Дәріс тезистері № апта Дәріс тақырыбы және тезистер



бет1/17
Дата03.02.2024
өлшемі116.13 Kb.
#490708
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Дәpiс тезис Cөзжасам, морфология және оқыту-05.22.023







ДӘРІС ТЕЗИСТЕРІ






№ апта

Дәріс тақырыбы және тезистер

Сағат көлемі

1

Дәріс 1. ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ СӨЗЖАСАМ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ОНЫ ОҚЫТУ
1. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы
2. Сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысы.
3.Сөзжасамдық тәсілдер
4. Сөзжасамдық мағына және түрлері
5.Сөзжасамның тілдің саласы ретінде мектеп бағдарламасына енуі, оның мазмұны
Сөзжасам 1991 жылы жоғары оқу орындарының оқу жоспарына кіріп, содан бері қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бөлімінің студенттеріне жеке пән ретінде оқытылып келеді.
Бұл пәннің оқу жоспарына қосылуы сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы ретінде танылуына байланысты. Сөзжасам мәселесі бұл кезеңге дейін мүлдем оқытылмады деуге болмайды. Сөзжасам мәселесі жеке сала болып танылмаған кезде, ол морфология саласына қатысты қаралды, морфология құрамында сөзжасам мәселелерінің тек сөз таптарының сөзжасамы ғана қамтылды. Сөзжасамның басқа мәселелері ол кезде зерттелмеді де, оқытылмады.
1989 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда сөзжасам қазақ тіл білімінің жеке саласы деп танылды.Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның өзіндік зерттеу нысанасы болуымен байланысты. Сөзжасам тілдің сөзжасам жүйесін, сөзжасамдық бірліктерді,сөзжасам заңдылықтарын, сөзжасамның амал-тәсілдерін,сөздердің жасалу жолдарын, сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздерді,олардың түрлерін, сөзжасамдық үлгілерді, сөзжасамдық мағынаны, әр сөз табының сөзжасамын т.б. толып жатқан сөзжасамға қатысты мәселелерді зерттейді, яғни тілдің сөзжасам жүйесін зерттейді. Тілдің сөзжасам жүйесі қазақ тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамын жаңа сөздер жасау арқылы толықтырып отыратын негізгі тілдік құбылыс болғандықтан, тілде оны іске қосып отыратын сөзжасамдық заңдылықтар, әдіс-тәсілдер көне замандардан бері қолданылып, дамып, іріктеліп, түрлі өзгерістерді басынан өткізіп, қазіргі қалыпқа түсіп,әбден қалыптасқан. Сондықтан тілде жаңа сөз кездейсоқ, қалай болса, солай жасала бермейді. Ол тілде қалыптасқан заңдылықтар арқылы жүзеге асады.
Сөзжасамды жеке сала деп тануды орыс тіл білімінде алғаш ұсынған академик В.В.Виноградов болып саналады. В.В.Виноградов бұл пікірді 1950 жылдары ұсынған болатын.Содан бері ғалымдар бұл пікірді дәлелдей, дамыта келе 1970 жылы шыққан «Русская грамматика» кітабында жеке сала ретінде жария етті.1980 жылы шыққан «Русская грамматикада» сөзжасам жеке сала ретінде беріліп, бұл мәселенің түпкілікті шешілгенін дәлелдеді.
Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы- ұзақ уақыт бойы ғалымдардың пікір-таласының нәтижесі. Ал пікір-талас 1950-1970 жылдар арасында ғалымдардың сөзжасамды жан-жақты зерттеулерінің негізінде болды. Ресейде сөзжасам мәселесін зерттеп, ол туралы дәлелді пікір айтқан, сөзжасамның өзіндік зерттеу нысанасы барын, оның тіл білімінің басқа салаларынан ерекшелігін ашқан, басқа салалармен байланысын да көрсете білген ғалымдар болды. Олардан Г.О.Винокур, Е.С.Кубрякова, Е.А.Земская, Н.Д.Арутюнова, А.Н.Тихонов, И.С. Улухановтарды атауға болады.
Сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы деп тану мәселесі шетел ғалымдарының зерттеулерінде де дәлелденді. Оған 1978 жылы Вена қаласында өткен лингвистердің дүниежүзілік ғылыми конгресі дәлел болады.
Бұл дүниежүзілік Конгрестің сөзжасам мәселесін зерттеуді күшейтуге әсері күшті болды. Конгресс сөзжасамды зерттеуге үндеу жасағандай қызмет атқарды. Жер-жерде, түрлі елдерде ғалымдар сөзжасам мәселесін зерттеуге назар аудара бастады.
Ғылымдағы бет бұрыстан түркі тілдерінің ғалымдары да тыс қалмады. Татар тілінің маманы Ф.А.Ганиев өзінің сөзжасам мәселесіне арналған докторлық диссертациясында «Сөзжасам татар тіл білімінің бір саласы» деген тақырып бөліп, онда осы мәселені жан-жақты дәлелдеген. Түркі тілдерінде бұл мәселенің түрліше қаралып жүргенін көрсетіп, түркологтардың ішінде тек жекелеген (А.Габен) ғалымдардың ғана сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы деп танитынын келтірген. Ф.А.Ганиев сөзжасамның заңдылықтарының грамматика, оның ішінде морфология заңдылықтарынан басқа екенін дәлелдеген.
Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның тіл білімінің басқа салалармен байланысын жоққа шығармайды. Өйткені тіл білімінің барлық саласы бір-бірімен байланысты, себебі олардың бәрі тілді зерттейді, сондықтан оларда байланыс болмауы мүмкін емес . Дегенмен тіл білімінің түрлі салалары тілді түрлі тұрғыдан, әр қырынан зерттейді, сондықтан олар түрлі сала болады. Солай бола тұра тіл білімінің салалары бір –бірімен байланысын жоя алмайды. Бұл сөзжасамға да қатысты. Сөзжасам тіл білімінің барлық саласымен байланысты, әсіресе, морфология синтаксис, лексикология, фонетикамен де байланысты.
Сөзжасамдық талдауда туынды сөздің қалай жасалғанын, туынды мағынаны жасаған сөзжасамдық бірліктерді анықтау мақсаты көзделеді. Өйткені әр туынды сөздің құрамы белгілі сөзжасамдық бірліктерден тұрады. Қандай болмасын туынды сөздің құрамында туынды сөздің лексикалық мағынасына арқау болатын негіз сөз болады. Ол негіз сөз біреу де, бірнешеу де бола береді. Күрделі сөздер екі-үш негіз сөзден құралады. Орхон жазбалары кезеңінде қосымшалардың семантикалық жағынан дамуы басталған.Бұл құбылыс тілдің даму тарихында үздіксіз жүріп отырған,сондықтан оны тіл дамуына тән негізгі заңдылықтардың бірі ретінде қараған дұрыс.Осы заңдылықтың нәтижесінде тілде көп мағыналы қосымшалардың саны көбейген.Қазіргі тіліміз көп мағыналы қосымшаларға өте бай.Мысалы –дық/ -дік,-тық/-тік,-лық/-лік жұрнағы қазақ тілінде екі сөз табына жатады Олар – зат есім және сын есім.Осы жұрнақтың екі сөз табына бірдей қатысты болуы оның сөзге заттық мағына беріп,зат есімдер жасауына және заттық сындық белгісін білдіріп,сын есім сөздер жасауына тікелей байланысты.Одан осы қосымшаның мүлдем екі басқа мағына беретін омоним қосымшаға айналғанын көруге болады.Рас –лық қосымшасының мұндай дәрежеге жетуі көне дәуірде басталып,үнемі даму үстінде болумен байланысты.Ал олар қазір екі сөз табының жұрнағы болғанмен, төркіні бір екені – ғылымда дәлелденген мәселе.Бірақ бұл қосымшаның мағынасы мұнымен бітпейді.Зат есімнің өзінде ғана ол-бірнеше түрлі мағына беретін көп мағыналы қосымша.Мысалы:ауыздық, мұрындық сияқты сөздерде –дық үй малы жабдықтарының, құралдарының атын білдіреді.Сөзжасам жүйесіндегі жұрнақтардың әрқайсысының мағынасы бар. Синтетикалық тәсіл жұрнақтың сөзжасамдық қызметіне негізделеді.
Сөзжасам жүйесіндегі жұрнақтардың ішінде үстеме мағына беріп,сөзді мағына жағынан түрлендіретін жұрнақтар да ғылымда талас та туғызып жүргені рас, өйткені мұнда сөз мағынасы мүлдем өзгеріп кетпейді Сондықтан оларды да сөзжасам жүйесінің бірліктері ретінде қараған дұрыс.Басқада тілдердің тәжірбиесінде ол осы тұрғыда қаралып жүргені белгілі.
Қорыта келгенде, ұзақ уақыт ішінде өзгерістен өтіп,әбден қалыптасқан қазақ тілінің сөзжасамдық жүйесі бар,ол өмірде пайда болған барлық жаңа заттарды,жаңа құбылыстарды, жаңа ұғымдарды атауды қамтамасыз етеді,сол үшін қызмет етеді.
Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуына байланысты морфологиялық талдаудан сөзжасамдық талдауды бөліп қарау қажеттігі туды. Сондықтан қазір морфологиялық талдау деген термин тілдің морфология саласына байланысты қолданылады да, сөзжасамдық талдау сөзжасам мәселелерін қамтиды. Екеуінің мақсаты да, мазмұны да басқа-басқа, оларды ажырата білу керек.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет