Дәріс №7 Буынаяқтылар типі. Гетерономды сегменттердің дамуы. Аяқтары және олардың шығу тегі. Шаянтәрізділер, өрмекшітәрізділер кластарының құрылыс ерекшеліктері, негізгі отрядтары, систематикасы
Ф -ӘД-001/046 Дәріс № 7 Буынаяқтылар типі. Гетерономды сегменттердің дамуы. Аяқтары және олардың шығу тегі. Шаянтәрізділер, өрмекшітәрізділер кластарының құрылыс ерекшеліктері, негізгі отрядтары, систематикасы. Дәрістің оқыту нәтижелері: 1.Буынаяқтылар типі, гетерономды сегменттердің даму, аяқтары және олардың шығу тегі, шаянтәрізділердің систематикасы, маңызы, таралуы, экологиясы мен даму заңдылықтарын айқындайды
2. Жоғары және төменгі сатыдағы негізгі өкілдері, олардың биологиясы, экологиясы, маңызы, шаянтəрізділердің көбеюі, дамуы, экологиялық топтары,кəсіптік формалары және тіршілік формалары жөнінде алынған ақпаратты жинақтап, саралайды;.
3.Сирек жəне кəсіптік түрлерді сақтау, қорғау жəне тиімді пайдалану мəселелерін шешеді.
4.Өрмекші тәрізділер класының-Arachnida систематикасы, негізгі отрядтары, биологиясы, экологиясы, таралуы, тіршілік етуі және жануарлардың ағзасына тән функциялардың ерекшеліктерін анықтайды;
5. Хелицералылардың басқа буынаяқтылардан морфологиялық ерекшеліктері, олардың прогрессивті белгілері, құрлықта тіршілік етуге өрмекшітəрізділердің бейімділіктері жөнінде алынған ақпаратты жинақтап, саралайды;
Дәріс мазмұны: . Буынаяқтылар жер планетасында кең тараған, барлық биотопты меңгерген гүлдеген топ, 1,2-1,5 млн түрі белгілі. Денесі гетерономды сегменттелген, қатты хитинді жабыны жəне буынақты қол-аяққа ие болған жануарлар. Экологиялық алуантүрлі олар теңізде, мұхитта, тұщы суда, топырақта, құрлықта тіршілік етеді. Паразит формалар да аз емес. Буынаяқтылар ішінде жүзгіш, жорғалағыш, жүгіргіш, қазғыш, ұшқыш, тіпті аз қозғалатын жəне бекініп тіршілік ететін формалар бар. Олар табиғатта жануар мен өсімдіктің тірі ұлпаларымен қоректеніп қана қоймайды, сонымен қатар қиын қорытылатын: ағаштекті, балауыз, мүйізді туындылар, тері, түк, қауырсындар т.б. қоректермен де қоректенеді.
Буынаяқтылардың сан мөлшері өте жоғары. 1 м2 топырақтың қарашірік қабатында 1 млн дараға дейін топырақ кенелері жəне алғашқы қанатсыз насекомдар кездеседі. 1 м3 теңіз суының беткі қабатында 30 мың данаға жуық ескекаяқты шаяндар тіркелген. Ал теңіз түбінде ірі буынаяқтылар – крабтар мекендейді. Ұшқыш насекомдар көпсанды: шегіртке, маса, т.б. қансорғыштар.
Буынаяқтылардың табиғи экожүйеде биологиялық маңызы зор. Теңіз жəне құрлық экожүйесінің тұрақты компоненті ретінде биологялық зат айналыммен биоэнергетикалық процесте маңызы айтарлықтай. Көптеген су өкілдері биофильтраттар (суды органикалық ластанудан тазалайды). Топырақ түзілу процесіне қатысады. Кəсіптік маңызы бар шаруашылық дамыған (бал, жібек). Буынаяқтылардың жағымсыз маңызы – ауыл шаруашылық, орман шаруашылығының зиянкестері, адам мен жануар ауру қоздырғыштары жəне таратушылары.
Буынаяқтылар – билатеральды симметриялы, целомды – трохофоралы жануарлар тобына жатады. Құрылыс жоспары буылтық құрттарға жақын. Метамерлі құрылысты. Эволюция барысында буынаяқтылар көптеген прогрессивті ерекшеліктерге ие болған, жерде экологиялық қатардың кең меңгерген, құрлыққа жəне ауа кеңістігіне шыққан.
Буынаяқтыларға тері-гиподермадан бөлінетін хитинді кутикула тəн. Кутикула хитиннен (т.б. заттардан қаныққан күрделі полисахарид) тұрады. Ол иілгіш, созылғыш жəне берік, жануар денесін жыртқыштардан, сыртқы бөгде заттардан қорғайды, кейбір түрлердің кутикуласы Ca, Fe, Cr тұздарымен қаныққан.
Кутикула бірнеше қабаттан тұрады: сыртқы қабат экзокутикула, ішкі – эндокутикула, құрлық формаларында қосымша беткі қабат – эпикутикула, липидті қосылыстардан тұрады, дененің ылғалын сақтайды (ылғалдың булануына кедергі). Хитинді кутикула сыртқы, ішкі қаңқа қызметін атқарады.
Хитинді жабынның тығыз учаскасы – склерит жəне жұқа жұмсақ – жарғақша (мембрана), ол сегменттер арасында орналасады, сондықтан денесі қозғалғыш. Буынаяқтылардың өсуі түлеумен байланысты.
Дене сегментациясы гетерономды. Морфо-функциональды біртекті сегменттерден дене бөліктері қалыптасады. Денесі 3 бөлімнен тұрады: бас, көкірек, құрсақ. Бас акроннан жəне 4 сегменттен тұрады. Акрон аннелидтің простомиумына жəне 2 сегментке сəйкес. Баста ауыз жəне сезім мүшелері орналасады. Көкірек локомотор қызметін атқарады, ал құрсақта ішкі мүшелер орналасады. Көкірек, құрсақ сегмент саны өзгергіш. Құрсақ аналь қалақшасымен (тельсон-аннелид пигидиясына сəйкес) аяқталады.
Бунақты аяқтар –прогрессивті белгі. Олар кутикуламен жабылған, оның қозғалысын бунақты құрылыс қамтамасыз етеді. Аяқтары локомотордан басқа көптеген қосымша функция атқарады. Кейбіреулері сезім мүшелері – антенна, басқалары жақ, тыныс алу немесе шағылысу мүшелеріне айналған.
Бұлшық еті – көлденең жолақты. Бас бұлшықеттері – үгіту, көкірек – локомотор қызметін атқарады. Ұзына бойы жəне дорсовентральды еттер дене сегменттерінің қозғалысын қамтамасыз етеді. Буынаяқтылар бұлшықетінің күші салыстырмалы сүтқоректілер бұлшықетінен күшті ( насекомдар өз салмағынан 14-25 есе артық жүкті қозғай алады).
Дене қуысы – миксоцель – аралас (целом мен алғашқы қуыстың араласу нəтижесінде пайда болады). Миксоцель сұйықтығы гемолимфа деп аталады. Миксоцель екі диафорагмамен 3 синусқа бөлінеді: перикардия, висцераль жəне периневраль. Перикардия синусында жүрек, периневральда – бауыр жүйке тізбегі, ал висцеральда – басқа ішкі мүшелер орналасады. Целом қалдығы гонадада жəне бүйреккте сақталған.
Ас қорыту жүйесі 3 бөліктен тұрады. Алдыңғы бөлім: өңеш, үгіткіш қарын, ортаңғы ішекте ас қорытылады, сіңеді. Бауыр немесе тұйық пилорикалық өсінділері бар.
Қан айналу жүйесі ашық. Қан тамырлары нашар дамыған. Гемолимфа тамыр жəне миксоцель синустарымен қозғалады. Жүрегі көп камералы түтік тəрізді – арқа қан тамырының өзгерісі.
Жүйке жүйесі буылтық құрттардың жүйке жүйесіне ұқсас. Қарапайым формаларда – баспалдақты. Жоғары сатыдағы буынаяқтыларда бас миын түзетін жұтқыншақ үсті жұп ганглиясынан, бауыр жүйке тізбегінен тұрады.
Мінез-құлқы күрделі, сезім мүшелері жақсы дамыған. Күрделі – фасет жəне жəй көздер, сипап сезу, есту, тепе-теңдік жəне химиялық сезім мүшелері.
Тыныс алу мүшесі: желбезек, өкпе немесе кеңірдек жүйесі. Ұсақ формаларда тері арқылы т/а байқалады.
Зəршығару мүшесі түрі өзгерген целомодукт – бүйрек (1-2 жұп), құрлық өкілдерінде организмнің ылғалын экономдайтын – мальпигиева түтіктері.
Метаморфозды дамиды, тура даму сирек.
Буынаяқтылар типі 4 тармағына бөлінеді:
Трилобиттəрізділер (Trilobitomorpha)
Желбезектыныстылар (Branchiata)
Хелицерлілер (Chelicerata)
Кеңірдектыныстылар (Tracheata) тип тармақтары
Буынаяқтылар типіне шаянтәрізділер, өрмекшітәрізділер, көпаяқтылар және насекомдар жатады. Бұлардың барлығына тән белгілерінің бірі -аяқтары бірнеше буындарға бөлінген. Денесі екі немесе үш бөлімге бөлінеді: баскеуде, құрсақ немесе бас, кеуде ,құрсақ. Денесі хитинді кутикула жауып тұрады. Ол жануарлардың ішкі мүшелерінің зақымдануынан қорғайды және оның ішкі жағына бұлшықеттер бекінеді. Хитинді кутикула өспейтін, созылмайтын қосынды, сондықтан буынаяқтылардың өсуі түлеу арқылы өтеді. Бұлшық еттері көлденең салалы-жолақты, тез жиырыла алады. Буынаяқтылар дара жыныстылар.
Шаянтәрізділердің 30000-ға жуық түрі белгілі, негізінен тұшы су қоймаларында, теңіздерде кең тараған. Олардың арасында планктонды, паразитті және құрлықта тіршілік ететін түрлері бар. Денелерінің ұзындығы 1-2мм-ден 80см-дейін. Шаянтәрізділер басқа буынаяқтылардан аса айрықша белгілерімен ерекше. Біріншіден, оларда екі жұп мұртшалары: акрондық өсінділері -антеннулалары және денесінің бірінші сегментінің түрі өзгерген аяқтары-антенналары болады. Шаянтәрізділердің денесі негізінен бас, кеуде және құрсақ бөлімдерінен тұрады, бірақ бас бөлімі келесі кеуде бөлімімен бірігіп кетіп баскеуде бөліміне айналған. Антеннулалар –сезу, әсіресе иіс сезу мүшелері, бірақ кейде жүзу үшінде жұмсалады. Шаянтәрізділердің кеуде аяқтары негізінде қозғалыс мүшелері, сондай-ақ қорегін ұстайды.
Ас қорыту жүйесі - жақсы жетілген. Ішегі тік немесе аздап иілген түтік түрінде алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады.Аналь тесігі құрсақ бөлімінде орналасқан. Ішектің алдыңғы және артқы бөлімдері сыртқы хитинді кутикуланың жалғасымен қапталынған. Жоғарғы сатыдағы шаянтәрізділердің алдынғы ішегі кеңейіп қарынға айналған. Ол кардиалды немесе шайнағыш және пилорикалық бөлімдерге ажыраған. Қарының кардиалды бөлімінің арқа және бүйір қабырғаларындағы кутикуласы қалыңдап, шеті үшкірленген үш күшті шайнағыш тақталарға айналған. Солар арқылы ас үгітіледі.Ал пилорикалық бөліміндегі жіңішке кутикулярлы өсіділер ұсақталған қоректік заттарды нығыздап және сүзіп, келесі ортаңғы ішекке шығарады. Ортаңғы ішегі артқы ішекке жалғасады, ол түзу түтік тәрізді, аналь тесігімен аяқталады.
Шаянтәрізділердің зәр шығару жүйесі-екі жұп безді мүшеден тұрады: антеннальды және максиллярлы.
Тыныс алу жүйесі-көптеген ұсақ шаянтәрізділерде арнайы тыныс алу мүшелері жоқ. Басқаларында тыныс алу мүшесі желбезектер.Жоғары сатыдағы шаяндарда желбезектері кеудесінде емес, құрсақ аяқтарында дамиды.
Қан айналу жүйесі – ашық.. Жүректің алдыңғы, ал кейде артқы шетінен де алдыңғы және артқы аорта деп аталатын ірі қан тамырларынан басталады. Жүрегі денесінің арқа жағында орналасқан және де ол жүрек маңы сумкасымен қапталынған. Жүректен күрделі жүйелі артерия қантамырлары шығады.Қан артерия қан тамырларынан шұңқырға органдар арасындағы аралыққа құйылады және де ол жерден аға отырып желбезекке келеді. Қанға жиналған көмір қышқыл газ желбезек арқылы сыртқа шығарылады да, ал судағы еріген оттегі желбезектер арқылы қанға өтеді.
Жыныс жүйесі- шаянтәрізділер дара жыныстылар, тек паразиттік өкілдерінде гермафродитизм кездеседі. Аталықтарының антеннулалары, не антенналары аналығын ұстайтын мүшелерге айналған. Құрсақ бөліміндегі аяқтары шағылыс мүшесіне айналып, түтік тәрізді болады.Аталық пен аналықтың жыныс жүйесінің құрылысы ұқсас: жұп жыныс бездеріне жыныс өзектері(тұқым шығаратын жолдары) жалғасады да, олар жыныс тесігімен аяқталады. Сперматофораларды аталықтары аналықтарының жыныс тесігінің жанына немесе құрсақ аяқтарының арасына жабыстырып қояды. Жұмыртқалардың ұрықтануы сырттай өтеді. Жұмыртқа салар алдында аналығы жыныс тесігінен немесе құрсақ аяқтарының түбінен ерекше секрет шығарады, ол сперматофораларды ерітіп, босап шыққан сперматофоралар жұмыртқаларды ұрықтандырады. Өзен шаяны 600-ге дейін жұмыртқа салады.
Буынаяқтылардың табиғатқа және адам өміріне ықпалы зор. Олар адамның жануарлардың, өсімдіктердің паразиттері және түрлі жұқпалы ауруларды таратушылар, сондай-ақ егістік өсімдіктердің және орман шаруашылығының зиянкестері. Бірақ екінші жағынан буынаяқтылар азық-түлік және техникалық шикізат есебінде пайдаланылады, әрі өсімдіктерді тозаңдандыруға қатысады, топырақ құнарлылығын арттырады және өздері адамға кәсіптік қажетті жануарлардың маңызды қорегі, біраз түрлерін адам тамаққа пайдаланады.
Онаяқты (Decapoda) отряд өкілдерінің басым көпшілігінде метаморфоздың біраз бөлігінің жұмыртқа ішінде өтуіне байланысты дамуы қысқа, мысалы, крабтарда жұмыртқадан бірден зоеа личинкасы шықса, өзен шаяны мен көптеген басқа тұщы су қоймаларында тіршілік ететін шаяндарда личинкалық фазалары толығымен жұмыртқа ішінде өтеді. Сонымен қатар, жоғарғы сатыдағы шаянтәрізділер арасында тікелей (эпиморфоз) даму процесі көп тараған. Бұларда личинкалық фазалары толығымен жоқ, жұмыртқадан сыртқа ересек түріне өте ұқсас организм шығады да, жетіспеген сегменттер саны түлеу кезінде толығып біртіндеп өсіп ересек формасына айналады.
Түлеу алдыңда организмде зат алмасу процесі күшейіп, тканьдерінде және гемолимфасында органикалық (белоктар, липидтер, көмірсулар, витаминдер) және минералды заттар мол жиналады. Мысалы, өзен шаянының гиподерма қабатында гликоген, минералды тұздар, ал қарнындағы кардиальдық бөлімнің бүйір қабырғаларында жұмыр келген, ізбестке бай "диірмен-тас" деп аталатын зат құралады. Бұлар жаңа түзілген жұмсақ хитин жамылғыға сіңіп, оны қатайтады.
Классификациясы. Шаянтәрізділер класы 5 класс тармағына бөлінеді: желбезекаяқтылар - Branchiopoda, цефалокаридалар - Cephalocarida, максиллоподалар - Maxillopoda, бақалшақты шаяндар - Ostracoda, жоғарғы сатыдағы шаяндар - Malacostraca.