Дінаралық СҰхбат пен келісімнің Қазақстандық Үлгісі



Дата27.06.2016
өлшемі61.58 Kb.
#160943
А.Әбуов,

филос.ғ.д., профессор,

«Қазақстан дінтанушылары»

қоғамдық бірлестігінің төрағасы

ДІНАРАЛЫҚ СҰХБАТ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІСІ
Қазақстан егемендігінің алғашқы жылдарындағы негізгі мақсат – елімізді мекендеген көпұлтты және көпконфессиялы халықтардың тәуелсіздік туы астында өзара ынтымақты әрі бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету болса, қазір ғаламдық жасампаздық пен тұрақтылықты баянды ету үшін әлемдік және дәстүрлі діндердің өзара әрекеттесуінің қазақстандық үлгісін қалыптастырды.

Дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың қасиетті ордасы Қазақстанды қазіргі таңда күллі әлем мойындады десек, артық айтқандық емес. Дін еліміздегі бірліктің рухани тірегі болып, халықтың ынтымағы мен тыныштығы үшін қызмет ететін өзінің табиғи міндетін атқарғанының нәтижесінде еліміз осындай биіктерге қол жеткізді.

Көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстанда діни мүддесі ортақ 18 конфессияның өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп, еліміздің нұрлы болашағы үшін еңбек етуде. Тәжірибелері мен ұстанымдары бөлек Қазақстандағы діндер әр түрлі сенімдегі ұлыстар мен әр қилы әлеуметтік топтағы адамдарды қамтиды.

Ішкі тұрақтылығы бекем Қазақстан қазіргі әлемдік дамудың күрделі, қарама-қайшылыққа толы, іргелі мәселелерін шешудің аса маңызды әдісі ретінде өркениеттер үнқатысуын ұйымдастыру үшін үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізіп отыруды дәстүрге айналдырды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І Съезінде бейбітшілікті, келісім мен тұрақтылықты адамзат өмірінің маңызды қағидаттары ретінде бекітуді, діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізуді, адамдардың діни сенімдерін қақтығыстар мен әскери әрекеттерді өршіту мақсатында пайдалануға жол бермеу – бұл форумның негізгі басымдықтары болып белгіленді.

Сондай-ақ, осы Съезде дінаралық және конфессияаралық дәстүрлерді дінаралық съездер түрінде нығайту, келешек съездердің келісілген, жан-жақты идеологиясы мен тұжырымдамасын дайындау үшін Съездің үнемі әрекет ететін органын жасақтау, Қазақстан Республикасында орналасқан Съезд Хатшылығын құру мәселелері талқыланды.

І Съезде қаралған негізгі мәселелер – әр адамның діни сенім бостандығының болуы, діндердің ерекшеліктерін зорлықты қорғауға, жеккөрушілік пен қақтығыстарды ақтауға пайдаланбау, терроризмнің бастауы мен себептері дінге қатыссыз екені, өркениеттер келіссөзі – қақтығыстарды болдырмауға бағытталған жаһандану жағдайындағы ерекше маңызды үрдіс болатыны, адамгершілік және этикалық құндылықтарға негізделген өркениеттер қатынасының әмбебап формуласын жасау үшін жаһандық келісімге ұмтылу.

Съездге дайындық мәселесі маңызды кездесулер ұйымдастырудан басталды. 2003 жылдың ақпан-маусым айларында әлемдік дін көшбасшыларымен бірнеше екіжақты кездесулер өткізіліп, онда Съезд мәселелері талқыланды. Солардың қатарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қасиетті Рим папасы Иоанн ІІ Павелмен, Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы ІІ Алексиймен, Дүниежүзілік Ислам Лигасының бас хатшысы Шейх Абдалла бен Абдель Мухсин Ат-Туркимен (Сауд Арабиясы), Израильдің Бас раввині Йона Мецгермен, Ватиканның Бас хатшысы кардинал Анджело Соданомен болған кездесулерін атап өтуге болды.

І Съезге даярлық барысында Конфессияаралық штаб Ватикан мемлекетінің Папа кеңесшілерімен, Дүниежүзілік ислам Лигасымен және өзге де діни орталықтармен белсенді түрде ынтымақтастық жұмыстарын жүргізді. Съезді дайындау және өткізу бойынша іс-шаралар жоспары ыждаһаттылықпен әзірленіп бекітілді.

2003 жылы 23 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев өзінің қарсы алу сөзімен Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің І Съезін ашып, ризашылығын білдірді.

Алғашқы Съезд жұмысына ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, синтоизм және индуизм дін өкілдерінен 17 делегация қатысты.

Дін көшбасшыларының 2003 жылы болған алғашқы Съезінде ел Президенті Н.Назарбаев: «Материалдық игілікпен мүлдем байланысты емес, адам үшін басым және негізгі болып қала беретін дау тудырмас құндылықтар бар. Олардың бастысы – руханият, имандылық. Олардың негізгі көзі әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және діни дәстүрлерін, өзіндік тарихи әрі мәдени тәжірибесін сақтаушы дін болып табылады», – деген болатын.

Әрі қарай мемлекет басшысы өз сөзінде соңғы кезде қалыптасқан «өркениеттер қақтығысы», «діндер дағдарысы» сияқты пікірлерге ерекше көңіл аударды. Қиындықтарға тап болғанда, адамның жаратылысы діннен жауап іздеуге бейім екенін Президент атап айтты. Діннің адамдарды ізгі іс-әрекеттерге жұмылдыра алу қасиеті қазіргі заманда қажет емес мақсаттарға пайдаланып жатқандығына, мұндай кезде қасиеттілік санатының мәні мен табиғи болмысы бұзылатынына баса назар аударды. Осының барлығы кез келген діннің негізгі қағидаларынан ауытқып, адамгершілікпен, әділеттікпен, жанашырлықпен еш түйіспейтін ессіздікке соқтыратынын қадап айтты.

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев әлем халықтарының мәдени, діни ерекшеліктерін идеологиялық және саяси мақсатта қолдануға болмайтын уақыттың жеткенін жария етіп, қатысушыларға ой салатындай дәлелдер келтірді.

«Осыған дейін конфессиялар өкілдері осыншалық көп жиналған мұндай форум болған емес. Астанадағы сол кездесу өңірлік әрі әлемдік ауқымда діндер арасындағы жаһандық диалогқа, түрлі конференциялар форумдарына маңызды ұйытқы болды. Бүгін біз Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының екінші съезін ашып отырмыз. Егер осыдан үш жыл бұрын біздің форумға 17 конфессиялық делегация қатысқан болса, қазіргі Съезге 29 делегация қатысып отыр. Бұл серпін назар аударуға тұрарлық және біздің форумның өскелең беделін білдіреді. Ол өзара түсіністік, қазіргі әлемде туындаған күрделі мәселелерге бірлесіп жауап іздеу жолымен біздің бірге жүріп келе жатқанымызды білдіреді», – деді Н.Назарбаев ІІ Съездің ашылуында.

"Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана" деген даналық сөз бар.

Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей, заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу – адамның өз міндеті.

Мінеки, біз бүгін осы жайында – адамзаттың бүгіні мен ертеңгі тағдыры туралы кең отырып кеңесуге жиналып отырмыз. Сонымен бірге бұл басқосу қазіргі дүниежүзілік саяси ахуалға, халықтар достығына игі ықпалын тигізеді деп сенемін»,– деген болатын Ұлт көшбасшысы ІІІ Съезде сөйлеген сөзінде.

11 қыркүйектегі сойқан лаңкестік әрекеттен кейін, әлемге «өркениеттер қақтығысы» дейтін қара бұлт төнгенде, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен шақырылған бұл форум 2006 жылы Таяу Шығыстағы ахуал шиеленісіп, Иракта соғыс жүріп жатқан күрделі уақытта да екінші Съезд арқылы жалғасын тапты. Үшінші Съезд әлемді шарпыған ең күшті қаржылық экономикалық дағдарыс қызып тұрған шақта өтті. Бүкіл әлем үшін бетбұрысты кезең болып есептелетін «әлемдік тәртіптің жаһандық трансформациясы басталған» уақытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші Съезі өтті. Осы Съездің алдында Дін көшбасшылары кеңесі құрылып, оның құрамына әлемнің жетекші конфессиялары – исламның, христанның, иудаизмнің, буддизмнің, индуизмнің, синтоизмнің, зороастризмнің өкілдері енгізілді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші Съезін ашарда сөйлеген сөзінде Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Қазіргі дүние жол айрығында тұр.

...Дін – руханисыздық пен ашкөздіктің алдындағы аса берік қорғаушы бөгеттердің бірі.

...Әлемнің ұлы ойшылдары дінді өнегелілік формуласы деп атайды», – деген тұжырымды ойлары арқылы діннің әлемдік деңгейдегі өлшеусіз ізгілігін игі мақсатқа пайдалануға шақырады.

2014 жылдың 17-18 қыркүйегі күндері Съезд Хатшылығы Жұмысшы тобының ХІІІ отырысы болып, онда 2015 жылы Астанада өтетін V Съезге байланысты барлық мәселелер қаралған болатын. Енді санаулы күндерден соң, яғни 10-11 маусым күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті V Съезі Астанада өткелі отыр.

Еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығы – ішкі және сыртқы қауіпсіздіктердің, бірлік пен татулықтың жемісі, бейбітшіліктен артық құндылық, тыныштықтан артық рахат болмайтынын әрбір саналы адам бағамдаса керек.

Қазақстан – әлем халықтарының да бейбітшілікте, келісіммен өмір сүргенін қалайды. Кез келген шынайы мәдениеттің наным-сенімге негізделетіні, наным-сенімнің түп қазығы дінге барып тірелетіні белгілі. Ал дін атаулының бейбітсүйгіштік, ізгілік қасиеттерге бағышталатын құндылығын игі мақсаттарға пайдалану – айтуға ауыз бармайтын нәубеттерден ғаламды құтқарып қалудың бірден-бір жолы.

УАҚЫТ атты төреші адамзаттан ғаламшардағы барлық мәдениеттер мен діндердің ізгілік жолындағы бір мақсатқа, дамыған әлемдік өркениетке бет бұруын талап етіп отыр.



«Өркениеттер тоғысы» шын мәніндегі өркениеттілікті, адами асыл қасиеттерді, демократияны жақтайтын діннің игі қағидаттарын халыққа жан-жақты түсіндіріп, адамзаттың рухани кемелденуін қажет етуде.

Баршаға ортақ «ЖЕР» атты алып мекенді сақтап қалу үшін келісім жасап, ортақ мәмілеге келу – бүкіл әлем алдындағы парасатты парыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет