ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫ
ҚАЗАҚ ТIЛ БІЛІМI КАФЕДРАСЫ
НҰҒМАНОВА ИНДИРА
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕРДІ ЖІКТЕУ МӘСЕЛЕСІ
Жетекшiсi: ф.ғ.к., доцент Т.Н. Ермекова
Сарапшысы: аға оқытушы М.Қ. Қанабекова
Қорғауға жiберiлдi:
“__” ___________ 2007 ж.
Кафедра меңгерушiсi: _________________
ф.ғ.к., доцент Т.Н. Ермекова
АЛМАТЫ, 2007.
ЖОСПАР
І. К І Р І С П Е
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Құрмалас сөйлемді топтастыру мәселесі
Компонент санына қарай топтастыру
2.1. Екі құрамды құрмаластар
2.2. Көп құрамды құрмаластар
3. Компоненттерінің байланысу тәсілдеріне қарай топтастыру
3.1. Салалас құрмаластар
3.2. Сабақтас құрмаластар
4. Сабақтастарды байланыстырушы амалдарының қатысына қарай топтастыру
1. Есімше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
2. Шартты рай формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
3. Көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
ІІІ ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Құрылымы мен мазмұны жағынан күрделі синтаксистік категорияға жататын құрмалас сөйлемдерді зерттеп, зерделеу тілтанушылар үшін оңай болмағандығы рас. Оның айқын дәлелі өткен ғасырдан бастау алатын сан салалы зерттеулер мен күні бүгінге дейін жарық көріп жатқан еңбектердің барлығында да сөйлемнің осы түріне қатысты күрмеуі қиын мәселелер мен табиғаты тылсымдау бір проблеманың шығып тұратындығында.
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемге қатысты алғашқы пікір, тұжырымдар П.М. Мелиоранский [5], Н.И. Ильминский [6]және т.б. түркітанушылар еңбектерінде көрініс табады. Авторлардың құрмалас деп көреткен сөйлемдері бүгінгі таным тұрғысынан алғанда жай сөйлемге жататындығына қарамастан, бұл еңбектердің сөйлем табиғатын танытудағы ролін жоққа шығаруға болмайды. Түркі тілдес халықтар ғалымдары да құрмалас сөйлемдерді арнайы зерттеу нысаны етіп алып қарастырды. Олардың қатарында М.З. Закиевтің «Синтаксический строй татарского языка», А. Жапаровтың «Синтаксический строй киргизского языка», Н. З. Гаджиева, Б.А. Серебренниковтардың авторлығымен жарық көрген «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. Синтаксис», Г.Г. Саитбатталовтың «Синтаксис сложного предложения в башкирском языке», К. Чонбашиевтың «Сложные предложения в русском и киргизском языке», Н. Нартыевтің «Строй сложного предложения в современном туркменском языке», сондай-ақ «Грамматика хакасского языка», «Грамматика татарского языка» т. т. еңбектерді атап өтуге болады. Аталған мәселе төл ғалымдарымыздың да назарынан тыс қалмады.
Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму тарихында оның негізін салушылар А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Жиенбаев, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев есімдері ерекше аталатыны сөзсіз. Аталған ғалымдар жалпы қазақ тіл ғылымының дамуына зор үлес қосты дейтін болсақ, соның ішінде синтаксис саласына қалдырған мұралары күні бүгінге дейін маңызын жоймағандығын атап өтуіміз керек. Синтаксистің аса күрделі де күрмеуі мол нысаны құрмалас сөйлемдерді зерттеп, зерделеу, оның тілдік табиғатын таныту мен құрылымдық-семантикалық белгілерін айқындау ісінде белгілі ғалымдар Н. Сауранбаев, М. Балақаев, Т. Қордабаев, Қ. Есенов, Р. Әмір, М. Серғалиев, Б. Шалабай еңбектерінің мәні зор.
Достарыңызбен бөлісу: |