Ендігі бір ерекше назар аударылуға тиісті мәселе бар, бұл «шешен» атауының көптеген алтай тобындағы тілдерде ділмарлықпен қоса «мерген» ұғымына қатысты мағынада сақталып қалуы
Ендігі бір ерекше назар аударылуға тиісті мәселе бар, бұл «шешен» атауының көптеген алтай тобындағы тілдерде ділмарлықпен қоса «мерген» ұғымына қатысты мағынада сақталып қалуы. Бұл сөздің алғашында кәсібі аңшылықпен байланысты алтай тобына кіретін тайпаларда қолданысқа еніп, сол қауымның дүниетанымы, наным-сенімі нәтижесінде пайда болғаны аңғарылады. «Моңғол, бурят-моңғол, қалмақ тілдерінде цэцэн, сэсэ(н), цэцә сөзінің «данышпан, ақылгөй, дана, тапқыр» деген мағыналармен қатар «мерген», дәл тигізетін, дәл басатын деген де мағынасы бар. Чечен, сасан сөзінің бұл мағыналары алтай, якут, тува тілдерінде де кездеседі…» (Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы, 1966. 222 б.). Тіршілік көзі мал бағу немесе егін егу сынды көз алдындағы шаруашылықты жүргізумен емес, күнделікті ішіп-жемін табиғаттан айыратын, жолының болу-болмауы бұлыңғыр, кездейсоқтыққа толы, сәттілікке байланысты болып келетін аңшылық кәсібімен айналысатын қауымда тылсым күштерге сену, содан сұрау, соның қалауына сәйкес әрекеттер жасау өзекті болды. Дәл осындай табиғатпен бетпе-бет келген, азық-түліктің артық қоры жоқ, ертеңгі күнге аман жетудің өзі екіталай жағдайда тылсым күштерден көмек сұрау, солардың рахымына ие болу аса маңызды еді де, осыған орай сан қилы жөн-жоралғылардың жасалғандығы айтылады. Ал осы жоралғыны жүргізетін кәсіби маманның ғайыптан хабар алатын, сөзбен келістіріп екі дүние иелерінің де көңілінен шығатындай ділмарлығы болуы қажет саналды.
Атап өткеніміздей, адамдардың наным-сенімі мен таным-түсінігі нәтижесінде осындай жөн-жосықтың болғандығы және ондай жоралғыны сөзге жетік, тілге шебер айтулы сөз зергерінің жүзеге асырып отырғаны белгілі болып отыр. Ал дәл осы шараның ұйтқысы болған, ғайыптан хабар алуға қабілетті, жаратылысы бөлек, тылсым иелеріне айтқанын істете алатын, ауызекі сөйлеудің хас шебері ерекше жанды – шешен деп атаған деген ойға жетелейді.
Осылайша «шешен» сөзі өзара қоян-қолтық араласып жатқан негізгі кәсіптері, күнкөріс көзі аңшылықпен байланысты сібір-алтайлық түрік-монғол тайпаларында пайда болып, сол қауымда өзектілігін жоғалтпаған деген қорытынды жасауға болады. Көпшілікке ұқсамайтын ерекше рухани тұлғаның бұл атауы ежелден аңшылық ортада қолданылып келген де, кәсібі мал және егін егумен байланысты ортаазиялық түркілік қауымда бұл сөз айтылмаған. Тек кейін Шыңғысхан жорықтары кезіндегі араласу, біте қайнасу нәтижесінде қолданысқа еніп, мағынасы біршама тұрақтаған. Себебі, өз заманындағы әрбір түрік сөзіне, атақ-дәрежелерден бастап кісі есімдеріне дейін мұқият саралап, назардан тыс қалдырмаған ХІ ғасырдағы М.Қашғаридің «Диуани лұғатында» «шешен» сөзі кездеспейді. Ауызекі сөйлеу үдерісіне, ділмарлыққа қатысты ондаған сөздер қолданылады, әйтседе дәл «шешен» «цецен», «сосон» үлгісіндегі сөздер еш жерінде аталмайды. «Өткір тілді», «ділмар» деген мағынаға қатысты түріктер «силик ер» (Махмуд ал-Кашкари. Диван Лугат ат-Турк. Пер. З-А.Ауэзовой – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. 1288 с.369с.) деген атауды қолданатынын айтады. Демек, «түркімен, қыпшақ, оғыз түріктерін аралап, деректер жинадым» деп М.Қашғаридің өзі атап өткендей, ол қауымдарда «шешен» сөзі ХІ ғасырда қолданыста болмаған, бұл атау тек бір жарым ғасырдан кейін, түркі-моңғолдық Шыңғысхан жасақтарымен бірге қолданысқа енген. Ш.Уәлихановта да осы арнаға саятын ойлар ашық айтылады. Ол былай дейді: «Қазақтар қолданатын «шешен» сөзінің түп-төркіні – дана, ақылды деген мағынаны білдіреді. Бұл көне моңғол сөзі, ерте заманда да дәп қазіргі қазақтар қолданып жүрген мағынада, аз ғана дыбыстық өзгерісте айтылған. Солтүстік моңғолдар – халқастар соцен, сэцэнь деп те айтады» (Ш.Уәлиханов. Таңдамалы. – Алматы: «Жазушы». 1985 ж. 119 бет). Демек, бірнеше тілді еркін меңгерген, тілдің өзгеру заңдылықтарынан және көне тарихи жәдігерлерді жинастырудан хабары бар Ш.Уәлиханов бұл сөздің шығу төркінін, мағыналық астарын тап басып отыр. Сондай-ақ, ғалым «көне моңғол сөзі» деген маңызды пікірді әдейі ескертеді.
Ең соңғы 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» «ШЕШЕН. 1.Сөзге ағып тұрған, қызыл тілді, тілге жүйрік адам; 2. (лат. оrator) Шаршы топ алдында тапқырлық танытып, нанымды, шебер сөйлеуші адам; 3. Би, ділмар» (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. XV том. 828 б. 356 б.) деген түсінік беріледі. Бұл түсініктемелер мен тұжырымдардың барлығы да ШЕШЕН сөзінің түрлі тарихи кезеңдердегі сан алуан мағыналарының көмескіленіп, тек бүгінгі таңдағы қолданыстағы мағынасына орай беріліп отырған нұсқалары.
РЕДАКЦИЯДАН: Аталған мақаланың авторы, филология ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Мамай АХЕТ мырза. “Қала мен Дала” газеті қазақтың ән-би, шешендік өнерін зерттеуге қомақты үлес қосқан азаматты ердің жасы 50-ге толуымен құттықтайды.