Дуйсенова Мөлдір Мейрамханқызы Ағылшын және қазақ тілдеріндегі зоонимдік метафоралардың танымдық сипаты



Дата16.06.2016
өлшемі305.92 Kb.
#140069
түріДиссертация


Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті

ӘОЖ 801.312.2:809.434.2:802.0 Қолжазба құқығында

Дуйсенова Мөлдір Мейрамханқызы
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі зоонимдік метафоралардың танымдық сипаты
6M011900 – Шетел тілі: екі шетел тілі педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының кандидаты

Г.Ж. Снасапова

Қызылорда, 2012


Диссертация Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің роман-герман тілдері кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының

кандидаты Г.Ж Снасапова

Ресми оппонент: филология ғылымдарының

кандидаты З.О. Сахитжанова

Диссертация 2012 жылы «___»__________ сағат «____» Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде 6M0119 – Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңесінде қорғалады. (120014, Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі № 40, №1 оқу ғимараты).


Диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.



КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әрбір жекелеген ұлт түсінігінде әлем әр түрлі көрініс табады. Бұл, әсіресе, тілде айқын байқалады. Яғни тілдегі әлем бейнесі адамның әлемді тануының негізі. Бұған Б.Уорф пен Э.Сепирдің көзқарастары тұрғысынан қарасақ, әр түрлі ұлт осы ғаламды өзінше танып, өзінше пайымдайды. Демек, тіл біздің ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” қалпына келтіруімізге мүмкіндік жасайды, тіл арқылы біз ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” елестетеміз. Адам дүниетанымының басты элементі деп – ғалам бейнесін айта аламыз. Онда адамның дүниені тануының негізгі көріністері жинақталған.

Дүниенің тілдік бейнесіндегі зоонимдік метафоралардың алатын орны өте қызықты да ауқымды мәселе. Зоонимдік метафоралар әлемнің күнделікті тілдік бейнесіндегі үлгі-образ болып табылады. Олар адам мен жануарлардың қасиеттерінің ұқсастығын сипаттауға негізделген. Халықтың тұрмыс тәжірибесі тұрғысынан алғанда белгілі бір жануардың басым қасиеттері адамның мінез-құлық атауына сәйкес аталады. Сондықтан «жануарлар» метафоралары тізбесін белгілі бір тілдегі мәдениеттің үлгісі немесе символы ретінде қарастыруға болады. Метафоралық дүние бейнесінің түп негізінде белгілі бір этномәдени ұжымның сан ғасырлар бойы қоршаған ортаны меңгеруі, игеруі және өзгертуі процесінде қалыптасатын дүниені бейнелі, көрнекі етіп көруі және тануы жатады. Зоонимдік метафоралар көбінесе адамдардың күнделікті тұрмыстық қарым-қатынасы аясындағы дүние бейнесін түзеді, сондықтан ол бейне қарабайыр тұрпатта болып келеді.

Зерттеудің өзектілігі. Адам дүниетанымы кеңістікті танып білуден жинақталады. Әр ұлттың әлем бейнесі олардың дүниені танудағы көзқарастарына байланысты. Адам баласының білімі, көрген – білгені, ақылы, ойы мен оның рухани дүниесін, өмірлік тәжірибесін сөйлейтін тілінен бөлмей, тілдік әлемімен бірге қоса қарастыру, нақтырақ айтсақ, кез келген халықтың тілінде ұлттық – мәдени сипатта бекитін дүние бейнесін антропоцентристік тұрғыда зерттеу – қазіргі заманғы лингвистиканың ең негізгі мәселелерінің бірі. Тіл қазынасындағы ұлттардың тұрмыс – тіршілігі мен өмір тәжірибелерінен хабар беретін, шаруашылық әрекетін танытатын, тілімізде кездесетін зоонимдік метафоралар мен зоокомпонеті бар мақал-мәтелдерді дүниенің тілдік бейнесінде қарастыру маңызды мәселе болмақ. Адамзат қоғамындағы барлық дүниетаным, қарым-қатынас құралы тілдік қызмет арқылы орын алады. Мәдениеттің қалыптасып дамуы, ұлттық-этнографиялық құндылықтардың халыққа таралуы да ауыз екі әдеби тілдің қызметіне байланысты. Сондай-ақ, халық даналығы да өмір заңдылығы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін айқындап, айшықтап жазған.

Жан-жануарлар атаулары биология, зоология оқулықтарында, сөздіктерде кездескенімен екі тілді салғастыра танымдық тұрғыдан талдап, зерттеген арнайы ғылыми еңбектер жетерлік деп айта алмаймыз. Сондықтан, зоонимдік метафораларды жеке зерттеу нысаны етіп ала отырып, халықтың сол бір тіршілік иелері туралы таным-түсінігі мен психологиялық көзқарасын анықтау, халықтың соларға берген сипаттамасын, теңеуін, өзге дүниені танытуда салыстыра қолдануын, адамның мінез-құлқы мен қимыл-қозғалысын әсірелеп танытуда зоонимдік компоненті бар мақал–мәтелдер мен тіркестерді зерттеу тіл біліміндегі өзекті мәселе саналады.

Зоонимдік метафораларды зерттеудің ұлттың тұрмыс – тіршілігін, болмысын, табиғатын танып білудегі маңызы ерекше. Зоокомпоненті бар кез келген тұрақты теңеулердің жасалуында белгілі бір қалыптасқан жүйелі логикалық ой болады. Аталған мәселенің ғылыми зерттеу нысаны болуының себебі, олардың қолданыс аясының кеңдігі, мазмұн жағынан ауқымдылығы және тіл тәжірибесінде жиі қолданылуы болып табылады.

Зерттеудің нысаны. Зоонимдік метафораларды қазақ және ағылшын тілдік ұжым мүшелерінің танымы тұрғысынан қарастыру.

Зерттеу пәні. Зоонимдік метафораларды қазақ және ағылшын тілдеріндегі дереккөздер негізінде ұлттық тілдер мен мәдениеттер контексінде салғастыра зерттеу.

Зерттеудің мақсаты.

– зоонимдік метафоралардың мазмұн – межесін ұлттық таным негізінде жан – жақты анықтау;

– қазақ және ағылшын лингвомәдени қауымдастығы мүшелерінің танымындағы зоонимдік метафоралар тасасындағы аялық білімдер мен танымдық ақпараттарды салғастыра зерделеу;

– екі тілдегі зоонимдермен ассоциацияланатын прототиптік образдардың лингвомәдени сипатын айқындау.



Зерттеулің міндеті.

– қазақ және ағылшын тілдерінде зоонимдік метафоралар шеңберінде қалыптасқан аксиологиялық көзқарастардың ұлттық ерекшеліктерін айқындау;

– қазақ және ағылшын тілдеріндегі зоонимдік метафораларға негізделген фразеологиялық тіркестер мен мақал мәтелдердің астарындағы аялық және танымдық ақпараттарды табу;

– қазақ және ағылшын тілдеріндегі зоонимдік метафоралар негізінде қалыптасқан ассоциациялық образдардың ұлттық мәдени сипатын анықтау.



Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.

– қазақ және ағылшын тілдік қауымдастық мүшелерінің танымындағы адамның іс әрекетін, кескін келбетін, эмоционалдық жай күйін т.б. сипаттайтын зоонимдік метафоралар ұлт дүниетанымымен байланыстырылып, олардың төңірегіндегі аялық білімдер қарастырылды;

– дүниенің тілдік бейнесіндегі зоонимдерге байланысты прототиптік образдардың, қазақтар мен ағылшындардың дүниетанымына, менталитетіне қарай қалыптасқан ассоциациялардың ұлттық мәдени, танымдық ерекшеліктері анықталды.

– қазақ және ағылшын тілдерінде қолданыс тапқан зоонимдік метафоралар екі ұлт дүниесінің тілдік бейнелерін ұрпақтан – ұрпаққа жеткізуші, яғни ақпарат тасымалдаушы қызметін атқарады.


Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу материалы мен зерттеудің дереккөздері ретінде жалпы іріктеу негізінде жинақталған қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер мен мақал-мәтелдер пайдаланылды. Сондай – ақ, Т. Қоңыровтың «Қазақ тілінің тұрақты теңеулері сөздігі» (Алматы, 1990), Ә. Қайдардың «Халық даналығы» (Алматы, 2004) және «Тысяча метких и образных выражений: казахско – русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (Астана, 2003) т.б. қолданылды.

Зерттеудің әдіс – тәсілдері. Диссертацияда екі тілдегі зоонимдік метафораларды лингвомәдени және когнитивтік тұрғыдан талдау әдістері, оларды сипаттамалық, салғастырмалық жақтан талдау тәсілдері қолданылды.

Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы. Қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағыттағы лингвомәдениеттану, этнолингвистика, когнитивті лингвистика салаларының теориялық мәселелерін шешуде, принциптерін айқындауда және бұл салалардың алға қарай дамуында зерттеу жұмысының нақты нәтижелері мен тұжырымдары өз деңгейінде үлес қоса алады.

Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы. Жұмыстың нәтижелерін жоғары оқу орындарда лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика, стилистика пәндері бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда, теориялық курстар мен арнайы семинарларда пайдалануға, сондай – ақ лексикографиялық тәжірибеде қолдануға болады.

Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

– қазақ және ағылшын тілдеріндегі зоонимдік метафоралардың пайда болу көздері лингвомәдени қауымдастық өкілдерінің тарихымен, олардың өмір-тіршілігімен, рухани мәдениетімен тығыз байланысты. Сондықтан, олардың мән – мағынасын когнитивтік таным мен олардың тарихи – этимологиялық көздері арқылы нақтылауға болады.

– зоонимдік метафоралар дүниенің тілдік бейнесінің тұрақты фрагментін түзетін тілдік модельдер ретінде тіл иесінің табиғи және қоғамдық ортаны игеру барысындағы өмірлік тәжірибесін білім қоры түрінде жинақтауға қатысады. Онда лингвомәдени қауымдастық өкілдерінің санасындағы сан ғасырлық танымдық ақпараттар көрініс табады.

– дүниенің тілдік бейнесіндегі зоонимдердік метафораларды мақал – мәтел және / немесе фразеология түрінде вербальданған, ұлттық – мәдени нақыштағы күрделі, ментальдық құрылым ретінде танимыз. Олай болатын себебі, олардың қолданысы ұлттық болмысқа тікелей қатысты.



Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның мазмұны, тұжырымдары мен негізгі нәтижелері «Студенттердің ғылыми инновациялық шығармашылығындағы: зерттеулер тәжірибесі және басым бағыттары атты №14 (68) ғылыми конференцияда (Қызылорда, 2012) баяндалды. Республикалық ғылыми басылымда «Қазақ және ағылшын тілдеріндегі ит зоонимдік метафорасының ұлттық сипаты» атты мақала жарияланды.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиет тізімі мен қосымшалар берілген.
Негізгі бөлім

Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырып өзектілігі негізделіп, оның басты нысаны, негізгі мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы айқындалып, зерттеу жұмысының дереккөздері, әдіс – тәсілдері сипатталды.

Бірінші тарау «Зоонимдік метафораларды зерделеудің лингвомәдени сипаты» деп аталады. Бұл тарауда зоонимдік метафораларды зерттеудің теориялық мәселелерімен қатар, олардың дүниенің тілдік бейнесін қалыптастырудағы алатын орны, мәдени конотация ұғымы қарастырылды.

1.1 Зоонимдік метафораларды зерделеудің лингвомәдени сипаты.

XX ғасырда тіл білімі саласында метафораны зерттеудің жаңа бағыттары пайда бола бастады. Аталған бағыттар метафораны танымдық тұрғыдан зерделеумен сипатталады. Метафораның теориясын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп, оның тілдегі қызметі, тіл, сана, таныммен байланысты сан алуан ғылым салаларындағы термин жасау, жаңа білімді қалыптастыру қызметі, түрлері, мән–маңызы мен қолданылу аясы жөнінде қарастырылып келеді. Көптеген ғалымдар метафораны әлем туралы ойлаудың вербальды әдісі немесе ойлау әрекеті деген тұжырымға тоқталды. Осы мәселемен айналысқан лингвистердің қатарында А.Хили, Р.Харрис, А.Ортони, Р.Рейнолде, Ф.Ницше, П.Риккер, М.Влэн, А.Ричардс, А.А.Потебня, В.Г.Гак, В.Н.Телия, Н.Д.Арутюнова, В.К.Харченко және т.б. бар. Олардың жұмыстары 1990ж жарық көрген «Теория метафоры» жинағында жарық көрген. Ал, қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы [1], М.Балақаев [2], Б.Хасанов [3], Ә.Болғанбайұлы [4], Г.Зайсанбаева [5], А.Сыбанбаева [6], Б.Қасым [7] т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.

Жануарларға қатысты метафоралық қолданысты салыстыра, салғастыра зерттеуде: Е.М.Брославская, Н.Б.Романова, Е.А.Гутман, О.А.Рыжкина, О.А.Васькова, А.В.Гура, А.В. Егорова, А.А.Кипрянова, О.С.Фролова, Р.Я.Солодкин, М.И.Сюсько, О.Н.Трубачев, Н.С.Шапошникова, С.К.Сансызбаева, Р.Қ.Смағұлова т.б. зор үлес қосқанын атап өткеніміз жөн. Көптеген жұмыстар жануарлар атауының ауыспалы мағынада (метафоралық) қолданылуын зерттеуге арналған.

Жануарлардың ауыс мағынада қолданылуын М.Т.Жұбанышқызы былай түсіндіреді: «Жануарлар атауларының ауыс мағынада келіп, өзіне тән емес ұғымдарда қолданылуын адамзат баласының тұрмыс–тіршілігінің ұзақ уақыт бойы жануарлар әлемімен тығыз байланыста болып келуімен түсіндіруге болады. Ал дүниедегі алуан түрлі құбылыстар жөніндегі түсінігін халық өзін қоршаған ортадағы танымына етене жақын, ертеден танымал ұқсас бейнелер арқылы білдіретіне мәлім. Тілдегі қандай да бір сөздің мағынасында таным обьектісі болып отырған болмыстың ерекше сипатын білдіретін элементтер қаншалықты басым болса, сол болмысты осы сөздің көмегімен бейнелеу мүмкіндігі соншалықты арта түспек» [8.9].

Зоонимдерден жасалған метафоралар «зооморфизм» (Грачев, Лапшина, Скляревская), «зоометафора» (Власкина, Лапшина), «зооморфты метафора» (Голодов), «метафора-анимализм» (Махова, Лобунько), перифразы «тілдік метафора жануарлар әлемінің өкілдеріне ғана қолданылады» перифразалары (Корнилов), «адамдарды метафоралық белгілеу үшін жануарларды белгілеу» немесе арнайы термин ұсынбай, «атаулар санаты» т.б. терминдермен сипатталады.

Зоонимдік метафорлар халықтың ұлттық дүниетанымы мен дәстүрінен хабар беруде ерекше қызмет атқарады. Олай дейтін себебіміз, белгілі бір ұлт тілінің жасалуына сол халықтың танымы мен түсінігіндегі ақпараттар әсер етеді, яғни кез-келген нәрсені таңбалаушы тілдік бірлік жайындағы ұғымы әр ұлтта әртүрлі дей аламыз.Сонымен қатар, зоонимдік метафоралар күрделі тілдік бірлік болып табылады, оларға едәуір ақпараттық әлеует тән. Алайда, осыған қарамастан зоонимдер тіл білімінде жеткілікті дәрежеде ашылмаған.

Олар бізді қоршаған табиғатты әртүрлі жағдайларды бейнелі және эмоционалды түрде бейнелеу қабілетіне ие. Қазақ халқы малды ертеден кешке дейін бағып қана қойған жоқ, бағып жүрген малдың мінез-құлқына, қимыл-жүрісіне қарап неше алуан ерекшеліктерін байқап, адамдардың бет-пішінін, мінез-құлқын, іс-әрекетін сипаттау кезінде ұтымды пайдалана білді. Көрген білгендері төрт–түлік мал мен жан –жануарлар болғандықтан, ата- бабаларымыз адамдардың мінез – құлқын, іс – әрекеттерін сипаттау үшін, теңеу образы ретінде жан –жануарлар мен, төрт–түлік малды алып отырған.

1.2 Мәдени коннотация ұғымы. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында лингвистика саласында мәдени коннотация ұғымы көпшілікке кеңінен таныла бастады. «Мәдени коннотация» ұғымы көбінесе тұрақты тіркестер мен паремиологиялық тіл бірліктерінде айшықты көрініс табады. Және де оның пайда болуына, ұлттық – танымдық стереотиптер, халықтың білімі, ассоциациялар негіз бола алады. Мәдени коннотация ұғымы ғылыми пән – лингвокультурологияның негізі бола отырып, ол тіл процесінде ұлттық тілдің материалдық мәдениеті мен менталитетін зерттейтін және этностың тілі мен мәдениетінің жалғасы болып табылады.

В.А.Маслова «Мәдени коннотация» ұғымын маңызды параметрлермен айқындауға болады деген. Оның пікірінше: «Біріншіден ол семиотикалық бірлік: әртүрлі пәндер мен олардың семиотикалық жүйесі– тіл мен мәдениетті байланыстыратын ілік. Коннотация арқылы мәдениет тілде сақталады және сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі, сондықтан да ол туралы екі жүйені біріктіретін тіл бірлігінің коннотациялық – мәдени функциясын диахронды және синхронды деп айтуға негіз бар. Екіншіден, мәдени коннотация тіл жүйесінде өзіндік локусын иеленеді. Бұл тілдің белгілі тілігі, нақтылап айтсақ, мотивациялық лексикалық және фразеологиялық бірліктер. Осы бірліктерге сүйене отырып, коннотация белгілі бір жүйеде локализацияға ие болады» деген ой тұжырымдайды [9.53].

Көптеген ғалымдардың коннотация табиғатына қатысты жазған еңбектерінде, ғалымдар тарапынан коннотацияның құрылымдық бөліктері әр түрліше танылып, коннотация ұғымы кең мағынада және тар мағынада қарастырылатындығын байқадық. Коннотация ұғымын «кең» мағынада түсінетін ғалымдар тобы бұл жиынтыққа мағынадағы эмоционалдықты, экспрессивтілікті, бағалағыштықты және стилистикалық микрокомпоненттерді жатқызады. Ал, «тар» мағынада қабылдайтын ғалымдар тобы мағынаның көрсетілген барлық микрокомпоненттерін коннотивтік семаға кіргізбейді. Мағынаның коннотивтік аспектідегі мазмұнына эмоционалдық және стилистикалық микрокомпоненттерді ғана жатқызады.

Жан – жануарларға қатысты бейнелік коннотация қолданысының кейбір аспектілері Н.Д.Арутюнова, В.А.Маслова, В.В.Виноградов, Ә.Т.Қайдар, Т.Д.Жанұзақов, С.К.Сәтенова т.б. сынды ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

«Коннотациялық мәнді зооморфизмдер белгілі бір ойды нақты, әсерлі, көркем түрде жеткізу мақсатымен көркем әдебиет тілінде де кеңінен қолданылады. Олар белгілі бір тіркес құрамында астарлы мағына жүйесіне ілігіп, бірде жағымды мағына берсе, кейде жағымсыз мағына мазмұнын құрайды. Осымен байланысты суреткер санасында кейбір өзара ұқсас қасиеттерін салыстыру негізінде қалыптасатын ассоциация арқылы адамның орнына немесе белгілі бір құбылысты сипаттау мақсатында жануарлар атауларының ұшырасуы, яғни олардың өзіндік мінез–құлқына, пішініне, мүшелік белгілеріне, іс–әрекетіне т.б. ерекшеліктеріне байланысты метафоралық ауыс қолданылуы белгілі бір образ жасау, модальділік көзқарасын білдіру, әсерлігін күшейту мақсатында шығармаларда ұтымды қолданылады» – дейді А.М.Сапанова өз еңбегінде [10.171]. Әрине, бізде осы пікірмен қосыламыз. Себебі, көркем әдебиетте жануарлардың образдары арқылы адамды сипаттау көптеп кездеседі.

1.3 Дүниенің тілдік бейнесіндегі зоонимдік метафоралардың орны. Дүниенің тілдік бейнесі ұғымдары қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, секілді ғылыми бағыттардың дамуына байланысты ХХІ ғасыр басында кең көлемде таныла бастады. Ұлттық құндылықты жаңа моделде қалыптастыру қазақ тіл білімінің бастауларында дамыды. Ф.Б.Қожахметова, Ш.С.Ниятова, Г.М.Имашева, Б.Шалабай, Г.Н.Смағұлова, Г.Сағидоллақызы, А.Ислам, Б.Нұрдаулетова, Г.Қосымова, Э.Оразалиева т.б. секілді тілші-мамандар қазақ этнографиясын, дүние болмысын тілдік бірліктер астарында қарастырып, оған талдау жасап, жан-жақты зерттеді.

Адам дүниетанымы кеңістікті танып білуден жинақталады. Әр ұлттың әлем бейнесі олардың дүниені танудағы көзқарастарына байланысты. Адам баласының білімі, көрген-білгені, ақылы, ойы мен оның рухани дүниесін, өмірлік тәжірибесін сөйлейтін тілінен бөлмей, тілдік әлемімен бірге қоса қарастыру, нақтырақ айтсақ, кез келген халықтың тілінде ұлттық-мәдени сипатта бекитін дүние бейнесін антропоцентристік тұрғыда зерттеу - қазіргі заманғы лингвистиканың ең негізгі мәселелерінің бірі.

Адамның сыртқы келбетін, ішкі жан-дүниесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын, көңіл-күйін т.б. білдіретін метафоралардың образдық, фондық негіздері халықтың ақиқат дүние туралы білімдер жүйесінен хабар береді.

Зоонимдік метафоралардың мағынасы белгілі бір ұлттың таным-түсінігі, ой-өрісі, тіршілігі мен тұрмысына байланысты. Олардың мағынасы сол метафораларды қолданатын ұлтқа түсінікті, жиі қолданысқа түсетін бейнелі метафоралар. Зоонимдік метафоралардың авторы жоқ. Олар – мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер тәрізді халық қазынасы.

Зоонимдік метафоралар әлемнің күнделікті тілдік бейнесіндегі үлгі-образ болып табылады. Олар адам мен жануарлардың қасиеттерінің ұқсастығын сипаттауға негізделген. Халықтың тұрмыс тәжірибесі тұрғысынан алғанда белгілі бір жануардың басым қасиеттері адамның мінез-құлық атауына сәйкес аталады. Сондықтан «жануарлар» метафоралары тізбесін белгілі бір тілдегі мәдениеттің үлгісі немесе символы ретінде қарастыруға болады.

Қоғамдағы әрбір құбылыс халықтың дүниетанымына байланысты өрнектеледі. Кез-келген нәрсені салыстыра отырып сипаттап, суреттегенде көңіл-күй сезімдері негізінде бейнеленеді. Сонымен, адам кез келген нәрсені сипаттап, суреттегенде көбінесе теңеп, ассоциативті түрде салыстыра отырып, өзінің ой-пікірін бейнелі түрде жеткізіп отырған. Үй жануарлары, жабайы аң-құс атаулары этностың ой-санасында, абстрактылы ұғымдар мен ассоциативті салыстырулар көңіл-күй сезімдері мен іс-әрекеттерін бейнелі түрде беруде кеңінен қолданылатынын көреміз.

Диссертацияның екінші тарауы «Қазақ және ағылшын тілдеріндегі зоонимдік метафоралардың ұлттық-мәдени және танымдық негіздері» деп аталады. Бұл тарауда зоонимдік метафоралар негізінде қалыптасқан ассоциациялық образдардың ұлттықмәдени сипаты анықталып, зоонимдік метафоралар шеңберінде қалыптасқан аксиологиялық көзқарастардың ұлттық ерекшеліктері қарастырылды. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі зоонимдік метафораларға негізделген фразеологиялық тіркестер мен мақал мәтелдердің астарындағы аялық және танымдық ақпараттар айқындалды.

2.1 Қазақ және ағылшын тілдеріндегі зоонимдік метафоралар негізінде қалыптасқан ассоциациялық образдардың ұлттықмәдени сипаты. Құрылымы әр түрлі ағылшын және қазақ тілдерінің сөздік қорындағы сан алуан атаулардың ішінде өте жиі қолданылатын, мағынаға бай, қолданыс ауқымы кең тілдік бірліктердің бірі метафоралық теңеулер. Зоонимдік метафоралардың басым көпшілігі ұлттық негізді арқау ете отырып пайда болған. Олар ұлт өмірінің айнасы, сондықтан да бойында сақталған ұлттық мәдени негіздерге сүйенеді.

Жануар атауы адамға қатысты қолданылғанда жануар мен адам арасындағы ұқсастық әр халықтың ұлттық–мәдени көзқарасына байланысты әр түрлі сипат алады – дейді С.Қ. Сансызбаева өз еңбегінде [11.216]. Яғни, белгілі бір мағына екі түрлі ұлт тілінде әр басқа ұғымдармен коннотацияланып, өзіне ғана тән ассоциативті образдар негізінде көрініс табады. Мысалы, ағылшындарда hare жылдам қимылдайтын, бірнәрсені тез істейтін адам жайында жағымды ассоциативті образ ретінде қолданылса, қазақтарда қоян зоонимі қорқақ адам жайында жағымсыз мәнде қолданылады. Егер ағылшынар біреуді bear десе, онда ол ебедейсіз, дөрекі адам жайында айтылғаны.



Ағылшындардың танымында жағымсыз құпияны сипаттау үшін ұйықтап жатқан иттің образы алынса (а sleeping dog), ал қауіп – қатер үндемей жатқан итпен (a silent dog) ассоциацияланады. Бұл жерде let sleeping dog lie тәрізді нақыл қазақ тіліндегі тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа деген мақалмен, beware of a silent dog & still water нақылы қазақ тіліндегі үндемегеннен үйдей бәле шығады тәрізді көзқараспен астарласады. Ал, үріп жатқан иттің (barking dog) образы, керісінше көңілдегі қорқынышты сейілтеді: barking dogs seldom bite (сөзбе сөз: үріп жатқан ит анда санда тістейді).

Help a lame dog over a stile (сөзбе сөз: ақсақ итке кедергіден шығуға көмектесу) тұрақты тіркесі біреуге қиыншылықта, басына іс түскенде көмек беру, біреуді қиыншылықтан алып шығу мағынасында қолданылады. Бұл жерде қиыншылыққа ұшыраған адамның образы ақсақ итпен (a lame dog) астарласқан. Мысалы: ″He would always help a lame dog over the stile, that was his boast.″ (F. Hardy).

Ит қазақтардың танымында жеті қазынаның бірі саналып қоймай, он екі мүшел жылдың біріне кіреді. «Ит жеті қазынаның бірі», - дей тұра халқымыз оны жағымсыз эмоциямен де ассоциациялайды. Қазақтардың тілдік қауымдастығында біреуді қатты жек көргенде иттің образы алынатыны белгілі. Оған: иттің етінен жек көру, иттің баласы, иттен туған, ит адам, ит жыны келу т.б. мысал бола алады. Сондай – ақ, біреудің тұнығын лайлап, адалын арамдап жүрген тоғышар адамдар сүтке тиген ұры итпен ассоциацияланады.

Мінезі нашар адамның прототиптік образы ретінде ит алынып, ит мінезді аталса, әлсізге әлімжеттік қылатын адам туралы да ит (таз) ашуын тырнадан алады дейді. Сол сияқты, бет – аузын, басын, шашын қайта – қайта сипап, сәнденіп әлекке түсетін сәнқойлардың қылығы жарасын жалаған итпен салыстырылады. Ал, өзінің мықты тірегіне, күшті туыстарына сеніп, шүйкедей бойына қарамай, түйедей адамдарға жұдырық жұмсайтын оспадар мінезді, шолақ ақылды тентек адамның қылық – әрекеті түйеге жармасқан иттің әрекетімен ассоциацияланады [11.476]. Оған қоса, итке тұмар жараспас деп оны келемеждеп де отырған.

Мысықтың өмірде қандайда бір жағымсыз, ойсыз әрекеттерге барарда көз жұма қарап ұрынып жататын кездердің кездесетіні қаншалықты шындық болса, ұрының тамағын тойдыруды ғана мақсат тұтатындығын, ессіз хайуанның марғау тірлігін халық қалт жібермей жағымсыз мәнде қолданатынын the cat shuts its eyes when stealing cream деген мақал арқылы көрсеткен. Яғни, мысық қаймақ ұрлағанда, көзін жұмады. Бұл мақал өз қателігі мен кінәсіне көз жұма қарайтын адамдардың әрекетін сипаттау үшін ағылшындардың оларды мысықпен ассоциацияланайтынын көрсетеді.

Арам пиғылды, тілеуі жаман қара ниет адам қазақтардың танымында қара мысықпен ассоциацияланады. Осыған байланысты тілімізде мысық тілеу тіркесі қолданылады. ″Ах,деді. Ертеңіне Зоридаш өлі бала туды. Кемпір: Мысық тілеу жетті ғой түбіне қайтейін!деп, маңдайын тоқпақтады″ (Т. Әлімқұлов).

Ағылшындардың танымында құпия, сыр мысықтың образымен сипатталады: a cat in the meal (құпия, сыр), the cat is out of the bag (құпия бәріне мәлім болды). Мысалы: ″So the cat is out of the bag. The aim of this scurrilous campaign is to induce the Government to restrict the powers of the unions, to deny the workers the right to strike, and generally to weaken confidence in the unions″ (″Daily Worker″, L., Jan.20, 1954).

Екі тілде де есек зоонимі топастықпен, жағымсыздықпен астарласады. Ағылшын тіліндегі to act the ass (ерсі қылықтар жасау), never bray at an ass (ақылсыз адаммен байланыспаған жөн) деген жағымсыз мәндегі көзқарастар бар. Жалпы, ағылшындардың өміріне бір сәт үңілсек, олар есекке қатысты метафораларды күнделікті өмірде көп қолданады екен. Тіпті, жұмыста немесе бизнесте істері алға баспай қалған жағдайда ″Ohhhh it’s an ass work″ (есек жұмыс) дейді. Сондай ақ, жақтырмаған адамын балағаттағанда да осы бір жануардың атын атайды екен.

Қазақ тілінде есек ақымақтық пен топастықпен қатар, жуастық (есектен де жуас), аңқаулық (зәңгі есек) мағынасында жиірек қолданылады. Мысалы: ″Есектен де жуас боп, Қолынан түсті таяғы″ (І. Жансүгіров).

Екі ұлттың танымында қулық, айлакерлік түлкімен ассоциацияланады. Оған қазақ тіліндегі айлалы түлкі алдырмас, бұлаңдаған қу түлкі, түлкі бұлаң т.б. нақылдар мысал бола алады.

Түлкі құйрық саясаттың,

Алтыны үшін, наны үшін,

Қасиетті достықтың, мен

Таптамаймын намысын (М. Мақатаев) тәрізді мысал соған дәлел.

Ал, ағылшын тіліндегі when the fox preaches take care of your geese, set a fox to keep one’s geese, play the fox, old fox Has the sly old fox made his fortune then, and gone to live in a tranquil cot in a pleasant spot with a distant view of the changing sea? said Dick, in great bewilderment (The Old Curiosity Shop) тіркестері жоғарыда айтылған көзқараспен ұштасады.

Бөрі зоонимінің мазмұнында түрлі ассоциациялық образдар жатыр: бөрі баласы бөркіңе салсаң да ит болмас; бөрі арығын білдірмес – сыртқа жүнін қампайтар; "бөрі жоқ" деме – бөрік астында,"жау жоқ" деме – жар астында т.б. Мысалы: "Демек, бөрі бөрік астында" деген сөз. Қар жауған түнде келуі осыған айғақ" (Т. Әлімқұлов).

Қасқыр өмірде жағымсыздықпен, жауыздықпен астарласқанмен, кейде бірге туған ағайындылардың араздасуын дұрыс көрмеген халқымыз: ″Қасқыр да ұяласына қастық жасамаған″, - деп тұқыртып отырған.

Өмірден көргені аз, әлі тәжірибе жинақтай қоймаған жас адам жайлы айтқанда, ағылшындар spring chicken тіркесін қолданады. Мысалы: ″…my remotest ancestors are but spring chickens compared with these robed and stately antiques…″ (M. Twain, “Pudd’n head Wilson”, A Whisper to the Reader). Ал, қазақтар ондай адам туралы сары уыз балапан дейді.

Кез келген тілдің қомақты бөлігін құрайтын зоонимдік метафоралар ұлт санасында сақталған ұлттық мәдени ақпаратты, оның құндылығын анықтауға мүмкіндік береді. Олар лингвомәдени қауымдастық өкілдерінің қарым – қатынас ерекшеліктерін танытатын коммуникациялық кеңістіктегі маңызды бірлік болып табылады. Сол себепті, зоонимдік метафоралардың мазмұнындағы ақпараттарды – ұлт танымының тілдік таңбасы, ал прототиптік образдарды нысандар арасындағы логикалық байланыс нәтижесінің тілдік көрінісі деп есептеуге болады.

2.2 Қазақ және ағылшын тілдерінде зоонимдік метафоралар шеңберінде қалыптасқан аксиологиялық көзқарастардың ұлттық ерекшеліктері. Жалпы зерттеушілердің пікірлеріне, өмірлік тәжірибеде құндылықтар тізіміне, қазіргі кезеңдегі басты тұлға, ең маңызды құндылық иесі – Адам екендігіне күмәніміз жоқ. Кез–келген нәрсе, жер бетіндегі барлық заттар, бүкіл адамзаттық мәдени мұралардың ең ізгілері – құндылықтар адам қолдарымен, ақыл-ойларының нәтижесінде жасалған. Жалпы, барлық пікірлермен айтылған көзқарастарға сүйене отырып, құндылық–адам ойының қандай да бір жоғары түрі деген тұжырымға келе отырып, құндылықты  мәдениеттің құрамдас бөлігі деп есептейміз. Мәдениеттің құрамдас бөлігі болуы себепті құндылық адамдардың өзін ұстауын реттейді, олардың шынайы тәртібін айқындайды. Мәдениет құндылықтары, тиісінше, материалдық және рухани болып бөлінеді. Құндылықтар әлемі, сөздің жалпы мағынасында, мәдениет әлемі деген сөз. Ол адамның рухани қызметі, оның ойы мен санасының дұрыс екендігін айғақтаушы, адамның рухани байлығының өлшеуіші іспетті. Құндылықтарды мүдделердің қарапайым жалғасы немесе бейнеленуі ретінде қарастыруға болмайды. Олар салыстырмалы түрде алғанда өзінді ерекшелікке ие.

Қазақтардың ұлттық танымында мысық көбіне жағымсыз коннотациямен айқындалатын тұрақты тіркестердің құрамында кездеседі. Мысықтың тышқан аулаудан басқа жұмысы жоқ. Тілімізде жағымды эмоционалдық реңк беретін тұрақты тіркестің болмауы осыған байланысты болуы керек. Мәселен, мысық көмбе қылық (мінез), мысық қылығы тіркестері көңірсітіп, бықсытып жүрер, пыш пыш әңгімесі бар, сасық қулығы бар кісі туралы әңгіме болғанда қолданылады. Мысалы: ″Осының мысық көмбе мінезі құрысын! Бір нәрсені көңірсітеді де жүреді″ (Ауызекі тіл). Мысықтан басқаның қылығы жататын ба еді, жетті де жаманат!″ (Ғ. Мүсірепов).



Мысықтың жағымсыздықпен астарласатыны алдыңды мысық кесіп өтсе, жолың болмайды; қара мысық қарғыс деген наным – сенімдерден де көрінеді.

Ағылшын тілінде де мысық лексемасының мазмұнында жағымсыздық бар. Оған жоғарыда келтірілген тіркестермен мазмұндас көзқарастар дәлел: let the cat out of the bag (сөзбе – сөз: мысықты қаптан шығару). Мысалы: Her father kissed her when she left him, with lips which she was sure had trembled. … From the warmth of her embrace he probably divined that he had let the cat out of the bag, for he rode off at once on irony. (J .Galsworthy, ″To let″, part I, ch.VI).



Сырты бүтін, іші түтін адамдар туралы ағылшындар singe cat дейді. Мысалы: ″...you’re a kind of a singed cat as the saying is better’n you look″ (M. Twain, ″Tom Sawyer″, ch.I).

Мысық зоонимінің жағымды коннотациямен айқындалатын метафоралық қолданыстарда да кездесе алатынын bell the cat тіркесінен көреміз. Ол қауіпті жерлерде немесе қауіпті істе өз басына жауапкершілікті алып кінәні өз мойнына арқалайтын адамдар жайлы айтылған. Мысалы: ″We did not know who would put him this delicate question when my friend offered to bell the cat.

Құрамында қой зоонимі кездесетін метафоралық қолданыстар өте көп. Бір істің басын бастап, аяғын шикі қалдыратын шалабайлар туралы қой болды, қой болдыға салды, қой болдыға айналды тіркестері қолданылады: ″Тасболат Қызыл қыш оңайлықпен сенің қолыңа түсе қояр, шіркін! – деді сол шетте отырған біреу Біләлді кекетіп, – көрерміз, сәндік іздеп жүргенде, осы шаруаның аяғы қой болдыға айналады, әлі″ (С. Омаров).

Қазақтар қарға зоонимін аксиологиялық тұрғыдан жағымсыздықпен ұштастырып, керісінше бүркітті тектіліктің, күштің символы етіп, жағымды жақпен астарластырады. Оған ажалды қарға бүркітпен ойнайды деген мақал немесе ″ – Кімде – кім бізге соқтықса, бүркітпен ойнаған ажалды қарғаның кебін киеді″ (С.Адамбеков) т.б. тәрізді көркем шығарма кеңістігінен алынған метафоралық қолданыс мысал бола алады.

Мәдениет адами қарым – қатынастарды реттеудің маңызды тұлғалық әлеуметтік тетігі болғандықтан, зоонимдік метафоралардың мазмұнындағы аксиологиялық ерекшеліктерді анықтау лингвомәдени қауымдастық өкілдерінің санасына тереңірек үңілуге әсер етеді.

2.3 Қазақ және ағылшын тілдеріндегі зоонимдік метафораларға негізделген фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдердің астарындағы аялық және танымдық ақпараттар. Ата – бабамыз қаншама ғасырлар бойы басынан өткізген тәжірибесін, рухани мәдениет негізінде қалыптасқан салт – дәстүрлері мен әдет – ғұрыптарын, тіл арқылы мына бізге мирас етіп, ұрпақтан–ұрпаққа жеткізіп отырған. Тілдегі қалыптасқан мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, шешендік сөздер, фразеологиялық тіркестер халықтық менталитет пен ұлттың өзіндік ерекшеліктері мен көзқарастарын танытатын этнолингвистикалық арналар болып табылады.

Ит культінің қазақ және ағылшын халқының таным түсінігінде, ой санасында алатын орны ерекше. Оған себеп, адам баласы пайда болғаннан бері өмірінде, тұрмыс тіршілігінде біте қайнасып келе жатқан осы үй жануарының мифтік тарихы.

Екі тілде де иттің образы тұрақты тіркестерде жиі қолданылады. Итке қатысты қолданылатын тұрақты тіркестер иттің мінезін, бабын, күйін т.б. қасиеттерін сипаттаса, адамға қатысты ауыспалы мәнде қолданылатын тұрақты тіркестер адамның жағымды – жағымсыз мінез – құлықтарын бейнелейді. Әу бастан  ит – адамның досы деген түсінік қалыптасқан. Иттің көру, есту, иіс сезу мүшелері жақсы дамығандықтан болар, адамдар оларды  әртүрлі қызмет түрлеріне пайдаланып келеді. Көне аңыздарда Адам ата мен Хауа ана екеуінің кезінде топан су болып барлық егін суға ағып кетеді.Сонда адамзаттың қасына ерген алғашқы жануар – ит бір уыс масақты судан тістеп алып шығады. Келер жылы көктемде Адам ата мен Хауа ана әлгі масақтан шыққан дәнді егіп, тіршілігін жандандырады деп айтылады. Біздің бабаларымыз осы итті босағасынан ешқашан аттатпаған. Тамақтың қалдығын, сүйек – саяқты беріп асыраған төбетті тек үйдің, малдың, қораның күзетшісі, әрі көмекші ретінде ұстаған [12.1].

Шығу тегі Библиямен байланыстырылатын the dog returns to his vomit (сөзбе – сөз: ит өзінің құсығына қайтып келеді) деген нақыл қылмыс жасауға бейім тұратын адамға қатысты қолданылады.

Ит зоонимінің жағымды коннотациямен айқындалатын метафоралық қолданыстарда да кездесе алатынын а clever dog (aқылды адам), а gay dog (көңілді адам), а die dog for somebody (сатқындық жасамайтын, біреу үшін жанын беруге даяр, адал адам) т.б. тіркестер дәлелдейді. Қазақ тілінде осыған байланысты мынадай сенім бар: ″иесіне шын берілген тазы оған қауіп төнгенде өзін өлімге қиюға дейін баратын адал да, берілген хайуан". Ит адамға жақын табиғат ана перзенті болғандықтан ит жылы туса адамдар ойға алған ісі орындалады, тоқшылық пен молшылық болады, олқылық толып, тыныштық мамыражай шақ болады″ деп сенген.

Біздің ұлттық болмысымызда, тұрмыс – тіршілігімізде бір мезгіл діни нанымдарға құлақ түрсек, ит қыл көпірдің үстінде алаулаған оттан күнаһар пенделерді құтқару үшін құйрығымен су шашып, көмектеседі, - деген көзқараспен кезігеміз.



Мысық тілеу тіркесіне қатысты халқымызда мынадай аңыз әңгіме бар: ит өзін асыраған үйдің балалары көп болса, қолдарына ұстап шыққан нандарын тойып болған соң тастап кетсе, тояр едім деп балалардың көп болғандығын, молшылық болғандығын қалап, соған тілеулес болады екен. Ал, мысық болса, «мені асыраған иемнің екі көзі соқыр болса ғой, алдындағы тамағын тартып жер едім»,деп армандайды екен. Әрине, мұның бәрі аңыз әңгіме десек те, қазақтардың мысықпен салыстырғанда, итті көбіне жоғары бағалайтындықтарын байқауға болады.

Cry wolf too often тұрақты тіркесі жалған дабыл қағу дегенді білдіреді. Оның мазмұнындағы танымдық ақпарат ретінде мына жайтты айтуға болады: The Boy Who Cried Wolf деп аталатын қойшы туралы балаларға арналған мысалда бір қойшы бала “қойға қасқыр шапты“ деп айғайлап, адамдарды алдап жүреді екен. Бір күні шынында қасқыр шапқанда оның сөзіне ешкім сенбей, көмекке келмей қойыпты.

An ass in a lion's skin арыстанның терісін жамылған есек дегенді білдіретін фразеологизмнің астарындағы ақпарақа үңілсек, бағзы заманда бір есек аңшылар етін сойып алып, тастап кеткен арыстанның терісін тауып алып, киіп, ауылына келіпті. Сөйтіп, күні бойы балаларды, жануарларды, адамдарды арыстан боп қорқытып, онысына өзі мақтанып жүріпті. Бір кезде байқамай, ақырып кеп қалғанда Түлкі жүгіріп келіп, оны даусынан танып қойғанын айтады.

Қазақта балыққа бата жоқ деген көзқарас қалыптасқан. Оның астарындағы танымдық ақпаратқа құлақ түрсек, "... қазақ ұғымында: ішер ас – дәмге баға беру малды бауыздаудан (қан шығарудан) бұрын болады; ал балыққа ондай бата берілмейтін себебі, балық ауға түскенде – ақ бата жасалып, "бауыздалып" қойылған. Сасымай, шірімей, асқа тартылған балық арам саналмайды... " деген мағлұмат аламыз [13.238].

Зоонимдік метафоралар астарындағы танымдық ақпараттар лингвомәдени қауымдастық мүшелерінің ойлау жүйесімен тығыз байланыста қарастырылады. Олай болатын себебі, дүниенің тілдік бейнесі, ұлттық болмыс, төл мәдениет төңірегіндегі ерекшеліктер танымдық ақпараттар мен аялық білімдер мазмұнында эксплицитті не имплицитті түрде көрініс табады.
Қорытынды
Диссертациялық зерттеу жұмысында ағылшын және қазақ тілдеріндегі зоонимдік метафоралардың танымдық сипаты мен қолдану аясы қарастырылды.

Зоонимдік метафоралардың адам өмірінде, ырым-тыйымдарында, наным-сенімінде, оның дүниетанымында айтарлықтай орын алғанын тілдік деректер (аңыз-әңгімелер, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, жұмбақтар, нақыл сөздер) дәйектей түседі. Мақал-мәтелдердің мағынасы деңгейінде адамдардың қоғамдағы мінез-құлқы мен стереотипі, өмір шындығы мен кәдуілгі тұрмыстағы жағдаяттар көрінеді. Тұрақты тіркестер мен метафоралардың ішкі формасы деңгейінде осы жалпы тұрмыстық шындықтың күнделікті өмірмен байланысы бекітіледі. Тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерде, метафоралық қолданыстарда әлеуметтің мәдени, әлеуметтік, географиялық сипаттамасы берілуі мүмкін.

Қазақ тілінде халықтың тұрмыс–тіршілігіне орай зоонимдік метафоралар мен зоофразеологизмдер құрамында төрт түлік атауларының көптеп кездескендігін айта кетуіміз керек (қой, ешкі, жылқы, түйе, сиыр). Ал, ағылшын тілінде қоршаған ортасына қатысты жануарлар атауларының барлығы дерлік қатысқан. Олардың басым бөлігін жабайы жануарлар атаулары (dog, horse, cat, fish, lion, cock, monkey, bird, pig, hog, goose, wolf, hare). Осындай ерекшеліктеріне байланысты, екі тілдегі жан–жануарлар атауларының қолданыс жиілігі әр түрлі деген қорытындыға келуге болады. Жалпы адамзат баласы үшін жануарлардың пайдасы мен зияны, қасиеті мен құдіреті айтарлықтай әсер қалдырған. Соның негізінде әрбір зоонимнің белгілі бір ұғымның символына айнала алатыны мәлім. Адамның мінез-құлқын, көңіл-күйін сипаттауда екі тілде де ит пен мысықтың тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің ішінде көптеп кездескендігін айта кетуіміз керек.

Екі тілдегі «Адам» тақырыбына кіретін фразеологизмдер мен мақал–мәтелдерді мынадай топтарға бөліп қарастырдық: 1) мінез– құлық 2) адамның көңіл– күйі 3) адамның күш – қайраты, дене бітімі 4) адамның тұрмыс– тіршілігі, өмір сүру ортасы 5) адамның іс– әрекеті 6) адамның өзін қоршаған ортамен қарым қатынасы. Осындай топтарға бөле отырып, әр топқа жеке-жеке тоқталып, екі тілдегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды табуға тырыстық.

Ағылшын және қазақ халқының тұрмыс – тіршілігі, тәлім–тәрбиесі, наным–сенімі мен өмір тәжірибесі әр түрлі болғандықтан, ақиқат дүниенің бөлігі болып табылатын дүниенің тілдік бейнесінде өзгешіліктер болатындығына көз жеткіздік. Сонымен қатар, зоонимдік метафоралар, зоофразеологизмдер мен зоонимдік компоненті бар мақал–мәтелдерге талдау жасау дүниенің тілдік бейнесіндегі ұлттық сипатты ашуға мүмкіндік береді. Зоонимдік метафоралар, зоофразеологизмдер мен мақал–мәтелдердегі дүние бейнесінде адамды бағалау мен сипаттау құбылыстары образды-экспрессивтік, субъективтік бағалау арқылы жүзеге асатын болғандықан, олардың дүниенің тілдік бейнесін сомдауда атқаратын маңызы ерекше.

Түрлі ұлт өкілінің өзіндік дүниетанымы, яғни ақиқат дүниенi түсiнуі, оны бағалауының принциптерi, білімдері мен ақпараттарының негізінде пайда болған көзқарастары мен құндылықтарының әр алуан болатыны белгілі. Сондықтан, жұмыста тілдік ұжым мүшелерінің бітім болмысын, мінез – құлқын, олар өмір сүретін табиғи ортасы мен тұрмыс тіршілігінің ерекшеліктерін тілдік бірліктердің мазмұнынан іздей отырып, тіл этномәдени ұжымның тарихи, саяси дамуымен, салт – дәстүрімен, танымдық – тағылымдық құндылықтар жүйесімен, рухани және заттық мәдениетінің жәдігерлерімен тығыз байланыста зерделенді, ондағы адам факторы мәселесіне аса мән берілді. Зерттеу барысында түйген тұжырымдар мен қорытындылар мысалдармен нақтыланды.



Мәдениет адами қарым – қатынастарды реттеудің маңызды тұлғалық әлеуметтік тетігі болғандықтан, зоонимдік метафоралардың мазмұнындағы аксиологиялық ерекшеліктерді анықтау лингвомәдени қауымдастық өкілдерінің санасына тереңірек үңілуге әсер етеді.

Зоонимдік метафоралар астарындағы танымдық ақпараттар лингвомәдени қауымдастық мүшелерінің ойлау жүйесімен тығыз байланыста қарастырылады. Олай болатын себебі, дүниенің тілдік бейнесі, ұлттық болмыс, төл мәдениет төңірегіндегі ерекшеліктер танымдық ақпараттар мен аялық білімдер мазмұнында эксплицитті не имплицитті түрде көрініс табады.


Пайдаланылған әдебиет
1. Байтұрсынов А. Ақ жол, Алматы, 1991, – 463 б.

2. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі, Алматы, 1987, – 272 б.

3.Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы, Алматы, 1966, – 205 б.

4.Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы, Алматы, 1987, – 265 б.

5.Зайсанбаева Г.Ж. Метафоралы аталымдардың когнитивтік аспектісі (біріккен зат атаулары негізінде) ф.ғ.к. дәрежесін алу үшін жазылған диссертация. Алматы, 2004. – 136 б.

6.Сыбанбаева А.С. Қазақ тіліндегі концептуалдық метафоралардың қызметі. ф.ғ.к. дәрежесін алу үшін жазылған диссертация. Алматы, 1999. – 130 б.

7. Қасым Б.Қ. Қазақ тіліндегі күрделі атауларының теориялық негізі. Фил. ғыл. докт.... дис.: Алматы, 2002, – 313 б.

8.Жұбанышқызы.М.Т Қазақ және ағылшын тілдеріндегі анималистік фразеологизмдердің коннотативтік семантикасы. – Алматы, 2005. – 31 б.

9. Маслова В.А. Лингвокультурология. Учебное пособие. Москва: Искусство, 2001. – 194 с.

10.ХасанқызыБ.А. С.Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу: Фил.ғыл.канд.дисс.авторефераты.

– Астана, 2010. – 30 б.

11. Қоңыров Т. Тұрақты теңеулер сөздігі. – Алматы: Арыс, 2007. – 439 б.

12.Жарқынбек А. Ит адамның досы, дегенмен...

(http://saryarka-amaly.kz/component/content/article/5212?month=12&year=2011&start=1).

13. Қайдар Ә.Т. Халық даналығы. – Алматы: Толағай, 2004. –560 б.
Диссертацияның негізгі мазмұны төмендегідей басылымда жарияланды:

«Қазақ және ағылшын тілдеріндегі ит зоонимдік метафорасының ұлттық сипаты» // Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті, «Жас ғалымдар жинағы» 2012 ж.



РЕЗЮМЕ

реферата диссертации на соискание академической степени магистра педагогических наук по специальности 6M0119 – Иностранный язык: два иностранных языка

Дуйсеновой Мольдир Мейрамхановны
Познавательное описание зоонимических метафор в английском и казахском языках
Актуальность исследования. Исследование метафор, связанные с животными на казахском и английском языках, может раскрыть новые и важнейшие проблемы в области лексикологии казахского языка; определить смысловые значение некоторых названии, определить народное познание и их понятия о животных. Сопостовительное исследование зоометафор двух разных, не связанных меж собой языков-актуальная работа.

Объектом исследования мы выбрали зоонимические метафоры английского и казахского языков как языковых средств.

Предметом исследования является сравнительный анализ зоонимических метафор в казахском и английском языках в контексте национального языка и культуры.

Цели исследования:

- произвести всесторонний анализ и изучение метафоризации зоонимов в казахском и английском языках как национальное достояние народа;

- произвести сравнительный анализ трудов в области казахско-английского лингвокультурного наследия по проблемам зоонимических метафор;

- определить лингвокультурное описание ассоциативного изображения прототипов в зоонимических метафорах двух языков;



Задачи исследования:

- определить установившиеся особенности национальных взглядов и своеобразия зоонимических метафор в казахском и английском языках;

- исследовать и проанализировать литературу и информацию о фразеологизмах, пословицах-поговорках, явившуюся основанием для появления зоонимических метафор в казахском и английском языках;

- на основе установившихся ассоцаций определить национально-культурные особенности зоонимических метафор в казахском и английском языках;



Научная новизна и результаты исследования:

- рассмотрены и проанализированы зоонимические метафоры в казахском и английском языке, описывающие эмоциональное состояние, внешность, уровень жизни людей;

- определены языковые особенности зоонимов в отношении описания прототипов, свойственных менталитету, мировоззрению англичан и казахов;

- употребляемые в казахском и английском языках зоонимические метафоры из поколения в поколение выполняют роль информационного носителя языкового своеобразия двух народов.



Теоретическая значимость исследования:

Антропоактуальность современного языкознания в области лингвокультуры, этнолингвистики, когнитивной лингвистики, определение их теоретической значимости, а также исследование развития этих процессов, выполненные в работе, пополняют информационные сведения в этой области.



Практическая значимость исследования: Результаты исследования могут быть использованы на практических и теоретических занятиях в области лексикологии, этнолингвистики, когнитивной лингвистики, при написании учебных пособий по стилистике, а также могут применяться при составлении лексикографических заданий.

Основные положения, выносимые на защиту.

- возникновение зоонимических метафор казахского и английского языков неразрывно связано с историей лингвокультурного сообщества, с их бытом и духовной культурой. Поэтому их значение можно классифицировать с точки зрения истории происхождения как когнитивных единиц;

- зоономические метафоры являются языковыми моделями, способствующими обогащению языковой природы, а также развитию культурного и духовного наследия, жизненного опыта носителя языка. В них имеется информация о вековых традициях народа;

- источниками изучения зоонимических метафор являются фразеологизмы, пословицы и поговорки, которые в свою очередь признаны вербальными носителями языка, имеющими свой менталитет и своеобразие. Поэтому что они являются достоянием нации.



Апробация работы. Основные положения работы были изложены в статье названный «Национальная описания зоонима собака в английском и казахском языках», опубликованной в сборнике для Молодых ученых КГУ имени Коркыт Ата.

Структура исследования. Магистерская работа состоит из двух глав, заключение, списка использованных литературы.

Summary

on the thesis submitted to confer for scholarly degree of “Master of Pedagogical Sciences”



speciality 6M0119 – Foreign language: two foreign languages
Duisenova Moldir Meiramkhanovna
Cognitive description of zoo metaphors in English and Kazakh languages
The topicality of the research: The study of metaphors associated with animals in Kazakh and English, can reveal new and important problems in the field of lexicology of the Kazakh language, can determine the semantic meaning of some names, can identify people's knowledge and concepts about animals. Study compares two different zoo metafor unrelated languages ​​among themselves, so work is actual.

The object of the research we chose zoo metaphors in English and Kazakh languages ​​as the language means.

The subject of research: is a comparative analysis of zoo metaphors in Kazakh and English languages ​​in the context of the national language and culture.
The purpose of research:

  • to produce a comprehensive analyses of zoo metaphors in Kazakh and English as a national treasure of the people;

  • to make a comparative analysis of works of Kazakh-British heritage linguo cultural on zoo metaphors;

  • to identify linguo cultural description of associative images of prototypes in zoo metaphors of two languages.

The research objectives:

  • to determine the steady-state characteristics of national attitudes and identity zoo metaphors in English and Kazakh;

  • to investigate and analyze the literature and information about the phraseology, proverbs, sayings, which was the basis for the emergence of zoo metaphors in Kazakh and English;

  • to identify national and cultural characteristics of associational images formed on the basis of zoo metafors in Kazakh and English.

Theoretical significance and scientific novelty of the research: Antropoactuality of modern linguistics in linguo cultures, ethno linguistics, cognitive linguistics and the determination of their theoretical importance, and the study of these processes are performed in the work, fill up the information the information in this area.

Practical significance of the research: The study can be used for practical and theoretical lessons in the field of lexicology, ethno linguistics, cognitive linguistics, in the writing of textbooks in style, but can also be used in the preparation of lexicographic tasks.

Main principles suggested for defense:

  • the emergence of zoo metaphors Kazakh and English languages ​​is inextricably linked with the history of linguo cultural community with their life and spiritual culture. Therefore, their value can be classified in terms of the history of the origins of the cognitive units;

  • zoo metaphors are language patterns that contribute to enrich the language of nature, as well as the development of cultural and spiritual heritage and life experiences of a native speaker. They have information about the ancient traditions of the people;

  • sources of learning zoo metaphors are idioms, proverbs and sayings, which are in turn recognized verbal native speakers who have a mentality and identity. Therefore, they are the property of the nation.

Approbation of the research. The main principles of the work were stated

in the article named “National description of zoo metaphor about dog in English and Kazakh languages” that has been published in the collection of Young scientists of Korkyt Ata Kyzylorda State University.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет