Халық артисі Досжан Жанботаев өмірінің үзік сырлары
Ер тегіне, жеріне тартады. Рас сөз. Табиғаты сұлу, ауасы жұпар, жер жаннаты Жетісу өңірінде кіндік қаны тамған Досжан Әбдірәліұлының сонау балғын шақтағы балаң қиялын тербеткен, асыл арманын әлдилеген, ет жүрегін елжіреткен әдемі де айшықты көріністері әлі көз алдында. Енді алыста жүріп атажұртын аңсап, оны елжірей еске түсіргенінде көз алдына әлгі суреттер дәп баяғыдай ғажайып түрге еніп, ерекше нұрға бөленіп тұра қалатындығы несі екен?! Пай-пай, жүйрік көңіл-ай! Ұлытау бөктерінде жүріп, сонау Ұлытаумен ой, қиялы, сезім, түйсігі астасып, біте қайнасып кеткен аптал азаматтың жүрек түкпіріндегі ішкі жан дүниесіндегі терең толқыныстарды, ерен сағыныштарды кім сезген?! Әлде, тау баласы тауға қарап өскендіктен бе, әлде Мұқағали ақын жырлаған өмір-өзені толқындарымен бірге тулап, бірге көшкендіктен бе, Доскеңнің іңкәр жүрегінен өрген кәусар сырларды күнде қатар жүрген біздердің өзіміз байқай бермейді екенбіз.
Доскең айтады: – Балалық шаққа күнде көз жүгіртіп өтем десем біреу сенер, біреу сенбес. Себебі, мен өз үйімнің төріндегі ең көрнекті жерге көлемі 2х1 метр келетін марқұм анамның үлкен суретін қастерлеп, іліп қойғанмын. Таңертең жұмысқа кетерімде сол суретке қарап: «Анашым, сау бол!» деймін де, кешке жұмыстан оралғанымда: «Күтіп қалдың ба, анашым?» деп ішке имене кіремін. Анаң көз алдыңда тұрған мұндай сәтте еріксіз балалық шағыңа, өскен ортаңа көз жүгіртіп отырады екенсің. Иә, бұған да тәубе деймін. Себебі, мен мектепті алтын медальмен бітірген жоқпын. Әкем ерте қайтыс болды да, фермада сиыр сауып, бізді асырап, бәлиғатқа жеткізген анамның құрметіне «Сауыншының баласы» атаныппын. Енесінен бұзау, қозы айырып, еңбекке ерте жетілген ауыл баласымыз ғой. Орташа оқыдым деп тағы айта алмаймын.
Менің туған жерім – Қарасайдай қыстауы, Кішіқарқарадай жайлауы, Малай жазығындай күздеуі, Қуықтай тауы, Жалаулыдай ауылы бар Алматы облысының Райымбек ауданына қарайтын шұрайлы өңір. «Басқаның жер ұйығын не қылайын, Жерұйығы өзімнің қасымда екен» – деп Мұқағали ағам жырлағандай, Қайқының өріне шыққаннан кейін біздің ауылдың самал желі алдыңнан аңқылдай соғады. Бұл өңірдің табиғаты тым ерекше ғой шіркін! Әрине, әркімнің туған жері өзіне ыстық. Әркімнің туған жерін осылай сүюге, жақсы көруге хақысы бар. Олжас ағамыз айтқандай, «Тауларды асқақтатып, даланы аласартып» алмасақ болды ғой тегі. Қазақ даласының қай түпкірінде жүрсек те, бір-бірімізді ерекше құрметтеп, бір-бірімізбен сыйласып өтсек болды емес пе?! Менің өмірдегі, өнердегі ұстанымым – осы».
Доскеңнің жүрегін жарып шыққан туған жері, өскен ортасы, асыл анасы жайлы толғаныстарынан оның сөз өнеріне ерте қанығып өскенін байқау қиын емес. Өзі айтуынша ол жас күнінде Қарасазға жиі барып, өзі жақсы көретін Мұқағали ағасының бұлақтың сыңғырына үн қосқан майда қоңыр, маржан жырларын құмарта тыңдап өсіпті.
Мүмкін балалық шақтағы осы құмарлық оның үлкен өнер жолына түсуіне, артистік кәсіпті таңдап алуына кезінде игі ықпалын да тигізген болар. Бірақ, осы таңдауға бекінген сонау бір жылдары сауыншының баласы түскен артистік оқуға менсінбей қараған кейбір ауылдастарының аузынан: «Артистік оқудың керегі не? Ауыз-мұрныңды қисаңдатып, ыржақтай берсең болды емес пе?!» деген сыңайлы қыршаңқы сөздерді Доскеңнің де талай естігені бар.
Оқу – ақыл-ойдан артық емес қой. Десе де, ауылдағы қазақ мектебін бітірген бойдан, Мәскеудегі Шепкин атындағы Жоғары театр училищесіне оқуға түскен Досжан Жанботаевтың маңдайына орыс тілін шала-шарпы оқығаны – үлкен сор болып жабысты. Сөйтіп, тіл сындырудың үлкен мектебінен өтуіне тура келді. Жан-жағына қараса, Алматыдан осы жоғары оқу орнына келіп, бірге түскен 17 түлектің бәрі бірдей болмаса да көбісі орыс тілін жетік білулерінің арқасында Еуропаның әдебиеті мен мәдениетін жіктеп, жіліктейтін дәрежеге жетіп қалыпты. Өз деңгейінің олардан көп төмен екендігін аңғарған Доскең енді жатпай-тұрмай, жастығының астынан сөздік, аудармаларды тығып, кітап оқудан бас алмайтын студенттің нағыз өзіне айналады. Шекспирдің «Гамлетінен» ақ өлеңді мәнеріне келтіре оқитын алматылық курстас досы Жанат Хаджиевтің қасынан бір елі шықпай, бұл өлеңді де терең меңгеріп алғаны әлі есінде.
Шепкин атындағы Жоғары театр училищесіне 1967 жылы түсіп, оны 1972 жылы бітіріп шыққан Досжан Жанботаев өзі сынды албырт көңіл, асау жүрек жастармен бірге Қазақстанға оралып, сол кездегі жаңадан ашылған Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына келеді. Бұрын көрмеген, аяқ баспаған шағын қала тақыр жерге гүл өсіргендей көрінеді екен. Жаңа өнер ошағы – театрдың іргесін қалау мұндай бұларға оңайға түскен жоқ. Абырой болғанда қалада бұрыннан жұмыс істейтін «Кеншілер сарайы» бар екен. Ол енді театрға лайықталып, қайта жарақтандырылады. Мәскеуден келген 17 түлекке және театрдың қосалқы жұмыскерлеріне жұмыс, баспана тауып беру үшін облыс, қала басшылары үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.
Доскең айтады: «Арқалық қаласындағы біздің театрдың ашылуына қазақ халқының біртуар азаматы, ұлттың тілі мен дәстүріне, мәдениеті мен өнеріне шын жанашыр болып, осы жолда зор қайраткерлік рөл атқаратын білікті басшы, сол кездегі Торғай обкомының идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді. Ол кісінің тікелей ықпалымен біз басқа жаққа кетіп қалмай Арқалық қаласына біржолата қоныс тептік. Өйткені, қолқа салып, жан-жаққа тартушылардың көп болғаны рас.
«Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ мұндайда. Көшелері аяқ алып жүргісіз, жабысқақ сары балшығы тобықтан келетін, көкжелегі сирек, жазы аптапты, қысы жаяу борасынды болып келетін Арқалық қаласына біз әне-міне дегенше бауыр басып кеттік. Ең қуаныштысы, жергілікті жердің тұрғындарының ыстық пейілі даладай кең екен. Торғай өңірінің қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрі бізді өздеріне тарта түсті.
Театрдың алғашқы шымылдығы 1972 жылдың 24 желтоқсанында М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясымен ашылды. Халық сол күні «Кеншілер сарайына» сыймай кетті. Мен осы спектакльде Жарастың рөлінде ойнадым. Алғаш ойнаған рөлім ғой, спектакльден кейін «Кім не дер екен» дегендей, толқынысты күйде болдым. Бір кезде бізді құттықтау үшін сахнаға шыққан Өзбекәлі ағамыз әрбіріміздің қолымыздан қысып, өзінің ризашылық сөздерін жаудырды. Менің де қолымды қысып: «Жарайсың, Жарасым!» деп арқамнан қаққаны әлі есімнен кетпейді. Шіркін, әрбір артисті осылайша құттықтап, жылы сөздерін жаудыратын өнердің нағыз жанашыры, кең жүректі азаматтар қазір арамызда тым сиреп барады ғой...»
Қазақ зиялылары жайында Доскеңнің айтар ойы, пайымдары өзгеше. Сонау жылдары Мәскеуде оқып жүргенінде ол ұлтымыздың тағы бір зиялы азаматы Мұрат Әуезовпен қалай танысқанын, оның қазақ жастарына көрсеткен сан қамқорлығы мен шапағатын жыр етіп әңгімелеуді жақсы көріп тұрады. Өзінің терең білімдарлығымен, жоғары парасатымен, тіпті, жүріп-тұру мәдениетімен де Мұрат Әуезов сол кезде Мәскеуде оқитын қазақ жастарына өнеге өлшеміне айналған еді. Алматыдан келіп, студенттермен жиі араласып тұратын Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Сафуан Шаймерденов, Қалаубек Тұрсынқұлов сынды көрнекті жазушыларың да тәлім, өнегесі жайлы Доскеңнің айтар ойы салмақты. Әсіресе, сері ағалары Сәкен Жүнісовтің тағылымы мол, асыл қасиеттерін ұмытуға бола ма? Мәскеудің қақ ортасындағы «Будапешт» қонақүйінде Сәкен ағалары Жоғары театр училищесінде оқып жүрген қазақ жастарына өзінің сол кезде жазған «Ақан сері» пьесасынан үзінділер оқып беретін. Жақсылардың жүрген жері қашан да шарапатқа толы ғой. Доскең олардан алған тәлім-өнегенің болашағына зор ықпал тигізгенін аса ілтипатпен еске алады.
Өткеннің бәрі тарих, оның шындықтары көп. «Тегін жерге терек өспейтіні» сияқты театрдың да тегіннен тегін пайда болмайтыны белгілі. Бір кездері Әкім Тарази айтқандай, 70-ші жылдардың ішінде-ақ Торғай театры «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» атағына ие болды. 1974 жылы театр ұжымы Алматы қаласында тұңғыш рет шығармашылық есеп беріп, көрермендерді таңдай қақтырарлық спектакльдер қою арқылы қазақ сахнасына тағы бір өзіндік бет-бейнесі бар жаңа театр келгенін паш етті. Атап айтқанда, сол кездегі астана көрермендеріне М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясын, В.Эрвенің «Түлкі бикеш», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектакльдерін қойып, өнер зерттеушілері мен театр сыншыларының тарапынан жоғары бағалар алды. Көптеген театр артистері осы жолы лайықты сый-құрметке бөленді. Әрбір қойылымды сәтті образдар шығара білген Д.Жанботаевтың атына да жылы лебізді сөздер көп айтылды. Соның нәтижесі болар, араға бірнеше жылдар салып Д.Жанботаев театр тарихында тұңғыш рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Тарихи тұлғаларды сомдаудың хас шебері атану – әрбір сахна шеберінің маңдайына жазыла бермейтін сирек бақыт. Бұл орайда Досжан Жанботаев талантының құдіретін талайлар талай мәрте мойындады. Тұңғыш ойнаған Жарастан соң, ол театр сахнасында Қарабай, Жабай, Жиренше, Шыңғысхан, Ленин, Сталин, тағы басқа тарихи тұлғалардың бейнесін шеберлікпен сомдады. Бұл актер талантының сан қырлы, сан сырлы, қадір-қасиеті мол екендігін аңғартады. Доскеңе тән шеберліктің ең айшықты белгісі сол, ол кез келген бейненің рухани әлемін, ішкі жан дүниесін терең түсініп, жан-тәнімен беріліп ойнайтындығында. Сахнада бірде бай, бірде батыр, бірде көсем, енді бірде қарапайым шаруа, тіпті, қуақы саудагер, айлакер адам болып ойнаудың кілтін дәл тапса, дәп табатын Жанботаевтай актердің некен-саяқ екенін сахнагерлердің өздері-ақ талай мойындаған. Театрдың қара нары, көш басшысы атанған Доскеңнің республикалық және халықаралық театрлар фестивальдарына талай рет «Ең үздік ер» образын бейнелегені үшін берілетін жүлделерді де жеңіп алғанын да көзіміз талай көрді. Бастапқыда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі», бертін келе «Қазақстан Республикасының халық артисі» атағына ие болған сахна саңлағының бұдан басқа да қол жеткен тамаша жетістіктері театр ұжымы мен қалың көрермен қауымның көз алдында.
Өмір-өзені бірде арнасынан асып-таспай баяу қалыпта, енді бірде асау мінез танытып, бұлқынып, жұлқынып ағып жатады. Адамның көңіл-күйі де кейде пәс, кейде көтеріңкі жағдайда жүреді. Бұл да болса табиғи нәрсе шығар. Доскең тумысынан еменнің иір бұтағында шымыр өскен, бойында өжеттік пен қайсарлықтың оты бар, алға қойған мақсатына адал, жүрген ортасына жүрек жылуын, мейір-шапағатын молынан төгіп жүретін дархан жүректі азамат. Ол қазір Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының нағыз серкесіне, оны өрге сүйрейтін нағыз қара нарына айналған. Соңғы жылдары театрдың көркемдік жетекшісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Өмірдің де, өнердің де ыстық-суығын көрген Доскеңнің ең басты мақсаты, ой мұраты – бір кездері өздері құрған театрдың атақ абыройын сақтап, одан әрі биік тұғырға көтеру.
1997 жылы Жезқазған облысы жабылып, «балапан басына, тұрымтай – тұсына тартып» әркім жан сауғалап жатқан тұста мыс қаласында қандай жағдай болмасын өнер ошақтарын, оның ішінде театрды сақтап қалудың қажеттігін айтып, зыр жүгіргендердің бірі де осы Доскен еді. Бұл жайдан-жай емес, тереңнен ойластырылған, ел мен жердің тағдырына, болашағына шын жанашырлықтан туындаған азаматтық белсенділіктің бір көрінісі болатын. Қарақан басын әркім де амалдап асырайды ғой. Доскеңнің Алматы, Астана театрларын жағалап, қай жерден болмасын артистік орынды ойып алуына, атақ-абыройын одан сайын асқақтатуына күш, дәрмені жетіп артылатын. Бірақ, тарлан артист ондай пендешілікке бармады. Туған үйіндей болып кеткен театрмен қалуды, оның қалқаны мен қорғаны болуды жүрегі қалап тұрды. Сөйтіп, Алматыға қызмет бабымен ауысып кеткен театрдың бұрынғы бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі Жанат Хаджиевтің жолын жалғастыруды, қарашаңыраққа қазық болып байланғанды жөн көрді.
Доскеңнің бұл ойының жүзеге асуына театр ұжымы, ондағы өзінің шепкиндік курстары, басқа да жетекші артистер үлкен қолдау жасады. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген артистері Т.Рақышева, С.Бұлғабаев, жетекші артистер Р.Ыбыраева, М.Қожақов, Ә.Шоманов, Б.Ыбыраев, Д.Кенжеев, тағы басқа да сахна шеберлері театрдың жаңа жетістіктерге жетуі жолындағы сенімді көмекшілеріне айналды.
Өтпелі қиындықтан, тығырықтан шығудың жолдарын ұжыммен бірлесіп іздеген Доскеңнің театрдың көркемдік жетекшісі, қоюшы-режиссері ретіндегі жұмысы да бірте-бірте жанданып, тәжірибесі толыса түседі. Ол бұрынғы спектакльдерді жаңартумен қатар режиссерлік үлкен ой-шешімі бар қойылымдарды да дүниеге әкелді. Соңғы бес-алты жылдың мұғдарында жаңадан 5-6 қойылымның дүниеге келуі осыны аңғартады. Атап айтқанда, жергілікті драматург Қ.Ахметовтің «Құданың өзі, құдайдың көзі», О.Бөкейдің әңгімесі бойынша жазылған «Атау кере» (инсценировкасы М.Ахмет төренікі), Р.Ыбыраеваның «Махаббат пен кесапат», тағы басқа спектакльдерді көрермен қауым өте жылы қабылдады. Әр қойылымға нәрлі ой, қанық бояу беріп, жоғары талаппен келетін Доскеңнің берік ұстанымымен театр ұжымы үйренген.
Доскең айтады: – Өзіміз де жас болдық қой. Алмастай жарқыраған қайран жиырма бес көне Торғайдың, текті Торғайдың бел-белесінде сағым жұтқандай қалып қойыпты. Жезқазған жерінде де ең қынулы шақтарымыз өтті. Осы топырақта жүріп, Мысыр еліне барып өнер көрсету мүмкіндігіне ие болдық. Республиканы айтпағанда театрлардың халықаралық фестивальдеріне бірнеше мәрте қатысып, олжалы оралдық. Қанжығамызға байлаған Бас жүлде – Гран-прилердің саны – бесеу. Бұл – үлкен жетістік. Қызылорда, Павлодар фестивальдерінде «Тарихи тақырыпты игергені үшін» номинацияларын жеңіп алдық. Бұл аздай-ақ басқа да жетістіктеріміз бар...
Халық артисінің бүгіп қалған бір сыры өзінің жеке басына байланысты жетістіктері екені даусыз. Күні кеше ғана өткен Қарағанды облысының 70 жылдығы мерекесінде орталық стадионда жиналған көп халықтың алдында жезқазғандық сахна шеберлері әзірлеп қойған театрландырылған қойылымда Елбасының әкесі ролін сомдаған Досжан Жанботаев өзгелерден айрықша көрінген еді.
Адамға бақыт қонайын десе, сөзсіз қонады ғой. 2009 жылы халық артисі тағы бір үлкен марапатқа ие болды. Бұл жолы ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» деген жоғары атақты еншіледі. Сол жылдың тағы бір қос қуанышы: Қарағанды облысы әкімінің «Алтын қобыз» жүлдесі мен Қарағандыда өткен республикалық театрлар фестивалында («Қанда бар ғой, қанда» спектаклі) «Ең үздік ер образын сомдағаны үшін» бас жүлдеге ие болғаны екені даусыз.
***
Жанботаевтар отбасын артистер әулеті деп жезқазғандықтар орынды атайды. Доскеңнің өмірлік серігі Райхан Ыбыраева Мәскеудің Шепкин атындағы Жоғары театр училищесін өзімен бірге бітірген. Театрдың іргесін қалап, 38 жыл бойы сахнаның сәніне айналған, жаны сұлу, жүрегі нәзік сан қыз-келіншектердің, әйел аналардың көркем бейнесін жоғары шеберлікпен сомдап жүрген Рекеңнің шығармашылық келбеті жайлы ой тербеу ол бір бөлек әңгіме. Соңғы жылдары ол қоюшы-режиссер, драматург ретінде көрермен қауымға сан қырлы талантымен танымал болды. 2008 жылы Р.Ыбыраеваның «Алпамыс батыр» ертегісі Қарағандыда өткен аймақтық театрлар фестивалының Бас жүлдесін жеңіп алды. Сол жылы бұл ертегі мемлекеттік грантқа да ие болды. Өнерлі отбасынан шыққан балаларының да «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген қағидаға сай театр өнеріне біртабан жақын болуы заңды құбылыс. Доскеңнің ұлы Теміржан Жанботаев Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген, қазір өз мамандығы бойынша Жезқазған театрында жұмыс істейді. Ол кезінде республика теледидары арқылы бейнеклиптерден де жиі көрінді. Ал, қызы Мируана Жанботаева болса, өздерімен бірге театрда актриса болып істейді. Орталық Азия университетін бітіріп, заң қызметкері деген арнайы диплом алса да, оның сезімтал жүрегі әкесі мен шешесінің жолын қууды қалаған көрінеді. Қазір Мируана Жанботаева сахнаның қыр-сырларын терең меңгеріп алды. Ол Бішкектегі Б.Бишенәлиева атындағы өнер академиясының режиссерлік бөлімін бітірді. Доскеңнің немересі Темірлан Теміржанұлы да әулеттің жолын қуып жүр. Қанда бар қасиет қой. Темірлан республикалық теледидар арқылы көрермен көзайымына айналған он үш сериялы «Ангелочек» телехикаясында басты рөлде ойнаған, болашағынан мол үміт күттірген жас.
Өмір-өзені жалғасуда. Доскеңнің ой-арманы, үміт мұраты, ішкі жан дүниесінің иірімдері сол өзеннің толқындарындай мағыналы да сырлы. Елін сүйген, сол елдің өнерін биікке көтерген бір адам болса, ол Доскеңдей-ақ болар. Халық артисі әлі де қажымай келеді.
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ
Орталық Қазақстан. - 2011. - 3 желтоқсан (№ 201/202). - 6 б
Достарыңызбен бөлісу: |