Елбасы – ел тірегі, тіл тірегі
А.Б.Салқынбай – филология ғылымдарының
докторы, ҚазҰУ-дың профессоры
Қазақстанда кеңестік кезеңнен кейінгі уақытта болып жатқан күрделі өзгерістердің сандық та, сапалық та маңызы ерекше, сипаты бөлек. Дос қуанып, дұшпан тамсанып айтатын бұл ұлы өзгерістердің тәуелсіздік туы астында, Елбасының шебер бастауымен болып жатқанын айту қажет. Елбасының парасатты басшылығының, шебер саясатының нәтижесін әр тараптан аңғарып байқауға болар еді.
“Бұрындары жүзжылдықтар мен онжылдықтарға созылатын іс – бүгіндері қас қағымда атқарылады” – деп жазады Елбасымыз өзінің “Сындарлы он жыл” атты зерттеу еңбегінде [1]. Бұрынғы “қара қазан, сары бала” қамы үшін атқа қонған ел азаматтары бір рулы елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаса, бүгінгі елтұлғасы ер-тұлға соңында қалың қазақ жұрты бар, қолында қазақстандықтар мұңы мен мемлекет мүддесі бар. Уақыт талабы тым қатал, “өмірімізге енетін жаһанданудың жағымды-жағымсыз болуы тек бізге ғана, жарасым мен жақсылыққа ұмтылған біздің сезуіміз бен түйсігімізге ғана байланысты емес қой” [1]. Бір қоғамда өмір сүріп отырғандықтан, көршіңмен де санасу керек, өзіңнің мүддеңді де қорғап, барынша есеңді жібермей, тиістіңді алуың қажет. “Аңғарып болмас факторлар өзгелермен санасуды қажет етеді” [1].
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап осындай күрмеуі қиын істің бірі – тіл мәселесі еді. Орыс тілділер санының молдығы, өзге Республикалармен салыстырғанда, Қазақстанда жүргізілген орыс тілі саясатының іргелілігі, ұлттық ділдің бәсеңдігі т.б. жағдайлар қазақ тілінің бірден бел алып кетуіне, мемлекеттік деңгейдегі өзінің статусына сәйкес қызмет атқаруына жол бере қоймады.
Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шебер де алғыр, білікті де парасатты жүргізген тіл саясатының арқасында көптеген мәселелердің айқай–шусыз, ың-шыңсыз жүріп жатқанына риза боласыз, елбасының тапқырлығына риясыз сенесіз.
Мемлекеттік деңгейде тіл саясатының шешілуі өте өзекті, әрі тым маңызды мәселе. Бұл – қазақ халқының рухани болмысының негізін сақтап дамыту, ұлттық идеологиялық саясаттың шешілуі деген сөз. Елбасымыз айтқандай, қазақ халқы бұрындары жүз жылдар бойы, тіпті мың жылдар бойы аңсап келген тәуелсіздігінің арқасында тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде өзінің ана тілінің статусын конституция арқылы белгілеп, бірінші рет қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге те болды.
Тарихта қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде ресми танылып, ұлтаралық қарым-қатынас құралы болып қызмет еткен сәті қазір түскенін түйсіну парыз. Арғы-бергі тарихқа жүйрік азамат Мөде ханның тұсынан кейінгі заманаларда алаш жұртында мұндай сәтті қадамның бірлі-жарым жасалғанымен, сәтсіз шығып, аса ғұмырлы бола қоймағанын, ана тіліміз араб тілі, шағатай тілі, орыс тілі т.б. тілдердің жетегінде қалғанын білсе керек. Алаш арасынан шыққан сан арыс түрік тілінің (қазақ тілінің) тазалығы үшін, игілікті қызметі үшін арпалысқан. Кешегі ХІ ғасырда араб тілі мемлекеттік деңгейде ресми тіл болған тұста Иүсіп Баласағуни түрік тілінің (қазақ) өзге парсы, араб тілдерінен кем еместігін таныту мақсатында өз тілінде “Құтты білікті” жазған еді. Кітаптың кіріспе бөлімінде “Машын оқымыстылары мен данышпандарының бәрі “Шығыс уәләяттарында, Түркістан елдерінде Бұғрахан тілінде (Қарахан әулеттері билеген түркі таайпалары деген мағынада. А.Б.С.) ешкім де еш уақытта бұл кітаптан жақсырақ жазған емес!” деген шешімге келген–ді” – деп жазылған. Демек, бұл уақыттарда түрік тілінде (көне қазақ тілінде) шығарма жазудың өзі үлкен абырой еді. Тілдің болашағын, сөз тазалығын сақтаудың негізгі құралы осындай кітап жазу деп танылған-ды.
Кешегі орыс заманында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі түгілі қазақ тілінде баспа да болмай, кітаптарымызды Қазан мен Уфада, Омбыда шығарғанымызды, бірлі-жарым болмаса, баспасөздің де шықпағанын, мектептерімізде қазақ баласы арабша хат танығанын, қолы жеткені ғана орысша оқуға барғанын қалай ұмытармыз.
Ахмет Байтұрсынұлы орыс тілінің ықпалынан шығару мақсатында терминдерін қазақша жасап, баланы қазақша оқыту қажеттігін алға тартқаны, Сәкен Сейфуллин Кеңес заманының өзінде билікті пайдаланып, бірер жыл болса да мемлекеттік тіл мәртебесіне қол жеткізгені, бірақ осы бастамалардың сәтті болып, елге қызмет етуге жарап, уақыт тезінен өтуге келгенде желі оңынан тумай, замана ағымы көтермегендіктен, халыққа қызмет етуге келгенде өміршең бола алмағаны да жадымызда.
“Батпандай кірген аурудың мысқылдап шығатыны” сияқты елімізде тіл саясатының жолға қойылып, ісіміздің оңға басқаны, қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп әлемге жар салып, оның орындалуын өзгелерден заңды түрде талап ету қолымыздан келіп, рухымыздың көтерілуі ең алдымен тәуелсіздікке, содан соң, Елбасымыздың шыдамды да, шырайлы, шебер саясатының арқасы екенін айту парыз.
Бәз біреулердің “дәл қазір неге барлығы таза қазақша сөйлеп кете қоймайды” деген шыдамсыз айқайын түсінсек те, мақұлдай алмаймыз. Елбасымыздың ескертіп отырғанындай, біз жалғыз емеспіз, “аңғарып болмас факторлар өзгелермен санасуды қажет етеді”.
“Бүгінгі адам, әрине, біздің ата-бабаларымызға қарағанда анағұрлым білімді, алайда сонымен бірге анағұрлым салғырт, әсершіл және штамптар мен ұрандар аясында ойлауға бейім” – деп жазады Н.Назарбаев [1.72]. Ұран емес, ұлағатты іс керек екенін айтады, түсіндіреді, ақылмен мойындатады. Толғана айтылған Елбасы-көрегеннің толғамды ойларының астары терең.
Қазақстандағы тіл саясаты мен оның шешілуі туралы мынадай негізгі мәселелерді атап өткен жөн:
Біріншіден, қазіргі таңда көп диаспоралы Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің заңды бекуінің тарихи маңызы зор. Бұл – Елбасының тіл саясатын жүргізудегі ең басты шешкен тарихи мәселесі, яғни қазақ тілі конституциялық өзінің заңды тұғырына тарихта бірінші рет қондырылып, мемлекеттің өзге де ресми рәміздерімен бірдей санатқа еніп, бірдей қорғалады.
Елбасымыз ұлттық тұлға ретінде ұлт тілінің дамуына, сөйлеу тілінің тазалығына терең мән беріп, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі бар қарым-қатынас құралы болуына ерекше жағдай туғызды. “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде”, “Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы”, “Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек” деген ұлағатында қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздейді.
Екінші, мемлекеттік деңгейде іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі тарихта тұңғыш рет қолға алынып, бірте-бірте жүзеге асырылып келеді. Бұл тіл саясатының толық жүруі мен мемлекеттік тілдің орнығуының басты кепілі. Татулық пен тұрақтылықты, ұлтаралық, дінаралық келісімді ту еткен, толеранттылық жалауын желбіреткен Қазақ елі үшін бұл тұрғыда атқарылар істің мол екені басқа әңгіме. Бастысы ғасырлар бойы мызғымай жатқан сең сөгілді, түзу тіл саясаты орнықты.
Министрліктерде, облыстар мен қалаларда іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру мәселесі кең етек алды.
Үшінші, мектепте, жоғары оқу орындарында қазақ тілі арнайы пән ретінде оқытылуы, мемлекеттік тестке енуі;
Тілдің дамуы немесе тұйықталуы мемлекетте жүргізілетін тілдік саясатпен тікелей байланысты. Жазу-сызу аса дами қоймаған, негізгі ақпараттық кеңістік жазба тілде емес, ауызекі сөйлеу тілінде болып, халық әдеби тілінің қаймағы бұзыла қоймаған уақытта бұл соншалықты күрделі мәселе болмады. Хабарлар ұзынқұлақ арқылы жетіп, бала ана әлдиімен оянып, әже айтқан батырлар жырымен тәрбиеленген уақыт алыста қалғалы қашан.
Қазіргі жағдай мүлде басқаша. Бесік жырынан бастап, қоғамдағы барлық ақпараттық кеңістік, эфир мен жазудың қолында. Эфир мен жазу арқылы сөйлеу тілінің орфоэпиясы мен орфографиясы анықталады, терминдік атаулар қалыптасады, бала-бақша мен мектептен бастап оқыту жүйесінде мемлекеттік саясат анықтайтын жүйе ұрпақ бойына өз мүддесін сіңіре алады. Мұндай жағдайда сөйлеу тілін де, жалпы тілдің өзін де саясатпен басқару әлдеқайда жеңіл, сондықтан қазіргі ұлт тілінің дамуын белгілеу, оны жоспарлау, тіл болашағын өркендету ету үшін тіл саясатының маңызы тым үлкен.
Қазақ тілінің әлеуметтік жағдайынан, қолданыс аясынан бастап, тілдің ғылыми сипатына дейін, яғни әліпби, сөйлеу, жазу, терминология, топонимика, лексикография, орфография және т.б. мәселелерді қамтыған Елбасының тұжырымды ойлары тіл саясатының негізіне алынуы тиіс. Мұндай тілдік саясатты жүзеге асырудың жолдары ретінде Елбасымыз мемлекеттік тілді бала-бақшада, мектепте оқыту, орыс мектептерінде қазақ тілі пәнін сабағының саны 5-6 сағатқа жеткізу, тестілеуде қазақ тілі пәнінен міндетті түрде сынақ тапсыру сияқты нақты шараларды белгілеп берді.
Қазіргі кезде мектептерде қазақ тілін оқытудың жүйесі жасалған десек те, өзге тілді кластарда қазақ тілін оқытудың жетілдіретін тұстары мол екені, әсіресе мемлекеттік стандарт пен бағдарламалар жасау, оқу-әдістемелік құралдар жазу мәселесінде кещек күтттірмей іске асыратын тұстар баршылық. Қалыптасқан қасаң қағидалардан алыстап, қазақ тілінің прагматикалық қолданыс аясының басты назарда болу қажеттілігі де күн тәртібіне қойылуы шарт.
Қазақ тілі ана тілі ретінде оқылатын кластарда, ЖОО-дағы филология факультеттерінде қазақ тілін мамандану пәні ретінде үйретуде қайта қарайтын, оң шешуін күтіп тұрған мәселелер жетерлік. Айталық, ЖОО-да әлі күнге дейін 60-70-жылдары шыққан кеңестік кезеңдегі тілді формалық әдіспен (мазмұннан формаға принципімен, яки материалистік негізде жазылған)» оқыту деңгейінде жазылған оқулықтармен оқытылатыны шындық. Базалық деңгейдегі пәндердің дені тілдің қазіргі дамуына, қолданыс аясының кеңуін, прагматикалық сипатын оқытуға мүмкіндік бере бермейді. Мемлекеттік стандартты қайта қарайтын, жаңартатын кез әлдеқашан жеткенін байқау қиын емес.
“Қазақ пен қазақ қазақша сөйлесіңдер, балаларыңның тілін қазақ тілімен ашыңдар” дейді Н.Ә.Назарбаев. Қарапайым тілмен ұлттық санаға әсер етудің сара жолы осындай-ақ болар, сірә. Елбасының осындай сөздері бізді білім сапасын дұрыстауға, дұрыс оқытуға, ана тілін жақсылап үйретуге шақырады. Баланың тілін қазақ тілінде ашу отбасынан, қалса мектептен басталатынын ұмытпай, елтұлға айтқанын орындау парыз.
Төртіншіден, Елбасы ұстанған тіл саясатының ерекше көрінетін тұсы ақпарат құралдары тілінің 50 пайыздық үлгісін ұсынуы. Біздің пайымдауымызша, дұл ісиің басы ғана.
Елбасы Н.Назарбаевтың “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген тақырыппен сұхбаты Қазақстандағы тіл саясатының бүгіні мен болашағын айқындай берді. Ең негізгісі мемлекеттік тілдің дамуының негізгі заңнамалық бағдары ретінде мынадай жағдайлар көрсетілген: “біріншіден, Тілдер туралы Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу; екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілі 50 пайыздан кем қолданысқа түспеуі тиіс; үшіншіден, 2010 жылға жасалған Тілдерді дамыту туралы бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізіп, әр облыстың мемлекеттік тілге көшу кестесін қатаң бақылау қажет”.
Елбасымыздың 2006 жылдың 30 мамырындағы Жарлығы қалыптасқан көзқарасқа саяси жаңа серпін беріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетті. Жарлықты оқып шығып танысқан әрбір азамат мылжың сөзден нақты іске көшуге, тілдің мемлекеттің деңгейде қолданыста болуына бағыт-бағдар берілгенін сезінер еді. Қазақстанда туып-өскен әрбір жанның, қай ұлт өкілі болса да, өзі өмір сүріп отырған Отанына деген ішкі ниеті адал болып, тіліне деген құрметі артса – Елбасының көксегені де, ел азаматына қажеті де осы.
Н,Ә,Назарбаевтың “Сөз бұзылса, ой да бұзылады. Тіліміз ішкі әуезінен айрылып, сынын жоғалтады” деуінің мәні терең. Болашақта 50 пайыздық мөлшерде қазақ тіліндегі ақпарат құралдары жұмыс істейтін болса, мұның өзі де қазіргі тіл саясатындағы жеңістің бірі боларында дау жоқ.
Бесіншіден, ғылыми терминологияны қалыптастыратын әр ғылым саласы бойынша терминологиялық сөздіктер мен екі тілдік аударма сөздіктердің шығуы. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен әдеби тіл ретіндегі қызметін дамыту жетілдіру мақсатында жүргізілген бұл қыруар жұмыстың нәтижелі болуы да мемлекеттік тілге деген оң көзқараспен ұштасады. Лексикография мен терминология мәселесінің ерекше қарастырылуы олардың ғылыми-теориялық маңыздылығы мен практикалық жағынан өзектігімен, зәрулігімен байланысты.
Алтыншыдан, “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жасалған аудармалар мен қазақ әдебиеті мұраларының көп том болып шығуы.
Бұрын тек архивте жатқан мұралардың тірілуі, қайта басылып жарыққа шығуы қазақ әдеби тілінің баюына, қолданыс аясының кеңеюіне кең жол ашады. Әлемдік көркем туындылар мен ғылыми туындылардың, философиялық еңбектердің қазақ тіліне аударылуы болашаөқта қазақ ғылымының, мәдениетінің дамуына зор импульс болары сөзсіз. Елтұлғаның көрген саясатының үлкен бір қыры да, сыры да осында жатса керек.
Тіл халықтың тарихи жадын, танымын, ойын, сезім дүниесін, ділін тәрбиелейтін басты көрсеткіш болғандықтан да Елбасымыз ерекше мән берді, маңызын бағалады. Тіл – табиғатынан ұлттық құбылыс, сондықтан да кез келген ұлттың ерекше болмысын, рухани байлығы мен мәдени дәстүрін тіл арқылы тануға болатыны туралы Елбасымыздың ....“Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығында ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі” деген ұлағатты сөзінде терең мән бар. Ұлт тұтастығының тұғыры саналатын тілдің мемлекеттік мәртебесі мен тіл бағдарламасының орындалуы бүгінгі және болашақтағы тіл саясатының ұлттық болмысын анықтайтынына сеніміміз кәміл.
-
Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл. А, 2005.
-
Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Сұхбат
Достарыңызбен бөлісу: |