мектеп ауласы оқу мекемесінің – көрнекті келбеті. Келушілер бір қарағанда мектептің ауласына қарап алғашқы ойы қалыптасады. Егерде бұл мектепте ұйымшыл ұжым еңбек етсе, мақсаттары жан –жақты қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу болса, мектеп ауласыда талапқа сай көркемделеді. Ландшафтық әрлендіруді мектеп ауласында үздіксіз стилде орындаған жөн.
Мектеп ауласын көгалдандыруда сақталатын негізгі талаптар:
- Мектеп ауласын көгалдандырудың бала организміне әсерінің ескерілуі;
- Әр ағаштың үш тілде жазылған бинарлы атауы, отырғызылған уақыты көрсетілген паспорты болуы;
- Мектеп ауласын көгалдандырудың алдын –ала жобасы әзірленіп, онда оқу мерзіміне сәйкес қыркүйек пен мамыр айларының аралығында гүлдейтін декоративті өсімдіктер, бұта және қылқанжапырақты ағаш отырғызу;
- Мектеп ауласына отырғызылған ағаштар терезеден түсетін жарықты көлеңкелемеу үшін мектеп ғимаратының қабырғасынан 10 – 20 метр қашықтықта және көшеттердің өскендегі биіктігі мен диаметріне байланысты өзара қашықтығы ескерілуі;
- Бойы биік болып өсетін ағаштар мен қылқанжапырақтылар ауланың шетіне қарай егіліп, ауладағы оқушылар көрініп тұратындай және түрлі шаралар өткізуге болатындай кең орын болуы тиіс;
- Суару кезінде гүлді өсімдіктерді таптамайтындай болуы керек.
Мектеп аумағын көгалдандыру ең алдымен оқушыларға эстетикалық тәрбие беру мақсатына қызмет етуі керек. Көгалдар мен гүлзар мектеп ғимаратының алдында, мектеп алаңының алдыңғы жағында, негізгі жолдар бойында, жасыл сыныптың жанында орналасуы керек. Сәндік өсімдіктерді дұрыс пайдалану және орналастыру үшін, ең алдымен - оның ылғалдылығы мен жарықтандыруы туралы үнемі есте сақтау керек.
Гүлзар – бау-бақша, саябақ, мекеме және тұрғын үй маңын, жол бойын көгалдандыру үшін әсем гүлдер өсірілетін алаң. Гүлзарда бір, екі не көп жылдық және кілем тәрізді өң беретін өсімдіктер өсіріледі. Ол үшін өсімдік түрлерінің биологиялық ерекшеліктері, гүлінің әсемдігі ғана емес, гүлдің түсі, пішіні, жапырақтарының үлкен-кішілігі, сабағының ұзындығы, гүлдеу мерзімі, ұзақтығы, өсімдіктердің бір-бірімен үйлесімділігі ескеріледі. Гүл жарып, солған өсімдік орнына жаңасы отырғызылады. Гүлзарлар түрліше болуы мүмкін: клумбалар, рабаткалар, ландшафтық, миксбордерлер, партерлер. Қазақстанда гүлзар өсіруде, көбінесе геометриялы және көркем сызықты-өрнектеу әдістері қолданылады. Әсіресе, қазақ халқының түс киіз, текемет оюларының нақышын келтіретін ұлттық ою-өрнектер (қошқар мүйіз, жас бұта, гүл, жапырақ, т.б.) қызғалдақ, сарғалдақ, қалампыр, боз кілем, т.б. гүлдердің түрлерімен беріледі.Гүлзарлардың пішіні әртүрлі (төртбұрышты, сопақ, дөңгелек) болуы мүмкін. Шеттері 10см, ал ортасы 30-40см биіктікте болады. Гүлзардың шетіне газоннан шағын (10-20см) жиек жасалуы тиіс. Гүлзар жасау үшін алдымен оның шекарасын сызып алып, топырақты бір күрек бойы қазып, құнарлы топырақ төсеу керек.10-15 күннен кейін (топырақ нығыздалған соң) ортасынан бастап өсімдіктерді отырғыза бастауға болады. Бедерінің тым кішкентай және күрделі болмағаны дұрыс және клумбаны тым үлкен жасаудың керегі жоқ. Өсімдіктерді таңдап алғанда оның түстерінің үйлесімділігіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ жекелеген өсімдіктердің өсу сипаты мен биіктігін ескеру қажет.
Газон – біркелкі етіп тегіс жерге өсірілген, шөбі қысқа, шырпылған көп жылдық өсімдіктер алаңы.Газонның бірнеше түрі ажыратылады: фонтан мен мүсіндерді көркемдеп, әсемдік үшін отырғызылған, ағаш пен гүл айналасында өсірілетін партерлік көгал, саябақтар мен көше жағалауларында өсірілетін саябақтық көгал, стадиондарда өсірілетін спорттық көгал, астық тұқымдасына жататын және әдемі гүл жаратын бір жылдық өсімдіктерден (гүлкекіре, көкнәр, т.б.) өсірілетін мавритан көгалы түрлері бар.
Газонды дайындау: газон жасайтын жерді алдын ала тастан, арамшөп тамырынан тазартып тегістейді де, терең етіп (30 см) жыртады. Органикалық және минералдық тыңайтқыштар шашылады. Топырағы сазды жерге құм, құмды жерге саз топырақ қосады, оның бетіне қалыңдатып 10 – 15 см-дей құнарлы топырақ төсейді. Газонға, әдетте, дәнді және бұршақ тұқымдас шөптер: қоңырбас, бетеге, сиыр жоңышқа, бидайық,беде, тарғақшөп, суоты, райграс, т.б. егіледі. Көгалға арналған шөптердің дайын қоспалары да сатылады. Көгал (мавритан көгалынан басқасы) шөбін ұдайы шауып, шабылған шөпті жинап алады, жақсылап суарып, отап, оған тыңайтқыш сеуіп отыру керек, сондай-ақ қыстың басында көгалға ағаш күлімен араластырылған майлы компост (2 – 3 см етіп) жайып тастау қажет, бұл көгалды мүк басып кетуден сақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |