ДӘрістердің комплексі fis 1209



бет1/17
Дата25.02.2016
өлшемі1.72 Mb.
#19934
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17



«Астана медицина университеті» АҚ

Форма№ ОБ-07.1.13


Шығарылған күні: 31.08.2007



Қалыпты физиология кафедрасы

Тексеріс күні: 31.08.2012


Тексеріс #:


бет


ДӘРІСТЕРДІҢ КОМПЛЕКСІ
Fis 1209 Физиология пәні бойынша
(пәннің атауы және коды)
051102 «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына арналған

Дәріс 15 (сағат)

Курс 1-ші

Семестр 2-ші

Дайындаған: доцент, м.ғ.к. Ибраева С.С.

Астана, 2012ж.


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
Кредит № 1.

1 Дәріс.



Tақырыбы: Физиология курсына кіріспе. Физиологиялық қызметтерді қалыптастыру және реттеудің негізгі принциптері. Қозудың табиғаты. ОЖЖ (орталық жүйке жүйесінің) тежелуі.

Мақсаты: Физиологияның негізгі қалыптасу кезеңдері, физиология ғылымына атақты ғалымдардың қосқан үлесі туралы білім беру; физиологиялық функцияларының негізгі принциптерінің құрылымы мен реттелуін ұйымдастыру. ОЖЖ-дағы қозу мен тежелу.

Дәріс тезисі:

Физиология (грекше physis - табиғат, logos - ілім) тірі организм мен оның жеке жүйелері, ағзалары, тіндері және жасушаларының әрекеттерін, тірліктерін зерттейтін биологиялық ғылым. Физиология орга­низм жүйелері мен ағзаларының бір-біріне әсерін, өзара байланысын және сыртқы ортамен қарым-қатынасын тексереді. Сонымен қатар ол әрекеттерді жас кезеңдеріне байланысты онтогенез және эволюциялық даму барысында бақылайды.



Физиология жедел дамып келе жатқан ғылым. Ол дербес ғылым ретінде, анатомия мен гистологиядан бөлінгеннен бастап, организмнің тіршілік әрекеті туралы физика, химия ғылымдарының әдістерін қолданып, көптеген нақтылы деректер жинады. Қазіргі кезде физиологиядан жеке ғылым ретінде биохимия, биофизика, нейрофизиология, эндокринология, радиобиология бөлініп шықты. Физиология -тірліктану ғылымы. Ол тіршіліктік үрдістерді, олардың реттелу тетіктерін және іс-әрекеттерді қалыпты жағдайда анықтайды.

Тірлік (функция) - жүйелер мен ағзалардың және жасушалардың арнамалы іс-әрекеті.

Үрдіс - белгілі бір нәтижені орындауға бағытталған әрекеттердің құбылыстары мен күйлерінің дәйекті түрде алмасуы.

Жүйе - жалпы тірлігі бірдей ағзалар мен тіндердің жиынтығы (ты­нысалу, асқорыту, қанайналымы, қорғаныс, реттеліс, сөйлеу, өрбу т.б.).

Физиологиялық қалып (норма) - бұл тірі жүйенің оңтайлы тірлігінің шегі. Ол белгілі тетіктері арқылы үйлесімді және нәтижелі деңгейде сақталады немесе жағдайға сәйкес жеткілікті мөлшерде өзгереді.

Тетік - тірлікті немесе үрдістерді реттеу тәсілі.

Реттеліс - ағзалар мен жүйелердің іс-әрекетін қамтамасыз ету үшін оның ауытқуларын шектеу немесе қалпына келтіру. Оның жергілікті, гуморалды (humor - сұйықтық) және жүйкелік тетіктері болады. Физиологияның зерттейтін нысаны дені сау тірі организм.

Физиологияның негізгі бөлімдері. Физиология өзінің ғылыми бағытына қарай жалпы, жеке және қолданбалы болып жіктеледі.

Жалпы физиология көптеген түрлер организмінің жасушалары мен тіндеріне, ағзаларына бірдей тән негізгі тіршілік үрдістерінің жаратылысын, тірліктерін, жалпы көрсеткіштерін, қасиеттерін зерттейді. Олардың сыртқы және ішкі ортаның әртүрлі әсерлеріне жалпы жауабын, тітіркену, козу, тежелу, зат және қуат алмасу құбылыстары туралы мәселелерін қарайды. Жалпы физиология салыстырмалы және эволюциялық физиология болып бөлінеді.

Салыстырмалы физиология - жануарлар әлемінің әртүрлі өкілдерінің тірліктік негізін, ұқсастығы мен айырмашылығын ажыратады.

Эволюциялық физиология - адам мен жануарлардың онтогенез (жеке даму) және филогенез (тарихи даму) кезінде физиологиялық әрекеттерінің біліну, даму, қалыптасуының жалпы тіршіліктік заңдылықтары мен тетіктерін қарастырады.

Жеке физиология - кейбір тіндердің (ет, жүйке т.б.), ағзалардың (ми, жүрек, бауыр, бүйрек т.с.с.) қасиеттерін, олардың жүйелерге (қанайналымы, тынысалу, асқорыту т.с.с) бірлесіп ұйымдастырылу және реттелу негіздерін тексереді.

Қолданбалы физиология - адамның әлеуметтік жағдайлары мен мақсатты іс-әрекетіне байланысты зандылықтарды анықтайды. Оның қатарына бірнеше физиология саласы жатады.

Авиация физиологиясы - ұшқыштар организмінің ұшу кезіндегі жағымсыз әсерленісін анықтап, оларды болдырмау тәсілдері мен амалдарын табады.

Әлеуметтік физиология - адам организміне қоғамдық ортаның, өндіріс, тұрмыс жағдайларының әсерін анықтайды.

Әскери физиология - оқу - жауынгерлік даярлану кезінде және соғыс жағдайларында физиологиялық әрекеттердің реттелісін зерттейтін әскери медицина саласы.

Ғарыштық физиология - космостық түрткілердің (салмақсыздық, гиподинамия) ғарышкерлер организміне жарамсыз ықпалын тексеріп, оларға қарсы сақтану амалдарын жасайды.

Еңбек физиологиясы - адам организмінің еңбектену кезіндегі қалыпты жағдайын, жұмыскерлігін, оған өндірістік әсерлерді тексеріп тиімді жұмыс істеу шараларын жүзеге асырады.

Жас физиологиясы - адам организмі мен ағзалары және жүйелері қызметінің туылған сәттен жеке дамуының ақырына дейінгі қалыптасу және жойылу ерекшеліктерін тексереді.

Спорт физиологиясы - дене шынықтыру, машықтану тәсілдерін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырады.

Суасты жузу физиологиясы - теңізшілер мен сүңгушілер организміне сүңгуір қайықтардың үзақ уақыт жұмыс кезіндегі әсерін анықтайды.

Тамақтану физиологиясы - адамдардың жасына сәйкес әртүрлі кәсіби топтар үшін арнайы, ұтымды тамақтану шартгарын қарастырады.

Психофизиология - адам психологиясы мен физиологиясы саласынан қалыптасқан. Ол әртүрлі психикалық үрдістер (түйсік, есте сақтау, сезім, ойлау, сөйлеу т.б.) кезінде ақиқат байқалатын физиологиялық өзгерістерді зерттейді.

Экологиялық физиология - адам организміне табиғаттың әр алуан төтенше түрткілері мен орасан жүктемелерінің әсерін тексереді.

Физиологияның аса маңызды саласының бірі - ауылшаруашылық жануарлар физиологиясы, оның негізгі мақсаты мал мен құс шаруашылық өнімдерін ғылыми жетілдіру.

Физиология басқа мақсаттарына, зерттейтін нысандары мен әдістеріне байланысты қалыпты, патологиялық және клиникалық болып бөлінеді.

Қалыпты физиология - дені сау адам организмінің қалыпты жағдайы, салауатты тұрмыс салтын, әртүрлі әсерлерге бейімделу әрекетін тексеріп, оларды жақсарту амалдарын анықтайды. Қалыпты физиологияның басты мұраты - адамның денсаулығын сақтау. Мұны қазіргі кезде денсаулық туралы ғылым валеология (vale - сау болу, logos - ілім) зерттейді.

Денсаулық дегеніміз - адам организмінің барынша ұзақ өмір сүру барысында биологиялық және психикалық әрекеттері мен тиімді жұмыскерлігінің, әлеуметтік белсенділігінің, сондай-ақ ерекшеліктеріне сәйкес дені сау ұрпақ жалғастыру қабілетінің сақталуы мен дамуы. Дара кісінің (индивидуум) денсаулығы туралы мағлұматтар физиологиялық қалыпты көрсеткіштермен немесе нормалармен сипатталады. Патологиялық физиология - ауру организмдегі ауытқуларды, олардың ағымдарын, барысын, дерттену тетіктерін анықтайды. Сонымен қатар ол науқастардың бейімделу әрекетін, сауығу және айықтыру үрдістерін зерттейді.



Клиникалық физиология - ауру организмдегі физиологиялық көрсеткіштердің (хирургиялық емдеуден, протездер қондырғаннан кейінгі) жаңа стационарлық деңгейін тексереді.

Физиология ғылымы медицина мен гигиенада өте маңызды орын алады. Расында, организмнің қалыпты қызметін, денсаулыққа тән көрсеткіштерін жете білмей, ауруды емдеуге болмайды. Сондықтан қалыпты фи­зиология барлық медициналық ғылымдардың теориялық негізі деп есептеледі. Демек, физиология, организмнің қалыпты жағдайдағы әсерінен ауытқу мөлшерін білуде, медициналық және гигиеналық білім алу бары­сында профилактикалық жұмыстарды, еңбек және тынығу режимдерін ұйымдастырғанда, ауруды емдегенде өте қажет ғылым.

Физиологияның жас ерекшеліктері туралы саласы педагогика, пси­хология, валеология және дене тәрбиесі ғылымдары үшін өте қажет.

Балалардың денсаулығын сақтауды, олардың өсуі мен дамуы оңтайлы жағдайларды қамтамасыз етуді, мұғалімдердің жас ерекшелік физиологиясы мен гигиенасы жөнінде, тиісті білім қоры болған кезде ғана жүзеге асыруға болады. Мұның өзі мұғалімнің өскелең үрпаққа адамгершілік, әсемдік, еңбек, ақыл-ой және дене тәрбиесін беруін ойдағыдай жүзеге асыруына жәрдемдеседі.



Физиологияның мақсаттары. 1. Организмнің және оның әрбір құрылымының қызметін ұғыну арқылы болашақ мамандардың әрекеттік және клиникалық ойлау қабілеттерін жетілдіру. 2. Физиологиялық зерттеу әдістерін үйрету арқылы әрекеттік диагностика дағдыларын қалыптастыру. 3. Физиология ғылымының қағидаларымен таныстыру арқылы адам денсаулығын тиімді ұйымдастыруды үйрету. 4. Әрбір адамға денсаулық деңгейін анықтау мен бағалау және нығайту тәсілдерін үйрету.

Физиологияның зерттеу әдістері. Физиологиялық үрдістер өте үдемелі өзгеріп отыратын құбылыстар. Оларды анықтау тәсілдері физиологияның даму кезендеріне және шектес ғылымдардың жетістіктеріне сәйкес қалыптасты. Сондықтан мұның бірнеше бағытын талдауға болады:

1) Бақылау әдістері - физиологиялық құбылыстарды қалыпты жағдайда және әр түрлі әсерлерден кейін қадағалауға мүмкіндік береді. Тірліктік әрекеттер жылжымалы болғандықтан, бұл әдетте, 2-3 үрдісті қамти алады.

2) Тіркеу әдістері - физиологиялық құбылыстарды механикалық және электрлік тәсілдермен жазып алады.

3) Тітіркендіру әдістері - тірі құрылымдардың, ағзалар мен тіндердің күйін өзгерту мақсатымен механикалық (кесу, түйреу), биологиялық (егу, уландыру), химиялық (тұздар, қышқылдар, дәрілер), физикалық (дыбыс, сәуле, электр ағыны, температура т.б.) түрткілердің әсерін қолданады.

4) Электрофизиологиялық әдістер - қозғыш тіндер мен ағзалардың электрлік құбылыстарын және әртүрлі электрлік емес көрсеткіштерді (ультрадыбыс, электромагнит толқындары т.б.) тіркегіштер мен күшейткіштер қолданып осы амалмен тіркейді.

5) Өткір тәжірибе әдістері - жануарларға вивисекция (тәнтілу), олардың мүшелерін, ағзаларын, тіндерін оқшаулау тәсілдерін жасайды.

6) Созылмалы тәжірибе әдістері - жануарларға тірідей операция жасап, олар жазылғаннан кейін ұзақ уақыт бақылайды. Бұл әдісті физиологияға алғашқы енгізген И.П. Павлов болатын, сөйтіп ол организмді бөлшектеп қараудың (анализ) орнына, біртұтас жүйе ретінде (синтетездік) тексеруге мүмкіндік жасады.

7) Аспаптық әдістер - физиологиялық зерттеулер нәтижесінде медицинаға әртүрлі үрдістерді тексеру, ауруларды анықтау (диагноз) және емдеу (терапия) үшін арнайы аспаптар ұсынады.

Қазіргі кездегі физиология, басқа да ғылымдардың жетістіктерін кеңінен пайдаланып, медицина салаларының дамуына ықпалын тигізуде.

Осы кездегі физиологиялық зерттеу жұмыстарында ғылым мен тех­ника жетістіктерін, кибернетика, информатика, радиоэлектроника жаңалықтарын, есептеуші машиналарды, телеметрияны т.б. кеңінен қолданады.

Физиология мен техника ғылымдарының тығыз байланысынан био­ника, физиологиялық кибернетика және кванттық медицина дамыды. Мұндай жетістіктер медицина ғылымының басқа да жаңа салаларын қалыптастырды.

Оған қоса қазіргі физиология ғылыми зерттеулерді кешенді түрде жүргізеді, шектес ғылымдардың табыстарын, мәліметтерін мол пайдаланады. Соңғы кезде осының негізінде маңызды ғылыми нәтижелер алынып отыр.

Мұнымен бірге физиологиялық зерттеулер жүйелі түрде жүргізіледі. Организмнің қызметін жүйелі түрде зерттеу ондағы көптеген физиологиялық жағдайларды түсінуді жеңілдетеді. Сондықтан тірі организмді әрекеттік жүйелер теориясының тұрғысынан зерттеу басталды. Әрекеттік жүйелер теориясы және оның әржақты қағидалары ме­дицина, педагогика, психология, социология, техника т.б. ғылым салаларында кеңінен қолданыс тапты.

Организм мен қоршаған орта қатынасы кезіндегі физиологиялық тірліктерді меңгеретін әрекеттік реттеу жүйесі болады. Меңгеру ағза-иар мен жүйелердің өзара әрекеттесуі арқылы пайдалы тіршіліктік икемделуді қамтамасыз етеді.

Физиологиялық әрекеттерді меңгеру үш түрлі жолмен атқарады: 1) іске қосу; 2) түзету; 3) үйлестіру. Іске қосу - ағзалардың тыныш жағдайын белсенді әрекетке көшіреді. Түзету - ағзалардың іс-әрекетін өздігінен атқарылу режимінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Үйлестіру - бірнеше ағзалар мен жүйелерді бірлестіру арқылы пайдалы икемделу нәтижесіне жеткізеді.

Организмнің тіршіліктік әсерленістері бірнеше сатылы және әртекті реттелу жүйелері арқылы меңгеріледі. Н. М. Амосов реттелуші жүйенің төрт түрін жіктейді.

1. Химиялық, бейарнамалы жүйе - зат алмасуы өнімдері арқылы ағзалардың өзара әрекетін қамтамасыз етеді.

2. Эндокриндік жүйе - әртүрлі ағзаларды ерекше сөлініс заттары -гормондары арқылы белсендіреді.

3. Вегетативтік жүйке - бір орталықтан бірнеше нысандарды: ағза, тін, тірліктік жүйені бір мезгілде қамтып қашықтықтан, пәрменді меңгереді.

4. Орталық жүйке жүйесі - бір жағынан организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын (гомеостаз) реттейді, екіншіден, біртұтас организмді сыртқы ортамен теңестіреді.

Жүйелердің өздігінен реттелісі. Қандай да болмасын әрекеттік меңгеруші жүйелердің қызметі реттеліс және өзін-өзі реттеуге негізделген.

Реттеліс деп организмнің белгілі бір қажеттігін және ішкі орта тұрақтылығын қамтамасыз етуші әрекеттік жүйелердің қызметін айтады. Организмнің ішкі ортасын тұрақты құрамды қан, лимфа, тін сұйықтықтары құрады. Физиологиялық әрекеттердің өзін-өзі реттеуі деп төменгі даму сатысындағы жануарлар әлемінде кездесетін реттелудің қарапайым түрін айтады.

Өздігінен реттеліс - тіршілік үшін маңызды үрдісті белгілі бір тұрақты жағдайда сақтау қабілеті. Гомеостазис, изотермия, изоосмия, изоволемия, изогидрия т.б. өзін-өзі реттеу арқылы сақталады. Табиғатта мұндай реттеу арқылы өзгертуші және қалпына келтіруші жағдайлар автоматты түрде белгілі деңгейде атқарылады.

Түрлі организмнің еркін тіршілігі ішкі ортаның тұрақтылығы екендігін алғашқы дәлелдеген француз ғалымы К. Бернар (1813-1878). Кейін Кеннон гомеостаз туралы ілімінің негізін қалады. Гомеостаз -организмнің ішкі ортасының және физиологиялық әрекетінің салыстырмалы тұрақтылығы. Гомеостазды қолданушы негізгі тетіктер өздігінен реттеледі.

Ішкі ортаның тірліктік тұрақты көрсеткіштері қатаң және икемді болып екіге бөлінеді. Қатаң тұрақты көрсеткіштер: осмостық қысым, сутек көрсеткішінің шамасы (рН), глюкоза, газдардың мөлшері, т.б. Икемді тұрақты көрсеткіштерге қанның құрамы, көлемі, қысымы, қоректік заттардың мөлшері т.б. Тірліктік көрсеткіштер белгілі бір мөлшердің деңгейінде тербеліп тұрады, сондықтан гомеокинез деп аталады.

Организмнің бейімделіс және өтеміс әсерленістерін қамтамасыз ететін гомеокинез көрсеткіштері жас кезеңдеріне сәйкес қалыптасады. Мұны гомеорезис дейді. Гомеорезис - өздігінен реттелетін жүйелерде жасқа байланысты туатын өзгерістерінің дамуы.

Меңгеру орталық жүйке жүйесі және қан арқылы қамтамасыз етіледі. Бұлар нейрогуморалдық реттеу жүйесін құрады. Соңғы кезде бұған иммундық реттеу жүйесі қосылды Әрекеттердің жүйкелік және гуморалдық (һumor - сұйықтық) реттелісін, бірлестігін, физиологтар ашқан жүйке аралық байланыс - синапстар (түйіспелер) қызметі дәлелдейді. Жүйке жүйесінің қозуынан синапста химиялық дәнекерші зат - медиатор пайда болып, ол қозуды бір нейроннан екінші нейронға өткізеді. Сөйтіп, жүйелердің түрлі қызметтерінің бейімделісі жалпы организм қызметінің жүйкелік-гуморалдық реттелуі арқылы іске асады, организмнің қорғаныш қасиетін иммундық жүйе қамтамасыз етеді..

Жүйкелік-гуморалдық қатынаспен қатар жасушалар арасында креаторлық (грек, create - көшірме) өзара байланыс та бар (Г.И. Косицкий). Жаңа және ескі жасушалардың құрылымында ұқсастық болуы үшін олардың арасындағы маңызды ақпараттарды ірі молекулалар жеткізеді. Оларды қан да тасмалдауы мүмкін. Макромолекулалар бір жасушадан екіншісіне олардың түйіскен жеріндегі саңылаулар арқылы немесе пиноцитоз жолымен өтеді.

Жаңа медицинаның дәлелдеуі бойынша, организмнің әрбір жасушалары кванттық (фотон) байланысы арқылы өзара әрекетттестік қатынаста болады. Мұндай өзара қарым-қатынас электромагниттік өрістер мен, шығыс медицинасы қолданатын, дененің белсенді нүктелері және меридиандары арасында өтеді.

Бүгінде тіршілік ісәрекетін реттеуші тек нейроиммуноэндокриндік кешен деп ұғыну жеткіліксіз. Өйткені, бұл жүйелерді организм дамуының белгілі кезеңінде қарапайым және әмбебап реттеу жүйесі әржақты қалыптастырады. Соңғы жүйе ретінде электрлік реттеу жүйесі қаралады. Оның негізін организм тірлігінде кездесетін жасушаның мембраналық шамасының электромагниттік өрісі жасайды.

Реттеліс және өзін-өзі реттеу аса қозғыш, тітіркендіргіштің өте аз күшіне әсерленетін жүйке жүйесінің қызметі арқылы орындалады. Тірі тіндердің көбінде қозғыштық қасиет бар, олар тітіркендіргіш әсер еткенде туатын, электр құбылысына негізделген қозу деп аталатын белгілі бір жағдайда болады. Қозғыштық жоғары сатыдағы жануарларда болатын, ал тітіркену - төменгі сатыдағы организмдерге тән қасиет. Түрлі жүйке бөлшектері - қабылдағыш құрылымдар, нейрондар, олардың талшықтары өте қозғыш тіндерге жатады. Нейрондар орталық жүйке жүйесінде, арнайы қызмет атқаруға бейімделіп, тұрақты орында орналасады. Әрбір жүйке орталықтары организмнің белгілі бір қызметін реттеуге бейімделген. Мәселен, тынысты реттейтін жүйке орталықтары сопақша мидың, жұлынның, ми бағанының, ми қыртысының белгілі бір жерінде орналасқан.

Жүйкелік реттелістің гуморалдық әсерге қарағанда артықшылығы

болады:


1. Жүйкелік байланыс белгілі бір мүшеге, жасушалар тобына дәл бағытталады. Гуморалдық реттеуде химиялық белсенді заттар қан немесе лимфа арқылы бірнеше мүшеге, тінге бірдей әсер етеді. Сондықтан ол заттарға организмнің жалпы әсерленісі байқалады.

2. Жүйкелік байланыс әрекеттерді жылдам реттейді. Жүйке серпіністерінің ерістеу жылдамдығы қан қозғалысынан жүз еседей тез.

3. Жүйке жүйесі әрекетті тек қана тудырып қоймай, қажет болмаса оны мүлде тоқтатып тастайды. Ал, химиялық заттың әсері ол зат әбден ыдырағанша жалғасады.

Адам мен жануарлар организмінде қызмет біртұтас нейрогуморалдық жолмен реттеледі. Оның ішінде жүйкелік реттеу басты, қан арқылы реттеу қосымша тетіктер болып саналады.



Меңгеру түрлері: гуморалдық және жүйелік тетіктер меңгерудің бірнеше түрін қолданады. Гуморалды меңгеру: аутокриндік, паракриндік және телекриндік түрінде өтеді. Аутокринді менгеру кезінде белсенді заттар, құрылымның өзінде бөлініп, басқаларына тікелей әсер етеді. Паракриндік меңгеруші заттар маңындағы тінаралық сұйықтыққа бөлінеді. Телекриндік меңгеруде биологиялық дәртті заттар тікелей қанға шығады, сөйтіп басқа ағзаларға және тіндерге алыстан жайылады.

Жүйелік меңгерудің негізін рефлекс (reflexio-тойтару) құрайды. Рефлекс - ішкі және сыртқы ортаның өзгерісіне организмнің ОЖЖ арқылы беретін жауабы. Меңгеру жергілікті, орталық және шартты рефлекстер түрінде атқарылады.



Меңгерудің әрекеттік жүйесі. Организмнің тірлігін және басқа әрекеттерін меңгерудің негізгі желісі әрекеттік жүйе теориясы арқылы түсіндіріледі. Бұл теорияны ұсынған П.К. Анохин. Әрекеттік жүйелер - пайдалы нәтижеге жеткізетін әртүрлі жүйке орталықтары мен шеткі ағзалардың ісәрекет қажетті ұйымдастыратын бірыңғай бірлігі. Әрбір мақсатты ісәрекет қалыпты жағдайда тіршіліктік пай­далы, яғни қандайда болса белгілі бір мұқтаждықты өтеуге арналған.

Әрекеттік жүйелер деп әр текті құрылымды ағзалар, тіндер және олардың белгілі бір қызметін қамтамасыз ететін реттеуші тетіктер жинағын айтады. Былайша айтқанда, әрекеттік жүйелер әртүрлі шектегі жауап беретін құрылымдар мен организмнің қызметін қамтамасыз ететін және оның белгілі бір жағдайға бейімделісін ұйымдастыратын жүйкелік және гуморалдық тетіктерінен тұрады. Мәселен, бір әрекеттік жүйе қан қысымын, екіншісі - қандағы қант мөлшерін, үшіншісі - тұз бен су тұрақтылығын қамтамасыз етсе, төртіншісі -қозғалыс бейімділігін қадағалайды.

Әрекеттік жүйенің негізгі түйіні - пайдалы икемделік нәтижеге жету, ол бүкіл меңгеруші жүйені бағыттайды. Ол бірнеше бөлімнен құрастырылады: 1) арнайы қабылдау құрылымы; 2) орталық жүйке жүйесіне ақпарат жеткізетін өткізгіш жолдар; 3) әрекеттерді ұйымдастыратын орталық нейрондар мен олардың түрлі байланыстары; 4) пайдалы нәтиже беретін әртүрлі ағзалар ісәрекетінің жиынтығы; 5) кері байланысты қамтамасыз ететін сезімдік құрамыстар жиынтығы.

Әрекеттік жүйенің түбегейлі құрылысы бірнеше сатыдан құрылады.

1. Сезімдік синтез - құрамыс сатысы. Бұл сатыда орталық жүйке жүйесінде сыртқы және ішкі ортадан келетін әртүрлі ақпараттар өңдеуден өтеді. Оның құрамында: а) осы сәттегі мұқтаждықты көрсететін бастапқы үстемді месел - мотивация; ә) ішкі және сыртқы жағдайлық әсерлер; б) әрекеттік жүйені іске қосатын қозғағыш түрткі; в) организмнің даралама және иемденген өмір тәжірибесін бейнелейтін - зерде; Осыдан кейін орталық жүйке жүйесінде барлық қозулардың өзара әрекеттесуінен шешім қабылдау сатысы басталады.

2. Шешім қабылдау сатысы - орталыққа жеткен барлық мәліметтерді талдау нәтижесінде, дәл осы сәтке сәйкес организмнің қазіргі кездегі мұқтаждығы, бұрынғы тәжірибесіне байланысты мақсат-тілектің бағдарламасы құрылады. Бағдарламаға сәйкес әкететін серпіністер шеткі ағзалар мен мүшелердің ісәрекетін өзгертеді. Бағдарламамен бірге жүйке орталықтарында жауапты әсерленістің болашақ нәтижесінің үлгісі жасалады. П.К. Анохин оны әрекет нәтижесін салыстырушы - акцептор деп атайды.

3. Әрекет нәтижесін салыстырушы - шешім қабылдау негізінде болашақ әрекеттің болмысын сипаттайтын кескіндерін қалыптастырады. Бұл - нақтылы әрекеттің өзінен бүрыл құралады.

4. Жүйелік ісәрекет сатысы. Бұл пайдалы нәтижеге жеткізетін дене қимылы әрекеттерінің және оны вегетативтік жабдықтаудың бірлестірілген атқарушы бөлімі.

5. Пайдалы нәтиже сатысы. Бұл - жүйенің келесі болашақ әрекеттерінің бастамасы. Ол әсерлік кері байланыс арқылы нәтиже керсеткіштерін бастапқы мақсат-тілекпен салыстырады. Олар сәйкес келген жағдайда, атқарушы әрекет тиылады, олай болмаса, сезімдік синтезде жаңа шешім қабылданып, қайтадан іске қосылады. Сонымен әрекеттік жүйенің ерекшелігі, оның өздігінен реттелуі және пайдалы нәтижеге жетудегі өзгергіштік қабілеті.

Организмде, әдетте, барлық құбылыстар мен рефлекстік әрекеттер осы кері байланыс арқылы атқарылады. Ол адамның ерікті ісәрекетінде, рефлекстік әсерленістерінде организм тіршілік ететін жағдайлардың (жылу реттеу, су-тұз алмасуы, қан қысымы және т. с. с.) тұрақтылығын сақтауда өте маңызды орын алады.

Кері байланыс деп әрекеттің нәтижесі немесе қажеттілігі туралы қабылдағыштан басталатын ақпаратты орталық жүйке жүйесіне жеткізетін байланыс жолын айтады. Мүндай мәліметтер орталық жүйке жүйесіне, тек қана әсер етілген сезімтал құрылымдарынан ғана келіп қоймай, әрекеттің негізінде тітіркендірілген басқа ағзаларда орналасқан бірқатар қабылдағыштардан да жетеді.



Физиологиялық кибернетика. Күрделі техникалық және қоғамдық жүйелерді меңгеру зандылықтарын кибернетика ғылымы зерттейді. Оның негізгі бір саласы физиологиялық кибернетика организмдегі меңгеру істерін қамтамасыз етеді.

Физиологиялық кибернетика - меңгерім, тіршіліктің қалыпты әрекеттерінің өздігінен реттелу заңдылықтарын зерттейді. Ол бұл құбылыстарды меңгерілу теориясы негізінде тексереді. Меңгеруді жалпы алғанда, жүйені жөнге келтіру деп қарауға болады. Демек, оны осы ортада күші бар белгілі ақиқат зандылықтарға сәйкес келтіру.

Кибернетикалық жүйелерге басқарылатын жылжымалы жүйелер мен меңгеру жүйелерінің жиынтығы жатады. Биологиялық жүйелердің меңгеру үрдістері екі түрлі: тікелей байланыспен меңгеру (ДНҚ негізінде белок құрамысы), кері байланыспен меңгеру. Ал меңгеру ақпараттық үрдістермен тығыз байланысты. Бүкіл кибернетикалық жүйелер әсерінің негізгі мәні меңгеруші және меңгерілуші жүйелер арасындағы ақпарат алмасу болып саналады.

Меңгеру жүйесі ұйғарымдар түзеді, ал меңгерілуші жүйе өз күйін өзгертіп, оған кері қарай ақпарат жібереді (кері байланыс). Осы кел­ген мәліметтерге сәйкес жаңа ұйғарымдар туады. Сөйтіп кері байла­ныс арқылы нысаналы, оңтайлы меңгеру ісі жүзеге асады. Меңгеру үш түрлі өзгеріске негізделеді: әсерлік, ауытқулық, болжамдық.

Әсерлік меңгеру - реттеуші шаманың күтілген және деректі мәндерінің айырмашылығын анықтау арқылы атқарылады. Бұл реттеуші нысандардың қалыпты жағдайы өзгеруін шектейді. Мысалы, глюкоза мөлшері өзгергенде, оны гипоталамус- гипофиз - бүйрекүсті жүйесі қалпына келтіреді.

Ауытқулық меңгеру - әсер етуші түрткінің кернеу күшін пайдаланып, өтеміс тетігі арқылы өзгерген көрсеткішті орнына келтіреді. Мәселен, ішекте глюкозаның көп мөлшерде сіңірілуі - ұйқы безінде инсулиннің бөлінуін күшейтеді. Сөйтіп, ауытқушы әсер ететін үрдісіне айналып, қандағы қант мөлшерін тұрақтайды.

Болжамдық, меңгеру - сыртқы және ішкі ортаның өзгерісінен болатыны туралы мәлімет келгенде ғана меңгеруші әсерді іске қосады. Мұндай меңгеру организмді алдын ала дайындап, бейімделуге жағдай жасайды. Мәселен, тағамның түрі, иісі тәбет сөлінің бөлінуін қамтамасыз етіп асқорыту жүйесін даярлайды.

Организмдердегі рефлекстік әсерленістің тура және кері байланысы кибернетикадағы байланыстармен бірдей. Кибернетикалық жүйенің арасында бір-бірімен мәліметтесу байқалады, яғни оның қызметі ақпарат (информация) заңдарына негізделген. Ақпарат теориясы түрлі мәліметті қабылдау, таңбалау (кодтау), талдау, мәлімет тасу және сақтау зандарын зерттейді.

Кері байланыс теріс және оң болып бөлінеді. Теріс кері байланыс әрекеттік жүйедегі келіссіздікті жоюға бағытталған ұйғарымдарды жеткізеді. Мәселен, дененің температурасы көтерілгенде, терідегі капиллярлар кеңейіп, жылу шығаруды ұлғайтады, ал кәдімгі термостат - температура жоғарыласа, қыздыруды басып, жылу өндіруді азайтады. Бұл екі жағдайдағы кері байланыс әсерінің нәтижесі бірдей - қалыпсыз температураның көтерілуі жойылады, алайда оны реттеу төсілі мен тетіктері әртүрлі.

Оң кері байланыс жүйедегі келіссіздікті жоймайды, керісінше күшейтеді. Бұған мысал ретінде артериялық гипертензияны (қысым асу), қуықтың несеп шығар кезде жиырылуын келтіруге болады.

Кері байланыс қарапайым және күрделі жүйелердің өздігінен реттелу тетігінің негізі болып саналады. Тірі организм кері байланыс арқылы тіршілік жағдайларына бейімделеді. Сондықтан кері байла­ныс эволюциялық даму кезінде организмнің сыртқы ортамен өзара әрекетінің әмбебап амалы болып қалыптасты.

Организмнің икемделуі жылжымалы жүйелерге байланысты. Жылжымалы (динамикалық) жүйе деп өз күйін өтпелі үрдістер арқылы өзгертетін жүйелерді атайды. Жүйе жағдайының дәйекті өзгерістерінің жиынтығы - өтпелі үрдіс.

Жылжымалы жүйелер 3 режимде болады: 1) тендесулі режим -өзгерістердің жоқтығымен сипатталады; 2) тербелісті режим - жүйе белгілі бір мерзімде өзінің күйін қайталап отырады; 3) өтпелі режим - жүйенің басқа режимге көшуімен сипатталады. Осы режимдерді меңгеру ісі кері байланыс арқылы атқарылады. Ол автоматтық реттелу теориясының негізін қалайды. Жүйелерде реттеудің мақсатына, тәсіліне байланысты оңтайлы (оптималды) және төтенше (экстремалды) меңгеру ұйымдастырылады.

Автоматтың меңгеру жүйесі мынадай: 1) өтеміс; 2) қадағалау (бағдарлы реттеу); 3) өздігінен реттелу режимдерінде істейді. Бұл режимдер барлық жанды және жасанды кибернетикалық жүйелерде кездеседі. Автоматтық реттеу жүйесінің тұрақты және тұрақсыз көрсеткіштері болады. Тұрақсыздық реттелуші нәрселерге ескерілмеген әсерлерден немесе реттеу режимін қате таңдаудан болуы мүмкін.

Автоматтық реттеудің тұрақтылығы гомеостаз ұғымымен тығыз бай­ланысты. Мұндай тұрақтылық тірі организмнің өз күйін сыртқы ортаның жағдайларымен теңестіруі, яғни бейімделісі арқылы сақталады.



Бейімделіс - жүйенің өздігінен реттелуінің бір нұсқасы. Өздігінен реттелу, өздігінен икемделу - тірі организмнің, ондағы бөлшектердің, қауымдалыстың, биоценоздың түбегейлі қасиеті.

Өздігінен реттелуді тәсіліне сәйкес - ауытқулық, үйлеспеулік; мақсатына қарай - тиімді, төтенше; деңгейіне байланысты - жоғары, орташа, төмен; сапасы жөнінде - тұрақты, тұрақсыз деп жіктейді.

Қалыпты жағдайда организмнің тіршіліктік жүйелерінің өзара байланысы әралуан әсерлерге барабар жауапты қамтамасыз етеді. Сондықтан әрбір тіршіліктік жүйе тұрақты (стационарлық) және өтпелі жағдайда болады.

Стационарлық жағдай белгілі бір мөлшердің айналасында байқалатын тербелісті көрсеткіштерден тұрады. Әрбір тіршіліктік көрсеткіш әртүрлі сипатталады. Мәселен, физиология мен клиникада қан айналысы жүйесінің жағдайы тамыр соғуының орталық көрсеткішімен анықталады.

Өтпелі жагдайлар - тіршіліктік жүйенің жаңа тұракты режимге ауысқан сәті. Өшелі үрдістердің жүзеге асуыла барлық реттеуші жүйелер катысады. Өшелі үрдіс - организмнің сыртқы әсерге беретін жауабы. Сонымен бірге тұрақты режим өзі бірнеше өтпелі жағдайлардан тұрады. Сол сияқты өтпелі режим ол да тұрақты кездерден құралады. Өтпелі үрдістер жеке тіршіліктік жүйелерді үнемі тендестіріп, организмді бірлескен жүйе ретінде жөнге салады. Әртүрлі физиологиялық жүйелердің жеке көрсеткіштерінің өзара математикалық тәуелділігі өтпелі әрекеттер деп аталады. Алайда бұл әрекеттер тұрақты және өтпелі режимдерде әртүрлі болады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет