Курс бойынша емтихан сұрақтары
1 1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы.
2 Дәстүр және жаңашылдық.
3 Түр мен жанрдағы ізденстер.
4 ҰОС-н бастарынан кешкен ақын-жазушылар.
5 Қазіргі прозада лирика мен этикалық, реалистік, романтикалық әдістердің
үйлесуі.
6 Ә.Әлімжановтың,О.Бөкеевтің,Т.Әдіковтің, С.Елубаевтың шығармаларында
жанрлық стильдік, соны ізденістердің байқалуы.
7 Ұлттық позияның жаңа көркемдік белестері.
8 Сюжетсіз лирикалық-философиялық поэмалардың жазылуы.
9 М.Шахановтың балладалары.
10 Қазақ прозасының тарихи тақырыпты кең құлашпен игере бастауы.
11 Ғ.Мүсіреповтің «Жат қолында» романы.
12 Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романы.
13 І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» романдары.
14 Х.Есенжановтың «Көп жылдар өткен соң», «Тар кезең» романдары.
15 Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары.
16 Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары.
17 Д.Досжановтың «Жібек жолы» романы.
18 Қазақ драматургиясының тақырыптық, көркемдік жағынан кеңеюі.
19 Қ.Мұхаметжановтың драмалық туындылары. «Көктөбедегі кедесу»
20 Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы.
21 Осы кезеңдегі әдебиеттану мен сынның өркендеуі.
22 Төлеген Айбергеновтің лирикасы.
23 Қ.Қайсеновтың шығармашылығы.
24 Қадыр Мырза Әли поэзиясының тақырып ауқымы мен көркемдік кестесі.
25 Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы.
26 Мұқағали Мақатаевтың лирикасы.
27 60-90 жылдар поэзиясындағы лирикалық-философиялық поэмалар.
28 Жұбан Молдағалиевтің поэмалары, олардың гуманистік сипаты, ұлттық
нақышы.
29 «Қан мен тер» триологиясындағы әлеуметтік күрес, образдардың сомдалу
жайы.
30 Жұбан Молдағалиевтің поэмаларындағы азаттық алуаны, романтикалық
леп.
31 І.Есенберлиннің тарихи туындыларының көркемдік, танымдық, тарихи
мән-маңызы.
32 Қазақ прозасындағы тарихи тақырыптардың игерілуі.
33 «Мен қазақпын», «Қыран дала» поэмаларындағы өмір шындығы мен
ұлттық өршіл романтика.
34 Т.Ахтановтың «Боран» повесіндегі экология мәселесі.
35 Т.Молдағалиевтің әнге арналған өлеңдеріндегі лиризм.
36 Ә.Әлімжановтың тарихи романдарындағы шындық пен көркемдік шешім.
37 Ж.Нәжімеденов поээиясындағы ойшылдық пен көркемдік шешім.
38 С.Сматаевтің «Елім-ай» романындағы халық өмірінің суреттелуі.
39 Ұлы Отан соғысы тақырыбының 60-90 жылдар әдебиетіндегі эпикалық көркем туындыларда суреттелуі.
40 Т.Әлімқұловтың «Тұлпар тағдыры» жинағындағы тарландар мен өнер
адамдары образдарын сомдау шеберлігі.
41 С.Елеубаевтің «Ақ боз үй» романындағы тарихи шындық пен көркемдік
шешім.
42 1970-1990 жылдардағы повестерде адам мен табиғат, экология
мәселелерінің суреттелуі.
43 Д.Исабековтің «Мұрагерлер» пьесасындағы тартыс және образдар
жүйесін сомдаудағы шеберлігі.
44 Х.Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтер» романындағы тарихи
ақиқаттың суреттелуі.
45 Д.Исабековтің «Қарғын» романындағы жанрлық стильдік ерекшеліктер.
46 О.Бөкеев прозасындағы кейіпкерлер психологиясын суретеудегі шеберлік.
47 Б.Соқпақбаев прозаларындағы реализм мен кейіпкерлер тұлғасындағы
шуақты юмор.
48 Эпикалық туындылардағы «Ақтаңдақтардың» жаңаша пайымдалуы.
49 Қазақ поэзиясындағы әйел ақындар шығармашылығы.
50 Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы лиризм.
51 С.Жүнісовтің «Өліара» пьесасындағы тартыс пен образдар жүйесі.
52 Қ.Мұхаметжанов,Ш.Айтматовтардың «Көктөбедегі кездесу» пьесасын-
дағы көркем образдардың сомдалуы.
53 Ә.Тәжібаев поэзиясындағы оптимистік символды лирика.
54 Т.Ақтановтың «Ант» пьесасы.
55 Р.Нұрғалиевтің «Айдын» зерттеу кітабының қазақ драматургиясын
саралаудағы ғылыми мәні.
56 М.Мағауиннің «Ғасырлар бедері» сын кітабының әдебиет сынын
өрістетудегі маңызы.
57 «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі Бауыржан Момышұлы образы.
58 Соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің 1960-1990 жылдар әдебиетінде
бейнеленуі.
59 Б.Момышұлы шығармаларындағы ерлік пен елдік.
60 Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуіріндегі қазақ поэмалары.
Курст жұмыстарының тақырыптары:
1.1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиеттің әдеби-эстетикалық, саяси әлеуметтік және тәуелсіз ұлттық даму жайы.
2.Проза, оның тақырыптық-көркемдік өсу жолы мен тенденциялары.
3.Поэзия, оның даму сатылары және дәстүр мен жаңашылдық.
4. Драманың өсу жолы мен қазіргі өзекті мәелелері.
5.І.Есенберлин романдарындағы тарихи деректер.
6. Әдеби сын мен әдебиеттану тарихы және қазіргі әдеби үрдістің жаңашылдық қырлары.
7. Б. Момышұлы, Қ. Қайсенов, Ә.Шәріпов шығармашылықтары және әдебиеттегі Отан қорғау, гуманизм тақырыбы.
8. Ә. Тәжібаевтың (1909-1998) өмірі шығармашылығы.
9. І.Есенберлиннің образ сомдау, сюжет дамыту ерекшелігі.
10. І.Есенберлин романындағы адамгершілік мәселелері.
11. Х.Ерғалиев поэзиясындағы заман бейнесі.
12. Х.Ерғалиев поэзиясының әдеби процеске әсері.
І3. Х.Ерғалиев поэзиясындағы монологтар.
14. Х.Ерғалиевтің поэмалары.
15. Ж.Молдағалиев өлеңдерінің ерекшелігі.
16. Ж.Молдағалиевтің поэмалары.
17. Ж.Молдағалиев поэзиясындағы сюжет.
І8. Ж.Молдағалиев поэзиясының көркемдігі.
19. Ж.Молдағалиев поэзиясындағы ерлік тақырыбы.
20. С.Мәуленовтің лирикасы.
21. С.Мәуленов шығармаларының жанрлық құрамы, ерекшелігі.
22. С.Мәуленов поэмасындағы соғыс тақырыбы.
23. С.Мәуленов поэзиясындағы соғыстан кайтқан солдаттар бейнесі.
24. Т.Ақтанов прозасының ерекшелігі.
25. “Қаһарлы күндер” романындағы солдат бейнесі.
26. Т.Ахтанов романындағы характер.
27. Б.Сокпақбаев романындағы сюжет.
28. Б.Соқпақбаев туындысындағы баяндау мен диалог.
29. ‘’Боран” романындағы көркемдік ізденістер.
30. Б.Соқпақбаевтың балаларға арналған шығармалары
31. “Менің атым Қожа” және балалар әдебиеті.
32. Ә.Нұрпейісов және роман жанры.
33. ‘’Курляндия” романындағы баяндау.
34. ‘’Қан мен тер” трилогиясы.
35. “Соңғы парыз” романындағы психологизм.
36. Х.Ерғалиев поэтикасындағы күрделі теңеулер.
37. Ж.Молдағалиев поэмаларының бейнелеу құралдары.
38. С.Мәуленов поэзиясындағы сурет және суреткер әлемі.
39. Т.Ахтанов романдарындағы соғыс шындығы.
40.Б.Соқпақбаев прозасындағы соғыстан кейінгі өмір шындығы. 41.Ә.Нүрпейісов романдарындағы баяндау.
42.З.Қабдолов прозасынын көркемдігі стилі.
43.М.Мақатаев прозасындағы психологизм.
44.Ж.Нәжімеденов позиясындағы философия.
45.С.Жиенбаев поэзиясындағы теңеулер.
46.О.Бөкей прозасының стилі.
47 Соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің 60-90 жылдар әдебиетінде
бейнеленуі.
48 Р.Нұрғалиевтің "Айдын" зерттеу кітабының қазақ драматургиясын
саралаудағы ғылыми мәні.
49 Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" романындағы лиризм.
50 Б.Соқпақбаев прозаларындағы реализм мен кейіпкерлер тұлғасындағы
шуақты юмор.
51 Эпикалық туындылардағы "Ақтаңдақтардың" жаңаша пайымдалуы.
52 Қазақ поэзиясындағы әйел ақындар шығармашылығы.
Әдістемелік нұсқау: Берілген курс жұмысы тақырыптарынан біреуін қалауыңыз бойынша таңдап аласыз. Курс жұмысының құрылымы: 1) жоспары; кіріспе; негізгі бөлім; қорытынды; қолданылған әдебиеттер тізімі. Сыртқы беті стандартқа сай, компьютерге басылуы тиіс.
Глоссарии.
-
Азаматтық лирика-лирикалық поэзияның заман жайын,әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы.
-
Ақын - поэзиялық туынды, өлен, жыр - дастандарды ауызша немесе жазбаша айтып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік дәстүрлерін қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері.
-
Альбомдық лирика- орта ғасырдағы француз поэзиясының лирикалық жанры.Бұл жанырға жататын өлеңдерге тән басты қасиет-сыршылдық,нәзік сезімге берілу.Бұл қасиет оңаша, өзімен өзі болып отырып сыр шерту,көлденең адамға білдірмейтін ішкі сезімді,жүрек сырын қағазға жазудан келіп шыққан.
-
Арнау - әдеби шығарма басында берілетін, сол шығарманың кімге, қандай уақиға байланысты екенін көрсететін, көбінесе өлең түрінде келетін автор сөзі.
-
Әдеби қаһарман-әдебиеттің идеялық-эстетикалық роліне сай бейнеленетін тұлға.Әдеби қаһармандар шығармада өзіне тән рухани және қоғамдық жүк көтереді.
-
Әдеби процесс-көркемдік дүниенің қозғалысы мен дамуын зерттейтін методологиялық әдіс.
-
Әдеби сын-көркем шығармаларды талдап,баға беріп,олардың идеялық-көркемдік мәнін,әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы.
-
Әңгіме-оқиғаны баяндап айтуға негізделетін,қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма.
-
Драма-(грекше drama-қимыл- әрекет )-сахнаға арналған,уақиғаны,оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін,көңіл күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығарма.
-
Жанр-әдеби шығармалардың жеке түрлері,көркем әдебиеттің салалары.
-
Кейіпкер (персонаж) –көркем әдебиетте роман,повесть,әңгімеде, драмалық шығармада, поэмада бейнеленетін уақиғаға қатысушы.
-
Лирика-көркем әдебиеттің негізгі саласының,жанрының бірі, басты ерекшелігі–адамның көңіл–күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді.
-
Поэзия – көркем әдебиеттің ертеден қалыптасқан үлкен бір саласы, өлең жыр түріндегі шығарма.
-
Поэма – оқиғаның өлеңмен баяндалып айтылатын, кейде жыр – толғау түрінде келетін көлемді шығарма.
-
Повесть–оқиғаны баяндап айтуға негізделетін қара сөзбен жазылған, көлемді шығарма,эпикалық жанрдың орташа түрі.
-
Реализм(латынша. realis–заттылық,шындық)-әдебиет пен өнердегі кең қанат жайған,өмір құбылыстарын бар қалпында, нақтылық сипат–белгілерін сақтай отырып, жинақтап, тұжырымдап, шыншылдықпен бейнелеуді мақсат ететін көркемдік әдіс.
-
Роман –сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, ол тірлік кешкен орта ауқымында, жан–жақты мүсіндейтін, басқа прозалық жанрларға қарағанда ұзақ уақытты, байтақ кеңістікті қамтитын көлемді эпикалық шығарма.
-
Символ–әдебиетте ойды астарлап,басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне.
-
Стиль-жазушының өмір шындығын танып–білу,сезіну қабілетін,бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға–бітімін танытатын даралық өзгешелігі,жазу мәнері, қолтаңбасы.
-
Сюжет(франц. sujet–зат)-өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі,біртұтас желісі.
-
Тақпақ-қазақ өмірінде шешендік дәстүрмен байланысты туған өткір нақыл-ғибраттылық, мәнерлеп айтуға лайықты сөз нұсқасы.
-
Тақырып-Әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы,айтылатын жай–жағдайлардың бағыт–бағдары.
-
Тарихи шындық–өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі.Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған уақиғалар,өмір сүрген тұлғалар арқау болады.
-
Трагедия–сахнаға арналып жазылатын әдеби шығармалардың,яғни драмалық жанрдың бір түрі.
-
Трилогия-мазмұн–мағынасы,сюжеті жағынан бір–бірімен тығыз байланысты,негізгі кейіпкерлері ортақ келетін,өзара жалғасып,тұтасып жатқан үш шығарма.
Дәрістердің қысқаша сипаттамасы
1,2 Дәріс 1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы
Дәрістің мақсаты: 1960-2000 жылдар аралығындағы әдебиеттің даму жайын
меңгерту.
Тірек сөздер:Тың игеру,металургия,мал шаруашылығы,соғыс т.б.
Дәрістің жоспары:1.Жаңғыру кезіндегі қазақ әдебиеті.
2.Мал шаруашылығын өркендетуге байланысты туған
шығармаларға тоқталу.
3.Қазақстандағы тың көтеруге баиланысты туған жаңа
туындыларға шолу.
4.Зеиін Шашкиннің «Ұядан ұшқанда» , «Тоқаш Бокин»,
«Темір қазық», «Доктор Дарханов», «Сенім», «Өмір
тынысы» шығармаларындағы жаңа адам бейнесі.
5.Қ.Исабаевтің «Сұңқар самғауы» романы.
Бұл дәуірдегі әдеби қозғалыстың басты ерекшеліктерінің бірі жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуы деуге болады. Бұл осы дәуірде туған прозалық шығармаларда айрықша танылды. Өмірді күнгей жағынан ғана алып, боямалап көрсету фактылары сынға ұшырағаннан кейін қазақ жазушылары бүгінгі маман шындығындағы қайшылықты құбылыстарды көріп зерттеуге, көркем бейнелеуге ұмтылды. Ел тарихындағы маңызды тарихи оқиғаларды суреттеуге ойысты.
Бұл саладағы жаңаша ізденістің бір үлгісін Мұхтар Әуезов көрсетті. Ол «Өскен өркен» (1962) романы арқылы бүгінгі күн тақырыбын игеруде өзгеше ізденіс танытты. Әдебиетте өз замандастарының бейнесін этикалық түрде бейнелеуді ойлаған жазушы өмірінің соңғы кезінде республиканы көп аралап, еңбек адамдарымен танысып, өмір сырына ой жібере қарады. «Өскен өркенде» ол Қазақстандағы бүгінгі мал шаруашылығының жайы және онда еңбек етіп жүрген адамдар тағдырын суреттеуді мақсат ете отырып, сонымен байланысты моральдык-этикалық, ұлттық дәстүрлер мен олардың жаңаруы, салт-санадағы ескі ұғымдар мен өзгерістер, жаңа адамды тәрбиелеу мәселелері тәрізді көптеген проблемаларды қозғады. Осы негізде Қазақстанды мекендейтін халықтардың бүгінгі қарым-қатынастарына үңілді. Өмір шындығын әрқашан қат-қабатымен көтеріп үйреніп жазушы бүгінгі тіршіліктің де күнгей жағын ғана қаузамай, дамуға бөгет болып отырған қиындықтар мен қайшылықтарды шыншылдықпен ашады. Романның бүкіл сюжеттік-композициялық, идеялық-көркемдік негізінен туатын қорытынды – мал шаруашылығын өркендетудің сенімді шараларын ойласудың қажеттігі (өмір бойы мал басының өсуіне бөгет болған жұт әлі бар, малшылардың көшпелі күйінде өзгеріс аз) мен сападағы ескілікпен аяусыз күресу (Айсұлу – Сағит оқиғалары) керектігі. Мұны жазушы кейіпкерлердің белсенді әрекеті мен іскерлігін күтіп отырған проблема етіп көтереді.
М. Әуезов «Өскен өркен» арқылы қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкерлер туралы ұғымды кеңейте түсті. «Біздің замандасымыз – барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентетін нәрсе жоқ - ел өмірі, достар мен қастар жайлы ойын бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те, отаршылдыққа қарсы күрес те - бәрі-бәрі де оны толғандырады. Жеңісіміздің әр сәті - Кеңес еңбеккерінің жан-жүрегінің жарқ еткен сәулесі, жалт еткен ұшқыны іспетті. Ол өзі осындай адам»,- деп жазды ол «Қазіргі роман және оның қаһарманы» атты мақаласында. «Өскен өркенде» Мұхтар осындай қаһарманның жаңа үлгісін жасауға ұмтылды. Оның кейіпкерлері – бүгінгі заманның, қажырлы, жан-жақты білімді, адамгершілік мінездерді бойына жинақтаған тұлғалары. Олардың іс-әрекетінің өлшеуіші – қызмет емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен адамшылық игі қасиеттер Нил Карпов, Алмасбек Жайлыбеков, Әсия, Әлім, Ақан, Медет, Сағадат, тағы басқалардың бәрін де жазушы осындай жаңа қасиеттер тұрғысынан іріктеген. Мақсат, тілек бір болғанмен, олар характер есебінде дара-дара.
Көркем прозадағы шағын жаңалықтарын кең ашып, адамдардың өсу жолының күрделілігін көрсету, сол арқылы дәуір ерекшеліктерін диалектикалық тұрғыда танытудағы осы бастама Т. Ахтановтың «Боран» (1963) романында жақсы қолдау тапты. Жазушы онда күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік еңбек адамының жаңа бейнесін жасады. Шығарманың сюжеттік желісінде ұзақ сонар баяндау жоқ. Ондашопан Қоспанның малымен ақтүтек боран астында қалып, бір отар қойды қалай аман алып қалу жолындағы арпалысы суреттеледі. Сол арқылы Тахауи Қоспан тағдырына, оның ішкі сырына, ол бастан кешкен дәуірдің өзгешеліктеріне үңіледі. Боранмен атыса жүріп, өз басынан кешкен өмір белестерін еске алады, терең ойға батады. Шығарма композициясын ұстап, тұтастырып тұрған да осы ойлар, қаһарманның ішкі монологы.
Қоспан тағдырына үңіле қарасақ, оны тағдыр маңдайынан сипап өсірмегенін көреміз. Ол ылғи өмірдің кедергілеріне кездесіп, соларды көре жүріп өсіпті, өмірдің зіл салмағын көтеріпті. Көрген рахатынан бейнеті көп осы азаматты қажытпай алып келе жатқан – Қоспанның өмір сүйгіштігі, жан дүниесінің тазалығы, рухани байлығы. Жазушы шығарма идеясын осыны көрсетуге құрады. Осы бір тұстан әдебиетке қойылған талап – өмір шындығын жеңіл етіп көрсетпей, кейіпкер бейнесін терең тартыста, күресте таныту Тахауиша жаңа ой салғаны көрінеді.
Қоспан бойында еңбек адамына тән іс-әрекет, көзқарас мол. Жаратылысында қарапайым, адал, жұртқа сенімі мен сүйіспеншілігі мол Қоспан – қысылтаяң күндерде қайраттанып кететін ер. Майданда взвод командирі Қасболаттың адьюданты бола тұрып, ол шегініп бара жатқан әскерлерге мүмкіндік беру үшін жау тосқауылын бөгеуге сұранып қалады. Осы ұрыста есін білмей жараланып, жау қолына түседі. Тұтқын лагерінде азаптар шегеді. Лагерьден қашып, ұсталып, неше түрлі қинау көреді. Бірақ ол тағдырына налымайды, көнбістік танытады, мойымайды.
Соғыстан соң туған ауылына келген ол жұмысқа орналаса алмайды. Жау тұтқынында болған адамға сенімсіз көзқарас оның алдынан шығады да тұрады. Ауданда басшы қызметте отырған Қасболат та көмектесе алмайды. Ақыры жұмыс таңдап үйренбеген Қоспан тері-терсек жинайтын мекемеге кілтші болып орналасады. Мекеме бастығы Жаппаспай деген алаяқ қу екен, Қоспан оның алдампаз, екі жүзділігін бетіне басып айтады да, ауылға шопандыққа кетіп отырады. Ал, шопан өмірінің қиындығы бір басқа. Қарауындағы мал қамын ол ойлағанмен, басшылар ойламайды, оны табиғатқа тәуелді етпей бағуға жағдай жоқ. Колхоз басқармасына айтқан ұсыныстар қолдау таппайды. Сөйтіп, мал боранда қалды. Долы боранда мал бір жағынан үсікке ұшырайды, екінші жағынан қасқыр қырады. Астындағы атын да қасқыр жарып, өзі жаяу қалады.
Тахауи осының бәрінде де Қоспанды орнықты, ісіне адал, сенімді, тәуекелі де, жауапкершілігі де күшті характер етіп бейнелейді. Өмірде сәтсіздікке көп кездессе де, ол жауапкершіліктен тайсақтап, қорқақтық көрсетпейді. Командиріне еріп кетіп қалуға болатын адьюданттың жауды бөгеуге сұранып қалуы, қашып шығудың қиын екеніне жарамай, жау лагерінен кетуге жасаған әрекеттері, Жаппасбаймен қақтығыс, малды шөп азайған тұста қолға қамамай, далаға алып шығуы оның тәуекелшілін, өзі бет алған ісіне беріктігін танытады. Ол еш уақытта ақтала сөйлемеген өзіне сену, өзінің тазалығына сену – оның басты адамдык сапасы. Ойланғанда ол көрген қиыншылықтарын емес, соны тудырып жатқан жағдайларды сске алады. Тұтқында болғаны мұның бетіне неге шіркеу болады? Оның еркімен жауға берілмейтінін, ержүрек жауынгер болғанын Қасболат білетін еді ғой, ол неге ара түспсйді? Неге өзі басқалармен бірге күдіктене қарайды? Ауыл басшылары неге мал бағу жағдайын жақсартуға енжар? Осы ойлар Қоспанды қинайды. Шығарма осылай проблемалығымен, кесек характерімен бағалы. Адамның рухани күші тағдырдың қандай қыспаққа түссе де, оны ілгері жетелейтін, еңсесін түсірмейтін биік саға екенін Тахауи терең аша білді.
Мал шаруашылығын өркендету шараларын проблемалық тұрғыда көтере отырып, ондағы адам тағдырының әр-қилы өзгешеліктеріне көңіл бөлу Т.Әлімқұловтың «Ақ боз ат» (1962) романында да байқалады. Мұнда қазақтың қанына сіңген жылқы құмарлық, жүйрік ат баптау, бәйгеге қосу, сонымен бірге сауықшылдықты қызық көрген елдің дәстүрлі кәсібі мен өнері кең бейнелі сурет табады. Біркімбай бейнесінен осындай қазақтың табиғатын, еңбекқорлық, адамилық ар-намыс, борыш атаулыны бағалайтын тұлғаны танысақ, өмірі еңбекпен өткен Гүлбаршынның да тұтас характерін көреміз. Оның бейнесін жасауда жазушы отызыншы жылдардың ауыр кезеңі оқиғаларына сүйенген. Бұл жылдардағы Кеңестік жалған белсенділік «Алтын тіс» - бойында жинақталған. Ұсақ мінезді, пасық Қараштың типінде де іштарлық, көре алмаушылық мінездердің айқын көрінісі бар.
Бұл жылдардағы ауыл еңбеккерлері жайлы романдарды Қазақстанда тың көтерумен байланысты туған жаңа туындылар толықтырды. Бұлардың ішінде С. Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», 3. Шашкиннің «Сенім» романдары көрнекті орын алады.
«Жапандағы жалғыз үй» – тың игеру тақырыбына арналды дегенмен, шаруашылық мәселелерін емес, адам тағдырын, оның өсу, өзгеру психологиясын тартымды суреттеген шығарма. Онда елдегі әлеуметтік өзгерістер бір отбасының тағдырына байланысты көрсетіледі. Жазушы онда заманның, уақыттың адамға, оның тағдырына кайшылықты әсер етіп жатқанын атады. Тың көтеру ісі де қайшылықты. Жапандағы жалғыз үйдің құлауы, бір жағынан, жаңарып жатқан тіршіліктің ықпалы болса, екінші жағынан, шаруаның жеке меншікшіл сезімінің күйреуін аңғартады. Коллективизация кезінде де солай болған. Шаруаны жерден айырған. Ескі дәстүр, ұлттық ұғымдар шектеле бастады. Сәкен мұны ашып айтпағанмен, характерлер, адам психологиясы арқылы танытады. Адам өмірі, олар көрген, жақсылық пен зорлық та сабақтас, Күргерей әңгімесінен, мұны анық түсінеміз. Жер ана жаңа адамдардың қолына тиді. Тағдыры не болады? Олар қайда апарады? Үлгі тағдыры, не күйге түседі? Роман осы тәрізді көптеген сұрақтар қояды.
Осы жылдары роман жанрында Зейін Шашкин (1912-1966) елеулі қызмет етті. Әдебиеттік қызметін өлең жазудан бастап,"кейін сын-зерттеу саласында еңбек еткен Зейін 1937 жылы, жазықсыз жер аударылып, елуінші жылдардың орта кезіне дейін шығармашылық үзіліске тап болды. Осыдан соң әдебиет өміріне қайта оралған ол ерекше бір белсенділікпен жұмыс істеп, эпикалық прозада көптеген шығармалар тудырды. Олардың ішінде «Ұядан ұшқанда» (1957), «Тоқаш Бокин» (1958), «Темірқазық» (1959), «Теміртау» (1960), «Доктор Дарханов» (1962), «Өмір тынысы» (1964), «Сенім» (1966) сияқты романдар мен повестер бар. Бұларда автор қазақ жеріндегі әлеуметтік өзгерістер мен халық өмірінің маңызды оқиғаларын көтерді. «Тоқаш Бокин» романында Жетісу жеріндегі жаңа өмір жолындағы күресті суреттесе, «Доктор Дархановта» жеке адамға табынушылық кезінің заңсыздықтарын доктор Дархановтың тағдыры арқылы ашты. «Сенім» романын тың игерушілер өміріне арнады. Онда туған жердегі жаңарту, елдің бақытына қызмет ету борышын ұғынған жаңа адамдардың бейнесін жасады.
«Теміртау» романы Зейіннің ғана емес, сол тұстағы қазақ әдебиетінің бағалы табыстарының қатарына кіреді. Жазушы онда жеке адамға табынушылықты сынағаннан кейінгі заман рухын, осы кездегі өндірістегі жұмысшы адамдардың ұжымдық өмірін, олардың қарым-қатынасын жаңаша танып бейнелейді. Шығармадағы тартыс екі жүйеде – өндірістегі әрқилы көзқарас пен махаббаттағы талас ретінде дамиды. Құрыш құюдың жаңа тәсілін ұсынған жас инженер Дәмешке бас инженер Мүсілім қарсы шықса, махаббат мәселесінде Дәмешті қатар сүйген зауыт директоры Қайыр мен қатардағы жұмысшы Ораз қақтығысқа түседі. Роман кейбір кейіпкерлер бойында жеке адамға табыну кезінде туған мінез-құлықтар мен адамгершілігі жоғары, күресте табанды, адал адамдар арасындағы күресті жап-жақсы көрсетеді. Әкесі жаламен ұсталған Дәмеш оның жолдасы, адал азамат Құрышбайдың қолында, оның баласы Оразбен бірге өседі. Осы жүйелі тартыста жазушы өз кейіпкерлерінің жаңа салалы адамгершілік үшін гуманистік күресін дәл бейнелейді. Жаңа дәуірдің қайраткерлері сыпатын ол Дәмеш, Қайыр, Ораз бейнелеріне жинақтаған. Жазықсыз жалаға ұшыраған Асқар да табандылығын жоғалтпайды. Құрышбай болса, күреспен өскен дәуірдің қаһарманы, ар алдындағы тазалығымен оң ұғым-түсінігіне беріктігін сақтайды.
«Теміртау» – қазақ даласындағы тың өндіріс – Қазақстан металлургия зауыты өмірін жылдамдықпен барлап, ондағы еңбек адамдарының қарым-қатынасын батыл суреттеген елеулі шығарма.
Геолог кен іздеушілер өмірі шындығын «Айқас» романында Ілияс Есенберлин де өткір сюжет арқылы дамыта алған. Роман Саят деген жерде мыс іздеушілердің өндірістік тартысын ғана емес, азаматтық борыш пен мансап, жеке бастың мүддесін жоғары қою арасындағы айқасты көрсетеді. Сол негізде қоғам мен адам проблемасын көтереді.
Қ. Исабаев «Сұңқар самғауы» (1966) романында Ертіс-Қарағанды каналы бойындағы жұмысшылар еңбегін суреттеді.
Бұл шығармалар әдебиетте қазіргі заман шындығын суреттеу жалаң тақырып қуалау емес, адамдардың биік санасын ашу, адамгершілікті сақтау, бастан кешкен қиындықтарға қарамай, қайткенде адам боп қалу проблемаларымен байланысты қойылғанын дәлелдейді. Ауыл өмірі,өндіріс тақырыбы кейіпкерлердің еңбек еткен ортасын, олардың қоғамдық міндетке деген көзқарасын, қатысын таныту үшін алынады. Ал, адам қайда болса да адам, қазақ әдебиеті осы адамның бүгінгі бейнесін танытуға ұмтылды.
Жалпы алғанда, бұл дәуірде Қазақстандағы әдеби қозғалыс қарқынмен жүрді. Қаламгерлер қатары молайып, 600-ге жетті. Әдебиет жанрларының барлық түрі өзінің тұрақты кадрларын дайындап, қатар, тең дамыды. Реалистік әдебиеттің беталысын танытатын проза, оның үлкен жанрлары кең көлемде өрістеді. Поэзия заманның озық идеялары мен жаңалықтарын танытуда қашанда ұшқырлық танытты. Театр репертуарын байытуда қазақ драматургтері мол үлес қосты. Әдебиеттің негізгі жанрларын байытудағы және қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі белсенді қызметімен сөз өнерінің жас күштері алға шықты. Ә. Кекілбаев, С. Жүнісов, М. Мағауин, Т. Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, Ш. Мұртаза, Ә. Тарази, М Шаханов, Қ. Жұмаділов, Д.Исабеков, тағы басқалардан құралған талантты топ осы кезеңде өздерінің мол творчестволық мүмкіндіктерін айқын танытты. Қазақ әдебиетінің табысы одақ және дүние жүзі көлемінде мойыдалып, олардың тәуір шығармалары орыс және шетел тілдеріне аударылды. Ғ. Мүсіреповке Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі, Ж. Молдағалиев пен Ә. Нұрпейісовтің КСРО Мемлекеттік сыйлығын алуы, О.Сүлейменов пен М. Шахановқа одақтық жастар одағы сыйлығының,
С.Шәймерденов, 3.Қабдолов, Р.Сейсенбаевқа одақтық кәсіподақтар
сыйлығының берілуі қазақ әдебиеті жетістіктерін танудың белгісі еді.
Т.Молдағалиев халықаралық Физули сыйлығын, А. Шамкенов пен Ә.Әлімжанов Ж.Неру сыйлығын алды. Әдебиетіміздің дамуы, қазақ жазушыларының шеберлікке шыңдалуы реализмнің бай мүмкіндіктерін игеру жолындағы әр алуан көркемдік ізденістердің нәтижесі еді.
Бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде халықтық поэзияның жаңа сапаға ие бола дамуы айрықша көзге түсті. Әсіресе, халық әдебиетінің өміршең жанры айтыс өрістеді. Жаңа айтыс ақындары шығып, бір кез ұмытыла бастаған бұл өнерді ө з дәрежесіне қайта көтеруге қызмет етті. Жыраулық, жыршылық дәстүр қайта жаңғырды.
Мұның бәрі қаралып отырған дәуірдің қазақ әдебиетінде үлкен мән-маңызы барлығын, оның ұлттық сөз өнерінің тарихын байытуда тарихи қызмет атқарғанын көрсетеді. Мұның нақты дәлелін жеке жанрлардың өрістеуі жайындағы шолу мен талдаулар анық байқатады.
Достарыңызбен бөлісу: |