ӘӨЖ 82.03: 372.881.111.1
АУДАРМАНЫҢ БАЗАЛЫҚ КУРСЫН ОҚЫТУДЫҢ КЕЙБІР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
ЖҰМАҒҰЛОВА МАРИЯШ ШЫРДАЙҚЫЗЫ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Шетел тілдері және аударма кафедрасы
Қоғам дамуының қазіргі кезеңін халықаралық қатынастың өте қарқынды түрде жүріп, ұлғаюымен тығыз байланыстыра қарастыруға болады.
Бүгінгі таңда көрші елдер ғана емес, бірін-бірі мүлде танымайтын мұхиттар арқылы бөлініп жатқан түрлі континенттер халықтары біртұтас саяси-экономикалық контексте өмір сүруде.
Жаһандану процесі жүріп жатқан кезеңде әлемнің барлық елдерінен мамандарды жинап, адамзат іс-әрекетінің түрлі мәселелеріне арналған конференциялар, симпозиумдар өткізу ешкімді де таңдандырмайды.
Мұның барлығы да ерекше мамандық иелері, тіпті халықаралық байланыс мәселелерін оңтайландыруға өз үлестерін қосып, қамтамасыз етіп жүрген аудармашылар еңбегінсіз іске аспаған болар еді. Аудармашылардың көмегінсіз, сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі түрлі қоғамдық ұйымдардың құрылуы, әріптес мамандар арасында тәжірибе алмасулар, бірнеше ресми тілде жұмыс жасайтын БҰҰ, Еуропалық парламент тәрізді тұрақты ұйымдардың жұмысын көз алдымызға елестету қиын-ақ.
Толассыз жүріп жатқан халықаралық қарым-қатынаста аудармашыларға деген қажеттілік күннен күнге өсе түсуде. Ал бұл қажеттілік әлі де болса толық қанағаттындырылмай келеді.
Республикамыздың жоғарғы оқу орындарында жыл сайын тіларалық қатынас мәселесін қамтамасыз ету үшін кәсіби аудармашыларды дайындайтын жаңа факультеттер, бөлімдер ашылуда.
Еліміздің оқу орындарында аудармашыларды дайындаудың жаңа бағдарламасы құрастырылып, бекітілген.
Соңғы онжылдықта аударма теориясы мен практикасының жалпы және жеке аспектілеріне арналған көптеген басылымдар шығарылды. Әлемнің көптеген елдерінде аудармашылық қызметтің өзекті мәселелеріне арналған пікірталастарды жариялап тұратын арнайы мерзімді басылымдар да бар. Мұнан басқа, аудармашылардың жаңа буынын дайындау ісінде жыл сайын жаңадан шығып жатқан оқу-әдістемелік құралдардың да көмегі зор. Осындай толып жатқан басылымдар ішінде қазақ аудиториясына арналған оқу құралдары өте сирек кездеседі. Дегенмен, қазіргі уақыт талабының міндеттерін ескерген «Фолиант» баспасы К. Юсуптың аударма ісіне арналған үш томдығын ана тілімізде жарыққа шығарып отыр. Жинақтың бірінші кітабында шет елдер мен ТМД елдерінің, екінші кітабында өз еліміздің көркем аударма саласындағы тәжірибесі мен кейбір өзекті мәселелері, ал үшінші кітапта қоғамдық-саяси мәтіндер және ресми құжаттар мен терминдер аудармасының мәселелері қарастырылады. Автор елімізде Тәуел-сіздікке қолымыз жеткен уақыттан бергі кезеңде аударманың өмірлік мән-мағынасы бұрынғыдан бетер жоғарылап, оның күнделікті қажеттілігімізге айналғанын айта келіп: «Аудармашылар қатарын толықтыра әрі нығайта түсу мақсатында алдағы уақытта да ауқымды міндеттерді жүзеге асыруымыз керек. Бұл салада Әлем тілдері университетінде, ҚазМҰУ-де, ЕҰУ-де және басқа жоғары оқу орындарында нысаналы жұмыстар жүргізіліп жатқаны да мәлім. Дегенмен, білім ошақтарындағы кафедралардың бұл саладағы жұмыстарын бүгінгі уақыт талабына сай бұрынғыдан да ширата түскені мәдениетімізге де, әдебиетімізге де құт болары анық. Бұл арада шет тілдерінен сабақ беретін мұғалімдерді ғана емес, өзге жұрттардың құндылықтарын бізге жеткізетін, біздің рухани өремізді өзге жұрттарға таныстыратын тәржімешілер даярлау қолға алынса- қандай игілікті шаруа»,- деп жазады [ 1,17 бет].
Аударма теориясы мен практикасының қайсыбір мәселелеріне арналған басылымдар, аударматану саласында жаңа теориялық жүйелерді ұсынатын монографиялар,мақалалар баршылық болса да,болашақ аудармашыларды аударманың бастапқы курсын оқытуға арналған оқу құралдары жоқтың қасы.
Аударма процесі әдетте кезеңдік принципке сәйкес құрылады. Аударма курсын оқыту бастапқы немесе базалық сатыдан басталады. Мұнан соң студенттер аудармашылық қызметтің күрделірек және мамандандырылған формасы мен түрлерін оқуға көшеді.
Аударманың базалық курсы аудармаға оқытудың бастапқы кезеңі ретінде танылады. Тиісті ресми бағдарламаға сәйкес бұл курс болашақ аудармашыларды дайындаудың бірінші сатысы болып табылады және осы кезеңде аудармаға да, аудармашылық қызметке де оқытудың берік негізі қалануы керек.
Базалық курсты қалыптастыратын фундамент, біріншіден, аударма, аудармашылық қызмет болса, екіншіден, аудармашылық дағдылар туралы білім негізін беру.
Аударма- адамзаттың тіларалық, сондықтан да жалпы тілдік іс-әрекетінің ең жоғарғы көріністерінің бірі деген қағида аксиомаға айналғалы қашан. Осыған орай, студент немесе оқушы аударманың базалық курсына белгілі бір білім деңгейімен келу керек. Бір тілден екінші тілге аударуды оқыту үшін білім алушы ең кем дегенде сол тілдерді жеткілікті түрде меңгеруге міндетті. Сондай-ақ, ол өзінің аудармашылық қызметінде қолданатын тілдер елінің, халқының мәдениетінен де хабардар болу керек. Егер аударманың базалық курсы тақырыптық-кәсіби саланы қамтыса, студент екі тілде де сол салаға қатысты терминдерді және сол жүйенің басқа да лексика-синтаксистік бірліктерін білу қажеттілігі туады.
Аударманың базалық курсын оқыту барысында студенттің тілдік және жалпымәдени танымына қатысты төмендегідей мәселелер келіп туындайды:
-
лингвистикалық тұрғыдан алып қарағанда студент екі тілдің де грамматикасын жете білуі керек;
-
лексикадан тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынаста жиі қолданылатын түрлі идиомалық оралымдарды қолданып,өз ойын кедергісіз жеткізе алатындай көлемдегі сөздік қоры болуы шарт;
-
білім алушы, сондай-ақ, бір тілде жазылған, бірақ түрлі функционалды стильге жататын мәтіндерді тиісті деңгейде ажырата білуге міндетті;
-
сонымен қатар, студент контрастивті (салыстырмалы) лингвистика саласынан да мәлімет алып, тілдердегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар, аударылатын жұп тілдердің әлемнің тілдік бейнесіндегі ерекшеліктері жайлы хабардар болуы шарт.
Болашақ аудармашының «бастапқы» құзырлылығына сөздік қорын өз бетінше байытып, лингвомәдени ақпаратпен қамтамасыз етілуін де жатқызуға болады.
Білім алушыларға қажетті теориялық білім беретін және практикалық дағдыларын қалыптастыратын екі бөлімнен құралған аударманың базалық курсының аударма теориясының дәрістер курсынан айырмашылығы- теория мен практиканың арасын байланыстыра отырып, мамандыққа кіріспе пәнінен студенттерге ұсынылатын әдебиетті айқындайды. Әдебиет арнайы кәсіби бағытта тереңдетілген болмаса да, аудармашылық қызмет жайлы негізгі мәліметтерді қамтуы керек. Мұндай оқу құралдары шартты-теориялық мазмұнда болып, аударма теориясының материалдары аз қамтылса, ал оны практика жүзінде қолдануға арналған тақырыптарға көп көңіл бөлінеді. Кітап авторлары өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, аудармашылық кызмет пен аударматану мәселелерін терең түсінуге дайындығы әлде де аз оқырман аудиториясының пәнге деген қызығушылығын арттырады. Осы мақсатта Ресей, Украин баспаларынан жарық көрген Р.К. Миньяр-Белоручевтің [2] , Г.Э. Мирамның [3], А.Чужакин мен П.Палажченконың [4] оқу құралдары ұсынылса, мұнан соң іргелі теориялық және практикалық кәсіби бағыттағы тақырыптар негізінде қысқа курстарды қамтыған А.Л.Бурактың [5], Д.И.Ермоловичтің [6], Д.С. Мухортовтың [7] еңбектерімен жұмыс істеуге болады.
Ұсынылатын әдіс негізінде аударманы интегралды тұрғыдан оқыту мәселесі жатыр, ал мүның мәні- аударманың лексика-семантикалық, синтаксистік және прагматикалық ерекшеліктерін бір мезгілде теория арқылы игеріп, алған білімді аударма процесінде қолдана білу болып табылады.
Аударманың базалық курсы аясында білім алушылардың бойында қалыптастыратын практикалық дағдыларға қатысты төмендегі мәселелерді ескеру маңызды:
- жазбаша аударма практикасы ауызша аудармадан бұрын оқытылғаны дұрыс, өйткені түпнұсқаны қабылдау тұрғысынан ол оңайлау болады. Аударма курсы ана тілі мен шетел тілінің ауызша және жазбаша сөйлеу курстарына негізделе отырып, студенттердің тіл ұстарту әрекеттерін қиындатып жібереді. Мәтіндерді оқу тыңдау дағдысын қалыптастырудан әлдеқайда жеңіл, дегенмен, жазбаша аударма тыңдау дағдысынан да қиын, өйткені жазбаша аудармада ұсынылатын мәтінді жай ғана қабылдап, өз көзқарасын білдіру емес, сол мәтінді шетел тілінде қалпына келтіріп, өңдеу қажет. Ал ауызша аудармада түпнұсқа мәтінін есте сақтау қажеттілігі де туады. Сөйтіп, студенттің еркін сөйлеуге мүмкіндігі болмай, тек түпнұсқаға «таңылған» болып шығады. Шетел тілінің ауызша және жазбаша сөйлеу практикасы сабақтарында студенттің сөйлеу дағдысына көп көңіл бөлінсе, ауызша аудармада да есте сақтау қабілетін дамыту, тіл мен сөйлеу шеберлігі талап етіледі. Ал оқытуды ауызша аудармадан бастасақ, біріншіден, есте сақтау дағдысы мұндай жұмысты бірден атқара алмайды, оны алдымен машықтандыру керек, екіншіден, түпнұсқаны тұтастай немесе бөліп қайталауға тура келеді, ал мұның өзі сабақ барысында түрленіп отыратын аудармашылық іс-әрекеттің шынайы процесін бұрмалайды. Осы бір әдістемелік мәселені шешу үшін «қарапайымнан күрделіге» принципін ұстанып, оқытуды жазбаша аудармадан бастау керек. Мұндай жағдайда білім алушы түпнұсқаны немесе оның бөліктерін бірнеше рет қарап шығу мүмкіндігіне ие болады, ал ауызша аудармада мұндай мүмкіндіктерге жол берілмейді;
- аударманы оқытудың бастапқы кезеңінде тақырыптық оқытудан бас тарту керек, өйткені аударма сабақтары экономика, банк ісі, заңтану сабақтарына айналып кетуі мүмкін. Алғашқы уақытта аудармашылық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған сөздік-минимумдармен жұмыс істеп, сабақты лингвистикалық мәтіндер негізінде құрған дұрыс болады. Сөйтіп, жаңа лексика мен аудармаға қатысты жаңа ұғымдармен таныстыру мәселесі шешіледі;
- негізгі лексика-грамматикалық, синтаксистік және стилистикалық бірліктердің бір тілден екінші тілге аударылу жолдарын айқындап отыру қажет. Бұл жағдайда шетел тілінен ана тіліне аудару мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Әрине, керісінше ана тілінен шетел тіліне аудару тапсырмалары да қамтылып отыру міндетті;
- студенттерді, біріншіден, нақты тілдік материал негізінде аудармадағы трансформация түрлерін қолдана отырып аударма жасауға, екіншіден, сөздіктермен үнемі және дұрыс жұмыс істей білуге үйрету керек;
- ең басты әдістемелік міндеттердің бірі- білім алушылардың өз ана тілдерінде және шетел тілінде толық мәтін түріндегі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру қажет. Ғылыми ортаға тән мәтін түрлерін (реферат, рецензия) анықтай отырып, студенттердің өздеріне таныс лексика- грамматикалық, синтаксистік және стилистикалық бірліктер негізінде клише фразаларды қолдануға үйрету қажет;
- оқытушылық қызметтегі келесі маңызды аспектілердің бірі – білім алушының өзінің немесе өзгенің аудармасын өңдей отырып, сол аудармаларға сыни тұрғыдан қарау дағдысын қалыптастыру болып табылады;
- білім алушылардың аудармада түпнұсқа вариантын сақтай білу іскерліктерін дамыту қажет, яғни олар түпнұсқа мәтінінің негізгі мазмұнына қарай аудармада сақталуы міндетті маңызды элементті анықтап, түпнұсқа мағынасын беруде қолданылуы тиіс элементтерден ажырата білуі тиіс.
Міне, аударманың базалық курсын жүргізудегі маңызды аспектілер жоғарыда айтылғандар болып табылады. Аталмыш аспектілер курс барысында басшылыққа алынбаса, әдістемелік және әдіснамалық қателіктерге соқтыруы мүмкін және болашақ аудармашы мамандарды даярлау процесінде кері әсерін де тигізеді. Базалық курстан соң кәсіби арнайы бағыттағы тақырыпты- модульдік (көркем аударма, ғылыми-техникалық мәтіндер, заң, экономикалық терминдер аудармасы) жазбаша аударма және ауызша аударма курстары басталады.
Қолданылған әдебиет
-
Юсуп К. Көркем аударма: тәжірибе мен тағылым. Екінші кітап. –Астана: Фолиант, 2011ж.
-
Миньяр-Белоручев Р.К. Как стать переводчиком? М., 1999.
-
Мирам Г.Э. Профессия: переводчик. Киев, 1999.
-
Чужакин А., Палажченко П. Мир перевода, или Вечный поиск взаимопонимания. М., 1997.
-
Бурак А.Л. Введение в практику письменного перевода с русского языка на английский. М., 2002.
-
Ермолович Д.И. Основы профессионального перевода. М., 1996.
-
Мухортов Д.С. Практика перевода: английский-русский. Учебное пособие по теории и практике перевода. М.: Книжный дом «Либроком», 2009.-256с.
-
Тюленев С.В. Теория перевода: Учебное пособие. – М.: Гардарики, 2004-336с.
Резюме
В статье рассматривается методическая сущность преподавания перевода на начальном этапе обучения как базового курса перевода. В соответствующей официальной программе базовый курс является первой стадией подготовки будущих переводчиков и должен заложить прочный фундамент для дальнейшего обучения как переводу, так и собственной деятельности молодого специалиста-переводчика. Фундамент, который должен быть заложен базовым курсом- это, во-первых, знаний о переводе, переводческой деятельности, и, во-вторых, переводческих навыков.
Summary
The systematic essence of translation teaching in the intial stage as the basic course of translation has been investigated in the article. According to the curriculum the basic translation is the first stage in preparing future translators and it must lay the stable foundation for further teaching of basic translation and proper activities of new specialists in the field of translation and interpreting.
Тіркеу формасы
Тегі, аты-жөні Жұмағұлова Марияш Шырдайқызы
Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Мекеме атауы, лауазымы Қорқыт ата атындағы ҚМУ, кафедра меңгерушісі
Мекен –жайы (индекс) 120014 Қызылорда, Қаратаев көшесі №33
Телефон 8(7242)240703
E-mail mariyash_shj mail.ru
Мақала тақырыбы Аударманың базалық курсын оқытудың кейбір өзекті мәселелері
Секция Мамандарды кәсіптік даярлау және қайта даярлау: жағдайы және даму болашағы
Керекті техникалық құралдар
Қонақ үй орындарын бекіту қажеттігі жоқ
Достарыңызбен бөлісу: |