Отан тарихы №1 (97) 2022
ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
143
Осы кезеңде Қазақстан территориясында ірі өндірістерінде 25 мындай жұмысшы еңбек етуде еді.
Соның ішінде, Ембі мұнай кәсіпшіліктерінде - 600-дей жұмысшы, Қарағанды кендерінде 800,
Спасск зауытында - 700-ге жуық жұмысшы болған (Атырау облыстық мемлекеттік архиві (одан әрі
АтОМА).
1918-1920 жж. азамат соғысы қазақ даласын әбден күйзелткен болатын. Мәселен, 1920 Орал
губерниясында 1916 жылға қарағанда мал басы 4.306.865-тен 1.061.484-ке, егістік алаңы 424.280
десятина, яғни 60 процент, балық аулау 1913 жылмен салыстырғанда 1.600.000 пұттан 429 292 пұтқа
төмендеген. Ал халық санағына келер болсақ 1916 жылы Орал губерниясында барлығы 866 946,
соның ішінде Гурьев уезінде 162 125 адам тіркелген. 1920 жылғы халық санағы бойынша губерния
халқы 43,3 процентке, уезд халқы 31,8 процентке кеміген. Губерниядағы өнеркәсіп орындары да
құлдырау сатысында болды. Оның ішінде мұнай өнеркәсібінің жағдайы ерекше ауыр болатын.
1920 жылы 29 қаңтарда мұнай кәсіпшіліктерінде не бәрі 760 жұмысшы тіркелді. Бұл есепке
Қаратон,
Қарашұңғыл, Жылой кәсіпшіліктерінің еңбекшілері орталықтан ұзақтығына байланысты
қосылмады. Осы 760 адамның 310-ы Доссор кәсіпшілігінде жұмыс істеді. Экономикалық құлдырау
мен халық санының осынша кемуі елдегі төңкерістер мен соғыстардың әсері екені сөзсіз.
Сөйтіп, жұмысшы қызметкерлер 1917 жылмен салыстырғанда 8 есе азайған. Кәсіпшіліктерде
мұнай беруші скважиналар істен шықты. Қоймаларда толтырылған мұнай казак-орыс әскерлерінің
шегінуі кезінде жерге төгілді, өртелді. 1920 жылдың басында Ракушада 14 млн. пұтқа жуық мұнай
сақталуда еді. Осы мұнай қорын алу арқылы Халық Комиссарлар Кеңесі елдегі мұнай дағдарысын
жеңілдетпек болды. Өйткені бұл уақытта Ресей империясының бұрынғы мұнай орталықтары
Баку мен Грозный әлі ақгвардияшылардың қолында болатын.
1920 жылы 15 наурызда В.И. Ленин су транспорты қызметкерлерінің Бүкілресейлік II съезі
делегаттарына «Ембі» мұнайы біздің қолымызда. Онда 12-14 мың пұт мұнай бар-деген еді (Атырау
облыстық мемлекеттік архиві (Ат ОМА,146: 188).
Осы жиналған мұнайды тез арада орталыққа жеткізу керек болды.
Темір жол, мұнай құбыры
болмағандықтан халық комиссарлар Кеңесі 1919 жылы 27 желтоқсанда жинаған мұнайды көлікпен
тасуды ойластырып, 1920 жылы 13 қаңтарда Гурьев және оның аудандарындағы мұнайды керуен
көлігімен Орал, Астраханға жеткізуді ұйымдастыру атты арнайы шешім қабылдады.
Шешімге сәйкес 4-ші армия партия ұйымы мұнайды тасымалдау үшін 125 көлік пен 600 қызыл
әскер бөлді. Бұл күш аз болғасын 1920 жылы 27 ақпанда В.И. Ленин 11 армия әскери Кеңесі мен
Астрахань партия комитетіне, Волга - Каспий әскери теңіз флотилиясына
жеделхат жөнелтіп тез
арада Гурьев мұнайын Орталыққа жеткізуді тапсырды. 1,3 млн. пұт мұнайды Орталыққа
тасымалдауда жергілікті халық және кәсіпшілік жұмысшылары зор ұйымшылдық көрсетті. Олар
сол кезде қолда бар 140 ат, 56 бұқа, 91 түйе көлігін және 14 автомобильді тиімді пайдалана білді.
Мұнай өнімдерін көлікпен тасымалдауды ұйымдастыра отырып Кеңес үкіметі мұнайлы ауданды
орталықпен байланыстыратын темір жол салу құрылысына кірісті. Александров Гай-Эмба темір
жолын салу ісін қорғаныс комитеті, тікелей В.И. Ленин қадағалап 1920 жылы құрылысқа 4-ші
армия қызыл әскерлері,
Волга бойы әскери округы, екінші еңбек армиясы құрамалары тартылды.
1920 жылы мамырда темір жол құрылысында 15 мың адам қызмет атқарса, оның 3,5 мыңы қазақтар
еді (Баевский, 1957: 57).
Құрылысқа орталық аудандардан 190 км. рельс және 400 мың дана шпал жеткізілді. Бірақ
жол құрылысы Орталықтағы мұнайлы аудандардың азат етілуіне сай тоқтатылды. Мұнай
кәсіпшіліктерінің тез арада қалпына келіп, өндіріс жұмысының жолғақойылуында № 11 армия
әскери Кеңесі комитетінің еңбегі өлшеусіз. Себебі, олар 1920 жылы қаңтарда әскер қатарындагы
мұнайшыларды арнайы іріктеп, 150 адамдық топты мұнайлы ауданға жібереді. Олар кәсіпшіліктерге
26
ақпанда жетіп, бірден іске кіріседі. Тәжірибелі мұнайшы мамандар В. Политанский біріккен
мұнай комитетіне, А. Бородин, И.А. Карпов Доссор және Ракуша фабрика-зауыт комитетіне,
А. Кузнецов, И. Бушев басқа да басшылық қызметтерге тағайындалды (АтО МА, 1: 142).
Бұл кәсіпшіліктердегі жағдайды күрт өзгертті. 1920 жылы 24 қаңтарда сайланған фабрика-зауыт
комитетінің төрағасы А.А. Соколов, орынбасары П.А. Сүлейменов жұмыстары тез арада жанданды.
Сондай-ақ, бұл істе орталықтан Бас мұнай басқармасынан қаңтарда келген өкіл Геновкер жұмысы
да көп көмек болды (Файн,
Қожабаев, Темиргалиев, 1957: 85).
Бас мұнай комитеті Халық комиссарлар Кеңесі жанынан (ХКК) 1918 жылы құрылды. Комитет
басшысы Н.И. Соловьев, орынбасары Г. И. Пылаев, алқа мүшелері И.Э. Гуковский, А. Шибинский,
К.А. Махровский, С.М. Тер-Габрилиан және В.И. Ленин ұсынысымен И.М. Губкин кіргізілді.
Сондай-ақ, елді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме-мұнай синдикаты
ұйымдастырылды. Оны Г. И. Ломов басқарды (Байбаков, 1984: 12). Бас мұнай комитеті мен мұнай
синдикаты Ембі мұнайлы ауданына ерекше көңіл бөлді. Дегенмен,
кәсіпшіліктердің әлеуметтік
тұрмыс мәселесі өте ауыр болды. Қаражат жоқ, тамақ және тұрмыс заттары өте аз болды.
Кәсіпшіліктердегі фабрика - зауыт комитеті тығырықтан шығу үшін карточка системасын енгізді.
1920 жылы 24 наурызда 1-категориялы карточка алатын, яғни маман жұмысшылар саны 338 адам,
2 категориялы карточка алатын қара жұмысшылар саны 122 адам болды. Осы жылдардағы мұнай
скважиналарының жағдайын былайша көрсетуге болады.