Е. Уайт жаратушыға апарар жол мазмұНЫ


ҚҰДАЙМЕН БІРГЕ БОЛУ ҚУАНЫШЫ



бет13/13
Дата13.06.2016
өлшемі0.65 Mb.
#133977
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

ҚҰДАЙМЕН БІРГЕ БОЛУ ҚУАНЫШЫ


Өмірлері Исаның қайырымдылығы мен мейірімділігінің куәсы болған Құдайдың балалары, Оның жердегі өкілетті өкілдері бола алады. Исаның бізге Көктегі Әкенің шынайы мінез-құлқын ашқаны сияқты, Иса Мәсіхтің мінез-құлықтары, жеке басының адами қасиеттерін білмейтіндерге, Оның адамдарға деген нәзік сүйіспеншілігі, жанашырлық сезімдері сияқты көркем мінездерін ашып, таныта білуіміз керек. "Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін. Мен бұлармен тығыз байланыстамын, ал Сен Менімен солайсың. Мені Өзіңнің жібергеніңе, Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жету үшін, Маған сенетіндер толық бірлікке жетсін!", - дейді Иса Құдай Әкеге. (Жохан. 17:18, 23). Пауыл елші Исаның шәкірттеріне былай деп айтқан: "Осы "хатты" қызметіміз арқылы Мәсіхтің Өзі жазып жібергендігі өмірлеріңнен анық көрініп тұр. Ол сиямен емес, мәңгі тірі Құдайдың Рухымен, тас-тақтайшаларға емес, адамдардың жүректеріне жазылды. Жоқ, біздің "хатымыз" өздеріңсіңдер: сендер бәріне белгілі, бәрі де оқитын, жүрегімізде жазылған кепілдігімізсіңдер!" (Қорынттықтарға. 3:3,2).

Өзінің әрбір балалары арқылы, Иса бұл дүниеге хат жібереді. Егер сен Мәсіхтің ізбасарларының бірі болсаң, онда Ол сен арқылы сенің отбасыңа, сенің көршілеріңнің баршасына хат жіберген. Сендердің жүректеріңде, жан дүниелеріңде өмір сүретін Иса, Өзін әлі тани қоймаған жандардың әрқайсысының ой-саналары мен сезімдерін баурап алғысы келеді. Олар, бәлки, Киелі Кітапты оқымайтын да шығар. Осы Кітапта жазылған Құдайдың Сөздері арқылы өздеріне үндеу тастап тұрған Оның даусын естімейтін де болар. Құдайдың істерінен Оның Тәңірілік сүйіспеншілігін Олар көзбен коре алмайды. Егер сендер Мәсіхтің сенімді өкілдері, куәгерлері болсаңдар, онда сендер арқылы Құдайдың қайырымдылығы мен мейірімділігі жайлы адамдар хабардар болып, түсініктері тереңдеп, Оған қызмет етуге, Оны шексіз сүюге деген ынта-ықыластары мен сана-сезімдері оянар еді.

Мәсіхшілдер, Аспан Әлеміндегі Құдайдың Патшалығына барар жолдың жарық нұрлы сәулесін таратушылық сияқты баталы істің өкілетті өкілдері болып саналады. Олар дүние әлемің Мәсіхтен алған жарық нұрлы сәулемен жарықтандыра білулері тиіс. Олардың істері, болмыстары, мінез-құлықтары көркем де игілікті болып, адамдарға Мәсіхтің Өзі және Оның ғибадат құлшылықтары туралы тереңінен түсінік бере алатындай болуы тиіс.

Мәсіхтің шынайы ізбасарлары Оған құлшылық ету ақиқатында қандай тартымды болатын болса, өздерінің ғибадат-құлшылықтарын дәл сол қалыпта жасай алады. Жан дүниелері жабырқап, қайғыға батып, өмірлеріндегі қиындықтарын айтып, шағым жасап жүретін мәсіхшілер, басқа адамдарға Құдай туралы, мәсіхшілдік өмір туралы дұрыс түсінік бере алмайды. Оларды көрген жандар, Құдай Өз балаларының бақытты болып, шат-шадыман өмір сүруін қаламайды екен деп теріс түсінікте қалуы ықтимал.

Құдайдың балалары жақсылықтан үміттерін үзіп, қиындықтың шырғалаңынан шыға алмай, торығып, сенбеушілікке душар болған кезде, сұм шайтан щаттанып, салтанат құрады. Біз Құдайға сенбей, Оның бізді құтқара алатындай құдіретті күшіне күмәндана қарайтын болсақ, онда сұм шайтан бізді табалап, масайраған болар еді. Біз Құдайдың Көрегендігі мен Болжағыштығы бізге зиян тигізуі мүмкін деген күмәнды ойда қалар болсақ, бұл ретте де сұм шайтан мәз-мейрам болып, масайрамасына кім кепіл? Жаратушы Иені мейірімсіз әрі қайырымсыз етіп көрсету үшін, шайтан қолынан келгенінің бәрін істеп бағады. Әзәзіл шайтан ақиқат шындықты бұрмалай отырып, адамдарға Құдай туралы жалған түсініктер береді. Ал біз кейде Құдай жайлы ақиқи шындық туралы ой толғаудың орнына, кейде шайтанның иландырған, жалған түсініктеріне еріп, Құдайға сенімсіздікпен қарап, Оған наразылық білдіреміз. Осының өзі Құдіреті күшті Құдайға жасалған масқарашылдық қиянат болып саналады. Шайтан әрдайым діни өмірді қаралауға тырысып бағады. Ол діндарлардың өмірі қиындық, азапқа толы болғанын қалайды.

Көптеген адамдар өздерінің кемшіліктері, қателіктері, түңілушіліктері туралы тым көп ойлайды. Осындай сәттерде олардың жүректері жабырқап, қайғы-қасіретке толады. Мен Еуропада болған кезімде, осылайша өмірден түңіліп, жапа шеккен бір діндес сіңілімді кездестірген едім. Ол маған өзіне басу айтып, көңілін тыныштандыруымды өтініп, хат жазыпты. Сол хатты алған түні мен түс көрдім... Түсімде үлкен сая бақ көріппін. Сол бақтың қожайыны болуы керек, бір бейтаныс адам мені бақ ағаштарының араларындағы соқпақтарды аралатып жүрді. Мен жайқалып өскен бақ ағаштарының араларындағы алаңқайларда өсіп тұрған алуан түсті, көздің жауын алардай әсем гүлдерді теріп алып, оның адамның жан сарайын ашардай жұпар иісін көкірегімді кере иіскеп, рахатқа батып жүр екенмін. Осы сәт менің жанымда келе жатқан сіңлім, біздің жүрген жолымызда өскен тікенге көңіл аударды. Бұл тікендер оның жүруіне богет бола берді. Ол қожайын сияқты, жалғыз аяқ соқпақпен емес, шомырт тікенді бұталар мен тікенектер қалың өскен жерлермен жүріп келеді екен. "Мынадай гүлдей жайнаған бақтың көркін, мына шомырт тікенді бұталардың бұзып тұрғаны қандай өкінішті!" - деп уайымдады жаңағы сіңлім. Сол кезде жол бастап келе жатқан қожайын оған: "Ол тікенектерге жолама, қолыңды жарақаттап аларсың; одан да райхан, қалампыр, лала гүлдерін жинап, солардың әсем сұлулығына қарап, рахаттансаңшы," - деді...

Біздің жүрегіміз Киелі Рухтың әсерімен атша тулап, өзіміз мамыражай, рахатқа бөленген кез біздің өмірімізде аз болды ма? Мұндай сәттер пәк тазалықтың, шадыман шаттықтың белгісі емес пе еді? Өткен өміріміздегі бастан кешкен оқиғаларға ой жіберген кезде, сол өмірде қандай да бір бақытты шаттықты сәттер болмады ма? Құдайдың бізге берген уәдесінің жемісі - біздің өмірлік жолымыздың екі жағын қуалай өскен, хош иісті әсем гүлдер емес пе? Осындай өмір гүлдерінің хош иісі мен тылсым сұлулығы сендердің жүректеріңді қуанышқа бөлеп, жан дүниелеріңді көркейте түспей ме?

Тікенектер сендердің денелеріңді жарақаттап, ауыртады. Егер сендер осындай тікенектерді өздерің қолдарыңмен теріп, өзгелерге де теруді ұсынып, тікенекті жермен жүретін болсаңдар, онда сендер өздерің Құдайдың мейірлі шапағатын ескерусіз қалдырғандарыңмен қоймай, өзгенің де өмірдің ізгі жолдарымен жүруіне кедергі болғандарың.

Өткен өмір өткелдеріндегі біздің істеген күнәларымызды, өмірден түңілген кездерімізді ойлап, солар туралы айтып, жылап-еңіреп, қайғы-қасіретке бата беру — ақылға сыймайтын қылық. Мұңайып, сары уайымға салынып жүретін адамның өмірін қараңғы түнек басады, ондай адам Құдайдың нұрын шашқан ақ сәулесінің жарығы, өзінің жүретін жолын самаладай жарық нұрына бөлегеніне кедергі жасайды, сонымен бірге өзгелердің де жолдарына көлеңке түсіреді.

Құдайдың бізге сыйлаған қуанышты сәттері үшін, Оған мың сан алғыс айтыңдар, Оның Ұлылығын, құдіретті Күшін ардақтап, дәріптеңдер! Біз өз өмірімізге зерделі түрде көз жібере отырып, Жаратушы Иенің бізге деген риясыз да шексіз Тәңірілік сүйіспеншілігіне дәлел боларлықтай, барлық куәліктерді бірегей жинап, сол ізгілікті істерге әрдайым ерекше көңіл бөліп, қарап отырайық. Адамдарды шайтанның күшінен кұтқарып қалу үшін, Тәңірілік табиғатын адамның кейпіне келтіре отырып, Өзінің Көктегі Әкесінің тағын қалдырған Құдайдың Ұлы туралы ойлайық; Исаның адамдардың Жаратушы Иеге деген шексіз сенімі арқылы Құдайдың даңқы мен ұлылығының Патшалығын көруіне мүмкіндік туғызу үшін, Көктің сырын ашып, біз үшін қол жеткізген жеңістер салтанаты туралы ойлайық. Күнәға батқан адамдардың күнәлары өтеліп, құтқарылғандығы, сөйтіп, олардың Жаратушы Иемен қайтадан келісімге келгені, Ақтап Алушыға деген сенім арқылы құдіреті күшті Құдайдың сынағынан өткендер, Мәсіхтің тақуалығын бойларына дарытып, Оның тағына таңдана қарайтыңдар туралы еске түсірейік. Міне, осылардың бәрі - бізді ой түйіндеуге, пікірлерімізді пайымдауға шақыратын, біздің білуімізге тиісгі ақиқи шындықтар. Құдайдың риясыз да шексіз сүйіспеншілігіне күдікпен қарасақ, Оның берген Уәделеріне сенбесек, біз Оның абыройына қиянат етеміз, және Қасиетті Рухты ренжітеміз. Егер балалары аналары өздерінің жағдайына қарап, қайырымдылық жасамайтындығына үнемі шағым жасаса, онда анасы бар күш-жігерлерін жұмылдыра отырып, баласының бақытты болуы үшін еңбектене ме? Егер балалары аналарының өздеріне деген аналық сүйіспеншілігіне күдікпен қарайтын болса, ананың жүрегі жараланады емес пе? Кез келген адам өздеріне балалары осылай атүсті қараса, өздерін қалай сезінер еді? Сол сияқты Көктегі Әкенің біздің мәңгілік өмірге ие болуымыз үшін, Өз Ұлының жанын қиюға мәжбүр еткен Тәңірілік сүйіспеншілігіне күдікпен қарайтын болсақ, Ол біз туралы қандай ойда болар еді? Елші былай деп жазады: "Ол Өзінің жалғыз Рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды?" (Римдіктерге. 8:32). Дегенімен де көптеген адамдар сөздерімен айтпаса да, істерімен жоралай отырып: "Құдай Ие мұны маған арнаған жоқ. Мүмкін Ол мені емес, басқаларды жақсы көретін болар" - дегенді айтады..

Мұндай пиғылдардың бәрі біздің жан-дүниемізге кір келтіреді, сұм шайтанның азғыруына көңіл аударуымызға себеп болады, өйткені күдікпен айтылған әрбір сөз біздің сеніміміз таяз екендігін білдіріп, періштелерді ренжітеді, сондықтан олар бізді тастап, көзден ғайып болады. Сендерді сұм шайтан алдап- азғырған кезде, ешқашан күдіктеніп немесе түңілгендік пиғыл білдіруші болмаңдар. Егер оның сыбырлап, азғырғанына құлақ асатын болсаңдар, сендердің саналарыңды сенбеушілік пен наразылық сияқты күмәнды ойлар билеп алады. Ал осындай күмәнді ойларың туралы сендер басқа біреулерге айтатын болсаңдар, онда сендер айналаларыңдағы адамдардың санасына күдік пен сенімсіздік ұрығын сеуіп, осы кикілжіңнің олардың өмірлеріне кеселін тигізуіне себепкер боласыңдар. Сендердің сөздеріңнің әсері оларды түзелместей кеселге душар етері хақ. Сендер, мүмкін, шайтанның азғыруынан құтылып, оның тұзағынан тез-ақ құтылып кетерсіңдер. Ал басқалары — бір тоқтамға келе алмай, сендердің ықпалдарыңмен ауытқып, қобалжып жүрген адамдар, сендердің әсерлеріңмен себілген күмәнды ойлардан арыла алмауы мүмкін. Сондықтан да адамдармен сұхбаттасқанда, оларға рухани күш және бақытты өмір беретіндей ізгі ниетті әңгімелерді айтқандарың жөн. Періштелер біздің Аспандағы Мұғаліміміз туралы, осы әлемде айтып жүрген ізгі Хабарларымызды ерекше ынтамен тыңдайды. Сондықтан Аспандағы Әке алдында біз үшін куә болу мақсатымен барлық уақытта тірі Жақтаушымыз жайында көбірек әңгімелейік. Бір-біріңмен амандасқанда, сендердің жүректерің және ауыз екі айтқан сөздерің Құдайға деген марапат, мақтау сөздерге толы болсын. Мұның өзі барлық ойды Иса Мәсіхке бұратын болады.

Барлық адамдардың бастарынан сындарлы сәттер, қайғы-қасірет оқиғалары өтеді. Сонымен бірге олардың өмірлерінде азғырып, алдаудың шырмауына түсіп, одан оңайлықпен құтыла алмай, шырғалаңға түсіп, қиналатын сәттері де болады. Бұл ретте сендер өздеріңнің бастарыңнан өткен осындай қиындықтарды жай қарапайым адамдарға айтпағандарың жөн. Оның есесіне Құдайға ғибадат етіп, дұға-тілектеріңді бағыштаған кезде, жандарыңа жайсыз тиген, көңілдеріне кірбің келтірген жайларды Оған түгелдей айтып бергендерің ләзім. Жабырқау күйіңізбен өзіңіздің жаныңызды түңілтіп жүрген ойларыңыз бен күдіктеріңізді сыртқа шығарып айтпауды өзіңіздің өміріңіздің бұлжымас заңына айналдырғаныңыз жөн. Сіздің жанға жайлы тиетін үміті мол құптау сөздеріңіз өзгелердің өмірлеріне нәр беріп, олардың күш-жігерлерін тасыта түсері сөзсіз.

Көптеген әлсіз жандардың жан-дүниелері жаншылып азғырулар мен алдаудың тұзағынан арыла алмай жүреді. Олар өздерінің менменшілдігінің кесірінен, зұлымдықпен күрес кезінде, күйректік танытып, зұлымдық күштерден жеңіліс табуы ықтимал. Осындай күйге түскен адамдарға сүйеніш көрсетіп, олардың өз өмірлерін көркейтіп, өзгелердің де өміріне қуат бере алатындай күші бар екендігіне үміттендіре сөйлеп, басу айтып қойған жөн. Сол кезде Мәсіхтің сәуле шашқан нұры сендердің өмірлеріңе жарығын мол түсіретін болады. "Ешқайсымыз тек өзіміз үшін ғана өмір сүрмейміз де, өлмейміз де" (Римдіктерге. 14:7). Біздің ықпалымыз басқаларға қандай болатыны туралы біз біле бермейміз. Кей кездері біздің әсерімізден өзгелер қуат алып, сенімдері нығая түссе, ал кейбіреулер керісінше қайғы-қасіретке түсіп, Мәсіхтен және Ол туралы ақиқи шындықтан алыстай түседі.

Кейбір адамдардың Иса Мәсіхтің өмірі және мінез-құлықтары туралы ақиқи түсініктері жоқ. Олар Мәсіхті өмірге деген құштарлығы, жарқын жүзділігі, жүрек жылулығы жоқ, қатал да қатігез, мұңға батқан жан деп ойлайды. Осыған орай кейбір мәсіхшілердің өмірлері қараңғы да көмескі тартып көңілсіз күйге түседі.

Көп адамдар Иса бір кезде жылады ма, немесе езу тартып күлді ме? деген сұрақтар төңірегінде көп ойланады. Біздің Құтқарушымыз, шын мәнінде - ауыруларды барлап, жоя білген қайғылар Ері. Ол жүректерін мұң басқан, қайғы-қасіретке ұшыраған адамдарды жұбатып, олардың жүректерінде үміт сәулесін тұтата білді. Өз өмірін құрбан ете отырып, қамқорлық жасау және біреудің қайғысына ортақ болуды мойнына алды. Соның өзінде де Оның жаны жабырқап, жігері жасыған жоқ. Оның жүзінен қайғының немесе ренжіштің табы да байқалмайтын. Әрқашанда Оның жүзінен байыптылықтың және салмақтылықтың нышаны аңғарылатын, Исаның жүрегі - өмірдің бастауы. Ол қайда келсе де, Өзімен бірге тыныштық, қуаныш және бақыт әкелетін. Құтқарушы әрқашан байыпты да байсалды түрде алға қойған мақсатына талпына білетін, жігерлі де қайсар болды. Ешқашан да қабағы түнеріп, мұңайып отырған емес. Оның шәкірттерінің өмірі де, мақсаткерлік, жеке басының жауапкершілігін жете түсінушілік сияқты ізгі қасиеттерге толы еді. Жеңіл ойлылық, көңіл көтеру, дөрекі әзіл айту түбірімен жоғалды. Иса Мәсіхтің діні татулық, қуаныш, бақыт әкеледі. Бұл дін суы кемерінен асып жатқан, толқынсыз, тыныш өзенді көз алдыңа елестетеді. Ол қуаныш нұрын өшірмейді, шалқыған қуанышты көңіл-күйін баспайды, күлімсіреген жадыраңқы жүзді адамның жүзіне көлеңке түсірмейді. Иса Мәсіх жер бетіне келгенде, өзгелердің Өзіне қызмет көрсетуін қалаған жоқ, керісінше, Өзі өзгелерге қызмет етуді қалады. Егер сіздердің жүректеріңізде шынайы сүйіспеншілік өркен жайган болса, онда біз Құтқарушының үлгісі бойынша өмір сүретін боламыз.

Егер біз әрдайым басқа біреулердің қайырымсыздық немесе әділетсіздік іс-амалдары туралы ойлайтын болсақ, онда біз оларды Мәсіхтің бізді жақсы көргеніндей дәрежеде жақсы көре алмаймыз. Егер біз Мәсіхтің бізге деген шексіз сүйіспеншілігі мен аяушылық сезімдері жайлы еске алып, жиі-жиі сөз қозғайтын болсақ, соның ықпалымен біз өзіміздің айналамыздағы адамдар мен жақын туыстарымызға, Исадан көріп, білген өнегелерімізге сай, риясыз сүйіспеншілік сезімімен қарап, олармен ізгілікті қарым-қатынаста боламыз. Біз өзіміздің бойымызда кездесетін кемшіліктер мен олқылықтарға қарамастан, бір-бірімізге ерекше ілтипаттылық, сыйласымдылық тұрғдағы қарым-қатынаста болуымыз керек. Әркім өзінің мінез-құлықтары мен іс-амалдарына сын көзбен қарап, әрдайым өзін-өзі тежеп отырғаны, өз бойында шыдамдылық, өзгелердің кемшіліктеріне кешіріммен қарай білушілік сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыруға тырысқандары ләзім. Осының өзі біздің менменшілдік сияқты жағымсыз қасиеттен арылып, мейірбандық, ақ көңілділік, адамгершілік сияқты көркем қасиеттерді бойымызға сіңіруімізге ықпал етеді.

Зәбүр жыршысы былай деп жазады: "Құдай Иеге сенім арт және қайырымдылық жаса; жерде өмір сүр және ақиқи шындықты сақта" (Зәбүр жырлары. 36:3). "Құдай Иеге сенім арт!" Әрбір жаңа күн өзіндік ауыртпашылықтар, қам-қарекеттер мен қиыншылықтар әкеледі. Басымыз қосыла қалса, біз көбіне көп өзіміздің басымызға түскен ауыртпалықтар жайлы әңгімелейміз. Осындай кезде біздің жан дүниеміз түршігіп, абыржимыз. Осындай көңілді жабырқатар жайлардың бізге жағымсыз әсер ететіндігі сондайлықты, біз өзіміздің қайырымды да мейірімді Құтқарушымызды қаперімізден шығарып аламыз. Ал біздің айналамызды қоршаған адамдар бізді шексіз сүйетін, біздің қамымызды жеп, аяушылық білдіретін, біздің өтініштерімізді ынтамен тыңдап, қиын сәтте көмек жіберуге даяр Құтқарушымыз жоқ деп ойлауы мүмкін.

Кейбір адамдар әрдайым қорқыныш және абыржу жағдайында жүреді. Оның бер жағында олар күнделікті Құдайдың шексіз сүйіспеншілігін дәлелдейтін бұлжымас дәлелдерді көріп, Оның ұлан-асыр сыйларын пайдаланады. Сөйте түра, Құдайдың рахымшылығы мен берекелі шапағатын аңғармайды. Олардың ой-саналарын болашақтарына қауіп төндіретіндей қиыншылықтар туа ма? - деген күдік пен үрей билеп алған. Осындай көңілсіз ойлармен саналары әбден шырмалған адамдар, айналасындағы Құдайдың берген игіліктерін аңғармай, сол игіліктер үшін Оған алғыс айтуды ұмытқанын да аңдамай қалады. Олардың бастарына түскен қиыншылықтары өздерінің мазаларын алғаны былай тұрсын, олардың өздерін жәрдем беретін жалғыз бастау Бұлақ - Құдайдан алыстата түседі.

Біздің осылайша сенімсіздік білдіруіміз дұрыс па? Иса - біздің айнымас, досымыз және біздің бүкіл игілігіміз үшін мүдделі! Сондықтан өмірдің күйкі тіршілігін күйттеп жүріп, күнделікті кездесіп қалатын ірілі-ұсақты сергелдеңдер мен үрей-қорқыныштарға бола, жүректеріміздің толқып, қобалжығанына жол бермейік! Күнде ашуланып, асып-сасып, абыржуға себеп табыла береді. Уайым-қайғыға түсе берсең, жан сезіміңе ауыртпалық түседі, сындарлы сәттерде бізге зиянды әсерін тигізіп, күйректікке душар етеді.

Кейде күнделікті тұрмыс жағдайында сәтсіздіктер кездесіп, соның салдарынан шығынға батқандықтан, үмітің жоғалып, алдағы өмірің көмескі және келешексіз болып көрінуі ықтимал. Мұндайда ұнжырғаң түсіп, қамығушы болма! Басыңа түскен тіршілік қамын Құдайға тапсырып, өзің уайым-қайғысыз шат-шадыман өмір сүре бер: Құдайға сиынып, Одан өзіңе кемелді ақыл, даналық беруін, өз ісіңе сәттілік, береке беріп, шығын шегуден сақтауын сұрап, дұға-тілектеріңді бағышта! Оңды жетістіктерге жету үшін, қолдарыңнан келген мүмкіншіліктеріңнің бәрін жұмылдыра біліңдер. Иса Мәсіх бізге көмек беретіндігі туралы уәде еткен. Бірақ өзіміз де қарап қалмай, бар күш-жігерімізді жұмылдырғанымыз абзал. Егер сендер өздеріңнің теңдесі жоқ күші бар Көмекшілеріңе толығымен сеніп, өздеріңнің тарапыңнан қолдарыңнан келгеннің бәрін - Құдай сүйер іс-амалдарды істеген болсаңдар, онда бәрі дұрыс болғаны - болашаққа зор үмітпен қарауларыңа болады.

Құдай Әке өз балаларының күнделікті күйкі тіршіліктің құлы болып, тұрмыс қамының ауыртпалығына белшесінен батып, қиындық көргендерін қаламайды. Біздің Жаратушымыз бізді ешқашан алдамайды да. Ол бізге: "Қорықпаңдар! Сендердің жолдарыңда еш қауіп кездеспейді" - деп алдаусыратпайды. Өйткені Ол сендердің өмір жолдарыңда қиындықтардың да, қауіп-қатердің де кездесетінін жақсы біледі. Ол туралы бізге ашығын айтады. Құдай озінің халқын күнә мен жауыздық әлемінен алып алмайды.

"Сен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр! - деп сұрап тұрмын" (Жохан. 17:15). "Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда, батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!" (Жохан. 16:33).

Таудағы өткен уағыздарының бірінде, Мәсіх өз шәкірттеріне Құдайға сену қажеттігі жайлы ғибраты мол көптеген уағыздар айтты. Бұл өсиеттер Құдайдың балаларының барлық уақыттарда жігерлі де қайратты болулары үшін айтылған. "Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, оны орып, қамбарға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!" (Матай. 6:26) - деген сұрақ қояды шәкірттеріне.

Құдіреті күшті, Ұлы Құдай Өз қолдарын алысқа жайып, Өз жаратқандарының қажетін қанағаттандырады; адамдарға, жан-жануарларға қамқорлық жасайды. Аспандағы құстар да Оның назарынан тыс қалмаған. Ол құстардың қоректенуі үшін дайын жемді тұмсықтарына тоспайды, дегенімен де олардың тіршілік етуі үшін, барлық жағдайды алдын-ала ойластырып, олардың ойдағыдай тіршілік етуін қамтамасыз еткен. Құстар Құдайдың соларға арнап шашқан дәндерін теріп жеуі керек. Қанатты достарымыз өздерінің балапандарына арнап ұя салуы үшін құрылыс материалдарын жинауы, әлі қанаттана қоймаған сары ауыз балапандарын азықтандыруы керек. Құйқылжыта ән сала жүріп, олар тынбастан өздеріне тиісті жұмыстарын істеп жүреді, өйткені "Біздің Көктегі Әкеміз оларды азықтандырады", "Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?" Ойлау қабілеттерің дамыған, саналы түрде Құдайға бас иіп, құлшылық жасай алатын сендер, құстардан әлдеқайда құнды емессіңдер ме? Біздерді - Өзінің пенделерін Өзінің бейнесіне ұқсатып жаратқан біздің Жаратушы Иеміз, Сақтаушымызға сенім артсақ, бізге қажеттінің бәрін жібермей ме?

Мәсіх далада қаулай өскен гүлдерге Өз шәкірттерінің назарын аударды. Көздің жауын алардай, жауқазын гүлдердің тылсым сұлулығына қарап, адамның жаны қуаныш, рахат сезімдеріне бөленеді. Біздің Көктегі Әкеміз Өзінің адамзат баласына деген риясыз да шексіз сүйіспеншілігінің белгісі ретінде, осындай әсем де хош иісті гүлдерді жаратты. Ол былай деген: "Далада өсіп тұрган лала гүліне қараңдаршы!" Тірі гүлдердің жай ғана сұлулығы, Сүлейменнің үстіне киген сән-салтанатты киімдерінің әдемілігінен де асып түседі. Он саусағынан өнері тамған шебер адамның қолынан шыққан, көздің жауын алатындай әсем киімдерді, Құдай жаратқан гүлдердің табиғи сұлулығымен теңдестіруге болмайды. Иса былай деп сұрақ қойды: "Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді әлбетте одан бетер жақсы киіндірмей ме, сенімі аздар-ау!" (Матай. 6:28, 30).

Жаратушы Ие, Аспандағы Суретшінің бір күн гүлдеп, солып қалатын саналуан түрлі әсем гүлдерді әшекейлеу үшін қолданатын бояуларының түстері қандай нәзік әрі әсем десеңізші! Ал Өзінің бейнесіне ұқсас етіп жарататын пенделеріне көрсететін қамқорлығы қандай! Мәсіх осы сөздері арқылы сенімдері таяз жандардың жүректеріндегі мазасыздық, абыржу, күмәнді ойларын бетіне басады.

Жаратушы Ие Өзінің ұлдары мен қыздарының тіл алғыш және бақытты болғанын қалайды. Иса былай деген: "Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім, осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қоболжып, қорықпаңдар. Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын...!" (Жохан. 14:27; 15:11).

Бас пайдасының қамымен өзіне жүктелген міндеттерден бас тарта отырып, бақытқа қол жеткізуге талаптанушылардың бақыттары ұзақ, баянды болмайды, Ондай бақыт тез-ақ өте шығады, ал оны іздеген адам жалғыздықтан қайғы-қасірет шегеді. Құдайға ғибадат ету, адамды бақытқа, қанағаттанғандық сезімдеріне бөлейді. Мәсіхшілдердің өмірлері екі ұшты, неғайбіл болмайды. Олар орынсыз қайғыланып, түңілу сияқты сезімдерге бой алдырмайды. Мәсіхшілдер бұл өмірдің рахатын көріп, сүйсінгеннің өзінде, болашақтағы мәңгілік өмірдің бақытын күтіп қуанады.

Жер әлеміндегі өмір кезінде-ақ мәсіхшілер Мәсіхпен тілдесімге келгені үшін қуанып, Оның шексіз сүйіспеншілігінің Сәулелі Нұрына боленгенінен рахат тауып, Оның Киелі Рухының өз бойларында болғаны үшін өздерін өздері жұбатады. Бұл өмірдің әрбір кезеңіне қадам басқан сайын біз, Оның Тәңірілік сүйіспеншілігін тереңінен тану тәжірибелерін бойымызға жинақтап, даңқты да бейбітшіл Отанымызға жақындай түсеміз. Сондықтан да біз Оған сенім артып, арқа сүйеушілік қалпымыздан бұлжымайтын болсақ, аз уақыттың ішінде нық сенімге ие боламыз. "Осыған дейін Жаратушы Иеміз бізге көмектесіп келеді" (1 Патшалық. 7:12). Өткен өмірге көз жіберсек, Құдай біздің дұшпандарымыздан құтылуымызға қалай көмектескендігі туралы ұмытылмастай белгілер көз алдымызға келеді. Біз Оның бізге көрсеткен барлық мейірімділіктері мен қайырымдылықтарын: ауруымызды жазып, көз жасымызды құрғатқанын, жүрегіміздегі қорқыныштарымыз бен үрейлерімізді сейілткенін, мұқтаждықтарымыздың орнын толтырып, бізге батасын жаудырғанын ерекше ілтипат сезіммен есімізге алып отырамыз. Осылайша біз өзіміздің қайғы-қасіретті жолымыздың қалған бөлігін жүріп өту үшін, күш-жігерлерімізді нығайтамыз.

Біз алдағы уақытта болатын күрес кезіндегі қиындықтар туралы ойлай алмаймыз. Бірақ, өткен өмірімізге бұрыла қарап, алдағы болашағымызға көз жібере отырып, біз: "Осы жерге дейін бізге Жаратушымыз көмектесті! Сенің күндерің сияқты, байлығың да көбейе түседі" (Заңның қайталануы. 33:25). Құдай Ие бізге әліміз келмейтіндей сынақ жібермейді. Қандай сынақ болса да, одан сүрінбей өту үшін бізге күш-жігер берілетініне берік сенімде бола отырып, біз әрқайсымыз өз орнымызда еңбек ете береміз.

Жақында Құдайдың балалары үшін аспандағы қақпалар ашылып, олар даңқты да салтанатты музыка әуені сияқты естілетін, Көктегі Әкенің: "Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар!" (Матай. 25:34) - деген баталы Сөздерін еститін болады.

Сонда ақталып өтеліп алынғандар, Исаның өздеріне арнап дайындаған орындарына жарқын жүзбен қабылданады. Олармен бірге тұратын азаматтардың күнәкар жерде олардың айналасын қоршаған адамдардан айырмашылығы көп болады. Аспандағы мекенде жаман әдет, зұлымдық істеу, өтірік айту және жалған құдайға табынушылық болмайды. Құтқарылғандар Тәңірілік рақымшылықтың шапағаты арқасында мінез-құлықтарының толықтығына жетіп, сұм шайтанды жеңген жандармен тілдесімге келіп, сұхбаттасады. Бұдан былайғы уақытта оларға қиындықтар туғызып, жапа шектіретіндей күнә істеуге бейімділік, мінез-құлықтың жетілмегендігі Мәсіхтің қанымен тазартылатын болады. Олар Жаратушы Иенің Күннің жарығынан да асып түсетін шүғылалы сәулесінің жарығына бөленетін болады. Олардың бойында Мәсіхтің мінез-құлқының көркемдігі мен кемелдігі іспетті көркем қасиеттер жарқырап тұратын болады.



Өзін күтіп тұрған осындай ұлы мұраға қарап тұрып, адамдар өздерінің жанын өтеп алу үшін қандай төлем берер еді? Ол адам кедей болса да, ішкі жан дүниесі бай болуы мүмкін. Күнәдан арылып, тазарған, ақталып алынған, өзінің игілікті істері мен күш-жігерін Құдайға құлшылық етуге бағыштаған жан, Көктегі Әкенің жоғары бағасын алады. Құдайдың және Киелі періштелердің қатысуымен, бүкіл аспан әлемі ақталған әрбір жан үшін, ұлы жетістіктерді мадақтайтын киелі әндердің жүрек жарды қуанышқа бөлейтшіндей қалыппен шаттанады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет