Мазм ұны.
Кіріспе....................................................................................................................6-11
І тарау. Бауыржан Момышұлы шағармасының зерттелуі..............................12-24
ІІ тарау. «Ұшқан ұя» романындағы образдар жүйесі......................................25-31
ІІІ тарау. Повестегі қазақ салт дәстүрінің көрінісі..........................................32-42
Қорытынды..........................................................................................................43-46
Пайдаланылған әдебиеттер................................................................................47-48
Жоспар:
Кіріспе.
1-тарау. Бауыржан Момышұлы шығармаларының зерттелуі
2-тарау. "Ұшқан ұя"романындағы образдар жүйесі
3-тарау. Повестегі қазақ салт-дәстүрлерінің көрінісі
Қорытынды.
Мазмұны
Диплом жұмысының көкейтестілігі: Халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оның сәби шағынан бастап келешегінің қалыптасу барысына алғашқы баспалдақтарын жасаған. Тәрбие алған ортасынан өнеге ілген бала, кейінгі өмірінде де, болашағына да алған өсиет байланыстыра отырып, көздеген биігіне, ұлы мақсаттарға жетпек.
Немесе «балалық шақты балалық шағында көктетуді» (Ж.Ж.Руссо.) жөн санаған ата - ана, оның болашағынан зор жеміс көрері сөзсіз. Адам тағдырын шешетін бірінші құрал - тәрбие.
Жұмыстың негізгі мақсаты - «Ұшқан ұя» повесіндегі Б.Момышұлына әсер еткен ұлттық тәрбиенің қайнар көздерін ашу, шығарманың өн бойындағы құндылықтарды, мәселен: мақал-мәтелдер, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты жазушының көзқарасы мен ой тұжырымдары және ұрпақ тәрбиесіне үлгі ету.
Міндеті: Осындай өзекті де келелі мәселенің халықтың аяулы, сегіз қырлы, бір сырлы перзенті Б.Момышұлының жеке тұлға ретінде қалыптасуына өскен ортаның әсерін зерттеу мақсатында, ғибрат алу жолында «Ұшқан ұя» повесін зерттеудегі басты міндеттерді атасақ:
1. Тәрбиелеуде ұстаздың өзінің не біліп, не істейтіні маңызды болса, ал ұстаздың ықпалымен тәрбиелеушінің не біліп, не істейтінін ашу одан да маңыздырақ екендігін растау.
2. Баукең шыншылдығының дәрежесі - оның адамгершілік кемелдігі дәрежесінің көрсеткіші екендігіне көз жеткізу.
3. «Ұшқан ұя» шығармасының мазмұны мен мақсатының жемістілігін аңғарту.
Зерттеу әдістері: «Ұшқан ұя» повесін зерттеу барысында жоғарыдағы шығарманың мақсаты мен міндеттерін негізге ала отырып, жұмыстың зерттеу обьектісі етіп батыр өскен ортаны, тәрбиеге әсер еткен негізгі көздерге: салт-дәстүрлерге, ұлттық наным-сенімдерге, мақал-мәтелдерге көңіл бөлдік. Тақырыптың өзектілігі Бауыржантану ғылымының қалыптасу кезеңінде батырдың дара тұлғасын тану, өскен ортасы мен тәлім алған қайнар бұлағының көзін ашу және оның ұрпақ тәрбиесіне, көркем әдебиетке әсерін бағалау үшін «Ұшқан ұя» повесін жан - жақты қарастыру арқылы белгілі бір мақсатқа жету болып табылады.
Диплом жұмысының құрылысы кіріспеден, негізгі бес тараудан, қорытынды бөлім мен библиографиялық көрсеткіштен тұрады.
Кіріспе бөлімде Б.Момышұлының қысқаша өмір жолы, шығармашылығы, Баукеңнің балалық шағынан батыр болып қалыптасқанға дейінгі кезеңі және өзі көзі тірі кезінде жазып қалдырған мұралары жайында айтылады.
Шығармаларының құндылығы мен ұрпақ тәрбиесіне берерлік тәлімі жолдары ашылады.
1-тарауда «Б.Момышұлы шығармашылығының зерттеуі» жайына шолу. Бауыржанды көзі тірі кезінде көріп білген, оның сегіз қырлы бір сырлылығын таныған жазушылардың шығармалары мен жазушылық жолындағы өзі қалам тартқан шығармалардың зерттелуіне тоқталу. Мұнда батырдың сан қырын байқап, өз жанында жүрген М.Мырзахметұлының, Ә.Нұршайықовтың, Ш.Мұртаза, Е.Әлімжан, А.Бек, т.б. жазушыларымыздың Баукеңе, оның шығармашылығын зерттеуге қалам тартуы сөз етіледі.
Суреткердің көркем туындысының мәні мен тәлімдік биігі, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүріміздің «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейінгі алар орны мен мақал-мәтелдердің тәлімдік-тәрбиелік, өнегелік жолдары көрсетіледі. Көркем шығарманың бойындағы бүкіл бір ұлтқа тән мінез бен ұлттық байлықты көздейтін жолдар ашылады.
2-тарауда "Ұшқан ұя" романындағы образдар жүйесі деген тарауында көркем шығармадағы образдар жүйесінің молдығы, көркемдігі, жинақтылығы суреткердің шеберлігінің бір көрінісі. Бұл тарауда Б.Момышұлы сомдаған шынайы өмір көріністерін көркем әдебиетте бейнелей отырып, өзі өмір сүрген қоғам, орта, кезең суреттеледі. Бала Бауыржанның кішкене сәби көзімен тұшынып, сезінген сол қалпында жүрегінде сақтап қалып, кейінгіге өнеге ретінде қалдыруы ұлттық салт-дәстүрімізге, әдет - ғұрпымызға деген зор құрметтің бір айғағы десек те болар еді. Куба Республикасын арнайы қонақ ретінде арналған кезінде әр түрлі ресми аудиторияларда сөйлеген сөзінде өзінің шығармалары туралы: «Менің шығармаларым тұтастай және толығымен менің өз басымның естеліктеріне, өте - мөте ерекше делінген эпизодтар жиынтығынан іріктеп, ерекшелеп алған неғұрлым елеулі көріністерге негізделген. Оларда ойдан шығарылған оқиғалар да, ойдан жасалған образдар да жоқ» дейді. «Ұшқан ұя» да осы секілді ерекше туындының бірі, шын өмірдің көркем сөзбен бейнеленуі. Шығармадағы образдар жүйесі бала Бауыржанның көз алдында өмір сүрген адамдар немесе әжесі, әкесі, әпкелер секілді кейіпкерлер.
3-тарауда ұлттық салт-дәстүріміздің суреткер көзімен көріп, бала кезінде байқағандары мен әдет-ғұрыпты сақтауға деген шынайы көзқарасы баяндалады. Көркем шығармадағы дәстүрлік танымдарға суреткердің өлшемі, оның бағалануы, көзқарасы т.б. қамтылады. Салт-дәстүріміздің қазіргі күнге дейін сақталған және ұмытылған түрлерінің мәні мен маңызы ашылады. Суреткердің өз шығармасын зерттеудегі салт - дәстүр, әдет -ғұрыптарды мысалға келтіріп, көркем суреттеудегі негізгі мақсаты айқындалады. Ұлттық салт - дәстүріміздің бір елді ұлт ретінде сақталуы және қалыптасуы барысында атқаратын рөлі мен тәлімдік - тәрбиелік маңызы, біздің халқымызда дәстүрдің атқаратын игі қызметі ашылады.
Қорытынды бөлімде қазақ халқының біртуар ұлы, даңқты қолбасшы, жазушы, батыр Б.Момышұлының ар мен намыстың биік туын түсірмеген, оны көкейінде өмір бойы тұмар ғып ұстанған ұлы адам, Ғасыр адамының беймәлім қырлары ашылады. Гауһар тас секілді сан қырлы азаматтың бейнесіндегі кей ашылмаған тұстар, шығармаларындағы өз бейнесі мен өзге адамдардың батыр тұлғаның бойынан байқаған қасиеттері анықталады. Халық дәстүрін сақтау жолындағы қиылыстары мен ақылдылық пен тектіліктің алып қыраны екендігі ашылып, жұмыстың негізгі обьектісі айқындалады.
Кіріспе
Қазақ халқының даңқын шығарып абыройын асырған, айтулы ұлдарының бірі - гвардия полковнигі, жазушы, Совет одағының батыры Б.Момышұлы есімі қазақ еліне таныстыруды қажет етпейді. Ол «Халық батыры», ол «даңқты әскери қолбасшы», ол «көрнекті қаламгер» деген ұғыммен ұрпақ санасында біте қайнасқан.
Ол тұтас алғанда Нағыз Қазақ аса қастерлі, мәртебелі биік тұлғасымен танылған еді.
Туған ұлты үшін ұран салып, ұлт намысын таптатпай, ұлт байрағын құлатпай, айбынды ұстаған Бауыржан атамызды өз халқы шексіз сүйіп мерейін асырды.
Баукең үйреткен тағлым - Ұлы сенім, Болашаққа деген сенім еді. Бауыржан үйреткен тағлым - ұлы шындық.
«Жалғандықтың балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деп Баукең сияқты орақ тілді, от ауызды жаужүрек азаматтар ғана кесіп айта алады.
Бакең үйреткен тағлым - өз халқыңды ағынан жарылып, жанындай жақсы көру.
Бауыржан үйреткен тағлым - Ұлт ар - намысына, Ұлт тарихына, ұлт санасына, ұлт мәдениетіне қамқор болу еді.
Көзден кетсе де көңілден кетпеген және ешқашан кетпейтін Момышұлы есімі ерекше қымбат. Шынында да ол ұлттың бойтұмар азамат болуы бақытына ие болды. Ұлттық асыл қасиеттің қадірін бағалай алатын, терең түсінетін адам мұны біледі.
Ал, тарихи кесек тұлғалар тұғырында Б.Момышұлы өнегесі сол баға жетпес байлыққа жол сілтейді. Жас ұрпақты жігерлендіреді. Батылдыққа баулиды. Адамдыққа тәрбиелейді. Алаштың аты аңызға айналған аяулы перзенті Б.Момышұлының асыл әруағына тағзым етіп, атын ардақтағанда біздің ойымызға оның елі үшін еткен ең ересен еңбегі, ең қасиетті еңбегі алдымен оралады.
Б.Момышұлы жөнінде көркем дүние де көп жазылды. Мәселен, Баукең хақында көзі тірісінде - ақ жыр жазбаған ақын кемде-кем шығар.
Қазақтың қасиетті топырағы - Жуалы жұрты өз перзентіне тағзым етті.
Бауыржан аға ғибраты санаға сіңіп, көңіл көгіне жетті. Осы уақытқа дейін Бауыржанға таңдану басым да, оның болмысын ашу кем болды. Әрине оның өзіндік себебі бар еді. Кеңестік империя Момышұлын тек соғыс батыры, Москваны қорғаушы, қолбасшы ретінде ғана көргісі келді.
Алматыдан жасақталған 316- шы атқыштар дивизиясы 1941 жылдың күзі мен қысындағы Кеңестер одағы үшін ең қысылтаяң кезеңде Москваны қорғау шайқастарында орасан зор міндеттер атқарды. Сөйтіп, Қазақстанның, қазақтардың атағын айдай әлемге шығарды. Әсіресе, дивизия командирі, генерал Панфиловтың айрықша тапсырмаларын орындап батальонмен жау қоршауын бес рет бұзып шыққан аға лейтенант Б.Момышұлының ұрыс тактикасына енгізген жаңалықтары соғыс мамандарын таң қалдырды. Ақ теңіз бен Қара теңіз арасындағы мыңдаған шақырым майдан шебінде одан даңқы асқан батальон командир болған жоқ.
Ол Отан қорғау мәселесіне кең тұрғыда қарады. Өзін Кеңестік Армияның командирімін деп қана есептеген жоқ, қазақ халқының перзентімін деп есептеді. Сондықтан да ұрыс алдында тек бұйрық беріп қана қойған жоқ ұлт тағдыры туралы ұлағатты сөздер айтып, әр жауынгердің отаншылдық сезімін оятты. Жауынгердің парызын өтеу үшін ғана қолына қару ұстамай, халқы алдындағы парызын өтеу үшін қолына қалам да ұстады.
Майданда жүрген кезінде тек командир ретінде ғана емес, халқының жоқтаушысына айналды. Оның командирлігін қайраткерлігі биікке көтерді.
Егер мемлекеттік қайраткер, қоғамдық қайраткер бар болса, халықтың қайраткері де бар. Б.Момышұлы - халықтың қайраткері. Ол соғыста шен мен шекпенді ойлаған жоқ. Халқының ар намысын ойлады. Алдындағы жаумен айқаса жүріп, артындағы елдің тағдырына тебіренді. Алдындағы жауына оқ жолдаса, артындағы халқына сөз жолдады.
Бауыржанның ұлттық рух, ұлттық патриотизм жөніндегі ойлары соғыс жағдайындағы идиологиядан аса алшақ кетпейтін еді. Бірақ, ұлт үшін таңдау ақиқатын халықтың өткенінен іздеуі империялық көзқараспен сәйкес келген жоқ. Сондықтан да оның соғыс кезінде жазған қыруар жазбалары, хаттары, лекциялары, Москва мен Алматының мінбелерінде сөйлеген сөздерін сол кездің идиологтары қалың көпшілікке жеткізгісі келмегенімен, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарады».
Ата дәстүрімен тәрбиеленбеген адам - ана сүтін ембеген баладай жатбауыр келеді. Тарихын танымаған - мәңгүрт. Тілін білмеген - дүбәрә. Өз ұлтының рухын исінбегендер басқаларға еліктеп кететінін ол көзімен көрді. Сондықтан да ұлттық тәрбиені қалпына келтірудің жобаларын жасап, республика басшыларына жолдап отырды. Қазақ тілі туралы қадап айтты. Тілдер туралы заңымыздың да қазіргі күннің өзінде толық күшіне енбегенін мойындауымыз керек. Бұл заңды күшіне енгізуге тежеу болып отырған Баукең айтатын «бетіне қарасаң біздікі, ал кеудесіне үңілсек, аяғы аспаннан салбырап түскендей» өз қазақтарымыз екені жасырын емес.
«Ұшқан ұя» туындысы Б.Момышұлының орыс тілінде «Наша семья» деген атпен жазылған алғашқы көлемді шығармасы болады.
Бұл шығарма мазмұны мен көркемдігі жағынан жоғары бағаланып, Абай атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл шығарма 1956 жылы жазылған болатын. Ал «Москва үшін шайқас» деп аталатын туындысы орыс және қазақ тілінде жазылған, әрі Баукеңнің майдан төрінен оралмай қалған қанды көйлек майдандас жауынгерлер тағдыры суреттеумен ерекшеленетін айрықша мәні бар шығармасына айналып үлгерді. Ұлы Отан соғысында халқының ұлттық батырына айналған Б.Момышұлы бұлтта ойнаған жасындай Москва түбіндегі шешуші шайқастарда қапияда ой тапқан, қараңғыда жол тапқан, ерен ерлігімен даңқы әлемге жайылып, аты аңызға айналған бірегей қолбасшы ретінде танылды. Бауыржанның «Москва үшін шайқас» кітабын жазудағы басты мақсаты Ұлы Отан соғысында шейіт болған майдандас жауынгерлерге солдаттық парызы ретінде ескерткіш орнатуы болатын.
Б.Момышұлының соғыс кезінде жазған ең көлемді еңбегін - «Соғыс психологиясы». Кезінде Қазақстан ғалымдары мен қаламгерлеріне арналып оқылған бұл монографиялық лекциялар күні бүгінге дейін осы саладан біздің елімізде жазылған ең іргелі де күрделі еңбек болып отыр. Сондықтан да Қазақстанда соғыс философиясының негізін қалаған Б.Момышұлы деп айтуға әбден болады.
Баукеңнің Ар, Намыс, Парыз, Ұлттық Рух, Ұлттық патриотизм, интернационализм, ерлік, адамгершілік және басқа толып жатқан сезімдер туралы анықтамалар мен түсіндірмелері - өз басынан өткізген адамның сезінгендері. Сондықтан да көкейге қонымды.
Баукеңнің ұғымында өз ұлтының тәрбиесінен жұрдай адамнан баршаға бауырмалдық шықпайды. Өйткені ол ұлтты сүюдің не екенін білмейді.
Бауыржан Момышұлы соғыс аяқталғаннан кейін Кеңестер Одағы бойынша айрықша іріктеліп, тұңғыш рет Бас штабтың академиясына қабылданған ең таңдаулы 250 офицердің ішіндегі жалғыз зиялы азамат болды. Бұл оқу орнын бітіргеннен кейін әскери академиялардың профессор атағын алып, дәріс берді. Басшы әскери қызметтер атқарды. Бірақ жоғарыдағы бас штаб академиясын бітіргендердің ішінен тек Момышұлына ғана генерал дәрежесі берілмеді, қиянат жасалды. Ол отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Ол енді шығармашылыққа біржола бет бұрды.
Көркем әдебиеттің, оның ішінде соғыс тақырыбына жазылған, жазылатын әдебиет тағдыры Баукеңді майданда жүргенде-ақ толғандырған болатын. Ол өзінің республика идеологтары мен ақын - жазушыларына жазған хаттарында соғысты суреттегенде, жауынгер бейнесін бергенде шыншылдықты ұстануды талап етті.
Ұлттық әскеріміздің қалыптасып жатқан қазіргі кезеңде біздің әдебиетімізге Баукең сияқты жанашыр керек екені айтпаса да түсінікті.
Баукең шығармашылығының бір саласы оның өлеңдері мен қанатты сөздері, мақал - мәтелдері. Батыр жазушының өсиет сөздері күні бүгінге дейін елдің аузында. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі айрықша естіледі.
«Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет», «Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет», «Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек» деген сөздері бүгінгі күннің өзекті ұраны. [29. 16-17]
Бұл саладағы еңбегі Бауыржанды халқымыздың дуалы ауыз би-шешендерінің қатарына апарып қосады.
Прозаик Бауыржанның «Офицер күнделігі» (1952ж. Калинин қаласы, орыс тілінде), «Генерал Панфилов» (1963ж), «Жауынгер тұлғасы» (1959ж), «Бір түннің уақиғасы» (1954ж Калинин қаласы), «Москва үшін шайқас» (1959ж), атты кітаптары жауды жеңу үшін алдымен өзіңді жеңуің керек екенін тамаша талдап берген шығармалар. ал «Ұшқан ұя» романын ұлағатты ұғыну бір бөлек. «Отты жүректің ыстық қанымен жазылған» жазылған бұл еңбектері - өлмес мұралар. Тарих куәсі болып қалмақ.
Бәрін екшеп келгенде Баукеңнің өнегесі бізді халқымыздың алдындағы перзенттік парызымызды өтеуге үйретеді.
Аты аңызға айналған Баукең тарихи бейне ғана емес, ерліктің жанды үлгісі болмақ.
Аңыз болған, ғасыр адамы Б.Момышұлы өзінің дүниеге келу тарихынан мәлімет бере кетеді: «Момыш әкемнің айтуынша, мен мың тоғыз жүз оныншы жылдың қысында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын» [17. 479]. «Ұшқан ұяда» келтірген мәліметіндегі Бауыржанның дүниеге келген мекені Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені.
Момышұлының соғыс кезіндегі Ерен ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А.Бек «Арпалыс» («Волокалам тас жолы») повесін жазды. Бұл шығарма кейіннен ондаған тілдерге аударылып басылды.
Момышұлы Ұлы Отан соғысынан кейін Совет Армиясы Бас штабының Жоғары Әскери академиясын бітірді. (1950ж) Әскери-
педагогикалық жұмыспен шұғылданып, Совет Армиясының әскери академиясында сабақ берді.
1955 жылы Кубаға барған сапары бойынша жазылған «Куба әсерлері», «Төлеген Тоқтаров» т.б. кітаптары жарық көрді. 1956 жылы «Жонарқа» атты әңгімелер жинағы шықты. «Артымызда, Москва» шығармасы бойынша кинофильм түсірілді. 1969 жылы алғаш рет екі томдық шығармалар жинағы басылды.
Баукең соғыс жылдарында еліміздің көрнекті қоғам қайраткерлерімен, ғалымдармен хат жазысып, пікір алысып тұрған. Қазақстан ғалымдары Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовке жазған хаттарында көркем әдебиетке жанашыр, ұлт болашағына тереңдікпен қараған ұлы тұлғаның айтпағын түсіну парыз.
1943 жылы желтоқсан айының соңында Алматыға майданнан оралған гвардия полковнигі Б.Момышұлын Қазақстан жұрты қуанышпен құшақ жая қарсы алды. Зиялы топ өкілдері ақын Жамбылмен, ұлы жазушы М.Әуезовпен сұхбаттасады. М.Әуезовпен екеуінің арасындағы хат арқылы байланыс шынайы сұхбаттасуға, білісуге айналып Қазақстандағы әскери әдебиет жайындағы еңбектерге көңілі толмай жүрген Баукең «Қанмен жазылған кітапты» өмірге әкеледі.
Алматыда ол алты күнге созылған әңгіме - дәріс өткізеді. Осыны Бауыржан екі том көлемінде бастырып, бірінші данасын Қ.Сәтбаевқа екіншісін өзі майданға әкетеді. 1975 жылы жазда қолжазбаны М.Мырзахметұлына берген, содан соң әңгіме - дәрістің стенограммаға түскен түпнұсқасы жарты ғасырдан соң жазушы (М.Әуезов) архивінен алынып, «Соғыс психологиясы» деген атпен алғаш рет басылды.
Б.Момышұлы шығармалары жаңа буын ұрпақтарын ата дәстүрді қастерлеуге, Отанды сүю рухында тәрбиеленудің рухани қазына көзіне айналарына сенеміз.
1-тарау. Б. Момышұлы шығармашылығының зерттелуі
Өткен ғасырдағы қазақтың біртуар азаматы, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып, онысын ақиқатпен ұштастырған, ерлігі мен өрлігі, азаматтығы елді ардақтаудың ең биік үлгісіне жетіп халықтың бетке ұстар ұлына, мақтан тұтар қаһарманына айналып кеткен Кеңес Одағының батыры Б.Момышұлы артына мол әдеби мұра, көркем дүние қалдырған, ұлтжанды, терең ойлы жазушы Бауыржанның «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап», «Москва үшін шайқас» сынды кітаптары баршылық жұртқа аян. Батыр тұлға жайында Александр Бектің «Волокалам тас жолы», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітаптары ұлы қаһарманның шынайы бейнесін дүйім елге паш еткен шығармалар деуге тұрарлық. Ол жайында ел ішінде айтылатын ұшы - қиыры жоқ аңыздар мен ақиқат Бауыржан тұлғасын биіктете түскендей. Бауыржан атағын асқақтатып, бүкіл халыққа әйгілі еткен батырлығы десек ол туа дарыған және жүре дарыған асылы. Батырлық Бауыржанның ерлігі арқылы ғана емес, туа біткен мінезі мен тәлім-тәрбие арқылы жұғысты. Оның бала Бауыржаннан батыр Бауыржанға жету аралығында шыңдалу мектебімен қоса өзі жазған «Ұшқан ұяның» да әсері мол еді.
Бұл мемуарлық шығарма болғанмен көркем дүние. Мұнда жазушы тек өзінің өткен өмірі мен өскен ұясының тіршілігін нанымды суреттеп қана қоймай, он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ халқының әлеуметтік жағдайы, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, мінез - құлқын, тіршілік көзін, туған жерге деген ыстық махаббаты, қазақ халқына ғана тән дархандықты, қадыр - қасиетін дара танып, елеп екшеп көрсете алды. «Ұшқан ұя » да Аққұл сияқты ат пірінің, Зейнеп секілді асыл әйелдің, көкесі Момынқұл секілді аңқау қазақтың «арым жанымның садағасына балайтын» Бабаш «алдыңа келсе ағаңның құнын кеш» дейтұғын Текебай мен Қабылбек билер Асыл қасиетті әже Асқар тау Момыштың жан тебірентер бейнелері жасалған.
Бұл кітабында халқымыздың үлкенді сыйлау ата - ананы ардақтау сияқты асыл қасиеттері қазақтардың ары мен намысы үшін жан аяспайтындығын халық ауыз әдебиетінің адамгершілікке, азаматтыққа тәрбиелейтін жақсы үлгілерін бүкіл дүние жүзі әдебиетінің асыл мұраларымен теңестіре суреттейді. «Ақиқат пен аңыз» кітабында Бауыржан 1942 жылы «Қызыл жұлдыз» газетіне «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам опасыз оңбаған адам» деп жазғанын айта келіп, Энгельстің «өз елінің бағасын білген адам ғана басқа елді қадірлей алады» дегенін мысалға алады.Оның интериациолистігі өз халқына сүйіспеншілігі арқылы келген Б.Момышұлы да бірінші өз ұлтын сүюші өзге ұлтты құрметтеуші. Соғыс кезінде Қазақстанға хат жазып, халық ақындарының айтысын ұйымдастыру керектігін, ұлттық киімдерді сақтау, үлкенді құрметтеу, ананы ардақтау, ағаны қадірлеу сияқты жақсы дәстүрлерді жаңғырту мәселесін қозғайды. Бұл халықтың рухын көтереді деген кесімді пікір айтады. 1943 жылдың наурызында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің председателі Н.Оңдасыновқа жолдаған хатында «Жігітті жауынгерлікке тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» деп аталатын қолжазбасындағы тараудың жоспары жөнінде пікір алысқысы келетіндігі жайында айтылады. Ел арасында «Б.Момышұлы айтты» дейтін қысқа әрі нұсқа әңгімелері бар.
Сондай әңгімелерді жинаған жазушы Мамытбек Қалдыбаев Бауыржанның өз аузынан жазып алған көрінеді. Қысқа әңгімелерінің бірі «Бізде көп нәрсе бар» деген атпен беріліпті. Мұнда Бауыржан өскен орта мен қазақ халқының даналығын, қол өнерін ерекше атап көрсетеді. «Өз үйім - Отан ошағым» деген сөзді «...Менің ошағым Отанның ошағы, Отан болмаса ошағым да, үйімде, болмас еді, менің үйім де, ошағым да Отандікі деген патриоттық сөз» деп, мұндай сөзі қанша халықты көрсе де нақ жетер жеріне жеткізе айтқан қазақ халқындай халықты көргенім жоқ деп тебіренеді. Б.Момышұлы ұлттық дәстүр мен қолөнерді сақтау мен оның келешегі жайында алаңдаған бірігей жан болатын.
Бауыржан Момышұлы жайында соңғы кезде аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен ол жазған шығармалардың барлығы дерлік зерттеуді қажет етеді. Баукеңнің шығармаларының қасиетін тану философиялық, әдеби, социологиялық, саяси жағынан талдауды, зерттеуді қажет етеді.
Бауыржанның өз халқына ұқсаған биік тұлғасы бар, оның ел ұғымында жинақы, толық, тұтас бейнесі қалыптасқан. Ол тек соғыс қаһарманы ғана емес, сонымен бірге жарқын бейнелі, қайта тумас, сол кезеңдегі «ноқтаға басы сыймаған» жалқы азамат еді. Оның батыр атағымен қоса, жазушылығын тіркесек алуан түрлі алып тұлғаның тұтастығы қалыптасады. Аңызға аты айналған Момышұлының тұлғасы батырлығы мен жазушылығымен ғана айқындалмайды, сол секілді ол жайындағы ел арасында аңыз - әңгіме боп тараған есімінің өзі ерекшелеп тұрғандай. Шындығын айтсақ, қазақ халқының қайталанбас тұлғасы.
Сол алып тұлғаның тапқырлығы мен ерлігін танытқан, әлемге мәшһүр еткен шығармалар аз болған жоқ. Шынайы тапқырлығы мен ерлігі жайында жазушы Тахауи Ахтанов «... Мұның арғы негізін советтік әскери мектептен іздеу керек шығар» деген сөзіне «Аптығып алдымды орай берме. Бәрін де рет - ретімен басынан бастау керек. Кез - келген бұлтартпас шындықтың өз жөні бар». «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Демек, ұядан бастауың керек. Қаһармандық эпостың көбі қазақта. Ерлігімізді елдігімізді ести жүріп өскенбіз. Қазақтың ең ірі, ең қасиетті сөзі – Намыс, Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес, намысын үшін өлсең бопты дейтіні де содан. Мен өз халқымның намысын аяққа баса алмаймын» деп кесіп айтқан. [3.]
Бауыржанның қасиетті шындығы да осында. Шындық - Бауыржанның болмысына біткен асыл қасиеті бұл жерде тағы да генерал И.М.Чистяковтың сөздеріне жүгінсек: «Маған Момышұлының және бір қасиеті ұнады. Ол - шыншылдығы. Қандай қиындыққа душар болса да, оның әрқашанда шындықты айтарын мен білетінмін. Ол өз қарауындағы жауынгерлердің де сол шындықты талап ететін» дейді ол. Бұл абсолютті шындық болатын. Абсолютті шындықты айта білсе сол кезеңге ғана емес, болашаққа, зор пайдасын тигіземін деп есептеді. Осы себептен оның айтқан шындығы өз ұлтының, мемлекетінің айналасындағы шындық, қазақ тілі мен ұлттық салт - дәстүрдің аяқ - асты бүлінуі, жойылу алдындағы мүшкіл халі еді. Осы себептен ол соғыста жүрген кезінде де елдегі билік басындағы азаматтарға хат жазумен болды. Ұлттық рух пен патриотизмді күшейту үшін ұлттық тәрбиені қалпына келтіру керектігін қайталаумен, жоғарыға жазумен болды. 1943 жылдың 18 наурызында сол кездегі Қазақ КСР Халық комиссарлары Советінің председателі Н.Оңдасыновқа «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс». Ал Қазақстан Компартия ОК- ның хатшысы М.Әбдіхалықовқа «Қазақстанда қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына төрге шығарылып отырғызылуы керек» деп жазып, бұл қажеттіліктерді жүзеге асыру жөніндегі бірнеше ұсыныстар береді.
Шындығында Бауыржанның «соғыс психологиясы» жайлы жазған еңбектері Отанды қорғау мақсаты, әскери - ағартушылық әдебиетінің негізін салудың алғашқы баспалдағы ғана емес, өзін «ұшырған ұяны» бүкіл қазақ ұлтын қорғау мақсатында жазылған десек те болар еді. Отанды қорғау ұғымы Бауыржан Момышұлының әлдеқайда кең. Оны ұлы тұлға өз ұлтының алдындағы перзенттік парызым деп есептеді. Адамның адамгершілік, пенделік қасиеттері туралы жазған жазушы Парыз жайында: «Парызды ерліктің жүрегі» дей келе, «Парызды саналы түрде түсіну ғана барлық игілікті істерге аспандағы бағдар сілтер жұлдыз сияқты, адам неге қабілетті болса, соған барлық ұлы және тамаша нәрселерге қабілетін арттыра түседі... Әлемде парыздан артық қуатты, қозғаушы күш жоқ, әрі болмайды да» деп түйіндейді.
«Тақыр жерге шөп шықпайды». Батыр да, ақын да негізі бар жерден шығады. Бауыржан секілді ұлы тұлғаның кеңестік «темірдей тәртіп» тәрбиеледі деу қисынсыз. Оны өз шығармасы «Ұшқан ұяда» кеңінен қамтып, дәлелдер келтірген. Өз ортасынан алған тәрбиесін ол (Бауыржан) «Ұшқан ұясында» өзіне тән көркемдікпен тамаша суреттеген. Осы бір шағын мемуарлық шығармадан қазақ халқының бай салт - дәстүрі мен әдет - ғұрпын кеңінен тануға мүмкіндік береді. Шығарманың өн бойынан бүкіл бір ұлтқа тән қасиет қамтылған, оны оқыған адамның қазақ халқы жайындағы ұғымы кеңи түседі.
Бауыржан ұшқан ұя әсерімен ел намысын ерте сезінген, сол намысты қолдан бермеуге басынан бекінген. Халқының асыл қасиеттерін бойына ана сүтімен сіңірген Баукең өзіне дейінгі қазақ зиялыларының үлгісімен келесі кезеңдегі орыс оқуын соншама оқып, зейінін берсе де, ділін берген жоқ. Оның ұғымында нағыз интернациолист болу үшін бар болмысымен өз ұлтының өкілі болуын керек. Бауыржан бар болмысымен өз ұлтының өкілі бола білді. Кеңес үкіметінің қатал системасы Қазақстанның тәуелсіздігі, ұлттық оянуы туралы ұрандар аз жылда жым-жылас болып, рухын тербетер ештеңе қалмады. Міне, осындай жылдардан кейінгі Бауыржанның ерлігі мен өткір сөздері ұлттық мылқаулықты жойған үн еді. Е.Әлімжанша айтсақ: «Қазақ Бауыржаның Жан, Ар Тауы етіп айтты. Сол - ақ екен оған табынушылар мен бірге ізін қуушылар да шықты. Бір кездесуде Олжас Сүлейменовтың; «қазақтардың ішінде маған әсер еткен, идеал етіп ұстанған адамым Бауыржан Момышұлы ғана болды» деуі тегін емес... Кейде маған атеизм мен аферизм жайлаған заманда ұрпақтарына қона алмай қараланған бар қазақтың әруағы Бауыржанды ұстанғандай көрінеді». [6.]
Бәлкім адамға деген қалтықсыз сүйіспеншілікпен оның болмыс бітімімен бірге берілген Алланың қасиетті сыйының Баукең бойына тарағанның бірі шығар. Тумысынан асқан дарынды өмірлік мұранының биіктігі адамгершілік сезімінің ұлылығы бас тіршілігінің тазалығынан, отаншылдық сезімінің даралығынан да шығар.
Баукеңді идеал тұтып, оның өткірлігі мен табандылығы мен шыншылдығына тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де құрметтесе керек. Генерал - полковник И.М.Голушко «Тыл солдаттары» деген кітабында Б.Момышұлы есімін ең алдымен атайды. Онда мынандай жолдар бар: «...жалпы тактикадан сабақ берген ұстазымыз Бауыржан Момышұлы. ..ол өзінің әскери атағына қарамастан, әм қарапайым, әм қатал кісі болатын. Академияның тыңдаушыларының бәрінен бірдей тәртіпті талап ететін... Біздің академияда полковник Момышұлын тыңдаушылар да, оқытушылар да қарапайымдығы мен өз ойын бүкпесіз ашық айтатын туралығы, адалдығы және ақкөңілдігі үшін жақсы көретін». [11.]
Әділдігі мен шыншылдығы үшін аңызға айналған алып тұлғаның басты ерекшелігінің өзі осында жатқан жоқ па? Оның шығармаларында ұлттық өнегенің негізі жатыр, онда ойдан шығарылған оқиғалар мен образдар жоқ. Сондай туындысының бірі және бірегейі - «Ұшқан ұя».
Бұл туралы: «Менің айналысып жүрген тақырыптарымды жобалап айтқанда былайша түйіндеуге болар еді:
СССР азаматы тұлғасындағы қазақтың қалыптасу процессі.
Бұл тақырыптың өзі 1911-1941 аралығын қамтиды. Осы тақырыпты игеру үстінде менің «Біздің семья» деген кітабым және бірнеше әңгімелерім жарық көрді» - деп тақырып өзектілігін анықтаған болатын. «Ұшқан ұя» жазушының шығармаларының ішіндегі ерекше мән бере қарайтын, ерекше жақын тартары. Мұның себебі өзі қанат қағып ұшқан ұяға деген әсер, жас баланың санасынан өмір бойы өшпестей болып жатталып қалатын жақтары. Бұндай сезімдерді әрбір адам басынан кешпей тұра алмайды. «Ұшқан ұяны» оқыған әрбір адам адамдық, әдеппен әдет, отаншылдық сезімдердің қалай қанаттанып, жанданып ұшталғанын біледі. Бұл кітап Бауыржан өмір сүрген және қазіргі кезеңде де бала тәрбиесіне, жанұяға, ұрпақ тәрбиесіне арналған бірегей кітап болатын. «Тәрбиесі жаманға жақсы ұстаздан пайда жоқ» (Сараин) демекші баланың әлеуметтік ортасындағы ең әсерлі фактордың болғандығы рас. Ал шындығында тәрбиеге әсер ететін ата - ана, достары, ұстазы емес пе? Мұны Бауыржанның өзі: «Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген дәріс оқыған, ұстаздарымды есіме түсіріп ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата - аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді...» - деп ағынан жарылатындығы, әжесі мен әкесінің уағызы басымырақ болғандығын аңғартады. Ұлы тұлғаның бойындағы отаншылдық, туысқандық, әділеттік, шыншылдық сезімнің негізгі өзегі де ата-ананың , демек әжесі мен әкесінің тәрбиесінде жатқан секілді. Әкеден үйренген «жеті ата», жыл қайыру, әже айтқан Қазығұрт, қарлығаш, жарқанат, жылбасы жайлы ертегілер бала Бауыржанның қиялын тербеп, ұғымын кеңейтіп, таным шеңберін аша түсті.
Суреткер «Ұшқан ұя» повесі арқылы бүкіл қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік болмысын салт-сана, әдет-ғұрпын өз аулы арқылы ұрпақ алдына шыншыл жайып салған. Жариялылық заманның желі еспей тұрған - ақ жоғалып, құрып бара жатқан салт-дәстүр ата-мұрамыздың шын жанашыры бола білді. Бауыржан бір әңгімесінде: «Тарихты білу керек. Дәстүр, әдет-ғұрып, аспаннан түскен жоқ. Біз олар жөнінде үлкен қате істедік. Сол қатені осы күйге дейін түзей алмай келе жатыр» - деп қоғамға ащы сын айтқан. [18. 233]
Санаға жастай сіңген өнеге, тәрбие әсері теңдесіз құбылыс із екендігін өз тәжірибесінен жақсы сезінген ол «Ертексіз өскен бала рухани мүгедек адам... Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмасын деп қорқамын... балаларымның мен сияқты ғұлама әжелері азайып бара жатқанына қатты өкінем, қабырғам қайысады», - деп тебіренуі адам санасында тәрбие берілудің алғашқы сатылары өмір бойы сақталатындығын ескеруінде болса керек. Осы секілді үлкен әлеуметтік мәселедегі тәлім-тәрбиелік мәні зор өзекті ойларға жұрттың назарын аударғысы келді, аударды да.
Салт дәстүр халықтар кәсібіне, сеніміне, тіршілігіне байланысты қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын әдет-ғұрып, дәстүр. Уақыт озған сайын оған жаңалық еніп, өзгеріп, қоғамдық қатынастарға қайшы келетіндері. Жойылып, өмірге қажеттілері жаңа жағдайда ілгері дамиды. Сондықтан да халық дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп дұрыс айтқан.
Ұлттық дәстүрлі тәлім тәрбиенің танымымыздан сызылып, жанымызға жақын қасиеттердің құлдырауы, жойылуы ең алдымен ұлттық сананың күйреуіне, ұлттың түбегейлі құрып кетуіне, ұлттың менталитетінен жат нәрселердің қалыптасуына әсер ететін қатерлі құбылыс. "Ұшқан ұя" ұлттық негіздің түп тамыры болып табылатын қазақи тәлім-тәрбиенің озық үлгісі болды. Сондықтанда шығармада мақал-мәтелдерге, ертегілерге, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің әрқайсысына жеке-жеке түсінік беріліп одан ғибрат жолдарын айта кетеді. Мұнда тәрбиенің аса қажетті үлгілері көп. «Ненің жақсы, ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді үйреткен; ар заңының, әдеттің жинағынан алғашқы тарауларда таныстырғанда ең алдымен ата-ана, ағайын-туыс еді» деуі отбасындағы ұлттық тәлім-тәрбиенің бала санасына тез қонатындығын аңғартса керек. Бұдан шығатын нәтиже: қолдан келгенше балаға от басындағы ісіңмен, ақыл-кеңесіңмен, қарым-қатынасыңмен, силастықпен үлгі-өнеге көрсет. Бала қабылдаса шын қабылдайды. Жас бала жас шыбық сияқты. Қалай егілсе солай өркен жаяды. Сол себептен қазақ бала тәрбиесіне өте сақтықпен қарап, оған ерекше мән беріп, баланың көзінше жаман сөз. Орынсыз не болса соны айтпаған.
Момышұлын тану, ұғу дәркүмән күйде, себебі оның өзі әдеби кейіпкерге айналған, ауыздан, ауызға тарап, өлең-жырға да өзек болған, тіпті өз басынан да асып, аңызға айналған адам жөнінде әсіресе оңай болмаса керек. Біз А. Бектің «Арпалысында» Бауыржанның командирлік тапқырлығы мен ерлігі жайында тамаша жазылған. Солардың ішінде оның майдандас серігі Дм Снегин «Шалғай шетте», «Шабуылда» повестерінде, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин «Менің майдандас достарым» кітабында, сондай-ақ майдангер журналист, публицист Александр Кривицкий «Мәңгі бақи ұмытпаймыз» повесінде де жазған. Кезінде сегізінші гвардиялық Панфилов дивизиясын басқарған генерал И.М.Чистяков «Отанға қызмет етеміз» мемуарында барынша ыстық ықыласымен бейілдене жазған болатын. Бұл айтылғандарға Бауыржан туралы ақындарымыздың өлең-жырларын қоссақ, Момышұлының тым кесек, ірі тұлғасы пайда болады. Мұнымен қоса оның басқа бір кейпі, де жасалғанды. Бұл образ халықтың өршіл қиялымен, аңыз-арманымен жасалған еді. Сол қиял мен арман тоғысқан мінездеме біреу ғана болғанмен Бауыржанның ерлігі, көзсіз батылдығы, туралы мен адалдығы жөнінен оны сегіз қырлы бір сырлы болды деуге негіз болады. Өйткені аңыз таратушы әр адамды өз мұратынан көргісі келеді. Өз деңгейінде, өз ұғымына лайықты көргісі келеді. Онын «Артымызда, Москва» кітабы Москва түбіндегі драматизмге толы шайқас картиналарын бедерлі бейнелей білуімен шыншылдығымен айрықша қасиетті. Бұл кітапта ол шыншылдығынан бір ауыз шегінбеген өз бейнесіне қатты ұқсаған. Бауыржан Момышұлы көзсіз батырлығымен қоса шешен, дана, ол тәлім-тәрбиенің көзі болып табылатын қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына дарытқан жан. Оның атаулы шығармасын оқысаңыз да ең бірінші қазақтың қандай ұлт екендігі, немен айналысатындығы, рухани байлығы, не ырымы, салт-дәстүрі, яғни бүкіл бір ұлтқа тән ерекшелігін байқай аласыз. Өзіңіздің бойыңызда бір ұлтқа тән бар асылды осы кітап ішінен кездестіру барысында өз ұлтыңызға деген жылуды сезіну ғажап емес.
Жұмыстың тақырыбына орай, "Ұшқан ұя" повесіндегі тәлім-тәрбие көздерін мынадай топтарға жіктеуге болады.
1. Көркем шығармадағы мақал-мәтелдердің маңызы.
2. Ұлттық салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыпқа жазушының көзқарасы.
3. Бала тәрбиесіндегі жоғарыдағылардың атқаратын қызметі, ролі. Осы айтылғандардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын болсақ, «Жетіге келгенше бала жерден таяқ жейді» мәтелі сәби жеті жасқа толғанша өзін-өзі берік ұстай алмай қалт-құлт етіп жүреді. Ал жетіге толғаннан соң өрен аяғын нық басады деген мағынада айтылса керек. Жазушы мәтелдің мәнін бұдан гөрі тереңдете түсіп, «Азаматтыққа аттанар жолдың алғашқы қадамы осы жерден басталса керек»дейді.
Бала көкейіне тез сіңетін мақал - «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты». Бұл өзіне сенімді, маңғаз, тәкаппар кейіппен еш нәрсенің байыбына бара бермей төбеңнен қарайтын, айналасындағыларын шыбын құрлы көрмейтін өркөкірек мінезді адамның кейпі. Бауыржан халықтық даналықты өзінің шығармасында пайдаланғанда оның бала тәрбиесіне, жеткіншектің қалыптасуына, санасының өсіп, адами құндылықтың ұялауына көп мән бергенін байқаймыз.
«Ертексіз өскен бала - рухани мүгедек адам» - мұнысы мақал-мәтелсіз, ұлттық нәрсіз өскен бала – елінің ойлауға сана-сезімін оята алмайтындығын аз сөзбен түйіндеген. Шындығында мақал-мәтелсіз өскен бала Бауыржан айтқандай мүгедек. Ата-ана балаға ақылды мылжың сөзбен емес, нақылға толы, ұтымды екі-үш сөз тіркестерінен құралған мақал-мәтелмен ұтымды жеткізген. "Ұшқан ұя" повесі арқылы суреткер атасы, әжесі, әкесі, ауыл ақсақалдары айтқан қазақи әңгімелердің, аңыз-ертегілердің, жыр-дастандардың, мақал-мәтелдердің өзінің азамат болып жетілуіне қалай әсер еткенін, есейгенде суреттейді.
Байлығына сенетін мырзасымақ, реңсіз, кекеш болса да айдай аруға ұмтылатын, ақыры уысына түсіріп, тоқалдыққа алған бір ауқаттының, яғни бір туысының келеңсіз қылығына Бауыржан «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деген мақалмен түйіндейді.
«Құрығы ұзын қуып жүріп алады, құрығы кысқа құр қол қалады» деген мәтелдің түп төркіні қолында байлығы бар адам өзінің қалағанына қалай да болса кол жеткізе алады, ал қолы қысқа адам жегеніне жете алмайды деп сол кездегі әлеуметтік теңсіздікті айтады. Жазушы осы аркылы жас ару Зәмираның сүйгенінен айырылып, калың малға сатылып, тағылық заңның құрбанына айналып бара жатқан шарасыз сәтім суреттеген.
Сол секілді жас келіннің мінезіндегі көргенсіз кер мінезді көрген ауыл үлкендері «әдепті білмейтін, тәрбие көрмеген» деп күңкілдесе бастайды. Босағаны аттай сала тәрбиесіздік көрсеткен келінге «жусаннан аласа, бетегеден биік боп иіліп жүрмеуші ме еді» деп мін айтады. Мұндағы «бетегеден биік жусаннан аласа» деген тәлімдік міндет атқарып тұр, яғни «үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпауы» тиіс екендігін аңғартса керек. Жана түскен келін инабатты, сыпайы болу керек, мінезі биязы, «үлкенге ізет, кішіге құрмет» көрсете алатын болуы заңды деп қарайды.
Ат ардақтаудың биік шыңы мына мақалдан керініс тапқандай. «Төл атыңды төреге берме». Жүйріктің қасиетін, сәйгүліктің бағасын біздің елдей ешкім білмес сірә, еш ел ұғып болмас. Халық арасында төрт түлік мал ішіне әсіресе, жылқы малына ерекше көңіл бөліп, адамның көмекшісі, ердің қанаты деп қарау, жас ұрпаққа ғибрат беру мақсатында ол туралы мақал-мәтелдер, батырлар жырларындағы жылқы малына берілген баға, өлеңдер, жырлар өте мол.
Б.Момышұлының "Ұшқан ұя" повесінде өзіндік орнын тапқан көркем шығарманың құндылығын арттырған, жас ұрпаққа берер тәлім көп мақал-мәтелдер, ертегі аңыз-әңгімелер, өсиет өлеңдердің озық үлгілері ұшан-теңіз. Бұл туындыдағы құнды нәрсе мақал-мәтелдер.
Шығармада адамның қылығын танытатын жаман әдетін аңғартатын мақал-мәтелдер көп. «Жақсы ат бір-бірлеп тартар, жаманы екеуден тартар» деген мәтелдің түйіні - қомағайлық. «Саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің жазасы» дегені адамның мінезіне қатысты айтылған мәтел.
Шығарма тілі мақал-мәтелдердің молдығымен шұрайлы, көркем. Десе де негізгі ерекшелік назар аудармасқа тағы болмайды. Шығарманың басты ерекшелігі тілінің тазалығында, суреткер ойы «тобықтай нәрсенің түйінін» нақ тауып, оқырманның ойымен келіскендей түсіну жеңіл, сөйлемдер құрылысы қиюласпай, жаймен жымдаса байланысады. Мұның өзі жазушының тіл байлығының зор екендігін, оған қоса салт-дәстүрді жоғары дәрежеде білетіндігін, ұлттың ұлағатын қадірлеп өскен, алдағы ұрпаққа аманаты да сол ұлттың келешегі екенін айқын аңғартады.
Б.Момышұлы суреттеген кезең немесе орта, ондағы тәлім-тәрбиенің өзін сол заманның болмысы болатын. Енді оны сол күйінде кешіріп немесе сол қалпында бүгінгі жас ұрпақтың зейініне жеткізу ол үлкен еңбекпен келетін іс. Адамның адамгершілік, ар-намыс секілді тек рухани қасиеті өзінің болмысымен ғана емес ісіменде көрінетін нәтиже. Бауыржан ар-адамгершілікті біздің ұлт секілді биік деңгейде бағалай алатын, ісімен көрсете алатын өзге елді көргем жоқ дейді, осыдан оның ұлт қасиетін мақтаныш ететіні, оны бірінші орынға қоятыны аңғарылады.
Шығармада суреткер адамның жақсы-жаман қасиеттерін танытатын тәрбиелік құны бар ұтымды оралымдары жиі қолданған. Адам бойындағы жақсы қасиеттердің бірі - нысап. Шығармадағы бір кейіпкер ақын Өтеп «бере берсеңдер, мен ала берсем» деген тойымсыз мінез танытады. Сонда ауыл ақсақалы: «нысап сайын береке» деп оның әлгі сұқтанғыштығын тыйып тастайды. Мұнда адамның тойымсыздығы ашкөздікке апаруды тыйуға, әр нәрсеге қанағатпен қарауға негізделсе керек. Сондай-ақ жазушы жас адамның құр арманға берілгенін емес, шынайы ісі арқылы еңбектенгені дұрыстығын «жастығымда еңбек бер, қартайғанда дәулет бер» дейді, немесе «бейнеттің де зейнеті бар» дейді. Жас кезінде аянбай, тер төгіп еңбек етсең, соның жемісін көресің, қартайғанда рахатын көресің дегені. Бұл мақалдан бала санасына еңбекке деген сүйіспеншілікпен ынта-ықыласты оятады. Еңбексіз ешқандай тірлік болмайтындығына, онсыз адам еш жерде көркеймейтіндігіне түсінуге, ұғынуға көмектеседі.
«Ұшқан ұя» повесінде автор қазақтың мінезін танытатын тұлпарға қатысты да халықтың сөз зергерлерін аз қолданбаған. Біздің халықтың мінезі бәйгенің сәйгүлігіне, даланың дауылпаз сұңқарына ұқсайды. Әр қазақтың ат десе, құс десе арқасы қозып тұратыны осыдан болса керекті. Қазақ аты үшін небір қияметке барған. Жаугершілік заманда қазақ батырлары ең бірінші астындағы атына сенген, содан соң өздерінің күшіне сенген. «Ат - ер қанаты» деп есептеген халық оны серігім, көмекшің, тіпті қиналған сәтте алып шығар ақылшы ретінде санаған. Сол себепті жазушы «Жүйрік ат аяғынан қалады, сұңқар қанатынан қалады» деп жылқы малының қазаққа қымбат екенін, одан жігіт марқұм болса, онда ол ер санатынан шығатынын айтады. «Атсыз ер - қанатсыз құспен тең», «Жаяу қалсаң жау қолына түскенің, сан қорлықтың запыранын ішкенің» дейді дана қазақ.
«Жуанның созылып, жіңішкенің үзілер шағы», бұл тіркестерді суреткер шығармада 1917-1918 жылдар аралығындағы құрғақшылыққа байланысты малдың қырылуымен қатар сол кезеңдердегі қиыншылықтарға байланысты қолданылған. Қазір де бұл тіркестер жиі қолданылады. Көктемнің кешеуілдетіп шығып, халық қиналып, малға шөп-азық таусылып, қысқы соғымның бітуіне орай қолданамыз.
Сөз өнеріне келгенде халқымыздың бай екені рас. Қандай да бір қиюласқан жағдайда шешімін тауып, ретке келтіретін, жөн-жосықтың орнын толтыратын, я болмаса «тобықтай сөздің түйініне» тоқталмаған жан жоқ. Жүйріктің жанын ұғатын, сәйгүліктің сырын түсінетін халық «бір сұлудың құны бір жүйрік» деп жақсы атқа баға берген. Мұнысы жүйріктің қадыр-қасиетімен санасушылық деп танылса керек.
Әкесі Момыш Үбианды айттырып келген күйеу жігіттің тарапынан айтылғаны бірді-екілі әңгімелерінің біреуінде жігіттің қыз сынаймын деп өзінің ақыл-тереңге бойлай алмайтындығы, қыздың «жақсы ат бір-бірлеп, жаманы екеулеп тартар» деген сөзден сүрінуі, «таңдаған тазға жолығатының» нақ өзі.
Повесте жоғарыдағыдай сөз тіркестері көптеп кездеседі. Мәселен: сәби кезең мен он үшке толар жас аралығын, алған тәрбие бесігін, жазушы «даланың дархан бала бақшасы» деп атауы ата-бабадан қалған сол мұра салт-дәстүрде жатқандығын аңғартады. «Даланың дархан бала бақшасының» тәрбиешілері әжесі, әкесі, әпкелері болса сәби дүниеге келгенде берілетін батадан бастап ұлттық салт-дәстүрдің барлық көрінісі тәрбие құралдары болып табылса керек.
Осындай тіркестердің бірі «Атсыздың аяғы тұсаулы». Бұл тіркес Орманқұлдың төрт-бес жыл кешкен кедейлігін, соның кесірінен үнемі ойын - тойдан қашқақтап, қыстауын ұзап шыға алмайтындығы, «кедейдің қолы қысқа» деген мағынада айтылған.
Адым замандар қойнауынан бастау алатын ұлттық тәлім-тәрбиеміздің қайнар көзі болып табылатын мақал-мәтелдер "Ұшқан ұя" повесінің өн бойында аз емес. Қазақи ортада өсіп, ер жеткен суреткер өз халқының асыл қазынасы, этнотәрбиенің ұлттық үлгісіне, батаға, ырымға, сәлем беруге, үлкенді сыйлауға, жақсылық жасауға, адалдыққа қайырымдылыққа, ел мен ерді сүюді тәрбиелейтін аңыз-әңгімелерге, ертегілерге, батырлар жырына, мақал-мәтелдерге ерекше мән беріп, олардың сәби санасында ұлттық қор қалыптастыруға үлкен әсері бар екендігін, сезінгенін санасында сол қалпында сақтап қалатындығын ескертеді. Демек, бала тәрбиелеудің алғашқы баспалдағы сәби дүние есігін шыр етіп ашқан сәтінен бастап-ақ басталуы тиіс деп есептеген Бауыржан кейінгі ұрпаққа оны ұғындыра отырып, тәрбиелеудің мәнімен маңызына терең бойлауды қатаң талап ететінін көреміз. Ұлттық тәлім-тәрбие адам болып қалыптасудың ұлы мектебі екенін, сондай-ақ бүкіл ұлтты сақтап қалуға ұлттық тәрбие алған адамы бар ел ғана жете алатындығына осы шығарма арқылы көз жеткізуімізге болады. «Ақиқат пен аңызда» Ә.Нұршайықовтың «Наша семья» қазақ тілінде қашан жарыққа шығады деген сауалына, Бауыржан «Мен оны өзге ұлттарға арнап жазғанмын» деп жауап береді. Жазушының негізгі мақсаты да айқын, орыс тілінде жарыққа шыққан еңбегі арқылы қазақ халқының дархандығын, қонақжайлылығын өзге ұлтқа таныту.
Достарыңызбен бөлісу: |