ЖАҺанша досмұхамедов (1886-1938) Өмірі туралы мәліметтер



Дата25.02.2016
өлшемі203.12 Kb.
#19686
ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДОВ

(1886-1938)
1. Өмірі туралы мәліметтер

Досмұхамедов Жанша (Жаһанша) — Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер.

1887 жылы Орал облысы, Орал уезі, Жымпиты болысының, № 1 ауылында дүниеге келген.

1899 жылы тамыз айында Орал әскери реалдық училищесіне түсіп, онда 1905 жылы 31 мамырға дейін толық курсын оқып бітіріп, сол жылғы 27 қарашада № 991 аттестатпен 1906 жылы тамыз айында, Орал облысының стипендиаты ретінде Мәскеу университетінің заң факультетіне түсіп, оны № 175 бітіру куәлігімен 1910 жылы 4 наурызда бітіріп шыққан.

1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін округтық соттың прокурорының жолдасы (орынбасары) міндетін атқарған.

1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман сиезіне басқа да қазақ делегаттарымен бірге қатысып, мұсылман істерін басқаратын «Шуро-и-Ислам» комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланады. «Шуро-и-Исламның» ісімен Мәскеуде біраз болады. Сол жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Жалпықазақтық сиезде Орал облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.

1917 жылы желтоқсан айында өткен Жалпықазақтық съезде Ж.Досмұхамедов Алашорда үкіметінің мүшелігіне облыстардан тысқары делегат ретінде кіреді. Съезде автономия жариялау туралы екі пікір болғанын: оның бір жағында Ә.Бөкейханов бастаған топ «кейінірек», ол Халел және Жанша Досмұхамедовтер бастаған топ «дереу» жариялансын деген ұстаным қалыптасқан.

1918 жылдың наурыз айында Жанша және Халел Досмұхамедовтер Мәскеуге келіп, Ленин және Сталинмен келіссөз жүргізіп, Кеңес үкіметін Алашорданың желтоқсандағы съезінің қаулыларымен таныстырып, сондағы 11 шартты қояды. Кеңес үкіметінің жанынан Қазақ комиссариатының ашылуына қол жеткізеді.

1918 жылы 6 мамырда Жымпитыда өткен Орал облысының 4-қазақ съезінде, құрамына Сырым батырдың ұрпағы Салық және Сейіт ишан кірген 7 адамнан тұратын «Ойыл уәлаяты» құрылып, Жанша оның Уақытша үкіметінің төрағасы болып сайланады. Уәлаятта атты милиция жасақталып, оларды соғыс өнеріне үйрететін курс ашылады. Әр түрлі шаруашылық құрылым­дар ашылады.

Мәскеудегі келіссөзден кейін Ж.Досмұхамедовтің Кеңес өкіметіне деген көзқарасында біраз өзгерістер туады. «…бізді жылы шыраймен қабылдаған бірден-бір өкімет, ол Кеңес өкіметі. …біз көптен бері автономияны талап етіп келіп едік, Кеңес өкіметінен басқа еш өкімет бізді қош көрмеді» және «Кеңес өкіметін саяси күш ретінде қырғыз (қазақ) халқы да мойындау керек» деп мәлімдеді. Аталған мәлімдемелер жөнінде Жанша мен оның серіктестерінің арасында біраз келіспеушілік туындайды.


Азамат соғысы жылдары сан-сапалақ өкіметтердің бірінен соң бірі келіп-кетіп жатқанда Батыс Алашорда жетекшілерінің саясаты: қазақ жұртшылығын қорғау; аумалы-төкпелі замана ағымына орынсыз килікпеу; және артын бағамдау ұстанымы болды.

1918 жылы қыркүйекте Уфада өткен Алашорданың шұғыл мәжілісінде өзге де мәселелермен қатар «соғыс жағдайы мен жол қатынастарының нашарлығынан» Алаш автономиясының батыс өлкелерін басқару үшін «Ойыл уәлаятының» орнына Алашорданың бөлімшесі құрылады. Бөлімшенің құрамына Б.Құлманов, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және Е.Тұрмұха­медовтер кіреді. Төрағасы болып Ж.Досмұхамедов сайланады.

Ж.Досмұхамедов көптеген уақытша өкімет орындарымен келіссөз жүргізіп, хат-хабарлар алмасып, мәлімдемелер жазып жатқанда, өздерінің істеп жатқан істерінің мән-мағынасын түсін­дірумен болды. Яғни мына алмағайып заманда қазақ халқын аман-есен сақтап-қорғау мақсатында және бүкіл Ресейде түпкілікті өкімет орнағанша жергілікті Уақытша қазақ өкіметтерін құруға мәжбүр болғандарын атап өтеді. Осы бағытта да Кеңес өкіметімен, яғни Түркістан майданының (М.Фрунзе) өкілдерімен келіссөз жүргізіп, оның басты шарттарына: 1) қазақ халқының өзін-өзі билеу құқы, автономия; 2) екі жақтың теке-тіресінің ортасында қалған қазақ халқын зорлық-зомбылық пен талан-тараждан аман сақтау болып табылады деп шегелеп көрсетеді.

Нәтижесінде, М.Фрунзенің ұсынысымен, қазақ даласынан аластатылып, оқшауландырылуға жататын Батыс Алашорда жетекшілерінің 5 адамынан (Ж. және Х.Досмұхамедовтер, Иса Қаш­қынбаев, Кәрім Жәленов пен Беркінғали Атшыбаев) құрылған делегацияны алдымен Түркістан майданының штабына, ары қарай Мәскеуге жөнелтеді. Осы топ Батыс Алашорда өкіметінің іс-харекеттері туралы баяндама-хат дайындап, оны Жанша өз қолымен В.И.Ленин, И.В.Сталин және Л.Д.Троцкийге табыстайды.

Батыс Алашорда бөлімшесі таратылып, оның жетекшілері біраз уақыт қазақ даласынан аластатылғанда, Жанша 1920 жылы жаз айларын Мәскеуде Бас тоқыма өнеркәсібі басқармасында инспектор болып, қыркүйек айында аталған мекеменің жолдамасымен Ташкентке жіберіліп, Түркістан Республикасы Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің жүн-жұрқа бөлімінің меңгерушісі болады және ТР ОАК қазақ бөлімінің хатшысы қызметін қоса атқарады.

Ташкентте қазақ зиялылары құрған мәдени-ағарту «Талап» қауымдастығына мүше болып, оның тапсыруымен қазақ тілінде алғашқы қылмыстық кодекс жобасын әзірледі. Онан кейін ол қазақ астаналары Қызылорда, Алматы қалаларында әр түрлі қызметтер атқарып, 1930 жылы Мәскеуге қызметке ауысады. Сол жылы қазан айында тұтқындалып, 1932 жылы Воронежге 5 жыл мерзімге жер аударылады. 1938 жылы қайта тұтқындалып, үштіктің шешімімен ату жазасына кесіледі.


2. Қызметі туралы деректер

XX ғасыр басында қазақ қоғамында өз халқының егеменді ел болуын көксеген Батыс Алаш Орда хүкіметін құрушы азаматтың бірі – Жаһанша Досмұхамедов.

Ол 1886 ж. Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданының Бұлдырты елді мекенінде дүнияға келген. Жаһаншаның туған жылы хақында мұрағат құжаттары мен ғылыми әдәбияттарда әр түрлі мерзім көрсетіліп жүр. Мәселен, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан алынған құжатта «Досмұхамедов Жаһанша – Қазақ. Партияда жоқ (айыпталған уақытта 44 жаста). 1930 ж. 31 қазанда Мәскеудегі «Мал шаруашылығы» басқармасында аға экономист қызметін атқарып жүрген кезінде, бұрынғы Қазақ КСР ППОГПУ ұйымдары арқылы “Алаш” партиясының ұйымдастырушыларының бірі және Алаш Орда хүкіметінің бұрынғы мүшесі болды деген айыппен қамауға алынды» деп келтірілсе, ал Ресей Федерациясы Әділет министрлігі Мәскеу қалалық сотынан алынған анықтамада «1887 ж. бұрынғы Орал облысы, Жамитай ауданында туып өскен» деген мәліметтер келтіріледі.

Досмұхамедов 1896 ж. Орал қаласындағы реалдық әскери мектебіне түсіп, оны 1904 ж. үздік бітірді. 1906 ж. белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың (1860-1934) ақылымен Петербор университетінің заң факултетіне түсіп, бұл оқу орнында орыс және батыс ғалым-заңгерлерінің озық ойлы еңбектерімен танысып, қазақ тәрізді кереге биліктен азаматтық-заңдық билік түріне көшудің аса қажет екендігін ұғынды. 1911 ж. Жаһанша университетті үздік бітіргеннен кейін Оралға келіп, заңгерлік қызметке орналасады. Алайда, «Уральский листок» газетіне қазақ халқының бұрыннан шешімін таппай келе жатқан жер мәселесі жөнінде мақала жариялап, жерге қатысты ойын ашық айтқанынан сескенген Орал генерал-губернаторы оның қызметін ауыстырып, Том қаласына жібереді. Сөйтіп, Жаһанша 1911 жылдан 1917 жылдың ақпанына дейін Томда әуелі адвокаттық қызмет, кейіннен Том округтік сот прокурорының орынбасары қызметін атқарады.

1917 жылғы Ресейдегi ақпан революциясынан кейiн Ж.Досмұхамедов саяси белсендiлiк танытып, қоғамдық жұмыстарға араласа бастайды. Ол Уақытша Қазақ комитетiнiң арнайы шақыруымен Оралға келiп, 1917 жылдың 19-22 сәуiр аралығында өткен I Қазақ Орал облыстық сиезiне қатысады. Сиезде Уақытша үкiметтiң төрағасы болған Ғабдолла Әлiбеков 4 наурыз–19 ақпан аралығында атқарған қызметi жайында есеп берiп, сиезге «президиум сайлау» турасында ұсыныс айтады. Аталмыш сиезге қатысушы 800 делегат тарапынан Жаһанша бiрауыздан сиез төрағасы болып сайланады. 1917 жылдың 19 мамырында шыққан «Қазақ» газетiнде бұл жайында: «Жұрт бiрауыздан председательдiкке Жаһанша Досмұхамедовты, серiктiкке– Алпыспай Кәлменовты, Ғабдолла Әлiбековтi, хатшылыққа 4 кiсi сайлаған. Президиум сайлауы бiткен соң председатель Досмұхамедов Алаш ұранды халықты құттықтап, бостандық бекуiн тiлеп, бостандықты әперген ерлермен таныстырды» деп жазылды. Бұл сиезде Орал қазақтары үшiн аса маңызды жер, дiн, азық-түлiк, т.б. бiрқатар қарарлар қабылданды. Ж.Досмұхамедов осы сиезде Мәскеуде өтетiн I Бүкiлресейлiк мұсылман сиезiне делегаттыққа сайланады.

1917 жылы 1–11 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкiлресейлiк мұсылман сиезiне қазақ облыстарынан, Түркiстан, Кавказдан, Сiбiрден, Хиуа мен Бұқарадан және тағы басқа жерлерден 830-ға тарта делегат қатынасты. Батыстан Ж.Досмұхамедовпен бiрге Х.Досмұхамедов, Ғ.Әлiбеков, У.Танашев, А.Темiров сияқты қазақ зиялылары қатысқан. Бүкiлресейлiк мұсылман сиезiнде қаралған басты мәселелер оқу-ағарту, жергiлiктi басқару, жер, дiн, әйел, Ресейдiң мемлекеттiк құрылысы, Ресейлiк мұсылмандар кеңесiн құру болды. Мұсылман сиезiнiң қарарында бүкiл мұсылман iстерiн басқарып тұратын «Шура-и-Ислам» болсын деген қаулы қабылданды. «Қазақ» газетiне жарияланған «Шура-и-Ислам» атты мақалада бұл жайында: «Шура-и-Ислам» ағзасының бар саны–30. Оның 10-ы ноғай, 7-i Түркiстандықтан, 5-i Қазақстаннан, 2-i Қырымнан, қалғандары Кавказ һәм Литвадан. Бiрақ бұлар өкiлдерiн бiржола елден сайламақ болған. 30 ағзаның iшiнен 12 кiсi басқарушы болып Шура-и-Ислам жұмысын атқарып тұрмақ» деп жазды. 13 мамырда Бүкiлресейлiк мұсылмандар Кеңесi жиналыс өткiзiп, Жаһанша Досмұхамедовты Шура-и-Ислам комитетi төрағасының орынбасарлығына сайлайды. Бүкiлресейлiк мұсылмандар Кеңесiнiң Атқару комитетiнiң құрамында Жаһаншамен бiрге Уәлитхан Танашев (1887-1968), башқұрт Зәки Валиди (1890-1970), Көлбай Төгiсов (1879-1918) және өзбек Ғұбайдолла Ходжаевтар (1886-1942) болды.

1917 жылы 21-26 шiлдеде Ж.Досмұхамедов Орынборда өткен I жалпықазақ сиезiне Орал қазақтары атынан қатысады. Х.Досмұхамедовтың басшылығымен өткен бұл сиезге Ақмола, Семей, Торғай, Жетiсу, Сырдария, Ферғана облыстары мен Iшкi Бөкей Ордасынан өкiлдер қатынасты. Сиезде Құрылтай жиналысына депутат сайлау мәселесi көтерiлiп, Орал мен Манғышлақ облыстарынан сайланатын депутаттардың тiзiмi жарияланды. Сондай-ақ, Ә.Бөкейханов (1866-1937), У.Танашевпен бiрге Ж.Досмұхамедов та тамыз айында Киев қаласында өтетiн федералистер сиезiне белгiлi бiр себептермен 8 қыркүйекке қондырылды.

«Сарыарқа» газетiне жарияланған Орал облысы атынан Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар тiзiмiнде Ж.Досмұхамедов турасында: «Жаһанша Досмұхамедов–өзгерiске шейiн Томск окружной сот товарищ прокурор едi. Өзгерiстен кейiн ол орнын тастап, халыққа қызмет етiп жүр. Бұл күнде Петроградта Шура-и-Ислам ағзасы, социалист-революционер» делiнсе, ал «Қазақ» газетiнде: «Жаһанша Досмұхамедов–юрист, Петроградтағы Шура-и-Ислам ағзасы» деген мәлiметтер келтiрiлдi. Ж.Досмұхамедов Орынборда 5-13 желтоқсан аралығында өткен II жалпықазақ сиезiне арнайы шақырылды. Бұл сиезде «ұлттық автономия» мәселесi қарастырылып, осы мәселе төңiрегiнде екi топ құрылды. «Тез арада автономия жариялау» мәселесiн көтерген 33 делегат арасында Ж.Досмұхамедов та болды. Ал бұл топқа «қарсы» топ арасында «Алаш» партиясын құрушы зиялылар Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтар (1873-1937) болды. М.Шоқай, Ә.Кенесарин мен А.Шегiровтар бұл мәселеге дауыс беруден қалыс қалды. Сиез шешiмi бойынша Алашорданың халық кеңесiнiң мүшелiгiне Ж.Досмұхамедов сайланды. 1918 жылдың наурыз айында Алашорда үкiметiнiң шешiмiмен Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар Мәскеуге келiп, Кеңес өкiметiнiң Қазақ автономиясына қатысты позициясын анықтау мақсатында В.Ленин және И.Сталинмен келiссөз жүргiздi. Кеңес өкiметiнiң талаптары орталық Алашорда үкiметiнiң ойынан шықпай, келiссөз тұйыққа тiрелгеннен кейiн де Жаһанша бастаған делегация Совнаркомда Алашорда өкiлдерiнен тұратын Қазақ комиссариатын құру жұмыстарымен айналысты. 29 наурызда Мәскеудегi Жаһанша мен Халел Ғаббасовқа «Кеңес үкiметi барлық облыстарда қамауға алынған қазақ қайраткерлерiн босату туралы бұйрық бергендiгi, «Алашорданың үкiмет алдына қойған шарттарына таяу арада жауап беретiндiгiн уәде еткендiгiн, сондай-ақ, қазақ комиссариатын ашу мәселесiне рұқсат етiлiп, оның құрамын бекiту Алашорданың құзырына қалдырғандығы» турасында жеделхат жiбередi.

Жаһанша 1918 жылы мамыр айында Жымпитыда өткен IV Орал облыстық сиезiнде төрағалық етiп, осы сиезде «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкiметiнiң төрағасы болып сайланады. Бұл сиез жөнiнде мұрағаттағы мына бiр құжатта: «Ауылда жаңа сыбыс. Ж.Досмұхамедов Мәскеуден келдi, большевиктермен ұлттық автономия туралы келiстi. Басқарма Жымпитыға көшiрiлдi. Таңда сиезге келдiк. Бiрiншi сөздi Ж.Досмұхамедов алды»,–делiнген. Жымпиты сиезiнде Алашорданың басқару ұйымының әкiмшiлiгi мен халық милициясы құрылды. Алайда, бұл кезде Алашорданың Батыс бөлiмшесi мүшелерiнiң арасында өзара келiспеушiлiк қалыптасқан едi. Өйткенi, Мәскеуге барып келген Алашорда мүшесi Х.Досмұхамедов пен оның орынбасары Поповтың дүниетанымында большевиктерге деген өзгеше көзқарас туындады. Оралға келгеннен кейiн олар Казак әскери үкiметiне большевиктердiң дiнге қарсы екенiн, сондықтан да олар өкiмет басында ұзақ тұрақтай алмайтынын, олардың ұсынған үндеуiне (Саратовта Кеңес өкiметiн қолдап, оған келiсу туралы қол қойған құжат) қызылдардың күштеуiмен қол қойылғанын баяндады. Жаһанша облыстық земство басқарма отырысында мүлде басқа мазмұнда баяндама жасап, онда: «большевиктердiң көмегiмен... жүзеге асқан ойлар мен нағыз шаралар сан жағынан Кеңес өкiметiнде көп, бүкiл Ресей мойындаған жұмысшылар мен барлық халықтың, шаруалар топтарының сұраныстарын қанағаттандыруда. Кеңес өкiметiнiң жағдайы мықты және берiк. Кеңес өкiметiн саяси күш ретiнде Қырғыз (Қазақ) халқы да мойындау керек», –деп көрсеттi. Осы баяндамасы үшiн Жаһанша сотқа тартылды. Алайда, әскери үкiмет басшысы Х.Досмұхамедов пен Уақытша үкiмет комиссары Бизяновтың басшылығымен шешiм ауыстырылып, Жаһаншаға Оралдан кетуге тыйым салынды.

1918 жылы қыркүйекте Ж. Досмұхамедов Қазақ атқару комитетi атынан Комучке (Самардағы Құрылтай жиналысы мүшелерiнiң комитетi–Р.М). мүше болып кiрдi. Сондай-ақ, 1918 жылдың 8-23 қыркүйек аралығында өткен Уфа кеңесiне қатысады. Жаһанша бастаған делегация «Ойыл уәлаятын» таратып, оның орнына Батыс Алашорда үкiметiн құрды. Батыс Алашорда үкiметiн Ойылға көшiрiп, өзi Жымпитыда Қорғаныс комитетiн құрады. Батыс Алашорда жетекшiлерi Орал облысында орныққан Кеңес өкiметiнiң ықпалынан алыстап, дербес билiктi сақтап қалуға тырысып, өздерiнiң большевиктерге беруiн талап еткен шартына келiспей, тең құқылы қарым-қатынас орнатуға тырысты. Халел мен Жаһанша арасында кейбiр iстер жөнiнде келiспеушiлiктер болғанмен де, Алашорда үкiметiнiң Батыс бөлiмшесiн құруда екеуiнiң ойлары бiр болып, ұлттық- аумақтық автономия құруда бiрлесе күрестi. Алашорда үкiметiнiң нақты қызметi Ж.Досмұхамедов, К.Жәленов, И.Қашқынбаев, Х.Досмұхамедовтердiң қол қойған «Алашорданың Батыс бөлiмшесiндегi қазақ үкiметiнiң қызметi туралы» баяндама хатта: «Бiз Алашорда өкiлдерi, өзiмiздiң қазақ өлкесiндегi саяси басшылық пен Уақытша үкiмет басшылығына халықтың өз таңдауымен, халықтың қалауымен келгенiмiздi мәлiмдеудi қажет деп есептеймiз. Қиын-қыстау кезеңде басшылықта болған бiз өз шама-шарқымыз мүмкiншiлiгiмiзге қарай өз халқымыздың еркiн қалауын жүзеге асыру жолында қызмет iстедiк. Сенiп тапсырған билiктi өз еркiмiзбен Кирвоенкомға бере отырып, бiз бұл әрекет қазақ халқының басты арманы –автономиялық басқару идеясына қызмет етедi немесе қызмет етуге тиiс. Әзiрге жалпы мемлекеттiк билiк жағдайында өз-өзiн сақтау мақсатымен қазақ халқының өз мемлекеттiк аппараты болуға тиiс деген саяси ойды жақтай отырып, бiз қазақ өлкесiн басқарушы жоғарғы ұйымдарға мiндеттi түрде қатысуымыз керек деген ниеттен аулақпыз. Сонымен бiрге өлкедегi автономиялық билiктi жүзеге асырушылардың қандай да болсын саяси сенiм, нанымдарына қарамастан, бiз өзiмiздiң барлық күш-жiгерiмiзбен билiгiмiздi, еңбегiмiздi қазақ өлкесiнiң гүлденуi үшiн жұмсауға әзiрмiз. Бiз тек тағы да «өңiн айналдырған» ұлы державалық үстемдiк пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ, қазақтардың тағы да ұлы державалық ұлттың саяси қызметшiсi мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнiмiзбен қарсымыз», –деп көрсетiлдi. Бұл баяндама хатты В.И.Ленинге, И.В.Сталинге, Л.Д.Троцкийге Жаһанша өз қолымен табыстады. Қызыл армияның революциялық комитетi дала жұртын Кеңес өкiметiнiң тәртiбiне бағынуға шақырды.Алашорда Батыс бөлiмiнiң төрағасы Жаһанша да қазақ халқын Кеңес өкiметiн мойындау қажеттiгiн айтып, бiр тәртiпке бағынуға шақырады.

1920 жылы 5 наурызда Алашорда үкiметiнiң Батыс бөлiмi таратылып, оның мүшелерiне кешiрiм жасалып, олар қазақ даласынан оқшау жерлерге қызметке жiберiлдi. 1920 ж. қыркүйегiнде Жаһанша Бас тоқыма басқармасының жолдамасымен Түркiстан Республикасы халық шаруашылығы Орталық кеңесiнiң жүн-жұрқа бөлiмшесiнiң меңгерушiсi қызметiне тағайындалып, Ташкент қаласына жiберiлдi. Ол бұл қызметпен қоса Түркiстан Республикасы Орталық атқару комитетi қазақ бөлiмiнiң хатшысы мiндетiн де атқарды. 1922-1924 ж.ж. «Жаһанша Ташкенттегi мәдени ағарту «Талап» қоғамының тапсырмасымен қазақ тiлiндегi алғашқы қылмыстық кодекстi әзiрлеп, қазақ халқының мәдениетiн, тарихы мен салтын жастарға үйретуге қыруар жұмыстар жүргiздi. Ташкент қаласында құрылған «Талап» қоғамының 103-ке тарта мүшесi болып, оны Халел Досмұхамедов басқарды. Қоғам мүшелерi 1 жылға 120 сом көлемiнде мүшелiк жарна төлеуге, сондай-ақ, қазақ халқы мәдениетiн дамытуда, жастарға ұлттық өнердi үйретуге, қазақ мектептерiндегi оқу-iсiн қадағалап, қазақ тiлiнде арнайы оқулықтар шығаруға мiндеттендi. 1927-1929 жылдар аралығында Ж.Досмұхамедов Қызылорда қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық банкiсiнде заң кеңесшiсi болып қызмет еттi. Ал 1930 жылы Мәскеуге ауысып, «Скотовод» басқармасында аға экономист болып iстеп жүрген кезiнде тұтқындалып, «Кеңес үкiметiне қарсы әрекет жасады, астыртын ұйым құруға атсалысты» деген айыптармен Воронеж қаласына бес жыл мерзiмге жер аударылды. Ақыры жоғарыда айтылған айыптармен ол 1938 жылы тағы да тұтқындалып, үштiктiң шешiмiмен РСФКР ҚК 58-8, 58-10-баптары бойынша ату жазасына кесiлдi. Жаһанша 1989 жылы 16 мамырда Орал облыстық сотының шешiмiмен ақталды. Ж. Досмұхамедовтың мемлекеттiк және саяси қызметi ғасырлар бойы бодандық бұғауында күн кешкен қазақ жұртын дербес ел болуға, қазақ халқының әдебиетiн, мәдениетiн, ғылымын көтеруге арналғандықтан, оның өмiр жолдарын саралап көрсету– зор мiндет.
3. Алаштың ардақтысы

Патша үкіметі тұсында білім алып, империяның құқық қорғау органдарында жемісті қызмет істеген қазақ заңгерлерінің бірі Жанша (Жаhанша, Жаhаншаh) Досмұхамедұлы Досмұхамедов болатын. Ол 1917 жылы жария болған Алаш автономиясының да аса ірі қайраткерлерінің бірі әрі бірегейі болған еді.

Саяси құрсауы қатты кеңес өкіметі тұсында Жанша Досмұхамедовтің идеологиялық бұрмалаулар салдарынан cыңаржақтау сомдалған бейнесімен алғаш рет Хамза Есенжановтың “Ақ Жайық” романында танысқанбыз. Бертінде зерттеушілер оның өмірі мен қызметіне ашық назар аудара бастады, бұл іске осы жолдар авторы да атсалысты, сөйтіп өзінің революция жылдарын арқау еткен тарихи миниатюрасына оның қызметінің бір кезеңін арқау етті. Тарихта елеулі із қалдырған осынау көрнекті азамат жайында еліміз тәуелсіздік алғалы бері зерттеушілер біршама жазып келеді. Әйтсе де ол туралы көп нәрсе жұртшылыққа әлі де беймәлім.

“Менің қоғамдық-саяси қызметім тұңғыш рет 1910 жылы көрініс тапты, - деп жазыпты Жаhаншаh Досмұхамедұлы 1930 жылы ОГПУ тергеушісіне берген көрсетілімінде өз қолымен, - мен университет бітіргеннен соң Орал болысына келіп, Орал қаласында орыс тілінде жарық көріп тұрған “Уральский листок” (“Орал парақшасы”) газетіне қазіргі Қазақстан аумағына ішкі Ресейден шаруаларды жүйесіз көшіріп әкеліп қоныстандыруға қарсы бірнеше мақала шығарған болатынмын. Осы мақалаларым үшін мені Орал губернаторы облыстық басқармада [оқыған уақытымда алып тұрған] стипендиялар өтеуіне қызмет ету құқымнан айырды”. Бұл кезде Жанша Досмұхамедұлы саяси көзқарасын империя астанасындағы қоғамдық белсенділігі зор мазасыз да білімқұмар студенттік шақ қалыптастырған, туған еліне қызмет етуге құлшынған жиырма үш жасар жас заңгер-маман еді. Шаруасы орташа малшы шаңырағында туып-өскен бала әуелі Бұлдыртыда ауыл молдасынан мұсылманша сауат ашып, одан Жымпиты қалашығындағы орыс-қазақ мектебі мен Орал реальды училищесінде білім алған-ды. Оқуға қабілеттілігімен көзге түскен. Сондықтан да жоғары мектепті облыстық басқарма қаржысымен оқу құрметіне ие болса керек.

Ол Сібірге кетті, сондағы сот мекемелерінде ақпан революциясына дейін қызмет атқарды. Адвокат болып, өзінің кәсіби іскерлігімен, адалдығымен, әділдігімен, шешендігімен көзге түсті. Сот қараған әлденеше қиын істе қорғаушы ретінде жеңіске жетіп, азаматтарға құқықтық жәрдем берудегі біліктілігімен беделі артты. 1914 жылы Том округтік соты Каин учаскесі прокурорының жолдасы (орынбасары) лауазымына тағайындалды. Өмірлік серігі болған Ольга (Янга) Константиновна Колоссовскаямен осында бас қосты. (Балдызы Надежда 1922 жылы көктемде Түркістан Республикасы халкомкеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шыққан). Осында ақпан революциясын қарсы алып, буырқанған қоғамдық өмір толқынына қызу қойып кетті. Каин үйезі халқының монархия құлағаннан соңғы бостандық арайында ұрандатқан жиналыстарының бел ортасында жүрді. Жұмысшы және солдат депутаттары құрған үйездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды.

Алайда Досмұхамедұлына туған елі де мұқтаж еді. Патшаның тақтан құлауына орай туған саяси мүмкіндіктерді халық мүддесіне бұра алатын саналы да зерделі азаматтар қатарында оны да жұрты іздейтін. Каин үйезатком төрағасының орынбасары лауазымымен бір айдай уақыт істер-істеместен, Жанша қазақ революциялық ұйымдарынан шақыру алды да, ойланбастан жолға жиналды. Ол сәуірдің ортасына қарай Орал қаласына оралды. Орал облысының барлық болыстарынан сайланып келген 800 делегаттың қатысуымен 1917 жылғы 19 сәуірде Орал қаласының цирк үйінде қазақ құрылтайы ашылды. Халық өкілдері, қолайлы саяси ахуал шабыттандырған ерекше көтеріңкі көңіл-күймен, төрт күн бойы мәжіліс құрды. Сол бірінші облыстық қазақ съезінің төрағалығына бір ауыздан Жаhанша Досмұхамедұлы сайланған-ды.

Құрылтай Төрағасы ретінде ол халық өкілдері жиналысының мазмұнды өтуіне тікелей әсерін тигізді.Жанша Досмұхамедұлының ұсынуымен съезд алғашқы күні мемлекеттік басқарудың түрі туралы және уақытша үкімет пен соғысқа көзқарасты айқындау жайында мәселелер қарады. Талқылау нәтижесін қорыта келе: “...монархизм - демократияны құлдықта ұстаудың символы, бір халықты екіншісіне айдап салудың қайнар көзі - мәңгі жойылуға тиіс; қазақ халқы демократиялық Республика идеясын қолдайды, ұлттық-территориялық федерация туралы мәселені әзірге ашық қалдырады”, “...қазақ халқы соғыстан басқа халықтармен бірдей зардап шегуде, оның ұлдары да отан қорғау үшін шақырып алынған; ...қазақ халқы бастан кешіп отырған ауыр экономикалық жағдайға қарамастан, съезд мынаны мойындайды: күллі әлемнің тыныштығына қауіп төндіріп тұрған герман милитаризмі жойылғанға шейін соғысу қажет; жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі жария еткен жоғары адамгершілікті принципте, яғни аннекциясыз, контрибуциясыз бітім жасалуға тиіс, алайда бұл бітім талқандалған елдердің тәуелсіздігін қайта қалпына келтіруді, ұсақ халықтарға өз тағдырын өзі айқындау құқын беруді және артынша барша мемлекеттердің қарусыздануын ескеріп жасалуға керек”, “жария етілген бағдарламасын жүзеге асыруға және демократия мүддесін қорғауға қызметі бағытталып тұрған шақта - уақытша үкіметке жан-жақты жәрдем көрсетілcін”, - деген қарарлар қабылданды.

Қалған күндері съезде ел ішіндегі тыныс-тіршіліктің ағымдағы ахуалы мен болашағы қызу талқыға түсті. Маңызды қаулылар алынды. Жаhаншаһ Досмұхамедұлы құрылтай құрған Орал облыстық қазақ атқару комитетінің төрағасы, сондай-ақ Мәскеуге шақырылып отырған бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайланды. 21-28 шілдеде Орынборда өткен алғашқы күлліқазақ съезі Жаншаның Орал облысынан мұсылмандар құрылтайына делегаттығын қуаттап, оны Киевте өтпек федерацияшылдар съезіне де делегат етіп сайлады. 1917 жылғы мамырда Бүкілресейлік мұсылмандар съезі Жанша Досмұхамедұлын Бүкілресейлік “Шора-и-Ислам” комитеті (исполком мусульманской организации - Икомус) төрағасының орынбасары лауазымына сайлады. Одан кейін Жаhаншаh 1917 жылғы қыркүйекте Уақытша үкіметтің жанынан құрылған Россия Республикасының Уақытша кеңесіне (Предпарламентке) мүше болып сайланады, құрылтайшы жиналыс туралы заң жасау жөніндегі ерекше мәжіліске - комиссия мүшелігіне енгізіледі. Ол 1917 жылғы жаздан қараша айының ортасына дейін Петербургте тұрып, осы қызметтермен шұғылданады. Жанша – большевиктердің қазан төңкерісіне тікелей куә болған, буырқанып-толқыған Петербург оқиғаларын көзбен көріп, тікелей түйсінген саясаткер. Екінші жалпықазақ съезінде (Орынбор, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан) Жаhаншаh “Алаш-Орда” Халық кеңесінің, яғни Алаш (Қазақ) автономиясы Үкіметінің (Алаштың Ордасының) мүшесі болып сайланды. Үкімет тұрақты жұмыс істемекке орнығу үшін құрылтай шешіміне сәйкес Алаш қаласына (Семей) көшетін болды. 1918 жылдың қаңтарында Орынборды қызылдар басып алды, ал ақпанда өткен Орал облысы қазақтарының екінші съезі Жаhаншаhқа Алаш автономиясын Мәскеудің тануы үшін халкомкеңеспен келіссөз жүргізуді тапсырды. Сондықтан ол құрамына Орал облыстық земство басшылары енген делегацияны бастап, орталық кеңес өкіметі ордасына қарай сапарға шықты.

Мәскеуде Жанша Досмұхамедұлы Кеңестік Ресей Халық Комиссарлары Кеңесіндегі бірқатар басшы қызметкерлерінің қолдауына ие болды. Халкомкеңесте қажетті баяндамалар жасап, тиісті құжаттарды тапсырды, кеңес типімен қайта құрылғанға дейін Алаш-Орданың әдеттегі қызметін атқара беретіні жайында келісімге қол жеткізді. 1918 жылғы 1 көкекте Халкомкеңес Жайық сырты земстволарының қызметін жалғастыра беруіне пұрсат еткен қаулы шығарады. Делегацияға қазақ басқару органдарының мұқтажына жұмсаулары үшін кеңес өкіметі көлемді қаржы бөлді. Қайтар жолда, 1918 жылғы 17 көкекте, оларды Саратов большевиктері тоқтатып, тұтқындамақ болады, сапарларының мән-мақсатына күдік келтіреді. Сонда Жаһанша (Джиганша Дос-Мухамедов) совдептің атқару комитеті мәжілісінде бірнеше мәрте сөйлеп, өздерінің Халкомкеңеске барған миссияларының мәнісін, онда атқарған жұмыстарын, Алаш-Орданың кеңес жолына қалай ауыстырылатын, оның жобасын баян қылады. Орал облысының қазақтарына, земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауазымды адамдары мен барлық азаматтарына үндеу мәтінін жазып, саратовтық большевиктерге таныстырады, үндеуді солардың көмегімен баспаханада бастырып, жариялайды, оны ұшақпен ақтар қоластындағы жерлерге жеткізіп, аспаннан тастатуға келіседі. Үндеуде Жаһаншаһ Ресей большевиктік үкіметтің (халкомкеңестің) қазақ істері жөнінде комиссариат құруға, көп ұзатпай қазақ өлкесінің автономиясы туралы декрет шығаруға келісім бергенін айтып, халықты кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет жасамауға шақырады. Ол үндеуін: “Естеріңізде болсын, қазақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағдырларыңызды өздеріңіз айқындауға деген табиғи құқықтарыңызды тұңғыш рет еңбекшілердің кеңес өкіметі ресми түрде мойындап отыр, орыс пролетариатының осынау саяси тектілік-кеңпейілдігін бағалай біліңіздер. Күлліқазақтық “Алаш-Орда” Халық Кеңесінің мүшесі Дос-Мұхамедов”, - деп аяқтайды...

Орал қаласына келген соң делегацияны ақ казактардың Әскери үкіметі тұтқынға алады. Себебі Жаншаның кеңес өкіметімен қарым-қатынас орнатып қайтқан болатын. Алайда, ұзамай, Сталиннің “Правда” газетінде басылған хаты арқылы, Мәскеудің тек таптық негізде құрылған автономияларды танитыны мәлім болады. Онда кімнің кім екені нұсқап көрсетілгендіктен, яғни кеңес үкіметі атынан Сталин “ұлт буржуазияларының жергілікті кеңес билігін мойындамай, кіндік өкіметпен тікелей байланыс жасау арқылы еңбекші халықты езгіде ұстағылары келетінін” “әшкерелегендіктен”, Жанша Досмұхамедұлы тұтқыннан босатылады. Ол серіктерімен Жымпитыға кетеді. Сонда кезекті облыстық съезді шақырады. 1918 жылғы 18-24 мамырда өткен Орал қазақтарының Жымпитыдағы съезі өзіндік Республиканы - Ойыл уәлаятын құрды. Уәлаятқа бес үйез енді: бұрынғы Орал үйезінің орнына Шыңғырлау, бұрынғы Ілбішіннің орнына Жымпиты, бұрынғы Гурьевтің орнына Сағыз, жаңадан Темір және Ойыл үйездері құрылып, уәлаят үкіметінің қаулы-қарарларына сәйкес, жұмысқа кірісті. Орыс офицерлерінің оқытуымен жігіттер әскери өнерге жаттықтырыла бастады. Жаhаншаh Ойыл уәлаяты үкіметінің төрағасы ретінде халық милициясын құру, әскери мектеп ашу, салық жинау жұмыстарын уәлаяттың басқару құрылымын ретке келтірумен қатар қолға алды. Ойыл уәлаяты негізінде 1918 жылғы қыркүйектің 11-інде Алаш-Орданың Батыс бөлімшесі құрылды. Бұған себеп болған жәйт - соғыс жағдайы, Алаштың орталық Ордасымен (Үкіметімен) жедел байланыстың нашарлауы, ең бастысы, Алаш автономиясының жалпақ территориясын басқаруды жетілдіру мүддесі еді. Жанша мен оның серіктері Халық кеңесі мүшелері алдына бұл мәселені табанды түрде қойып, төтенше жағдайларда немесе хабарласу мүмкіндігі болмай қалған кездерде Бөлімшенің Орталық Алаш-Орда құқтарын пайдалана алатынына дейінгі пұрсат берілген шешімге қол жеткізеді. Бұл құжат алаш қайраткерлерінің Бүкілроссиялық ұйысу (құрылтайшылық) жиналысына мүше ретінде Уфаға барғандарында, сонда өткен мемлекеттік мәжіліске қатысқан уақыттарында қабылданған болатын. Алаш-Орданың Батыс Бөлімшесіне Ойыл уәлаяты, Бөкей ордасы, Каспий сырты облысының Маңқыстау үйезі, Торғай облысының Ақтөбе және Қазақ үйездері қаратылды.

1919 жылдың соңына қарай Жанша Досмұхамедұлы басқарған Батыс Алаш-Орда мен кеңес өкіметі құрған Қазақ революциялық комитеті арасында келіссөздер жүргізіледі. Ақыры, Батыс Алаш-Орда әскерлері желтоқсан айында ақтардың Елек корпусын талқандайды да, батыс-қазақ үкіметі ашықтан ашық күллі билік құрылымы, әскери жасағымен бірге кеңес өкіметі жағына шығады. 1920 жылғы 11 қаңтарда Қазревком мен І-армия ревәскеркеңесінің өкілдері қатысқан Алашорда Батыс бөлімшесінің мәжілісінде Алашорда мен Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеттің бірігіп-қосылатыны туралы шешім қабылданады. Бірақ ол, большевизмнің негізгі қаруларының бірі - өтірік уәдемен алдауы салдарынан, іс жүзінде орындалмайды.“1920 жылдың ақпан айының соңында Алашорда Батыс бөлімшесінің мүшелерімен бірге, Кирревкомның жазбаша ұсынысы бойынша Орынборға келдім, - деп жазды Жанша 1930 жылы. - Бізді Кирревком құрамына енгізілесіздер деп хабарлаған еді. Алайда, Орынборға келген соң, Кирревкомда, бізді телеграфпен ВЦИК Москваға шақыртып жатқанын айтты”. Наурыздың 20-сына қарай олар Мәскеуге жетеді. Мұнда Досмұхамедұлы серіктерімен бірге Алашорда қызметі жайында баяндама жазып, бір-бір данасын “тікелей Ленин, Сталин, Троцкий жолдастарға” тапсырады. “Осыдан кейін, 3 шілдеде, ВЦИК біздер - алашордашылар жөнінде № 18 қаулы шығарды, онда біздердің Алашордадағы бұрынғы жұмысымыз үшін ешқандай қуғын-сүргінге түсірілмейтініміз және бізге кез-келген кеңес, тіпті партия жұмысын істеуге мүмкіндік берілетіні туралы айтылды”...

Жанша Досмұхамедов кеңес мекемелеріндегі қызметін Мәскеуде Главтекстил (тоқыма өнірісі бас басқармасы) инспекторы болып бастады. Осы орыннан 1920 жылғы қыркүйектің соңында Түркістан Республикасы Орталық халық шаруашылығы кеңесінің бөлімін басқаруға жіберіледі. Қазанның ортасынан кіріскен бұл жұмысында бір айдай істегеннен соң Түркреспублика аткомының қазақ бөлімінің хатшылығына тағайындалады. Одан кейін әділет халық комиссариатының кеңесшісі, юристік курстардың оқытушысы, халық комиссарлары кеңесінің заң шығару комиссиясының мүшесі, Орта Азия ауыл шаруашылығы банкінің юрисконсульті болып, 1927 жылға дейін Ташкентте тұрады. Өзі қызмет атқарып жүрген үкімет мекемелерімен бірге 1927 жылдың қараша айында Қызылордаға, одан, астананың ауысуына орай Алматыға көшеді. Үлкен қайраткердің басқаруымен республикалық режимде екі жылдай дербес өмір сүріп тұрған Ойыл уәлаяты үкіметінің (Батыс Алаш-Орда бөлімшесінің) тарихи қызметі де, оның өзінің ғылыми-публицистикалық мұрасы да әлі күнгі өз зерттеушісін тосуда.



Бұрынғы алаш қайраткерлерін 1928 жылдың соңына қарай абақтыға жауып, жауапқа тарта бастаған науқаннан шошынғаннан Досмұхамедұлы 1930 жылғы ақпанда Мәскеуге ауысып, “Скотовод” (“Малшы”) басқармасында экономист болып істейді. Алайда, бәрібір, қазақстандық чекистер құрған торға тұтылады: сол жылы күзде, алдағы қысқа әзірлік мәселесіне байланысты Қызылордаға іссапармен келгенінде, тұтқынға алынады.

Заңгер басымен, жасанды айып тағумен айналысқан құпия полициядан заңсыздықпен жасалған қилы қысым көреді. Ол жолы бес жылға Воронежге жер аударылады. Сосын, 1937 жылғы “үлкен террор” кезінде, Мәскеудегі пәтерінде ауырып жатқан жерінен тағы да тұтқынға алынып, ұзамай атып тасталады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет