Әож 631. 459: 631. 61 А. М. Нұрғызарынов, Е. А. Назаров, А. Ж. Шарипова



Дата02.07.2016
өлшемі59.5 Kb.
#173040
ӘОЖ 631.459:631.61

А.М. Нұрғызарынов,

Е.А.Назаров,

А.Ж. Шарипова,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.

Қызылорда қаласы.
Арал өңірін көгалдандырудың өзекті мәселелері
Қоршаған ортаны құрайтын құрамдық бөліктердің ішінде өсімдік әлемі ерекше орын алады. Жер бетінде тірі әлемді қалыптастырып, ұстап тұрған өзегі сол өсімдік. Ағашы мен бұтасы, көпжылдық пен бір жылдық шөптері, саңырауқұлағы мен балдырлары, микроорганизмдері, оларды паналайтын жан-жануарлары бар өте күрделі қауымдастық құрайтын олар, кез-келген аймақты қоршаған ортаның жай-күйі қандай екенін көрсететін өлшем құралы іспеттес. Өсімдік әлемінің ішінде орманның орны ерекше, өйткені, жалпы өсімдік қауымдастығы жасайтын фитомассаның 82%-ін орман ағаштары береді. Қазақстан аумағында орман аз және оның көлемі әр облыстың аумағында бірдей емес. Орманы ең көбі шығыс Қазақстан облысында Республикалық аумақтан алғанда 14,2% болса, Атырау облысының жерінде небары 0,3%-дан аспайды. Ежелден жері орманға кенде Қызылорда облысы. Мұнда орманға саналатын төл ағаштарының көпшілігі қатты жапырақты топқа жататын кәдімгі сексеуіл (Haloxulon persicum) мен ығалды жерлерде өсетін сиректеу терек, тал, қарағаш, тораңғыл және жиделі тоғай.

Сексеуіл өзен алқаптарынан шалғай жатқан субаэралдық аймақтағы саздақ жазықтарда, төбелер мен шабыр құмдардың етегін алып жатады. Шөлейт аймақтың биологиялық өнімділігін көтеретін сексеуіл орманы. Ол бір маусымда гектарына 5,0 центнерге дейін құрамында каротин, қант және басқа биологиялық белсенді заттары мол органикалық зат жинайды. Сексеуіл орманның арасында қуаңшылық жерге бейімделген мал азықтық майда шөп өседі, қыста малға ықтасын болады. Бұрын шығыс Арал өңірінде сексеуілі мен гидроморф жерде өсетін тоғайы бар, жалпы орманға саналатын ағашты жердің көлемі 2,9 млн гектардан артығырақ болды. Соның 2,5 млн гектары сексеуілдің үлесіне тиетін еді. Сонан қазір қалып тұрғаны 2,0 млн. гектардан сәл асады, оның 1751,0 мың гектары сексеуіл (87,06%) және 260,0 мың гектары (12,94%) ығалды жерлердегі жиде-бұталы тоғай. Соңғы жылдары өңірдің жаппай қуаңдауына байланысты етек алған экологиялық жайсыз құбылыс табиғатты аздырып, көгал мен орман-тоғайға орасан ауыр зардабын тигізді.

Сонымен бірге Арал теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі құрғаған орнында пайда болған ауқымы (21,4 мың км2) үлкен сусыз дала өңірдің ауыр экологиялық жағдайын бұрынғыдан әлде қайда күшейтіп жіберді. Теңіз тартылған алғашқы кезеңде оның құрғаған орнынан желмен көтерілген тұзды шаң бүкіл тірі табиғатқа қасірет әкелді [1,2]. Тұзды шаңның таралуын тоқтату мақсатында Қазақстан Республикасы арнайы бағдарлама қабылдап, оны Қазақстан ормандары бағдарламасына кіргізді. Сол бағдарлама аясында 1994-2010 жылдарда Арал өңірінде экологиялық жағдайды тұрақтандыру, тұзды шаңның желмен көтерілуін тоқтату және Сырдарияның атыраулық аймағын шөлге айналып кетпес үшін алдын алу мақсатында бір қатар күрделі жұмыстарды орындау қолға алынды. Оны орындау арнайы құрылған проблемалық «Арал» лабораториясына жүктелген болатын. Лаборатория өз кезегінде теңіздің құрғаған жеріне жарамды ағаш-бұталарды анықтап оларды егудің технологиясын және тұқымын дайындады. Сөйтіп, Арал теңізінің құрғаған орнында 20,0 мың гектар жерге орман мелиоративтік жұмыстарын орындауға тиіс болды. Бірақ жұмыстардың орындалуы мардымсыз болды да, 90-шы жылдардың ортасында жылына 1,0 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, жүздеген гектарға оның көшеттері отырғызылып келді. Осы кезге дейін аталмыш мекеме 10,0 мың гектар жерге бұталы алқаптар жасады деген мәлімет бар. Сол кезде оған Германияның техникалық қоғамы белсенді қатысып, едәуір жерге сексеуілдің тұқымын септі және 30 гектар жерге сексеуілдің көшетін дайындайтын тұқымбағын салды. Арал лабораториясының мамандары сексеуіл көшеттерін жүйектеп (борозда) егу әдісін де қолданып жүрді. Бірақ сол көшеттер мен тұқымнан сексеуіл орман болмады. Оның негізгі себебі судың тапшылығы. Бұл өңірде жауатын жауын-шашын өте аз және ол өсімдіктің вегетациясынан тыс кезде жауады (күз, қыс). Сонан грунтте өсімдікке қажетті судың қоры болмайды. Сексеуілдің тұқымын сеуіп, көшетін отырғызу техниканың көмегімен орындалғанда оны орындаушылар техника жүретін саздақ грунтті жазықтарды таңдайды. Ондай телімдерде грунт көп қабатты және ол қабаттар механикалық құрамы әр түрлі шөгінділерден жиналған. Сол себепті, терең қабаттағы ығал жоғары жылжымайды және жауынның суы да грунтке сіңбей тез буланып кетеді. Демек, ондай грунт көбінесе құрғақ тұрады. Сексеуілдің өспейтіні сонан.

Сексеуіл (Haloxylon persicum) шөл даланың ғажайып өсімдігі механикалық құрамы жеңілдеу, қуыстылығы (порозность) жоғары грунт пен құмы қалың телімдерді қалайды. Оның тамыры өте терең бойлап, қабаттағы тұщы судың қорын пайдаланады. Жаздың шыжыған ыстығында құмның беткі қабаты өте қатты қызады, қызған ауа оның арасындағы ірі қуыстар арқылы төмендегі сулы қабатқа жеткенде суды буландырады. Ол бу жоғары көтеріліп, түнгі салқынмен тамшы суға айналады. Сексеуілге керегі сол. Арал теңізінің құрғаған орнында табиғи жолмен өскен сексеуіл ормандары Қарашоқаттан Ұзынқайырға дейін және Қасқақұланның шығыс жағында бар.

Теңіз тартылған алғашқы кезде судан босаған жас грунттың бетінен тұзды шаң желмен көтерілген болатын. Сонан бері өткен 45 жылда теңіздің тартылуы біршама тұрақтанды және грунттың беті әр түрлі болып бекіді. Осы уақыт ішінде қалыпты ырғақпен табиғат өзі өнімді жұмыс істеді. Соның нәтижесінде қыртөбелерде жусан (Atemisia terrae albae), әртүрлі эфемерлер мен қара шөптер, төбелер арасындағы тақырлау жазықтарда бұйырғұн (Anablasis salsa), кебірлерде қарабарқын (Halostachys caspica), жыңғыл (tamarix) және әртүрлі шөптер грунт бетін желдің өтіне берілмейтін етті. Сөйтіп, ауқымы үлкен жусанды, сарсазанды далалар пайда болды. Теңіз орнынан ауқымды бөлігін жауып тұрған сарсазан (Halocnemum strobilaceum). Қасқақұланның шығыс жағындағы жыңғылды жазығының көпшілігінде сарсазаң өте қалың өскен. Оның жобалық жабыны 92-95%, яғни, арасында ашық алаңқайлар кездеспейді. Сарсазан өсетін грунттың ерекшелігі бар. Мұнда грунт өте майда құмлай-алеврит шөгіндіден жиналған. Құрамындағы тұздың көпшілігі тенардит (сусыз натрий сульфаты-Na2So4). Грунттың беті (0-5см) өте майда үлпілдеген тенардит массасы. Соған сарсазанның тұқымы түсіп, араласады. Салқын кезде (күз, қыс) жауған жауын суын тенардит сіңіріп, құрамында 10 молекула суы бар мирабилитке (Na2So4*10H2O) айналады. Сонан грунттың беткі қабатында ылғалдық қоры пайда болады. Ол су оңайлықпен буланбайды, тек жаз ортасында қатты ыстық болғанға дейін. Сол сумен Сарсазанның тұқымы көктейді және оны өсімдіктің өзі де сіңіреді. Сарсазанның қалың өсетін сонан. Сол себепті, жерді жыртып, сарсазанның тұқымын себу нәтиижесіз болды. Ол тек табиғи жолмен ғана тәуір өседі. Ендігі жерде аралдың құрғаған орнын өсімдік жабынымен жабуды табиғат өзі орындайды [3,4].

Қазіргі кезде солтүстік Арал теңізін толтырудың екінші кезеңіне арналған САРАТС-2 жобасы қолға алынды. Жоба солтүстік Арал теңізін табиғи деңгейіне дейін толтыруды, теңіз жағалауындағы құрғап жатқан көлдерді суландыруды және Арал өңірін көгалдандыруды көздейді. Сол жобаның бағдарламасы аясында көгалдандыру жұмыстарын елді-мекендерде, олардың төңірегінде және су көзіне жақын телімдерде жүргізу нәтижесі болады. Оған елді мекендердің тұрғындары түгел қатысатын болады. Тұрғындар бау-бақша, мол азықтық дақылдар, жергілікті жердің табиғатына бейімделген ағаштар мен бұталар егеді. Сонда ғана көгалдандырудың нәтижесі көзге көрінеді. Өңірде адамға және жан-жануарларға жайлы микроклимат қалыптастырады, әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтеруге ықпалын тигізеді. Көгалдандыруды осылай ұйымдастыру нәтижелі болатынын Қазалы ауданы көрсетті. Мұнда аумағы 32 гектар бұрынғы «Ояз бағы» деген телімде тұқымбағы салынды. Онда ағаштардың (тал, терек, сексеуіл, тұя(қылқан жапырақты), арша, мамыргүл, жеміс ағаштары, бұталар) тұқымы себіліп, көшеттері дайындалады. Жыл сайын олардың көшеттері аудан деңгейінде сұранысты толық қамтамасыз етеді. «Ояз бағында» өсірілген көшеттерді теңіз жағалауындағы елді мекендер пайдалануына болады. Демек, Арал өңірінде Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдары орнықты дамуға көшу бағдарламасы аясында тиімді жұмыстар орындауға объективті алғы шарттар қалыптасып отыр.

Мәселенің түйіні:

- Теңіз тартылған алғашқы кезеңде судан шыққан жас грунттың бетінен желмен көтерілген тұзды шаңды тоқтату үшін арнайы бағдарлама жасалып, теңіздің құрғаған орнында сексеуіл егу жұмыстары жүргізілген болатын, бірақ түрлі себептермен күткендей нәтииже бермеді.

- Соңғы жылдарда теңіздің құрғаған орнындағы грунт бетінде тұрақтану процесі жүрді. Әр түрлі телімдерде грунттың механикалық құрамы мен ондағы тұздың концентрациясы мен құрамына байланысты әр түрлі топқа жататын шөп жабыны жетіліп, ауқымы үлкен жусанды, бұйырғұнды, сарсазанды, сексеуілді далалар пайда болды. Саздақ кебірлерде ксерофит бұталар аралас сораңдар мен эфемерлер өсті, ал судан жақында шыққан грунт бетінде қатты қабыршақ пайда болды. Осының бәрі теңіздің құрғаған орнынан тұзды шаңның желмен көрсетілуін тоқтатты. Бұл табиғаттың жасампаздық ісі алдағы уақытта қалыпты ырғақпен жалғаса береді.

- Қазір Арал өңірінде Солтүстік Аралды бөлектеудің екінші кезегін (САРАТС-2) жүзеге асыру қолға алынды. Соған орай өңірді көгалдандыру сол жобаның құрамдас бөлігі ретінде елді мекендерде, солардың төңірегінде және су көзіне жақын телімдерде жүргізілуі тиіс. Сонда жергілікті тұрғындар көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысады, бау-бақша, мал азықтық дақылддар егеді, ағаш-бұталар отырғызылады. Бұл экологиялық және әлеметтік-экономикалық жағынан өте тиімді болмақ.


Әдебиет


1. Антропогенное опустынивание почв Приаралья. Изд. «Наука» Каз.ССР. Алма-ата. 1984 г С. 4-27.

2. Нұрғызарынов А., Шапшанов К. - Арал өңірінде өндірісті экологияландыру (Қызылорда облысы) 2001. Алматы. НЦПФЗОЖ.135-141б.

3. Нұрғызарынов А-Аралдың экологиялық тынысы. «Ғылым» Алматы 2006. 84-95б.

4. Аралдың құрғаған орынындағы жаңа құрлық және оны шаруашылыққа игеру жолдарын зерттеу. 2007-2009 ж.ж Ғылыми есеп Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.


Авторлар

  1. Нұрғызарынов Айжігіт Мамбетұлы - ауыл-шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Қызылорда қаласы, Б.Уалиев көшесі, 22, тел-24-86-45.

  2. Назаров Есенжол Асылбекұлы - т.ғ.к., Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, Қызылорда қаласы. П.Абдрахманов көшесі, 23.

nazarov197514@mail.ru, +7 724 2201874, +7 701 7363289.

  1. Шарипова Акмарал Жунисовна - жаратылыстану ғылымдарының магистірі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің оқытушысы, Қызылорда қаласы. П.Абдрахманов көшесі,86.

Аннотация

За последние годы поверехность осущенного грунта Аральского моря покрылась растительным покровам и на участках, вышедших из воды сравнительно недавно, образовалось твердая корна. На значительной территории образовались полынные, биюргуновые, сарсазановые заросли саксаула. Авторы считают, что озеленение территори Приаралья должно продалжатся в рамках программы проекта РРССАМ-2 в населенных пунктах, вокруг них и на участках, расположенных близко к источникам воды. При этом местные жители будут выращивать овоще-бахчевых, зерновых, кормовых культур и древесно-кустарниковых насаждений.

Аннотация



Соңғы жылдары Арал теңізінің құрғаған орнындағы грунт бетін табиғи жолмен шөп жабыны жауып, тұзды шаңның таралуына тосқауыл қойылды. Авторладың пікірінше бұл жұмыстар мақсатты түрде САРАТС-2 жобасының аясында көгалдандыруды елді мекендерде, олардың төңірегінде, су көздеріне жақын жерлерде ағаш-бұталар егіп, жалғасын табу керек. Бұл жағдайда оны орындауға жергілікті тұрғындар белсенді қатысып, дәнді дақылдар, көкөніс, бақша, жеміс-жидек өсіріп, жасанды шабындық жасауға мүмкіншілік алады.
Annotation

         
 Over the recent years the surface of the dried Aral Sea soil covered with vegetation and in areas that have recently emerged from water, relatively formed solid roots. In significant parts have been formed like wormwood, anabasis salsa, halocnеmum, haloxylon thickets. The authors believe that landscaping the Aral Sea shores should continue within the project "Regulation of Syrdarya River and saving the Aral Sea-2" (RSRNAS-2) near the local settlements, around them and at sites close to water sources. In the meantime, local residents will grow vegetables and melons, grain, forage crops and tree-shrubplantings.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет