Формациялық және цивилизациялық тұрғыдан
қарағандағы Қазақстан қоғамы.
Енді бүгінгі таңдағы Қазақстан қоғамына формациялық және цивилизациялық тұрғыдан қандай баға беруге болар екен деген сұрақ туады. Егерде біз формациялық тұрғыдан талдау жасасақ, онда социализмнің пісіп-жетілмеген ерте түрінен буржуазиялық-демократиялық сатыға қайта оралғанымызды байқаймыз. Оның себебін анықтау жолында ХХ ғ. бас жағына қайта оралуға тура келеді.
Өйткен себебі, патшалық Ресей осы кезде бұрынғы-соңды оның тарихындағы болмаған терең де жүйелі дағдарысқа тап болғанын байқаймыз. Ұлттық буржуазия табы әлсіз, сонымен қатар билікпен өте тығыз байланыста болғаннан кейін, олар Заман Талабына (ол елдегі феодалдық қатынастарды түбірінен жойып, буржуазиялық-демократиялық жолға түсу қажеттігі болатын) тиісті Жауап берудің орнына “кіші-гірім жеңісті соғыс арқылы” ішкі қайшылықтарды шешкілері келді. Бұл жолда олар ең алдымен орыс-жапон соғысында өздерінің алып денесі болса да аяқтарының саз екенін көрсетті, өйткені, бір ғана айдың ішінде жапондықтар Ресейдің бүкіл теңіз флотын суға батырып, құртып жіберді. Соңынан Бірінші Дүниежүзілік соғыста екінші рет соққы алып, қайшылықтың өте өрбуінің себебінде большевиктер өкімет басына келген болатын. Көп жылдарға созылған дағдарыстан ашынған ауыр жағдайдағы халықтың көңіл-күйін пайдаланып, большевиктер социалистік бет-бұрыс арқылы барлық мәселелерді шешуге ұмтылды. В.И.Ленин оны марксизмге еңгізілген шығармашылық жаңалық ретінде есептеді.
Қалай дегенде де, большевиктер бүкіл ұлттық байлықты мемлекеттің қолына өткізіп, барлық табиғи және адами ресурстарды “жаңа қоғамды орнатуға” жұмсады. Бұл ауыр да тайғақ жолда миллиондаған адамдарды құрбан етіп, олар Заман талабына өзінше жауап берді, яғни елді индустриялап, халықтың сауатын ашты.
Бұл төңкерісте әсіресе орны толмас апатқа ұшыраған қазақ халқы болды. Оны “жаңа өмірге” большевиктер бүкіл малын тартып алып, зорлап жерге отырғызудан бастады. Малынан айырылған халықтың жартысына жуығы геноцидке ұшырап, тіпті кейбір ауылдарда өлгендерді жерлейтін адамдар да қалмады. Егер осы апаттан халық аман қалғанда, бүгін Қазақ елінде 20 млн. артық қазақтар өмір сүретін еді (басқа халықтардың өкілдерін есептемегеннің өзінде). Сонымен, бүгінгі демографиялық мәселелердің түп-тамырын сол өткен ғасырдың 20-шы жылдардың аяғы, 30-шы жылдардың басында жатқанын байқаймыз.
Бұл тарихи кезекті жаңарудың, әрине, оң жақтары да болды, оны ешбір адам терістей алмайтын болар. Ол Совет елінің қуатты индустриалдық елге айналуы, көп қалалар мен ауыл кешендерінің пайда болуы, бүкіл халықтың сауатының ашылуы, жоғарғы білім беретін мекемелер, театр, консерватория, кітапханалардың пайда болуы т.с.с.
Алайда, тарихи уақыты әлі келмеген, жасанды түрде зорлық-зомбылық арқылы орнатылған бұл қоғам ХХ ғ. 70-ші жылдарынан бастап ақ үлкен дағдарысқа ұшырады. Оның жағдайын түсінікті болу үшін былайша салыстыруға болады. Егер сіз көктемде екі жас алма ағашын – біреуін құнарлы жерге, екіншісін – сортаңға отырғызсаңыз – бір-екі жылдың ішінде бірінші ағаш тез қарқынмен өсіп жемісін бере бастайды, ал екінші ағаш бірінші жылы сарғайған жапырақтарын шығарып күзге шейін тұрады да, келесі көктемде өмірден кетеді. Міне, жасанды түрде артта қалған мемлекетте тарихи кезекті сатыларды аттап өтіп зорлық арқылы орнатылған социалистік қоғам сортаңға егілген ағаш сияқты өмірден кетті. Біз бүгін уақытында большевиктердің аттап өткен сатысына қайта оралып буржуазиялық-демократиялық жолмен жетіліп келе жатырмыз.
Енді бүгінгі күрделі өзгерістегі Қазақстан қоғамын цивилизациялық жолмен талдасақ, онда біз қазіргі постиндустриалдық елдердің қолы жеткен өндіргіш күштерінен анағұрлым артта қалғанымызды байқаймыз. Сондықтан, негізгі мақсат – дамыған елдердегі жаңа экономикалық жағынан тиімді, экологиялық таза технологияларды игеріп қана қоймай, жағалай ортамызға сай келетін өз технологияларымызды жасау болмақ. Біз кедей елдердің қатарында болғаннан кейін, ол үшін шет елдерден инвестицияларды (қаражат) тартып және жеке меншіктің негізінде қорланған ұлттық капиталды тиімді пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар, әрине, біз бүкіл дүниежүзілік қарым-қатынастарға толыққанды дербес мемлекет ретінде кіру жолымызда өзіміздің төл мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды жойып алмауға тырысуымыз керек.
Осы ауыр да жауапты жолда біздің жас мемлекетіміз біршама ауқымды істерді жасап та үлгірді. Үлкен жетістіктердің бірі – экономиканы нарықтық жолға қою. Мыңдаған жылдардағы даму үрдісінде адамзат нарықтық экономикадан басқа тиімді жолды таба алмады. Бұрынғы Совет елінде жасалған жоспарлы экономика нарыққа қарағанда өзінің әлсіздігі мен тиімсіздігін ашық көрсетті. Енді, міне, бүгінгі таңда жер бетіндегі басқа мемлекеттер Қазақ елін нарықты мемлекет ретінде мойындап отыр. Тоталитарлық жоспарлы экономикадан үзілді-кесілді бас тарту, мемлекеттік меншікті жекешелендіру - біршама қателіктермен жүргізілсе де,- белсенді топтарды тудырып, аударылып жатқан экономиканы аяғына тұрғызды. Кіші және орта іскерлікті дамыту саясаты миллиондаған адамдарды жаңа ақуалға тартып, олардың өмірге деген белсенді талпынысын тудыруда. Нәтижесінде, соңғы жылдары халықтың әл-ауқаты жоғарылап, елдің жарқын болашағына деген сенім қарапайым халықтың жүрегінде ұялады.
Әсіресе қомақты өзгерістер қоғамның саяси-құқтық салаларында байқалады. Демократиялық принциптерге негізделген жас мемлекет бірте-бірте өз күшіне енуде. Елді нақтылы басқарып отырған атқару билігі өзінің кәсіби шеберлігін шыңдауда – бұл салаға талантты көп жастар тартылды. Екі палатадан тұратын кәсіби парламент заң шығармашылығымен айналысуда. Сот билігі де біршама терең өзгерістерге түсіп халықтың сеніміне кіруде. Ақпарат тарату саласына келер болсақ, бүгінгі таңда сан-алуан жеке меншіктік газет-журналдар, радио және телестансалар жұмыс істеуде. Жеке адамдардың бас бостандығы мен құқтарының қорғалу деңгейі жыл артып өсуде.
Бүгінгі дамыған қоғамдарда заттық қорланған байлық емес, адам факторы негізгі қоғам дамуының қайнар көзіне айналуда. Әр адамның табиғи дарынын талантқа айналдырып оны шығармашылық деңгейге дайындайтын – университеттер. Олай болса, тәуелсіздікті алғаннан бері білім беру жүйесін дамытуға да көп көңіл білінді. Көп жоғарғы оқу орындары университет болып қайта құрылды, жеке меншікке негізделген оқу орындары жұмыс істеп конкуренция бұл салаға да жетті.
Дербестік алған халықтың тез арада шығармашылық мүмкіндіктері гүлдеп, қазақ мәдениет қайраткерлері бүкіл дүниежүзіне халқымыздың өз ерекшелігі, қайталанбас жақтарымен танылатын асыл мұраларын, бүгінгі күнмен үндесіп жатқан жаңа туындыларын таныстырды. Айман Мусаходжаева, Жәния Аубакирова, Марат Бисенгалиев, Роза Рымбаева, Макпал Жунусова, Майра Мухамедқызы т.с.с. мәдениет қайраткерлері көп елдердің үлкен сахналарына шығып еліміздің ғажап мәдени құндылықтарын басқа халықтарға ұсынып, солардың қошеметіне бөлінді.
Әрине, қайсыбір қоғамның жүйелі дағдарысы сан-алуан қайшылықтарға толы, оның негізгі ауыртпалығы қарапайым адамдардың еншісіне өтеді. Әсіресе, тоталитарлық социализм жүйесінен демократиялық қоғамға өту – бұрынғы-соңғы адамзат тарихында болмаған қиындықтарға әкелгенін 90-шы жылдар айқын көрсетті. Алайда, бас бостандығына ие болған халқымыз оның бәріне де шыдап, шығармашылық жолмен оларды жеңе білді.
Келесі даму сатысындағы негізгі мәселелер – шикізат өндіретін елді жаңа технологияларға негізделген өндірісі бар, дүниежүзілік конкуренцияға сай келетін заттарды шығара алатын қоғамға айналдыру болмақ. Сонымен қатар, ұлттық тілімізді толыққанды дәрежеге көтеріп, салтымыз бен әдет-ғұрпымызды жаңа өмірге сай келтіріп, біздің рухымызға жат шет елден кірген тұрпайы мәдени туындыларды сырттататын ақуалға жетсек дейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |