АЛҒЫ СӨЗ
Адамзат баласының жан дүниесін оятып, рухани деңгейін көтеруге ықпал ететін кітаптардың көбі бұрын-соңды "Жаратушыға апарар жол" атты туынды сияқты, үлкен басылыммен жарыққа шығып, дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылып көрген емес. Дүние жүзінің көптеген елдерінің, қалаберді жер шарының ең шалғайдағы аймақтарының тұрғындары осы кітаптың тартымды әсеріне бөленген.
Кітаптың авторы Е. Уайт /1827-1915/ өзі өмір сүрген кезеңдегі діни топтар арасында: жазушы, діни уағыздаушы, дүние жүзінің үш континентінде өзінің діни ғибадат-құлшылықтарын өткерген адам ретінде танымал болған. Ол АҚШ-тың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Мэн штатында туып-өсіп, жастық шағының балауса кезеңдерін де сол жерде өткізген. Бұдан кейінгі жылдары жазушы басқа штаттарды аралап, жол сапарларда жүруіне тура келді. 1885 және 1887 жылдар аралықтарында жазушы Батыс Еуропа елдерінде болып, ол жерлерде өзінің қаламгерлік қызметімен қоса, үлкен аудиторияларға жиналған тыңдаушылар алдында адамның рухани жан тазалығы, өнегелілік жөнінде сөз сөйлеп, көпшіліктің ілтипатты алғысына бөленіп жүрді. Бұдан кейін, тоғыз жылдан астам уақыт бойына, ол Австралияда, Жаңа Зеландияда тұрды. Жазушының қаламынан туындаған дін ілімі туралы, білім беру, денсаулық сақтау, отбасындағы өмір және мәсіхшілдік мәселелеріне арналған көптеген кітаптары мен мақалалар жинақтары оның туындыларын сүйіп оқитын қалың оқырмандар қауымының көңілінен шықты. Жазушының кітаптары орыс тіліне де аударылған. Солардың бірі- "Жаратушыға апарар жол" атты кітап - ең көп тараған туындыларының бірі.
Кітаптың тақырыбы, осы туындының мазмұнына арқау болады. Бүгінгі таңда біздің елімізде Құтқарушының: "Маған келіңдер!" - деген киелі үндеуін көптеген адамдар естуде. Алайда Фома сияқты /Мәсіхтің алғашқы шәкірттерінің бірі/ көптеген адамдар: "Ақиқи жолды қалай танып, білуімізге болады?" деген сұрақты жиі қойып, сол сұрақтарына кемелді әрі жан-жақты жауап алуға деген құштарлықтарын аңғартуда. Осы кітап беттерінде Қүдайға апарар жол жайлы ақиқи шындық, айқын да ұғынықты тілмен баяндалған. Ұдайы ізденіс үстінде жүретін ізденімпаз, білімқүмар адамдардың жан дүниелерінің сұранымдарын тек ,Өзі ғана қанағаттандыра алатын Иса Мәсіхке, оқырман қауым ерекше назар аударып, ол туралы ақиқи шындықты білуге ерекше ынтызарлық танытуда. Шалқыған шабыт, терең білім иесі, осы кітаптың авторы, өзінің жалынды да мазмұнды шығармалары арқылы өздеріне өздері сенбейтін, табиғатынан солқылдақ жандардың Құдаймен бірге болатын әлем дүиесі мен мәңгілік өмірге апаратын ақиқи жолды көруіне ықпал етіп, көмегін көрсете білген. Осы кітапта оқырмандар назарына ұсынылып отырылған ақыл-кеңестерді басшылыққа ала отырып, ақиқи шындық, мінез-құлықтың көркемдігі мен толықтығын іздеген әрбір адам, бізді жаратқан және күнәларымызды өтеп алған Жаратушымыздың өзімізге деген билігін мойындауымыздың куәсі болған мәсіхшілдік өмірдің ақиқи жолымен бірте-бірте алға қарай қадам басып келеді.
Айта кеткен жөн, бұл кітап алғаш рет 1882-жылы жарыққа шыққан болатын. Мәсіхшілдік дінін ұстанатын елдердегі адамдар "Жаратушыға апарар жол" кітабының беттерін алғаш ашқан тұңғыш оқырмандары болған. Олардың басым көпшілігінің өмірлері біздердің өмірлерімізге қарағанда, анағүрлым бақыттырақ болды. Себебі ол кездегі адамдардың ой-саналары қазіргі кездегідей, әр нәрсеге сенбестікпен қараушылық сияқты күмәнді де теріс пиғылдармен уланбаған еді. Ол кездегі адамдар, Жаратушы Иенің болмысы жөне ақиқи шындықтың бастау бұлағы - Киелі Кітаптағы түсініктерді бұлжымас шындық ретінде қабылдай білетін. Содан бері адамдардың дінге деген көзқарастарында көптеген өзгерістер пайда болды. Көптеген адамдардың діни сенімдері солғын тартты. Бұған әлдебіреулердің ғасырлар бойғы қалыптасқан мәсіхшілдік дәстүрлерінің негізін күйретуі себеп болды деп айтуға болмайды. Мүлде олай емес. Бүл - адамдардың ізденімпаздықтарының, адасушылықтары мен қателіктерінің салдарынан болған іс. Соңғы онжылдықтар ішінде ауыр сынақтардан өткен Мәсіх ілімі және оның жарқын істері біздің заманымызда бұрынғыдан да зор ықпалды күшке, тартымды сипатқа ие болды.
Баспагерден
ҚҰДАЙДЫҢ АДАМҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІ
Табиғат пен ақиқат сияқты болмыстар Құдайдың сүйіспеншілігіне куәлік етеді. Біздің Көктегі
Әкеміз өмірдің нәрлі бастауы, көңіл қуанышы, асқан кемеңгерліктің өнегесі екені - ақиқи шындық. Айналамызды қоршаған табиғаттың таңғажайып, тылсым сұлулығына, Жаратушының жаратқан сансыз жаратылыстарына көз жіберер болсақ, осылардың барлығын Ол тек адамдардың бақытты өмір сүруі үшін ғана емес, барша тірі жанды жаратылыстардың тіршілік етуі үшін жаратқандығына қанық боламыз. Нөсерлі жаңбырдың артынан Күннің нұрлы сәулесі, шүғылалы шуағын жерге молынан төгіп жіберсе болғаны, дархан дала төсі құлпырып сала береді. Құзар биік шыңдарын қар басқан асқар таулар, ұшы-қиырына көз жеткізгісіз телегей теңіздер мен мұхиттар, қойнауы құтқа толы жазира кең жазықтар, ауызбен айтып жеткізе алмастай сұлулықты, адамдардың игілігі мен көңіл қуанышы үшін жаратқан құдіреті күшті Құдайдың асқан Ұлылығын паш етеді. Адамның иелігіне осыншама сұлулықты, құт-берекені, сансыз игіліктерді нәсіп еткен Құдай Әкенің, Өзі жаратқан пенделеріне - адамдарға деген Тәңірілік сүйіспеншілігі қандай шексіз десеңізші! Барлығы да Оның бізге деген сүйіспеншілігі туралы бар әлемге жар салып тұрғандай. Өйткені Ол барлық жаратқандарын керекті нәрселермен қамтамасыз етеді. Осы туралы Дәуіт пайғамбар былай деген: "Барлығының жанары Саған үмітпен қарайды, Сен олардың тамақтарын уақытылы бересің; Алақаныңды ашып, өмір сүріп жатқандардың бәрін рақымшылық, ізгілік көңілмен тойындырасың" (Зәбур жырлары. /144:15, 16.
Құдай адамды өте қасиетті және бақытты етіп жаратты. Жаратушының қолынан шыққан жер де өте әдемі болатын; онда өлімнің ізі де, қарғыстың көлеңкесі де болған жоқ. Құдай Заңын - сүйіспеншілік заңын бұзу әлемге өлім мен қайғы алып келді. Күнәнің кесірінен болған зардаптардың өзінен де, Құдайдың бізге деген шексіз сүйіспеншілігі ашылады. Құдайдың жерді адамның күнәсі үшін қарғағандығы жазылған. (Жаратылыстың басталуы 3:17. шетелдік аудармадан). Адам өмірінде қиыншылықтар туғызатын арамшөп пен тікенек, ауыртпалықтар мен сынақтар, тер төгіп еңбек ету мен күн көріс қамы - мұның бәрі адам игілігі үшін, тәрбие ретінде берілген. Бүл - Құдайдың адамзат баласын күнәнің зардаптарынан өзгеріске ұшырып, азғындап құрып кету қаупінен құтқару жөніндегі жоспарларының бір бөлігі ғана. Күнәға бату, азғындау жайлаған бұл әлемде, тек азап пен қайғы- қасірет қана өріс алған деуге болмайды. Сонымен қатар, табиғатта тәубешілдік пен үміт туралы ізгі хабар жазылған. Тікендер гүл жарады. Тікенектері қалың гүл сабақтарында хош иісті райхан гүл шашады. Жер төсінен құлпырып өскен көк майса шөптердің әрқайсысында: "Құдай дегеніміз - сүйіспеншілік" деп жазылған. Әнші құстардың тамылжыта салған әні және өте қанық бояулы, көздің жауын алардай әсем гүлдер, нулы ормандарда жайқалып өскен ағаштар - міне осылардың бәрі де Құдайдың Өз балаларына бақыт, қуаныш сыйлағысы келетін, Жаратушы Иенің Әкелік қамқорлығының, нәзік сүйіспеніиілігінің айқын айғағы болып табылады. Құдай Сөзінде Оның Тәңірілік болмысы, мінез-құлқы айқын көрініс береді. Оның шексіз сүйіспеншілігі мен жанашырлығы, қайғыға түсуі, Мұсаның Жаратқан Иеге ғибадат - құлшылық етіп сиынған кезінде алған жауабынан, Оның адамдарға деген шексіз сүйіспеншілігі мен жанашырлығы, қайғыға түсуі толығымен ашыла түседі. Мұса пайғамбар Құдайдан: "Маған Өзіңнің салтанатты ұлылығыңды көрсете гөр!" деп сұрағанда: Жаратқан Ие оған: "Мен сенің алдыңнан бүкіл игілігімді өте шығатын етіп, қасыңда "Жаратқан Ие" деген есімімді атап шақырамын" (Мысырдан шығу. 33:18,19) деп жауап берді. Осының өзі - Құдайдың Құдіретті күші.
Құдай Ие Мұсаның алдынан өтіп бара жатып, Өзі туралы салтанатты түрде жария етті:
"Жаратушы Ие, Жаратушы Ие!
Рақымды да қайырымды Құдай!
Қаһарлануға асықпайды,
Сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады;
Ол сүйіспеншілігін мыңдағандарға ұдайы көрсетеді,
Тіпті Өзіне қарсы шығып, әділетсіздік жасап,
Күнәға батқан адамды да кешіруге дайын.
Ал қасарысқанды /күнәкарды/ жазалаусыз қалдырмайды.
Аталарының жасаған әділетсіз істері үшін
Балалары мен немерелерін,
Тіпті шөберелері мен шөпшектерін де жазалайды"
(Мысырдан шыгу. 34:6,7).
Ол "Өте шыдамды және аса кешірімшіл", "өйткені кешіргенді жақсы көреді" (Жохан. 4:2; Мик. 7: 18)
Құдай жердегі және аспан әлеміндегі нышандары мен белгілері арқылы бізді Өзіне қаратты. Ол жерде адамдарды біріктіретін өте тығыз әрі нәзік дәнекерлер мен табиғи құбылыстар арқылы бізге Өзінің болмысын аша білді. Осындай сансыз игіліктердің өзі де Оның бізге деген шексіз де риясыз сүйіспеншілігін толық аша алмайды. Осындай бұлтартпас куәліктерге қарамастан, "барша шындық атаулының қас жауы"- сұм шайтанның адам санасын уландырғаны соншалықты, адамдар Құдайға қорқынышпен қарап, Оны қатыгез, ырыққа көнбейтін болмыс деп есептейтін болды. Сұм шайтан Құдайды адамдардың қателіктері мен сәтсіздіктеріне ғана көңіл боліп, тек сол қылықтары үшін қатал үкім шығарып, жазалауға бейім тұратындай етіп көрсетті. Осындай қапас түнектің қараңғы пердесін серпіп тастап, әлемге Құдайдың шексіз сүйіспеншілігін таныту үшін, бұл дүниеге Иса келді. Ол адамдардың арасында өмір сүрді.
Құдайдың рухани Ұлы - Иса Мәсіх аспаннан Құдай Әке жайлы ақиқатты бізге таныту үшін келді. "Құдайды ешкім, ешқашан көзімен көрген емес, Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты" (Жохан. 1:18): "Әкенің кім екенін Оның жалғыз рухани Ұлы — Мен ғана білемін. Әкемді кімдерге білдіргім келсе, солар Оны жақыннан таниды" (Матай. 11:27). Оның шәкірттерінің бірі - "бізге Әкені корсет" деп сұрағанда, Иса : "Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де коргені. Бізге Әкені көрсетіңіз - деп неге айтасың?" /Жохан, 14:8,9/ .
Ал өзінің жердегі міндетті ісі туралы Иса былай деген болатын: "Жаратқан Ие Маған Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге тағайындап, тұтқындарға босатылып, соқырларға көре алатындарын айтып, жар салуға жіберді. Мені езілгендерді қанаудан азат етуге... де жіберді" (Лұқа. 4:18). Бұл Оның қайырлы істері еді. Ол барлық жерлерді аралап, қайырымды істер атқарып, жынның салқыны тиіп сырқаттанғандардың бәрін емдеп жүрді. Соның арқасында кейбір елді мекендердегі бірде-бір үйде аурулардың ауыр күрсінісі естілмейтін болды, өйткені Иса сол елді мекендер арқылы өткенде, ауырудың зардабынан қайғы-қасірет көріп, жапа шеккендерді емдеді. Оның өміріндегі барлық істері адамдарға деген сүйіспеншілік, жанашырлық, олардың қайғыларына ортақтасу негізінде болды, өйткені, Оның адамдарға жаны ашыды, адамдардың қажеттіктерін жан жүрегімен сезіну үшін, Ол адам табиғатын қабылдады. Өте кедей қарапайым адамдар, Оған жақындауға жүрексінбеді. Ал кішкентай балалар Исаның жанынан шықпайтын. Балалар Оның тізесінде отырып алып, еркелеуді, Оның мейірімінің нұрын шашқан, ойлы көздеріне қарап отырғанды ұнататын.
Иса бірде-бір шындық сөзді жасырған емес. Ақиқи шындықты айту кезінде де асқан мейірбандылық, биязылық танытатын. Адамдармен сөйлескен кезде, Ол сезімталдық, өнегелілік көрсете білді. Ол еш уақытта ешкімге ауыртпалық түсіріп, еш уақытта ешкімге дөрекілік немесе қаталдық көрсетпеді және адамдарды олардың әлсіздіктері үшін жазғырып, жан сезімдеріне қаяу түсірмеді. Иса сенбеушілік пен заңсыздықты қатал айыптады: адамдардың өрескел қылықтарын беттеріне басып, жазғыра сөйлеген кездің өзінде де, Оның көзіне жас іркіліп тұратын.
Иса "ақ жол, ақиқи шындықты, өмірді" қабылдамай, Өзін өгейсіткен туған қаласы Иерусалимді жоқтап, көзінің жасын талай төкті. Жерлестері өздерінің Құтқарушысынан бас тартты. Соған қарамастан, Исаның оларға жүрегі елжіреп, мейірбандық сезіммен аяушылық білдіре отырып, олардың қайғыларына ортақтасты. Өзгелердің қамын жеп, өзінің басын құрбандыққа тіккен Құтқарушымыздың өмірі, ерліктің ерен өнегесі еді. Ол өзінің болмысына сай, Тәңірілік қасиеттер танытып, Жаратушы Ие пенделерінің әрбір отбасының алдында ілтипатпен бас иді. Әрбір адамның жан дүниесіне үңіле отырып, олардың күнәға белшесінен батқан күнәкарлар екенін, Өзі соларды құтқару үшін келгенін бар жан дүниесімен, сана-сезімімен тереңінен түсіне білді.
Иса Мәсіхтің Жер бетінде омір сүрген кезіндегі мінез- құлқының сипаты осындай болған. Осындай мінез-құлық - Тәңір Иеге ғана тән. Мәсіх өмірінің адамдардың өмірімен жалғасуы, олардың мүдделерін ойлап, қам жеуі Құдай Әкенің жүрегіндегі рақымшылдық, мейірбандылық сияқты Тәңірілік қасиеттерден бастау алған. Биязы да ілтипатты, әр адамның қайғысына ортақтаса білуші Құтқарушымыз, "адам болып дүниеге келген" (Тім. 3:16) Құдай еді.
Иса жер бетінде өмір сүрген кезінде, адам айтқысыз қайғы- қасірет көріп, азап шекті, Адамдарды құтқару үшін жанын пида етті. Ол бізді мәңгілік қуанышқа жеткізу үшін "Қайғы- қасіреттердің Ері" атанды. Жаратушы Ие, Өзінің қайырымды да шыншыл, сүйікті Ұлының ауызбен айтып жеткізуге болмайтындай салтанатты да даңқты тұрағын тастап, жерге түсіп, жер бетіндегі күнәға батып, бұзылған, өлім мен қарғыс жайлаған, қараңғы қапас дүниеде тұруына мүмкіндік берді. Әкесінің сүйіспеншілігіне, періштелердің құрметіне бөленген мекенін тастап, қорлауға, масқаралауға, балағаттауға, жек көрінішті болуға төзіп, өлімге душар болуына ризашылығын берді. "Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз сауықтық" (Ишая. 53:5). Исаның шөлде, Гетсиманияда және айқыш ағаштағы қиналғанын, азап шеккенін көз алдыларыңызға елестетіп көріңіздерші. Кіршіксіз таза, күнәдаы пәк Құдайдың Ұлы күнәнің бәрін өзінің мойнына алды. Барлық жағынан да Құдаймен бірге Иса, адамдардың істеген күнәларының кесірінен, Құдай Ие мен адамдар арасындағы қарым-қатынас үзілгендігін тереңінен түсінді. Осының бәріне жаны қиналып, қайғыға батқандығынан болар, Оның: "Құдайым Менің, Құдайым Менің! Мені не үшін тастап кеттің" (Матай. 27:46) деген қиналыс айқайы аузынан абайсызда шығып кеткен еді. Күнәның ауыртпашылығы және оның адам жанын түршіктірерліктей сипаты, осы күнәлардың адамдар мен Құдайдың арасын бөліп тұратындығы Исаның жанын жабырқатып, көңілін құлазытатын.
Бұл ұлы Құрбандық Құдай Әкенің адамзат баласына деген сүйіспеншілігін ояту үшін, немесе Оның Өз пенделерін құтқаруға деген ниетін тудыруға себепкер болу үшін жасалған жоқ... Жоқ! Жоқ! Мүлде олай емес. "Өйткені Құдай адамзатты өте қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді" (Жохан. 3:16). Құдай Әке бізді өтеп алу құрбандығын бергендіктен ғана жақсы көреді деп те айтуға болмайды. Керісінше, Ол бізді жанындай жақсы көргендіктен, өтеп алу Құрбандығын алдын-ала қарастырған. Жаратушы Ие күнәға батқан, бұзықтық жайлаған дүниеге Өзінің сүйіспеншілігін білдіру үшін, араға Иса Мәсіхті дәнекер етті. "Құдай адамзатты Мәсіхтің арқасында Өзімен татуластырды" (2 Қорынттықтарға. 5:19). Құдай Өзінің Ұлымен бірге қиналды. Гетсиман бағындағы күрес, Ғалғота айқыш ағашындағы азапты өлім - міне, осының бәрі - шексіз сүйіспеншілік сезіммен біздің күнәмізді өтеу үшін берілген Төлем еді.
Иса былай деген: "Әкем Мені жақсы көреді, себебі мен жанымды қиямын, сөйтіп оны қайтадан аламын" (Жохан. 10:17). Басқаша сөзбен айтқанда: "Менің Әкем сендерді өте жақсы көргендігі сондай, өмірімді сендердің күнәларыңды өтеуге қиғаным үшін Мені артығырақ жақсы көреді. Сендердің орындарыңды Басушы, Кепілші, Жақтаушы болып, Өз өмірімді сендер үшін қиып, сендердің қарыздарың мен қылмыстарыңды өз мойныма ала отырып, мен Өзімнің Әкеме одан сайын қымбатырақ бола түсудемін; өйткені Менің құрбандығымның арқасында, Құдай әділетті болып, Исаға сенетіндерді ақтай алады".
Құдай Ұлынан басқа ешкім де біздің құнымызды өтей алмады; өйткені Кім Құдай Әкенің бойында болса, сол ғана күнәні отей алады. Жаратушы Иенің шексіз сүйіспеншілігінің биіктігі мен тереңдігін түсіне білетін Иса ғана, Құдайды әлемге паш етіп көрсете алады. Құтқарушының Ұлы құрбандығынан басқа еш нәрсе де Тәңір Иенің адасқан адамдарға деген шексіз сүйіспеншілігін таныта алмас еді.
"Өйткені Құдай дүние әлемін өте сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді" Құдай Оны тек адамдардың арасында өмір сүрсін деп емес, олардың күнәларын көтеріп, олар үшін құрбандық болып, жанын қиюы үшін берді. Жаратушы Оны адамгершіліктен айырылып, бұзылған адамзат қауымына "берді". Иса адамдардың қам-қарекеттері мен мұң-мұқтаждықтарының қамымен өмір сүруге міндетті еді. Құдаймен бірлікте болған Мәсіх, Өзін адамзаттың ұлдарымен берік байланыспен бірлестірді. "...Мәсіх оларды бауырластарым деп атаудан ұялмады" (Еврейлерге 2:11). Көктегі Құдай Әке тағының алдында адам бейнесінде тұрған және ақтап алушылық құрбандығы арқылы, ақысы төленген адамзат балаларымен мәңгілікке жалғасқан Иса Мәсіх - біздің Құрбандық, Ол - біздің Қорғаушымыз, Ол - біздің Бауырласымыз. Ол - адамның Баласы. Мұның барлығы адамды күнәнің құрдым шыңырауынан құтқарып алып шығуы үшін, адамдардың Құдайдың сүйіспеншілігіне жауап беріп, киелі өмірдің қуанышын бірге бөлісулері үшін болған.
Біздің күнәларымыздың өтелу бағасы - Өз Ұлын біз үшін қиған Көктегі Әкенің баға жетпес ұлы Құрбандығы - бізге Иса Мәсіхтің арқасында өзіміз қандай болуымыз керектігі жөнінде ой тастап, біздің ой-санамызда жоғары да асқақ сезімдерін тудыруы тиіс. Жігерлене түскен Жохан елші, Құдай Әкенің адамдарға деген сүйіспеншілігінің биіктігіне, тереңдігіне және кеңдігіне ой жібере отырып, қатты таңданғандығы сондай, осындай ұлы да нәзік сүйіспеншілікті сипаттап беруге сөз таппағандықтан, барша әлемге жар салып : "Қараңдар, Әкенің бізге деген сүйіспеншілігі қандай зор: Құдайдың рухани балалары деп аталамыз және нақ солаймыз да!" (1 Жохан. 3:1). Адамдар қалай жоғары бағаланған! Күнәға батқан адамзат ұлдары шайтанға бағынышты болған. Мәсіхтің құрбандығына сену арқылы, Адамның ұлдары қайтадан Құдайдың ұлдары болмақ. Мәсіх адамдық табиғат қасиеттерін қабылдай отырып, адамзат баласын жоғары көтерді. Мәсіхпен байланыс нәтижесінде, күнәға батқан адамдар бұдан былай ақиқатында "Құдайдың ұлдары" аталып, осындай жоғары аттарына лайық бола алады.
Мұндай сүйіспеншілікті еш нәрсемен де теңдестіруге болмайды! Көктегі Әкенің балалары! Қандай қымбатты уәде! Осы ойлардың озі адамдардың санасында терең ой тудырады. Осы ойлар адамдардың жан дүниелерін, ақыл-ойларын баурап алып, олардың Жаратушы Иеге мойын ұсынуларына ықпал етері хақ. Жаратушы Иенің Тәңірілік табиғатын айқыш ағаш тұрғысынан неғұрлым терең зерттеген сайын, біз мейірімділік пен қайырымдылық, Тәңірілік сүйіспеншілік, кешірімділік, әділеттілік пен әділ сот сияқты бір-бірімен тығыз ұштасып жататын ұғымдарды да солғұрлым тереңірек түсінеміз. Құдай Әкенің өз пенделеріне деген шексіз сүйіспеншілігі және нәзік сезіммен аяушылық білдірушілігі, абзал аналардың өздерінің адасқан балаларына деген аяушылық сезімдерінен әлдеқайда асып түсетіндігі туралы куәліктер арқылы аян болып, ақиқаттың беті ашыла түседі.