Халықаралық біріздендірудің түпкі мақсаты - екі немесе одан да көп тілдердің терминологиялық жүйесінің ортақтығы артып, жақындай түсуін көздейді. Сол себепті де кезінде бұл терминді А.В. Крыжановская "терминологиялық интеграция" деп атауды ұсынған болатын. Алайда ғалымның бұл ұсынысы жаппай қолдау тауып кете алған жоқ. Ғылыми-техникалық әдебиеттерде бұрынғысынша көбінесе екі тілге қатысты тіларалық біріздендіру, екі немесе бірнеше тілге қатысты әңгіме қозғалғанда халықаралық біріздендіру термині қолданып келді.
1981 жылы наурыз айында Мәскеуде терминология мәселелеріне арналып өткізілген бүкілодақтық семинарда жасаған бас баяндамасында академик Г.В. Степанов терминологияны біріздендіру жұмыстарының елеулі қиындықтарға тап болып отыруына республикаларда орыс, латын, грузин, армян графикаларытта негізделгсн төрт түрлі әліпбидің пайдаланылуының себеп болып келе жатқандығын және орфографияның фонетикалық, фонематикалық, морфологиялық, тарихи принциптерге негізделуі де өзара термин алмасу процесін қиындатып отырғанын айтады. Өз жазуларын сақтап қалған армян, грузин және латын графикасын пайдаланған балтық жағалауы республикалары болмаса, кириллицаға көшіп, 30-жылдары-ақ әліпбиімізді орыс сөздерін бұрмаламай жазу үшін бейімдеп, кеңейтіп, толықтырып алғандықтан, біз академик атап көрсеткендей, терминологияны біріздендіруге де, термин алмасуға да кедергі келтіргендер қатарына жатпаймыз. Керісінше, сол кедергіні алғаш бұзып терминологиямыздың советтік-халықаралық сипатын барынша арттырған халықтар санатына қосыламыз.
Г.В. Степанов осы баяндамасында терминологиялық жұмыстардың ең негізгілерінің бірі ретінде біріздендіруге айрықша мән беру қажеттігін айта келіп, бұл жұмыстың маңызын былайша атап көрсетеді: "В многонациональном государстве важное значение приобретает работа по унификации, смысл которой состоит в достижении соотносимости научных и технических понятий, выражаемых терминами на различных национальных языках" .
Көп ұлтты мемлекетте терминологияны халықаралық-тандырудың, тіларалық біріздендірудің маңызды мәселе ретінде көтеріліп, оған мемлекеттік тұрғыдан үлкен мән берілуі түсінікті. Онсыз ғылым мен техника саласындағы және басқа да тілдік қатынастарда бір тілдің үстемдігін орнату мүмкін болмаған болар еді.
"Термин унификация употребляется в постановлении об унификации терминологии на языках народов СССР"- деп көрсетеді Ю.Д. Дешериев өз мақаласында Терминологияны тіларалық біріздендіруге мемлекеттік тұрғыдан айрықша мән берілгендігін бұл істі бүкіл одақ көлемінде үйлестіре отырып жүргізу мақсатымен арнайы қаулы қабылданғандығынан да көруге болады. Ондағы түпкі мақсат - бір тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласындағы қызметін атқаруына мемлекттік тұрғыдан барынша ықпал ете отырып, жүйелі де жоспарлы жұмыстар жүргізу арқылы көп ұлтты құрама елдің тіл мәселесін түбегейлі шешу еді. Кеңестік тіл саясатының көрегенділікпен жүргізіліп отырғандығын, терминологияны біріздендірудің бүкілодақтық деңгейде орыс тілін үлгі етіп ала отырып жүзеге асырылып жатқандығының дұрыстығын және бұл үрдістің солай жалғастырыла беруі қажеттігін әр қырынан дәлелдеуге ат салысқан ғалымдар Мәскеуде де ұлттық республикаларда да аз болмағаны белгілі. Мәселен, мәскеулік ғалым Р.Г. Котов терминологиялық тасқынның ғылым мен техникадағы, басқару саласындағы қарым-қатынасты едәуір қиындатқанын, көп тілді елдегі мұндай кедергінің туындауына тілдік бөгеттің (языковой барьер) үлкен тосқауыл болып отырғанын, оны жою керектігін айта келіп, былай дейді : "Таким образом, проблемы развития и упорядочения терминологии оказываются тесно связанными с актуальными информационными проблемами современного общества, среди которых важное место занимает проблема преодоления языковых барьеров"
Әрине, көп ұлтты елде тілдік бөгеттің шешімін күтетін әлеуметтік лингвистикалық күрделі мәселе ретінде көрініс беруі табиғи нәрсе. Ғалымның бұл мәселені терминологияны дамыту және реттеумен тығыз байланыста шешуі қажет деуі де орынды. Алайда мәселенің үлкені сол терминологиялық жұмыстарды жүргізу барысында қай тілдің мүддесі көзделіп отырғандығында.
Ғалымдардың алға тартқан дәлелдері мен ұсыныс-пікірлерінен біріздендіру жұмыстарын қандай мақсатпен, қай бағытта жүргізу көзделгенін көруге болады. Жалпы-кеңестік терминологиялық қор құру мақсатын көздеген терминологияны біріздендіру жұмыстары мемлекеттік тұрғыдан қолдау тауып, ғылыми-әдістемелік негізде бір орталықтан үйлестіріле жүргізіліп отырғандықтан едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Оған 70-80 пайызын орыс терминологиясымен ортақ терминдер құрайтын біздің терминологиялық лексикамыз бен біз тәрізді одақ құрамында болған көптеген халықтардың терминологиялық қоры құрамына қарап-ақ көз жеткізуге болады.
Ендігі жерде терминологияны біріздендіру жұмысы қалай, қай бағытта жүргізілуі қажет деген мәселеге келсек, бұл жұмыс мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің мүддесін көздей отырып жұзеге асырылуы керек екендігі дау тудырмайды. Қоғам өмірінде болған саяси, тарихи-мәдени өзгерістерге байланысты көптеген жаңа терминдер жасалды және кезінде орынсыз шеттетілген бірқатар терминдер терминологиялық лексикамызға қайта қосылды. Оған жоғарыдағы Қошке Кемеңгерұлының сөздігінен алынған мысалдағы отаршылдық, отаншыл, ошаншылдық, сарапшы, зиялы, дәріс, дастан, шендестіру, әкім, әкімдік, әдістеме атауларының тілімізде кеңінен қолданыс тауып жүргендігі, тіпті кейбіреулерінің ресми бекітілген термин ретінде терминологиямыздан орын алғандығы дәлел бола алады.
Біріздендіру жұмысы ең алдымен, ұғым мазмұнын дәл бермейтін, терминге қойылатын талаптарға сай келмейтін атаулардан арылып, сәтсіз жасалған баламалар мен терминологияда ретсіздік туғызып, жарыса қолданылып жүрген нұсқаларды сараптан өткізіп, солардың бірін тілде орнықтырудан бастау алуға тиіс. Сондай-ақ тілімізде арнаулы ұғымды дәл беретін байырғы атауы бола тұрып орынсыз шет тілінің сөзімен алмастырылған немесе сөз-жасам, терминжасам тәсілдерін ұтымды пайдалана отырып сәтті жасалған терминдер де ұлттық терминологиялық қордан орын алу қажеттігін назардан тыс қалдыруға болмайды. Термин шығармашылығы терминологияны біріздендіру, жетілдіру жұмыстарымен қатар жүріп жататын үздіксіз процесс болғандықтан, жаңадан жасалып қолданыска ене бастаған терминдерді іріктеп алумен бірге қажеттілігіне қарай жаңа терминдер жасап, оларды тілде орнықтыруға да көңіл бөлінгені жөн. Бұл жұмыс барлық арнаулы саланың терминдер жүйесін қамти отырып жүзеге асыруды қажет етеді. Яғни тіршілік біріздендіру ісіне жете мән берілуі керек.
Ал тіларалық біріздендіру жұмысы да бұрынғыдай орыс тілін ғана үлгі етіп алып, бір жақты сипат алмай, ғылыми негізделген байыпты бағытты ұстануы керек. Әсіресе, туысқан түркі тілдес халықтар тілдерінің арасындағы терминжасам тәжірибесін бөлісу мен термин алмасу ісін дұрыс жолға қоюдың маңызы өте зор. Ділі мен тілінің ұқсас қырлары, ортақ жақтары мол туысқан халықтардың өзара термин алмасу ісін жолға қоймай, өзгеге тәуелді кезде солардың белгілеп берген қағидаттарын әлі басшылыққа алып, ескі сүрлеуден шыға алмай отыруымызды құптау қиын. Бұл осы саладағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын көрсетсе керек. Тілдік туыстығы жағынан бір топқа жататын өзге халықтар тілдері арасындағы термин алмасу тәжірибесі де ескеріліп, оның ұтымды жақтары бізге үлгі болуы қажет. Бірімізде жоғымызды бірімізден тауып, тілдік байланысымыз бен ғылым саласындағы ынтымақтастығымызды нығайтудың тарихи-мәдени әрі саяси маңызы да зор деп білеміз.
Орыс тілімен және орыс тілі арқылы еуропа тілдерімен арадағы термин алмасу дәстүрі бізде кеңестік кезеңце әбден орныққан деуге болады. Тіпті, термин алмасудың бірден-бір дұрыс жолы ретінде ұсынылды десек, шындықтан ауытқымаймыз. Ол дәстүрден үзілді-кесілді бас тартып, туыстық жақындығы жоқ тілдерден сөз, термин алмасуды тоқтатайық деген жолды ешкім де ұсынып отырған жоқ. Ұлт тілінде термин жасау, тіліміздің ішкі мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үрдісі жандана бастады деген соңғы он шақты жылдың колемінде де еуропа тілдерінен көптеген терминдер тілімізге еніп үлгерді. Ол тілдерден ендігі жерде сөз алуға болмайды деуге де еш негіз жоқ. Еуропа тілдері де өзге тілдер сияқты терминологиялық лексиканы қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде қала беруге тиіс. Тек терминдерді қай тілдерден қандай мөлшерде, нендей тілдік және тілден тыс заңдылықтарға сүйене отырып қабылдайтындығымыздың себептерін ғылыми тұрғыдан анықтап алуға тура келеді. Саяси және экономикалық тұрғыдан ықпалы зор, әскери қуаты күшті, ғылым-білімі өркендеген елдердің тілдерінен термин қабылдау қашан да, қай тілдің де басында болатын құбылыс. Мемлекет нығая түскен сайын мемлекет құраушы ұлттың ғылымды өз тілінде өркендетіп, ақпарат алмасу процесінде өзінің тиесілі орнын алуға ұмтылуы табиғи нәрсе. Біз қазір дәл осы кезеңді бастан кешіріп отырмыз. Қазіргі кезеңде де кешегі кеңестік дәуірдің кемшіліктерін қайталап, терминологияны дамытуда біржақтылыққа ұрынуға жол беруге оолмайды. Әлемдік ғылымның даму үрдісіне сәйкес өзге тілдердің терминдер қорын қалыптастырудағы ұстанып отырған бағытын, терминологиясын қалыптастыру тәжірибесін де ескеріп, алайда басқанікінің бәрін асыл көріп, козсіз көшіруге ұрынбай, ұлт тілі мен ғылыми-техникалық прогрестің мүддесін ұштастыра жұмыс жүргізгенде ғана мәселе дұрыс шешімін таппақ.
Сонымен қорыта айтар болсақ, тілішілік біріздендіруді тіларалық біріздендіру жұмысын да ескі сарынмен жүргізе беруге болмайды. Тілішілік біріздендіру барысында ұлт тілінің ішкі мүмкіндіктері сөз жүзінде емес, іс жүзінде барынша кәдеге жаратылуы керек. Барлық лексикалық қабаттарды терминологияны қалыптастырудың ішкі көзі ретінде, ал сөзжасам, терминжасам тәсілдерін тіліміздегі термин жасаудың жолы ретінде кәсіби шеберлікпен пайдалану арқылы ғана ғылыми-техникалық терминдер бұрын ұлттық тіл негізінде қалыптастыра аламыз. Ал аралық біріздендіру ғылым мен техниканың өркендеуі немесе мемлекеттердің саяси және экономикалық ықпалдылығы сияқты тілден тыс (эксталингвистикалық) факторларға ғана негізделмей, тілдердің туыстыгы мен құрылымдық ұқсастығы тәрізді таза тілдік (лингвистикалық) факторларды да ескере отырып жүргізілуі қажет. Сонда бізде терминологияны қалыптастыруда кеңестік деңдегідей орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы қабылдаудан басқаны білмейтін біржақтылық орын алмайды. Терминологиялық қорды қалыптастырудың сыртқы көзін қажеттілігіне қарай сұрыптап пайдалануға, терминді қай тілден қабылдаудың тиімділігін анықтап, оларды елеп-екшеп алуға да мүмкіндік туындайды.
Орыс ғалымдары Д.С. Лотте мен Кеңес өкіметінің ҒА-ның ғылыми-техникалық терминология комитеті еңбектерінің негізінде жазылған "Как работать над терминологией. (основы и методы)" атты еңбекте ғылым мен техниканың немесе пәннің терминологиясын реттеу үиіін сала мамандары мен іргелес сала мамандарынан тұратын ғылыми комиссия құрып, оған түрлі ғылыми мектептер мен әр түрлі көзқарастағы ғалымдарды тарту қажеттігі атап көрсетіледі. Сондай-ақ осы еңбекте реттелуге тиісті терминдерді мамандар талқысына ұсынудың үлгісі беріледі. Онда бірінші бағанға терминдердің рет саны, екінші бағанға ұғым атаулары терминдер әліпбилік емес, жүйелік тәртіппен беріледі де, үшінші бағанға сол терминдердіц анықтамалары орналастырылады.
Бұл үлгіні ұсыну арқылы ғалым терминнің атауы мен мағынасының сәйкес келуін әрі атаулардың ұғымдар жүйесінің ерекшелігіне сай болуын максат еткені аңғарылып тұр. Г.В. Степановтың терминологияны реттеу жұмысын осылай түсінгенін оның берген анықтамасынан көруге болады. Реттеуді ғалымдар түрліше түсініп, әрқалай түсіндіреді: Бірі бұл жұмысты біріздендіру аясында қарастырса, екіншілері кең мағынада қолданып, терминологиялық жұмыстардың барлығының басын қосып реттеу деп ұғады. Біз терминологияны реттеуді Д.С. Лотте, Г.В. Степанов т.б. ғалымдардың берген анықтамасы негізінде ұсынып отырмыз.
Терминдердің белгілейтін ұғымдарына мүмкіндігінше толық сәйкес келуін іздеуге бағытталған мамандардың бірлескен жұмысының реттеу (упорядочение) деп аталатынын жоғарыда атап көрсеттік (1.5). Ұғым мазмұнына оның атауының сәйкес келуі жөнінде бізде жиі сөз болады. Бұл мәселе жөнінде терминтанушы тілшілер де, лексикологтар да, сала мамандары да жалпы филологиялық білімі барлар да, қаламгерлер де кейде журналистер де пікір білдіріп жатады. Бірақ пікірдің де пікірі бар. Біреулер сөздің қыскалығын, біреулер сөздің ұзындығын, біреулер оның төркінін қуып
моңғолдың, арабтың. гректің немесе ағылшынның сөзі екендігін сөз етеді. Сөз біздің меншігіміз оған араласпа деп ешкімге тыйым салуға болмайды. Әркім де пікір білдіруге қақылы. Бірақ мәселеге біліп араласқанға, мәселенің мәнін ұғып, оны зерттеп, зерделеп барып жүйелі ой айтып, тұжырым жасағанға не жетсін. Бұлай деуіміздің себебі, термин мағынасы жөнінде айтылып жататын пікірлердің арасында лексикалық, терминологиялық мағына табиғатын терең түсініп, оның нәзік қырларын аңғара отырып, кәсіби біліктілікпен айтылатын ой-тұжырымдардан ғөрі жоқ-барды теріп, жалпы, үстірт пікір білдіретін жағдайлар бізде көбірек ұшырасып жатады. "Тіпті мына сөз маған ұнайды, немесе "ұнамайды" бұрынғысы дұрыс еді" деген пайымдауларды еш лингвистикалық негіздеусіз-ақ алға тарта беретін мақалалар жарық көріп жатады. Таңбаланушы мен таңбалаушының, атау мен ұғымның байланысы, термин-сөз мағынасының ерекшеліктері, ұғым белгілерінің мағына құрауға қатысы деген нәрселер шолып өтіп, атүсті ой айта салатындай оп-оңай мәселелер емес. Сондықтан мұндай іске қай-қайсымыз да арнайы дайындықпен, ізденіспен келіп, жауапкершілікті сезе отырып араласып, терең зерделеуге сүйене отырып пікір білдірсек, ортақ шаруамыздың оңалуына үлес қосылар еді.
«Бізде әлі де айтылған пікірлерді сараптан өткізіп, дұрыс-бұрысын ажыратып, ғылыми құндылығы барларын ескеріп, оларды реттеу жұмысында қажетімізге жаратып отыру жағы жолға қойылмай келе жатқаны алаңдатарлық мәселе. Жоғарыда тоқталғанымыздай, құнды пікір-ұсыныстармен бірге негізсіз айтылатын пайымдаулардың көп орын алып жататыны да осындай мамандар тарапынан жұмылып жасалып отырған мақсатты жұмыстың жүргізілмей отырғандығынан. Егер білікті мамандар бірлесе отырып, түрлі басылымдар мен баспасөзде жарияланған мақалалар мен ұсыныс-пікірлерді жіті қадағалап, оларды дер кезінде електен өткізіп сұрыптап отырса, бұл мәселеге ерінбегеннің бәрі араласып үстірт, жайдақ пікір айтушыларға жол берілмес еді. Істің жоғары кәсіби деңгейде, біліктілікпен жүргізілуіне қол жеткізе алар едік. Әзірге олай болмай отыр. Реттеудің мамандардың бірлескен жұмысы негізінде жүзеге асатынын ескеріп, терминологияны реттеу жұмысын осы бағытта жүргізу керектігін айрықша атап айтқымыз келеді»,-дей отырып, ғалым Құрманбай келесі пікірлерді ұсынады: «Терминология туралы сөз болған жерде ұлт тілінің ішкі мүмкіндігін сарқа пайдалану қажет деп жатамыз. "Қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалануды" академик Ә.Қайдар терминологияны дамыту қағидаттарының бірі ретінде ұсынды (3-принцип). Ахандар кезеңінен бастап келе жатқан бұл бұл қағидатты біз де қолдаймыз. Тілдің лексикалық байлығын сарқа пайдалану мүмкін болмас, оны барынша ұғымды пайдаланудың қажет екендігі дау туғызуға тиіс емес. Жалпы лексикалық байлығымыз ғана емес "тіліміздің ішкі мүмкіндігін барынша немесе сарқа пайдалануымыз керек" деген сөз жиі айтылып жатады. Алайда бізде сол барынша пайдалану дегеннің не екенін нақтырақ, дәлірек түсіндіру жағы жетісіңкірей бермейді. Біздің ұғымымыз-тіліміздің ішкі мүмкіндігін барынша пайдалану дегенміз - тіліміздегі лексикалық қабаттардан арнаулы сала ұғымдарын атауға жарайтын сөздерді үлкен ыждағаттылықпен, кәсіби біліктілікпен сұрыптап ала білу мен терминжасамның барлық тәсілдерін жаңа атау жасау кезінде шығармашылықпен сауатты пайдалану. Ал ендігі мәселе – «тіліміздің ішкі лексикалық мүмкіндігін қалай пайдаланамыз?» деген сұраққа жауап беру. Тіліміздің лексикалық байлығын терминқор қалыптастыруда ұтымды пайдалану үшін алдымен сол байлықкөз алдымызда, қолымызда болуы керек. Лексикалық байлық халық тілінде бар болғанымен оны жинақтап, жүйелеп, мағыналарын анықтап отыр. Әдістемелік, анықтамалық құралдар дайындамасақ, арнаулы ұғымдарға ат беру кезінде оларды пайдалану мүмкіндігіміз төмен болады. Сөз байлығы мол, тілді ең жақсы біледі деген адамның өзінің сөздік коры шектеулі, екіншіден, атау іздеп отырған ұғымға қажет сөзді термин жасаушы білген күннің өзінде оның жадында сол сөз үнемі кезегін күтіп тұра бермейді. Қажет кезінде қажет сөздің табыла қоймауы, еске түсе бермеуі мүмкін. Ондай сөзді асықпай, көптеген әдебиеттерді ақтарып іздеуге, ұзақ бас қатыруға тура келеді. Сондықтан да қазақша термин жасау барысында ұғымды дәл беретін ең ұтымды сөз қалтарыста қалып қойып, оның орнына мамандардың мағынасы біршама жуықтайтын сөзді алып, сөздікке, оқулыққа енгізетін жағдайлары ұшырасып жатады. Осындай кемшіліктерге орын беріп алмау үшін терминқор қалыптастырудың ішкі көздері анықталып, термин ретінде пайдалануға болатын лексикалық қабаттар көрсетілуі керек.
Жалпы кез келген тілдің терминологиялық лексикасының түзілуіне негіз болатын екі кезі бар. Оның бірі - ұлттың өз тілі де, екіншісі - өзге халықтардың тілдері. Алғашқысы - терминжасамның ішкі көзі, ал кейінгісі - сыртқы көзі деп аталады.
Бұл көздердің термин шығармашылығында пайдаланылуы - ғылым-білімнің даму деңгейіне, ұлт тілінің қоғам өмірінде алатын орнына тікелей байланысты. Соған сәйкес бір тілдің терминологиялық лексикасының басым белігін ұлт тілінде жасалған терминдер құрайтын болса, кейбір тілдерде керісінше, өзге тілдерден қабылданған кірме терминдер өте көп ұшырасады да, төл терминдердің үлес-салмағы елеусіз болып жатады.
Мәселен, қытай тілін зерттеген ғалым И.М.Ошанин қытай терминологиясы туралы былай деп жазады: "Многотысячелетнее развитие китайской культуры с ее материальным и духовным богатством, с ее развитой теоретической мыслью, отраженной в многочисленных сочинениях по философии, истории, экономике, медицине, математике и т.д., обусловило огромные словообразовательные возможности, позволяющие передавать сред-ствами своего языка любые понятия, заимствованные у других народов "Поэтому удельный вес прямых заимствованных и иностранных слов в китайском языке чрезвы-чайно мал..."
Ал қазақ терминологиясының жайы мүлдем басқаша. Тілші ғалымдар терминологиямыздың 70-80 пайызын кірме терминдер құрайтынын айтып жүр. Өз билігі өзінде болмаған халықтың тілінің де еркін дамуына мүмкіндік тумайтыны белгілі.
Терминологиямыздың ұлттық сипатынан айырылуы - тіліміздің ғылым саласында, термин шығармашылығында өз деңгейінде пайдаланылмағандығының көрінісі болып табылады.
Ендігі жерде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі өзінің ғылым саласындағы қызметін толық атқаруға көшуге тиіс. Ол үшін терминжасам тәсілдері іске қосылып, үздіксіз жетілдіріліп отыруымен қатар, термин жасауда пайдаланылуға тиісті лексикалық қабаттар тиімді пайдаланылуы қажет.
Қазақтілі арнаулы лексикасының оның ішінде терминжасамның ішкі көзін пайдалану арқылы қалыптасқан терминологиялық лексиканың жасалуына жалпыхалықтық тілдің негіз болғандығы дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бірақ жалпыхалықтық тілдегі барлық сөздердің терминдену қабілеті бірдей бола бермейді. Белгілі бір лексикалық қабаттар немесе лексика-семантикалық топтар термин шығармашылығында өнімділік танытса, кейбіреулерінің терминологиядағы үлесі өте төмен.
Мәселен, сөз таптарының терминденуі тұрғысынан қарар болсақ, барлық сөз таптарының (сын есім, етістік, үстеу, есімдік) негізінде жасалған терминдерді қосқанда бір ғана зат есім негізінде туындалған терминдермен теңдесе алмайды. Сөздердің қолданылуы тұрғысынан келгенде де тіліміздегі лексикалық қабаттардың терминге айналу мүмкіндігі әркелкі»(10,52).
Қорытынды
Сонымен қорыта келгенде, қазіргі қазақ тілінің "терминологиялық лексикасын құрайтын терминдену тәсілімен жасалған терминдердің елеулі бөлігі - ұлттық әдеби тілдің құрамындағы жалпы қолданыстағы сөздер негізінде жасалған. Жалпы қолданыстағы сөздер терминденудің барлық жолдары арқылы терминдене алады. Оларға бірден көшпестен бұрын осы терминдену процесінің қалай жүзеге асатындығына назар аударып көрелік.
Термин пайда болу үшін ең алдымен белгілі бір терминдер жүйесіндегі орны нақтыланған ұғым болуға тиіс. Ол ұғымның орнының нақтылануы деп біз сол ұғымды өзге ұғымдардан ажырататын оның өзіне ғана тән айрықша белгілері мен қасиеттерінің анықталуын айтып отырмыз. Яғни, бұл ұғымның қамтитын шекарасын, көлемін анықтау деген сөз. Одан әрі айқындалған ұғымның басты белгілерін көрсете отырып, оның мазмұнын толық ашатын анықтама беріледі. Ондай анықтаманың немесе терминнің дефинициясының (мәні) дәл болуы аса қажет. Егер терминнің дефинициясы дәл берілмесе, онда ұғымның мазмұны да солғын ашылады. Соған сәйкес ондай ұғымды сөзбен белгілеу кезінде де ауытқушылық кетеді. Терминнің дефинициясы ұғымның басты белгілерін, көлемін көрсету арқылы сол ұғымның өзі қатысты болатын арнаулы салада қаншалықты деңгейде игерілгендігінен, зерттелгендігінен хабардар етеді.
Ұғымдар жүйесіндегі орны айқындалып, басы ашылған ұғымның қамтитын ауқымын негізгі белгілерін дәл көрсететін ғылыми анықтама бергеннен кейін, анықтамаға сүйене отырып, сол ұғымға өзінің мазмұнына сәйкес келетін атау беру (ат қою) қажеттілігі туындайды. Ұғымға ат коюдың, яғни терминжасам тәсілдерінің бірі - терминдену болып табылады.
Ұғым мазмұны белгілі болғаннан соң, терминолог немесе салалық маман мазмұннан формаға қарай ойысады. Аталған тәсілді пайдалану арқылы термин жасауды ұйғарған зерттеуші өз тілінде бар сөздердің ішінен ұғымды беретіндей (ұғымның мазмұнын қамтитын) сөзді таңдауға көшеді. Дәл осы тұста өзі ат қойғалы отырған ұғымның терминдер жүйесіндегі алатын орны мен оның мазмұнын жақсы түсінумен бірге (бұл лингвистерге қатысты) сол үғымға тиісті атау іздеп отырған тілді де жетік білуі қажет екендігін айтқан жөн.
Біздің терминологиямыздың басым бөлігін орыс және еуропа тілдерінен енген терминдер құрауы себептерінің бірі - сол салаларда қызмет істейтін салалық мамандардың, ғалымдардың қазақ тілін білмеуінен немесе нашар білуінен, еңбектерій өз тілінде жазбауынан деп білеміз. Ана тілін білмейтін маманның өз тілінен (немесе өзге ұлт өкілінің өзі білмейтін тілден) ұғымға атау іздеп, бас қатырмайтынын дәлелдеп жатудың реті жоқ.
Осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын (1948 жылы) академик Нығмет Сауранбаев: "Кезек күтпейтін үлкен бір мәселе - қазақ әдеби тілінің терминологиясын жасау мәселесі... Барлық ғылымның терминдерін жасау өте қажет. Ал оны қазақ тілін білетін әрбір ғылымның мамандары жасай алады, яғни казақ әдеби тілінің терминін жасау казақ, интеллигенциясының міндеті"-деген болатын ().
Қазақ интеллигенциясы қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, өз еңбектерін қазақ тілінде жазғанда ғана ондай міндетті атқара алады. Ұғымды және сол ұғымға атау беретін Тілді жақсы білгенде ғана форма мен мазмұн бірлігіне қол жеткізуге болады. Мәселен, аса көрнекті тілші ғалым А.Байтұрсынұлы жасаған зат есім, сын есім, сан есім, ісімдік, үстеу, етістік, шылау сияқты терминдердің санамызға сіңіп, қалыптасып кетуінің, өміршеңдігінің сыры - олардың білікті тіл маманы ретінде терминделуші ұғымдардың мазмұнын, олардың тіл жүйесіндегі орны мен қызметін терең білуімен бірге, өзі ғылыми ұғымдар атауларын жасап отырған қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерген игінде жатқаны дау туғызбаса керек.
Терминнің іші мен сырты үндесіп, затына аты сай келуі - термин жасаушының ұғым атауының біз сөз етіп отырған екі жағына бірдей мән беріп, оларды ұштастыра білу шеберлігіне тікелей байланысты.
Жалпы қолданыстағы сөз термин қатарына өткенде өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айрылып, мүлде жаңа ұғымды белгілеуі мүмкін. Мысалы, жалпы қолданыстағы күмбез сөзі "мешіт, сарай, т. б. құрылыстардың сәнді өрнектермен әшекейленген шаңырақ тәрізді төбесі" және "әдемілігімен көзге түсетін әшекейлі құрылыс - деген мағыналарды білдірсе, геологиялық терминологиядағы күмбез термині "биіктігі жүздеген метрден мыңдаған метрге дейін жететін, көміліп қалған не қазіргі вулкан конусы " деген ұғымды білдіреді.
Сондай-ақ жалпы қолданыста қалта деп "киімнің омырауына т.б. тігіліп, ұсақ-түйек зат салуға арналған бөлігін " - айтса, биологиядағы қалта (бурса) термині "қимылдау кезінде сіңірдің сүйекке үйкелісін бәсеңдететін сіңір, бұлшық ет, тарамыс астында болатын кілегейлі қалтарыс, дорба " - деген ұғымды білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |