М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті
Ғылыми кітапхана
Ақпараттық-библиографиялық бөлім
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні
Библиографиялық көмекші құрал
Орал 2010
Оқырманға
М.Өтемісов атындағы БҚМУ Ғылыми кітапханасының «Ақпараттық-библиографиялық» бөлімі 22-наурыз Ұлыстың ұлы күні мерекесіне арнап библиографиялық көмекші құралын ұсынып отыр.
Бірінші бөлімде «22-наурыз-Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мейрамы» атты айдарда көне мейрам наурыз туралы мәлімет беріледі. Екінші бөлімде «Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған?» тақырыбында мәліметтер ұсынылып, «Қош келдің, Наурыз!», «Наурыз - думан» атты наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралардың сценарийі берілген.
Ал соңғы «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты үшінші бөлімінде Наурыз мерекесі туралы кітаптар, мақалалар алфавиттік тізіммен көрсетілген.
Көмекші құралды дайындау барысында М.Өтемісов атындағы БҚМУ Ғылыми кітапханасының кітап қоры, газет-журнал мақалаларының картотекасы мен электронды каталогы пайдаланылды.
Библиографиялық көмекші көрсеткіш тарихшыларға, әдебиет мамандарына, студенттерге, сондай-ақ Наурыз мерекесі туралы толығырақ танысқысы келетін көпшілік оқырмандарға арналады.
«22 наурыз —Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы»
НАУРЫЗ — көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер "патрих", бирмалықтар "су мейрамы", тәжіктер "гүл гардон", "бәйшешек", "гүлнаурыз", хорезмдіктер "наусарджи", татарлар "нардуган", буряттар "сагаан сара", соғдылықтар "наусарыз", армяндар "навасарди", чуваштар "норис ояхе" деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мыс, парсы тілдес халықтар наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже "сумалак" ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою — "күн символын" салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады.
Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі — қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы — жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.
Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 — 25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол "діни мейрам", "ескілік сарқыншағы" деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.
Наурыз қай жағынан алып қарағанда да бүкіл халық үшін ерекше мерекелі күн, маңызы үлкен сән-салтанатты оқиға. Бұл күндері Наурыз мерекесі атаулы күн қатарында аталып өтіледі.
Наурыз — жаңа жылды карсы алатын ежелгі зороастриялық салт-дәстүр. Наурыз мейрамы ежелгі Иранда пайда болды, күнге табыну мен Заратуштра пайғамбарының есімімен байланысты. Наурыз парсы тілінен аударғанда "Жаңа күн" деген мағына береді. Бұл күні ежелгі парсы патшалары жыл мезгілдері бейнеленген Күн тәжін басына киіп, от шіркеулерінде құдайға құлшылық еткен және өзінің бағыныштыларына жомарттық танытып сыйлықтар тараткан.
Наурыз - Шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни Ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған.
Наурыз шығыс елдері үшін — бірліктің, татулық-еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Наурызда жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар жақсы өнегеден үлгі алған.
Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттың, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері тән таным-ұғымдарының үлгі-түрлері өте көп. Онын бәрі әр адамды жоғары саналыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдылыққа, көрегенділікке, білімділікке баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек.
Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары бар.
Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған?
"Наурыз" — өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Ғалымдар оның шығу негізін дуалистік теорияға - жақсылық пен жамандықтың, жаз бен қыстың, суық пен жылының, қайырымдылық пен қатыгездіктің күрес-тартысына сүйене отырып түсіндіреді.
Көшпенділердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша жыл алты ай жаз бен алты ай қысқа бөлінген. Көне түркі тілінде жаз айларын "йас", қыс айларын "қыш" деп атаған. Тіліміздегі "алты ай жаз бойы", "ала қыстай" секілді сөз оралымдарын осы бір түсініктің жаңғырығы десек болады. Жаз айларында дүние кеңіп, шаруадан мойын босап, жер бетін қуаныш, шаттық жайлайтындықтан "жағымды", ал қыс айларында суық, аштық, жұт болғандықтан "жағымсыз" саналған. Әуелгі адамдардың жақсылық, жамандыққа жан бітіріп, оларды адам бейнесінде айтыстырып, күрестіргені туралы қызықты мәліметтер көне түркі жазба мұраларда көптеп сақталған. Мәселен, біздің жыл санауымызға дейін дүниеге келген касиетті "Авеста" кітабында, XI ғасырдағы түркі тілдерінің энциклопедиясы "Дивани-лұғат-ат-түрік" сөздігінде, сондай-ақ қазақ халқының қиял-ғажайып ертегілерінде осындай ұқсас сюжеттер қайталанып отырады. Соғдалықтар жақсылыққа "Ахура Мазда", жамандыққа "Ахирман" деп ат қойса, бұрынғы қазақтар жақсылықты "кие", жамандықты "кесір", қысты "зымыстан", жазды "табысқан" деп атаған.
"Атасы мен анасы,
Үш жүз алпыс бес баласы,
Он екі ауыл шамасы.
Отыз ру дуадақ,
Бес балақ сан,
Елу екі қарашы" деп халық жұмбағында айтылғандай, қазақтар бір жылды әрқайсысы отыз күннен тұратын он екі айға бөлген. Жыл соңындағы санатқа кірмей қалқан 5-6 күн "бес қонақ" деп аталады. Бұны парсылар "фәнджи", сотистік күнтізбеде "апагоменей" (шолақай) дейді. Ежелгі сенім бойынша жақсылық пен жамандықтың жан алып, жан берісіп, өмір үшін күресуі осы санатқа кірмей қалған уақыт аралығына сәйкес келеді. Осы бір "жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер", елінің әрі тартар, тірінің бері тартар қиын кысталаң күндері қазақ тілінде "өліара" деп аталады. Қазақтар осы өліараны өткізіп жібермей жолаушы шықпайды, қоныс аудармайды, жиын-той жасамайды, мал сойып, қонақ шақырмайды. Ақсақалдар өліарада "Апырай қайтер екен" деп ауыл иттерін де үргізбейді. Қыс пен жаздың халық санасындағы осы күресі ақын М.Мақатаевтың мына бір шумақ өлеңінде әдемі көрініс тапқан:
Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып жылап тұрып.
Шатырында үйлердін Наурыз жүр
Мұз көрпесін ақпанның лақтырып.
Халық ақыны С.Оңғарбаев былай деген:
Малдар төлдеп, қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты
Молшылыққа аңыз боп,
Басталыпты Наурыздан.
Көшпелілер жыл басын жақсылық жеңген күн — Наурыздан бастайды. Бұл күн - аспан денелері өздерінің ен бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануар түлеп, жер көктеп, мал төлдеп, адамдардын аузы аққа тиетін, жер бетіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді "Ұлыстың ұлы күні, Ұлыс күн" деп атаған. Григориан күнтізбесі бойынша ескіше 9-наурыз, жаңаша 21 -інен 22-сіне қараған түн осы күнге сәйкес келеді.
Наурыз мейрамы жыл сайын Алжирде де аталып өтеді. Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып саналатын "Наурыз" ескіше жыл санаумен күн мен түн теңелетін 22-наурызға дөп келеді.
Наурыз — дүниенің ғарыштық сипатын, адам мен табиғаттың кіндіктестігін білдіретін мейрам. Қазақ ордасында Наурыз күні салт-санаға байланысты жеті саны шарт: ақсақалдар алдына 7 дәмнің 7 түрінен жасалған "Наурыз көже" таратылады. Жеті саны әрине, жеті күннен тұратын жұма, уакыт шіркіннің мазасыз мәңгі қозғалысының мезгілдік бұтағы.
Наурызды мейрамдау дәстүрін дүниеге алып келген біздің тапқан ата-бабамыз жаратылыстың буынын есептеп, дәл тапқанға ұқсайды. Әлімсақтан ата-бабамыз Күн нұрын мінажат тұтқанын біз білеміз.
Күнге байланысты жарық пен түнді салыстырып бейнелей білген. Сондықтан "Түн баласы ауыр", "Түнде кір жууға, тырнақ. алуға, суға баруға болмайды". Неге? "Жаман болады" деп жауап қайырады үлкендер. Наурыз күні қыздың атын жарыққа байланыстырып Сәуле қойып жатады, үнділер Индира дейді екен.
Наурыз - халықтың жарқын көңіл-күйін, шаттығын аңғартатын, өзіндік орны бар үлкен дәстүр. Береке басы, еңбек мерекесі наурыз екендігі де сөзсіз. "Наурызда ерте тұр, ерте тұр да тілек қыл",
"Үйінді, киіміңді, шашыңды таза ұста",
" Бұлақ көрсең көзін аш"
"Бұрын бір тал ексең, наурызда он тал ек".
Мұнда мерекенің еңбекке деген ықылас-сүйіспеншілікті арттыратын тәрбиешілік жағына баса көңіл бөлген. Наурыз діншілікке де, кері тартқан көнелікке де жанаспайтын, керісінше көгерер тіршіліктің жыл басы ретінде көңілді көк жиекке көтеріп тастайтын көктем мерекесі.
Әдетте Наурыз мейрамында дайындық жұмыстары қыс кезінен-ақ үй мүліктерін ретке келтіріп, оның тазалығына кірісуден басталған. Құдықтар мен арықтар тазаланып, құрал-саймандар жөндеуден өткізілетін. Бұрын қыздар мереке алдындағы түнде ет пен уыздан "ұйқы ашу" дайындап, өздерінің көңілі кеткен жігіттеріне дәм таттыратын болған. Бұл әдет "Ұлыстың ұлы күні" ұйықтап қалмасын деген ұғымнан туған. Оның, үстіне "ұйқы ашар" болашақ күйеулерге күш-қуат, махаббат, нәзік сезім әкеледі делінген, жігіттер қыздарға әтір, иіс сабын, айна мен тарақтан тұратын "селт еткізерді" ұсынуға міндетті болған.
Көршілеріне дәм татқызу мақсатында түрлі тағамдардан әзірлеген "Наурыз көже" беретін. Мұны кейбіреулер құдайы көже дейді. Халқымызда "Наурыз келмей жаз болмас, нәр кірмей мәз болмас" деген сөз бар. Наурыз көжені үлкен тайқазанға қайнатады. Оны қарны тойғанша ішуі керек. Құранда "Артық ішкен ас - харам" дейді. Ал Наурыз көжені артық ішкен оған жатпайды. Халқымыз қандай жағдайда болса да соңғы жылы, жұмсағын Наурызға сақтаған. Мұның өзі "Көктемге жеттік, аузымыз акқа ілінді, күнкөрісіміз түзелді" деген ниеттен туған. Сондай-ақ, Наурыз күні ауыл тұрғындары ұлттық киімдер киіп, өнер және ойын-сауықтар көрсеткен. Бұл күні "Айқыш-ұйқыш", "Аударыспақ", "Жау қашты", "Шашбау салды", 'Тартыс", "Соқыр теке", "Тоғықұмалақ", бұдан да басқа күлдіргі, жаңылтпаш ойындар, айтыс өлеңдер ұйымдастыратын. Осыған орай халқымыздың салт-сана, әдет-ғұрып, ойын-сауық имандылық сенім дүниесі Наурыз арқылы табиғатпен үндесіп, ізгілік мұратымен байып отырған. Қазақ халқы жалпы европалық күнтізбені колданбай тұрған ерте кезде Наурызды тоғыс есебі бойынша анықтап тойлап отырған. Арнаулы есепшілер Ай мен Үркердін бір жыл ішінде 13 рет тоғыса алатынын біліп, сол арқылы көктемгі күн мен түннің теңелуін анықтап, бұл күндерді жаңа жылдың басы деп белгілеген. Бұл күн қазіргіше 22-наурызға тура келген. Парсыша Наурыз ай аты емес, бір ғана күн. Жаңа жылдың бірінші күні мағынасымен ай аты болып тарихи қалыптасқанын "Қобыланды батыр" жырынын:
Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін.
Көлден ұшқан қаздаймын.
Наурыздан соңғы жаздаймын, —
деген жолдары осы пікіріміздің дұрыстығын айғақтаса керек. Наурыз күні әрбір адам жайдары жүз, жарқын дауыспен амандасып, тақлақтап наурыз тілек білдіретін.
Ассалаумағалейкүм!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Атымызда жол болсын,
Түйеде қом болсын,
Қара малда қоң болсын,
Ұсақ малда шел болсын,
Сапар шеккен жол болсын, — деген ниет білдірушілерге үлкендер:
Әлейкүмсалам
Айтқанын, келсін, бар бол,
Жүк көтерер нар бол.
Ырыс болып Наурызың
Көп кежедей бар бол! — дейтін еді.
Қазақ халқы Наурыз мерекесін қастерлеп, соған лайық жаңа туған нәрестеге азан шақырып ат қойып отырған. Ізгі қасиеттерді жұртшылықтың санасына ұялата білуге Наурыз мерекесінің алатын орны ерекше. Наурыз дәстүрін жаңа ұрпақтың бойына дарыта білуіміз кажет.
Қорыта келгенде жоғарыда айтылғандарымыздың бәрі де сонау ғасырлар қойнауына кететін халқымыздың тарихи шежіресі мен мыңдаған жылдық тәжірибесінің бізге жеткен кәусар бұлақтың бір тамшысы ғана. "Тамшыдан теңіз құралады" дегендей, кейінгі жылдарда көмескіленіп қалса да, көмілмей жеткен халықтың мейрамымыздың нәрі мен сөлін бойымызға дарыта алсақ, — тілегіміздің ақталғаны.
НАУРЫЗ КӨЖЕ - ұлттық тағам. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Наурыз тойына ғана тән, көпшілікке арналған мерекелі тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, су, түз, тары, құрт, жеміс тағы сол сияқты тағам түрлерінен жасап, оған қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер косып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле беріледі. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады. Ол негізінен бидай көже, тары көже секілді әзірленген. Наурыз көжені халық арасында "тілеу көже", "көп көже" деп те атай береді. Наурыз көжеге, наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң, жиналған халық: "ақ мол болсын" деген тілек айтып тарқасады.
Наурыз айы
Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Григориан күн есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де, күн мен түннің ұзақтығы теңеседі. Сол себептен наурыз жыл басы болып саналған. Сонымен бірге қыстың соңы, көктемнің басы. Күн жылынып, қар еріп, жыл құстары келе бастайды. Сондықтан жылдың құт мезгілі есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де, төл басы есебінде де наурызға бүкіл халық аса құрметпен қарап, оны есте қаларлық қасиетті ай есебінде бағалаған.
Наурыз күні
Наурыз - ежелгі мәдениеті дамыған елдің бірі Иранның "нау" - жаңа, "рыз" - күн, яғни жаңа күн деген сөзінен шыққаны көпке бұрыннан-ақ белгілі. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22-жұлдызына сәйкес келеді. Қазақтар да бұл күнді Жаңа жыл, ырыс, береке мереке, жыл басы деп есептейді. Ұлыстың ұлы күні жұрт жұмыс істемейді, сапарға шықпайды, іс тікпейді, құрылыс, не басқа бір іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, дауыс көтермейді, әбес сөйлемейді. Бұл күні барлык даланы Қызыр ата аралайды.
Наурыз күні — мереке, демалыс күні.
Наурыз жыры
Наурыз мерекесінде айтылатын халық, ауыз әдебиетінің түрлерінің бір саласы. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған.
Наурыз бата
Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі - осы Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап "Наурыз көже" шакырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы да басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді.
Наурыз тілек
Әр адам өзіне, отбасына немесе туыс-туғандары мен дос жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінін үйіне кіріп дәм татады. Қай халықтың болмасын ұлттық, діни, мемлекеттік сияқты өзіне тән түрлі-түрлі мейрамдары бар.
Ұлыс күні "діни мейрам", "ескіліктің сарқыншағы"деген сияқты жала жабылып, қуғынға ұшырап асыра сілтеушіліктің салдарынан 1926 жылы тойлануын тоқтатты. Сөйтіп бұл мейрамды кейбір аймақтар мүлдем ұмытты да. Тек алпыс екі жылдан кейін ғана, 1988 жылы қайта құру мен жариялылықтың арқасында Наурыз тойын қайта тойлай бастады.
Ұлыс күнді қарсы алу арқылы жас, өскелең ұрпақтың бойына Отан сүйгіштік, табиғатты қорғау, еңбектің қадыр-қасиетін сезіну, үлкенді сыйлау, жаман әдеттерден жерігу тағы сол сияқты ізгі қасиеттерді сіңіруге болады. Оның үстіне Наурыз мейрамы екінші түрі мен түсіне бөлмейтін ортақ мереке.
Навруз, Науруз, Наурыз - Орта Азия мен Қазақстан халықтары үшін жыл басы, көктем мен еңбектің, халықтың мерекесі, береке басы бірлігі — күнтізбенің бірінші айы, бірінші күні.
Қыдыр ата
Қыдыр (Қызыр) ата бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы,ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер,әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұсауғаа тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. "Қыдыр қонған", "Қыдыр дарыған" деген сөздер осындайдан шыққан.
Наурыз тойы
Наурыз — шат-шадыманды ойын-сауық, той басы."Ол күнде Наурыз деген бір жазғұтырым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен" (Абай). Кей жерлерде "наурыз тойы" деп те атады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойға ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойындар мен көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тіілейді. Наурызнама — бұрын 8-9 күнге созылатын, халықтың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын, той.
"Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы — Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын "Салдама" дейді. (Мәшһүр Жүсіп).
Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып бас косып "ұйқыашар" әзірлейді. Ол тәтті ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны "селт еткізер" деп атайды. Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арналып жылы-жұмсақ тағамдардан "бел көтерер" деп аталатын дәм дайындалып, тартылады. Бұлардың соңы келер күні "наурыз көжеге" жалғасады.
Наурыз жұмбақ
Табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осындай атпен аталған. Онда ақындар, қыз-жігіттер осы тақырыптарға ғана құбылыстарды жұмбакқа өлеңдетіп айтысатын болған. Мысалы:
Ұшарқар Айдай туып, Күндей батар
Туғанда Шабансары таң сонда атар.
Аспаннан жұлдыз тарап, Шолпан туып,
Таң райы Күнменен манауратар.
Шығыстан үркер туса егінді ор,
Батса көктен егісті егетін бол
Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,
Жоғалып қараңғыда шөгеді жол.
Мұндай жұмбақтар жастарды табиғат тылысымын біліп, үйренуге жетелейді.
Наурыз төл
Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар "наурыз төлі" деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, мал жанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.
Наурызкөк
Наурызкөк - наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер "Наурызкөгім келдің бе?" деп шақырады, жем шашады.
Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді, оны бақыт құсы қатарына қосады.
Наурыз есім
Наурыз күні туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Сондай есбеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы қазақ халқында Наурызбай Құптанбайұлы (1700-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атгы батырлар болған. Алтын ордада Наурыз есімді хан (1859-60) болғаны тарихта белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.
Наурыз шешек
Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік (шөп) . Әсемдік үшін үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз шешек "Қызыл кітапқа" енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.
Наурызша
Наурыз айында ашық күндері қолдан жасағандай ерекше ою-өрнекті әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық "наурызша" деп атаған. "Наурызша" жаңа жылдың алдағы жылылықтың белгісі.
Саумалық
Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:
Саумалық, саумалық,
Наурызымның көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, саумалық,
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме көрдің бе?
Саумалық, саумалық,
Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,
Ескі жыл есіркей кет.,
Жаңа жыл жарылқай кел — деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасайды.
Самарқанның көк тасы
Бұл да Наурыз күніне байланысты сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірі аңызда әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-мыс.
Екінші, бұл күні өр адам қателігі болса, кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе "бұл күні Самарқанньң да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?" деп тоқтатады екен. Сол сияқты бүл күннің әлемге жыллық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.
Келгенінше құттықтап бірін-бірі,
Куанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңілі түгел адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп түскен тасы.
(А. Байтұрсынов).
Үшінші, ертеде Наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскерлер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. Осыдан әз Наурыздың қасиеті мен ізгілік пен жақсылыққа бастайтын ерекше күн екенін білеміз.
А. ТОҚТАБАЙ
НАУРЫЗ
«Көтерген Ай сұлуды Алып өгіз
Көтерген Аспан туы ол - Наурыз»
(Низами)
Халқымыз өзінің сүйікті мейрамы - жаңа жылы Наурызбен қайта қауышып, ата салтын қайта жаңғыртып, ол туралы біраз зерттеулер жарияланса да ғасырлар бойы елімізбен бірге жасасқан Ұлыстың ұлы күні жөнінде әлі де біраз тың мәселелерді айтуға болады. Шын мәнінде бұл қазақтың арғы бабалары көшпенді тайпалар ішінде туып - Ұлыстың ұлы күні деп аталғаны ешқашан талас тудырмайды, кейінірек отырықшы елдердің дәл осындай мейрамы-Наурызбен қосылып Ұлыстың ұлы күні - Наурыз деп аталып жүр,
Наурыздың қазақпен, оған бауырлас Шығыс халықтарының ықылым замандарда отқа, күнге, айға, суға табынған кездерінде пайда болған, яғни табиғаттың қойнынан, күн мен түннің теңелуінен шыққан маусымдық мейрамы екені даусыз. Жаратылыстың құпия сырын ұғып, білімділікпен есептеп, жыл басын Наурыз айынан басталатынын дәл тауып, календарь жасап, мұны халық игілігіне айналдырып, мәңгілік мұра етіп қалдырған халықтың өзі ме, әлде Бұдда, Христос, Конфуций, Мұхаммед сияқты ұлылар ма? Мұның негізін зороастризм дінін, оның негізі жазылған үндіеуропа тілдерінің түп қазығы болып табылатын қасиетті кітап «Авестаны» ұзақ зерттеген ағылшын шығыстанушысы Мэри Бойстың пікірінше: «Ең үлкен зороастрлық, наурыз мерекесін, қалыптасқан дәстүр бойынша, бұл мерекені Зороастрдың өзі жасаған». Заратуштра дәстүрлі дін жасаған тарихи қайраткер болған ба? Оған тағы да М.Бойс өзі жауап береді. «Пайғамбар Зороастр көне дәуір қойнауында өмір сүрген, тіпті оның жолын ұстаушылардың өздері бұл жағдайдың қашан, қайда пайда болғанын ұмытқан, бұрын әр түрлі иран елдері Заратуштраның діндарлығы өз отандарында болған етіп көрсетуге тырысады. Көп уақытқа дейін ол Иранның солтүстік-батысында Әзербайжанда өмір сүрген деп көрсетілді. Шын мәнінде ол азиат даласында, Волганың шығыс жағында өмір сүргені қазір анықталды» - деп тұжырымдайды. Шығыс әдебиетінің, ірі маманы Е.Э. Бертельс «Заратуштра б.з.д. VI ғасыр аяғында өмір сүрген»- дейді. Қазақ шежірелерінде Наурыз, Алаш бірге туысқан нақты адам екендігі көрінеді:
Қазақстан - Наурыз, Алаш екі ұл туған,
Наурыздың деп айтады үлкен жасын.
Ұрпақсыз өлген Наурыз жазғытұры,
Келер жыл көктемде оның беріпті асын.
Қазақтың балалары сонан бері,
«Наурыз» деп қойыпты атан жылдың басын.
Ауызша тарих - шежіреде айтылатын бұл деректер өте маңызды. Себебі Наурыздың Қазақ, Алаш болғалы бағзы замандардан келе жатқан үрдіс екені көрінеді. «Көктемде ас берді дегені» - жыл басы көктем мерекесі ежелден аталып келе жатқанын меңзейді.
Наурыздың қазақ қоғамындағы ролі кез келген астан, тойдан, басқа да шаралардан жоғары болған. Белгісіз автордың жазуы бойынша: «...Қайда атақты бай болса, Наурыздаманы сол байға қалдырады екен. Үйсін Төле билердің заманьнда Наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен...».
Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибағи», «хұзағи» деп аталғап заманға дейін апарып, «Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен» - деп жазады. Ақын Наурыз тойын дінге жалғастырмай, көктем мерекесі екенін ашық жазады да, «ұлыстың ұлы күні» дегеп сөздің өз заманында алғашқы мәнін өзгертіп, Құрбан айтқа байланысты айтыла бастағанын былай деп ескертеді:
Жаз жіберіп жан берген қара жерге,
Рақметіне Алланың көңіл сенер,
Мал семірер, ақ пен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.
Ақын көктемде жан дүниенің, жан-жануардың түлеп жаңарып, ақ мол болып, ас көбейгенін, адамзаттың көңілі өсіп көтерілгенін Наурызға арнаған өлеңінде паш етеді. Қазір біраз жұрт Наурыз мейрамы басталғалы бері «Наурыз парсы тілінде жаңа күн» деген ұғымды білдірсе, «бұл өзі бізге парсыдан, шығыстан келген мейрам екен ғой» дейді. Шын мәнінде солай ма? Біздің ойымызша XVIII ғ. басында қазақтар жоңғардан шегініп, ата-жұртын тастап, Бұхара, Самарқанға, Жиделібайсынға барып, енді ел-жұрт азат болып тарихи қоныстарына қайта келгенде «Наурыз» сөзін ала келген. Бұған дейін халқымыз бұл мейрамды «Ұлыс», «Ұлыстың ұлы күні» деп, соңынан «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз» деп айтатын болған. Шәкәрім бүл процесті айқын ашып көрсетеді: «Наурыз - парсы тілі: Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұқар, Тәшкендік қожалардан үйренген. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күннің аты - Ұлыс.
Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп Құрбан, Ораза айттарын Ұлыс күні дегізіп, Ұлысты Наурыз дегізген.
Жыл басының Ұлыс екенінің дәлелі мынау: Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар -деген тіпті ескі мақал».
Наурыз қазақтың ұлттық мейрамы, төл мерекесі екеніне Алаш арыстары да қалам тербеген.
Байтұрсынұлы Ахмет: «Наурыз - қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, құты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді».
Міржақып Дулатов «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген мәтелді тілге тиек ете келе былай деп жазады: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарьн есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол Наурыз.
Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы... Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, наурыз (марттың) ескіше 9-да, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды».
Наурыз ұлан-байтақ қазақ жерінің ауа райына байланысты әр уақытта атап өтілген. А.Байтұрсынұлы наурыз айының біреулер бірінде, екіншілері тоғызында келеді деген деректерді келтірсе, А.Диваев оңтүстік өлкеде ақпанның аяғында қар ерігенде наурызды атап өтетінін көрсетеді.
Киіз үйдің есігінен күн түссе мұны «ұт» деген. Бұл ақпанның 19-ы мен наурыздың 20-сы аралығында болады. Осыған байланысты Сыр қазақтарында «Үйге ұт кірді, егіншінің көкейіне құт кірді» - деген мәтел бар. Демек, егінші үйде тағат тауып отыра алмай, жұмысқа кірісетін уақыт жетті дегенді білдіреді. Оңтүстік өңірде «Жыл басы жылқышы торғайдың ұшып келуімен» орайластыра мерекелейді. Батыс Қазақстанда 14-15-ші наурызда көрісу дәстүрі бар, бұл күні олар туған-туыс, дос-жаранға қонаққа барып, әр түрлі тарту жасайды. Ал Орталық Қазақстан тұрғындары жаңа жылды Үркердің аспанның батыс бөлігіндегі жас Аймен тоғысуына қарап, кешірек қарсы алып жүр.
Екі батыр соғысты,
Үркер мен Айдай тоғысты, - дейді халық ауыз әдебиетінде, себебі Сәуір (Үркер) жұлдызы Наурыз айына дәл келеді. «Сәуір болмай тәуір болмайды» - деген мәтел көктемгі күн мен түн теңелген тұстағы, Айдың жаңа орағының алдындағы Сәуір (Өгіз) жұлдызының тоғысына байланысты айтылған. Бірақ қазақ Сәуір мен Ай тоғысты демейді, Ай мен Үркер тоғысты дейді. Қазіргі қазақ күнтізбесіндегі апрельді - сәуір деп жазу мүлдем қате. Алдымен сәуір (Өгіз) - жұлдыздың аты және амал. Ертедегі қазақ календарьлары мен фольклорда апрелді «сәуір» деп атаған емес, апрель - көкек.
Қазақ есепшілерінің тәжірибесіне сүйенсек, Үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, ал көктем басында аспан етегінен көрініп, жазға қарай мүлдем батып кетеді. «Үркердің жерге түсуі» делінетін осы кезеңге 40 күн жазғы шілде сөйкес келеді. Бұл кезеңде Үркердің көкжиектен көрінбеу себебі - Күн жолы наурыз айында дәл соның үстінен етеді. Қазақстанның кейбір жерлерінде ғана, мәселен, Орталық өңірлерде осы кезде Үркердің қос жұлдызы, бұқаның мүйізі секілді, батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан көгіндегі дәл осы көріністі Қазақстан жартастарына шимайлаған петроглифтерден - мүйізімен Күн көтеріп түрған алып Көк өгіздердің суреттерінен көруге болады. Біздіңше, бұл сахна арқылы ежелгі түркілер аспан белдеуіндегі Күннің жолы мен Жерге келген Жаңа жылдың символын бейнелеген.
Наурызда өгізді құрбандыққа шалу олардың қадым замандардан келе жатқан астрономиялық түсініктерімен байланысты, ал жас балалардың маңдайына қанмен дөңгелек салу дәстүрі - Күнді құрметтеуден туған көне ырым.
Ертедегі Шығыс астрономдары мен жұлдызнамашылары Наурыздың аптаның қай күні кіретіне қарай, бүкіл жылдың сипаттамасын берген. Қожа Әли Термизидың «Наурызнамасында» Наурыз сәрсенбі күні кірсе өте қиын жыл (қымбатшылық, опат, ашаршылық, т.б.) сонымен қатар жұма, сенбі күндері кірген жылдар жақсы болмайтынын керсетеді, ол аптаның басқа күндері жақсылық жылдары деп есептелінеді. 80-нен аса тарих, пәлсафа, дін, діни наным-сенімдер туралы жазған шығыс ғұламасының бұл еңбегі Наурыз тарихын зерттеушілерге таптырмайтын жәдігер.
Наурызды мейрамдаудың дәстүрлі атрибуттарымен (көрісу, көп көже, ұйқыашар, самалық айту, дір еткізер, селт еткізер, т.б.) қатар әр аймақта өзіндік сахналық рәсімдер өткізілген. Мысалы: Шыңжаң қазақтарында он екі бала әр жылдың атына бөлініп: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз болып маскі жасап, жылан болып ысқырып, ит болып ұлып, сиырша мөңіреп, қойша маңырап, жылқыша кісінеп, әр жыл бір-бірімеп айтысқан (жалпы қазақта: ата-тек айтыс, тау айтыс, өзен айтыс, жыл айтыс, т.б. айтыс түрлері болған - А.Т.).
Сиыр жылы мен Жылқы жылының айтысы:
Емшегім - сүт, терім - бұйъм, денем - ет,
Сен Жылқы, мен тұрғанда адамға шет.
Әрбір үйдің әрдайым мен қасында,
Сен бір безбе, кісендеулі қашанда,-
дегенде, жылқы бүркеншігіне жасырынған бала:
Жау келгенде жұртта қалдың сен сасып,
Жақсы болсаң кетер едің бел асып.
Қымыз барда сүт қазаққа тамақ па!
Сенің құның татымайды жармаққа, -
деп кісінеген болады. Тегінде осы жыл айтысының әр жылға арнап ақындар мәтінін жазып, оқу-ағарту саласыпа таратса, Наурыздың мазмұны байи түсер еді. Халқымызда дастарқан батасы, мал батасы, жан батасы, жорық батасы, аң батасы, т.б. қатар Наурыздың өз батасы бар. Әр үйде көже жасалып, ел аттылы-жаяу ілгерінді-кейінді, мәз-мейрам болып үйлерге кіріп, көп көжеге бата қылады.
«Жаз періште» - «Әз» кепті,
Әзден үркіп қар кетті.
Ақ қар, көк мұз жұтатқан
Наурыз келіп, жаз кірді.
«Жазперіште» - «Әз» кірді,
Күнеске тосып арқасын
Жан біткенге наз кірді, -
деп басталады, одан әрі елді-жерді пәле-жаладап, апаттап қорғап, аяғында тілектер айтылады:
Көже істеген келіндер,
Көпке жаққан елшіл бол,
Бозторгайдай төлшіл бол,
Кірсе бақар көзді бол,
Ағайынға тұрар сөзді бол!
Қыстан қысыраладық
Жаздағыдай жадырамадық...
Өткен күн өзімен кетіп,
Келген күн жарылқасын!
Күнікей - наурыз жарылқасын! Аллауәкбар!.
Қазақ ертегілеріндегі Күнікей қызды зерттеушілер құдай (божество) деп айтып жүр. Демек Күнікей - Күн құдайы. Қазақта сонымен қатар Ұлыстың ұлы күні - Наурызды «Ұзын сары» деп атау бар. Наурыз келгенде - «Ұзын сары келді» дейді екеп. Мұның мән-мағынасын, семаптикасын анықтау - зерттеушілердің бір міндеті.
Қазақ ауылдарында ертеде тайқазан, парқазан деп аталатын үлкен қазандар болған. Қазан - сонау скиф-сақ, ғұн заманынан келе жатқан «жеті қазынаның бірі», ғұрыптық тамақ пісіретін ыдыс. Қазақ халқының ортағасырлық астанасы Түркістандағы, Қожа Ахмет Ясауи ғимаратындағы «қазандық» аталатын бөлмеге қойылған тайқазан да – көшпенділердің ежелден береке мен бірлігінің символы. Сондай-ақ көне ертегі-жырларымызда алтып қазан іздеу салты кездесіп отырады:
Сөз тыңда, құлақ салып, балам, маган,
Астында дарияның алтын қазан.
Әкелсең сол қазанды ерлік қылып,
Беремін Күнсұлуды қосып саған. («Құламерген »)
Ертеректе Наурыз мейрамында ауылдың тайқазанына әр үй өзінің 7 түрлі тағам қосып пісіріп әкелген көжелерін құятын, сонда 30-50 тамақ қоспасынан жасалған «наурыз көже» немесе «көп көже» болып шығады. Бұл аспаздық жұмыстың бәрін елге қадірлі, ауылға белгілі әйел - бәйбіше басқарады. Қазанды иесіне қайтарғанда әбден жуып, түбіне міндетті түрде піскен тамақ (бауырсақ, тоқаш, ет) салып, құлағына ақтық байлап қайтарады, өйтпесе «қазан өкпелейді», «қазан шамданады» деп ырым қылады. Қазақ арасында екі адам ренжіскенде «өкпесі қазандай», «өкпесі қара қазандай» деп айтылатын сөз тіркестері осыдан шыққан. «Қара қазан сар баланың қамы үшін», «Қара қазан сар бала, жылап жатыр көп бала» дегеніміз, халық, бұқара халық дегенің баламасы. Атадан мирас болып келе жатқан қазаннан айырылу құт-береке байлықтан айырылу, оны біреу тартып алса, масқарашылық саналатын. Абылай хан 1780 ж. шамасында Ботаханды тірідей жерге көміп өлтіріп, қатыгездік жасағанда, Олжабай бастаған батырлар ханның ауылына ат ойнатып, ата-бабасынан келе жатқан қазанын алып кетеді. Түрік армиясының янычарлары сұлтанға қарсы болғанда асханадағы үлкен қазанды төңкеріп тастайтын, қазақта да бір адам екінші адамға ашуланғанда «қазаныңды төңкеріп кетейін» деп ғайбат айтады. Қазан да шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі, қазан толы, тоқ болса, ел де мықты.
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң
Содан олжалы жол болар, - деп тілек айтады.
Наурыз күнінің бір ерекшелігі бұл күн көрісуден басталады.
-
Амансыз ба?
-
Ұлыс оң болсын,
-
Қайда барса жол болсын!
- Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
- Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге кірсін! —
деп құшақтасып көріседі.
Бозбалалар мен қыздар да Ұлыстың ұлы күні емін-еркін бас қосып, ауылды, елді той-думанға болегеніп мына өлең жолдарынан көреміз:
Есік алды қара су бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Көмілсем де кетер ме көкейімнен,
Қалқаммен Ұлыс күні ойнағаным.
Ауыл қыздары өздері жақсы көрген жігіттерге арнап, соғымның қалған етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп аталатын тамақ дайындайды. Осы арада бір айта кететін жайт, наурыздың қазақ халқының тамақтану мәдениетіне тікелей қатынасы бар. Наурызда соғымның қалған-құтқаны көжемен, сыбағамен бітеді, халық жаппай «қызылдан - аққа», яғни сүтті тағамдарға (айран, қымыз, құрт, ірімшік, т.б.) көшеді. Сөйтіп көшпендінің қыс бойы ауыр сүтті тағамдарды жеген асқазаны дем алады. Жаздың шіліңгір ыстығында қазақ асқазанға жеңіл: қойдан - бағлан, байлар жылқыдан - тай, кедейлер ешкіден -лақ жеген, бұл төлдердің еті қара күзге, күздік сойғанға дейін адам ағзасына жеңіл болған, мұны маусымдық тамақтану жүйесі деуге болады.
Жігіттер мен бозбалалар қыздарға арнап «селт еткізер», «дір еткізер» деген сыйлықтарын ұсынады. Бұл сыйлыққа айна, тарақ, иісмай, күміс жүзік жатады. Айна - пәктік пен жастықтың, тарақ -әдемілік мен сұлулықтың, иісмай - бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, күміс жүзік - тазалықтың белгісі.
Халықтың мифологиялық түсінігінде 21-ші наурыз түні даланы, үй-үйді Қызыр аралайды, сондықтан «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр үй іші, қора-қопсысы, ауласы және де киген киімі, ішкен тамағы таза адамдарға қонады. Сол себепті жеке адамнан, отбасынан бастап ауылға дейін Наурыздың алдында кір-қоңдарын жуып, таза киімдерін киіп, үй ішін, қора-қопсысын тазалайды. Қызыр бас бармағы былқылдап ұратын, ақ сақалды қария екен, амандасқанда бармағынан білуге болады деп жатады.
Қызыр ата табиғатты аралай жүріп, назары жерге түссе, қыстың тоң-мұзын ерітіп жібереді, ал тасқа түссе тас та балқиды екен. Самарқанның көк тасы еріген күн Наурыздың басталуы екен. Наурызды қарсы алудың бірінші нышаны - үлкендердің балаларға сұрау салуы:
Самалық, самалық,
Көк құс көзін ашты ма?
Аягын жерге басты ма?
Самалық, самалық,
Самарнанның көк тасы
Жібідіме, көрдің бе?
Самалық, самалық,
Қап тауының көк құсы
Жүгірдіме, көрдің бе?
Қазақтардың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. Егер кімде-кім Ұлыс күннің күн сәтінде күн шүұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген дәстүрлі ұғымға сай, Жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала төңірекке ақ бүркіп тарасады.
Жаңа жылдың бірінші күнінде күннің қалай атқаны, оның түр-түсі есепшілердің үнемі назарында болады. Жұлдызшылардың тәжірибесіне сүйенсек, күн бұл таңда төрт түрлі болып атуы мүмкін екен: 1) Күн егер жанған оттай қызарып, қан қызыл болып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады, соғыс, қантөгістер де болуы мүмкін; 2) Егер күн түсі сары қызыл тартып, ыстық леп бірден бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы қүрғақшылық болады. Таулы аймақтарда жиі-жиі тасқын болып, шалғынды далада жиі-жиі өрт шығады; 3) Күннің түсі күңгірт тартып, қораланып, солғын көрінсе, ол жылы жауын-шашын ерекше көп болады; 4) Күн сәулесі жан-жаққа шашырап, шапағын төге рауандап атса, ол жылы жанға жайлы молшылық болады.
Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ керсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала тоңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн-ана!» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер-ана, құт дарыт, жарылқа!» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.
Ақ түйенің қарны жарылған бұл күні халық ішіндегі жас ерекшелігіне қарай қалыптасқан дәстүрлі ілтипат, ізеттер біршама жұмсарады. Тіптен, келіні қайын атасымен, күйеу баласы қайын енесімен әзілдесуіне болады. Наурыз күні бұндай іс көзге сөлекет көрінбейді. «Ұлыс күні қариялармен көріссем, батасын алсам, болашақ ұрпағыма олардың күш-қуаты дариды» деген сенім бойынша, бұл күні жас келіндер көп жасаған, балалы-шағалы, шежіре қарттармен көбірек көрісуге тырысады. Жаңа жыл Наурызды мерекелеумен қатар, төрт түлік мал өсірген халқымыз, әсіресе қолы жеткенде, ата-бабаларына, аруақтарға міндетті түрде еркек мал сойып құдайы тамақ берген. Мысалы, Шақшақ Жәнібек кенже қызын бір досының баласына берген. Жәнібек өлгенде сол қызы келіп, әкесін жоқтаған мына өкпе-назынан осыны көруге болады:
Айналайын әке-кем!
Неге бердің кедейге?
Қанша ақылды десең де,
Кедейді кедей демей ме?
Байға берсең әке-кем,
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі суйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем?
Тамам сорлы тоймас па еді?
Ұлыс сайын басыңа
Жұп шырақ қоймас па ем...
Қызыр түні Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде «Жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылады.
Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, ер адамдар қос қолдасып төс соғыстырады, әйелдер болса құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру өмір тірегім - төсім, тіршілік көзім - екі қолым аман-сау болсын дегенді білдіреді.
Ұлыс күні кәрі-жас
Құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өрістен.
Шалдар бата беріскен:
Сақтай көр деп терістен,
Кел, таза Бақ кел десіп,
Ием, тілек бер десіп,
Көш, Қайрақан көш десіп,
Көз көрмеске өш десіп...
Қайрақан - қазақтың исламға дейінгі пантеонында жаманшылық иесі. Бұл туралы М.Әуезов былай дейді: «...Мұнда баяғы заманда, Ұлыстың ұлы күні қалың елдің жаңа тілек тілейтіні көрінеді. Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, керіскенде «Таза бақ кел» деп, «Кеш, Қайрақан көш» аластау - барлығы да сол заманның тілегі».
Ежелгі түркілердің мифологиялық көне түсінігі бойынша да жақсылық жаршысы - аспан шамшырағы, Күн бейнелі Ұмай ана. Сондықтан да қазақ елі жаңа түскен келінді табалдырықтан оң аяғымен аттата сала, «От-ана! Май-ана! Жарылқа! Жарылқа!» деп отқа май құйғызады. Осы ізгі ниетті ақ тілеудегі «От-ана» - қазақтардың мифологиялық кейіпкері Үт бикеш те, ал «Май-анамыз» - Ұмай ана.
Ата-бабаларымыздың ұғымынша, «Күн», «Ана», «Құт-береке», «Молшылық», «Мейірім» - барлығы да бір ұғымға саятындықтан, қыз бен жігіт тартысында Жаңа жылдың, қасиетті Күннің құрметіне қыз баланың жеңгенін мақұл көрген.
Қазақтардың Жаңа жылда алғаш шапақ атқан күнді қарсы алып, оған иіліп сәлем етуі немесе қымызмұрындық тойында алғашқы қымызды Күнге иіліп, тәжім етіп ішуі секілді көне дәстүрлері олардың ежелден-ақ Күнге табынған сақ жұртының жұрағаты екенін дәлелдей түседі. Осылайша, жоғарыда сөз болған Анахита, Ұмай, Ымай кие иелері наным-сенімдегі Күн бейнесінің әр түрлі тілдік варианттағы бір ғана есімі болса керек.
Аузы дуалы қариялар мен ел басқарған көсемдер Наурыз мейрамы үстінде ұрпақтары ұмытпай айта жүретін аталы, ұлағатты бір сөз артына қалдыратын дәстүр болған екен. Бір күн ойланып, ойлы сөз таппаған адамды көп алдында айыптап, тіптен ағынды өзенге лақтыратын да болған. Осындай сынға ұшырап, қанша ойланса да жүйелі сөз айта алмаған бір батыр суға лақтырылар тұста аузынан «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз шығып, жазадан аман қалыпты-мыс деген ел аузында әңгіме бар.
Наурыздың бір мәні - теңдік күні ұлылық пен кішілік жасалатын, бай мен жарлы жарасатұғын күн. Хан қарашаның халін ұғып, қараша ханның төріне шығатын күн.
Наурыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық - жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық - ер жігіттің ісі», «Тас атқанға - ас ат» секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір
дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін күшейткен.
Отбасын тентіретіп жібергендерді қайта қосып, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау қылған. «Сүйекке дақ, етке таңба болмасын» деп кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған.
XX ғасырдың басында қазақ ағартушы-ойшылдары жаңа ғасырдан жаңа үміт күтіп, отарлық езгіден, көшпенділік тұрмыстан қалжыраған халқының ұлыстың ұлы күніне балаша қуанып, өздерінің жүрек жарды өлеңдерін арнаған.
Ұлыстың ұлы күнінде
Бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек
Тулымшағы салбырап.
Бәйбіше шығар балпиып,
Күндіктері қайқиып.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылтиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап. (Шәкәрім)
Немесе:
Аспанда күннің нұры,
Мақпалдай жердің түрі.
Куаныш - мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі. (М. Дулатов)
Мейрамдар - ұлттық сананың бір көрінісі, керек десеңіз ұлттық идеямен сарындас, сол себепті де Алаш арыстарының Наурызды барынша насихаттап, елін езгіден алып шығып, ұлтының рухын көтермекші болды. Енді егеменді ел болғанда, Ұлыстың ұлы күнінің халық жадынан ұмтылған сырлары мен қырларьн қайта жаңғырту бүгінгі күннің талабы.
Қазақстанда Ұлыс күнін тойлау асыра сілтеушіліктің салдарынан 1926 жылдан кейін тоқтап қалды. Одан кейінгі жылдарда Наурыз мерекесінің бағы ашылды деп айта қою қиын. Ол бірде «діни мейрам», бірде «ескіліктің сарқыншағы» деген жалған жала мен қуғынға ұшырады. Халық жадында еміс-еміс, үзік-үзік болып сақталған Наурыз Қазақстанның кейбір өңірлерінде жасырын тойланып келсе, кейбір аймақтарында ұмытыла бастады. Бір халыққа тиесілі ұлттық мереке ғана емес, жалпы халықтың интернационалдық мейрамы - Наурыздың қайта тіріліп, жаңғырып, халқымен қауышуына бүгінгі демократия меи жариялылық салтанаты ғана мүмкіндік алып берді. Қоғамдық пікірге көңіл қойған үкімет орындарының тікелей басшылығымен 1988 жылғы көктемде Алматы қаласы меп астаналық облыстың кейбір аудандарында 62 жылдан соң өз мәнінде Наурыз тойы тойланды. Осыдан бастап ежелгі Күн мейрамы - Жыл басы тойып жалпы халық болып қарсы ала бастады.
Қазіргі таңда әлі де Наурыз бүкілхалықтық мейрам болмай келе жатыр, жеткілікті дәрежеде мерекеленбейді т.с.с. сөздерді жиі естуге болады. Мысалы: біз Жаңа жылға, 1-ші қаңтарға қалай дайындаламыз, қалай шашыламыз, қалай көңілденеміз, ал өстіп қаншама әбігерленіп өткізетін Жаңа жылымыздың бар болғаны - Христостың туған күнін тойлау.
Демек әр адам Наурызды өз отбасынан бастап, дайындалып атап өтсе Наурыз жылдан-жылға қанымызға да төнімізге де сіңе берер еді.
Наурыз мейрамынан көріністер
Достарыңызбен бөлісу: |