Егемен Қазақстан. – 2013. - № 165.-6 шілде
Назарбаев Н. Қазақстан Республикасының Президенті
Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы...
... Еліміздің инновациялық жүрегі
Өзімнің сөйлеген сөздерімнің бірінде мен жаңа елордамен байланысты алғашқы шешімдерімнің бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құру туралы Жарлығым болғанын ерекше атап өткенмін. Ол 1996 жылы әлі сол кездегі Ақмоланың елорда функцияларын қабылдауға орай ауқымды дайындықтар басталуымен бір мезгілде құрылған еді.
Мен үшін бұл қағидатты шешім болды. Мен жаңа Қазақстан елордасын, бірінші кезекте, еліміздің ірі ғылыми-білім беру орталығы ретінде көрдім.
Сондықтан менің ерекше қамқорлығымдағы мәселе Астананың жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарын дамыту және жаңаларын құру болды. Жұмыс істеп тұрған өңірлік жоо-лар нығайтылды және жаңғыртылды. Осылайша С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қазақ мемлекеттік медицина академиясы (бүгінде – Астана медицина университеті) пайда болды.
2001 жылы Ресей басшылығымен уағдаластық бойынша Астанада М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылды.
Мемлекеттің белсенді ықпалымен Астанада бірқатар мемлекеттік емес жоо-лар – Қазақ гуманитарлық-заң университеті, Қазақстан-Ресей университеті, Еуразия гуманитарлық институты және басқалары жұмыс істей бастады.
2010 жылы қазірдің өзінде инновациялы Қазақстан үшін кадрлар дайындауға бағыт ұстанған, Қазақстанның мүлдем жаңа ғылыми-білім беру жүйесінің жетекші флагманы болып табылатын Назарбаев Университеті ашылды. Ол мамандарды халықаралық үлгі-қалыптарға сәйкес дайындайтын, автономдық пен академиялық еркіндік қағидаттарына сай жұмыс істейтін тұңғыш қазақстандық университет болды. Назарбаев Университеті әлемдегі 30 үздік жоғары оқу орындары рейтингіне кіретін жетекші шетелдік ғылыми-білім беру орталықтарымен ынтымақтасып отыр.
Оның инженерлік, ғылым мен технология, медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектептерінде, Бизнестің жоғары мектебінде, Мемлекеттік саясаттың жоғары мектебінде, Білім берудің жоғары мектебінде бір жарым мыңға тарта студент білім алуда.
Қазір Назарбаев Университетінің арқауында Энергетикалық зерттеулер орталығын, Өмір туралы ғылымдар орталығын, Білім беру саясаты орталығын қамтыған ұлттық инновациялық-зияткерлік кластер жедел қалыптастырылуда.
Қазір Қазақстанның барлық ірі жоғары оқу орындарының жұмыстары Назарбаев Университеті үлгісі бойынша құрылып, соған ұқсастырыла жүргізілуде.
Бүгінгі күні 14 жоғары оқу орнындағы Астана «студенттік халқының» саны 50 мыңға тарта адамды құрап отыр. Мен тек елорданың ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Қазақстанның болашағын олардың әлеуетімен, білімімен, азаматтық ұстанымымен байланыстырамын.
Астана – Қазақстанның инновациялық жүрегі. Мен бұл жүректің Қазақстанды прогресс пен өркендеудің жаңа шыңдарына жетектей отырып, еліміздің дамуымен жарыса, жараса соғатынына сенемін...
Достарыңызбен бөлісу: |