ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТІРЛІГІ
ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ
Есимова Р.Ж.
ІШКІ СЕКРЕЦИЯ БЕЗДЕРІНІҢ ГИСТОЛОГИЯСЫ
ОҚУ ҚҰРАЛЫ
ҚАРАҒАНДЫ – 2011
ӘОЖ 611-018/.43(02)
КБЖ 28.86 я 7
Е 83
ПІКІРСАРАПШЫЛАР:
Токешева А.М., Семей мемлекеттік медицина университетінің молекулярлық биология және гистология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты
Жаутикова С.Б., Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің патологиялық физиология кафедрасының меңгерушісі, доцент, медицина ғылымдарының докторы
Нурсейтова К.Т., Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің гистология кафедрасының оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты
Е83 Есимова Р.Ж. Ішкі секреция бездерінің гистологиясы. Оқу құралы. –Қарағанды. - 2011 - 52 б
ӘОЖ 611-018/.43(02)
КБЖ 28.86 я 7
Оқу құралы ішкі секреция бездерінің гистологиялық құрылысы, дамуы, гистофизиологиясы жайында мәліметтер беріп, медицина саласының мамандары мен студенттеріне арналған
Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының ӘК отырысында талқыланды және бекітілді
№__8___Хаттама « 13 » ақпан 2011ж.
Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының Ғылыми кеңесіне баспадан шығаруға бекітілді және ұсынылды
№ _9___Хаттама « 21 » ақпан 2011ж.
© Р.Ж.Есимова, 2011ж.
Қысқартылған сөздер тізімі
АДГ –
|
антидиуретикалық гормон
|
АКТГ –
|
адренокортикотропты гормон
|
APUD –
|
Amine Precursors Uptake and Dekarboxylating
|
ДЭЖ –
|
диффузды эндокринді жүйе
|
ЛГ –
|
лютеиндеуші гормондар
|
ЛТГ –
|
лактотропты гормон
|
МТГ –
|
мамматропты гормон
|
СТГ –
|
соматотропты гормон
|
ТТГ –
|
тиреотропты гормон
|
ФРГ –
|
фолликул реттеуші гормон
|
|
|
МАЗМҰНЫ
|
Қысқартылған сөздер тізбесі
|
3
|
|
Кіріспе
|
5
|
|
Эндокриндік жүйенің жалпы сипаттамасы
|
6
|
|
Эндокринді бездердің құрылымдық-қызметтік құралуының жалпы принциптері
|
8
|
|
Ішкі секреция жүйесінің жіктелуі
|
8
|
|
Эндокринді және жүйке жүйелерінің өз-ара байланыстары
|
10
|
|
Гипоталамустың қызметін реттеу
|
11
|
|
Гипоталамус
|
11
|
|
Гипофиз
|
14
|
|
Эпифиз
|
20
|
|
Шеткері ішкі секреция бездері
|
22
|
|
Қалқанша безі
|
22
|
|
Қалқанша маңы безі
|
26
|
|
Бүйрек үсті безі
|
28
|
|
Диффузды эндокриндік жүйе: апудоциттер
|
35
|
|
Ұйқы безі
|
36
|
|
Білім деңгейін тексеруге арналған тестілер
|
38
|
|
Оқиғалық есептер
|
43
|
|
«Ішкі секреция бездерінің гистологиясы» тақырыбы бойынша тапсырмалар картасы және орындау негіздері
|
43
|
|
Бақылау сұрақтарының үлгісі
|
46
|
|
Тестілердің жауабы
|
48
|
|
Оқиғалық есептердің қысқа жауабы
|
49
|
|
Қолдануға ұсынылатын әдебиеттер
|
50
|
Кіріспе
Эндокринді жүйе реттеуші және біріктіруші қызметтер атқарып, ағзаны тұтас жүйе ретінде қабылдауды қамтамасыз етеді. Бұл қызмет жүрек-қан тамырлар, жүйке және иммундық жүйелермен тығыз байланыста іске асырылады. Ішкі секреция бездері ағзада өтетін маңызды вегетативті құбылыстарды реттейді. Оларға жасушалардың өсуі, көбеюі, бөлінуі және дифференциялануы, ағзадағы зат және энергия алмасу, секреция, сіңіру, экскреция, қалпына келу, өзгерістерге бейімделу т.б. құбылыстарды жатқызуға болады. Ішкі секреция бездерінің құрылысы мен маңызын, гипоталамус пен гипофиздің, қалқанша, қалқанша маңы, бүйрек үсті, ұйқы бездерінің гистофункционалдық ерекшеліктерін, жасушаларының гистофизиологиясын білу дәрігерге дұрыс диагноз қою, оңтайлы емдеу әдістерін таңдау үшін қажет.
Төменде «Ішкі секреция бездерінің гистологиясы» модулі бойынша тәжірибелік сабақтардың және студенттің өзіндік жұмысының тақырыптарының үлгісі берілген. Оқу құралында бұл тақырыптарға қажетті материалды табуға болады.
Дәрістердің тақырыптарының үлгісі:
1.
|
Эндокриндік жүйенің жалпы морфофункционалдық сипаттамасы. Гипоталамо-гипофизарлық жүйенің гистофизиологиясы, эпифиз, қалқанша және қалқанша маңы бездері
|
2.
|
Бүйрек үсті безінің және ұйқы безінің эндокриндік бөлігінің гистофизиологиясы
|
3.
|
Бүйрек үсті безінің және ұйқы безінің эндокриндік бөлігінің гистофизиологиясы.
|
Тәжірибелік сабақтың тақырыптарының үлгісі:
1.
|
Гипоталамустың, гипофиздің, эпифиздің морфофункционалдық сипаттамасы
|
2.
|
Қалқанша, қалқанша маңы және бүйрек үсті бездерінің морфофункционалдық сипаттамасы
|
СӨЖ тақырыптарының үлгісі:
1.
|
Эндокринді және эндокринді емес қызметтерді біріктіре атқаратын мүшелердің құрылысы және қызметінің ерекшеліктері. Ұйқы безінің гистологиясы.
|
ЭНДОКРИНДІК ЖҮЙЕНІҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Әрбір жасушада оның зат алмасуының нәтижесінде көптеген метаболизм өнімдері түзіледі де, олар ұлпалық сұйықтыққа, қан немесе лимфаға құйылады. Бұл өнімдердің кейбіреулері физиологиялық белсенділігі бар заттарға жатады, яғни олар ағзадағы процестерді тежеп не еселеп өзгертуге, кейбір мүшелердің қызметіне, өсуіне өзгерістер енгізуге қабілетті болып келеді. Бұндай биобелсенді заттарды бөлетін мүшелерді эндокриндік (ішкі секреция) бездерге жатқызып, олардың бөлетін өнімдерін гормон (инкрет) деп атайды.
Эпителий тіндерінің құрамында безді эпителий ажыратылады. Бұл эпителийден екі түрлі бездер құралады: экзокринді және эндокринді. Эндокринді бездердің шығару өзектері болмайды, олар өздерінің өнімдерін (гормондарын) тікелей қанға немесе лимфаға бөледі. Эндокринді бездерде қан тамырлары жақсы дамиды. Эндокриноциттердің орналасуы бойынша ішкі секреция бездерінің екі тобы ажыратылады: фолликулярлық және трабекулярлық. Фолликулярлық бездерде эпителиоциттер фолликула түзейді, ал трабекулярлық бездерде жасушалар созындылар құрай тізбектеле орналасады.
Бездердің өндіретін өнімдері гормондар деп аталады. Бөлінетін өнім – гормондардың көбі ақуыздардан (пептидтер, олигопептидтер, гликопептидтер) және стереоидтардан (жыныстық гормондар, бүйрек түсті безінің өнімдері) тұрады. Кейбір гормондар тек бір мүшеде ғана бөлінсе (тироксин-қалқанша безінде), кейбіреулері бірнеше мүшелерде бөлінеді (инсулин - ұйқы безінде, шықшыт безінде, бас миында). Гормондар нысаналы мүшелерге ғана әсер етеді, басқа құрылымдарға ол реттеушілік ықпалын тигізе алмайды. Оның себебі нысана-жасушаларда гормондарды танып, олармен байланысты жүргізетін арнайы рецепторлардың болуы. Рецептормен байланысқан гормон плазмалеммаға, мембрананың құрамында болатын ферменттерге, цитоплазмадағы органеллаларға және ядроның генетикалық материалына әсер ете алады.
Өзінің ықпалын жүзеге асыру үшін гормонның аз ғана мөлшері қажет, ал қанға түсісімен нысаналы мүшеге жетеді, яғни ішкі секреция бездерінің алыста жатқан мүшелерге тигізер әсері қанның тасымалдау қызметіне байланысты жүргізіледі (дистантты әсер ету – алыстан ықпал ету).
Эндокриндік реттеу ағзада кездесетін реттеулердің бір түрі ғана болып табылады. Реттеудің өзі бірнеше түрге бөлінеді:
-
Аутокриндік реттеу (бір жасушаның немесе біркелкі жасушалардың шегінде); Аутокриния дегеніміз жасушаның өндірген өнімі оның өзінің рецепторлық аппаратына немесе жасушаның өзіне ұқсас көршілес жасушаларға әсер етіп, олардың қызметтік белсенділігін реттеу болып табылады.
-
Паракриндік реттеу (жақыннан, - көрші орналасқан жасушаларға); Паракриния дегеніміз жасушаның өндірген белсенді заты оның қасында орналасқан басқа жасушаларға әсер етуі болып табылады.
-
Эндокриндік реттеу (қанда анықталатын гормондардың көмегімен); Эндокриния дегеніміз жасушаның өндірген реттеуші заттары олардың әсер ететін жасушаларынан қашықта орналасып, алыстан ықпал жасау болып табылады.
-
Жүйкелік реттеу. Эндокриндік жүйе жүйке жүйесімен тығыз байланыста болады, сондықтан көбінесе нейро-гуморальдық реттеу термині қолданылады.
Жүйкелік жасушалар мен эндокриндік жасушалардың жалпы қасиеттері гуморальды реттеушілік ықпал көрсете алатын заттарды өндіре алу болып табылады. Эндокриноциттер гормондарды өндірсе, жүйкелік жасушалар нейромедиаторларды бөледі. Жүйке жүйесінің кейбір мүшелерінде кәдімгі нейроциттерден басқа, нейросекреторлық қызмет атқаратын жасушалар да болады. Олар нейроаминдермен қатар олигопептидтерді де өндіре алады.
ЭНДОКРИНДІ БЕЗДЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ-ҚЫЗМЕТТІК ҚҰРАЛУЫНЫҢ ЖАЛПЫ ПРИНЦИПТЕРІ
-
Шығару өзектері болмайды, өнімдерін тікелей қанға не лимфаға бөледі.
-
Өте жақсы тамырланады.
-
Өнімнің қанға түсуін жеңілдететін гемокапиллярлардың түрі болады (фенестрленген немесе синусоидты).
-
Көбінесе паренхималық мүшелер болып табылады.
-
Көбінесе эпителий тінінен құралып, жасушалары созындылар немесе фолликулалар құрайды.
-
Басқадай тіндерден де тұруы мүмкін, мысалы жүйке тіні (гипоталамус, эпифиз), бұлшық ет (бүйректің юкстагломерулярлық жасушалары және миокардтың эндокриндік кардиомиоциттері), дәнекер тін (аталық бездің және бүйректің интерстициальдық жасушалары).
-
Эндокринді мүшелерде строма нашар дамиды.
-
Биологиялық белсенді заттарды – гормондарды өндіреді.
-
Гормондар аз мөлшерде және алыстан ықпал етеді.
-
Тек нысаналы мүшелерге ғана әсер етеді.
ІШКІ СЕКРЕЦИЯ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖІКТЕЛУІ
Құрылымдық құралу деңгейіне байланысты ішкі секреция жүйесін келесі топтарға жіктеп бөлуге болады:
-
Орталық эндокриндік мүшелер
а) гипоталамус
б) гипофиз
в) эпифиз
-
Шеткері эндокриндік мүшелер
а) қалқанша безі
б) қалқанша маңы безі
в) бүйрек үсті безі
-
Эндокриндік және эндокриндік емес қызметтерді біріктіре атқаратын мүшелер
а) жыныс бездері (аталық және аналық бездер)
б) плацента (баланың орны, жолдасы)
в) ұйқы безі (экзокриндік және эндокриндік бөлімдері)
-
Жеке орналасқан гормон бөлуші жасушалар
а) нейроэндокриндік жүйкелік жасушалар (APUD-жүйесі)
б) жекелеген жүйкелік емес жасушалар
Гипофиздің мүшелерге реттеушілік ықпал жасауына немесе әсер етпеуіне байланысты шеткері эндокринді бездер 2 топқа бөлінеді.
1) аденогипофизге тәуелсіз — қалқанша безінің кальцитониноциттері, қалқанша маңы безі, бүйрек үсті безінің милық заты, ұйқы безінің аралшықтары, тимус, ДЭЖ эндокриноциттері
2) аденогипофизге тәуелді — қалқанша безі, бүйрек үсті безінің қабықтық заты, гонадалар.
Даму негізіне байланысты жіктелуі
-
Энтодермадан дамитын бездер:
а) Бронхогенді топ жұтқыншақ қалтасының эпителийінен және оған жақын орналасқан бастамалардан дамыған бездер (қалқанша, қалқанша маңы бездері, тимус).
б) Ұйқы безінің Лангерганс аралшықтары.
в) ДЭЖ жататын жеке орналасқан эндокриноциттер (ас қорыту түтігі мен ауа өткізу жолдарының жасушалары).
-
Эктодермадан және нейроэктодермадан дамитын бездер:
а) Ми туындылары болып табылатын мүшелер (гипоталамус, гипофиз, эпифиз).
б) Бүйрекүсті безінің милық заты, параганглийлер.
в) Ұйқы безінің кальцитониноциттері.
г) Эпидермистің және шаш фолликулының Меркель жасушасы.
-
Мезодермадан және мезенхимадан дамитын бездер:
а) Бүйрекүсті безінің қабықтық заты.
б) Жыныс бездері.
в) Жүректің секреторлық кардиомиоциттері.
г) Бүйректің юкстагломерулярлық жасушалары
ЭНДОКРИНДІ ЖӘНЕ ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ӨЗ-АРА БАЙЛАНЫСТАРЫ
Эндокринді және жүйке жүйелері реттеуші қызмет атқаратын жүйелер болып табылады, сондықтан өздерінің қызметтерін атқару барысында олар бір-бірімен өте тығыз байланыста болады. Бұл жүйелердің жасушалардың, тіндердің, мүшелердің қызметтік жағдайын реттеу принциптері бір-біріне ұқсас. Олар реттеуге қабілетті заттарды – ішкі секреция бездерінде гормондарды, ал жүйке жүйесінде нейромедиаторларды өндіріп, бөлу арқылы өздерінің ықпалын іске асырады. Ішкі секреция бездері реттеуді эндокриния жолымен атқарса, жүйке жүйесі паракриния арқылы жүзеге асырады.
Бұл екі жүйенің тығыз байланысын гипоталамустың деңгейінде анық байқауға болады. Гипоталамус жүйке жүйесінің бөлігі және эндокриндік жүйенің орталық мүшесі болып табылады. Алдыңғы және орталық гипоталамустың ядроларында жүйкелік және эндокриндік жасушалардың қызметін біріктіре атқара алатын нейросекреторлық нейрондар анықталады. Бұл жасушалардың өндіретін гормондары нейромедиаторлық та ықпал жасай алады. Гормондарды өндіру және бөлу жүйке жүйесімен күрделі де нәзік түрде реттеледі. Бездерде жүйкелену мен тамырлану жақсы жетілген.
ГИПОТАЛАМУСТЫҢ ҚЫЗМЕТІН РЕТТЕУ
Гипоталамустың нейросекреторлық қызметі орталық жүйке жүйесінің жоғары жатқан бөлімдерімен реттеледі. Оның орталық мимен, таламуспен және лимб жүйесімен екі жақты тығыз байланысы бар. Әсіресе лимб жүйесі, миндаль пішінді ядроның, гиппокамптың реттеу барысында маңызы үлкен. Гипоталамусқа мидың үлкен жарты жарларының қыртысы да реттеушілік ықпал жасайды. Гипоталамусқа бұл әсер серотонин, ацетилхолин, норадреналин сияқты нейромедиаторлардың және энкефалиндер мен эндорфиндердің көмегімен жүзеге асырылады. Эпифиз де өзінің реттеушілік әсерін гонадолибериндердің бөлінуін тежейтін гормондар бөлу арқылы жүргізеді. Шеткері эндокриндік бездер және гипофиз кері байланыс принципі түрінде гипоталамустың гормон өндіру және бөлу қызметіне әсерлерін тигізе алады.
ГИПОТАЛАМУС
Орталық ішкі секреция жүйесінің құрамына кіретін гипоталамус аралық мидың есебіне кіріп, таламустың астына қарай орналасқан нейросекреторлық және өткізгіш жүйкелік жасушалардан түзелген мүше. Гипоталамус эндокриндік қызметтердің реттелуін қадағалайтын жоғарғы жүйкелік орталық болып табылады. Сонымен қатар аралық мидың бұл аймағы вегетативті жүйке жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерінің орталығы. Ол ағзаның барлық висцеральдық қызметтерін бақылап, біріктіреді және эндокриндік реттеуді жүйкелік реттеу механизімімен үйлестіреді. Атап айтсақ гипоталамус эндокриндік, иммундық, вегетативті жүйке жүйелерінің қызметін реттейді, дене қызуын реттеуге, глюкозаның, кальцийдің, электролиттердің алмасуына, инстинктілік түрде болатын адамның мінез-құлқына, қан қысымына ықпалын тигізеді.
Гипоталамус ростральды-каудальды (алдыңғы-артқы) бағытта алдыңғы, ортаңғы және артқы бөліктерге бөлінеді, сагиттальды жазықтықта гипоталамуста бүйірлік, аралық және медиальды бөліктерді ажыратады. Гипоталамуста жүйкелік және эндокриндік қызмет біріктірілген. Гипоталамустың өндіретін нейромедиаторлары шын мағынасында гормон қызметін атқарады: қанның көмегімен таратылады, жасушалардың рецепторлары арқылы ықпалын жүзеге асырады. Эндокриндік қызметті атқарушы нейросекреторлық жасушалар. Олар гипоталамустың жұпты ядроларын (42 жұп) түзейді. Ядролар жүйкелік жасушалардың жиынтығынан және ақ заттан (жүйкелік талшықтар мен нейроглия) құралады. Гипоталамус мидың барлық бөлімдерімен және сопақша мида және көпірде орналасқан бас-ми нервтерінің ядроларымен тіке жүйкелік деңгейде байланысады.
Алдыңғы гипоталамуста супраоптикалық және паравентрикулярлық жұп ядролар орналасады. Супраоптикалық ядро үлкен көлемді холинергиялық нейросекреторлық жасушалардан тұрады. Бұл ядролардың нейрондарында ақуыздан тұратын нейрогормондар вазопрессин және окситоцин өндіріледі. Жасушалардың аксоны медиальдық эминенциядан және гипофиздің аяқшасынан өтіп гипофиздің артқы бөлігіндегі гемокапиллярдың қабырғасында аяқталады.
Паравентрикулярлық ядролардың құрылысы күрделірек. Онда екі аймақты ажыратуға болады: орталық және шеткері. Орталық аймағы үлкен көлемді холинергиялық нейросекреторлық жасушалардан тұрады. Олардың аксоны супраоптикалық ядроның жасушаларының аксонымен бірге артқы гипофизге өтеді. Бұл жасушалар (супраоптикалық және паравентрикулярлық ядролардың үлкен көлемді орталық аймағының жасушалары) вазопрессин және окситоцин бөледі (1 сурет). Адамда вазопрессиннің бөлінуі көбінесе супраоптикалық ядрода, ал окситоциннің түзілуі паравентрикулярлық ядроларда жүреді. Паравентрикулярлық ядроның кіші көлемді адренергиялық нейросекреторлық жасушаларының аксондары медиальдық эминенцияға өтеді. Вазопрессин артериолалардың қабырғасында орналасқан жазық бұлшықет жасушаларының тонусын арттырады. Вазопрессиннің екінші аты антидиуреттік гормон (АДГ). Ол организмде антидиуретті әрекетті, яғни нефронның дистальды бөлімінде судың кері сорылуын реттеуді қамтамасыз етіп, зәрдің концентрациялануын жүзеге асырады. Окситоцин жатырдың бұлшық еттеріне, сүт безінің миоэпителиоциттеріне үлкен әсер етеді, бұл жасушалардың окситоцинге сезімталдығы босану алдында және босанғаннан кейін эстрогендердің әсерінен жоғарылайды.
1 сурет. Гипоталамустың паравентрикулярлық ядросында анықталған окситоцин
Орталық гипоталамустың адренергиялық жасушалардан тұратын аркуатты (инфундибулярлы), вентромедиалды, дорсомедиалды ядролары бар. Оларды құрайтын нейросекреторлық жасушалар аденогипофиздің жұмысын реттеуші статин және либерин гормондарын бөледі. Либериндер (рилизинг-факторлар) аденогипофиздің гормон бөлуін жоғарылататын болса, статиндер оны тежейді. Бұл гормондарды паравентрикулярлық ядроның шеткері аймағының жасушалары, гипоталамустың преоптикалық аймағының жасушалары және супрахиазмалық ядролары бөледі.
Статин мен либериндердің келесі түрлері белгілі:
-
соматолиберин (өсу гормонының бөлінуін арттырады)
-
соматостатин (өсу гормонының бөлінуін тежейді)
-
гонадолиберин, люлиберин [гонадотропты гормондардың (ФРГ және ЛГ) бөлінуін арттырады]
-
тиролиберин (тиреотропты гормонның бөлінуін жоғарылатады)
-
кортиколиберин (адренокортикотропты гормонның бөлінуін жоғарылатады)
-
дофамин (пролактостатин; пролактиннің бөлінуін тежейді)
-
пролактолиберин (пролактиннің бөлінуін арттырады)
Гипоталамустың нейросекреторлық қызметіне лимб жүйесінің, миндаль тәрізді ядроның, гиппокамптың және эпифиздің әсері мол. Сонымен қатар гипоталамустың бұл қызметіне кейбір гормондар, әсіресе, эндорфиндер мен энкефалиндер, өзінің ықпалын тигізеді.
ГИПОФИЗ
Орталық мүшелердің бірі гипофиз мидың негізінде түрік ершігінің үстінде сұр төмпешіктің астында орналасқан. Сұр төмпешікпен гипофиздің арасын гипофизарлық аяқша байланыстырып тұрады. Гипофиз салмағы 0,5-0,6г. ғана болатын құрылым. Гипофиздің алдыңғы, ортаңғы және сыртқы бөліктерін ажыратады (2 сурет). Алдыңғы бөлігін аденогипофиз деп атайды, ол бездің 2/3 үлесін құрайды. Оның өзін алдыңғы, аралық және туберальдық бөліктерге бөледі. Аденогипофиздің аралық (орталық) бөлігі алдыңғы бөлігінен гипофизарлық саңылау арқылы бөлінеді. Гипофиздің артқы бөлігін нейрогипофиз деп атайды. Кейбір авторлар бұл бөлікке медиальды төмпешікті және ми шұңқыршасын да жатқызады. Сыртынан гипофиз тығыз талшықты дәнекер тіннен тұратын капсуламен қапталған.
2 сурет. Гипофиз
1 – гипофиздің аяқшасы
2 - нейрогипофиз
3 - аралық бөлімі
4 - аденогипофиз
Дамуы. Гипофиз эмбриогенездің 4-5 аптасында дами бастайды. Ұрықтың ауыз шұңқырының эктодермальдық эпителийінен гипофизарлық қалта оқшауланады да, дамып келе жатқан миға қарай орын ауыстырады. Бұл қалта аденогипофиздің бастамасы. Оның дифференцировкасы бас миының бастамасының «аралшығына» түйіскенде ғана басталады. Эпителиальдық гипофизарлық қалтаның өсуімен оның дифференцировкасы басталады. Алдыңғы қабырғасынан аденогипофиз дамиды. Артқы қабырғасынан гипофиздің аралық бөлігі пайда болады. Артқы гипофиз нейроглиядан түзіледі.
Құрылысы. Аденогипофиздің алдыңғы, орталық және туберальдық бөлігін айырады. Алдыңғы бөлігі тармақталған эпителиальдық созындылардан құралған. Трабекулалардың арасы борпылдақ талшықты дәнекер ұлпамен және синусоидты капиллярмен толтырылған. Әрбір трабекула үш түрлі аденоциттерден тұрады. Олардың ішінде хромофильді және хромофобты эндокриноциттерді ажыратады. Ал хромофильді жасушалардың өзін базофильді және ацидофильді деп тағы жіктейміз (3 сурет).
Базофильді жасушалардың цитоплазмасындағы түйіршіктер негізгі бояуларды қабылдайды. Түйіршіктер гликопротеидтерден тұрады. Олардан гормондар түзіледі. Бұл жасушалардың мөлшері 4-10% болады. Көлемі үлкендеу бұл жасушалардың ішінде екі түрлі жасушалар болады.
3 сурет. Аденогипофиздің жасушалық құрамы
1 – хромофобты аденоциттер
2 – базофильді жасушалар
3 – ацидофильді жасушалар
4 – гемокапилляр ішіндегі эритроциттер
Бірінші түрі дөңгелек немесе сопақша пішінді, ядросы бір шетінде орналасады. Өйткені оны жақсы дамыған Гольджи комплексі (макула) ығыстырады. Секреторлық түйіршіктердің диаметрі 200 - 300нм. Жасушалардың митохондрияларының көлемі кіші, бірақ саны көп, эндоплазмалық торлары жақсы жетілген. Бұл гонадотропоциттер (4 сурет). Олардың кейбірі фоллитропин, кейбірі лютропин бөледі. Организмде жыныстық гормондардың жетіспеушілігі болған жағдайда гонадотропоциттердің көлемі ұлғаяды.
4 сурет. Гонадотропоцит және тиротропоцит
Базофильді жасушалардың екінші түрінің пішіні полигональды. Олардың секреторлық түйіршіктері өте ұсақ, диаметрі 80-150 нм. Бұл тиротропин бөлетін тиротропоциттер. Организмде тироидты гормондар жетіспеген жағдайда тиротропоциттердің көлемі ұлғаяды, секреторлық аппараты көбірек дамиды. Эндоплазмалық тордың цистерналары кеңейіп, оларда үлкен көлемді түйіршіктер пайда болады. Мұндай вакуольденген тиротропоциттер тироидэктомия жасушалары деп анықталады. Кейінгі кезде базофильдерге үшінші жасушаларды жатқызады. Ол кортикотропоциттер – аденогипофиздің ортасында орналасады (5 сурет). Адренокортикотропин (АКТГ) гормонын бөледі. Пішіні полигональды, ядролары бөлшектенген, өте жақсы дамыған митохондриялары, эндоплазмалық торлары бар. АКТГ белоктық гормон, секреторлық түйіршіктері сыртынан мембранамен қоршалған көпіршіктер тәрізді, түйіршіктердің ортасында тығыз ақуыздық өзек бар. Мембрана мен өзектің арасында ашық кеңістік болады.
5 сурет. Кортикотропоцит
Ацидофильді эндокриноциттерде үлкендеу тығыз ақуыздық түйіршіктер болады, олар қышқыл бояуларды қабылдайды. Көлемі жағынан олар базофильдерден кішірек, ал саны жағынан көбірек болады (30-35%). Жасушаның пішіні домалақ немесе сопақша болып келеді, ядролары ортасында орналасады. Митохондриялардың саны аз, бірақ олардың көлемі үлкендеу. Жақсы дамыған түйіршікті эндоплазмалық торы бар, Гольджи кешені ядроның жанында орныққан.
Ацидофильді жасушалардың да екі түрі болады. Біріншісі – соматотропоциттер, олар соматотропинді өндіреді, екіншісі – маммотропоциттер (пролактиноциттер) (6 сурет) – пролактин гормонын бөледі. Соматотропоциттерде секреторлық түйіршіктер домалақ пішінді, көлемі 350-400 нм. Маммотропоциттердің түйіршіктері 500-600×100-120 нм болады.
Хромофобты эндокриноциттердің цитоплазмасы бояуларды нашар қабылдайды, секреторлық түйіршіктері болмайды. Олардың саны бүкіл жасушалардың 60% құрайды. Хромофобты жасушалардың құрамына әр сатыдағы аденоциттер кіреді:
-
секретін сыртқа шығарып болған, демалып жатқан жасушалар
-
толық дамып жетілмеген камбиальдық жасушалар
-
қартайған жасушалар
-
фолликулярлы-жұлдызшалы жасушалар да кездеседі.
Аденогипофиздің орталық бөлігі жіңішке эпителий жолағымен берілген. Олар ақуызды және шырышты секрет бөледі. Бұл жерде меланотропин және липотропин гормондары бөлінеді.
Аденогипофиздің тубералдық бөлігі гипофиздің аяғына қарай жатады және гипоталамуспен байланысады. Ол текшелі эпителийден тұрады.
Соматотропоцит
Маммотропоцит
6 сурет. Соматотропоцит және мамматропоциттердің кестесі
Гипофиздің артқы бөлігі нейрогипофиз деп аталады. Нейрогипофиздің өзінде оның артқы бөлігін, сабағын және шұңқырын ажыратады. Нейрогипофиз – эпендималық жасушалардан тұрады. Олардың пішіні өсінділі немесе ұршықша тәрізді болады. Бұл жасушаларды питуициттер деп атайды. Жасушалардың ұзын, жіңішке өсінділері қан тамырларының адвентициясында не капиллярдың базальдық мембранасында аяқталады. Гипофиздің артқы бөлігінде алдыңғы гипоталамустың нейросекреторлық жасушаларынан бөлінетін вазопрессин және окситоцин гормондары жинақталады. Жасушалардың аксондары гипоталамо-нейрогипофизарлық шоғырларға жиналып, гипофиздің артқы бөлігіне кіреді де сол жерде Херринг денешіктерін құрайды.
Гипофиздің адамның жасына байланысты өзгерістері. Адамның гипофизінде жоғарыда аталған жасушардың саны мен қызметтік белсенділігі әр кезде әрқилы болады. Постнатальды кезеңде көбінесе ацидофильді жасушалардың белсенділігі жоғары болады. Ол адамның бойының өсуіне қажетті соматототропиннің мөлшерінің көбірек болуымен белгіленеді. Базофильдердің ішінде тиротропоциттер көбірек анықталады. Ал жыныстық есею кезеңінде базофильдердің арасында гонадотропоциттердің үлесі жоғарылайды. Аденогипофиздің қалпына келу қабілеті шектеулі. Бұл құбылыс хромофобты жасушалардың мамандануы есебінен жүреді. Нейроглиядан тұрғандықтан нейрогипофиздің қалпына келу қабілеті жоғары болады.
Эпифиз
Дамуы. Орталық ішкі секреция бездерінің біріне эпифиз де жатады. Ол эмбриональдық дамудың 5-6 аптасында аралық мидың ІІІ қарыншасының үстіңгі аймағынан пайда болады. Оның құрамына мидың ІІІ қарыншасының эпендимасынан дамыған субкомиссуральды мүше де кіреді. Ересек адамда мүшенің редукциясы байқалады, жалпы салмағы 0,2г. Толық дамып жетілуі баланың 7 жасында байқалады.
Құрылысы. Сыртынан ол жұқа дәнекер ұлпадан тұратын капсуламен қапталған. Капсуладан бездің ішіне кіре орналасқан трабекулалар (тосқауылдар) оны бөліктерге бөліп отырады (7 сурет). Пинеальды паренхимада екі түрлі жасушаларды ажыратады: өнім бөлуші пинеалоциттер және тіректік глиальдық жасушалар. Пинеалоциттер тіректік жасушаларға қарағанда үлкенірек, пішіндері көпқырлы өсінділі болады. Өсінділер көп тармақталып, глиоциттердің өсінділерімен байланыстар түзейді. Өсінділердің кеңейген бөліктері капиллярлармен байланысты болады. Кеңеймелердің ішінде осмиофильді түйіршіктер, митохондриялар, әртүрлі көлемді көпіршіктер анықталады. Пинеалоциттердің ішінде күңгірт және ашық түсті жасушаларды айырамыз. Ашық түсті пинеалоциттердің цитоплазмасы ашық түсті,
7 сурет. Эпифиз
1 – капсула
2 – бөлікаралық тосқауыл
3 – пинеалоциттер
4 – қан тамыры
гомогенді болып анықталады. Күңгірт пинеалоциттердің көлемдері ашық пинеалоциттерге қарағанда кішірек, цитоплазмасында ацидофильді, кейде базофильді қосындылары болады. Жасушалардың екеуінің де цитоплазмасында жақсы дамыған Гольджи кешені, лизосомалар, митохондриялар, түйіршіксіз эндоплазмалық тордың цистерналары тағы басқадай органеллалар орналасады.
Тіректік глиоциттер мүшенің барлық жерінде де анықталады, бірақ бөліктің шеткі аймақтарында көбірек шоғырланады. Глиоциттердің цитоплазмасында органеллалар аз, ядролары тығызданған. Олардың өсінділері бөлікаралық дәнекер тіндік тосқауылдарға қарай бағытталып, бөліктің шеткі жиекшесі түрінде ажыратылады. Ересек адамдарда строманың құрамында эпифизарлық конкрецияларды немесе ми құмын ажыратады. Құмдардың негізін фосфат және карбонат тұздары құрайды. Тұздар орналасқан аймақтарда пинеалоциттердің біразы атрофияланып, строманың үлесі жоғарылайды.
Эпифиз көптеген қызмет атқарады: жыныстық өсеюді тежейді, өйткені ол серотонинді бөледі, ал серотонин мелатонинге айналады. Мелатонин болса гипоталамустың гонадолиберинді бөлуін азайтады. Эпифизде антигонадотропин және калийдің деңгейін көтеретін гормондар да бөлінеді. Эпифизде барлығы 40 шақты гормон өндіріледі: тиролиберин, люлиберин, аргинин-вазотоцин т.б. Бұл өндірілген гормондар циклмен жүретін үрдістерді, циркадты ритмдерді реттеуге қатысады, яғни күн мен түнді ажырату арқылы эпифиз бұл мүшелердің жұмысын өзгертуді қамтамасыз етеді.
ШЕТКЕРІ ІШКІ СЕКРЕЦИЯ БЕЗДЕРІ
Шеткері ішкі секреция бездеріне қалқанша, қалқанша маңы және бүйрек үсті бездері жатады.
ҚАЛҚАНША БЕЗІ
Қалқанша безі эмбриогенездің 3-4 аптасында 1 және 2 желбезек қалталарының жұптарының арасында жұтқыншақтың қабырғасының өсіндісі түрінде пайда болады. 3-4 желбезек қалталарының деңгейінде ол екіге жарылады да қалқанша безінің екі бөлігін береді. Бастапқы эпителий жасушаларының созындысы кері дамиды, оның біраз бөлігі ғана сақталып, бездің екі бөлігін біріктіріп тұратын қылтаны құрайды. Басқа сүтқоректілерде бездің екі бөлігі бір-бірінен оқшауланып, жеке орналасады. Мезенхима созындылардың арасына кіріп қан тамырлары мен дәнекер тіндердің бастамасы болады. Адамда нейробластылардың туындысы нейроэндокриндік парафолликулярлық жасушалар қалыптасады.
Құрылысы. Қалқанша безі сыртынан дәнекер ұлпалық капсуламен қапталған. Капсуладан бездің ішіне кіріп орналасқан трабекулалар оны бөліктерге бөледі. Бездің екі бүйірлік және сиректеу кездесетін пирамидальды бөліктері, қылтасы ажыратылады. Қалқанша безінің құрылымдық-қызметтік бірлігі фолликула деп аталады. Бөлік ішінде, бөлікшелердің арасында дәнекер тін орналасады. Дәнекер тіннің құрамында қан тамырлары, өте нәзік фенестрленген гемокапиллярлар торы, кең лимфа тамырлары, жүйкелік аяқтамалар анықталады. Фолликулалар дөңгелек пішінді көпіршік тәрізді болады. Фолликуланың қабырғасын құрайтын жасушалар тироциттер деп аталады. Фолликуланың ішінде секрет бөлінетін қуыс болады. Тироциттер базальдық мембранаға орналасқан эпителийлік жасушалар, олар бір-бірімен тығыз байланыстар арқылы байланысады. Қызметтік жағдайы жоғарылау кезінде тироциттердің бір-бірімен байланыс құратын аймақтарында қатпарлану байқалып, ол жерлерде интердигитациялар қалыптасады. Қалыпты қызмет атқару жағдайында тироциттердің пішіні текшелі, ал ядросы дөңгелек болып келеді (8 сурет). Олардың бөлген өнімдері тұтқырлығы жоғары болғандықтан коллоид деген атқа ие. Тироциттердің апикальды (фолликуланың қуысына қараған жағы) және базальды бөліктері болады. Жасушаның апикалды бөлігінде микробүрлерді көруге болады. Жасушаларда ақуыз синтезіне қатысатын органеллалар жақсы дамыған. Түзелген ақуыздар фолликула қуысына бөлінеді. Қуыста оған йод ионы қосылып йодтирозиндер, тирониндер түзіледі. Пайда болған аминоқышқылдар тироглобулиндердің құрамына кіреді.
8 сурет. Қалқанша безі
1 – тироциттер
2 - коллоид
3 – фолликулааралық дәнекер тін
Қалқанша безінің гиперфункциясы жағдайында фолликула тироциттері ісініп призмалық жасушаларға айналады (9 сурет). Фолликуланың ішіндегі коллоид сұйылып, көптеген жұту вакуольдері пайда болады. Гипофункция жағдайында, керісінше, тироциттер аласарып, ішіндегі коллоид тығызданады. Фолликуланың секреторлық қызметі цикл бойынша өтеді.
Бездің секрет түзеу және секрет бөлу фазалары бар. Өнім (секрет) түзеу базальдық мембрана арқылы аминоқышқылдарды, йодты, минеральды йондарды т.б. керекті заттарды сіңіруден басталады. Эндоплазмалық торда сіңірілген заттардан тироглобулин молекуласы түзіледі. Олар Гольджи кешеніне келіп, көмірсулардың тізбегін қосады да везикулаларды құрайды. Осыдан кейін фолликула қуысына тироциттердің апикальдық бөлігі арқылы бөлініп шығады.
9 сурет. Гиперфункция жағдайындағы қалқанша безі
1- коллоид
2 – тироцит
3 – жұту вакуольдері
4 – бөліну үстіндегі тироцит
5 – қан тамыры
Йод тироциттерге қаннан йод йоны түрінде түседі, пероксидаза ферментінің көмегімен атомарлық йодқа айналады. Йод атомы тироглобулиндерге бірте-бірте қосылады, яғни коллоидтың құрамында моно-, ди-, үш-, тетрайодтирониндер пайда болады. Белсенділігі жоғары заттарға ақырғы екі қосылым жатады. Өнім бөлу фазасы коллоидтың реабсорбциясынан басталады. Тироцит коллоидты фолликуланың қуысынан фагоцитоз жолымен алады. Коллоид жасушасының лизосомальдық аппаратының көмегімен ыдыратылады, йодтирозиндер мен йодтирониндер пайда болады. Йодтирониндер базальдық мембрана арқылы қанға немесе лимфаға түседі. Бұл қалқанша безінің қызметі өте белсенді түрде өткен уақытта жүретін механизм. Қалыпты жағдайда тироглобулиндердің протеолизі фолликуланың ішінде өтеді де өнімнің тироциттерге түсуі пиноцитоз арқылы жүреді.
Парафолликулярлық эндокриноциттер немесе кальцитониноциттер фолликулалардың қабырғасында тироциттердің арасында орналасады (10 сурет). Парафолликулярлық жасушалар фолликулалардың арасындағы дәнекер ұлпаның ішінде де орналасады. Бұл жасушалар көлемі үлкендеу,
10 сурет. Фолликуланың қабырғасы
1 - тироциттер
2 - Парафолликулярлық жасушалар
3 – секреторлық түйіршіктер
4 – тироциттердің микробүрлері
5 – коллоид
6 – гемокапилляр
дөңгелек пішінді болып келеді. Олар кальцитонин немесе соматостатин бөледі. Кальцитонин бөлетін жасушалардың түйіршіктері ұсақ, өте осмиофильді, ал соматостатин бөлетін жасушалардың түйіршіктері үлкендеу, әлсіз осмиофильді болып келеді.
Қалқанша безінің қалпына келуі. Бездің паренхимасы көбею қабілетін жоймаған жасушалардан құралған. Қалқанша безінің тироидты паренхимасының дамуы фолликуланың эпителийінің есебінен жүреді. Тироциттер көбейіп, өсе бастағанда фолликуланың көлемі ұлғаяды, оның қатпарлары, өсінділері байқалады. Жаңадан түзілген құрылымдар фолликуланың қуысына қарай орнығады. Бездің осылайша қалпына келуі интрафолликулярлық деп аталады.
Кейде жаңадан пайда болған жасушалар сыртқа қарай бағытталуы мүмкін. Кейін оларда қуыс түзеледі де, жаңа фолликула қалыптасады. Бұл экстрафолликулярлық регенерацияның көрінісі. Екі құбылысты біріктіре фолликулогенез деуге болады.
ҚАЛҚАНША МАҢЫ БЕЗІ
Қалқанша маңы безі жұтқыншақ ішегінің 3, 4 желбезек қалтасының эпителийінен дамиды. Сыртынан дәнекер ұлпадан құралған капсуламен қапталған. Паренхимасы эпителийлік тізбектерден – трабекулалардан тұрады (11 сурет). Олардың арасында жұқа дәнекер тіннің қабаттары, олардың ішінде көптеген гемокапиллярлар болады. Көршілес жасушалардың арасында интердигитациялар, десмосомалар, саңылаулы байланыстар анықталады. Жасушаларын паратироцит деп атайды, оларды басты және оксифильді деп екіге бөледі.
Басты паратироциттердің пішіні полигональды (көпқырлы), цитоплазмасы базофильді болып келеді. Жасушалардың көлемдері 7-10 мкм шамасында болады. Цитоплазмасының шетінде жеке жатқан рибосомалар көптеп орналасады, гликогеннің қосындылары болады. Жасушалардың жақсы дамыған Гольджи комплексі, көптеген митохондриялары бар. Бұл аймақтардың цитоплазмасы базофильділік байқалтады.
Басты паратироциттердің өзін ашық және күңгірт жасушаларға жіктейді. Оксифильді паратироциттер кейде жеке, кейде топ құрай орналасады. Көлемі жағынан олар басты паратироциттерден ірілеу болады. Цитоплазмасында оксифильді түйіршіктер, көптеген митохондриялар болады, Гольджи кешені нашар дамыған. Бұл жасушаларды қартая бастаған басты паратироциттер деп қабылдайды.
11 Сурет. Қалқанша маңы безі
1. Оксифильді жасушалар
2. басты жасушалар
3. дәнекер тіннің қабаттары
4. Капиллярлар
Бұл екі жасушалардың арасында өтпелі жасушалар тобын да ажыратады. Паратироциттердің белсенділігі гипофиздің гормондарына тәуелді емес. Паратироциттердің кальцийдің йондарына сезімтал рецепторлары болады, бұл жасушаларға қанның құрамындағы кальцийдің мөлшеріне тікелей жауап беруге мүмкіндік жасайды.
Нәрестелерде және жас балаларда қалқанша маңы безінің құрамында тек басты жасушалар ғана анықталады. Оксифильді жасушалар 5-7 жастан бастап қана пайда болады. Адамның 20-25 жасында адипоциттердің саны көбейеді.
БҮЙРЕК ҮСТІ БЕЗІ
Шеткері ішкі секреция жүйесінің келесі мүшесі бүйрек үсті безі. Ол бөлек екі бездің бірігуінен пайда болады. Бездің қабықтық және милық заттарын ажыратады.
Дамуы. Бүйрек үсті безінің қабықтық заты эмбриогенездің 5 аптасында целомдық эпителийден дамиды. Бездің дамуы целомдық эпителийдің жиынтығы түрінде шажырқайдың түбірі аймағында басталады. Пайда болған жасушалардың көлемдері ірі, цитоплазмасы ацидофильді. Жасушалар тығыздана келіп интерреналдық денешікті құрайды. Ацидофильді жасушалардан бүйрек үсті безінің фетальды қыртысы дамиды. Құрсақ іші дамудың 10 аптасында алғашқы қыртыс сыртынан базофильді жасушалармен қапталады. Бұл жасушалар бездің ақырғы, дефинитивті қыртысын түзейді. Эмбрионалдық дамудың аяғына қарай бірінші немесе фетальды қыртыс кері дамиды. Фетальды қыртыста негізінен гликокортикоидты гормондар өндіріледі. Интерреналдық денешікті берген целомдық эпителийден жыныс үйемелері, ал олардан жыныс бездері құралады.
Ал милық заты эмбриональдық дамудың 6-7 аптасында қолқа тамырының маңында орналасқан симпатикалық ганглийден бөлінген нейробластылардан дамиды. Олар интерреналдық денешіктің ішіне кіріп орналасады да көбейе бастайды. Бездің милық затын құрайтын бұл жасушалар нейроэндокриноциттер болып табылады. Ұрықта хромаффинді жасушалар тек норадреналин бөледі, адреналин эмбриогенездің ақырғы кезеңдерінде ғана пайда болады.
Құрылысы. Бүйрек үсті безінің сыртынан дәнекер ұлпалық капсула қаптап жатады. Капсулада екі қабатты айыруға болады: сыртқы (тығыз) және ішкі (одан көрі бостау). Бездің қабықтық затын эпителийлік жасушалардың созындылары құрайды. Эпителиальды жасушалардың созындыларының арасы дәнекер ұлпамен біріктірілген. Қабықтық затында келесі аймақтарды ажыратады: шумақты, шоғырлы және торлы (12 сурет). Бұл аймақтардың бездің қыртысындағы үлестері төмендегідей бөлінеді: 15%, 78%, 7%.
Шоғырлы аймақ ең жалпақ аймақ және бұл жерде көлемі жағынан ірі жасушалар орналасады. Көлемі ең кіші жасушалар торлы аймақта анықталады. Қабықтық затта өсінді жасушалар орналасқан екі аймақ анықталады.
12 Сурет. Бүйрек үсті безінің жалпы көрінісі
1 – капсуласы
2 – шумақты аймағы
3 – өсінді жасушалар
4 –шоғырлы аймағы
5 – торлы аймағы
6 – милық заты
Ол капсуланың астында және шумақты аймақ пен шоғырлы аймақтың арасында орналасады. Капсуланың астында орын тепкен жасушалар шумақты жасушалар үшін камбиальдық элемент болып табылады. Ал шумақты аймақтан төмен орналасқан жасушалардан шоғырлы және торлы аймақтардың жасушалары пайда болады.
Капсуладан бездің ішіне қарай дәнекер тіндік жұқа тосқауылдар енеді. Бездің ішінде олар талшықтар шоғыры түрінде анықталады. Қабықтық эндокриноциттер сыртқы аймақта капсулаға перпендикулярлы бағытта орныққан. Шумақты аймақ кіші көлемді (12-15 мкм) қабықтық эндокриноциттерден тұрады. Олар иірімдер құрап орналасады (13 сурет).
13 сурет. Бүйрек үсті безінің шумақты аймағы
Жасушаларда жазық эндоплазмалық торлар жақсы дамыған. Митохондриялардың кристілері табақшалар және түтікшелер түрінде болады. Май қосындыларының тамшылары кіші көлемді және аз болады. Бұл аймақта минералокортикостероидтар (альдостерон) бөлінеді. Олар натрийдің алмасуын реттейді әрі қабыну процесіне қатысады.
Шоғырлы аймақ созындылардың ортаңғы бөлігін құрайды. Бұл аймақтың эндокриноциттері үлкен көлемді (20 мкм), текшелі кейде призмалық жасушалардан тұрады. Жасушалардың созындыларының арасында көптеген гемокапиллярлар орналасып, шоғырларды бөлектейді (14 сурет). Жасушалардың гемокапиллярларға қараған бетінде микробүрлер анықталады. Цитоплазмасында көптеген ірі май тамшылары болады. Митохондрияларының кристілері көбінесе түтікшелерден тұрады. Жазық эндоплазмалық тор жақсы дамыған. Цитоплазмада көптеген бос рибосомалар болады. Жасушалардың қызметтік белсенділігіне байланысты екі түрін ажыратады: күңгірт және ашық. Күңгірт жасушаларда май тамшылары аз болады, ал рибонуклеопротеидтер көбірек анықталады. Органеллалардан олардың ішінде рибосомалар көп байқалады. Ашық қабықтық эндокриноциттерде сыртқа бөлінуге дайын өнім болады. Түйіршіксіз эндоплазмалық тордың цистерналары кеңейген, май қосындылары бар.
14 сурет. Бүйрек үсті безінің шоғырлы аймағы және осы аймақтың жасушасы
Бұл аймақта глюкокортикостереоидты гормондар (кортизон, гидрокортизон т.б.) бөлініп шығады. Олар көмірсулардың, ақуыздардың және липидтердің алмасуына қатысады және ағзада энергияның көзі болып табылатын заттардың түзілуін қамтамасыз етеді, ақуыздардан глюкозаның пайда болуын арттырады, бауырмен миокардта гликогеннің жинақталуын реттейді.
Торлы аймақта эпителиальды жасушалардың созындылары тармақталып, гемокапиллярлармен араласа орналасуы арқылы тор құрап жатады. Жасушалардың көлемдері кіші, пішіндері текшелі, көпқырлы, кейде сопақша болады, күңгірт жасушалардың үлесі артады. Жасушалардың цитоплазмасында май тамшылары азаяды, митохондриялардың кристілері түтікшелі. Жасушаларда Гольджи кешені жақсы дамыған, бос рибосомалары мол, эндоплазмалық тордың цистерналары кең, вакуольденген. Бұл аймақта андрогенстероидты гормон бөлінеді.
Оны Х-аймақ деп атайды, ацидофильді жасушалардан тұрады.
Бүйрек үсті безінің милық заты қабықтық заттан жұқа дәнекер ұлпамен бөлінеді. Милық заттың жасушалары қабықтық заттың жасушаларына қарағанда ірілеу, цтоплазмасы базофильді, пішіні сопақша болып келеді. Олар созындылар немесе жиынтықтар құрап орналасады (15 сурет). Созындылардың араларында көптеген синусоидты гемокапиллярлар, ірілеу венулалар анықталады. Милық заттың жасушаларын ашық (эпинефроциттер немесе А-жасушалар – адреналин бөлушілер) және күңгірт (норэпинефроциттер немесе Н-жасушалар – норадреналин бөлушілер) деп екіге жіктейді. Жасушалардың цитоплазмасында сыртынан мембранамен қоршалған, көлемі 100-500 нм-ге жететін электронды-тығыз түйіршіктер бар. Түйіршіктің ортасы катехоламиндерді жинақтаушы ақуызбен толтырылған. Бүйрек үсті безін калийдің бихроматымен өңдеген кезде секрет өндіретін жасушаларда хромның тотығының шөгіндісі анықталады. Бұл жасушалар осьмийдің және күмістің шөгінділерін де осылайша қабылдайды. Осыған байланысты жасушаларды хромаффинді немесе осмиофильді деп те атайды. Хромаффинді жасушалар ганглиоздық табақшаның туындылары, олар симпатикалық эффекторлық нейрондардың тобына жатады. Өндірілген катехоламиндер медиатор емес гормонның қызметін атқарады. Жасушалардың әрқайсысына симпатикалық преганглионарлық талшық келеді, бұл стресс жағдайында бөлінетін гормонның мөлшерін реттеуге мүмкіндік береді.
Бүйрек үсті безінің ашық және күңгірт жасушалары катехоламиндерден басқа нейропептидтерді де өндіреді. Осы қасиетіне орай бұл жасушалар APUD жүйенің құрамына жатқызылады. Мүшенің құрамында бұл жасушалардан басқа жүйкелік жүйенің мультиполярлық нейрондары болады. Оларды ганглиоздық жасушалар деп те атайды. Ганглиоздық жасушалардың арасында тіректік глиоциттердің бір түрі болады.
15 сурет. Бүйрек үсті безінің милық заты
Бүйрек үсті безінің қабықтық затының шоғырлы және торлы аймақтарының жұмысы АКТГ гормонына тәуелді. Шумақтық аймағының жұмысының реттелуі күрделі болады. Бастапқы сатысында ол адренокортикотропинге, ал кейін ренин гормонына бағынышты, өйткені альдостерон кортикостероннан пайда болады. Кортикостеронның түзілуі АКТГ-ге тәуелді болғанымен, оның альдостеронға айналуы рениннің қатысуымен ғана жүреді. Бездің қабықтық және милық затының қан айналым жүйесі біріккен. Бездің қабықтық затына кірген артерия артериолаларға тармақталып супкапсулярлық тор түзейді. Олардан басталған фенестрленген капиллярлар торлы аймақтан өтіп синусоидтерге айналады. Венулалар веноздық өрімге жиналады. Сонымен қатар субкапсулярлық тордан медуллярлық артериялар шығып тіке милық затқа кіреді. Олар милық заттың ішіне фенестрленген синусоидтар түрінде енеді. Милық затта веноздық өрімдер құралады, олардың біразы астыңғы қуыс венаға, біразы қақпалық венаға құяды. Қабықтық заттың бөлетін ферменттері норадреналиннен адреналиннің құралуын да қадағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |