1.Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардағы түсіндірме, ұғым, талдау.
Әлеуметтік ғылымдар - қоғам және оның әр түрлі жақтары туралы білім жинақтап, жүйелей дамытатын ғылымның өзіндік ерекшеліктері бар бір тобы. Оған философия, тарих, тілбілімі, әдебиеттану, құқық, экономика, социология (әлеуметтану), саясаттану, мәдениеттану, әлеум. психология, т.б. жатады. Әлеуметтік ғылымдар ерекшеліктері өзі зерттейтін пәндеріне тікелей тәуелді. Негізінен Әлеуметтік ғылымдар адамнан, оның қызметі мен қарым-қатынастарынан туындайтын аса күрделі қоғамдық құбылыстарды зерттеуге бағытталады. Мұнда объективтілік пен субъективтілік, саналылық пен бейберекеттік (стихийность), материалдық пен руханилық астарлар қым-қиғаш араласып, бір-бірімен астасып жатады. Сондықтан Әлеуметтік ғылымдар «адам дүниесін», қоғамдық өмірді, адам қызметінің сан-салалы түрлерін зерттегенде осы ерекшеліктерді ескереді. Әлеуметтік ғылымдарда әрбір қоғамдық құбылысқа деген таным субъектісінің құндылық қатынасы көрініс табады, яғни онда зерттеліп отырған процестердің өзіндік қасиеттерімен бірге адамның мақсат-мүдделерінен туындайтын көзқарас, талғам айқын білінеді. өз пәнінің күрделілігіне, ерекшеліктеріне орай Әлеуметтік ғылымдар қоғамдық құбылыстарды, «адам дүниесін» зерттегенде жаратылыстану ғылымдарындағыдай неше түрлі приборлар мен тех. қондырғыларды қолдану мүмкін емес болғандықтан, салмақ адам ойына, ойлау, абстракциялау қабілетіне түседі. Сол тұрғыдан мұнда таным әдісі мәселесі алға шығады, күрделі философия мәселелер туындап, өз шешімін табуды талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |