Ғалымға құрмет - шәкіртке міндет [Текст] : [Академик Е.Бөкетовтың туғанына - 85 жыл] // Орталық Қазақстан. - 2010. - 9 ақпан (№20)
Биыл академик Е.Бөкетовтің туғанына 85 жыл. Қарағандыдағы университеттің негізін қалаған ғалымның мерейтойы қарсаңында өзінің есімі берілген оқу ордасында ғұламаның інісі, академик мұражайының басшысы Қамзабай Бөкетовтің ұйымдастыруымен ғалым шәкірттері қатысқан басқосу болып өтті.
Евней Арыстанұлының мұражайына жиналған шәкірттері мен қызметтес болған замандастары ғалым турасында естеліктер айтып, оның елеулі еңбектері жайлы әңгіме өрбітті. Көзі тірісінде академик Е.Бөкетовтің шарапатын көрген шәкірттерінің басым көпшілігі бұл күнде ғылым докторлары мен кандидаттары. Олардың 40-ы кандидаттық, 22-сі ғылым докторы диссертациясын сәтті қорғаған. Дөңгелек үстел отырысына қатысқан химия ғылымдарының докторлары Қоялы Аяпбергенов, Болат Қасенов, Кенжебек Рүстембеков, техника ғылымдарының докторы Виталий Малышев пен ғалыммен қызметтес болған филология ғылымдарының докторы Таисия Савченконың айтқан естеліктерінен көп нәрсе түюге болады.
Кезінде ҰҒА-ның президенті Қаныш Сәтбаевтың қамқорлығымен Қарағандыдағы химия-металлургия институтының директоры қызметіне тағайындалған Евней Бөкетов, 1972 жылы бүгінгі таңда өзінің атын иеленген мемлекеттік университеттің алғашқы ректоры болды. Тіпті, академиктің химик-инженер бола тұрып, әдебиет сынына араласып, публицистикада қалам тербегені таңғалдырады. «Досыма алты хат» автобиографиялық повесі, «Атан қомында туған адам», «Шоқанның жарқын істері» эсселері, «Жас Қаныш» шығармалары соның айғағы. Қамзабай Бөкетовтің айтуынша, кезінде ол Шоқан Уәлиханов пен Қаныш Сәтбаев туралы роман жазбақшы болған екен.
- Тек, «Жас Қаныш» романын бастағанымен, келте ғұмыры оны аяқтауға үлгертпеді, - дейді Қамзабай аға. Публицистика, әдеби сынмен қатар аудармаға да ден қойған Е.Бөкетов еңбектері ете көп. Бірқатар орыс жазушыларының шығармаларын аударған. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының репертуарына енген «Юлий Цезарь» трагедиясы да ғалымның аудармасы екенін айта кеткен жөн. Ал Е.Бөкетов жайлы қалам тартқан жазушы Медеу Сәрсекенің «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Ебіней Бекетов» роман-эссесі мен доцент Қ.Асановтың «Е.Бөкетов - публицист» монографиясы ғүламаның өз есімін иеленген мұражай төрінен орын алған.
Достарыңызбен бөлісу: |