ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы мұсылмандық және ПЕДАГОГИКАЛЫҚ білім беру мәселелері.
Омаралиев Исмаил Муратович
Тарихи-мәдени-этнографиялық орталық, Түркістан қаласы, Ismail_mur_90@mail.ru
ХХ ғасыр өмірдің барлық салаларында көлемді де күрделі өзгерістер әкелді. Қазақ халқы ежелгі кезден бастап білімге назар қатты аударды. Әрбір ата-ананың борышы ол өз баласына әдептілікті үйретумен сауаттылығын жоғарылату болып келді. Бұған мысал ретінде қазақтар арасында «Қара күш бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақал кеңінен тараған еді.[1] ХХ ғасырдың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуында ХІХ ғасырдың екінші жартысымен салыстырғанда едәуір өзгерістер болды. Осы өзгерістермен қатар ел өміріндегі саяси оқиғалар да қазақ ұлттық интеллигенциясының қалыптасуына әсерін тигізді.[2]
ХІХ-XX ғасырлардың бас кезінде Қазақстанда халыққа білім беру ісі екі бағытта жүргізілді: діни және зайырлы. 1950 жылға дейін қазақ балалары мектептер мен медреселерде мұсылманша білім алды. Оларды негізінен молдалар оқытты. Оқудың төлемақысын ата-аналары қаржылады. Мұсылмандар мектебінде негізінен ер балалар оқыды.[3]
Медреседе бірнеше сынып бөлмелері болды. Олар шәкірттер тұратын, дәрет алып, жуынып-шайынатын, сондай-ақ тамақтанатын бөлмелер еді. Медреседе ұстаздыққа жасы 40-тан асқан адамдар ғана қабылданатын. Ұстаздыққа медресені бітіргендігін растайтын құжат арқылы жұмысқа қабылданды. Кейіннен патша үкіметі мұсылманша оқытуды да өз бақылауына алуға тырысты.
Халық арасында мектеп-медреселердің беделі күшті болды. Мектеп-медреселерде молдалар мен мектеп мұғалімдері даярланды. Оқу мерзімі 3-4 жылға дейін созылды. Медресе шәкірттері ислам дінінің негіздері бойынша бастауыш білім алумен қатар философия, математика, медицина, тарих, тіл білімі (лингвистика) және астрономия жөнінде де едәуір хабардар білім алып шықты. Діни оқу орындары медреселердің басты қызметінің бірі жастардың бойына әдептілік өнегесі мен адамгершілік қасиеттерді дарыту болды.
1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар бойынша мектептер мен медреселерді ашу үшін уезд бастығының арнайы рұқсаты арқылы жүзеге асатын еді. Патша үкіметі мұсылмандардың оқу орындарын ашықтан-ашық кемсітіп, қорлау саясатына көшті. ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап патша үкіметінің бастамасы бойынша медреселерде міндетті түрде орыс тілін оқыту енгізілді.[4]
1900-шы жылдары дәстүрлі мектептер мен медреселер коғамның өскелең талаптарын қанағаттандырудан қалды. Мұсылман мектептерінде реформа жұмыстары жүргізіле бастады. Оны ұйымдастырушылар жадидшілдер болды. XX ғасырдың бас кезінен бастап жаңа әдістемелік мектептер пайда бола бастады. Әдістемелік мектептің негізін қалаушы белгілі түркі тілдес халық ағартушыларының бірі, қоғам қайраткері И. Гаспринский болды. Жадидшілдер мектептерде арифметика, география, жаратылыстану, тарих сияқты басқа да зайырлы пәндерді оқыту қажеттігін дәлелдеді. Жаңа әдістемелік мектептерде білімді де білікті мұғалімдер сабақ берді, оларда қажетті оқу құралдары мен жабдықтары жеткілікті болды. Оның үстіне, оқыту әдістемесі де әлдеқайда тиімді еді.
Қазақстандағы ең алғашқы жаңа әдістемелік мектеп 1900 жылы Түркістан қаласында ашылды. Ондай мектептер Ақтөбе, Жаркент, Верный, Қазалы, Қостанай, Перовск, Семей сияқты басқа да қалаларда пайда бола бастады. Қазақ зиялыларының едәуір бөлігі жаңа әдістемелік мектептерде білім алып шыққандар болатын. Мәселен, Уфадағы «Ғалия» медресесінде Б. Майлин, Орынбордағы «Усмания» медресесінде Қ. Болғанбаев және басқалары оқыды. Абай Құнанбаевта Семейдегі Ахмет Риза медресесінде жаңа әдістемелік оқыту методикасын жақтаушы ұстаздардан дәріс алған болатын. Алайда жаңа әдістемелік мектептер елге кең көлемде тарай алмады. Патша үкіметі жаңа әдістемелік мектептердің ашылуына барынша қатты қарсылық көрсетті. Себебі ондай мектептерді панисламизм мен пантүркизмнің ошақтары деп білді. Соның салдарынан 1917 жылы Қазақстан аумағында 100-ге тарта ғана жаңа әдістемелік мектеп бар еді.
1901 жылғы маусым айында Дала генерал-губернаторы Сухотин Ақмола және Семей облыстарының әскери губернаторларына орыс-қазақ мектептерін ашуға ұсыныс жасады. Алғашқыда бұл идеяға қазақтар қауіптеніп сақтыкпен қарады. Балаларын орыстандырумен қатар шоқындырып жібереді деп қауіптенді. Қазақтардың және бір қорыққан нәрсесі — орыс-қазақ мектептері арқылы балаларды орыс шаруаларына айналдырып жіберер, содан соң әскер қатарында міндетті қызмет атқаруға мәжбүр етер деп шошынды. Сондықтан Акмола облысындағы Халық училищесінің директоры А.Е. Алекторов ел арасында жаңа мектептерді ашудың мақсат-міндеттерін түсіндіріп айтып кетті. Орыс-қазақ мектептерінің материалдық базасын қамтамасыз етуге баса назар аударды. Ол ауыл мектептеріне арналған «Ақмола және Семей облыстарындағы ауыл мектептерінде сабақ берудің тәсілдері мен оқулықтары», «Қырғыз хрестоматиясы» әдістемелік оқу құралдарын құрастырды. Оқудың қазақтардың ана тілінде жүргізілуі туралы айтты. Сонымен қатар ол қазақ өлкесін шоқындыруға бағытталған діни миссионерлік қызметін де белсенді түрде өрістете түсті.
1902 жылы Далалық өлкеде осындай 14 мектеп ашылған болатын. Олардағы оқу мерзімі екі жыл еді. Оқушылар қазақ және орыс тілдерімен коса арифметиканы оқыды. Кейінірек ислам дінінің негіздерін оқытуға да рұқсат етілді. Бірақ бұл ретте жұмсалатын қаржыны мұсылмандар өз қалталарынан төлеуге тиісті болды. 1904 жылы болыстық жерлерде бір сыныптық және екі сыныптық училищелер жұмыс істей бастады. Бір сыныптық училищелерде балалар төрт жыл оқыды. Олар онда орыс тілін, дін оқуын, қазақ тілін, арифметиканы, ән сабағын оқып үйренді. Ал екі сыныптық училищелердегі оқу мерзімі алты жыл болды. Олар әлгі пәндерден тыс географияны, жаратылыстануды, сызуды, геометрияны және орыс тарихын оқыды. Оқу алғашқыда екі жылда қазақ тілінде, содан соң орыс тілінде жүргізілді. Алайда орыс-қазақ мектептерінде мұғалімдер жетіспеді. Өйткені олардың жалақы мөлшері төмен болды. Оның үстіне, ол мектептердің материалдық-техникалық базасы да қанағаттанарлық дәрежеде қамтамасыз етілмеді.[5]
Ресей патшалығының отарлауына дейін жергілікті халықтың сауаттылық деңгейі жоғары болған. Зерттеулер бойынша ХХ ғасырдың басында өлкеде 5892 мектеп пен 353 медресе болған. Миссионер Ильминскийдің жүйесімен жақсы таныс Кауфман Орта Азия халықтарының діни істеріне қол сұқпай, жергілікті мұсылман мектептерінің маңызын төмендетудің өзіндік теориясын жасады.
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары жәдідшілдік тарихын негізінен жәдідшілдердің өздері дайындаған. Солардың қатарында Ортаазиялық жәдидшілдік өкілдері Садриддин Айни (1896-1938) мен Файзулла Ходжаевтардың (1896-1938) еңбектірін атап кеуге болады. Ол үшін дәстүрлі мектептерге балама ретінде отарлық әкімшілік қалалық және приход мектептерін, Ташкент қаласында мұғалімдер семинариясын ашты. Бұл ашылған мектептердің өзі де тұрғын халықтың көзін ашып, санасын ояту мақсатында емес, отаршыл билік аппаратының аудармашы, хатшы сияқты кеңсе қызметкерлерін дайындау мақсатында ашылды. Түркістандық, бұхарлық жәдидтер Ресей империясының шығыс аудандарынан, сондай-ақ Түркия, Ауғанстан, Үндістан сияқты шектес елдерден де ұдайы газет-журналдар алып отырды. Олар осы әдебиеттермен өлке халықтарын таныстырды. [6]
Патша өкіметінің осындай шовинистік, отаршылдық саясатына қарамастан Қазақстандағы білім беру ісінде елеулі өзгерістер болды. ХІХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы буржуазиялық реформалардың салдарынан және 1905-1907 жылдардағы революциядан кейін де бұратана халықтар арасында мектеп ашу ісі жаңа серпінмен жалғасын тапты. Қазіргі кездегі зерттеулерде Қазақстандағы білім беру жүйесінің қалыптасуы барысында елеулі өзгерістер болғаны атап өтілуде. Мысалы, 1911 ж. жүргізілген Бүкілресейлік халық санағының көрсетуіне қарағанда Қазақстанда 84 медреседе 28814 шәкірт оқып, 134 оқытушы жұмыс істеген. Ал сауат ашу мектептері 1446 жеткен. [7]
1921-1927 жылдары Қазақстанда 200 мыңға жуық адам білім алды, бірақ сауатсыздықты жою ісіне араб алфавитінен латын алфавитіне көшу кедергі алып келді. Араб алфавиті қазақ тілі фонетикасына сәйкес емес деген пікір айтылды. Араб алфавиті негізінде қазақша оқи алатын жүздеген мың қазақтар қайтадан сауатсыз атанып, жаңа алфавитті меңгеруі тиіс болды.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары мектептерді әдістемелік қамту бойынша қызу жұмыстар жүргізілді. 1921 жылы Семейде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың «Есеп құралы», «Оқу құралы» және «Тіл құралы» атты оқулықтары жарық көрді. Мемлекеттік баспа жанынан жаңа оқулықтар мен оқу құралдарын шығару үшін редакциялық алқа құрылды. Оқу құралдарды жазуға қазақтың озық ғалымдары тартылды, Олар: Алихан Бөкейханов - География; Мағжан Жұмабаев - Қазақстан тарихы, Педагогика; Жүсіпбек Аймауытов - Дидактика.
Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов, Жанайдар Садуақасов және Қаныш Сәтпаевтар секілді интелегенттер қазақ халқының білімін көтеруге өз күштерін аямай салды. Әсіресе, Қаныш Сәтпаев Томск университетінің студенті бола отырып, қазақ мектептері үшін математика оқулығын жазып шығарды.
1920 жылдардың соңына қарай қазақ мектептері үшін жалпы тиражы 575 мың дана құрайтын 30 оқулық шығарылды. 1931 жылы желтоқсанда ҚазАКСР ОАК және ОК Президиумы 15-50 жас аралығындағы еңбекші халық үшін жалпыға міндетті оқуды енгізді. Жылдан-жылға халыққа білім беру шығындары өсе түсті:
1928 ж. - 12 млн. сом бөлінді.
1932 ж. - 60 млн. сом.
1937 ж. - 474 млн. сом.
1939 жылдың соңына қарай Қазақстан халқының жалпы сауаттылығы 79,3% дейін өсті (оның ішінде ерлер — 85,2%, әйелдер - 66,3%). Алматы, Қарағанды, Орал, Шымкент, Әулие-ата (Тараз), Риддер (Лениногорск) сияқты ірі қалалар жаппай сауатты аудандар атанды.[8]
Мұғалімдер саны жыл сайын өсті, Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін 44 мыңнан аса мұғалім болды. 1939 жылы республикада 160 мұғалім орден және медальдермен марапатталды. Спандияр Көбеев, Л.И.Добранская, Н.Волхов, С.Ақышев, А.Ақатов, Ш.Сарыбаев сияқты мұғалімдер «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім» атағын алды. Кеңес өкіметі тұсында, 1926 жылы Ташкент жоғары педагогикалық институтында қазақ факультеті құрылған болатын. Ал, 1928 жылы факультет Алматыға көшіріліп, Қазақ педагогикалық институты болып құрылды. Ол республикадағы тұңғыш ашылған жоғары оқу орны болып табылды. 1935 жылы институтқа ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Сонымен қатар, 1929 жылы Зооветеринарлық институт, 1930 жылы ауылшаруашылық институты, 1934 жылы Тау-кен металлургия институты мен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (Қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ). 1931 жылы Алматы қаласында Республикада алғашқы медицина институты ашылды. Оның тұңғыш ректоры С.Аспандияров болды (Қазіргі С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті)[9]. 1930 жылдардың екінші жартысында Орал, Семей, Ақтөбе, Петропавл, Шымкент және Қостанай секілді ірі қалаларда педагогикалық және мұғалімдер институттары құрылды. Ұлы Отан соғысы алдында Қазақстанда 20 Жоғарға оқу орны, 118 орта арнаулы білім мекемелері болып, онда 40 мыңнан аса студент білім алды. 30 жылдары сырттай оқу жүйесі дами бастады.
1934 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік университеттің ашылуы республиканың мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Осы жылы Алматыда жоғары білімді инженер-техниктер даярлайтын тау кен-металлургия институты ашылды.
1937-1938 жылдардағы жаппай жазалауда қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерімен бірге қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары С.Сейфуллин, Б.Майлин. І.Жансүгіров және т.б. тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Тоталитарлық жүйенің ауыр соққысына қарамастан қазақ әдебиетіне 30-жылдары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілов, Ә.Әбішев, Ә.Тәжібаевтармен бірге жаңа есімдер келіп қосылды.[10]
Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі аса биік тұлғалардың бірі. Сондай ірі тұлғалардың қатарына Жүсіпбек Аймауытовты да жатқызуға болады. Әдебиеттегі осы сияқты алыптардың өнегесімен, күрестің қызып жатқан күндерінде ұйымдастырылған «Айқап», «Қазақ» сияқты басылымдарда көркем шығармалар, жатық жарияланымдарымен көрінген қазақ зиялылары аз болған жоқ. Мұның өзі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық мәдениетінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті.[11]
Қазақстанда тек ғылым саласы дамыған жоқ, сонымен қатар музыкалық театр өнері, әдебиет, бейнелеу өнері, кино өнері, мәдени ағартушылық және дене шынықтыру салалары кең қанатын жая бастады. Бұл бастамалардың барлығы қаншалықты қазақстанда білімді де сауатты адамдардың көп болуының көрсеткіші. Кеңес үкіметі тарапынан жаппай орыстандыру саясатына қарамастан қазақ халқы өз әдебиетін, білімін және сал-дәстүрін жақсы сақтай білді. Жоғарыда атап кетілген барлық зиялы қауымның істеген жұмыстары арқасында бүгінгі жарық және тәуелсіз ел болуымызға үлестері орасаң зор болды.
Резюме
В статье предпринимается попытка охарактеризовать развитие мусульманского и педагогического образования как важную парадигму XX века. Автор также останавливается на вопросах образовательной среды мусульманского общества.
Достарыңызбен бөлісу: |