Дулатитану
|
|
Дулативедение
|
ӘОЖ 951/959 (574)
М.Х.ДУЛАТИДІҢ «ТАРИХ-и РАШИДИ» ЕҢБЕГІНДЕГІ ОРТА АЗИЯЛЫҚ ҒАЛЫМДАР
Сулеймен М.А.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Өз замандастарының арасында өткір сөзімен, өрісті ойымен, кең көрегендігімен, батырлығымен оқ бойы болған Мұхамед Хайдар Дулатидің соншалықты биік дәрежеге жетуіне өскен, жүрген ортасы ықпал еткен еді. Өйткені, Бабур сынды салауатты сарбаз қолбасшылардың қатарында жүріп, оның сөзінен, әрекеттерінен үлгі өнеге алуы «Тарих и Рашиди» авторының көзқарасын, азаматтығын бала жастан қалыптастырған еді.
Айталық, әкесі Мұхаммед Хуссейн Күркен айтулы әскери қолбасшы ғана емес, өз заманының ірі тарихшы, филосов, жазушылармен араласып тұрған өркенді өркениетке қол созған білімді кісілердің бірі саналатын.ХV ғасырдың алып ақындары Әбдірахман Жәмидің, Әлішер Науанның мәжілістерінде болып жырларын, сөздерін тыңдаулы ақындар қауымымен араласуы әскери әкенің талантты баласына салып берген берекелі соқпақтарының бірегейі еді.
М.Х. Дулати үшін Бабурдың өз жолы, өнегесі, жазбалары сол заманның заңғар бір университетіндей еді. Үш регионды: Орта Азияны, Ауғаныстанды және Индияны билеп төстеген, Индияда ұлы Моғолдар династиясын орнатқан Бабур сонымен бірге ғалым, әдебиетші, ақын еді, орта азиялық түркі тілінде жазған «Бабурнамасы» лирикалық өлеңдерінің Диваны жас тарихшыға жақсы мекреп еді. Түркі тілдес болған Бабур жазбаларының байлығы, сан қыры әлі зерттелген жоқ. Билингвизмді бастаушыларының бірі Бабур екенін бірі біле бермейді. Ортаазиялық түрік және парсы тілдерінде қатар поэзиялық туындылар жазған Бабур беделі сол М.Х.Дулати тұсында қалай болса осы ХХ ғасыр дәуірінде де төмендеген жоқ. Бабурдың қасында бірнеше жыл жүріп, барлық оқиғаларды бастан кешіріп жүріп, ғаламат сырлы ғазалдарын тыңдай жүріп М.Х. Дулатидің «Тарих и Рашиди» шежіресін жазбауы мүмкін емес еді. Ол сол уақыттағы ғылыми тарауларының бәрінен хабары мол еді: дін, философия, әдебиет, тарих, өлең өнерінен үздік еді, өйткені, көріп, біліп, таныған ортасы оны озат ойлармен суырып шыңдайды.
М.Х.Дулатидің алдында ғана өткен ХV ғасыр поэзиясының екі жарық жұлдыздары, бірі ұстазы, бірі шәкірті болып есептелетін Әбдірахман Жәми мен Әлішер Науан салған поэзия мектебінің дәрістерімен Бабур сусындаған еді. Екі тілде жазушылар легін осылар бастаған – ды, яғни, ортаазиялық түркі және парсы тілдерінде бірдей поэтикалық туындылар беріп, кейінгі толыққанға өрісті өркен жайып кеткенді. Сол өркеннің бір ұшын Бабур ұстаса, екінші жағын Мұхаммед Хайдар Дулати жалғастырып әкеткен еді.
ХV ғасырда Самарқандта, Бұхарада, Ғиратта әдеби ағымның, өмірдің дами бастаған тұсы болатын. Осы кезде Әбдірахман Жәми бастаған парсы тілді жазушылар бұрынғы үрдісті алға апарғанды, ХV ғасырда Жәми классикалық парсы поэзиясын жинақтап нүктесін қойды. Парсы поэзиясының бес алтын ғасырының соңғысы Жәми шығармашылығымен аяқталды Жәми мен Науан достығы әдебиетке жаңа үлкен арна салды.
Жүзден асқан еңбек жазған Жәми мен Науан поэзиясының кемеліне келіп толысуына, толыққанды болуына айтулы әсер етті. Науан(1441-1501) дүниеден өтіп бара жатқанда М.Х. Дулати дүниеге жаңадан шыр етіп келіп жатқан сәби еді, ал Бабур дәдесі болса 17 жасқа толып атқа тақымы бекіп, айқастарға араласып кете барған шағы еді, бір қолында алдаспаны, екінші қолында жырлары қанат қағатын. Жас Дулати сондай ұлы гуманистердің ортасында ғұмыр кешіп өтті.
М.Х. Дулатидің «алдыңғы толқын ағалары жайында «Бабырнама»кітабында айтылып бағы беріп отырылған». Әлішер теңдесі жоқ адам еді. Түркі тілінде өлең жазыла бастаған уақыттан бері одан көп әрі жақсы жазған ешкімде болған емес. Ол месневимен алты кітап жазды «бестігін» (Шейх Мизамиге) және біреуін құстар тілінде жауап ретінде «құстар тілі» деп жазды. Ғазалдардың 4 диванын құрастырды: Үшеуі түркі тілінде және біреуі парсы тілінде. Олар: «Балалық шақтың ғажаптары», «Бозбала кездің кереметтері», «орта жастың кереметтері»және «Қарттықтың көрнекті кеңестері». Ол «Хашсу», «Тазқұратул әулие» және т.б. шығармалар жазды. Оның тәуір рубайлары да бар, тағы басқа да шығармалары бар, бірақ олары жоғарыда аталғандардан төмендеу. Солардың қатарына олардың хаттары да кіреді. Маулана Әбдірахман Жәмидің үлгісі бойынша ол кейбіреулерге қайсыбір жайттар бойынша жазған хаттарын жинақ етіп құрастырды» деп жазады. Бабур Бабырнаманың бірқатар беттерінде Жәми мен Науан қатар қаламға ілініп, қадірленіп, қасиетті өнер адамдары екені аталып жатады.
Осы Жәми, Науан, Ұлықбектей ұлылар өткен даңғылмен жүрген Мұхаммед Хайдар Дулати қайдан осал болып шықсын, Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер дегендейін, әкесі Мұхамед Хуссейін білімпаз кісі бола тұра баласының тәрбиеші ұстазы Хазред Мұхаммедті талай рер торқалы жыр жиындарына апарып, Әбдірахман Жәмиді, Әлішер Науан сөздерін тыңдатыпты. Орта Азия, Ауғаныстан , Үндістан тарихын, мәдениетін, философиясын, әдебиетін, дипломатиясын жан- жақты меңгерген Мұхамед Хайдар «Тарих и Рашиди» еңбегін жазарда білген, жиған ілімін игілігіне жарата білген.
Ол еңбегінде Әбдірахман Жәмидің парсы тіліндегі поэзиясы мен түрік тілінде өте көп жазған Әлішер (лақап аты Науан) өлеңдерін салыстыра талдауына қалай таңданбауға болады. Онда сол тұстағы әлемдік поэзияға қатысты түсінік, үрдіс, теңеу мен бояу тұрғысынан келіп, Молла Жәми жайлы бірнеше тілде жазылған еңбектерге талдау жасайды.
Шығыс шайыры Алишердің парсы тілінде де «Фани» деген лақап атпен көп өлең жариялағандығын, оның қай тілде болмасын нәшіне келтіре, шырайын кіргізе жазатындығын дәлелдейді. «Сол кезде Хорасан қаласында өмір сүрген ғылым мен өнер адамдарының жарқырай көрінуіне Алишер Науанның қосқан үлесі зор болды» - дейді.
М.Х.Дулатидің өзінен ілгері және қатар өмір сүрген ғалымдар еңбектеріне берген бағасы ерекше ден қоюды қажет етеді. Айталық сол уақытта аса ірі ғұлама атанған Шайх ал- Ислам туралы тебірене жазады «Біз Хорасанға көшіп келгенсін, бірнеше күн өткеннен кейін, сондағы қалыптасқан дәстүр бойынша баланың жасы төрт жыл, төрт күн, төрт сағат толғасын мектепке береді екен. Мені де Шайх ал- Исламидің дәрісін тыңдауға берді. Ол оң тізесіне отырғызып, басымнан сипап, жылы шуағына, аталық мейіріміне бөледі. Содан бері 38 жыл өтседе сол көрініс алдымда өшпестей болып қалып қойды. Ол менің санама мәңгілік ұялаған бақытты шағымның ең биігі еді» - дейді.
Тарихи жылнамада ұлы ғұламамен тұстас өмір сүрген аса танымал ғалымдар: Мир Тадж бен Хожа Исфаханилердің білімдарлығы жайлы да біраз айтылады.
Ғылым мен өнердің алуан түрлі салаларын түгесе зерттеген Мұхаммед Хайдардың еңбегінен ақындар: Шайх Ахмед, Хусайн Али Джалайыр, Асафи Ахи, Хилами Бинан, Сайфи, кітап көшірушілер мен қылқалам шеберлері: Шах Мұзаффар, Бекзад, Хасым Али, Максуд Мирак, Баба Хаджи, Мулла Иусуф, Дарвиш Мухаммад, сол сияқты өрнектеуші әрлеушілер мен әншілер: Хфиз Базир, Хафиз Хасан Али, Хафиз Джами, әрі ақын, әрі ғалым, әрі кернейші, Абдаллах Марванидтер жайлы кең мағлұмат алуға болады. Ғажап өнер иелері Саид Мұхаммед Хиджаки мен Мазхар-и Удиден Утад Құл Мұхаммед асып түсті дейді. Арфа аспабын мың құбылтатын Хайдар Шах Балбани мен барлық сазды аспаптарда шебер ойнайтын Шаихи Найа Жәйміннің кереметін әсерлі жеткізеді.
Жастай талантымен танылған М.Х. Дулатидің алғашқы ұстазы ретінде кейбір зерттеушілер (ағылшын ғалымы Ч.А.Стори) Мұхаммед самарқанди атты щқымыстыны атағанымен, оның басты ұстазының бірі Захридин Бабыр екені сөзсіз. Жалпы балаң жастың бойындағы бұйығы бұлақтың кқзін ашып, ғылымға деген құштарлығын оятқан да осы Бабыр. Өзінің атақты «Бабырнамаснда» ол шәкіртінің азамат болғанына қуана отырып: «Жазуға, сурет салуға машық, жебе жасауға, зергерлікке, садақ июге ққолының ебі бар. Он саусағынан өнер тамған жігіт. Ақындық дарыны да бар. Ол менен кешірім сұрап хат жазыпты, сөз саптауы тәуір...» - деп, бала Мұхаммедтің ерекше қабілеттілігін баса көрсетіп, келешегінен үлкен үміт күтеді. Бабырдың үміті ақталды.
Мырза өмір сүрген кезеңдегі ғалымдар өте көп еді. Олардың өмір баяны туралы мағлұматтарды тарих бетіне сыйдыра да алмас едік.
Соның бірі – Шайх ал-Ислам ұлы ғалым, оқымысты болған, Маулан саддадин немересі. Маулан саддадин Әмір Темір уақытында өмір сүрген оқымысты адам. Одан кейін оған тең келетін Мир Сайиид шариф Джурджаниданидан басқа ешкім болмаған. Мир саййид Шариф өте жас еді. Маулан саддадиннің қайтыс болуына он күн қалғанда (Әмір темір жиынында диспуттар өтіп тұратын) сондай бір диспутта бір жеңіп шығады. Осы уайымнан маулан ауырып қалады мир Сайййд шариф оның халін сұрауға барғанда бір мысық оған келіп сүйкеніп, еркелей бастайды.Ал Мир ол мысықты итеріп тастайды.Сонда Маулан Саддадин:-«мысыққа деген сүйіспеншілік - сенімділіктен»-деген хадисті неге бұрмалайсын? – деп сұрақ қояды.Ал Мырза Мир: – «сіз неге сол адамммен байланысты хадисті оқымайсыз,мысықтың сүйіспеншілігі ол адамның сенімділігінен»-деп жауап береді.Маулан бұл жауаптан жеңіліп қалады.Осы оқиға оның ауыруына себеп болып,ақырында осы аурудан қыста өмірден қайтады.
Тағы бір ғалым-Мир Тадж,ал Маулан Исфаханиға тоқталсақ-керемет оқымысты және хадистерді жетік білген.Оның Иракты тастап кетуіне мына жағдай себеп болады:Шах Исмайл өте қатігез адам болған.Ол халықтардың қауымын сұлтан, әмір, ғалым, төре тағы басқа демей өлтіре беретін. Ходжа Маулан да осындай бас кесуден қашып,бірінші хорасанға қоныстайды. Кейіннен Мауаранахрга кетіп,сонда қалады.
Сондай-ақ (ғалымдар): Мир Абдалкадир Мешхеди,Мир Жамалладин Шухаддис,Мир Атаалах,Мир Ибрахим Мешхеди,Маулан Масуд Ширвани, Маулан Хамид Ширвани, Маулан Асамаддин Ибрахим, Мир Мухаммад - и Мир Жүсіп, Маулан шамсаддин, Мұхаммад бахрабади, Маулан Ханафи, Маулан Ибрахим Ширвани, Маулан Шах Сайййид, ашик маулан, Ахмад Руми, Маулан Мұхаммад Ғанджа, Маулан Ахмед Джанди, маулан Мир Калан Табиб, Маулан Хаджи Табризм, Маулан Муин Табризм, Маулан садраддин, Мұхаммад Кандахари және Мырза Мир Абу- л-Бакаларды атауға болады. Олар сол өмір сүрген кезеңдерінде де және қазір де дүниені шуақтандырған ғалымдар деуімізге әбден болады.
Әдебиет
-
Абусеитова М. Казахское ханство ХҮІв., Алматы, 1985г.
-
Есдаулетов А. Правитель из Кашмира из рода Дулат. Заң, №18,1995ж.
-
М.Х. Дулати. Тарих-и- Рашиди. Алматы, 1999г.
-
Кәрібаев Б. М.Х. Дулати – қазақ хандығының құрылуы туралы. Материалы...,Тараз, 1997ж.
-
Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в серед. ХІV-нач. ХV века. (Вопросы политической и социально-экономической истории) Алма-Ата, 1977г.
-
Кляшторный С.Г., Султанов Т.Н. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. Алматы. 1992. С. 246
Достарыңызбен бөлісу: |