Ирақ дағдарысы және Мысырдың ұстанымы



Дата27.06.2016
өлшемі72 Kb.
#160718
Ж.Б. Әбдіқадырова

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


Ирақ дағдарысы және Мысырдың ұстанымы
Мақалада Ирақ дағдарысына қатысты Мысыр Араб Республикасының ұстанымы қарастырылады. Мақалада автор Парсы шығанағындағы Мысырдың бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған бастамаларына оң баға бере келе, Ирақпен тұрақты қатынастарды орнатуды көздейтін саясатын ашып көрсетеді.

Түйін сөздер: Ирақ дағдарысы, Мысыр, Парсы шығанағы, қауіпсіздік мәселесі.
Мысыр Араб Республикасының сыртқы саясатында Ирақ Республикасымен қарымـқатынастары маңызды орын алады. Ирақ дағдарысын екі халықаралық жанжал белгілейді: біріншісінде Ирақ басқыншы болса (1990 жылы Саддам Хусейн әскерлері Кувейт Мемлекетін басып алып, оны Ирақтың 19-шы провинциясы деп жариялауы), екіншісінде Ирақтың өзі басқыншылыққа тап болды (Америка Құрама Штаттарының және оның одақтастарының 2003 жылғы Ираққа қарсы соғысы). 1990 жылдан бастау алған бұл дағдарыс ресми Каирдың өз ұстанымын белгілеуге мәжбүр етті.

Ирақтың иран-ирақ соғысы аяқталуынан кейін көп ұзамай Парсы шығанағындағы араб елдерімен қақтығысты жоспарлағанын 1989 жылдың екінші жартысынан бастап ирақ баспасында Мұнайды экспортқа шығаратын елдер ұйымындағы (МЭШЕҰ( Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық ұйымына (ПШАМЫК) кіретін елдерінің саясатына қарсы кең ауқымды насихаттау науқанын жүргізгенінен көрінді. Бағдадтың айыптарына сәйкес, МЭШЕҰ Ирақ үлесін көбейтуге бармай, осымен ирақ экономикасын қалпына келтіруді болдырмағанына дәл сол елдер кінәлі [1, 400 б.]. Кувейтке Ирақ ирақـкувейт шекарасындағы Румейла мұнай кен орнын заңсыз пайдаланды деген нақты айып тақты. Ирақ өтемақы ретінде 2,4 миллиард доллар ақшаны, сондайـақ иранـирақ соғысы кезінде Кувейттен алған заем бойынша кейбір бағалаулар бойынша шамамен 15 миллиард долларды құраған қарыздарын кешіруді талап етті. Сонымен бірге Ирақ Парсы шығанағындағы Бубиян аралына да дәмеленді.

1990 жылы шілде айының ішінде Мысыр бұл шиеленіскен жағдайды реттеуге тырысты, ал сол кездегі ел президенті Хосни Мүбарак мәселені бейбіт жолдармен шешуге ынталанып, Ирақ, Кувейт және Сауд Арабиясына бірқатар сапармен барды [2, 126 б.]. Келіссөздер шиеленісушіліктің бәсеңдеуіне алып келмеді және нәтижесінде 1990 жылдың 2 тамызында әлемнің көпшілік елін, оның ішінде араб елдерін де өзіне қарсы қойып, 150-мыңдық армиясының көмегімен Ирақ санаулы сағаттар ішінде Кувейтті басып алды. 1990 жылдың 2-10 тамыз аралығында өткен Араб Мемлекеттерінің Лигасы (АМЛ) кеңесінің төтенше сессиясында бұл ұйымға кіретін 21 мүше елдің 12-сі Ирақ басқыншылығын сөзсіз айыптады [3, xxii-xxiii б.]. Ислам Ұйымы Конференциясының (ИҰК) жауабы да айтарлықтай бірауыздан болды: ұйым мүшелерінің басым көпшілігі Бағдад әрекетін айыптады [4, 161 б.].

Саддам Хусеннің мұндай қадамын айыптаған Мысыр көпұлтты күштердің құрамында Ирақа қарсы әскери қимылдарға белсенді қатысты. Халықаралық құқық бойынша басқыншы болып есептелген Ирақты жақтау Мысыр үшін жол бергісіз қадам еді. Себебі бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүше-елдерімен және маңыздылығы кем емес Сауд Арабиясы бастаған Парсы шығанағы елдерімен текетірестікке бару дегенді білдірді. Бұл жағдайда Мысыр қайтадан он жылда әрең құтылған оқшаулануда қалып қоюдан қауіптенді.

Егер халықаралық қауымдастық Кувейттің басып алынуына немқұрайлы қарап, Саддам Хусейннің бұл соқыр тәуекелі іске асқанда, Мысырдың пайдасы мұндай айқын болмас еді. Саддам Хусейн Мысырмен «кувейт бәлішінің» бір тілімімен де бөліспес еді, себебі валюталық кірістің қайнары ретінде мұнайға мұқтаж болған оның бұл соғысқа баруының басты себебі Ирақты Араб Шығысындағы жетекші елге айналдыру және аймақтағы басқа елдердің ықпалын азайту міндеті болды. Осылайша, ресми Каирдың Ираққа қарсы коалиция жағына өту туралы шешімі халықаралық құқық нормаларына жауап беріп, саяси прагматизм тұрғысынан да қисынды болды.

Ирақтың Кувейтті басып алғаннан кейін көп ұзамай Сауд Арабиясының өтініші бойынша Мысыр өз қарулы күштерін ықтимал басқыншылықтан қорғау үшін саудтық территорияға жіберді. Хосни Мүбарак мұндай әскери науқанның ең көп залалы бейбіт халыққа тиеді деп қауіптеніп, Ираққа қарсы коалицияның Ирақ жеріне баса көктеп кіруін болдырмауға барынша тырысқанын ескерген жөн.

Сонымен бірге Саддам Хусейнге ирақ әскерлерін Кувейттен шығаруға шақырған үндеуін жолдау арқылы, Мүбарак дағдарысты өз арабтық күшімен, сырттан күштердің араласуынсыз шешуге болады деп үміттенді. Алайда, жағдай барған сайын АҚШ пен еуропалық елдердің бақылауына өтіп, мәселені күш қолдану арқылы шешу ықтималдығы бараـбара айқын бола түсті. Ақыры дипломатиялық шаралар нәтижесіз екені айқын болғанда ғана Мысыр Кувейтті азат етудің құрлықтағы операциясына қатысты. Мысырлық басшылық Парсы шығанағы аймағына Ұлыбритания, Сирия, Францияның әскерінен көп болған 35 мың адамды құраған әскери контингентті (америкалық әскерден кейінгі екінші) және 450 танк жіберді [5, 208-210 б.].

Нәтижесінде Мүбарак Парсы шығанағындағы әскери науқанның сәтті аяқталуынан кезкелген басқа араб не еуропалық көшбасшыдан да көп ұтысқа кемелді [6, 8 б.]. Мысырдың Кувейт суверенитетін қалпына келтіруге қатысуы оның араб қауымдастығына біржола оралуын белгіледі. Мысыр араб қауымдастығындағы өз «ағайындарына» көмекке келуге дайын Парсы шығанағы аймағындағы қауіпсіздіктің қорғаушысы ретінде шықты.

Мысыр үшін саяси әрекеттердің экономикалық табыстары да болды. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Парсы шығанағындағы оқиғалар Мысырдың ЖҰӨ-нің 5 %-на татыды [7, 8 б.]. Бірақ Каирге Ираққа қарсы науқанға қатысқаны үшін аса жомарттылықпен төледі. Елдің сыртқы қарыздарының бір бөлігін кешірді, сондайـақ аймақтағы халықаралық жағдаймен тығыз байланысты экономиканың салаларындағы ақша кірістерінің шығындарын, бірінші кезекте Парсы шығанағында жұмыс істеген мысырлық мигранттардың ақша аударымдары мен шетел туризмінен түсетін кіріс шығындарын өтеп берді [6, 12 б.].

Парсы шығанағындағы дағдарыстың аяқталуынан біраз бұрын өзегін Мысыр, Сирия және Сауд Арабиясы құрайтын қауіпсіздіктің жаңа аймақтық жүйесін құру идеясы алға қойылды. Мысыр, Сирия және Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі (ПШАМЫК) алты мүшесінің сыртқы істер министрлерінің 1991 жылы 17-18 ақпанда өткен Каирдегі кездесуінде болашақта зұлымдықтың қайталануын алдын алу үшін сегіз араб мемлекетінің бірлескен күштерін құру мәселесі қарастырылды. Бұл ұсыныс жаңа аймақтық тәртіп және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін қатерлерге қарсы әрекет етуді жақтаған сегіздіктің сыртқы істер министрлерінің 1991 жылдың наурызында орын алған Дамаск кездесуінде қолдауын тапты. Кеңеске қатысушылар барлық араб мемлекеттеріне Араб мемлекеттері лигасының Жарғысын, бірлескен қорғаныс және экономикалық ынтымақтастық туралы келісім-шартты ұстанатынын растайтын Декларация үндеді [8]. Мысырлық және сириялық әскерлер араб қауіпсіздік күштерінің қаңқасын құрайды деп ұйғарылды [9, 301 б.]. Алайда араб қауіпсіздік жүйесін құру жоспарларына көзделген альянс қатысушыларының қайшылықтары кедергі болды. Сауд Арабиясы, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктері жоспарланған аймақтық қауіпсіздік жүйесі АҚШ-тың қатысуынсыз тиімді бола алмайды деп есептесе, Сирия аймақтағы Батыстың қатысуына үзілді-кесілді қарсы болды. Сонымен бір уақытта Дамаск аймақтық қауіпсіздік жүйесіне араб емес мемлекеттер – Иран мен Түркияны қосуды мүмкін деп санады.

90-шы жылдары Мысыр Ирақтың халықаралық аренадағы толық ынтымақтастық шеңберіне тез оралуына зор күш салған араб елдерінің алды болды. Бұл ирақ халқының азаптануын тоқтатар еді, екінші жағынан, Ирақпен экономикалық және мәдени қатынастардың әлеуетін ашар еді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болмаса да, Мысыр 1996-1997 жылдары Ирақ төңірегіндегі жағдайға қатысты дипломатиялық белсенділік танытты. Мысыр Ирақтан БҰҰ ҚК қабылдаған барлық қарарларды бұлжытпай орындауын талап етті. Каир мұны БҰҰـның барлық санкцияларын Бағдадтан алып тастауының міндетті шарты деп есептеді.

Таяу Шығысты жаппай қырыпـжоятын қарудан азат аймаққа айналдырудың басты жақтаушысы бола тұрып, Мысыр Ирақтың 1991 жылғы № 687 қарарды орындауын талап етті. Каир Ирақ үкіметі мен БҰҰ инспекциялық комиссиялары арасында келіспеушіліктер орын алған жағдайда Бағдадқа күштеп қысым көрсетуге үзілдіـкесілді қарсы болды.

АҚШـтың 2002 жылы жаппай қырыпـжоятын қаруы бар деп Ираққа айып тағуынан кейін ресми мысырлық тұлғалар АҚШـтың Ирақтағы әскери әрекетінен кейін саяси және экономикалық залал орасан болатынын мәлімдеді.

Таяу Шығысты зерттейтін мамандар АҚШـтың Ираққа қарсы соғыс қимылдары араб елдерінде және жалпы ислам әлемінде антиамерикалық толқулардың өршуіне, кейбір мемлекеттердің жаппай қырыпـжоятын қаруды иемденуге талпыныстарын жеделдетуге алып келетінін ескертті [10, 26-27 бб.].

2003 жылдың қарашасында Дамаск қаласында Мысырдың, Сирияның, Сауд Арабиясының, Түркияның және Иранның сыртқы істер министрлерінің мәжілісі өтті. Бұл мәжілісте тараптар Ирақтағы БҰҰـның рөлін нығайтуды және «ирақ суверенитетін қалпына келтіру үдерісін жеделдету үшін басып алушылықты тоқтатудың уақыт кестесін жасап шығару қажеттілігін» қолдады [11].

АМЛ бас хатшысы Амр Мұса «Араб мемлекеттері лигасына мүше ешбір ел АҚШ пен Ұлыбританияның Ираққа қарсы ықтимал соққысына қатыспайтынына» сендірді. А. Мұса сонымен бірге «құрамына 22 ел кіретін АМЛ ирақ дағдарысын бейбіт жолдармен және БҰҰ қамқорлығымен, әсіресе Ирақ елге қарусыздану бойынша халықаралық инспекторлардың қайтып келуіне келіскен жағдайда шешуді жақтайтынын» жеткізді [12, 85 б.].

Ирақ бойынша қарардың ақырғы нұсқасының қабылдануына байланысты 10 қараша күні Каирде Ирақ бойынша БҰҰ ҚК қабылдаған жаңа құжат қаншалықты арабтардың талаптарына сәйкес екендігін шешу үшін АМЛ сыртқы істер министрлері қатысқан төтенше кездесу өтті. Оның үстіне араб елдерінің СІМ басшылары бірінші кезекте Ираққа әскери соққы ықтималдылығы өздерінің қауіпсіздігіне тікелей қауіп туғызғанына алаңдаушылық білдірді. Дегенмен, БҰҰـның жаңа құжатын кейінгі сараптамалаудан кейін, Араб мемлекеттері лигасы БҰҰ ҚКـнің Ирақты қарусыздандыру жөніндегі қарарын қолдады. Каирдегі кездесу барысында АМЛ сыртқы істер министрлері бірінші кезекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің № 1441 қарарының Ирақтағы БҰҰ әскери инспекторларының қызметін бағалайтын жалғыз орган Қауіпсіздік Кеңесі болып табылады деген бабын қолдады. Каир кездесуінің қатысушылары бірлескен мәлімдемесінде «Қауіпсіздік Кеңесі –халықаралық инспекторлардың есептеріне лайықты бағасын бере алатын жалғыз орган» деп ескертті.

АМЛ бас хатшысы Амр Мұсаның ойынша, «бейруттық саммитте араб жетекшілері бір араб елін басып алуды барлық араб елдеріне қарсы басқыншылық әрекеті деп есептеуге келісті». Сонымен бір уақытта Амр Мұса журналистермен болған сұхбатында «арабтардың ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына қарсы бағытталмаған» деп ескертті [13, 87 б.].

Мысырлық «Ағайынды мұсылмандардың» жетекшісі Мамун әл-Ходейби Американың Ираққа басып кіруін қатаң түрде айыптады және ирақ халқының америкалықтардың басқыншылығына қарсылығын ақтайтын бірнеше мәлімдеме жасап, ирақ халқының қарсылығын олардың «шариғаттық және патриоттық борышы» деп атады [14]. Сұхбаттарының бірінде ол: «Араб майданында әрекет ететін басқа да халықтық күштермен бірге, біз Ирақ халқын қолдауға және америкалық басқыншылыққа қарсы шығуға шақырамыз», ـ деп айтты [15].

АМЛ бас хатшысы Амр Мұса халықаралық қауымдастықты Бағдадқа қарсы әскери қимылдар басталған жағдайда, «араб әлемі ызалы мәлімдемелермен ғана шектелмейді. Ирақта соғыстың басталуы тозақ есігін ашады» деп ескертті. Амр Мұса «АҚШ Израильді қолдап, ал Израиль палестиналық жерлерді басып алуын жалғастырып жатқандықтан, аймақтағы жағдай өте шиеленіскен. Сондықтан араб елдері Ирақ төңірегіндегі жағдай саяси және дипломатиялық жолдармен шешілетініне үміттенеді» деп баса айтты [16, 91 б.].

Жалпы, Мысыр ирақ дағдарысына қатысты араб әлемінде «алтын орта» ұстанымы арқылы байсалды сын тактикасын таңдағанын ескерген жөн. АҚШ пен оның одақтастарының әрекеттерін айыптай келе, Мысыр өзіне Вашингтонмен қатынастарының нашарлауына алып келетіндей шектен асып кетуіне жол бермеді.

Алайда Бағдадқа қарсы соғыс салдарынан туындаған араб елдеріндегі толқуларға қарамастан, Мысыр Батыспен қатынастарды шиеленістіруге бармады. Атап айтқанда, МАР Ираққа қарсы әскери қимылдарға қатысу үшін жөнелтілген АҚШ пен Ұлыбританияның кемелері өтетін Суэц каналын жаппады.

Араб әлемінің саяси орталықтарының бірі ретінде Мысыр Ирақ төңірегіндегі дағдарыстың соғыспен аяқталуын күйзеле қабылдады. Бұл соғыс араб қауымдастығының әлсіздігін, қатарының бөлінуін, аймақтағы араб елдерінің көбісіне жағымсыз болған оқиғалар дамуына әсер ету қабілетсіздігін білдірді. Іс жүзінде ирақ жерінің шетелдіктермен басып алынуына көнген Мысыр енді басқыншылықты тезірек аяқтауға, Бағдадпен тұрақты қатынастарды орнатуға және Ирақты Араб Шығысындағы интеграциялық үдерістерге қосуға тырысты.


Әдебиеттер
1. Современные международные отношения / Под ред. А.В. Торкунова. – М.: РОССПЭН, 2000. – 584 c.

2. Исаев В., Филоник А., Шагаль В. Кувейт и кувейтцы в современном мире. – М.: Институт Востоковедения РАН, 2003. – 339 c.

3. Hiro D. Desert Shield to Desert Storm: The Second Gulf War. – New York: Routledge, 1992. – 450 p.

4. Жданов Н.В. Исламская концепция миропорядка. – М.: Международные отношения, 2003. – 216 c.

5. Hutchison K.D. Operation Desert Shield // Desert Storm: chronology and factbook. – Westport, CT: Greenwood, 1995. – 320 p.

6. Левин О. Египет. После войны в Заливе // Азия и Африка сегодня. – 1991. – № 6.

7. Исаев В. Цена агрессии // Азия и Африка сегодня. – 1991. – № 6.

8. Damascus Declaration for the Coordination and Cooperation among the Arab States, 6 March 1991. – Ministry of Foreign Affairs of Arabic Republic of Egypt // www.mfa.gov.eg

9. Александров И.А. Монархии Персидского залива: этап модернизации. – М.: Дело и Сервис, 2000. – 544 c.

10. Щенников В.Ф. В ожидании войны против Ирака. 24 января 2003 г. // Аналитические записки. Иракский кризис. – М.: Институт изучения Израиля и Ближнего Востока, 2004. – С. 25-32.

11. Юрченко В.П. Иракско-кувейтские отношения: будет ли свет в конце тоннеля? 18 декабря 2003 г. // Аналитические записки. Иракский кризис. – М.: Институт изучения Израиля и Ближнего Востока, 2004. – С. 72-78.

12. Шмелёва Т.А. Арабские страны и кампания США против Ирака. 23 октября 2002 г. // Аналитические записки. Иракский кризис. – М.: Институт изучения Израиля и Ближнего Востока, 2004. – С. 79-85.

13. Шмелёва Т.А. Арабский мир: реакция на резолюцию № 1441 Совета Безопасности ООН по Ираку. 13 ноября 2002 г. // Аналитические записки. Иракский кризис. – М.: Институт изучения Израиля и Ближнего Востока, 2004. – С. 86-89.

14. Мамун әл-Ходейбидің Ikhwan Online интернет-сайтына берген сұхбаты. – 01.10.2003. // www.ikhwanonline.com

15. Al-Jazeera.net – 21.02.2003. // http://www.aljazeera.net/special_coverages/ Iraq_crisis/2003/2/2-21-1.htm

16. Шмелёва Т.А. В преддверии войны с Ираком: позиция арабских стран. 24 декабря 2002 г. // Аналитические записки. Иракский кризис. – М.: Институт изучения Израиля и Ближнего Востока, 2004. – С. 90-94.


Zh.B. Abdikadyrova

Egypt’s position on the crisis in Iraq
The article is devoted to the study of the position of the Arab Republic of Egypt on the Iraq crisis. The author gives a positive assessment of the peace initiatives of Egypt in the Gulf region, reveals the policy of Cairo aimed at establishing strong relations with Baghdad.

Key words: the Iraq crisis, Egypt, the Persian Gulf, the problem of security.
Ж.Б. Абдикадырова

Иракский кризис и позиция Египта
Статья посвящена изучению позиции Арабской Республики Египет во время иракского кризиса. В статье автор дает положительную оценку мирным инициативам Египта в регионе Персидского залива, раскрывает политику Каира, направленную на установление прочных отношений с Багдадом.

Ключевые слова: иракский кризис, Египет, Персидский залив, проблемы безопасности.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет