ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: «Сыртқы экономикалық байланыстың аймақтық саясаты»
Мамандығы 050506 – Экономика
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ...……………………....................................................................................6
1 СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ БАСҚАРУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ......................................................................................................8
1.1 Сыртқы экономикалық байланыстардың түрлері және олардың дамуының қазіргі заманғы тенденциялары...………..................................................................8
1.2 Мемлекет деңгейінде сыртқы экономикалық қызметті басқару...................19
1.3 Аймақтық саясатты жүзеге асыру және аймақтар деңгейінде сыртқы экономикалық байланыстарды басқару...……..……............................................21
2 ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРЫН ТАЛДАУ...............................................................................36
2.1 Қарағанды облысындағы сыртқы экономикалық байланыстардың қазіргі жағдайы. ....................................................................................................................36
2.2 Облыстың сыртқы сауда айналымы және салалар бойынша сыртқы экономикалық қызметі..............................................................................................52
3 ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР САЯСАТЫН ЖЕТІЛДІРУ...................................................... 70
3.1 Қарағанды облысы аймақтық сыртқы экономикалық қызметінің даму мүмкіндіктері.............................................................................................................70
3.2 Аймақтың сыртқы экономикалық байланыстар саясатын жетілдірудің басыңқы бағыттары ..................................................................................................74
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................81
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР...........................................................................83
Қарағанды 2010
КІРІСПЕ
Күнделікті өмірде экономика, сыртқы экономикалық байланыстар, сыртқы сауда терминдерін жиі естиміз. Қаншалықты өзгеше болып көрінгенімен, халықаралық экономикалық қатынастар мәнін түсіну жеңіл.
Сыртқы экономикалық байланыстар- елдер арасындағы еңбек бөлінісіне негізделген, әр түрлі елдердің ұлттық экономикалары арасындағы шаруашылық байланыстарының жүйесі.
Сыртқы экономикалық байланыстардың дәстүрлі және ең дамыған түрі халықаралық сауда. Сауданың үлесіне сыртқы экономикалық байланыстар көлемінің 80 пайызы тиеді. Халықаралық еңбек бөлінісі негізінде пайда болатын халықаралық сауда әр түрлі елдердің тауар өндірушілері арасындағы байланыстарының түрі болып табылады және олардың өзара экономикалық тәуелділігін көрсетеді.
Сыртқы экономикалық байланыстар дамыған сайын тауарлар мен қызмет көрсетудің жаңарған топтары халықаралық мәселе объектісі болып, экономикалық қызыметтің жаңа түрлері пайда болуда.
Осы заманғы қарқынды еларалық экономикалық байланыстар деңгейін төмендегілер көрсетеді: әлемдік шаруашылықта халықаралық еңбек бөлінісі дәрежесінің тереңдігі; әлемдік шаруашылықтық байланыстардың серпінділігінің күшеюі және көлемінің өсуі. Бұндай қорытынды жасауға шетел инвестициясы және халықаралық капитал қозғалысы көлемінің өсуі, халықаралық өндіріс көлемінің және технология мен ғылыми-техникалық және экономикалық ақпаратпен айырбас ауқымының артуы мүмкіндік береді; дәстүрлі халықаралық дайын бұйымдармен сауданың көлемінің артуы, сипатының сапалық өзгеріске ұшырауы. Ол таза коммерциялық сипаттан ұлттық өндірістік үдеріске қызмет көрсету құралына айналды.
Осы заманғы халықаралық экономиканың ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы қаржылық сипатына келер болсақ, халықаралық ақша айналымы көлемі нақты экономиканың жалпы өнімінен он есе басым. Қаржы капиталының толқыны әлемдік экономика кемесін суға батыруға жақын. Ол елдік, аймақтық, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында.
Барлық мемлекеттер дүниежүзілік шаруашылық байланыста болғанды қалайды. Бұл елдің экономикасының әлемдік деңгейде болуына, оның дамуына көмектеседі.Халықаралық экономикалық қатынастар теориясы ұлттық экономикалар арасындағы экономикалық қатынастардың ерекшеліктерін зерттейтін арнайы бөлімі болып табылады.
Әлемдік экономика дегеніміз – ұлттық шекарадан тысқары, адам өмірін қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстар мемлекетаралық айырбасты қажет ететін экономикалық жүйе.
Сыртқы экономика болмысы әр түрлі. Қазіргі таңда сыртқы сауда саясаты шетелдік тауарлар мен қызметтерді Қазақстан Республикасы нарығына және Қазақстандық тауарлар мен қызметтерді - сыртқы нарыққа қарай жылжыту арасындағы байланысты қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Алдағы кезеңде Қазақстан Республикасының мақсаты экспортқа бағытталған өндірісті дамыту, дәстүрлі тауарларды дамыту жаңа нарыққа қарай жылжыту есебімен өнім тарату көлемін ұлғайту, экспорттық, импорттық экономикалық тиімділігі мен құрылымын жақсартуды арттыру, әлемдік және ішкі нарықта қазақстандық өнімдердің бәсекелестік қабілеттерін көтеру, сыртқы сауданың қаржылық, көліктік және ақпараттық инфрақұрылымдарын дамыту.
Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемде өзінің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерімен үлкен қызығушылық туғызып отыр.Мұндай қызығушылық еліміздің өңірлеріне, оның ішінде Қарағанды облысына, соңғы жылдары белсенді түрде көрініс табуда. Мұның өзі біздің өңірдің жақын және алыс шетелдермен екі жақты ынтымақтастығын жан-жақты дамытуда көрінетін өзінің практикалық нәтижелерін беретіндігі сөзсіз.
Бұл дипломдық жұмыста Қарағанды облысының мысалында сыртқы экономикалық байланыстың аймақтық саясаты зерттелген. Жұмыс 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде сыртқы экономикалық байланыстардың түрлері және олардың дамуының қазіргі заманғы тенденциялары, мемлекет, аймақтар деңгейінде сыртқы экономикалық қызметті басқару және аймақтық саясатты жүзеге асыру мәселесі қараастырылған.
Жұмыстың екінші бөлімінде Қарағанды облысындағы сыртқы экономикалық байланыстардың қазіргі жағдайы және облыстың сыртқы сауда айналымы мен экономика салалары бойынша сыртқы экономикалық қызметтің жүзеге асырылу барысы талданған.
Дипломдық жұмыстың үшінші бөлімінде Қарағанды облысының сыртқы экономикалық қызметін дамытудың мүмкіндіктері ұсынылып, экономикалық байланыстар саясатын жетілдірудің басыңқы бағыттары анықталған.
Дипломдық жұмысты орындау барысында статистикалық мәліметтер зерттеліп, Қазақстан Республикасының индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы, аймақтарды дамыту стратегиясы, Елбасының Қазақстан халқына жолдауы негізге алынды.
1 СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ БАСҚАРУДЫ
ҰЙЫМДАСТЫРУ
1.1 Сыртқы экономикалық байланыстардың түрлері және олардың
дамуының қазіргі заманғы тенденциялары
Әлемдік шаруашылықтың ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ерекшеліктерінің бірі сыртқы экономикалық байланыстардың қарқынды дамуы болып табылады. Әр түрлі елдер, елдер тобы, экономикалық топтар, жеке фирмалар мен ұйымдар арасындағы экономикалық қатынастар кеңіп, тереңдей түседі. Бұл үдерістер халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдеуінен, шаруашылықтық өмірдің интернационалдануынан, ұлттық экономикалардың ашықтығының артуынан, бір-бірін толықтыруынан, бір-бірімен біте қайнасып жақындасуынан, аймақтық халықаралық құрылымдардың дамуы мен нығаюынан көрінеді.
Бұл өзара әрекет ету, жақындасу, ынтымақтасу қарама-қарсы диалектикалық сипатқа ие. Сыртқы экономикалық байланыстардың диалектикасы мынада, жеке елдердің ұлттық экономикалық тәуелсіздікке, ұлттық шаруашылықты нығайтуға ұмтылуы, нәтижесінде әлемдік шаруашылықтың интернационалдануына, ұлттық экономикалардың ашықтығына, халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдеуіне алып келеді.
Сыртқы экономикалық байланыстар – жалпы экономикалық жүйенің басты компоненті. Сыртқы экономикалық байланыстар жүйесіне жеке елдер, интеграциялық бірлестіктер, сонымен қатар жеке кәсіпорындар арасындағы материалдық игіліктер мен қызметтерді өндіру, бөлу, айырбас жасау және тұтыну бойынша өтелетін қатынастар тетігі кіреді.
Сыртқы экономикалық байланыстардың дамуының алғы шарты - әлемдегі жұмыс күшінің, табиғи ресурстардың, техникалық құралдардың, негізгі және айналым капиталының, ғылыми-техникалық әлуеттің орналасуындағы географиялық және тарихи қалыптасқан теңсіздік болып саналады.
Негізінде сыртқы экономикалық байланыстар олардың субъектілерінің халықаралық еңбек бөлінісіне қатысу жолымен іске асырылады. Сыртқы экономикалық байланыстарды іске асыруға сонымен бірге саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да факторлар әсер етеді.
Сыртқы экономикалық байланыстардың макродеңгейіндегі тетігіне оларды іске асыруға байланысты ұйымдық, құқықтық нормалар мен құралдар (халықаралық экономикалық келісім шарттар мен келісімдер және т.б.), халықаралық экономикалық ұйымдардың сыртқы экономикалық байланыстарды мақсаттарына жеткізу үшін үйлестіре дамытуға бағытталған қызметі кіреді.
Осы заманғы сыртқы экономикалық байланыстар елеулі, тұрақты, мемлекет аралық реттеуді талап етеді.
Сыртқы экономикалық байланыстарды іске асырудың микродеңгейіне халықаралық маркетинг жүйесі және сыртқы экономикалық қызметті ұйымдастыру мен оның техникасы кіреді. Халықаралық маркетинг, жалпы (ішкі) маркетингпен сырттай ұқсастығы болғанымен, кәсіпкерлікті халықаралық деңгейде басқарудың айрықша құралы ретінде көрінеді. Оның айрықша сипаты ұлттық нарықтардың ерекшеліктерін, сонымен бірге тауарлар мен қызметтердің әлемдік нарығын зерттеу әдістерінен білінеді.
Сыртқы экономикалық байланыстардың құрылымына мыналар кіреді:
-
Халықаралық еңбек бөлінісі.
-
Тауарлар және қызметтермен халықаралық сауда.
-
Капиталдар мен шетел инвестицияларының халықаралық қозғалысы.
-
Халықаралық жұмыс күшінің миграциясы.
-
Халықаралық валюталық-қаржылық және несиелік қатынастар.
-
Халықаралық экономикалық интеграция.
Сыртқы экономикалық байланыстардың объектілері мен субъектілерінің, негізінде, нарық жағдайындағы ұлттық шаруашылықтың осы түсініктерінен айырмашылығы жоқ. Жаңа сандық және сапалық сәттер олардың көпжақтылығын сипаттайды. Сыртқы экономикалық байланыстардың объектісі болып халықаралық сауда айналымындағы тауарлар мен қызметтер саналады. Елдер арасындағы өндіріс факторларының жылжуы ерекше маңызға ие болды. Бұған әр түрде капиталдың жылжуы, қаржы-несиелік ресурстардың халықаралық қолданылуы, жұмыс күшінің халықаралық миграциясы, интеллектуалдық меншікпен айырбас жатады. Ерекше объект ретінде экология және басқа да ғаламдық мәселелерді шешу саласындағы жан жақты және әр тарапты елдер және халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты айтуға болады. [1,25]
Сыртқы экономикалық байланыстардың субъектілерінің ерекшелігі де біршама. Нарықтық ортада әр түрлі елдердің әріптестері арасындағы қатынастар, негізінде жеке меншік фирмалар, кәсіпорындар, кәсіпкерлер деңгейіндегі байланыстар болып табылады. Олар бір бірін таңдауда еркіндікте болып, әлемдік шаруашылық байланыстарының негізін құрайды. Нарық жағдайында шаруашылық қызметі субъектілеріне сыртқы экономикалық қызмет жүргізу үшін қосымша ешқандай ерекше шарттардың қажеті жоқ. Олар үшін ішкі және сыртқы нарықтың ешқандай айырмасы болмайды. Сонымен бірге олардың маркетингтік міндеттері қиындайды: тұрақты түрде сыртқы нарықты зерттеу, ондағы осы кезеңдегі және болашақтағы жағдайлардың зерттелуі, ішкі және халықаралық жағдайлар мен әріптестерге салыстырмалы баға берілуі керек. Макроэкономикалық талдаудың көлемі мен ролі ерекше артады. Сонымен қатар сыртқы экономикалық байланыстардың субъектілері болып көп жағдайларда мемлекеттік құрылымдар да саналады. Оларға әр түрлі деңгейдегі үкіметтік, мемлекеттік ұйымдар (орталық, аймақтық, муниципалдық), және де мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар жатады. Олардың мемлекеттік қатысу түрлері әр қилы:
-
орталық министрліктер мен ведомстволардың тікелей жасайтын операциялары;
-
аймақтық және муниципалдық басқару ұйымдарының тікелей операциялары, оның ішінде өнімдерді сыртқы нарықта мақсатты сату және сатып алу;
-
жеке кәсіпорындарға, фирмаларға, коммерциялық және банктік құрылымдарға сонымен бірге жеке меншіктік ұйымдарға, сыртқы экономикалық келісімдер, нақты операциялар жасауда өкілеттілік беру;
-
экспорттық - импорттық операцияларға кепілдік беру.
Сонымен бірге сыртқы экономикалық байланыстардың субъектілеріне халықаралық ұйымдар, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымдары жүйесінің қаржылық-несиелік көмек, жеке жобаларға қаржы инвестициялау жөніндегі қызмет көрсететін ұйымдары жатады. Сыртқы экономикалық байланыстар саласында трансұлттық корпорациялар мен халықаралық бірлестіктер қызметінің көлемі зор. Бұл субъектілердің капитал, қаржы-несие және валюталық ресурстар нарығындағы ролі ерекше жоғары.
Сыртқы экономикалық байланыстардың қоғамдық өндірістің дамуындағы ролі нарықтық қатынастарға көшу жағдайында арта түседі:
-
Сыртқы экономикалық байланыстар халық шаруашылығының прогрессивті салаларын дамыту жолымен қоғамдық өндірістің құрылымын жетілдіруге, бүкіл өндірісті қайта техникалық жарақтандыруға мүмкіндік береді. Себебі экспортқа өнім шығару бүкіл өндірістік үдерістің технологиясын өзгертуді талап етеді.
-
Экспортқа бейімделген ғылымды қажетсінетін өндіріс салаларын дамытуға жағдай жасайды. Экспортта ғылымды қажетсінетін тауарлардың үлес салмағы жоғарылайды.
-
Экспортта қызметтің үлес салмағы (электронды есептеу машиналары үшін бағдарламалар), әлемді жеке елдердің ақпараттық экспансиялауы іске асады.
-
Халықаралық несие орталықтары ретінде банктердің ролі артады, олар ішкі шаруашылықты ғана емес, әлемдік шаруашылық байланыстарының барлық түрлерін бақылайды.
-
Өндірістің техникалық және технологиялық деңгейінің артуына байланысты ішкі және сыртқы нарықта өте сапалы тауарлар өткізіледі. Нарықта бәсекеге қабілеттілік факторы ретінде тауар сапасы алға шығады.
-
Елге шетел капиталының келуі артады. Оның себебі несиелік пайыздың мөлшерінің жоғарылығы, жалақы деңгейінің айырмашылығында ұлттық ерекшеліктерді, олардың мамандануын пайдалану және т.б. болып табылады.
-
Патенттер, лицензиялар, ноу-хаулар экспорты ұлғаяды. Ол ғылыми зерттеу, ғылым үшін кадрлар дайындау шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
-
Сыртқы экономикалық байланыстар шикізатқа және басқа да ресурстарға бай, жаңа елдерді экспансиялауға мүмкіндік береді.
-
Сыртқы экономикалық байланыстар жұмыс күшін экспорттауға мүмкіндік береді. Шеберлігі жоғары жұмысшыларға көп еңбек ақы беру жолымен немесе өте арзан жұмыс күші экспортталады.
-
Сыртқы экономикалық байланыстар әлемдік еңбек бөлінісін күшейтеді. Әлемдік нарыққа жеке тауар түрлерін шығаруға маманданған өндіріс салалары ғана емес, бүтіндей елдер пайда болады.
-
Сыртқы экономикалық байланыстар ашық есік саясаты ғана емес, қолдампаздық саясат қолдануды да қажет етеді. Ол ұлттық экономиканың деңгейін көтеру мақсатында ішкі нарықты шетел тауарларынан қорғау болып табылады.
-
Сыртқы экономикалық байланыстар халық шаруашылығын басқарудың алдыңғы қатарлы тәжірибесін қабылдауға мүмкіндік береді, ол өз кезегінде экономикалық өсудің маңызды факторы болып саналады.
Халықаралық еңбек бөлінісі сыртқы экономикалық байланыстардың негізін, мағынасын ашатын басты категориялардың бірі болып табылады. Дүниежүзінің барлық елдері халықаралық еңбек бөлінісіне қалайда болса да қатысады. Оның тереңдеуі өндіргіш күштердің дамуымен анықталады, оған өз кезегінде ғылыми техникалық прогресс әсер етеді. Халықаралық еңбек бөлінісіне қатысу елдерге қосымша экономикалық нәтиже береді. Оларға толық және аздаған шығындармен өздерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. [2,95]
Халықаралық еңбек бөлінісінің басты бағыты өндірістің халықаралық мамандануы мен кооперациялануы болды. Халықаралық кооперация мен халықаралық мамандану халықаралық еңбек бөлінісінің басты түрлері болып табылады және оның негізін көрсетеді.
Аумақтық халықаралық өндірістік мамандануға дүниежүзілік нарық үшін белгілі тауарлар мен олардың бөліктерін шығаруға
а) жеке елдердің ;
б) ел топтарының ;
в) аймақтардың мамандануы кіреді.
Халықаралық еңбек бөлінісінің келесі түрі - өндірістің халықаралық кооперациялануы. Оның объективті негізі болып өндіргіш күштердің дамуының өскелең деңгейі, және де дербес кәсіпорындар арасындағы тұрақты өндірістік байланыстар үдерісі табылады. Ол ел ішінде немесе халықаралық көлемде болуы мүмкін. Өндірістің халықаралық кооперациялануы ынтымақтастықтың әр түрлі салаларын қамтиды.
Бірлескен кәсіпорындар - дүниежүзіне кең тараған, біріктірілген кооперация. Ұйымның бұндай түрінде бірнеше қатысушылардың капиталы жеке, бір-бірімен келісілген мақсаттарды іске асыру үшін біріктіріледі. Соңғы жылдарда берекесіз реттелмеген халықаралық еңбек бөлінісі жоспарланған, реттелген үдерістермен ауыстырылуда. Ол ерекше дамыған және дамушы елдер арасында байқалады.
Сыртқы экономикалық байланыстардың дәстүрлі және ең дамыған түрі халықаралық сауда. Сауданың үлесіне сыртқы экономикалық байланыстар көлемінің 80 пайызы тиеді. Халықаралық еңбек бөлінісі негізінде пайда болатын халықаралық сауда әр түрлі елдердің тауар өндірушілері арасындағы байланыстарының түрі болып табылады және олардың өзара экономикалық тәуелділігін көрсетеді.
Ғылыми-техникалық революция әсерімен болатын елдер экономикасындағы құрылымдық өзгерістер, өнеркәсіптік өндірістің мамандануы мен кооперациялануы ұлттық шаруашылықтардың өзара әрекетін күшейтеді. Ол халықаралық сауданың белсенділігінің артуына әсер етеді. Халықаралық сауда өндіріске қарағанда жылдам өседі. Сыртқы сауда айналымының зерттеулеріне қарағанда әлемдік өндірістің 10% өсіміне 16% әлемдік сауданың артуы сәйкес келеді. Сонымен өндірістің дамуына қолайлы жағдай туады. Саудада кемшіліктер, кідірістер болса, онда өндірістің дамуында да төмендеу үдерісі болады.
«Сыртқы сауда» деп төленетін әкелу (импорт) мен төленетін әкетуден (экспорт) тұратын бір елдің екінші бір елмен саудасы түсініледі. Көп түрлі сыртқы сауда қызметі тауарлық мамандану бойынша дайын өнімдер, машина және құрал-жабдықтар, шикізат пен қызмет саудасынан тұрады.
Халықаралық сауда деп әлемнің барлық елдері арасындағы төленетін жиынтық сауда айналымы аталады. Сонымен бірге «халықаралық сауда» түсінігі өте тар шеңберде де қолданылады: мысалы, өндірісі дамыған елдердің жиынтық тауар айналымы, қандай да болмасын құрлықтың, аймақтың жиынтық тауар айналымы және т.б.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халықаралық сауда жоғарғы қарқынмен дами бастады. 1950-1994 жылдар арасында әлемдік сауда айналымы 14 есе өсті. Батыс мамандарының баға беруі бойынша, 1950-1970 жылдар арасындағы кезеңді халықаралық сауданың дамуындағы “алтын ғасыр” деп сипаттауға болады. Атап айтқанда осы кезеңде әлемдік экспорт жыл сайынғы 7 пайыздық өсімге жетті. 70-жылдары ол біршама төмендеді (5%). 80-жылдардың соңында әлемдік экспорт біраз жанданды (1998 жылы 8,5 пайызға жетті). 90-жылдардың басында уақытша аздап төмендеп, XXІ ғасырың басында халықаралық сауда қайтадан тұрақты жоғары өсім көрсетті (7-9 пайыз).[3,245]
Халықаралық сауданың айтарлықтай тұрақты, орнықты өсуіне келесі факторлар әсер етеді:
-
бейбітшілік жағдайында мемлекетаралық қатынастарды тұрақтандыру;
-
халықаралық еңбек бөлінісінің дамуы, өндірістің және капиталдың интернационалдануы;
-
негізгі капиталдың жаңаруына, экономиканың жаңа салаларын құруға, ескі салаларын қайта жаңғыртуға әсер ететін ғылыми-техникалық революция;
-
әлемдік нарықта халықаралық корпорациялардың белсенді қызметі;
-
жаңа коммерциялық ақиқаттың, стандартталған тауарлар үшін жалпы әлемдік нарықтың пайда болуы;
-
халықаралық сауда ұйымының іс шаралары арқылы халықаралық сауданы реттеу (ырықтандыру) ;
-
көптеген елдердің негізгі әлемдік валютасының сауда және төлем балансының салыстырмалы тұрақтылығын қолдайтын, халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың, мысалы халықаралық валюта қорының, қызметі;
-
әлемдік банктің әлемдік экономиканы тұрақтандыруға бағытталған қызметі;
-
сыртқы сауданы ырықтандыру, көптеген елдердің импортқа шек қойылуын жоюы және кедендік бажды әжептәуір төмендетуі, еркін экономикалық аймақ құруы;
-
сауда-экономикалық интеграция үдерісін дамыту: аймақтық кедергілерді жою, ортақ нарық, еркін сауда аймағын қалыптастыру;
-
бұрынғы колониалды елдердің саяси бостандық алуы. Олардың ішінен экономикасының үлгісі сыртқы нарыққа бейімделген елдердің бөлініп шығуы.
Осы заманғы әлемдік экономика мен сыртқы экономикалық байланыстардың ерекше маңызды сипаты капиталдың халықаралық қозғалысы және оның елдер арасындағы белсенді миграциясы болып табылады.
Әлемдік экономиканың терең даму дәуірінде капитал әкету тауар әкету монополиясын басып озды. Капиталдың жылжуы тауардың жылжуынан біраз ерекшеленеді. Сыртқы сауда, тауарлардың тұтыну құны ретіндегі айырбасы болып табылады.
Капитал әкету белгілі бір елдің ұлттық айналымынан капиталдың бір бөлігін алып тауарлық немесе ақшалай түрде басқа бір елдің өндіріс немесе айналым үдерісіне салу болып саналады. Әдепкі кезде капитал әкету әлемдік шаруашылықтың шет аймақтарына капитал экспорттаушы аздаған өнеркәсібі дамыған елдерге тән болды. Әлемдік шаруашылықтың дамуы оның шеңберін біраз кеңейтті: капитал әкету қандай да болмасын экономикасы серпінді дамыған елдердің қызметіне айналды. Капитал әкетуді алдыңғы қатарлы дамыған елдер де, орташа дамыған елдер де, дамушы елдер де, ерекше жаңа индустриалық елдер де іске асырады.
Капитал әкетудің негізгі алғы шарты белгілі бір елде капиталдың салыстырмалы артықшылығы, шамадан тыс қорлануы. Кәсіпкерлік пайда немесе пайыз алу мақсатында ол шетелге шығарылады. Капитал экспорты ішкі экономикаға инвестиция жетпеген жағдайда да іске асырылуы мүмкін. 2000–жылдардың басында әлемде артық капитал көлемі 180-200 млрд. долл. шамасында болды. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап капитал әкету үздіксіз артып келеді. Капитал экспорты өндірісі дамыған елдерде өзінің даму қарқыны жөнінен тауар экспортын да және ішкі жалпы өнімді де басып озды. Капитал әкету көлемі шұғыл артқан жағдайда оның халықаралық миграциясы күшейді.[3,196]
Капиталдың халықаралық миграциясы өз иесіне табыс әкелетін, елдер арасындағы капиталдың қарама-қарсы жылжуы. Әрбір ел бір мезгілде әрі капитал экспортшысы, әрі импортшысы болады, яғни қарама-қарсы инвестициялау іске асады. Үлкен пайда табу мақсатында капитал әкетудің басты себептері мыналар:
-
әлемнің әр түрлі бөліктерінде капиталға сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмеуі;
-
жергілікті тауар нарығын игеру мүмкіндігінің пайда болуы. Бұл жағдайда капитал тауар экспортына жол салу, өзінің өніміне сұранысты ынталандыру үшін экспортталады;
-
капитал экспортталатын елдерде арзан шикізат пен жұмыс күшінің барлығы. Мысалы, қайта өңдеу саласында неміс жұмысшысының құны тайваньдықтан 4 есе, бразилия және мексикалықтан 9 есе және ресейліктен 54 есе артық тұрады;
-
Қабылдайтын елдегі тұрақты саяси жағдай және қолайлы инвестициялық ахуал, арнайы (еркін) экономикалық аймақтардағы жеңілдікті инвестициялық режим;
-
Капитал әкелуші елдерге қарағанда қабылдаушы елдердегі экологиялық стандарттың төмендігі.
Үлкен пайда табу мақсатында капитал әкетуден басқа оның шекаралардан өтіп жылжуының басқа да себептері бар. Оған қайсыбір елде қолайсыз саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдай, қаржылық конъюнктураның шұғыл нашарлауы және басқалары жатады. Бұл жағдайда капиталдың жылжуы кері ағып, қашқындық сипат алады.
Капиталдың шекарадан өтіп жылжуында, көлемі жағынан да, қарқындылығы жағынан да, халықаралық корпорациялар маңызды орын алады
Капитал әкетуді ынталандыратын және оған әсер ететін факторларға төмендегілер жатады:
-
Капитал әкетудің белсенділігін арттыратын, қозғаушы күш болып, ұлттық экономикалардың өзара байланысының артуы саналады. Өндірістің интернационалдануы капиталдың халықаралық жылжуына үлкен әсерін тигізеді, оны жылдамдатады. Капитал экспорты, оның ішінде ерекше тікелей инвестиция түрінде, басты фактор болып табылады. Ол өндіріске халықаралық сипат береді және халықаралық өнім шығаруға жағдай жасайды. Халықаралық өнім - ғаламдық халықаралық нарықта өткізілетін өнім. Ол сәйкестендірілген өнім, географиялық, ұлттық және тағы басқа да ерекшеліктерге байланыссыз өткізіледі (автомобильдер, ұшақтар, радиоэлектроника бұйымдары, компьютерлер және т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |