Сөзжасам және тіл дамыту. Тіліміздегі сөздердің жасалуы жайындағы алғашқы түсініктер бастауыш сыныптарда басталып (түбір сөз, туынды сөздер), 5-сыныпта сөзжасам жеке тарау ретінде беріледі. Оқулықта «Сөзжасам дегеніміз – жаңа сөздердің жасалуы»,- деген анықтама келтіріліп, жаңа сөз жасаудың жұрнақ арқылы, екі сөзді біріктіру арқылы, екі сөзді қосарлау арқылы, екі сөзді тіркестіру арқылы жасалатын бірнеше тәсіл бар екендігі айтылған.
Сөзжасамды оқытудың «нақты мақсаты – сөзжасам бірліктерін, олардың жасалу жолдарын, құрылымдық үлгілерін, сөз жасау тәсілін, әрқайсысының ерекшеліктерін, сөзжасамдық талдау, оның морфологиялық талдаудан айырмашылығын теориялық тұрғыдан игерте отырып, білім, білік, дағды қалыптастыру»,- болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыруда тіл дамыту жұмыстарын қатар жүргізілуі тиіс. Бұл жөнінде Б.Қасым, З.Бейсенбаева, Ж.Балтабаева, Б.Жахина, т.б. сөздердің әрқилы жолдармен жасалу ереже-анықтамаларын оқыту білімалушылардың сөйлеу, жазу тілін дамыту, сауаттылығын арттырудағы іскерлік дағдыларын қалыптастыратындығын айтқан.
Мысалы, «Қос шеңбер» тәсілімен білімалушыларды сөз тудырушы жұрнақтар арқылы туынды сөздер жасалатындығын түсіне отырып, мәтін құрастыруға дағдыландыру. Ол үшін білімалушылар екі шеңбер құрап (ішкі және сыртқы) отырады. Алдымен сыртқы шеңбердегі білімалушылардың қолына түбір сөздер жазылған текшелер, ішкі шеңбердегі оқушылардың қолдарына сөз тудырушы жұрнақтар жазылған текшелер беріледі. Бірінші шеңбердегі білімалушылар түбір сөзді айтса, ішкі шеңбердегілер сол сөзге сәйкес келетін жұрнақты айтып, туынды сөзді атайды. Содан соң екі шеңбердегі білімалушылар сол туынды сөздер кездесетін мақал-мәтел, жұмбақтар, өлең жолдарын тез тауып айтулары тиіс.
Коммуникативтік аспектіде оқыту арқылы білім алушылар танымдық қабілеттері дамып, сөздік қоры молаяды, қазақ сөзжасамының бай семантикалық табиғатын қолдану арқылы сөйлеу шеберлігі артады, іздену, талдау, жаңа ақпараттарды жинау әрекеттері арқылы қалыптасады. Білім алушыларға тың ақпараттар, бағыт-бағдар, әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, қызықты тапсырмаларды беру арқылы оқу үрдерісіндегі білік, дағдыны жетілдіруге бағытталады. Коммуникативтік оқыту технологиясын пайдаланып қазаұ тілінің сөзжасамын үйретуде білім алушылар ғылыми-шығармашылық сөзжасамдық тапсырмаларды ізденіспен орындайды. Коммуникативтік оқыту технологиясы бойынша берілетін сөзжасамдық тапсырмалар білім алушыларды жауапкершілікке, ізденуге, еңбектенуге, жауакершілікке үйретеді. Қазақ тілінің сөзжасамындағы туынды сөздерді дқрыс қолдана білу, оны талдау алу білім алушылардың оқуға деген қызығушылығын арттырады. Білім алушыларды оқып жатқан ғылыми курсты меңгерту көп еңбекті талап етеді. Демек, коммуникативті оқыту технологиясы оқыту процесінде маңызды рөлге ие.
|
2
|
8
|
Дәріс 8. ГРАММАТИКА, ОНЫҢ САЛАЛАРЫ. СӨЗДЕРДІ ТАПТАСТЫРУ ҰСТАНЫМДАРЫН ОҚЫТУ
1. Морфология және сөздің грамматикалық сипаттары
2.Сөз және оның морфологиялық құрылымы.Негізгі грамматикалық ұғымдар
3. Сөздерді лексикалық мағынасының мәніне қарай бөлу: атауыш сөздер, көмекші сөздер, одағай сөздер.
4. Тілдегі сөздерді жеке сөз таптарына топтастыру, ұстанымдары және оларды оқыту.
Сөз – лексикалық және грамматикалық мағыналардың бiрлiгiнен тұрады. Сөздiң құрамы лексикалық мағынасы бар тұлғалар бөлiгi мен грамматикалық мағынасы бар бөлiкке бөлiнедi. Бiрiншi бөлiк лексикалық бөлiк немесе лексика-грамматикалық бөлiк деп аталады. Бұл бөлiкке дербес лексикалық мағынасы бар негiзгi түбiрлер мен сөзге жаңадан лексикалық мағына беретiн сөз тудырушы жұрнақтар жалғануынан жасалған туынды түбiрлер жатады. Ал екiншi бөлiк түбірге жалғанатын сөз түрлендiрушi жұрнақтар мен жалғаулардан тұрады.
Грамматиканың екі бөлімі бар, олар: морфология мен синтаксис. Грамматиканың бұл екі саласы бір-бірімен тығыз байланысты. Морфология сөздің грамматикалық сипатын зерттегенде, оның жеке сөзге қатысын емес, сөздердің белгілі топтарына қатысын зерттеп, ол грамматикалық сипаттың байланысты ойды білдіруде сөйлемде қандай қызмет атқаратынын анықтайды. Сөздің грамматикалық сипатына сөздердің қолданыста түрленуі жатады. Сөздің түрленуі сөйлемдегі сөздерді байланыстыру қызметін атқарады. Тілдегі сөздердің түрлену заңдылықтарын сөйлемде, мәтінде түрлі тұлғалардың қандай мақсатпен түрленетінін, қолданылатынын зерттейтін ғылым - морфология.
Грамматиканың ерекшеліктері оны тіл білімінің басқа салаларымен салыстырғанда анығырақ байқалады. Мысалы, фонетика тілдің дыбыстық жүйесін зерттейді. Фонетика зерттейтін дыбыстардың жеке алғанда мағынасы жоқ, ал грамматика зерттейтін сөз, сөз тіркесі, сөйлем - мағыналы тілдік бірліктер. Олай болса, бұл екі саланың тілдік бірліктері басқа -басқа болғандықтан, олардың арасында үлкен айырмашылық бар.
Тілдегі мағыналы бірліктерді зерттейтін грамматикадан басқа салалар да бар, мәселен лексикология, бірақ ол грамматикаға жатпайды. Өйткені грамматика мен лексикология сөзді түрлі жағынан зерттейді. Лексикология сөздің өзіндік ерекшелігін, сөздің мағынасын зерттейді. Ал, грамматика сөздің грамматикалық мағынасына, сипатына мән береді. Сөздің грамматикалық сипатының өзіндік белгілері бар, ол белгілерге міндеттілік және қарама-қарсылық қасиеттері жатады. Грамматиканың міндеттілік белгісіне грамматикалық бірліктердің мағыналық қасиеті жатады. Грамматикалық бірліктердің міндеттілігі ол бірліктерсіз белгілі мағынаның сөйлемде берілмеуіне байланысты, өйткені тілдегі әр тілдік бірліктің өз мағынасы бар, әр мағына өз көрсеткіштері арқылы беріліп отырады. Мысалы, зат есімнің сандылық мәні зат есім сөздердің бәрінде бар, сынның сапасы шырай көрсеткіштері арқылы беріледі, т.б. Грамматикалық құбылыстың қарама-қарсылық қасиеті грамматикалық бірліктердің ішінде қарама-қарсысы жоқ жалғыз түрде қолданылатын ешбір бірліктің жоғы арқылы көрінеді. Мысалы, септіктің әр түрін біріне-бірін қарсы қоюға, сол арқылы бірінен-бірін ажыратуға болады. Сондай-ақ, жақ көрсеткіштерін - яғни бірінші жақты екінші, үшінші жаққа қарсы қоюға болады және олар сол арқылы бірінен-бірі ажыратылады. Бұл – грамматикалық көрсеткіштердің бәріне тән қасиет. .
Сөздің грамматикалық мағынасы да, ол мағынаны білдіретін көрсеткіштері де сөздердің мағыналық топтарына байлаулы болады. Сондықтан морфология сөз таптарын да зерттейді. Сөздер грамматикалық, лексикалық бірліктер ретінде сөз таптарына топтастырылады. Әр сөз табының абстракцияланған жалпы грамматикалық мағынасы болады. Мысалы, жалпы зат атауы зат есімге тән, жалпы қимыл атауы етістікке тән, жалпы сын атауы сын есімге тән, т.б. Нақты лексикалық мағыналардың жалпылануынан пайда болған мағына жалпы грамматикалық мағына болып саналады. Негізгі сөз таптары бір-бірінен грамматикалық категориялары арқылы және сол категориялардың көрсеткіштері арқылы ажыратылады. Демек, грамматикалық категориялар, олардың көрсеткіштері мен мағыналарын морфология зерттейді. .
Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасымен бірге, оған қосыла жүріп, байланысты ойды білдіруде қызмет атқарады. Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының мынадай айырмашылықтары бар:
1.Сөздің лексикалық мағынасы түбір сөздер арқылы беріледі. Мысалы, қағаз, күн, ай, көзде, жүзік, он бес т.б. Ал, грамматикалық мағына түрлі грамматикалық көрсеткіштер арқылы түбір сөзге үстеледі. Мысалы, қагаз +дар- Бұл сөздегі көптік мағына көптік жалғауы арқылы берілген. (Жарық) күнді (кѳрдім) дегенде көру қимылының нысаны мағынасын табыс септік жалғауы білдірген. Бұл мысалдардан мынадай қорытынды шығады:
1) грамматикалық мағына сөйлемде лексикалық мағынаның үстіне қосылады;
2) грамматикалық мағына лексикалық мағынасыз өздігінен жеке тұрып қолданылмайды:
3) грамматикалық мағынаны білдіретін тілде қалыптаскан арнайы тілдік бірліктер бар;
4) лексикалық мағына накты, шындық өмірге қатысты, ал грамматикалық мағына абстракты, дерексіз. Сондықтан лексикалық мағына жеке әр сѳзге қатысты болса, грамматикалық мағына үлкен мағыналық топқа катысты. Мысалы, қарлығаш, тауық, am десек, олардың әрқайсысы шындық өмірдегі белгілі бір заттың аты, әр сөздің өзінің лексикалык мағынасы бар. Осы сөздердің бәріне бір грамматикалық мағына қосуға болады. Мысалы, қарлығаштар, тауықтар, аттар. Бұдан лексикалық мағына жеке сөзге қатысты болса, грамматикалық мағынаның көп сөзге, топ сөзге қатысты екені анықталды.
5) Сөйлемде қандай сөз болмасын бір лексикалық мағынада ғана қолданылады. Грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде бірнешеу бола береді. Мысалы, Байлық - еңбекте, жерде. (Ы.А.). Елегізем, басымды ұстаймын (С.М.) Осы сөйлемдердегі байлық, еңбек, жер, елегіз, бас, ұста деген сөздердің әркайсысы сөйлемде бір лексикалық мағынада қолданылған. Осы сөздердің әрқайсысында әртүрлі грамматикалық мағына бар: байлық, еңбекте, жерде деген сөздердің үшеуінде де заттық атау деген жалпы грамматикалық мағына бар және оларда жекешелік мағына бар, байлық сѳзінде тағы атау септік мағынасы бар.
6) Сөз сөйлемде де, сөйлемнен тыс, мысалы сөздікте де қолданылатын болса, грамматикалық мағына сөйлемде, мәтінде ғана қолданылады.
7) Жоғарыдағы мысалдар грамматикалық мағынаның тағы бір ерекшелігін аңғартты. Ол грамматикалық мағынаның сөйлемдегі сөз құрамында жеке түрде емес, көптеп қолданылатынын қөрсетті. Яғни сөйлемдегі сөз бір лексикалық мағынада қолданылса, ол сөздің құрамында бірнеше грамматикалық мағына болуы заңды құбылысқа жатады. Бұл айтылғандар лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаның арасындағы айырмашылықтарды көрсетті
Қазақ тіліндегі сөздерді грамматикалық топтарға ажыратуда А.Ысқақов анықтаған семантикалық, морфологиялық, синтаксистік үш ұстаным негізге алынады. Бірақ сөз табына жататын сөздердің ортақ жалпы мағынасы, сол мағынаға қарай топтастырылған сөздердің әрқайсысының өзіне тән морфологиялық түрлену жүйесі, сөйлемде алатын орны және синтаксистік қызметі болуы қажет.
1.Сөздерді таптастыруда бір сөз табына кіретін сөздердің бәрінің ортақ мағынасы, ортақ семантикасы есепке алынады. Мәселен, зат есімге жататын сөздердің бәрі заттың атын яғни заттық ұғымды білдіреді, мұндай мағынасы жоқ сөздер зат есім сөз табына жатпайды. Заттық мағына, заттық ұғым - зат есім сөздердің бәріне ортақ жалпы мағына. Зат есім сөз табының ортақ жалпы мағынасы–бүкіл осы бір сөз табына жататын сөздердің бәрінен абстракцияланып алынған жалпы грамматикалық мағына. Ол мағына - зат есім сөздердің әрқайсысының лексикалық мағынасынан мүлдем басқа мағына. Мысалы, кітап, дәптер, ағаш, жидек, шөп, су, теңіз деген сөздердің әрқайсысы өмірдегі белгілі заттардың аты, ол - олардың лексикалық мағынасы. Ал осы сөздердің бәрі заттың атын, заттық ұғымды білдіреді. Бұл мағына осы сөздердің бәрінде бар, бәріне қатысты және басқа да зат есім сөздің бәріне тән, оларға ортақ мағына. Сондықтан да лексикалық мағына мен сөз табының ортақ жалпы грамматикалық мағынасы- екі түрлі мағына, екі түрлі тілдік құбылыс.
2.Сөздерді таптастыруда семантикалық ұстаныммен қатар, сөздердің морфологиялық, грамматикалық белгілері де негізгі ұстанымдардың бірі яғни екінші ұстаным болып саналады. Морфология— тілдегі сөздердің түрлену жүйесін зерттейтін ғылым. Ал сөздер сөйлемде тілде қалыптасқан зандылықтар бойынша түрленеді.
3.Сөздерді сөз таптарына таптастыруда негізгі ұстанымдардың бірі болып сөздердің синтаксистік қызметі саналады. Морфологияның сөздерді түрлендіру жүйесінің қызметі, мақсаты—сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстыру. Сөйлемдегі сөздер бір-бірімен дұрыс байланысқанда ғана сөйлем байланысты ойды білдіреді яғни адамдардың тіл арқылы пікірлесіп, бір-біріне ойын білдіруі сөйлемдегі сөздердің байланысына тікелей қатысты. Сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен байланысына қатысты сөздердін сөйлемдегі қызметі қалыптасқан. Әр сөзтұлғаның сөйлемде аткаратын синтаксистік қызметі бар.
Тілдегі сөз атаулыны үш топқа бөлу алғаш екі топ ретінде (атауыш сөздер, шылаулар) А.Байтұрсыновтан басталған. Сөз атаулыны үлкен үш топқа бөліп қарастыру әр топтың бір-бірінен үлкен айырмашылығын көрсетуді көздеген. Осы мақсатпен одағай сөздер басқа сөздерден бөліп алынып, сөздердің жеке тобы ретінде беріліп жүр. Өйткені одағайлар- сөздердің ешбір тобына ұқсамайтын ерекше сөздер. Айталық, атауыш сөздердің әрқайсысының да лексикалық мағынасы бар, сөйлемде әр түрлі тұлғада қолданылып, белгілі сөйлем мүшесі қызметін атқарады. Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы жоқ, өздігінен сөйлем мүшесі қызметін атқармайды. Көмекші сѳздер дербес сөздерге тіркесіп, оларға түрлі грамматикалық мағына қосып, тілдегі басқа грамматикалық көрсеткіштер қатарында қызмет атқаратыны жоғарыда айтылды. Ал одағайлар жоғарыдағы сөздер тобының ешбір қызметін атқармайды. Сөйлемдегі айтылатын ойды білдіруге қатыспайды, грамматикалық категориялар көрсеткіштерін қабылдамайды, грамматикалық мағына білдіруге де қатыспайды, сөйлем мүшесі бола алмайды. Одағайлардың мағынасы да сыртқы дүниені суреттемейді, одағайлар адамның көңіл-күйін, әр түрлі сезіміне байланысты дыбыстық ишараттарды білдіреді де, сөйлемнен тыс тұрады.
|
Достарыңызбен бөлісу: |