Эндокриндік жүйенің дамуы Эндокриндік жүйе



бет1/3
Дата08.04.2023
өлшемі30.58 Kb.
#471921
түріҚұрамы
  1   2   3
9 Эндокриндік жүйенің дамуы


Эндокриндік жүйенің дамуы
Эндокриндік жүйе — ағзаның гуморальды реттелуінде маңызды рөл атқарады. Бұл жерде гуморальды реттелу дегеніміз — қанның құрамындағы гормондар және минералдық заттардың әсерлері арқылы организм қызметінің реттелуі. Ол ағзаның ішкі ортасына арнаулы биологиялық белсенді заттарды бөліп шығарады. Ішкі секреция бездері шығарған заттар гормон деп аталады. Бездер бөлген гормондар қанның ағысымен ішкі мүшелерге және мүшелер жүйелеріне келіп, олардың жұмысына әсер етеді.
Организмде бездерді үш топқа бөледі:

  1. Сыртқы секреция бездері (бауыр, сілекей, ұйқы және ішек бездері);

  2. Ішкі секреция бездері (гипофиз, эпифиз, қалқанша без, қалқанша маңы бездері, тимус, бүйрек үсті бездері);

  3. Аралас секреция бездері (жыныс бездері, ұйқы безі).

Эндокриндік бездердің (гректің endon — ішкі, сrіnео — бөлемін немесе шығарамын) сөлін шығаратын өзегі жоқ, без жасушалары қан және лимфа капиллярларымен өте жиі торланған, сондықтан без өнімдері тікелей осы тамырларға өтеді.


Эндокринология ішкі сөлініс бездердің физиологиясы мен патологиясы ғылым ретінде XIX ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан. Бұл бағыттағы ғылыми зерттеулердің негізін А.Бертольд салды. Ол еркек жануарлардың жыныс бездерін сылып алып тастағанда негізгі және қосымша жыныс белгілерінің өзгеріп, ал бұл безді қайтадан денесіне орнатқанда, оның жағдайы айтарлықтай жақсаратынын анықтады.
Кейін, әсіресе осы ғасырдың 50-90 жылдары эндокриндік жүйенің физологиясы мен патологиясы бойынша көптеген тәжірибелік және клиникалық мағлұматгар жиналды. Оған қоса гормондардың химиялық табиғаты анықталып, әсер ету тетіктері ашылды.
Кейбір зерттеушілер бұл бездердің организм қызметін реттеудегі орнын шектен тыс көтерген, тіпті оларды жеке автономды реттеуші жүйеге жатқызған. Эндокриндік бездер жүйесін орталық жүйке жүйесінен жоғары құрылым ретінде, ағзалар мен олардың жүйелерінің, соның ішінде орталық жүйке жүйесінің де негізгі реттеушісі ретінде қарастырған.
Шын мәнісінде олай болмай шықты. Негізгі ғылыми мәліметтерге қарағанда, ішкі сөлініс бездерімен олардың әртүрлі гормондарының әсері организмнің қызметін жүйелік гуморальдық реттеу жүйесінің бір ғана бөлімі болып шықты. Бұл реттеу жолының негізгісі — жүйке жүйесі. Өйткені ол көп тарапты, арнайы маманданған және әр бөлімінің өз орны, маңызы бар жүйеге жатады. Оның рефлекстік доғасының барлық бөлімдерінің жоғары дәрежедегі қозғыштығы, жүйке серпіністерінің жылдамдығы мен анық бағытталуы т. б. морфоәрекеттік ерекшеліктері бұған дәлел.
Қазіргі кезде эндокриндік бездердің секрециялық қызметіне орталық жүйке жүйесінің барлық бөлімдерінің әсері (ми сыңарларының қыртыстары, гипоталамус, лимбия жүйесі т.б. бөлімдері) әр дәрежеде зерттеліп анықталып отыр. Олардың ішінде гипоталамус ерекше орын алады.
Гипофизбен гипоталамустың арасындағы жүйкелік-гуморальдық байланыс екеуінің атқаратын қызметтерінің бір екенін дәлелдейді. Гипоталамустық супраоптикалық және паравентрикулярлық нейрондар аксондары гипофиз аяқшалары арқылы оның артқы бөліміне өтеді. Гипоталамустың аталған ядролары нейросекрециялық қызмет атқарады, яғни олар түрлі нейросекрециялық гормон тәріздес заттар түзеді. Олардың жүйке талшықтары арқылы бөлінетіндігі нейрогистологиялық, физиологиялық және биохимиялық әдістермен дәлелденген. Нейрогипофиздің гормондары белок — нейрофизинмен қосылыста болып, қанға өткенде бұл байланыстан босайды.
Гипоталамустың түзетін заттары гормон емес, прогормон болып саналады. Гипофиздің артқы бөлімінде олар әбден жетіліп гормонға айналады, яғни гипофиздің артқы бөлімі мен гипоталамус біртұтас құрылымдық және әрекеттік құрылым болып саналады. Гипофиздің алдыңғы және ортаңғы бөлімдері гипоталамуспен қан тамырлары арқылы, яғни гуморалды жолмен байланысады. Виллизи шеңберінен тарайтын жоғарғы гипофиз артериясы алдымен ілмектер мен түйіндерден тұратын алғашқы капиллярлы торды түзеді. Бұл торға гипоталамустың нейросекрециялық жасушалары келіп, ұштары нейрокапиллярлық түйіспелер түзетін жүйкелік тор жасайды.
Бұл түйіспелер арқылы қанға нейросекрециялық (стимуляторлар) әсер етушілер шығады.
Қан капиллярлары 10-20-дан қуыс вена тамырларына құйылады. Олар гипофиз сабағы арқылы оның алдыңғы бөліміне өтіп, екінші капилляр торын құрады. Соның арқасында гуморальдық стимуляторлар без тіндеріне тікелей әсер етуге мүмкіндік алады.
Гипоталамустың нейросекрециялық жасушаларынан гипофиздің алдыңғы бөліміне босатушы факторлар (ағыл. release — фактор) (кортикотропин босатушы, тиротропин босатушы, фолликулотропин босатушы, соматотропин босатушы, лютеотропин) өтеді. Олар соматотропин, АКТГ, ГТГ, ТТГ т.б. осы сияқты аденогипофиз гормондарының пайда болып бөлінуін қамтамасыз етеді.
Гипоталамус жүйке жүйесінің бөлігі. Мұнда жүйкелік реттеу эндокриндік реттеуге ауысады. Гипоталамус ядроларының нейрондары бөліп шығаратын нейропептидтер либерин және статин деп аталады.
Соңғы кездегі химиялық зерттеулердің нәтижесінде гипоталамуста полипептидтерден құралған бірсыпыра биологаялық белсенді заттар түзілетіні анықталды. Олардың әр қайсысы гипофиздің алдыңғы және аралық бөлімдерінде белгілі бір гормонның түзілу жылдамдығына әсер етеді. Либерин (лат. liber — бос деген мағынада) босатушы, күшейтуші, ал статин — тоқтатушы, тежеуші (ағыл. state — тежеу) факторлар. Қазіргі кезде 7 либерин мен 3 статин анықталып отыр.
Либериндер тобына кортиколиберин, тиролиберин, люлиберин, фоллилиберин, соматолиберин, меланолиберин және пролактолиберин жатады.
Сәйкес үш гормондардың шығуын тежейтін статиндер тобына соматостатин, меланостатин және пролактостатин жатады. Түрлі либериндер мен статиндердің сөлініссы өздеріне сәйкес қандағы гормондарға байланысты және гормондар реттейтін үрдістердің сипаты мен түріне байланысты.
Орталық жүйке жүйесінің ішкі сөлініс бездерге әсері вегетативтік жүйке жүйесінің талшықтары мен гипоталамус — гипофиз жүйесі арқылы іске асады.
Бұл әрекеттік жүйенің болуы да тұтасқан екі реттеу тетіктері — жүйкелік және гуморальдық тетіктер бар екенін дәлелдейді. Ішкі сөлініс бездерінде кең көлемде өзін-өзі реттеу үрдісі жүреді, қызметтердың өзін-өзі реттеуі осы екі реттеуші тетіктерінің қызметінің үйлесімділігіне байланысты. Гормондардың түзіліп, қанға өтуінің маңызды себептері — реттелетін жүйелермен үрдістердің өзіндік қалпы болып келеді.
Мысалы, қандағы кальцийдің (Са2+) өзгеруі қалқанша және қалқансерік бездерінің гормондарының шығуын реттейді. Ал қандағы қанттың мөлшері ұйқы безінің инсулинді және бірқатар инсулинге қарсы гормондарды шығаруға әсер етеді. Тироксин, глюкокортикоидтар мөлшеріне лайық гипофиздің троптық гармондары түзіледі.
Сонымен бездер мен олар реттеуге қатысатын ағзалар қызметі арасында екі жақты — тура және кері байланыс бар. Солардың арқасында реттеуші тек қана реттелетін үрдістерге әсер етіп қоймай, ондағы өзгерістер бездердің қызметіне әсер етеді. Өзіндік реттелуде қан тамырларының қабырғасында, тіндерде және гипоталамустың өзінде орналасқан арнайы рецепторлардың маңызы күшті. Гипоталамуста баро-, термо-, хемо-, осмо- және глюко-рецепторлар орналасатыны анықталды. Олар гомеостаздың түрлі өзгерістерін сезгіш келеді. Тіпті гормондар мөлшерлерінің өзгерістерін сезетін рецепторлары да бар деген болжамдар да кездеседі.
Түрлі рецепторлар мен сөліністік жүйкелердің гипоталамуспен байланыстығының барлық бездерде болуы олардың қызметінің рефлексті түрде өзіндік реттелуін қамтамасыз етеді. Мысалы, Na+ мөлшерінің артуы альдостеронның бөлінуін рефлекс арқылы тежейді, сөйтіп артық Na+ несеп құрамында сыртқа шығарылады.
Қандағы Са++ мөлшері артқанда қалқансерік безінің паратгормон бөлуі тежеледі, ал тирокальцитонин артады. Тироксин мөлшері көбейгенде гипофиздің тиреотропин шығаруын тежейді. Глюкокортикоидтар мөлшерінің көбеюі алдыңғы гипофиздің адренокортикотропинді шығаруын тежейді.
Өзіндік реттелу гипоталамус арқылы да, тікелей гуморальдық әсерлердің ішкі сөлініс бездерге әсері арқылы да орындалады.
Ішкі сөлініс бездердің өзіндік реттелуінің көбінесе ішкі ортаның -гомеостаздың — тұрақтылығын сақтауында мадызы зор. Қандай да болмасын организмдегі өзіндік реттелу жүйке жүйесінің қатысуымен жүреді. Ол өзін-өзі реттеуші жүйелердің қызметін сыртқы ортаның жағдайларына бейімдейді.
Организмнің бейімделу әсерленістерінде жағымсыз жағдайларға, зиянды экстремалді әсерлерге қарсы тұру әсерленістерінде гипофиз-адренал жүйесінің маңызы зор.
Организмнің бейімділігі мен ішкі сөлініс бездерінің қарым-қатынасы канадалық ірі физиолог дәрігер, эндокринолог Ганс Сельенің лабораториясында көп зерттелді. Барлық зиянды, қалыптан тыс төтенше әсерлерді Г.Селье стрессор деп атаған (ағыл. stress — зорлану деген мағынада).
Стрессорларға организмнің зорлануын, яғни стресті тудыратын көптеген агенттер жатады.
Химиялық немесе бактериялық интоксикация, шектен тыс тоңу, қызу, аштық, өте ауыр дене еңбегі, психикалық әсерлер гипоксия, организмнің ішкі жүйелер қызметтерінің бұзылуы т.б. стрессор болуы мүмкін. Тіпті орта шамадағы ауру, күшті эмоциялық қозу (жағымды, жағымсыз болсын) да стресс тудыруы мүмкін. Жағымды стресстер эвстресс, жағымсыздары дистресс деп атапады. Стресс тетіктеріне қамшымен қатты ұру және құшырланып сүю де есептеледі.
Г.Селье мен оның шәкірттерінің зерттеулері бойынша, барлық стрессорлар алғашқы кезде біркелкі жалпы әсерленіс тудырады: ең алдымен адренокортикоидтардың гиперсекрециясы (әсіресе глюкокортикоидтардың) пайда болады. Себебі гипофизде АКТГ көп өндіріледі. Оған қоса айырша бездің гиперқызметы байқалады. Лимфа түйіндері мен көкбауырдың салмағы мен көлемі азаяды, қанда лимфоциттер мен эозинофилдер азаяды (эозинопения). Соңғы екі өзгеріс Торн зерттеуі арқылы оңай анықталады. Мұндай организмнің арнайы емес әсерленісін жалпы адаптациялық синдром деп атайды. Бұл зиянкес әсерлерге организмнің қарсы тұру қабілетін күшейтеді.
Бүйрекүсті бездерінің қандай да болмасын әсерге гиперсекрециясымен жауап беруін Г.Селье алғашқы стресс әсерленісі яғни «қобалжу әсерленісі» деп атаған. Бұл әсерленістен кейін стрестің келесі кезеңі резистендігі (төзімділігі) яғни бейімделуі басталады да бүйрекүсті бездері гормондарының сөлінісі қалпына келеді.
Сонымен бүйрекүсті безінің мұндай әсерленісі арқылы организмнің компенсация (өтеміс) тетіктері іске қосылады да, ол өзгерген жағдайға бейімделеді. Глюкокортикоидтар мен адреналиннің физиологиялық мол әсері бейімдеу үрдістерін қалыптастырады.
Адаптациялық синдромның негізі — бүйрекүсті бездерінің белсенділігінің іске қосылуы жүйкелік механизмнен гөрі гипофиздің АКТГ-ның қанға шығатын мөлшеріне байланысты.
Гипофизэктомиядан (гипофизді алып тастағаннан) кейін жануарларда адаптациялық синдром дамымайды. Ал гилофизі сақталған, бірақ бүйрекүсті безінің жүйкелері кесілген, яғни оны кесіп алып миға қондырған жануарларда «қобалжу әсерленісі» байқалады.
Бүйрекүсті бездерінің кортикоидты гормондары организмнің төзімділігін қалай күшейтетіні әлі де белгісіз. Мүмкін бүйрекүсті безінің адренокортикоидты гормоны жасушада энергияның жиналуы мен босауына әсер етіп, жасушалар мен ағзалардың жұмыс қабілетін және энергия тепе-теңдігіне ықпалын тигізетін шығар.
Егер зиянкес жағдай әсерін жалғастыра берсе және оның күші үдесе, стрестің 3-і кезеңі «әлсіреу кезеңі» басталады да, бүйрекүсті бездері қажетті мөлшерде глюкокортикоидтарды (кейде бұларды бейімдеуші гормон дейді) өндіруді тоқтатады. Мұндайда организмнің жағдайы мүлде нашарлап кетеді.
Организмнің бейімделу әсерленістерін белсендіруге басқа да ішкі сөлініс бездері қатысады. Бұл бездердің қызметінде өзара байланыс айтарлықтай орын алады. Жалпы алғанда ағзаға, оның қандай да болмасын қызметіне тек қана бір без әсер етіп коймайды. Қалыпты жағдайда бұл бездердің қызметіндегі өзара байланысына қарай бірнеше без қатысады. Кейбір бездер бір-бірімен антогонистік байланыста болады (мысалы, көмірсуларға адреналин мен инсулиннің әсері немесе паратгормон мен тирокальцитониннің Са++-ға әсері т.б.).
Синергист бездер де бар. Олардың гормондары бір бағытта әсер етеді. Мысалы, көмірсу алмасуына адреналин мен глюкогон, глюкокортикоидтар тағы басқа гормондар әсері бір бағытта жүреді де қандағы қантты көбейтіп гипергликемия тудырады.
Гипоталамус-гипофиз жүйесінде сонғы жылдары нейрондарды реттейтін пептидтер тобы ашылды. Олар эндорфин, энкефалин, нейротензин, Р заты және басқа қосымша гормондық жүйелер.
Қазіргі кезде гастро-интестиналды гормондар (ГИГ) – асқорыту жолының көп гормондар тобы зерттеліп жатыр.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет