Әлем халықтарының таңдаулы әдеби мұралары – ғасырлар бойы қалыптасқан жалпыадамзаттық рухани құндылық болып саналады. Шығармашылық өнер әрдайым дамып, ілгерілеп, өзінің танымдық, тәрбиелік, эстетикалық қасиетімен өз оқырманын биік адамгершілік қасиеттерге жетелеумен келеді. Көркем шығарманың басты міндеті ақиқат шындықты таныту десек, өз дәуіріндегі ұлы тарихи кезеңдердің көркем бейнесін көрнекті қазақ жазушысы Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында барынша реалистікпен, қаламгерге тән суреткерлікпен бейнелеп жеткізе алды.
Б.Момышұлының шығармаларын саралай қарағанымызда, оның қазақ даласындағы өзі туған ХХ ғасыр басындағы тарихи оқиғаларды, атап айтар болсақ, он алтыншы жылғы дүрбелеңді, онан кейінгі кезеңдегі қазан төңкерісі мен оған қазақ зиялылары мен шаруаларының араласуын, жиырмасыншы жылдардағы аштықты, кеңес өкіметінің құрылуын, 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысын, ондағы қазақ және басқа ұлт өкілдерінің ерлік істерін өз танымы, өз пайымы тұрғысынан баяндайды. Оның «Ұшқан ұя» романы өзінің балалық шағынан ат жалын тартып мінгенге дейінгі уақытты қамтыса, «Москва үшін шайқас» Баукеңнің соғыстың алғашқы қиын да қысталаң кезеңін, сол тұстағы Қазақстанда жасақталған атақты 8-ші гвардиялық дивизияның ерлік істерін көркем тілмен шебер баяндап шыққан.
«Курляндия майданы» деп аталатын романында атақты дивизияның Москва түбінен кейінгі ерліктері, Б.Момышұлының дивизия командирі болған уақыттағы тарихи іс-әрекеттері сөз болады. Ал кейін жазылған «Музей апа», «Мен бұл әңгімені өмірден алдым» т.б. шағын жанрда жазылған әңгімелерінде бейбіт кездегі адамдар арасындағы әр алуан байланыстар, олардың мінездеріндегі ерекшеліктер жан-жақты ашылған деп айта аламыз.
Сондықтан да жауынгер жазушы Б.Момышұлының шығармалары өзінің көркемдік сипатымен ғана емес, тарихи шынайылық қасиетімен де алда талай ұрпаққа қызмет етеді.
Жазушы өзі куә болған оқиғаларды жай ғана тізбелеп баяндап шықпай, олардың философиялық сыр-сипатына терең үңіле отырып, өз ойларын көркем тілмен әсерлі етіп жеткізіп қана қоймай, сол өзі таныған ақиқат шындыққа өз байламын, авторлық шешімін әрдайым нақты да дәл айта білген қаламгер.
Қаламгер шығармаларын зерделей келіп біз оларды Ұлы Отан соғысы тақырыбы және бейбіт өмір тақырыбы деп екіге бөліп қарастырғанды жөн көрдік. Автордың жазған шығармаларында да аталған тақырыптардың бірден көзге ұрып тұратынын теріске шығара алмаймыз. Сол собептен зерттеу жұмысымызды екі таруға бөлдік. Бірінші тарауда соғыс тақырыбына жазылған шығармалардағы портрет пен пейзажды талдап, таразыласақ, екінші тарауда бейбіт замандағы оқиғаларды суреттеген шығармаларындағы адам бейнелері мен табиғат суреттерін зерделеп, ой елегінен өткіздік.
Дипломдық жұмыста Б.Момышұлының шығармаларындағы портрет пен пейзаждың көркемдік қызметі зерттелді. Б.Момышұлы өзінің шығармалшылығы арқылы Қазақ жеріндегі ХХ ғасырдың басынан бастап сексенінші жылдарға дейінгі күллі тарихи оқиғалар желісін өзінің көркем прозасы арқылы бейнелеп шыққан қаламгер. Әлемдік әдеби дәстүр және оның Бауыржан Момышұлы шығармашылығымен сабақтастығы – ұлттық және әлемдік сөз өнерінің көркемдік жалғастық заңдылығы. Көркемдік дәстүр жалғастығы жүйесінде әдеби тек түрлері (эпос, лирика, драма) жанрларының өзара жалғасқан, үндескен жүйесінде жеке қаламгерлердің шығармашылық үндестіктері де, өзіндік өзгешеліктері де даралана танылады. Бұл орайда, туып-өскен ортасы мен әскери-соғыс шайқастары туралы шығармалар жазған көрнекті қаламгерлер шығармашылығы да әлем әдебиеттері дамуы жүйесінде өзіндік дәстүр жолын байқатады.
Әлем әдебиетіндегі классик жазушылардың оқырмандар ықыласпен қабылдаған, дүние жүзіндегі миллиондаған оқырмандардың танымал авторлары туындылары болған шығармашылық тұлғалар тағылымы да мәлім. Л.Н.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», П. Мерименің «Қиямет түні», В.Гюгоның «Тоқсан үшінші жыл», А.Дюманың «Үш ноян», Г.Г.Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық», Э.М.Ремарктің «Батыс майданда өзгеріс жоқ» және т.б. қаламгерлердің туындыларын осы дәстүр желісінде бағалаймыз.
Қазақ әдебиетінде де әскери-соғыс тақырыбындағы шығармалар да осы әлемдік әдеби дәстүрмен үндес бағаланады. Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә.Нұрпейісовтің «Күткен күн», М.Ғабдулиннің «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», Ә.Шәріповтің «Партизан қызы», «Арбасу», Қ.Қайсеновтің «Жау тылындағы бала», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», «Әскери күнделік», А.Бектің «Арпалыс» («Волоколамск тас жолы»), Ж.Жұмахановтың «Солдат жолы», «Әлия Молдағұлқызы», «Әлия» («Майдан дәптерінен») және т.б. қаламгерлер туындыларын айтамыз. Майдангер батыр және көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының шығармашылығындағы прозалық туындыларын да осы дәстүр аясында бағалаймыз.
Бауыржан Момышұлының прозалық шығармаларындағы портреттік бейнелеулер мен пейзаждық суреттеулер оның өзі жетік таныған өмір шындығын мәңгілік ұрпақтар жалғастығы жолында болашаққа таныту қызметі жағдайында танылады.
Жазушының прозалық туындыларындағы адамдардың кескін-келбеттері мен соғыс шайқастары жүріп жатқан кезең шындығын, табиғаттың пейзаждық суреттерін жазу қолданыстары көрнекті әлем жазушыларының аталған туындыларымен поэтикалық үндестік жағдайында байқалады.
Э.М.Ремарктың «Батыс майданда өзгеріс жоқ», А.Дюманың «Үш ноян» романындағы командирлер, жауынгерлерді бейнелеулері де Бауыржан шығармаларындағы тектес бейнелермен үндес.
Жазушы Бауыржан шығармаларындағы әскери-соғыс жағдайлары, командирлер мен жауынгерлер қарым-қатынастары мәселелері «әскери өнер», «әскери география», «әскери ғылым», «әскери құпия», «әскери педагогика», т.б. ғылыми терминология жүйесімен де сабақтас танылады.
Бауыржан Момышұлының шығармашылығында көп ғасырлық тарихы бар халқымыздың фольклор мұралары мен әдебиет шығармаларында негізі қаланған ақыл-ой жемістері, даналық толғаныстары мол жинақталған.
Жазушы шығармаларындағы портреттік бейнелеулер мен пейзаждық суреттеулер тұтастығының көріністерін француз жазушысы В.Гюгоның «Тоқсан үшінші жыл» романындағы, орыс жазушысы А.Бектің «Арпалыс» («Волоколамск тас жолы») повесіндегі бейнелерімен, суреттеулермен салыстыра аламыз.
Кейіпкерлердің шайқастар кезіндегі психологиялық ауытқушылыққа ұшырайтыны сәттеріндегі кескін-келбет бейнеленуі мен сол сәттерге сәйкес психологиялық егіздеумен өрнектелетін пейзаждық суреттеулер А.Бектің «Арпалыс» повесінде және Б.Момышұлының өз туындыларындағы үндестік сабақтастықтығынан да аңғарылады. Сатқындықты өлтіру, жазалау Б.Момышұлының және Н.В.Гогольдің «Тарас Бульба» туындыларындағы кейіпкерлерді даралау, мінездеу көркемдік шешім тәсілдерінен де аңғарылады.
Бауыржан Момышұлы прозасындағы («Ұшқан ұя» повесі) тұрмыстық- отбасылық қарым-қатынастар жүйесіндегі кейіпкерлер портреттері мен пейзаждық суреттеулер үнді-бенгал жазушысы Р.Тагордың «Күйреу» романындағы ұлттық-этнографиялық әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер аясындағы көркемдік-эстетикалық бейнелеулерден де байқалады.
Бауыржан Момышұлының әскери қолбасшы, жауынгер жазушы тұғырындағы өмір кезеңдері бейнеленуін Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романындағы кейіпкер кескін-келбеті мен пейзаждық суреттері де тағылымды сипатымен танылады.
Бауыржан Момышұлының және көрнекті жазушы Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романындағы поэтикалық үндестіктер де әсерлілігімен баурайды.
Бауыржан Момышұлының прозалық шығармалары енгізіліп жарық көрген кітаптары еліне мол таралған. Қазақстан халықтарының тілдеріне аударылған жазушының «Офицердің күнделігі» (1952), «Бір түннің тарихы» (1954), «Біздің семья» (1956), «Москва үшін шайқас» (1961), «Майдандағы кездесулер» (1902), «Генерал Панфилов» (1963), «Төлеген Тоқтаров» (1965), «Куба әсерлері» (1965), «Ел басына күн туса» (1970), «Ұшқан ұя» (1975), «Адам қайраты» (1981) шығармаларының екі томдығы (2000), отыз томдығы (2010) – бәрі де табиғи дарынының, азаматтық-отаншылдық ұстанымының арқасында өзінің мәңгілік өнегелі өмір тұғырнамасын жасаған қайраткер тағылымының көрсеткіштері.
Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы туып-өскен ортасы мен атамекеніне байланысты портреттік бейнелеулер мен пейзаждық суреттеулер – оның өзіндік дербес шығармашылығының даралық ерекшелігі. Жазушының әуелде повесть, қазір роман атауымен жарық көрген «Ұшқан ұя» кітабы – қазақтың ұлттық тұлғасын тарихи-этнографиялық және көркем шындық поэтикасы тұтастығымен жазған айрықша көркем туындысы.
Шығармада қазақтың ұлттық қасиеттері (адалдық, мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, меймандастық, ұстамдылық, шыдамдылық, мәрттік, тұрлаулылық, момындық;), басты және жаңаша кейіпкерлер (әкесі – Момыш, әжесі – Қызтумас, әпкесі – Үбиан, т.б.) ұлттық салт-дәстүр, ойын- сауықтар (қыз ұзату, ат бәйге, құнан бәйге, көкпар тарту, аударыспақ, теңге алу, ақындар айтысы, әншілер, күйшілер өнері, т.б.) – бәрінің кешенді тұтас қамтылуымен оқылады. «Ұшқан ұя» туындасындағы пейзаждық суреттеулер жыл мезгілдеріндегі кейіпкерлер болмысымен тұтаса беріліп, өмір шындығының халықтық-эстетикалық сипатын оқырмандарға елестетеді.
1960-1980 жылдардағы Б.Момышұлының шығармаларындағы пейзаждың функционалдық ерекшеліктерінің өзгерісінің арқасында жазушының көзқарасының, көркемдік әдісінің жаңа эволюциясы пайда болады. Мұнымен қоса жазушылық өнерінің ерте кезінде-ақ пайда болған беталыс бағыты (табиғаттың алма-кезек ауысуын, дала, тау және түнгі пейзажды лирико – философиялық мотивтермен толықтыру т.б) қаламгердің тың әдістерді қолдануға деген ізденістерін байқатады. Бауыржанның көптеген шығармаларында пейзаж өзін шығарманың концептуалдық деңгейдің шегінен асып түсетіндей етіп көрсететін түрлі ассоциативті – символикалық мәні бар құрал ретінде танытады.
Жазушы шығармаларын талдау үшін алынған мәтіндерде пейзаждық фрагменттер түрлі функционалдық салмаққа ие болады. Оған мысал ретінде шағармада мәтіннің көп бөлігін алатын сюжет пен композицияны келтіре аламыз. Мұнан Б.Момышұлының шығармаларындағы пейзаждың полифункционалдылығын байқауға болады. Сонымен қатар табиғатты суреттеу мәтінде тек бір қызмет атқаруы немесе тіпті атқармауы да мүмкін. Кейде бірнеше синтездің қорытындысы болып шығуыда ғажап емес. Осы аталған ерекшеліктердің бәрі де жазушының пейзаж жасау мен портрет сомдауда өзіндік тың ізденістерде болғанын аңғартады.
Бауыржан Момышұлы шығармашылығындағы тарихи шындықтың көркем шындықпен өрнектелуін өзіндік шеберлік тұғырнамасымен айқындалады. Әскери тақырыпты арқау еткен шығармалары жазушының қазақ және әлем әдебиеттері дәстүрлері тұтастығындағы қаламгерлік тұлғасын танытты. «Москва үшін шайқас» атты эпикалық туындысы – ұлттық сөз өнеріндегі осы саланың тұңғышы. Романдағы кейіпкерлердің портреттік бейнеленулерінен қиян-кескі шайқастар кезіндегі көңіл-күйлері саналуан құбылыстарға толы психологиялық хал-ахуал байқалады. Романда командирлердің де, жауынгерлердің де портреттік, пейзаждық суреттеулер де жазушының ойшылдық, суреткерлік көркемдік жинақтау тәсілдерімен өрнектелген. Генерал И.В.Панфиловтың тарихи-әдеби тұрғыда бейнеленуі – Б.Момышұлы шығармаларына ортақ ең орталық мәселе. Генералдың портреті де, мінез-құлық психологиясы да, қарауындағы командирлермен де, мінез-құлық психологиясы да, қарауындағы командирлермен де, жауынгерлермен үлгілі қарым-қатынас мәдениеті де жазушының көркемдік- эстетикалық көзқарастары жинақтауларымен жинақталып өрнектелген.
Жазушы Б.Момышұлы әскери-патриоттық прозасында, әңгімелерінде («Жол үстінде», «Олар менің есімде», «Соңғы екі кездесу», «Бір түннің оқиғасы», т.б.) қолбасшылардың (Н.В.Панфилов, И.М.Чистяков), жауынгерлердің портреттік бейнелеулері де реалистік сипатымен ерекшеленеді. Жауынгерлерді топтық-портреттік тәсілмен бейнелеуге де мол орын берілген. Жауынгерлердің топтық-портреттік бейнеленулерін табиғат құбылыстарының әртүрлі суреттері аралас кезеңдерінде жинақтап бейнелеулерде қиын-қыстау сәттердегі адамдар жан діліндегі күрделі психологиялық хал-ахуал шынайы сипатымен беріледі.
Жеке адам мен жауынгерлік топтың табиғат құбылыстарымен, майданда шайқастарымен бетпе-бет келген сәттері де өнер эстетикасы заңдылығымен кешенді түрде жазылғандығы байқалады.
Жазушы Бауыржан Момышұлының әскери-соғыс ғылымы психологиясына арналған ғылыми-танымдық еңбектері көркем шығармаларына (прозасына, поэзиясына) негіз болғаны анық. Қазақ зиялыларының (Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, т.б.) алдында 1944 жылы 10-25 қаңтар аралығында оқыған дәріс- әңгімелері –соғыс психологиясы негізінде айтылған ұлттық және жалпы адамзаттық құндылық.
Онда соғыс, майдан, командир, жауынгер, парыз, Отан, ұлт, адамзат, т.б.
– жекелік және жалпылық ұғымдар тұтаса айтыла өріліп, майдангер қолбасшының адамтанушы ғұлама, қайраткер тұғырындағы биіктігін даралайды. Соғыс психологиясына арналған дәріс-әңгімелерінде қолбасшы, командир, жауынгер тұлғалары даралана түсіндіріліп, ұлтты, Отанды сүю, қорғау, адамгершілік парызды биік ұстау ұлағаты ұғындырылады. Жазушының өз туындылары мен ол туралы жазылған шығармаларда кейіпкерді даралау мен мінездеу поэтикасына байланысты мәселелер де саралана байқалады.
Көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы шығармаларында адамдарды кескін-келбет, мінез-құлық даралықтарымен, тіршілік-жаратылыс суреттерімен тұтастықта алып суреттеуі – оның адам мен қоғам, адам мен табиғат байланыстарын терең танып, өз шығармаларына үлкен талғаммен арқау еткенінің көрінісі. Жазушы өз шығармаларында адам портреттері мен табиғат суреттерін бейнелей отырып, бейбіт өмірдегі және соғыс шайқастары кезіндегі саналы ақыл-ой иелерінің адами болмыстарын, сезім шырғалаңдарын, адамгершілік-имандылық ұстанымдарынан айнымайтынын дәлелдей алды.
Қорыта айтқанда, Бауыржан Момышұлының әдеби мұрасы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында да ұрпақтарына рухани қазына, эстетикалық тағылым ретінде қызмет етеді. Сондықтан Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірін жас ұрпаққа жан-жақты насихаттау, зерттелмеген қырын ашу, таныту біздің парызымыз.
Достарыңызбен бөлісу: |