Екінші бөлімше «Қазақстан өнеркәсібін игеруге қатысты патшалық саясат» деп аталады. Патшалық Ресей әр түрлі халықтарды отарлық қанау мен оның экономикасына негізделген аса үлкен империяға біріктірді. Патша өкіметі мен помещиктер, капиталистер жергілікті халықты ұлттық езгіге салу мен құлдықта ұстауда әр түрлі әдістер мен тәсілдерге сүйене отырып, жүзеге асырды. Ұлттық аймақтарда әдейі феодалдық-патриархалдық қалдықтарды сақтап, көпшілік бұқараны құлдық пен езгіде ұстады. Осындай патшалық самодержавиенің отарына айналып, құлдыққа түсіп, езілген, өте төмен шаруашылық және мәдени дамуымен ерекшеленген ел – Қазақстан болды.
Қазақстанның капиталистік өнеркәсібі басынан-ақ нақты отаршылдық сипатта болды. Отарланған Қазақстандағы капиталистік өнеркәсіптің дамуының екі ерекшелігін атап көрсетуге болады: біріншіден, аймақтағы өнеркәсіптің негізінде табиғи капиталистік қатынастар дамыған жоқ, сырттан келген көпестердің капиталының базасында пайда болды. Екіншіден, қазақтың ұлттық капиталы өнеркәсіптің дамуы мен құрылуына ешқандай қатыспады. Ұлттық сауда-өсімқор буржуазиясы тек өнеркәсіп капиталы мен жерлікті рынок арасында дәнекер болды. Осындай жағдайда өнеркәсіп пролетариатының ұлттық кадрлары орыс өнеркәсіпшілері басып алған сауда өнеркәсібі базасында қалыптасты [2].
Патша өкіметінің Қазақстанның өндірісін игерудегі саясатына талдау жасай отырып, оның бірнеше бағытын атап өтуге болады. Бірінші бағыт- орыстың сауда капиталының Қазақстан өндірісінен игерудегі орны мен осыған байланысты, бірінші кезекте, белгілі Сібір саудагері С.И.Поповқа патша өкіметінің берген мүмкіндіктері мен жеңілдіктерін атап өту қажет. Ол Қазақстанның тау- кен ісіндегі монополиялардың қожайыны болды десе де болады. Оған тау-кен орындарын қамтыған 1500кв. шақырым үлкен аумақ тиесілі болды. Павлодар уезіндегі Александровск кенінде С.И.Поповтың өнеркәсібі 1870 жылы қара мысты тазалап, 930 пұт көмір пайдалана отырып, 1180 пұт мыс алған [3].
Орыс капитализмі Қазақстанға біртіндеп ене отырып, отарлау, қанау сипатына ие болды. Ол Қазақстанның бүкіл ресейлік рынокқа енуіне жол аша отырып, шикізат көзі мен Ресейдің орталық өндіріс тауарларын өткізетін арзан рынокқа айналдырды. Қазақстанға орыстың өнеркәсіп капиталын енгізу капитализмнің монополистік даму кезеңімен тұспа-тұс келді. В.И.Ленин монополияларға қарай икемдеу тенденциясын туғызатын кәсіпорындардың көлемі де бір болады, - деп жазды.
Ең бірінші Қазақстандағы мұнай алу өнеркәсібіне бастама болған және барлау алаңы болған 1899 жылы Қарашұңғылда, 1911 жылы Доссорда екінші мұнай көзі ашылды. Революцияға дейін кезеңде Қазақстан өндірісінде 117 іске асқан бұрғылау орындары және 166 барлау бұрғылары болды, соның ішінде бұрғылау жұмыстарының жартысына жуығы Доссорда жүргізілді.
Доссорды да аяусыз тонап, мұнай алуда қарапайым ережелер сақталмады, сондықтан да кен орнындағы байлықтың мерзімінен бұрын таусылуына да әкеліп соқты. Революцияға дейінгі жылдардағы Доссордағы күніне алынатын мұнай көлемі: 1912 жылы – 52,7 т, 1913 жылы – 63,6 т, 1914 жылы – 34,8 т, 1915 жылы – 18,2 т. ХХ ғасырдың басында Доссордың мұнайын есепсіз өндіріп, олар өздерінің ғана бас пайдасын ойлады және жыл өткен сайын мұнайдың көлемі азайды.
Патша өкіметі шетелдік капиталистердің Қазақстан өнеркәсібіне емін-еркін енуіне мүмкіншілік берді. Қазақстандық зерттеуші Ц.Л.Фридман былай деп жазды: «ХІХ ғасырдың сонымен ХХ ғасырдың басында шетелдік капиталистер сол кездегі бар мыс, полиметалл кендері мен көмір кен орындарын қолына алды. Сонымен қатар мынаны аса айтып көрсету қажет: Шетелдік капиталистер геологиялық барлау жұмыстарына ешқандай ақша шығарған жоқ, дайынға ие болып, патша өкіметінің белсенді ат салысуы нәтижесінде аса бай кен көздерін тиынға сатып алып, жергілікті халықпен орыс кәсіпкерлері ашқан жерлерге иелік етті» [4]. Жергілікті халықтың аңқаулығы мен байлардың кен көздерін арзанға сатуынан шексіз байлыққа белшесінен батты.
ХІХ ғасырдың ортасында Оңтүстік Қазақстанда орталық Ресейдің ұсақ өнеркәсіп иелері мен қолөнершілері келіп орналаса бастады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің келген кәсіпкерлер екі көмір бассейіні – Боралдай мен Леңгірді ашты. 1866 жылы Орынбор әскери округінің әскерінің бастығы Түркістан облысына тапсырмамен жіберілген бас инженер подполковник Татаринов Шымкент пен Ташкенттің ортасынан өте жақсы сападағы көмір қорынан тапқанын хабарлайды. 1868 жылы өндіру қарқыны өте төмен Боралдай көмір бассейінінің негізін салды (Татаринов атындағы көмір кені). Ал Шымкенттің оңтүстік шығысында 30 шақырым жерде орналасқан Леңгір көмір бассейіні Шымкент пен Ташкенттің өндірістерін көмірмен қамтамасыз етіп отырды [5].
Тау-кен өнеркәсібінің дамыған саласы әсіресе, 1880-1990 жылдарда өлкенің кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын өндіру болатын. Өскемен уезінде ғана 125-тен астам кеніш жұмыс істеді. Бірақ ХХ ғасырдың басында бірқатар себептерге байланысты (салықтың көп мөлшерде салынуы, қатынас жолдарының қашықтығы, қаражаттың, құрылыс материалдарының жеткіліксіздігі және тағы басқа) Өскемен уезінің алтын кеніштері 50-ге дейін қысқарды. Алтын өндіруші салаға орталық Ресейдің Сібір мен Алтайдың ірі өнеркәсіпшілері де өз капиталдарын салды. Алтын өнеркәсіпшілері арасында орыс және татар кәсіпкерлері басым болды. 1882 жылмен 1892 жыл аралығында алтын өндіру 13,31 пұттан 23,38 пұтқа дейін өсті. Революцияға дейін Қазақстаннның территориясында 16 алтын өндіретін өндірістер болды. Олар 1555000 сомға 76 пұт алтын өндірді. Өндірісте 1160 орыс және 1140 қырғыз жұмысшы еңбек етті.
Оңтүстік Қазақстандағы химия өнеркәсібінің бастамасы болған Шымкент сантонин зауыты болды. Сантонин – бұл дермене жусанның тұқымынан (дармин) алынған емдік өнім. Дармин деп аталатын емдік шөп Азия мен Африканың көптеген елдеріне белгілі болды. Бірақ ХІХ ғасырдың 80 жылдарында аса бағалы шөп қоры Сырдария облысы Шымкент пен Әулие ата уезінде ғана сақталды. Осы уақытта Европа елдерінде төрт сантонин заводы үшеуі Германияда, біреуі Англияда Түркістаннан әкелінген шикізат негізінде жұмыс жасап тұрды. Шымкент зауыты бүкіл Ресейдегі сантонин өндіретін жалғыз өндіріс болып табылады. Зауыт өзінің өнімін көптеген шетелдік мемлекеттерге: Англия, Америка, Германия, Жапония, Қытай, Үндістан, тағы басқа елге шығарды.
Қорыта келгенде Қазақстандағы өндірістер ұсақ өндірістер негізінде емес, шетелдіктер салған қаржы негізінде негізінде дамыды. Шетелдік өнеркәсіпкерлер жұмысшы қазақтарға қатысты кемсіту саясатын ұстады. Оларды қандай да болмасын бір құқығынан айырды немесе өте төмен жалақы төледі. Қазақ жұмысшыларының біліктілігін көтеру мүмкіндіктері болмады. Біліктілігі бар қазақ жұмысшылары бүкіл жұмысшы – қазақтардың 7 % ғана құрады.
Үшінші бөлімше «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен 1917 жылдардағы өңдейтін өнеркәсіптердің пайда болуы мен дамуы» деп аталады. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін көп салалы өңдейтін өнеркәсіптер дами бастады. Жер өнімдері мен мал шаруашылығы заттарын өңдеу қазақтарға бұрыннан белгілі болды, бірақ бұл қосымша кәсіп ретінде, қазақтардың негізгі кәсібі-көшпелі мал шаруашылығы болды. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіптерінің кен-зауыт өнеркәсібінен айырмашылығы, ауыл шаруашылық шикізатын ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жергілікті қажеттермен тығыз байланысты болды және өлкенің әлеуметтік-экономикалық өміріне белгілі бір ықпал жасады. Өңдеуші өнеркәсіптің кәсіпорындарын мынадай екі топқа бөлуге болады.
1. Ресейдің еуропалық бөлігіне және шет елге шығару үшін мал шаруашылығы шикізатын алғашқы өңдеу жөніндегі кәсіпорындар: жүн жуатын, мал майын қорытатын, ішек-қарын тазартатын және басқа кәсіпорындар жатты;
2. Ауыл шаруашылық өнімін оны жергілікті жерде тұтыну үшін ұқсату жөніндегі кәсіпорындар: бұлар былғары, май шайқайтын, спирт-арақ зауыттары, темекі фабрикалары және тағы басқалары. Толық емес деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1886 жылы 1028 ұсақ өнеркәсіп өндірістері болса, 1895 жылы бұл ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін өндіріс саны 2124 болып, соған сай жұмысшы саны 3432 – ден 5493-ке дейін өсіп, айналымдағы өнім бағасы 2395,1 мың сомнан 3929 мың сомға жеткен.
Темекі шығаратын да фабрикалар пайда болды. Ең бірінші темекі плантациясы Верный қаласына жақын жерде Үлкен станциада Гаврилов деген фабрикант іргесін қалап, осы жерден табак фабрикасын ашты. 1883 жылы плантацияда 67 жұмысшы, фабрикада 15 жұмысшы, 2 шебер жұмыс жасап, 1 станок темекі жапырақтарын кесіп, қол машинамен папирос ораған.
Өңдеу өнеркәсібінің ең дамыған салаларының бірі, соның ішінде Солтүстік Қазақстанда тері өңдеу кәсібі болды. 1890 жылы Шучинск станциясында 8 тері илейтін зауыт болса, тура осындай кәсіпшіліктер жоғарғы Бұрлық пен Төменгі Бұрлық станцияларында да болды, ал олардың орталығы, ең ірісі Петропавл қаласында болды (10 зауыт). 1898 жылы Солтүстік Қазақстанда жалпы зауыттар саны біршама азайды [6]. Олар 23 болды, оның онында әр түрлі механизмдер-көбінесе 1-3 ат күші бар ат қозғалтқыштары мен 2 ат күші бар су қозғалтқыштары болды. Егер Ақмола облысы мен Орынбор Губерниясындағы жұмыс істеп тұрған былғары зауыттарынның санын салыстыратын болсақ, 1890 жылы мынадай көрініс береді. Ақмола облысында 21 зауыт жұмыс істесе, Орынбор губерниясында 68 зауыт әрекет етті [7]. Сонымен қатар Ақмола облысындағы зауыттар аз өнім шығарды. Осындай өндіріс саласы Торғай облысында біркелкі дамыған жоқ. 1897 жылы «Қырғыздар календары» мәліметінде 1889 жылғы облыста небәрі 2 былғары зауыты болғандығын және оның Қостанай уезінде орналасқанын айтады [8].
Оңтүстік Қазақстанда былғары өңдеу ісі мал шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін өңдірістің басты бір тармағы болды. Былғары өңдірісі Түркістанда Өлкенінің Ресейге қосылғанына дейін пайда болды және 1870 жылдың аяғына дейін қолөнер кәсібі түрінде сипат алды [9]. ХІХ ғасырдың 70 жылдарының басында Жетісу облысында 8 былғары өңдірісі, ал Сырдария облысында 12 өндіріс жұмыс жасады [10]. Сырдария мен Жетісу облысында 1916 жылы 65 мекеме болған [11]. Революцияға дейін ірі және ұсақ тері өнімдерінен Қазақстанда 3 059000 дана тері өңделіп, 13 034 800 сомға қаржы түсткен. Қазақстанда барлығын қосқанда, 8 ірі, 100-ге жуық ұсақ өндіріс болып, 683 500 тері өңдеп, 1200 дейін жұмысшылар болды.
Қазақстан тұрғындарының өмірінде аса үлкен рөл атқарған Шымкент пен Әулие-Ата уезінде кездесетін құмның астында қалған көлдердегі отырып қалған тұздан ас тұзын алу болды. Тұрғындардың сұранысына ие болған Шымкент уезіндегі Қаракөл болыстығындағы Қаракөл көлінен алынған «қара тікен» тұз болды. Тұз алу өте қара дүрсін, қарапайым еді. Құжаттарда көрсеткендей «бұл кәсіпті жүргізген де, оларды әкелетін де бір қырғыздар, олар не отырып қалған тұзды жинайды, не ең артта қалған, жабайы әдіспен алады». 1 пұт тұздың бағасы оның ара қашықтықпен тасымалдай қиындығына қарай 25 тиыннан 4 сомға дейін болған. Революцияға дейін КССР территориясында 6 тұз өнеркәсібі жұмыс істеп, 6700000 пұт тұзды 670000 сомға өндірді. 370 орыс, 580 қырғыз жұмыс жасаған.
Тағы да бір кең тараған өндіріс саласы жүн жуу. 1913 жылы Оңтүстік Қазақстандағы 16 жүн жуатын өндірісте 270550 пұт жүн жуылып, одан 1929182 сомға 66% дайын , таза, жуылған, іріктелген жүн алынды. Ал Петропавл қаласындағы жүн жуатын мекемеде 10000 қой жүні 2800 сомға жуылған 50 еркек, 100 әйел күніне 12 сағат жұмыс істеген. Істелінетін жұмыс көлемі мен жұмысшы саны да әр түрлі болды. Мысалы: Петропавлдағы екінші бір жер көпес В.П.Фигиннің иелігендегі жүн жуатын мекеме 1880 жылы құрылды. 1887 жылы 100 еркек, 150 әйел жұмысшыны пайдаланып, жылына 37000 сомға 15000 пұт жүн жуған.
Патшаның отарлау саясаты Қазақстандағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларының дамуына тежеу болды. Ауыл шаруашылық шикізаты көлемінің өсуіне қарамастан, революцияға дейін Қазақстанда оны өнеркәсіптен өңдеу тиісті дәрежеде дами алмады. Арақ, спирт қайнататын және сыра ашытатын зауыттар туралы мәліметке қарайтын болсақ, Қазақстанның әр түкпіріндегі жұмысшы саны, жұмыс уақыты әр түрлі болып келеді. Мысалы: Семей қаласындағы көпес Арефеевтің сыра зауыты 7 жұмысшы мен 2 сыра қайнататын қазанды пайдаланып, 8 мың шелек Бавария сырасын 14400 сомға дайындады. Ал олардың өндірістері өте ұсақ, әрі техникалық нашар жабдықталған қасапқана, диірмен, дән үгетін, май шығаратын, арақ, спирт қайнататын, сыра ашытатын, темекі шығаратын,шұға-мәуіті фабрикасы, қой терісі, тон, киіз байпақ өнімдерін шығаратын өндірістер ретінде көрінді. Ал балық кәсіпшілігінің даму деңгейі балықты сақтау мен көнсервілеуде жағдай болмағандықтан, ол маусымдық кәсіп болып қалды, әрі балықты тұздауда, тұрпайы әдістер қолданылды. Революцияға дейін Қазақстан территориясында 140 балық кәсіпшіліктері жұмыс істеп, 6750 дейін жұмысшы істеп, 6750 дейін жұмысшылары болған, олардың 80% қырғыздар. Шикізатты өңдеу 5200000 пұтқа дейін жеткен. Сонымен ХІХ ғасырдың соңында 1882 жылы Ақмолада 1 мыс балқыту зауыты 2 май ерітетін, 1 сабын қайнататын зауыт болса, Көкшетауда 12 тері-былғары зауыты, 5 май ерітетін зауыт, ал, Петропавлда 1 арақ, 2 сыра зауыты, 1 ұн тартатын, 1 мақта мекемесі, 5 сабын қайнататын, 5 тері-былғары, 13 май ерітетін, 2 желім қайнататын, 33 кірпіш зауыты, 2 жүн түтетін, 1 ішек-қарын жуатын мекеме жұмыс істеді [12].
Қорыта келгенде, 1913 жылғы мәліметтер Қазан революциясының жеңісі мен одан кейінгі жылдардағы өнеркәсіптің даму жағдайын көрсетпейді.Себебі империалистік соғыс өнеркәсіптің дамуына кері әсерін тигізді. Осы жылдарда көптеген өнеркәсіп өндіріс ошақтары өзінің өнім шығаруын қысқартты, кейбіреуі тіпті мүлдем қимылсыз қалды.
«1917-1940 жылдардағы Қазақстандағы өнеркәсіптің дамуы» деп аталатын бөлімнің бірінші бөлімшесі 1917-1940 жылдардағы Кеңес өкіметінің өнеркәсіпті дамыту саясатының бағыттарын талдауға арналған. Көптеген талас-тартыстар мен тазалаудан кейін 1927 жылдың соңына қарай социализмнің алғы шарттарын жасау деген тұжырымға тоқталды. Қайта құрудың баспалдақтары:
1. халық шаруашылығын индустриализациялау
2. ауыл шаруашылығын ұжымдастыру
3. еңбекшілердің тұрмыс жағдайы мен мәдениетін көтеру.
Индустриаландыру кезеңіндегі Қазақстан өнеркәсібінің дамуын маңызды 2 кезеңге бөлуге болады:
1. 1926-1932 жылдар аралығындағы дамуы социализмнің ірге тасын қалау кезеңімен тұспа-тұс келеді. 1926-1928 жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру ісі созылып кеткендіктен индустриаландырудың алғашқы қадамдары ғана жасалынды
2. 1933-1941 жылдар аралығы жаппай жаңа өндірістерді игеру, жаңа техниканы пайдаланумен ерекшеленеді. Ірі өндірістер бірінші бесжылдықтарда негізі қаланып, республиканың индустриаландыруға бет алған келбетін көрсетсе, енді жұмыс жасап тұрған ірі өнеркәсіп кешеніне айнала бастады.
Қазақстандағы индустриаландырудың өзіндік ерекшелігі болды: шексіз көп табиғат байлығы мен іс жүзінде мүлде жоқ өнеркәсіп ошақтары, транспорт желісі мен байланыс, электр энергиясының жоқтығын, бұқаралық сауатсыздық, кадрдың жетіспеушілігі тағы басқалары. Соған қарамастан Қазақстанның өнеркәсібі басқа одақтық республикаларға қарағанда тез қарқынмен дамыды. Индустриаландыру бүкіл бұрынғы Кеңес одағы бойынша бөлмей, бүтін түрде жүрген біртұтас процесс болды. Ол республикаларға, облыстарға, аудандарға бөлу деген болмады. Оны бастап, іске асыру бүкіл орталық мемлекет мүдделеріне бағындырылды. Қазақстандағы индустриаландыру және оның әр бір қосқан үлесі, дәрежесі әр түрлі болды. Бұл іске Қазақстанның қосқан үлесі өте зор еді. Себебі оның кең даласында орналасқан көмір шахталары, темір рудниктері, жез, қорғасын зауыттары бүтіндей және толық Одақтың орталық өнеркәсібі үшін жұмыс істеді. Қазақ жерінен қазып алынған алтын, күміс және тағы басқа асыл құнды металлдар негізінен одақты индустриаландыру мұқтаждығына жұмсалды. Қазақстанның жүні, терісі, еті, астығы т.б. ауыл шаруашылық өнімдері Одақтың орталық аудандарына тасылды.
Социалистік индустриализациялаудағы басты заңдылық-өндірістің жоғары қарқынды дамуы және жаңа өндірістік құрылымдардың пайда болуы еді. 1913 жылмен салыстырғанда негізгі өндірістік қорлар 1940 жылы 6,9 есеге өсті. КСРО-ның ірі өндірістері қайта құрылып, жаңартылып, жалпы өндірістің 90% құрады.
Орта Азиядағы индустриаландыру жеңіл және тамақ өнеркәсібінен басталса, Қазақстанда-ауыр өнеркәсіптен, ал Закавказье республикаларында (елде аса қуатты өндірістер құру кезінде) «Б» тобындағы өндіріс салаларын қарқындап дамыту негізінде жүзеге асты [13]. Индустриалдық дамудың маңызды шарттарының бірі – Қазақстанның байлығын пайдалану болды. Осындай мол байлық көзінің бірі – Қазақстанның жер қойнауындағы алтын еді. Алтын өндіру мен оның жағдайын мынадай деректерден көруге болады. 1925 жылғы берілген мәліметке қарағанда: «Жетіқара мен Степняк (Ақмола өңіріндегі алтын кені) бірігіп, Қазақстанда алтын өнеркәсібі биылғы жылы соғысқа дейінгі өнімнің 75% кем берген жоқ. 1919-1921 жылдары өнім алу нөлге түскен болатын» [14]. Ал «Майқайың алтын» кені Павлодардан 136 шақырым Баянауыл ауданында орналасқан. Табылған негізгі кен көзі-алтын, бірақ полиметаллда бар. Майқайыңның алтынының құны КСРО-ның алтынынан 3 есе арзан және 1 грамы 1 сом 50 тиыннан артық емес.
«Степняк» алтын өнеркәсібі комбинатына байланысты мынадай қаулы қабылданған: Геологиялық барлау жұмыстары мен дайындық жұмыстары дұрыс жолға қойылып, 1932 жылы өнеркәсіп құрамында металл қоры аз, жарты миллион тонна кен қорын иеленуі тиіс [15]. Осы қолданған шараларға қарап, мемлекеттің кен орындарын барлауды дамытуға көңіл бөлгені көрінеді.
Қазақстанның жер қойнауында аса мол түсті және сирек кездесетін металдар, мұнай, көмір және тағы басқа байлық жатқанымен, оны игеретін сол заманға сай құрал-жабдықтар, техника болмады және маманданған кадрлардың жоқтығы сезіліп тұрды. Бұл жағдай жалғыз Қазақстанда ғана емес, патшалы Ресейден мұрагерлікке алған артта қалған техникалы өнеркәсібі бар Ресей мен басқа республикаларда да білінді. Сондықтан осы қиындықтарды жеңу үшін және аса мол табиғи байлықты халық игілігіне жарату үшін материалдық, қаржылық ресурстар қажет болды. Бұл мәселе әсіресе бұрынғы патшалы Ресейдің боданы болған, шет аймақтардың бірі болып саналатын Қазақстан үшін де маңызы зор болды. Жоққа тән көлемдегі өндіріс пен оның пайдалылығы төмен кезеңде материалдық және рухани жағынан қамтамасыз ететін тиісті мүмкіндігі болмады. 1920 жылы республикалық халық шаруашылығын дамытуға бөлген қаржысының көлемі 1 миллион болса, 1922 жылы 2 миллион сомға көтерілді [16].
Қорыта келгенде 1936 жылы Қазақстан индустриалды аграрлы республикаға айналды. 1922 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өндірістері ауыл шаруашылығынан 7 салаға асып, көлемі 14 есеге көбейді, әсіресе халық шаруашылығында маңызды орын алатын көмір, мұнай, түсті металл, электроэнергия саласының өнімдері өсті. Халық шаруашылығы өндірісі ұлғайып, пайдалынатын темір жол желісі 2 есеге өсіп, қоғамдық өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылар саны 4,5 есеге көбейді. Республикада еңбекшілердің мәдени-техникалық өмірінде үлкен өзгерістер мен алға жылжулар болды.
Екінші бөлімше «Қазақстандағы негізгі өнеркәсіп салаларының дамуы» деп аталады. Қазақстанда өндірістің дамуында келелі өзгерістер 1940 жылдан бастап көріне бастады. Басты кезекте оған тиек болған «А» тобының дамуы болды, сонымен қатар өте биік дәрежеде өскен электр саласы (200-ден аса есе), металл өңдеу (150 есе), химия саласы (130 есе) қарқынды дамып, республикадағы өндірістің кешенді өсіп, іргетасының қалануына себеп болды [17].
Қарағандының көмір бассейні туралы 1933 жылғы Орталық Комитетке берілген есепте: Есептегі жыл бойында тресте барлығы 7 кен орнына біріктірілген 20 шахта жұмыс істеді. Олардың ішінде 13-і ғана тазаланған көмір берді, қалғандары күрделі жұмыстың нәтижесінде берді немесе мүлдем бере алған жоқ. Осы берілген мәліметтер әлі де болса техникалық жабдықтаудың төмен екендігін көрсетті. Техникалық жағынан қайта жабдықтау, желдеткіштердің орнатылуы, шахта ішінде жүретін транспорттың кешенді құрылуы еңбек өнімділігін арттырып, 1941 жылы көмірдің өндірілуі жылына 7 млн. тоннаға жетті. Осы кезеңде Қарағанды көмір бассейіні елдің экономикасын көтеруде үлкен рөл атқарды. Қарағандының көмірін Оралға, Орта Повальжеге, Орынборға, Куйбышев облысына, Башқұртстанға шығарылды, Қарағандының кокстелген көмірін Магнитогорскінің комбинаты пайдаланды. 1937 жылы Қарағанды көмірінің 1 тоннасы 7 сом болды. [18] Бірінші бесжылдыққа дейін негізгі мұнай өндіру орталығы болған Доссор мен Мақат елді мекені болды, бірақ барлау жұмыстары жүргізіліп жатты. Доссорда өндірілген мұнай екі құбыр арқылы теңіз жағасында орналасқан Ракуша станциясына айдалды. Бұл жерде 9 миллион пұт мұнай құйылатын қойма бар. Одан әрі мұнай ұзындығы 15 шақырым мұнай құбыры арқылы тереңдетіп отырғызылған кемеге жеткізілді. Бұл процесс өте қымбатқа түсті, сондықтан Орал өзенінің сағасынан Гурьевке келетін жағдай жасап, темір жол салу туралы ұсыныстар жасала бастады [19]. Ембінің мұнайын өңдеу дәл қазіргі уақытта Волга бойындағы зауыт трестерінде: Ярославль қаласына жақын жердегі Константиновскіде, Новгородқа жақын жердегі Варинскіде өңделеді. Константиновскідегі зауытқа 1926-1927 жылдары жаңа, қуаттылығы 12 миллион пұт, Варинскіде қуаттылығы 8 миллион пұт керосинді батарея орнатылған. Осылайша Ембі мұнай зауыты 1928-1929 жылдың соңында жылына 20 миллион пұт мұнай өндіре алады. Ембі ауданның жағдайы туралы Ф.И.Голощекинге өнеркәсіп комитетінен мынадай мәлімет жіберілген: Орал, Ембі ауданданындағы 1928-1933 жылдардағы терең барлау бұрғылау жұмыстарының көлемі 1928-1929 жылмен салыстырғанда, бұрғыланатын жер көлемі ұлғайтылып, барлау белсенді жүргізілген [20]. Түсті металлургия саласын дамытуда алғашқы кезеңде елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени артта қалуынан көп қиыншылықтарға кездесті. Оның бір мысалы ретінде Риддерді алуға болады: 1932 жылы Риддердің тау-кен шаруашылығы апат жағдайына жетті. Риддердің кен байыту фабрикасы 50% өнім шығаратын дәрежеде ғана жұмыс істеп тұрды. Фабриканың құрал-жабдықтарының 1 бөлігі әбден ескірді. Кен байыту процесі өте төмен сапаны көрсетті және металл бөліп алу көлемі де төмендеді [21]. Ащысайдағы полиметалл комбинаты іске қосылып жатқан жылдарда елдегі ең ірі Шымкент қорғасын зауытының құрылысы басталды. 1934ж қаңтар айында зауыт іске қосылды. Шымкент қорғасын зауытын аз уақыт ішінде іске қосып, өндірісті жоғары механикаландырылған жабдықтармен қамтамасыз етіп үлгерді. Мысалы, 16,5м2 жерді алып турған ені 1,5метр машиналарға дүние жүзінде бірде-бір қорғасын зауытында тең келетіні болмады. Өзі сияқты отандық өндірістердің ішінде Шымкент қорғасын зауыты алдыңғы орындарды иеленді.
1929-1930 жылдары елдегі ең ірі мыс орны – Қоңырат кені ашылып, іске қосылды және өте үлкен кен орны мен кеннің аса терең емес жерде орналасуы оны ашық түрде алуға мүмкіндік берді, сонымен бірге Балқаштағы мыс қорыту зауытын салудың негізі болды. Бұл кенді 1929-1930 жылдары геолог М.П.Русаков ашқан. Алғашында бұл кен орнының қоры 350000 тонна деп анықталған. Басқа кен орындарынан Қоңырат кен көзінің жұпынылығымен ерекшеленді [22].
1940 жылы аса маңызды бай ресурстарды игерудің көзі болған Жезқазған комбинаты іске қосылды. Риддер комбинатында металл өндіру қолға алынып, Зырянов комбинатын кеңейтті, 1938 жылы ұзақ жылдар бойғы құрылыс жұмысы мен қайта салулардан кейін Ертіс мыс қорыту зауыты іске қосылып, Березов кенішінің қуаттылығы кеңейді.
Қазақстан сирек кездесетін металл жағынан КСРО-да: хромнан І орын, никельден ІІ орын, марганецтен ІІІ орын, вольфрамнан IV орын, молибден, мышьяктан біршама қоры бар. Бұрынғы артта қалған аудандарда түсті металлургия өндірістерінің салынуы Қазақстандағы терең әлеуметтік-экономикалық қайта құрулардың іске асуына негіз болды және жаңа өндірістік, мәдени орталықтардың өсуіне, жұмысшы табының қалыптасуына, техникалық интелегенцияның пайда болуына себеп болды. Қазақстан өнеркәсібінің барлық негізгі өндірістік қоры 1932-1939 жарты жылдық аралығында 322 есе өсті. Алматыда, Семейде, Шымкентте тағы басқа қалаларда бірнеше кірпіш зауыты, алғашқы тігін, аяқ киім фабрикалары, тері, қант, жеміс, ет зауыттары мен комбинаттары, Балхаш пен Шымкентте мыс және қорғасын зауыттары салынды. Бірақ олар Қазақстанға индустриялы елдің кейпін беруі үшін металл балқытатын өнеркәсіптер ғана емес, ауыр өнеркәсіптік машиналар, неше түрлі приборлар және күрделі технологиялық жабдықтар жасайтын орындарда болуы керек еді. Мұндай өнеркәсіп орындары Қазақстанда Ұлы Отан соғысы жылдарында ғана батыстан шығысқа өнеркәсіпті көшірумен байланысты амалсыздан пайда бола бастады. Оның өзінде олар негізінен қару-жарақ жасайтын кәсіпорындар ретінде пайда болды.
Халық шаруашылығы комиссариатының химия өнеркәсібін дамыту жоспары бойынша: «Ақтөбеде комбинат салу, Қандыағаш станциясында фосфор руднигінен кен шығару, 1931 жылы Ақтөбеде жылына 200 тонна өнім шығаратын күкірт қышқылы зауыты мен 40 тонна перецемитат өндіретін цех салу қолға алынды».
Қазақстанда құрылыс материалдарын жасайтын өндіріс құру Кеңес үкіметі кезінде жүзеге асты. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында құрылыс материалдары көбейтуді еш қажет деп есептемеді. Индустриаландырудың бас кезінде барлығы небәрі 3 кірпіш зауыты жұмыс істеді. Қазақстанда құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарын салуды ұйымдастыру 1931 жылдан басталды. Ірі кірпіш зауытының құрылысы Алматыда, Шымкентте, Петропавлскіде, Семейде және басқада қалаларда шикізатты дайындайтын механикалық пресс орнату мен кірпішті күйдіретін сақиналы пештерді салудан басталды. Содан кейін әк, гипс және басқа да құрылыс материалдарын шығаратын өндірістер салынды. 1935 жылдың өзінде 50 кірпіш, 30 алебастр, 30 әк, 14 қамыс дайындайтын зауыт жұмыс істеді. 1939 жылы кірпіш шығару 1932 жылмен салыстырғанда 4 есе, ағаш өңдейтін өндірістердің қуаттылығы 2,7 есеге өсті [23].
Осылайша Қазақстан өнеркәсібінің отарлық дәуірде негізі қаланып, кейін жалғастырылған бір жақты дамуы тарихта ізін қалдырмай қойған жоқ. Елдің өндіріс ошақтарының барлығы тікелей Орталыққа бағынышты болды. Соғысқа дейінгі кезеңде Қазақстанда негізгі транспортқа енген үлкен тасымалдау жүйесі құрылды. Темір жолдардың, су жолдарының, автокөлік, әуе және тағы да басқа транспорт жолдарының өзара байланысы мен әрекеті өсіп келе жатқан халық шаруашылығы мен халықты тасымалдауды қамтамасыз етуге тиіс болды. Темір жол транспорты өндірістік құрылымның аса маңызды салаларының бірі болды және халық шаруашылығының дамуы онымен тікелей байланысты еді. Түрксібтің салынуы, Рубцовск-Защита-Риддер темір жолының үнемі пайдалануға берілуі, Гурьев-Қандыағаш желісі, жол төсеніштерінің жасалуы, әуе, су жолы өнеркәсіптің өркендеуіне жол ашты. Ал бұл өз кезегінде жұмысшы санының өсуіне себеп болды. Бірақ жергілікті ұлттан кадрлар дайындау мәселесі ұзақ уақыт бойы күн тәртібінен түскен жоқ.
Екінші бөлімнің үшінші бөлімшесі «КСРО-ның өндірістік дамуындағы Қазақстанның алатын орны» деп аталады.
Еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған индустриаландырудың әлеуметтік – экономикалық мақсаттары КСРО-ң үлкен аумағында азды, көпті бірдей шешіліп жатты. Сондықтан оны бөліп - жарып қарамау қажет, өйткені индустриаландыру үрдісі КСРО аумағында тұтас үрдіс ретінде жүрді. Оған «А» және «Б» топтарына жататын өндірістердің дамуы, яғни өндіріс құрал-жабдықтарын шығаратын және өндіретін, өңдейтін өндіріс салалары кіреді. Бұл жағдайда өндірістің салаларында сан мен сапаның үйлесімділігі үлкен рөл атқарады: Салааралық және өндіріс ішіндегі тепе-теңдік, үнемділік, өндіргіш күштердің жағдайы, қор жинаудың қарқындылығы мен республикадағы тұтыну қажеттілігінің деңгейі маңызды болды. Осы сұрақтар төңірегіндегі зерттеулер индустриаландыру үрдісінің күрделілігі мен жекелеген республика мен аудандардағы оған тән ерешеліктеріне сай заңдылықтарды ашып берді.
1940 жылы Алматы облысында 2 ауыр өнеркәсіп, 37 жеңіл және тамақ өнеркәсібі, 58 өнеркәсіп кооперативтері, 4 облыстық кеңсе болды. Солтүстік Қазақстан облысында 2 ауыр өнеркәсіп өндірісі, 8 тамақ, 4 жергілікті өнеркәсіп, 2 транспорт бөлмесі, 4 облыстық кеңсе болса, Оңтүстік Қазақстан облысында 13 ауыр өнеркәсіп, 18 тамақ, 5 жеңіл өнеркәсіп, 6 жергілікті, 4 транспорт бөлімшесі, 47 өнеркәсіп кооперативтері және 4 облыстық кеңсе құрылған. Ақтөбе облысында 4 ауыр өнеркәсіп, 7 тамақ, 1 жергілікті, 6 транспорт бөлімшесі, 15 кооперативтік өнеркәсіп, 4 облыстық кеңсе жұмыс істеген. Қарағанды облысында 18 ауыр өнеркәсіп, 11 тамақ, 1 жергілікті, 3 транспорт бөлімшесі, 19 өнеркәсіп кооперативі, 5 облыстық кеңсе, Қостанай облысында 1 ауыр өнеркәсіп, 4 тамақ, 1 жергілікті өнеркәсіп, 13 өнеркәсіп кооперативі, 4 облыстық кеңсе ұйымдастырылған. Батыс Қазақстан облысында 3 ауыр өнеркәсіп (Мақат, Доссор, Байшұнас, Қосшағылда мұнай), 2 тамақ, 2 жергілікті, 1 жеңіл өнеркәсіп, 34 өнеркәсіп кооперативі, 2 транспорт бөлімшесі 4 облыстық кеңсе болса, Шығыс Қазақстан облысында 16 ауыр өнеркәсіп (8 кен орны), 7 орман өнеркәсібі, 14 тамақ, 1 жеңіл, 1 жергілікті өнеркәсіп ошағы, 3 транспорт бөлімшесі, 58 кооперативтік өнеркәсіп, 4 облыстық кеңсе болды [24].
Қорытындылай келгенде, 40 жылдарда пайда болған өнеркәсіп ошақтарының басым көпшілігі , соның ішінде ауыр өнеркєсіп салалары Орталық Қазақстанда және Шығыс Қазақстанда, Қарағанды облысында, ал тамақ өнеркәсіп орындары Оңүтүстік Қазақстанда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында шоғырланса, жеңіл өнеркәсіп салалары Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстанда орналасты.
Достарыңызбен бөлісу: |