Екінші кітап


Жұмысшы бейнесін сомдаған жазушы



бет15/16
Дата09.06.2016
өлшемі1.36 Mb.
#123881
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

25. Жұмысшы бейнесін сомдаған жазушы

(Ахат Жақсыбаев)
Кешегі сұрапыл соғыстың аз-ақ алдында, яғни 1940 жылдың ызғарлы қысында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Имантайдың отбасындағы шағын қараша үйде шыр етіп бір сәби дүниеге келді. Алғаш күнінен әке-шешесінің шексіз махаббатына бөленген нәрестеге Ахат деген есім берілді. Онысы ата-анасының балаларының Ахат атасындай атақты, аяқтыға жол бермейтін, ауыздыға сөз бермейтін шешен болсын деген ақ тілеулерінен туындаған болар.

Уақыт көші жылжи отырып, замана керуені ілгері басып, арада бірнеше жылдар өткенде соғыстан кейін іле-шала тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған жас бала, елуінші жылдардың соңында зіңгіттей жігіт болып өмір көшіне қосылды. Еңбек жолын Екібастұз қаласында шахтерліктен бастаған ол арада көп өтпей таудай талабы мен бармақтай бағының арқасында қазақтың қара шаңырағы, білім ордасы Қазақ Мемлекеттік Университетінің өзі қалаған журналистика факультетіне оқуға түседі.

Жоғарыда Ахат Жақсыбаев еңбек жолын Екібастұз қаласында шахтада жұмысшы болудан бастаған дедік. Мұның өзі жазушының кейін бүкіл творчестволық еңбегінің қайнар көзіне айналған. Соның арқасында, әсіресе, қазақ қаламгерлерінің ішінен екінің бірі бара бермейтін жұмысшы тақырыбына бірден ден қойған. Кеншілер өміріне терең үңіліп, адамдардың күнделікті тұрмыстағы, өндірістегі қарым-қатынасын шығармаға арқау етті. «Бозарал» повесі мен «Егес», «Бөгет» аталатын романдары осы жағынан бағаланып, қазақ әдебиетінің өндіріс тақырыбын шешудегі алтын қорына келіп қосылды.

Жазушы Ахат Имантайұлы қазақ баспасөзіне де елеулі үлес қосқан жазушы. Ол «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдебиет бөлімін меңгерген уақытында талай жас талапкерлердің тұсауын кесіп, ақыл кеңесін берген. 1972 жылдан бастап «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы болған. «Ақиқат» журналымен «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болған.

Жоғарыда айтқанымыздай Ахат Жақсыбаев мамандық алғаннан кейін бірден сол кездегі «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алаш» газетіне қызметке орналасады. Талантты жас осы кезден бастап арсыл-күрсіл қайнап жатқан мазасыз өмірдің ішіне бойлап кіріп, газет жұмысының егжей-тегжейімен жете танысып, өзі тандаған мамандықтың ыстық-суығына бірдей төзіп, мол тәжірибе жинақтайды.

Екіншіден, журналистік қызмет болашақ жазушының қайнаған тіршіліктің ұңғыл-шұңғылына тереңірек үңіліп, қарапайым адамдармен араласуына, Қазақстанның түкпір-түкпірінде бір адамның баласындай өмір сүріп жатқан көп ұлтты Қазақстан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен танысуына кең жол ашты.

Сөйтіп, кешегі журналист, бүгінгі жазушы Ахат Имантайұлы қазақ баспасөзіне де елеулі үлес қосқан қаламгер. Себебі, ол «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдебиет бөлімін меңгерген уақытында талай жас талапкердің тұсауын кесіп, ақыл-кеңесін берген.

Жазушының азаматтығы, оның шығармашылығының көтерілген шыңы туралы қазақ халқының белгілі сатирик жазушысы Үмбетай Уайдин ағамыз кезінде «Азамат жолы» деп аталатын өзінің бір мақаласында: «Шығармаларын басқа жұрттан бұрын қамтып, ерте қағып алатын менің де қаламдас достарым баршылық. Солардың бірі маған диплом жұмысынан романдарына дейін таныс Ахат Жақсыбаев»,- дей келе одан әрі жазушының «Егес», «Қорған» романдарына төмендегідей байыпты да байсалды талдаулар жасап, айшықты да орынды баға береді.

Ахат Жақсыбаевтың «Егес» романының 190-бетінде Зағираш есімді кейіпкердің аузынан айтылатын: «Шіркін-ай, біз осы кісі танымаймыз. Әсіресе, қызылға үйірміз» деген жолдар бар. Оның өзіндік себептері бар. Шығарманы танымау, түсінбеу жақсылық па? Шығарманы танымау- авторды танымау. Шығарманы түсінбеу – авторды түсінбеу. «Егес» романы стандартпен жазылмаған шығарма.

Ахат Жақсыбаев – түсінікті жазушы, танымал жазушы. Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ «талантты тану- қиын, танымау-қиянат».

Әдетте қаламгердің сөздерін айтып, өздерін қалтарыста қалдыратын жайларымыз көп. Біз осы қалыптап қашып, сөз орайында Ахаттың жеке басының көзге түсе бермейтін қасиеттерінен хабардар еткіміз келеді.

Ахат Жақсыбаев ешкімге ұқсамайтын қаламгер. Оның мінезі де, жазуы да басқалардан ерекше. Жазушының «Егес» романында қақ-соқпен жұмысы жоқ, жаратылыс табиғаты момын, жан-дүниесі мөлдір, мақсат-мүддесі биік Батырбек есімді кейіпкер бар. Батырбектің жолы ауыр. Жеңіс, табыс Батырбекке өте қиындықпен, маңдай термен келеді. Сол жеңіс, табыстың жолында жиі күрсінеді.

Биік мақсат, мақсат-мұра жолында Батырбек үй-ішімен ақылдаспай, қауырт көтеріліп, Қарағандыдан Қаратасқа тайып тұрады. Авторда биік мұраттың адамы, бірақ оның Батырбектен айырмасы - өмір бойы бала шағаның қасында. Адал жар, идеал әке, азамат жазушы. Батырбек – жас адам, романтиканың адамы. Оны жылы орын, жайлы төсегінен жұлып әкетіп жүрген де сол романтика. «Жастық желік» күлдіреді, күрсінеді, опық жегізеді. Жастықтың аты - әрине жастық. Жаңа жер, жаңа ортаға келгеннен кейін Батырбек жаңа адамдармен танысады. Әртүрлі дастархан басында болады. Зағираш, Әлималар да оның жаңа таныстары. Жан дүниесі мөлдір жас адамды кім жамандыққа қисын. Сол Зағираш, Әлималармен таныстығы барысында «нәпсі жеңіп, осы баланы құдай ұрып қалмаса неғылсын!», «опық жеп қалмаса болар еді-ау!» деп Батырбекті анау-мынау жамандыққа көңілің қимай қылпылдап отырасың. Автор оны «енді қайтер екен» деген жерлерін тап-таза, мөп-мөлдір қалпында алып шығады.

Шым-шытырық оқиға, шырғалаң тағдыр жасау үшін Батырбекке арақ ішкізіп, мас қылып, әр әйелдің соңынан сүмеңдетіп, ертіп қоямын десе жазушының қиялы жеткен болар еді. Осы тұста әйел баласына ғана емес, жатқа да, жақынға да адал қарапайым, кішіпейіл Жақсыбаев жаратылыс табиғаты тағы да көз алдыңнан көлбеңдейді.

Жазушының соңғы оқырман жүрегіне тапқан екінші бір шығармасы «Қорған» романы. Бұл еңбегінде қаламгер бұрқ-сарқ қайнаған өмір тынысын байсалды пайымдаумен қатар әрбір адамның мінез-құлқына кездесетін штрихтарды өзінің бес саусағындай ашып, көрсетіп береді. Мәселен, бұған мысал ретінде романның бас кейіпкері партком хатшысы Жандосовтың бейнесін алуға болады. Жазушы көбіне тұрмыс-тіршіліктің сұрғылт жақтарын нақты мысалдармен, өрнекті сөйлемдермен адамның ішкі жан-дүниесін саралап, жеткізе білген. Бұған көз жеткізу қиын емес. Енді нақты мысалға жүгінелік:

«Қарт ұлы мен қызына кезек барып, біраз уақыт бірге тұрып қайтқанын әңгімелейді. Көп ашылмады. Балалары бөтенсіп, жатырқансып қалыпты. Бәрі де жақсы, бірақ бәрі де сыпайы «кет» демейді, бірақ үздігіп те тұрған жоқ. Өз үйіндей еркінсіп кете алмай, қас-қабақты аңдумен, жүріс-тұрысты бағумен қарадай шаршапты. Өздері бір-бірімен үйірілгіш, бұл сол семьяда кірікпей шеттей қалады. Бұның берген тәрбиесі басқаша еді, қарап тұрса балаларының құлқы өзгеріпті. Дүниеге құнығу бар....» Міне, осылай ырғақты сөйлемдер арқылы қаламгер оқырманын баурай біледі. Ой қорытады. Мұның өзі жазушының шынайы шеберлігін танытады.

Бір сөзбен айтқанда Ахат Жақсыбаев әлем әдебиетінің мол нәрінен сусындап, өмірден көп тәжірибе жинақтап, терең біліммен қадам басқан жазушы. Ол көп оқиды, көп ізденеді, көп түйеді. Сондықтан да оның өмірден алғанынан алары көп, бергенінен берері көп дарынды қаламгер деп білеміз.


26. Алмас қылыш

(С.Әшімбаев)

Сонау жетпісінші жылдары «Лениншіл жасқа» келген жас Сағат Әшімбаев алғашқы мақалаларында-ақ қаламы қырланған білікті публицист ретінде көрінген. Оның мақалаларында айтылған әрбір ой-тұжырым тереңірек үңілуді, байсалды зерттеуді қажет етеді.

Сағат Әшімбаевтың алғашқы мақалалары жарық көрген «Лениншіл жастың» сарғайған парақтары болашақ сыншының, публицистің творчествалық қалыптасу баспалдақтарын толығырақ түсінуге мүмкіндік береді.

Сағаттың 1970 жылдың сәуірдің 3-інде «Лениншіл жас» газетінде «Найзатас» деген көлемді мақаласы жарық көріпті. Бұл мақаласында ол «Қазақфильм» студиясы шығарған көркемсуретті «Найзатас» фильмі туралы батыл пікір айтып, жаңа туындының кейбір кемшіліктеріне тоқталады.

Мақала былай басталады: «Қазақфильм» студиясы біраз фильмдер шығарып жатыр. Соның көбіне ортақ басты кемшілік біреу. Ол – сол алып отырған оқиғаны асқындыра алмауы, шұғыл шешімнің аздығы, таныс ширыға түсіп кету басымдылығы, қысқасы өткір граматизмнің жоқтығы. «Найзатас» фильмінің де басты кемшілігі осы. Бұдан біз Сағаттың батылдығын, іздемпаздығын, сынға үлкен құштарлықпен, аса дайындықпен ұшталғанын көріп отырмыз. Осы мақаланы әрі қарай оқи түссек сөзіміз дәлелді бола түседі.

«Екінші бір міні - әлеуметтік мәні бар өмір сырын бере алмауы. Фильмдегі оқиғалардың астарында философиялық түйсінді ойдың жоқтығын, бүгінгі замандастар тірлігі хәм әрекеті, өмір жайлы ой айта алмауы» - дейді.

Осы айтылған жан дүниеңді толғандырып жіберетін еріксіз мойындататын пікірлер Сағат Әшімбаевтың кредосына айналған.

Сағат терең де білікті ойлай алатын, қай пікірін болмасын дәлелдейтін публицист ретінде өзін көп көрсеткен. Ол сыни мақалалар жазғанда аса білімділік пен құштарлықты таныта алған публицист-сыншы. Сондай-ақ, оқырманның санасына, ойлау жүйесіне ізгілікті де парасатты, адамгершілік ойлар қалдыра білген.

Өнер туралы публицист-сыншымыз жүрекжарды толғамы еш уақытта да мәнін жоғалтпайтын, өнер қайраткерлеріне шамшырақ етіп ұстар ойлар айтады: «Өнер дүниесі, ең бірінші айтар жаңаша ой сілемімен құнды. Бұл жоқ жерде өнер қашанда тұл. Оқушысын, көрушісін басқа дүниені мүлдем ұмыттырып ойлантпаған, толғантпаған өнер шығармасының ғұмыры қарға адым – дейді. Бұдан біз Сағаттың ойы терең, ізденпаз екенін ұғынамыз.

Жалпы С.Әшімбаев үлкен сынға журналистиканың салмақты жанрлары арқылы келді деуге толық негіз бар. Солардың бірі драматургияға байланысты жазған рецензиясы. Ол «Еңлік-Кебек» деген атпен «Лениншіл жас» газетінде 1970 жылдың 16-шы сәуірінде жарық көрді. Бұл материал Мұхтар Әуезовтың «Еңлік –Кебек» пьесасын Қазақтың Академиялық драма театрының жас буын әртістері сахнаға шығарған соң жазылған екен.

Жалпы өнер туралы айту үшін оны жақсы білумен қатар жоғары талғам, терең ой қажет екендігі белгілі. Бұл тұрғыда сыншы талап деңгейінен көріне білген. Тіпті қойылымның қойыртпақ тұстарын жасқаншақтамай ашық айта білген.

Оған дәлел ретінде мына үзіндіні келтіре кетейік: «Омаровтың режиссурасында біраз олқы тұстар жоқ емес. Режиссер фантазиясының тапқырлығы бар, бірақ әлі де бұл күйінде жетімсіздеу көрінеді. Осыдан Сағат Әшімбаевтың драма сахнасына қоюшы режиссердың қабілетін сынай түскені байқалады.

«Еңлік-Кебек» рецензиясында Сағат Әшімбаевтың мына бір толғамы жас драматургтерге көрсеткен бағыт-бағдары секілді: «Қазақ әдебиетінде реалистік әйелдер образын жасауда Әуезовпен теңдесетін ешкім жоғы аян». Бұдан біз Сағаттың Әуезовті терең білетіндігін, Әуезовті әрқашан өнеге тұтуға шақырғандығын байқаймыз.

Жас қаламгер Ғабит Мүсіреповтің творчествасына бас иетін, оны пір тұтатын жандардың бірі еді. Мәселен, «Лениншіл жас» газетінде 1970 жылдың 28-ші сәуірінде «Қазақ мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалар» айдарымен «Кемел таланттың кең тынысы» атты көлемді мақаласы жарияланды. Мұнда Сағат Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» атты кітабына пікір жазып, жазушы лабороториясына үңіледі.

Сағат Әшімбаев публицистикалық мұраларында ұлы ойшылдардың қазақ халқының даналық мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін кірістіріп, шеберлікпен, жоғары деңгейде көрсете білген. Мысалы, 1971 жылдың 27-ші қаңтарында «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген «Атаманның ақыры» атты кинорецензиясында «Мешкей деген ат жаман», «Жібекті түте білмеген жүн етеді» деген мақал-мәтелдерді келтіреді. Келтіргенде орынды қолдана білген. Сондай-ақ, «Еңлік-Кебек» ренцензиясында «Көш жүре түзіледі» деген мақалды режиссердің қоюшылық кабілетіне байланысты орынды қолдана алған.

Сонымен кімде-кім қандай талаппен, қандай да болмасын сын көзбен оқыса да көңілі толатын, сүйсінетін, өнеге, үлгі болатын Сағат Әшімбаевтың алғашқы баспасөз бетінде шыққан публицистік мұралары міне, осы.

Сағат Әшімбаев аз ғана ғұмырының көп бөлігін әдеби сынға арнаған. Сыншы Әшімбаевтың тырнақалды туындыларының өзінен-ақ жұртшылық оның әдебиетке үлкен құштарлықпен, сүйіспеншілікпен келгенін мойындаған еді. Осы тұрғыдан алғанда оның «Сын мұраты» кітабындағы «Биік мұрат тұрғысынан», «Әдебиет және мораль» , «Роман арқауы - әлеуметтік шындық» , «Қорланғандар мен қор болғандардың жыршысы», «Асыл ағамен дидарласқанда» , «Шаңқай түс шуағы», «Қилы кезеңдер хикаясы», «Суреткер соқпағы», «Жаралы жылдар елесі», «Торыны таң асырып мінген сері» сиқты түрлі тақырыппен жазылған әр мақаласының өзі әдебиетті тазалық пен талдаудағы біліктілік және тілдегі шеберліктің символы деп айтуға тұрарлық дүниелер.

Өйткені, оқырман сыншының тақырып таңдауының өзінен-ақ жылылық шуағын сезеді. Мәселен, «Сын мұратында» белгілі жазушылар Ә.Нүрпейісовтің, М.Мағауиннің, С.Жүнісовтің, С.Бақбергеновтің, т.б. қаламгерлердің шығармаларындағы жетістіктер, сондай-ақ ондағы елеулі кемшілктер де әділ талданады.

Сыншымыз талдауға диалектикалық материализм принципі тұрғысынан келуі, оның пікірлерінің неғұрлым обьективтік және шынайы шығуына мүмкіндік беріп отырғаны. Соған байланысты сыншы туындыларында орынсыз беттен алу, кекету-мұқату, немесе арқадан қағып, көңіл көтере салу дағдылары кездеспейді. Бұл қасиеттер сыншының әдеби этикасынан да хабар береді.

Мысалы, ол жазушы Д.Досжановтың «Зауал» романын талдай отырып, «Романда мінезімен, кескін-келбетімен, жүріс-тұрысымен, айқындалып әрі жинақталып көрінген Доскей, Мақұлбек сиқты сәтті шыққан халықтық характерлер бар. Осынау аз да болса көргені көп, түйгені мол, қайратты қарттар образдарында едәуір әлеуметтік салмақ жатыр. Автор бүгінгі өмірдің көптеген көріністерін солардың көзімен бағалап, бірқыдыру өз ойларын да сол образдар толғанысымен ортаға салып отырады» - деген ойға келеді.

С.Әшімбаевтың сын зерттеулерінде туған әдебиетіміздің көкейкесті мәселелері ұлттық әдебиеттің үлгісінде ғана емес, орыс тіпті дүниежүзілік әдебиет маржандарына телініп, қарастырылады. Сыншы салыстыру әдісін жетістікті сипаттау үшін емес, кемшілік сырын ашу үшін де ұтымды қолданып отырады. Мәселен, «Философиялық роман дегеннен шығады. Әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған Ф.М.Достоевскийдің «Зауал мен Залал», У.Фолкнердің «Даңғазалық пен долылық», Т.Манның «Доктор Фауст», А.Франстың «Пингвиндер арасында», Я.Казаботанның «Мың қанатты тырналар», М.Горькийдің «Клим Самгиннің өмірі», Л.Леоновтың «Орыс орманы» т.б. көрнекті жазушылардың, бір сөзбен айтқанда, Адам мен Қоғам деген күрделі де аса маңызды философиялық проблемаларға арналған романдары сияқты парасатты дүниелердің бәрі болмағанымен, бірінің қазақ әдебиетінің тарихында туатын мезгілі жеткен сияқты.... Қашанғы теңдесі жоқ «Абай жолын» бетке (жақсы мағынада) ұстай береміз» - дейді сыншы.

Ал өзінің «Биік мұрат тұрғысынан» мақаласында психологиялық таңдауға қоғамдық құбылыстың шырқау шыңы адамды, оның жанындағы сезімінің жықпылдары мен қат-қабат қалтарыстары, шуағы мен ызғарын, ондағы қарама-қайшылықтарды дәл де нақтылы жағдайда зерттеудің тамаша тәсілі деп қорытынды жасаған сыншы Достаевский шығармаларындағы суреткерлікке адам жанының психологиялық толқулары ньюанстарын нақты суреттелетіндігіне көбірек жүгінеді. Достаевский суреткерлігіне арналған терең пайымдаулар «Сын мұраты» жинағында және Сағат Әшімбаевтың өмірінен кейін шыққан «Шындыққа сүйіспеншілік» жинағына енген «Әдебиет және мораль» мақаласында жалғасын тапқан. Ал, «Сын мұраты» жинағындағы «Қорланғандар мен қор болғандар жыршысы» мақаласы тұтастай Достаевский творчествосын талдауға арналған.

С.Әшімбаевтың осы «Сын мұраты» жинағындағы творчестволық портрет жанрында жазылған «Асыл ағамен дидарласқанда» мақаласы Ғабит Мүсіреповке арналған. Мақалада сыншы ақсақал қаламгерлеріміз үлкен суреткеріміз жайындағы ойларын үлкен қоғамдық жайлармен астастырып, Ғ.Мүсіреповтің жанын ауыртып, толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерінің бетін Мүсіреповтің көзімен ашады.

Мазмұны жағынан да, формасы жағынан да сұлу жазылған осы мақаланы оқыған адам терең ойға батары сөзсіз. Еңбекте Ғ.Мүсірепов шығармаларының мазмұн тереңдігі, көркемдік сипаттары, тіл шеберлігі секілді мәселелер қазбаланбай, жазушының творчестволық лабороториясына, оның жеке өміріне байланысты мағлұматтарға, адамгершілік істеріне баса назар аударылуы – қаламгердің азаматтық тұлғасын биіктете түскен.

Жалпы Ғ.Мүсірепов тақырыбы С.Әшімбаевтың білетін, әрі сүйікті тақырыбы деуіміз керек. Кейін сыншының суреткер туралы толғаныстары «Тарлан талант тағлымы», «Ағыны терең ақ дария», «Ғ.Мүсірепов туралы триптих» атты мақалаларында одан әрі асқан творчестволықпен дамытылып отырылды.

Парасатқа құштар сыншының бұл тақырыпқа жиі айналып соғуы тегіннен-тегін емес. Өйткені, «Сегіз қырлы, бір сырлы» суреткер Ғ.Мүсірепов болмысы, ағыны терең дария іспеттес. Оның тұңғиығына бойлау қиын. Сол тереңдікті игеруге ұмтылған сыншының моралдық та, рухани мүмкіндігі мол.

«Роман арқауы - әлеуметтік шындық» мақаласында қазақ романтикасының алпысыншы-жетпісінші жылдар аралығындағы бірқатар туындыларға талдау жасалады. Онда қазақ романистері – С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», Қ.Жұмаділовтің «Көкейкесті», Д.Досжановтың «Зауал», Ж.Молдағалиевтың «Торғау толғау» мен «Сарыарқаның сүйіктісі» т.б. романдардың құрылымындағы, тіліндегі т.б. көркемдік критерийлері мен жетістіктерінің сыры сәтті ашылады. Сонымен қатар аталған романдарға тән негізінен ортақ кемшіліктер көрсетіледі.

Роман жүгі – ауыр жүк. Осы күрделі де жауапты жанрға жан-жақты әдеби дайындықсыз баруды сыншы еш уақытта құптамайтындығын орынды ескертеді. Ол жазушының роман жазуда өмір туралы жаңаша философиялық концепция ұсынуын, жаңа сипатты, соны да сом образ характерлер әкелу қажеттігін айтады.

Осы мақалада сыншы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романын жаңа заманның шаңырағын көтеру жолындағы күрескер ағалар мен ардақты азаматтардың сіңірген еңбегін сүюге, қастерлеуге, кемшіліктерінен қорытынды шығарып, сабақ алуына сәйкес оны «Ботакөз», «Қан мен тер», «Дауылдан кейін», «Ақ Жайық» сияқты тарихи романдардың қатарына қояды.

Сондай-ақ, «Талантқа тағзым» жинағындағы «Жүгі ауыр жүрдек керуен» атты сұхбатта да қазақ прозасының өсу межесі, интелектуалдық биігі, стильдік жаңа асулары жайлы өз пікірлерін сыншы Европа, Латын Америкасы, Азия (Жапония) әдебиетінің мысалдарымен байланыстыра жеткізеді. Ал «Парасатқа құштарлық» жинағындағы ойлы мақалалардың бірі – «Бардың бағалануы тұрғысынан» сыншы бүгінгі қазақ әдебиетімен объективті тұрғыдан салыстыра келіп, «Э.Межелейтис пен Ғ.Мүсірепов, И.Абижюс пен Ә.Нүрпейісов, Ю.Марцинкявичюс пен О.Сүлейменовтер творчествосын шартты түрде алып қарасақ, деңгейлес екендігі баршамызға мәлім десек, бұл ешқандай да асыра бағалаушылық емес (96 бет) деген пікір айтады.

Мұндай парасатты пайымдаулар «Баянды бағыт басы», «Биік талап белесінен», «Бүтіннің сыры бөлшектен», т.б. мақалаларда мол ұшырасып отырады.

Сағат Әшімбаев өмірінің соңғы жылдарында Қазақстанның телерадио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, ал кейінірек оның төрағасы болды. Ол осы қызметте жүріп қоғам үшін маңызды, халықтың мұң-мұқтажын білдірген хабарлар дайындады. Соның бірі «Парыз бен қарыз» хабары.

Сонау сексенінші жылдардың басындағы «Жүректен қозғайық» хабары кемелдене келе «Парыз бен қарыз» хабарына ұласты.

Өкіне тұра көңілді жұбатып, қуанышқа бұратын, жалынды жанды жастай солдырса да теледидарға риза кейіпте қарайтын мезеті де сол сәті еді. Сағат Әшімбаев «адамның азаматтық қасиеті өз қара басына емес, басқаға жасаған қайырымдылығымен өлшенетін сияқты» деген концепцияның адамы. Қара басына емес, халқына қайырымдылықты ол қайткенде молырақ жасай алған. Миллондаған көрермені бар көгілдір экраннан ашына сөйлеп, ашыла сырласқан. Сағат Әшімбаевтың мүмкіндігі көгілдір экраннан мүмкіндігімен осылай сәйкесті, осылай қабысты.

Сағат «Парыз бен қарызды» көгілдір экранға шығарды. Ол хабар сәтті шықты. Әрбір халықтың мүддемен қабысқан сәтті іс иесін киесіндей көтереді. Елдің кеткен есесін айтқан, халықтың көкейіндегісін көре білген. «Парыз бен қарыз» хабары Сағат Әшімбаевты халықшыл ағартушы, қайраткер биігіне көтереді.

Алғашқы рет «Парыз бен қарыз» қазақ зиялыларының санасын құйындай ұйытқып, оттай шарпып өтті. Бұл хабар топтама екі жылдың ішінде он төрт рет ұйымдастырып, эфирге шықты.

«Парыз бен қарыз» телехабарының алғашқы қойған мақсаты қандай болғаны туралы Сағат Әшімбаев «Арай» журналына берген сұхбатында былай деген еді: «Қазір сүбелі тақырыптарды риясыз қозғап отырған «Парыз бен қарыздың» әдепкі аты «Қайта құру және интелегенция» болатын да, мақсаты – қайта құруға қазақ интелегенциясын кеңінен қатыстыру, ғылым, мәдениет, әдебиет пен өнер саласындағы жіберіп қойған қапы тұстарымызды ойласу, қоғамдық пікірлесуге жол ашу еді. Қазақ интелегенциясы Отан, халық, қоғам алдында шексіз қарыздар болып келеді. Енді оның алдында соның парызын өтеу тұрғандай екен. Оның үстіне мың сан көрермендерге ой салып, ой-сананы ояту парызын қосыңыз. Қанша тарихи, саяси, азаматтық қарызын өтелмей келгенін, халық, қоғам үшін ми ауыртып, ой қозғау парызының қордаланып қалғанын бажайлаңыз».

Қазақ халқының өткені, бүгін не істеу керектігі, болашағы, оның ХХІ ғасыр босағасын тиісті дәрежедегі өркен-ниетпен аттады. Міне «Парыз бен қарыздың» басты мақсаты осы ойлар төңірегінде әңгіме қозғау еді. Оның үстіне бұл мәселелердің бәрі терең, жан-жақты қаралды.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алу жөніндегі мәселесі Қазақстанның егемендігі және демографиялық жайлар туралы да ең бірінші сөз қозғаған осы «Парыз бен қарыз». Жалпы хабарларда қыруар ой-пікір айтылды, ащы шындықтың беті ашылды. Ал қозғаған тақырыптары өте көп болды. Сталиндік дәуірдің мың сан зардаптары, халық тарихындағы «ақтаңдақтар» мен «қара дақтар» бұрмалау мен әділетсіздіктер, репрессияға ұшырағандарды ақтау мен денсаулық сақтау мәселелері, ұлтаралық қатынастар мен тіл мәселесі, республиканың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани саладағы көптеген проблемалары батыл айтылып, талқыланды. Негізінен тұтастай алғанда «Қарыз бен парыз», «Демократия және бюрократия», «Жариялылық жайлы ойлар», «Қайта құру және интелегенция», «Ұлттық сана мен рухани бірлік», «Ұлт тілінің тағдыры».

«Парыз бен қарыз» хабарына өз халқы туралы ойлай алатын әрбір қазақ жиналған еді. Бұл хабарға С.Зиманов, С.Сартаев, Ж.Әбділдин, Қ.Нәдіров, М.Қозыбаев, Д.Кішібеков, А.Әбділдин сияқты академиктер мен корроспендент-мүшелер С.Әженов, Т.Мұстафин, Қ.Жарықбаев, Шүлембаев сияқты профессорлар және ақын-жазушылар, философтар, психолог, заңгерлер үнемі қатысып отырды. Әрине, хабарға бұлардан басқа қоғамның әр саласындағы беделді өкілдері де көптеп тартылды. Олардың арасында жұмысшылар, дін басылары, тіпті экстрасенстер де болды. Бәрінің басын жинағандағы мақсаты қалайда жаңа пайдалы идея айтып, онымен миллиондаған жұртшылықты таныстыру еді. Осы орайда С.Әшімбаевтың діттеген мақсаты толық орындалды деуге болады.

Сондай-ақ, «Парыз бен қарыз» хабардың, тіпті қарама-қайшы пікірдегі адамдардың қатысуы арқылы жүргізілуі де, осы көрерменді құрметтеудің нышаны, ең бастысы - шындықты жарыққа шығарудың амалы еді. Мәселен, 50-ші жылдардың аяғы мен 60-шы жылдардың басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған, кезінде халықтарды қолдан біріктіруге атсалысып, көптеген қазақ мектебі мен балабақшаларын жабуға, ұлттық домбырамыз бен эпостарымызды жоққа шығаруға тікелей атсалысқан Н.Жанділдин мен сол кезде «Қазақ әдебиетінде» қызмет етіп, оған қарсы шығып, қуғынға түскен Р.Бердібаевтың арасындағы диалог та эфирге тікелей шықты. Демократтық әділ бағыт ұстап отырған жүргізушінің арқасында өткен айтыс-тартыс отанға, елге, жерге бағытталған ыстық сезіммен тамаша жаңа идеялар туғызды.

«Парыз бен қарыз» сипаты жағынан ағартушылық хабар болды. Көтерген мәселесі жөнінен сынға құрылған проблемалық хабар. Материалды, деректі жинақтап беру жөнінен талдау мәнеріндегі философиялық толғаныс еді. Бұл кемшілікті ұжымдық формада көрген бюрократизмге көп болып қолдасып жасалған алғашқы шабуыл болатын. Яғни, халық трагедиясының ұжымдық формада айтылуы еді. Құлбек Ергобеков Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» хабары жайлы былай деген еді: «Парыз бен қарыз» - Сағаттай азаматтың халық қасіретіне жанын жамау еткен, халық қасиетіне жанын жалау еткен ерекше тындырымды бір ісі».

Софокл айтады: «Адамзатқа қызмет етпеген ақыл қастерсіз» - деп. Бізде өзінің қара басына, қалса ағайын-туғанына қызмет етумен шектелетін ақылды бастар баршылық болатын. Саясаттың темір құрсауынан қорқып қалтарыс тасада жүрген сондай түрлі саланың ақылды бастарына Сағат Әшімбаев «Парыз бен қарыз» телехабары арқылы мінбе ұсынды, ақылды адамзатқа қызмет еткізіп, қасиет дарытты.

Ағартушылық ойдағы «Парыз бен қарыз» хабары Әшімбаевтай азаматтың осындай игі мақсатының жемісі. Ал, Сағат Әшімбаевтай азаматты мұндай халықшыл ойға жетелеген Ұлы Абай десек қателеспейміз. Өйткені, Абайдың асыл ойларымен сыншы райында табысқан ол өзінің халықшыл болмысын Абай жырларымен етене туыстырып, бауырластырып көгілдір экраннан көсіле сөйлеген. Күндестік сезім адамгершілік сезімінің азғындаған түрі. Ол сезім ой-санасы дамыған кішкене адамдармен ұлттық парасаты жетілмеген рухы төмен ұлттардың басындағы балаңдық аурудың нәтижесі, - деп толстойша, «Ақылды адамды ақылсыз жаннан ажырата алмаған жерде мемлекет күйрейді», - деп Диогенше сөйлеп отыратын еді аяулы азамат Сағат Әшімбаев көгілдір экраннан.

«Парыз бен қарыз» хабары қазақ теледидарының 30 жылдық тарихындағы бұрын соңды болмаған құбылыс еді. Осы мекеменің қызметкері Құныпия Мусин бұл хабар туралы былай дейді: «Парыз бен қарыз» біздің телешежіремізде айырықша орын алатын. Бұл хабар туралы айтылған аса керемет пікір дейміз.

Ал Сағат Әшімбаевтың телепублицистикасын көп зерттеген Болат Қазиев бұл хабар жайлы мынадай пікір айтады: «Желтоқсан оқиғасы жайлы шындықтың бетін ашқан «Парыз бен қарыз» топтамасы шын мәнінде қазақ ұлттық демократиялық журналистикасының бір белесті ісі еді».




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет