Адамның да жақсысы болатыны сияқты, малдың да жақсысы болады, істің де
жақсысы болады. Оның мағынасы қандай нәрсені,
қандай ұғымды сыпаттауына
қарап, бірде жақсы, бірде жақсы емес болып кетпейді. Зат бол, іс бол – бәрінің де
тек жақсы екендігін ғана көрсетеді. Осы сияқты, екі деген сөз белгілі бір санды
ғана көрсетеді. Ол – бірде адамның саны, бірде келудің, кетудің, қысқасы, бір істің
саны бола береді. Сондықтан, ол санмен, – бұл арада екі деген санмен, – санауға
келетін ұғымдардың қайсысын айқындауына да бола береді. Баланы санайсың ба,
бұзауды санайсың ба, біреудің келген-кеткенін санайсың ба,
тіпті аспандағы
жұлдызды санайсың ба? – бәрібір. Екінің сан мағынасына оның келер-кетері жоқ.
Бала деген сөзге қосақталғанда да, келдің деген сөзге қосақталғанда да, екі сөзі бір-ақ
мағынада – сан мағынасында. Сондықтан, оны зат есімді айқындаса да, етістікті
айқындаса да, екеуінде де бір-ақ түрлі айқындауыш мүше деп түсінуге болады.
Біздің грамматиктеріміз олай қылудың орнына, орыс тілінің заңына еліктеп, орыс
тілінде
жақсы мен
екі деген сөздер бір жерде, өздерінің айқындалушы сөздермен
жарасып, сын есім түрінде, енді бірде өз айқындауыштарымен морфология
жағынан
жараспай, наречие түрінде болатындығына қарап, бір жақсының өзін
немесе бір екінің өзін екіге айырып, бір жерде анықтауыш, бір жерде пысықтауыш
деген.
Қазақ сөздерін бұл негізбен таптастыра бастағанда мұнымен ғана
қанағаттанбай, бұдан да әрі кетуге болар еді. Онда сол
жақсы мен
екі деген сөздің
бір жерде еркек жынысты сөз, бір жерде әйел жынысты сөз екенін де айыру керек
болар еді. Өйткені, орыс тілінде бұл сөздер бір жерде хороший, два,
бір жерде
хорошая, две болып, анықталатын сөзінің ыңғайына қарап не
еркек жынысты, не
әйел жынысты болады. Соған қарап, біз де
жақсы жігіт дегендегі жақсы еркек
жынысты да,
жақсы қыз дегендегі жақсы әйел жынысты деуге немесе
екі жігіт
дегендегі екі – еркек жынысты да,
екі қыз дегендегі екі – әйел жынысты деуге
болар еді. Әрине, бұл ғылым болмас еді, ойын болар еді. Өйткені, мұнда сөздерді
таптастырғанда әр сөздің өз басының ерекшелігіне қарай таптастырудың орнына,
оны айқындалушы сөзінің түріне қарай таптастыру болып шығар еді.
Жақсы бала, екі бала деген мысалдарда айқындалушы –
бала. Бұл – зат есім.
Соған қарап,
жақсы, екі сөздерін, өзінің не болғанына қарамастан, морфологияда –
сын есім, синтаксисте – анықтауыш десек.
Жақсы келдің, екі келдің деген
мысалдарда айқындалушы сөз – келдің деген етістік болғандықтан, жақсы мен екі
сөздерін өз басының не болғанына қарамай-ақ, морфологияда – үстеу, синтаксисте
пысықтауыш десек, бұл ана,
жақсы жігіт,
жақсы қыз деген уақытта, өз басының
белгілеріне
қарай шешпей, қай жыныстың жақсылығын көрсетуіне қарап, өмірде
бойына еркектік пен ұрғашылық бітіп көрмеген жақсы, екі деген сөздерді бір
жерде еркек, бір жерде ұрғашы сөз деп айырған сияқты болар еді.
Сөзді былай таптастыруға болмайды. Айқындалушысы қандай сөз болғанына
қарап, айқындауышты таптастыру – адасқандық.
Айқындауыштың өз басының
қандай екендігіне қарап қана таптастыруға болады. Біз осылай етіп отырмыз.
Достарыңызбен бөлісу: