ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ МЕН БҮРКЕНІШ ЕСІМДЕРІ ТУРАСЫНДА.
Көзі тірісінде-ақ қазақтың саяси да рухани көсемі танылған Әлиханның қалдырған бай да мол мұрасының бір үлкен саласы – қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми-публицистикалық туындылары болып табылады. Алаш қозғалысы мен қазақтың тұңғыш саяси партиясы көсемінің бұл бай мұрасы бүгінгі Қазақстан Республикасының ұлттық интеллектуалдық меншігінің құн жетпес игілігі болып табылады.
Әлихан Бөкейхан – қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі әрі жарқын публицисі.
Әлиханның ғылыми-публицистикасын ХІХ соңы мен ХХ ғасыр басындағы отаршыл империяның езгісіне қарсы күрескен бір Қазақстан емес, бүкіл отаршыл Ресей империясындағы тарихи оқиға-құбылыстардың шежіресі деп батыл айтуға болады.
Алаштың ұлы Әлихан өзінің мақала-очерктерін 30-дан астам бүркеніш есімімен (псевдонимімен) жариялады. Олардың көпшілігін орыс тілінде пайдаланды. Қазір оның 1930 жылдардың ортасына дейін француздардың ықпалды «Фигаро» газетінде жарияланып тұрғаны туралы тың мәлімет1 анықталу үстінде.
Өзінің ғұмырында Әлихан төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде: «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тілінде тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналын шығарып, 1925 жылдан бері шыға бастаған «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға мұрындық болды.
«Жаңа мектеп» журналының кейін «Қазақстан мектебі», ал «Әйел теңдігі» журналының «Қазақстан әйелдері» басылымына айналғанын ерекше айта кеткен маңызды.2
Әлихан Бөкейханның белсенді жарияланып тұрған публицистік жолы 1889 жылдан қолдағы бар нақты тарихи деректер бойынша 1927 жылға дейінгі 40 жылға жуық кезеңді қамтиды. Ал «дүние жүзі пролетариатының көсемі» В.И.Лениннің жақын үзеңгілесі болған Д.В.Бонч-Бруевичтің 1934 жылы Мәскеуде пәтер қамауында отырған Әлиханға жазған хатын (№ 1 суретті қара.) және қарт Алаш көсемі, ғалымы әрі публицисінің «Фигаро» газетінде жарияланып тұрғаны туралы мәлімет расталатын болса, онда оның публицистикалық дәуірі 1930-жылдардың ортасына дейін дерлік жалғасқан болып шығады.
Оның кейінге қалдырған бай ғылыми-публицистік мұрасының тек библиографиялық көрсеткішінің өзі ғана 30 беттен асады. Әлиханның мыңға жуық мақала мен очерктен және тағы басқа туындыдан тұратын ғылыми-публицистикасы 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін және одан кейінгі 1927 жылға дейін 50-ден астам қазақ және орыс газет-журналдарында, оның ішінде төңкеріске дейін ғана 30-ға жуық қазақ-орыс басылымдарында жарық көрді.
Әлиханның қаламынан шығып түрлі мерзімді басылымнан жарық көрген туындыларының географиясы да қазіргі кең байтақ Еуразия кеңістігін қамтиды. Оның ең алғашқы бір топ мақаласы 1889 жылы Дала генерал-губернаторының ресми үнқағазы ретінде Омбыда шығып тұрған «Особые прибавленія къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ»3 газеті мен оның қазақша қосымшасы «Дала уалаятының газетінен» көрінсе, көп ұзамай оның түрлі бүркеніш есімі көрсетілген туындыларын 1917 жылғы Ақпан төңкерісі мен Қазан бүлігіне дейінгі бір Омбының ғана «Степной край», «Степной піонеръ», «Омичъ», «Иртышъ», «Голосъ степи», Семейдің «Семипалатинскіе областные ведомости», «Семипалатинскій листокъ», Ташкенттің «Туркестанскіе ведомости», Орынбордың «Қазақ» газеті мен қазақтың тұңғыш «Айқап» журналынан, С.Петербордың «Речь», «Сынъ отечества», «Наша жизнь», «Слово», «Восточное обозрение»,4 Ресей мұсылмандарының «Въ мире мусульманства» «Мусульманская газета» басылымдары мен «Сибирскіе вопросы» журналынан жиі ұшыратуға болатын.
1917 жылдың күзіндегі Қазан бүлігінен кейінгі кезеңде, әсіресе Совет өкіметінің күштеуімен Мәскеуде тұруға мәжбүр болған (1922-1937 жж.) кезеңде оның қайсыбір ғылыми-публицистикалық мақала-материалын жарияламаған қазақ тілінде газет-журналдар кемде-кем болғанын мойындау керек. Мейлі ол Мәскеуде, мейлі Қазақстанның өз ішінде жарық көрсін.
Міне тақырып жағынан сан-алуан әрі мол ғылыми-публицистік мұраның авторы - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі деуге де, қазіргі қазақ публицистикасының негізін қалаушы деуге де толық негіз бар.
Олай деуге Алты Алаш көсемінің 1894 жылы С.-Петербордан Омбыға бір емес, «ормантанушы-ғалым» әрі «заңгер» деген 2 бірдей дипломымен оралған бойда қызмет жолын кәсіби журналист ретінде бастағаны ғана себеп болып отырған жоқ. 1937 жылдың шілдесінде Бутырка түрмесінде өз қолымен толтырған «Тұтқын анкетасындағы» (№ 2 суретті қара.) «төңкеріске дейінгі мамандығың мен кәсібің не?» деген саулаға «ұлттық-территориялық Алашорда автономиясының төрағасымын» немесе «ормантанушы-ғалыммын», тіпті болмаса – «жер бағалаушымын» деп емес, «журналиспін» деп жазғаны негіз болады.
Дегенмен де Әлихан Бөкейханды қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі әлі қазіргі қазақ публицистикасының негізін қалаушы деуге басты себеп – оның ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдарына дерлік кезеңдегі мерзімді қазақ басылымы мен қазақ журналистикасының және жалпы публицистика жанрының қалыптасып өркендеуіне қосқан теңдессіз зор үлесі болып табылады.
Әлиханнның ғылыми-публицистикасы арқылы қазақтың қазіргі мәдениетін дамытып, қазақ ұлтын қалыптастыруға қосқан үлесі туралы белгілі драматург, жазушы әрі Алаш қозғалысы белсенділерінің бірі Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1924 жылы былай деп жазды:
«Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азаматтың тобы болды. Бұл топты баулыған Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды».5
«Читатель» кім: Әлихан Бөкейхан ба әлде В.И.Ленин бе?
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның ғылыми-публицистикалық бай мұрасын жинау мен зерттеу үшін оның сан-алуан бүркеніш есімін анықтаудың аса маңызды екенін ерекше атап өткен дұрыс. Себебі, отаршыл Ресей империясы әкімшлігінің қазақ жерінің ең шұрайлы жай лауы мен жайылымын тәркілеп, империяның ішкі гүбернелерінен қоныс аударып келген жерсіз шаруаларына үлестіріп берген және орыстандыру саясатына қарсы күрескен 1917 жылғы Ақпан төңкерісі мен Қазан бүлігіне дейін де, одан кейін Совет өкіметінің алғашқы кезеңінде де қазақтың ұлттық көсемі орыс тілінде де, ана тілінде де көбіне бүркеншек есімдерін пайдалануға мәжбүр болды.
Әлиханның бүркеншек есімдерінің осы күнге дейін анықталғаны 30-дан асып жығылады. Олардың басым көпшілігін қазақ публицисі орыс тіліндегі публицистикасында қолданды. Санаулысы ғана, нақты айтсам - «Қыр баласы»-«Сын степей» және «V» деген екі бүркеншек есімін ғана екі тілде қатар пайдаланды.
Әлиханның төл тіліндегі публицистикасында қолданған бүркеншек есімдерінен осы күнге қарай анықталғандары мыналар: «Ә.Н.» [Ә.-лихан Н.-ұрмұхамедов], «Қыр ұғлы» немесе «Қыр ұлы», «Қыр баласы», «Қ.Б.», «Ғали хан» немесе «Әли хан», «Ғ.Б.» немесе «Ә.Б.» [Ғ.-али хан Б.-өкейханов немесе «Ә.-ли хан Б.-өкейханов], «Арыс ұлы», «Түрік баласы», «Қалмақбай» және, әрине, «V».
Орыс тілінде пайдаланған бүркеншек есімдері одан көбірек көрінеді: «А.Н.» [А.-лихан Н.урмухамедов], «Сын степей» [сирек болса да «Сын степи» деп көрсетілген мақалалары да ұшырасады] немесе «Дала баласы», «Туземецъ», «V», «А.Б.», «Статистикъ», «Киргизъ-кайсакъ», «Алиханъ» или «Ал. Кочевникъ», «Мусульманинъ», «Киргизъ», «Степнякъ», «К.Степнякъ» немесе «Киргизъ-степнякъ». Оның орыс тіліндегі көпшілікке де, зерттеушілерге де беймәлім есімдерінен «Обыватель», «Наблюдатель», «Читатель», «Уакъ» және «Н.Ш.» есімдерін атап көрсетуге болады.
Дегенмен де сараптаманы Қара-жаяу есімінен бастаған орынды болады. Себебі, авторы Қара-жаяу деп көрсетілген әдеби аударма соңғы сәтте ғана табылып отыр. Аударманы тапқан жас ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеті филология факультетінің ізденушісі Оспанова Гүлмарияның есептеуінше, «Жас қайрат» журналының 1924 жылғы 6-санында басылған «Соқыр мен көзді кісі» мысалын аударған да, оның астына «Қара-жаяу»6 деп қол қойған да Әлихан Бөкейхан болып табылады.
Осы пікіріне дәлел ретінде ізденуші-ғалым бір ғана айғақ келтіреді, атап айтқанда «Соқыр мен көзді кісі» мысалы «Жас қайрат» журналында басылып шыққаннан кейін, арада шамамен бір жыл өткенде Әлихан Бөкейхан Эзоп пен Лев Толстойдың мысалдары мен қысқа әңгімелерінің аудармаларын «Жетпіс жеті мысал» деген атаумен 1925 жылы Мәскеуде жинақ етіп басып шығарды. Сөз болып отырған мысал-әңгіме «Соқыр мен сүт»7 деген сәл өзгеше атауымен жинаққа кіреді.
Бірақ Гүлмария Оспанованың «Қара-жаяу - Әлихан Бөкейханның бүркеніш есімі» деген көзқарасымен келісуге асықпаған дұрыс. Себебі, ізденуші-ғалымның ол көзқарасын жанама түрде болса да растайтын да, теріске шығаратын да бірқатар маңызды айғақ бар.
Оның ішінде мысал-әңгіме аудармасының «Жас қайрат» журналы мен «Жетпіс жеті мысал» жинағындағы екі нұсқасының тілі мен стилистикасы және сапасы Г.Оспанованың пікірін теріске шығаратын ең негізгі дәлел бола алады.
Мысал-әңгіменің журналдағы үлгісі мен араға бір жыл салып жинаққа кірген нұсқасының түпкілікті демесе де, айтарлықтай айырмашылығы бар. Оның өзінде де бір жыл ерте жарық көрген журнал үлгісінің аударма сапасы әлдеқайда жоғары. Аударманың бір жыл кейін жарық көрген екінші нұсқасы – оқушылар мен әдеби сыншылардың ескертпе-тілектерін ескере отырып – алдыңғысынан сапалы әрі артық болып шыққаны қисынды болар еді.
Ізденуші Оспанованың «Қара-жаяу - Әлихан Бөкейхан» деген көзақарасын теріске шығаратын тағы бір маңызды жайт: «Жас қайрат» журналына шыққан «Соқыр мен көзді кісі» мысалының аудармасы «Орыс әңгімелерінен» деп көрсетілген болса, бір жылдан кейін басылып шыққан «Жетпіс жеті мысал» жинағындағы «Соқыр мен сүт» үлгісі – «Үндістан әңгімелерінен» деп берілді. Мысал-әңгіме жинақта 60-ыншы болып тұр.7
Сонымен бірге, осы аударма мен Қара-жаяу бүркеніш есімінің Алты алаш көсемі - Әлиханға жататынын өзге бірнеше айғақ растайды. Бірақ олар да жанама айғақтар.
Дегенмен де олардың біріншісі – «Жас қайрат» журналы 1922 жылдың қазан айынан 1927 жылдың желтоқсан айына дейін Әлихан Қазақ редакциясының әдеби қызметкері болып жұмыс істеген Мәскеудегі СССР халықтарының Орталық баспасынан шығып тұрды. Екіншісі – Алаш қайраткері не ерте, не одан кеш емес, нақ 1924 жылы «Жас қайрат» журналымен жақын байланыста болып, дәл осы жылы журнал сандарында оның үш шығармасы жарық көрді, оның ішінде сөз болып отырған мысал-әңгіме де бар.
Бір қарағанда жұмбақ болып көрінуі мүмкін қызық жайт: Әлиханның осы үш шығармасы да әйгілі немесе көпшілікке онша таныс емес үш түрлі бүркеніш есімдерімен барілді. Олар - әйгілі Қыр баласы,8 жұрт көп біле бермейтін V9 және, егер толық расталатын болса, Қара-жаяу10 псевдонимдері.
Оған қоса ерекше назар аудара кететін маңызды мәселе: Алаш қайраткері орыстың немесе Еуропаның классикалық жазушыларының қайсыбір үздік туындысын қазақшаға аударып, мәселен Эзоп пен Лев Толстойдың мысал-әңгімелері сияқты жинақ қылып басудан бұрын, көлемді шығармалардың үзінділерін немесе шағын әңгімелерді мерзімді газет-журнал беттеріне жариялап көретін әдеті болатын.
Мысалға, Лев Толстойдың әйгілі «Қажымұрат» повесінің аудармасын 1924 жеке кітап етіп басудың алдында, туындыны тәржімелеген Қыр баласы оның үзінділерін 1923 жылы «Ақ жол» газетінің 3 санына жариялады.11 Ал повесть аудармасының толық үлгісі 1924 жылы СССР халықтарының Кіндік баспасынан кітап болып шықты.12
Міне бұл да «Жас қайрат» журналына жариялаған «Соқыр мен көзді кісі» мысалы мен оны аударған Қара-жаяудың да, «Жетпіс жеті мысал» жинағымен жарық көрген «Соқыр мен сүт» мысалын аударған Қыр баласының да Әлихан Бөкейхан екенін жанама түрде болса да растаса керек.
Ал енді Әлихан Бөкейханның жоғарыда тізіп келтірілген бүркеніш есімдерінің арасынан «әй, қайдам?» деп күдік туғызуы мүмкін немесе қалың оқырман қауымға беймәлім болып келген лақап есімдеріне тарихи құжаттардың, естеліктердің және басқа да дерек-айғақтардың негізінде кеңірек тоқталып өтемін.
Болашақ Алаш көсемі ең алғашқы бір топ мақаласын бүркеншек есімімен жариялады. Оған 1889 жылы «Особые прибавленія къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газеті мен оның қазақша қосымшасы «Дала уалаятының газетінде» жарық көрген бірнеше туындысы, атап айтқанда қазақ және орыс тілдерінде қатар шыққан «Қ. оязының молласының баяны», «Ықтиятты болыс» немесе «Бұрынғыдан қалған жақсы мұра»13айдарлы мақалалары куә болады.
Осы жылы «Особые прибавленія къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» мен «Дала уалаятының газетінде» жас қаламгер тағы бір топ үлкенді-кішілі мақаласын «Қыр ұғлы» немесе «Қыр ұлы» деген жасырын лақап есімдерімен жариялады. Осы екеуінің жас та болса көсемсөзге деген қабылетін байқатқан Әлихандікі екеніне күмән келтірудің еш қисыны жоқ. «Қыр ұғлы» мен «Қыр ұлы» - Ә.Н.Бөкейханның алдымен 1900-1901 жж. «Киргизская степная газета» мен «Дала уалаятының газетінде», 1913-1918 жж. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде және 1922-1927 жж. аралығында Мәскеу мен Қазақстанның өз ішіндегі мерзімді қазақ басылымдарында кең пайдаланған әйгілі, аңызға айналған екінші аты-жөні десек те артық айтпағандық болады [Алаш көсемінің жүзін көрмеген қалың бұқара қазақ «Әлихан Бөкейхан» емес, «Қыр баласы» келе жатыр дегенде жақсырақ танитын болған. Құрастырушы]. Бұл екеуінің «Қыр баласы» есімімен мағыналас екенін айтса да жеткілікті. Оған қоса қаламгер Әлихан осы үш есімімен 1889-1927 жж. аралығында жарық көрген публицистік шығармаларының орыс тіліндегі үлгілерін бір «Сын степей» деген лақап атымен таңбалап келді.
Ал «Ә.Н.» және орыс тіліндегі «А.Н.» есімдеріне келсем, оның да авторлығын бұлтартпай анықтауға екі-ақ тарихи айғақ келтірсе жетеді.
Әлиханның 1879-1886 жж. Қарқаралының 4 жылдық бастауыш мектебі мен кәсіптік (етікші) училищесінде және 1886-1890 жж. Омбының техникалық училищесінде (ОТУ) «ӘЛИХАН НҰРМҰХАММЕДОВ» деген аты-жөнімен оқып бітіргені тарихи факты.
ОТУ-дың 3-курсының соңы мен 4-курстың бірінші тоқсанында оқып жүріп басып шығарған бір топ мақаласын 24-ке енді аяқ басқан қаламгер осы аты-жөнінің «Ә» және «Н» деген бас әріптерін ғана көрсетіп берді десек, қателеспейміз. Неге десеңіз, осы туындыларында жас автор өз елінің болыс-старшындарын, оның өз тілімен айтқанда – надан да қалың бұқараны сүліктей сорып жүріп «жақсы қазақ атанған «шала-қазақтары» мен қожа-молдаларын және «құр жерді өлең қылып, әр елден өлеңменен қайыр тілеген» ақындарын өткір сынайды, батыл да аяусыз әшкерелейді. Автордың осындай сын көзқарасын мақаланың атауларынан байқау қиын емес.
ОТУ-ды бітірген Әлихан 1890-1894 жж. С.Петербордың императорлық орман институты мен С.-Петербордың императорлық университетінің заң факультетін «экстерн» түрінде бітірді. Өз елінде көрген-білгенін жазып дағдыланып қалған жас қаламгер отаршыл империяның астанасында өткізген 4 жылы ішінде астаналық басылым беттерінен көріне білді ме, жоқ па, ол жөнінде әзірше қолда нақты тарихи мәлімет жоқ. Әйтсе де, қолға түскен тарихи мұрағат құжаттарына сүйенсек, марксизмнің экономикалық материализм ілімімен әуестенген және астаналық студент жастарының саяси қозғалысына белсенді араласып, оның алдыңғы қатарында болған Әлиханның С.-Петербордағы самодержавиелік үстемдікке қарсы оппозициялық бағыттағы басылымдармен байланыспады деу онша қисынға келмейді.
Оның үстіне С.-Петербордан Омбыға оралған бетінде қолында «ормантанушы-ғалым» және «заңгер» деген 2 бірдей дипломының болуына қарамастан, Әлихан Бөкейхан жергілікті «Степной край» атты ілгерішіл саяси газетке дереу қызметке алынады.
Араға 5 жылдай салып Омбыға енді оралған Әлиханның газет жұмысына шақырылған тарихына оның ғылым мен саяси күресі жолындағы көп жылғы әріптесі әрі досы Сергей Швецов «Северная Азия» журналында жарияланған «Омская газета «Степной край» и политическая ссылка» айдарымен берілген естелігінде жан-жақты тоқталып өтеді:
«1895 жылдың жазында Омбыға Дала облыстарындағы келімсектердің тұрмыс жағдайын зерттеу мақсатымен «Половцев экспедициясы» келді... «Половцев экспедициясы» соның алдында ғана Петербордың Орман институтының курсын бітірген Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды ерітіп келген-ді. Ол Омбыға қыркүйекте келіп, ...зерттеу жұмысына полиция департаментінің рұқсатын ұзақ күтіп қалды. Экспедицияға рұқсат берілмеген соң Бөкейханов [естелікте бірде «Бөкейхан», бірде «Бөкейханов» деп жазылған. Құрастырушы] Омбыда қалып, газетке араласа бастады».14
С.П.Швецовтың естелігіне қарағанда, Ә.Н.Бөкейхан газеттің «максисттік бағытының өкілі болды» және «еш күмәнсіз оның мейлінше жарқын уағыздаушысы» болды. «Я бы сказал даже – единственно ярким», - деп шегелейді өз пікірін естелік авторы С.П.Швецов.15
Оның мәлімдеуінше, «Степной край» газеті бетінде марксизмнің «жападан-жалғыз жарқын уағыздаушысы» болған Әлихан Бөкейхан мақалаларына «Читатель» деп қол қоятын болған.16
Бір қызығы: «Читатель» - 1917 жылдың күзінде Қазан бүлігін ұйымдастырып, кешегі отаршыл Ресей империясына коммунистік диктатура орнатқан Совет өкіметінің көсемі әрі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың «Алаш» қозғалысының бітіспес идеологиялық жауы болған РСДРП (б), яғни Ресейдің социал-демократиялық жұмысшы (бәлшебектік) партиясының саяси серкесі Владимир Лениннің де 140-қа тарта лақап атының бірі болған көрінеді.
Алайда, Әлихан «Степной край» газетіндегі мақалаларына «Читатель» деп қол қоятын деп мәлімдеген С.П.Швецовтың қателесуі мүмкін деп кесуге де ертелеу. Өйткені, 1895-1903/04 жылдарда, тіпті одан кейінгі кезеңдер де «дүние жүзі пролетариатының көсемі» атанған В.И.Лениннің Сібір мен Дала немесе Қазақ өлкесіне аяқ басып көрмегені тарихи факты. Демек, омбылық «Степной край» және семейлік «Семипалатинскій листокъ» газеттерінен табылған авторлары «Читатель» деп көрсетілген мақала-материалдар, күмән жоқ, Алаш қозғалысы мен партиясының көсемі - Әлиханның қаламынан шықса керек.
Өйткені, «дүние жүзі пролетариатының көсемі» В.И.Ленин де «Правда» газетінің 1913 жылы 5 және 19 мамыр күндеріндегі [№№ 102, 114] басылған «Вниманию читателей» «Луча» и «Правды» және «Нехорошо!» (еще раз вниманию читателей «Луча» и «Правды») айдарлы екі-ақ мақаласына «Читатель» деп қол қойыпты.17 Екі мақаласы да В.И.Лениннің толық шығармалар жинағына кірген.
Алайда, ең өкініштісі, «Степной край» газетінің Әлихан қызмет істей бастаған 1895 жылдан 1905 жылға дейін барлық санынан «Читатель» деп қол қойылған бар-жоғы шағын ғана 2-ақ мақала табылды.18 Тағы бір өкініштісі: ол 2 мақалада марксизм жөнінде тіпті бірауыз сөз жоқ.
Алаш көсемі абақтыда жазған мақалаларын «V» қолтаңбасымен жариялады
Омбының «Степной край» газетінің 1897 жылғы сандарынан Әлиханның «V» деген бүркеніш атымен жарияланған 3 мақаласы табылды.19 Дәл осы жылы өзі газеттің саяси шолушысы немесе, С.П.Швецовтың сөзімен айтқанда, «марксизмнің жападан-жалғыз жарқын уағыздаушысы» болып істеді ме, жоқ па, ол белгісіз. Оның есесіне бұл таңбаны публицист араға 9 жыл салып өзінің редакторлығымен басылып тұрған үш басылымның бірі – «Иртышъ» газетінде де пайдаланғаны анықталды. Газеттің әзірше осы күнге қарай табылған 90-ға жуық санынан «V» қолтаңбасы қойылған тағы 3 мақала20 ұшырады.
Осы жерде ерекше тоқтала кеткен дұрыс. Осыған дейін «Иртышъ» газетінің жарыққа шығып үлгерген 90-нан астам санынан бар-жоғы 2-ақ саны ғана табылған болса, соңғы кезде Омбыдан «Ресей қазақтары» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Данияр Шәріпов Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайынан «Иртышъ» газетінің 2-ден 92-ге дейінгі сандарын түгел сақталығанын анықтады.
Бұл мәліметті мұражай директорының орынбасары Юрий Тимофеев толық растады.
Тағы да осы Д.Шәріповтің хабарлаған тың мәліметіне қарағанда, «Иртышъ» газетінің 10 саны, ал «Омичъ» газетінің 3 саны Томск мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында сақталыпты.
Ал Томск университетінің ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Галина Ерохина осы жолдардың авторына «Иртышъ»-тың 10 саны мен «Омичъ»-тің 3 санынаның электрондық көшірмелерін түгел жөнелтті. Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайынан «Иртышъ»-тың қалған барлық санынның көшірмесі алынды.
Ал бастапқы тақырыбымызға оралсақ, Ә.Н.Бөкейхан дәл осы «V» бүркеніш есімін отаршыл Ресей үкіметінің басына реакцияшыл премьер-министр әрі ішкі істер министрі Петр Столыпин келіп, 5 миллион қазақтың кең байтақ өз даласында тынысы тарылып, ал ұлт көсемі туған жерінен Самарға жер аударылған 1908-1911 жылдары және өз ықтиярынсыз Мәскеуде тұруға тура келіп, қазақ газет-журналдарында өзіне мақала-материал жариялауға мұрша бермеген 1922 жылы және 1924 жылдың соңы мен 1927 жылға дейін дерлік жиі-жиі пайдаланды.
Ал «V» қолтаңбасының өзіне жататынын саяси қайраткер-қаламгер Әлихан алдымен «Қазақ» газетінде шыққан, одан кейін «Айқап» журналында қайта басылған «Он төрт тоғыз бола ма?» атты мақаласында былай деп жазды: «...мен абақтыда жатып (!) қазақ жері туралы жазған мақалаларым «Сибирские вопросы» деген орыс журналының мына нөмірлерінде: 16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36, 37-38, 45-46, 47-48, 1908 жылғы, «V» деп қол қойған. Орысша білетінің оқып қара».21
Совет өкіметі тұсында Алаш қозғалысы мен партиясының көсемі «V» қолтаңбасын Мәскеудегі Совет халықтарының Кіндік баспасындағы Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істеген алғашқы кезеңінде – 1922 жылдың күзінде «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналында қолданды [кітаптың соңында берілген библиографиялық көрсеткішті қара. Құрастырушы]. Одан соң 1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың басында және 1926 жылдың басынан 1927 жылдың күзінде Кіндік баспадан «штатты қысқарту» деген желеумен өзін мезгілінен бұрын зейнетке шығарып салғанға дейін дерлік сирек те болса «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Жас қазақ» журналынан, негізінен «Жаңа мектеп» журналынан көрінді.
Совет өкіметі жылдарындағы «V» таңбасын кімнің қолданғанына байланысты қазіргі қазақ тарихшылары мен әдебиеттанушыларының арасында оны Алаш көсемінікі дегенмен келіспей дау айтушылар да жоқ емес көрінеді. Бірақ мұндай дауға ешқандай негіз болмағандықтан, оған тоқталып жатпаймын.
Ал пікірталастырушылар табыла қалса, онда қолдағы бар тарихи айғақ-деректерді қалың оқырман талқысына ұсынуға болады. Осы дерек-айғақтарды саралап көрген соң «V» таңбасын кімнің пайдаланғанын оқырман қауымның өзі шешеді.
«Қазақ» газетінің беттерінде жиі ұшырасатын «Түрік баласы» мен «Арыс ұлы» есімдерінің де иесі туралы жаңсақ пікір бар. Оның ішінде «Түрік баласы» беймәлім есімдердің тізіміне жатқызылса, «Арыс ұлын» ешбір дәлелсіз Ахмет Байтұрсынұлының лақап аты деген пікір де жоқ емес.
Ешқандай айғақ-дәлелсіз айтылған ол пікірлерді теріске шығарып әуре болудың қажеті шамалы болса, ал «Түрік баласының» да, «Арыс ұлының» да Ә.Н.Бөкейханның кезекті лақап аттары болғанын бұлтартпай дәлелдейтін фактылар мен мәліметтер жетіп артылады. Қажет болып жатса, бұл мәселеге қайта ораламын.
Ал жоғарыда аталған санктпетерборлық «Сибирские вопросы» журналында жарияланған үлкінді-кішілі бір топ мақаласын Әлихан «V» таңбасымен ғана емес, көбіне Алаш көсемінің өз жақындарына мәлім, сонымен қатар совет дәуіріндегі санаулы болса да «әлихантанушы» экономист ғалым мен тарихшыға белгілі «Статистик» деген бүркеніш есімімен ұсынған.
Өзін «ученый киргизъ-отщепенецъ» деп айыптағанға Әлихан «Киргизъ-кайсакъ» деп тойтарыс берді
Қайраткер-ғалым әрі публицистің Түркістан мен Дала (Қазақ) уалаяттарының бірыңғай орыс басылымдарында қолданған «Туземецъ», көбіне орыс тіліндегі мұсылман газеттерінде пайдаланған «Киргизъ-кайсакъ», «Ал.Кочевник», «Мусульманинъ», «Киргизъ», «Степнякъ», «К.Степнякъ» немесе «Киргизъ-степнякъ» сынды бүркеніш аттары тағы болды. Оған қоса «Обыватель», «Омскій казакъ», «Наблюдатель», «Уакъ» және «Н.Ш.» тәрізді өте сирек, негізінен өзін сынға алған, «әшкерелемек» немесе өзіне нақақ айып тақпақ болған мақала-хаттарға жауап қайтарғанда қолданған есімдері де жоқ емес.
Олардың барлығына анықтама беріп уақыт ұттырмай-ақ, ең қызықты деген кейбірінің ғана тарихына қысқаша тоқталып өтейін.
Алдымен «Уакъ» таңбасына келсек, «Семипалатинскій листокъ» газетінің 1906 жылғы 17 қарашадағы санының (№ № 139) «Хроника» айдарында «Иртышъ» газетіне шыққан «Уакъ» деген автордың мақаласына шолу жасалады.22 Шолуда «Иртышъ» газетінде «Уакъ» мырзаның «қазақтарға қара жүздіктердің [орысша түпнұсқасында: «черносотенцев».] «Зорька» газетін жіберіп тұрғаны» туралы шағын мақаланың берілгені айтылады да, одан бірнеше жол үзінді келтіреді. Ол үзіндіден «аңшылардың әдейі жолға тастап кеткен құйрығын көрген қасқыр: - Бұл не қылған батпан құйрық, не қылып жол үстінде жатқан құйрық? – деп уланған құйрықты айналып жөніне кетіпті» деген қазақ мәтелін жадында берік ұстаған бірде-бір қазақ «Зорька» газетін оқымайды» деген жолдарын келтіремін.
Ал енді Ә.Н.Бөкейханның «Қазақтар» атты тарихи очеркінен мынадай жолдарды оқимыз: «После роспуска І Думы бесплатно посылались в казахскую степь черносотенные газеты, но казахи оказались к ним равнодушными, и некоторые вспоминали по этому поводу народный афоризм о волке, который, найдя на дороге отравленный кусок сала, обошел его, говоря: «тяжел и вкусен ты, кусок сала, однако, по какой загадочной причине оказался ты лежащим на дороге?»23
Міне осы мысалдардан кейін «Уакъ» деп таңбаланған мақаланың да, «Қазақтар» очеркінің де бір автордың қаламынан шыққанына күмән келтірудің еш қисыны жоқ деген ой келеді.
Бір өкініштісі, «Уакъ» қолтаңбасы қойылған өзге мақала-материал әзірше табылмады. Оның ішінде Ә.Н.Бөкейханның редакторлығымен шығып тұрған үшінші «Голосъ степи» газетінде «Уакъ»-тың бірде-бір мақаласы көзге түспеді. Бірақ одан Алаш көсемі басқарған алғашқы «Иртышъ» және «Омичъ» газеттерінің әзірше қолға түспеген сандарында да «Уакъ» мүлде кездеспеуі мүмкін деген сөз емес.
Оған қарағанда «Киргизъ-кайсакъ» бүркеніш есімінің кімдікі екенін анықтау әлдеқайда қызық көрінеді. Мысалға, тағы бір омбылық «Степь» газетінің 1906 жылғы 6-санында «Истинный сынъ степей» деген автордың «Жалған қаулылар» [орысша түпнұсқасында: «Фальшивые постановления». Құраст.] айдарлы мақаласы беріліп, автор 1905 жылы қазақ халқының орыс патшасының атына жолдаған тұңғыш саяси талаптары – «жеделхаттары» мен «қаулылары» [түпнұсқада: «Телеграммы» и «Постановления»; автор әйгілі «Қарқаралы петициясын айтып отыр. Құраст.] дала қазақтарының өмірімен мүлде ортақтығы жоқ» және «ондай жеделхаттар мен қаулыларды дала өлкесінен біржола хабар үзген азғын қазақ-ғалымдарының [түпнұсқада: «ученые-отщепенцы»] шағын ғана тобы ұйымдастырды» деп, Қарқаралы жәрмеңкесіне жиналған 14.500 исі қазақ қолтаңбасын қойған саяси петицияны жоққа шығармақ болады.24
«Истинный сынъ степей» дегеннің «ученый-отщепенецъ» деп отырғаны Әлихан Бөкейхан екені даусыз. Оған бұлтартпайтын бір емес, үш тарихи айғақ бар.
Біріншісі, дәл сол кезде Әлихан Бөкейхан - Қазақ өлкесінің Ақмола және Семей облыстарын зерттеген Щербина экспедициясына белсенді атсалысқан «ормантанушы-ғалым», жер бағалаушы, статистик, тарихшы, этнограф, қазақ фольклорынтанушы-ғалым ретінде мейлінше кең танылып үлгерді.
Екіншісі - Әлихан Бөкейхан - орыстың императорлық географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің толық мүшесі әрі Басқарушы комитетінің [Распорядительный комитет] мүшесі болған еді.
Үшіншіден, қазақтардың тұңғыш саяси петициясын қалай жазып, отаршыл патша ІІ-Николайдың сарайына пошта арқылы жөнелткен шым-шытырық хикаясын Ә.Н.Бөкейхан 1905 жылдың қарашасында «жергілікті және қалалық қайраткерлердің» Мәскеуде өткен сиезінде сөйлеген сөзінде тиянақты баяндап береді.25
Төртіншіден, Бірінші Мемлекеттік думаның 10-жылдығына арналған жинақпен басылып шыққан «Дала өлкесіндегі сайлау» атты естелігінде Алты Алаштың көсемі қазақтардың тұңғыш саяси талап-шарттарын жазуға бірден-бір себеп болған орыс императорының «17 қазан Манифесін» қазақ тіліне аударып, баспадан 10 мың данамен басып шығарып, қасқағым сәтте қалың қазаққа қалай үлестіріп бергенін жан-жақты сипаттап береді.26
Бесіншіден - 1906 жылдың қаңтарында Павлодар оязының крестьян бастығы полковник Даньшинге Райымжан Мәрсекұлымен бірге жазған ашық хатында Әлихан Бөкейхан «17 қазан Манифесін» Райымжан екеуінің ешбір қатесіз аударғандарын дәйектейді.27
Егер «Жалған қаулылар» атты мақаланың мазмұны мен крестьян бастығының іс-қимылын салыстырып қарағанда, оның авторы ретінде көрсетілген «Истинный сын степей» дегенді полковник Даньшиннің өзі бүркеніп отырған жоқ па деген ой да келеді. Ал оның «азғын ғалымдар» немесе «ученые-отщепенцы» деп отырғаны осы Әлихан Бөкейхан мен Райымжан Мәрсекұлының болуы қисынсыз емес.
Отаршыл биліктің өкіліне басынан сөз асырып көрмеген Алаш көсемі оның жамылған «Истинный сын степей» есіміне лайық, «сен тәрізді отаршылдар үшін біз бәрібір «бұратана» халықпыз» дегендей, «Киргизъ-кайсакъ» деген жаңа лақап атымен жауап қайырады.28
«Киргиз-кайсакъ» есіміне Алаш көсемінің кейінірек сирек те болса мезгіл-мезгіл қайта оралып отырғанын байқауға болады. Мысалға, Ресей мұсылмандарының С.-Петерборда бірқатар басылып тұрған «Въ мире мусульманства» газетінде қазақ жерінің талан-таражға салынған тағдырына, ауыл-аймақтардағы мектептердің аянышты халіне және жалпы отаршылық езгісінде отырған халқының қасыретін сипаттаған 3 мақаласы жарияланды.29
Әлихан Бөкейханның жиі болмаса да «Истинный сынъ степей» дегеннің «әшкере» хатына ұқсаған жағдайларда кәдесіне жараған «Туземецъ», «Ал.Кочевникъ», «Мусульманинъ» сынды бүркеніш есімдерінің «Киргизъ-кайсакъ» атымен үндес, мағыналас екенін байқамау да қиын. Сол себепті де олардың «хикаяларына» жеке-жеке тоқталып жатпаймын.
«Киргизъ» немесе «Степнякъ», «К.Степнякъ» немесе «Киргизъ-степнякъ» деген бүркеніш есімдерінің орны өзгешелеу.
Бүгінгі зерттеушілер мен тарихшылардың арасында «К.Степнякъ» Степняк-Кравчинскийдің, ал «Степняк» - Әліби Жангелдиннің лақап аттары емес пе? - деген алып-қашпа жорамал айтушылар да жоқ емес. Оларға өздерінің күдік-күмәндерін сейілту үшін Степняк-Кравчинский мен Жангелдиннің өмірбаяндарын бір қарап шықса болғаны.
Мысалға, С.-Кравчинскийдің белгілі бүркеніш есімі «С.Степняк», ал Жалгелдиндікі – егер оның біресе христиан дініне өтіп, біресе қайта мұсылман болғаны ескерілсе, оның лақап аты «Степной» не «Степнов» болғанына көз жеткізу көп тер төгуді қажет етпейді.
Ә.Н.Бөкейханның немере інісі, 1992 жылы марқұм болған Райымжан Әзіханұлы Бөкейхановтың айтуынша, Совет өкіметі жылдарында Алаш көсемі қазақ тіліндегі публицистикасында «Қалмақбай», орыс тілінде «Н.Ш.» деген псевдо-есімдерін пайдаланған. Бұл пікірді марқұм болған ғалым, Әлиханның экономикалық зерттеулері мен еңбектерін советтік «жоспарлы экономика» тұрғысынан бірыңғай сыни көзқараста зерттеп, ғылыми кандидаттық диссертациясын қорғаған М.Жақсалиев те толық растады.
Алайда, дәл осы күнге қарай Әлиханның қазақша не «Қалмақбай», не орысша «Н.Ш.» деп таңбалаған бірде-бір материалын ұшырата алмадық.
«Алаш» қозғалысы мен партиясының көсемі әрі ғұлама ғалым әрі публицист Ә.Н.Бөкейханның ерекше тоқталып өтетін бірден-бір бүркеншек есімі – «Омскій казакъ». Бұл есімін қазақ қайраткері «казачество» деп аталатын тұтастай әлеуметтік топтың мұң-мүддесін емес, тек қана қарапайым орыс-казактардың немесе атты-казактардың мүддесін қорғайтын мақалаларында өте сирек пайдаланды.
Өйткені, Алаш көсемі қалың қазағының мүддесі үшін Мемлекеттік думаны мемлекеттің ең жоғарғы өкілеттік және заң шығарушы билік тетігі ретінде сақтап қалу, Дала немесе Қазақ өлкесіне земство, яғни жергілікті басқару жүйесі мен алқалы сот жүйесін енгізу, Думада заң қабылдату арқылы қазақты тұрақты атты әскер қатарына шақырту үшін күресінде казактарды одақтас ретінде көргісі келді.
Сонымен бірге қазақтың ұлттық көсемі казактардың мұңын мұңдап жазған мақалаларына «Омскій казакъ» деп қол қойғанымен, ол өзін казак деп көрсеткісі жоқ. «Омскій казакъ» деп Әлихан Бөкейхан өзін, «Омбының қазағын» айтып отыр. Өйткені, бір жағынан, отаршыл биліктің өз тілінде қазақты «казак» деп дұрыс жазбай, «киргизъ-кайсакъ» немесе қысқаша «киргизъ» деп бұрмалап атауына деген наразылық болса, екіншіден – орыс-казактардың мұңын оған қаны жағынан әлдеқайда жақын қазақтың қорғап отырғанын айқын көрсету болатын.
Міне сол себепті де казактарды қорғаған мақалаларында ол өзінің кім екенін онша жасырмайды. Мысалға, «Оларға тіл бітті» атты мақаласында ол «бір Алланың өзі біледі» дегенді ашық жазады: «...Не 5 и не 9 тысячъ, а девяносто и более на какіе-то другіе расходы, о которыхъ знаетъ Аллахъ...».30
- - - - - - - - - - - - - - - -
1. Бұл мәліметті Ә.Н.Бөкейханның туған қызы Елизавета өзінің немере інісі Сырым Бөкейхановқа айтып береді, автор Сырым Бөкейхановтан жазып алды.
2. 2 марта 1925 года секретариат ЦК РКП (б) принял постановление о состоянии казахской печати: решено открыть новые казахскоязычные издания – журнал «Жаңа мектеп» (позднее «Казақстан мектебі»), первый номер вышел в августе 1925 года, и «Әйел теңдігі», позже «Қазақстан әйелдері», первый номер которого вышел в июле 1925 года.
3. Кейінірек бұл басылымның атауы «Киргизская степная газета» болып өзгерсе, қазақ тіліндегі қосымшасы «Дала уалаятының газеті» күйінде қалды. Құрастырушы.
4. «Восточное обозрение» газеті - өзінің редакторы Ив.И.Попов Сібірге жер аударылған соң, Иркутскіде қайта шығып тұрды. Иван Поповтың өзі Омбының «Степной край» газетінде Әлихан Бөкейхан жұмыс істеген кезде жарияланып тұрды. Құрастырушы.
5. Кеменгерулы, Қ. Таңдамалы.//Алматы: Қазақстан, 1996 ж. Құрастырған және алғы сөзін жазған Қамзабекұлы Дихан.
6. Қара жаяу. Соқыр мен көзді кісі (Орыс әңгімелерінен).//«Жас қайрат», журн., 1924 жыл, № 6, 28-бет. Мәскеу.
7. Эзоп пен Толстой [Л.Н.]. Жетпіс жеті мысал (ауд. Қыр баласы).//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1925 ж. Мәскеу.
8. Қыр баласы. Өтірік өлең (Басығараұлы Жүсіпбектің «Үш тазша» деп бастырғалы отырған кітабынан 41 өтірік өлең алынды, бұ да сонда. Қ.Б.).//«Жас қайрат» журн., № 3-4, 1924 ж., 45-48 беттер. Мәскеу.
9. V. Самат өлеңдеріне сын. Әдеби сын.//«Жас қазақ» журн., №№ 10-13, 1924 ж. Мәскеу.
10. Қара жаяу. Соқыр мен көзді кісі (Орыс әңгімелерінен).//«Жас қайрат», журн., 1924 жыл, № 6, 28-бет. Мәскеу.
11. Толстой, Л.Н. Қажы-Мұрат (ауд. Қыр баласы).//«Ақ жол» газ., №№ 377-378, 1923 ж. Мәскеу.
12. Толстой, Л.Н. Қажы-Мұрат (аударған Қыр баласы).//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1924 ж. Мәскеу.
13. Дала уалаятының газеті, № 19, 12 мамыр 1889 ж.; № 45, 10 қараша 1889 ж.; № 47, 24 қараша 1889 ж. Омбы.
14. Швецов, С.П. Омская газета «Степной край» и политическая ссылка. К истории сибирской печати.// «Северная Азия», журн., № 1, 1930, 110 бет. Москва.
15. Тағы да сонда: 112 бет.
16. Сонда: 111 бет.
17. Читатель [Ленин, В.И.]. «Вниманию читателей» «Луча» и «Правды»// «Правда», № 102 от 05 мая 1913 г.; Читатель [Ленин, В.И.]. «Нехорошо!» (еще раз вниманию читателей «Луча» и «Правды»)//«Правда», № 114 от 19 мая 1913 г.
18. Читатель. Заметки читателя.//«Степной край», газ., 1895, №88 (30 ноября), с.3.; Читатель. Заметки читателя //«Степной край», газ., 1896, №25-26 (4 апреля), с.3. Омскъ.
19. V. Въ Западно-Сибирскомъ Отделе Географическаго общества.//«Степной край», 1897, №29 (21 марта), с.2-3; V. Кто пишетъ "о предметахъ, очевидно, ему мало ведомыхъ"? //«Степной край», 1897, №38 (11 апреля), с.4; V. Каркаралы, 30 октября.//«Степной край», № 130, ноябрь, 1897 г. Каркаралы.
20. V. Къ поездке господина Степного генералъ-губернатора//«Иртышъ», № 30, 24 августа 1906 года. Омскъ;
V. О петиціяхъ киргизъ.//«Иртышъ», 29 августа 1906 года, № 32, вторникъ. Омскъ; V. Къ петиціямъ киргизъ.//«Иртышъ», 2 сентября 1906 года, № 36, суббота. Омскъ.
21. Әлихан. Он төрт тоғыз бола ма?//«Қазақ», газ., № 91, 1914 ж. Орынбор - «Айқап», журн., № 2, 1915 ж. Троицк.
22. Уакъ. «О посылке газеты черносотенца Ярмонкина «Русская земля» в киргизскіе степи».//«Иртышъ», № 74, 21 октября 1906 г. Омскъ.
23. Букейхановъ, А.Н. Киргизы.//Костелянскій, А.Н. (ред.). Формы национального движенія въ современныхъ государствахъ. стр. 577-600. 1910 г. СПб.
24. Истинный сынъ степей. Фальшивые постановления.//«Степь», газ., № 6, январь 1906 года.
25. Букейханов, А. Я являюсь представителем 4-миллионнаго казахского народа... Выступление на ноябрском съезде земскихъ и городскихъ деятелей в Москве.//«Семипалатинскій листокъ», газ., № ?, 8 декабря 1905 г. Семипалатинскъ.
26. Букейхановъ, А.Н. Выборы въ Степномъ крае//Сборникъ «Къ десятилетію Первой Государственной Думы», 1916 г., Изд. «Огни». СПб.
27. Букейхановъ Алиханъ, Марсековъ Раимжанъ. «Открытое письмо крестьянскому начальнику 1 участка Павлодарского уезда полковнику Даньшину» о несогласіи съ его критикой перевода Манифеста отъ 17 октября.// «Семипалатинскій листокъ», газ., 4 янв., 1906 г., № 3. Семипаталинскъ.
28. Киргизъ-кайсакъ. Ответъ истиннымъ сынамъ степей.//«Семипалатинскій листокъ», газ., № ?, январь 1906 г. Семипалатинскъ.
29. Киргиз-кайсакъ. Судьба киргизского землепользованія.//«Въ мире мусульманства», газ., № 27 от 21 (3 ноября) октября 1911 г. СПб.; Киргиз-кайсакъ. Аульные школы у киргизъ//«Въ мире мусульманства», газ., № 28 от 28 октября 1911 г. СПб.: Киргиз-кайсакъ. Изъ жизни киргизъ//«Въ мире мусульманства», газ., № 32 от 25 ноября 1911 г. СПб.
30. Омскій казакъ. Они заговорили.//«Иртышъ», № 10, 29 іюля 1906 года. Омскъ.
Достарыңызбен бөлісу: |