Жаңатілек ауылдық округі әкімі Мусабаев Жабай Жәнәбілұлының ауыл тұрғындарымен кездесудегі қорытынды есебі.
Құрметті ауылдастар!
Міне,барыс бейнелі болашағын сомдаған Қазақстанның тағы бір тәуелсіздік жылы тарих қойнауына кірді.Тұяғымен жер тарпыған,көк тұлпар-жылқы жылы келді. Күні кеше үмітімізді үкілеген жылан жылына өкпеміз жоқ.Еліміз бұл жылы үлкен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге жетіп,әлемдегі қуатты елу елдің қатарына қосылды.”Қазақстан 2050 стратегиясының” жариялануы еліміз алдындағы шешілуге тиісті міндетті парадигмасы сапалық тұрғыда өзгергенін көрсетті. Бұл стратегияның басты мақсаттық өлшемдерінің бірі-2050 жылға дейін 30 елдің қатарына қосылу. Бәсекеге қабілеттілік жолында қойылар талаптар көп.Алдымен Қазақстан халқының дені сау,білімді,білікті,кәсібилікке бейім,жаңалықтарды қабылдау қабілеті жоғары болуы қажет. Халқымызда “Өткен жылға өкпе жоқ,келер жылдан үміт көп” деген нақыл сөз бар,сондықтан өткенге салауат айта тұрып,болашақтан жақсылық күтеріміз анық.
Бүгінгі есептік кездесуде Жаңатілек ауылдық округінің өткен жылда атқарған істеріне баға бере отырып,қорытынды жасап,2014 жылы атқарылар жұмыстарды Сіздерге хабардар етемін.
Жаңатілек ауылдық округіне екі елді мекеннен құрылған, олар Жаңатілек, Мұрынтал ауылдары. Округте 1223 тұрғын, 257 отбасы бар, оның ішінде 129 зейнеткер, тыл ардагерлері 24, алтын, күміс алқасы бар аналар 74, ауған соғысына қатысушылар 2 адам. 42 адам 1,2,3 топтағы мүгедектер.
Өткен жылы округтегі 2 мектеп, 1 мектеп жанындағы шағын орталық, 2 кітапхана, 1 мәдениет үйі, 2 медициналық пункт, Жаяу Мұса атындағы 1 мұражай, 1 «КБМ» ауыз су құрылғысы, Казпошта бөлімшесі қалыпты жағдайда жұмыс атқарды.
Бүгінгі таңда мектепте халықаралық стандартқа орай білім беру, басты міндет болып отыр, жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына зор көңіл бөлу қажет.
Б. Хайдаров атындағы жалпы орта білім беру мектебінде ұстаздар саны – 48. Жоғары– 36, арнайы орта білімдісі -12, жоғары санатта – 1, І санатта – 16, ІІ санатта – 11, санатсызы – 20. Жас мамандар – 9.
Мұғалімдердің білім санаттарын көтеруде біршама жұмыстар атқарылуда.Осы бағытта аудандық білім бөлімінің әдіскерлерінің қатысуымен өткен семинарда жоғарғы және 1 санатқа ұсынылған мұғалімдер сабақтарын жоғары деңгейде өткізіп,жаңа әдістерді көрсете білді. Мектепте: пән апталықтары,әдістемелік апталығы,әдістемелік семинарлар,әдістемелік көмек,әдістемелік бірлестіктер жұмысы,жас мамандармен жұмыс,дарынды оқушылармен жұмыс,ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық,мұғалімдерді аттестациялау,үйден оқытуды қадағалау,аудандық іс-шараларға белсене қатысу бағытындағы жұмыстар үнемі жүргізіледі.
Мектеп оқушыларына сапалы білім,саналы тәрбие беруде мектеп ұжымы жылдық жұмыс жоспарына сай іс шаралар ұйымдастырып,біршама қызмет жасады.2012-2013 оқу жылында ауданда өткен Ж.Аймауытов оқуларына қатысып әртүрлі секцияларда жеңімпаз атанды.Аудандық пән олимпиядасында география пәнінен қатысқан бір оқушы 3 орын алды.
«Ақбота» интеллектуалдық марафонына бастауыш сынып оқушылары белсене қатысады. «Ертіс дарынына» биология пәнінен 2 оқушы, физика пәнінен 2 оқушы, математкиа пәнінен 2 оқушы, химия пәнінен 2 оқушы қатысты. Бұл оқушылардың түгелі қабылдау бөлімінен және І турдан өтіп, ІІ турдың тапсырмасын орындап жатыр.
Мектеп түлектері өткен оқу жылында ҰБТ-ден жоғары нәтиже көрсете алмады.Биылғы оқу жылында осы кеткен олқылықтарды ескере отырып,ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үнемі мектеп әкімшілігінің бақылауында. Қыркүйек айында тестілеуден орташа көрсеткіш 49,9 болса, қазіргі таңда 69 пайызды көрсетіп отыр.Математика бойынша 10,5, қазақ тілі 16,1, орыс тілі 15,6, тарих пәнінен 12,6, физика пәнінен 10 пайызды көрсетіп отыр.Оқу жылының аяғына дейін бұл көрсеткіштерді жоғарылату мақсатында көп жұмыс атқару қажет.
Оқу жылының басында 2013-2014 оқу жылына арналған 12 бағыттан тұратын тәрбие жұмысының жылдық жоспары құрылып, бекітілді. Осы 12 бағыт бағыт бойынша тәрбие жұмысы жүргізіліп келеді.Осы бағытта 1 қыркүйек Білім күніне орай «Қазақстан-2050 стратегиясы; бір халық, бір ел, бір тағдыр», Қыркүйек айында «Денсаулық апталығына» спорттық іс-шаралар, «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» атты 1-11 сыныптарда тәрбие сағаттары, «1001мақал, 101 жұмбақ», 3-11 сыныптарда мәнерлеп оқу сайысы, «Тілім-тірегім, соғып тұрған жүрегім» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Ұстаздар күніне орай «Ұстазым, ұлағатым, үлгі-өнегем» атты әдеби-музыкалық кеші,ата-аналармен тәрбие бағытында айлық ұйымдастырылып өтті. Мектеп оқушыларынан құралған «Жаңатілек» КВН командасы финалға өтті. Осындай маңызды шаралар екінші жарты жылдық тәрбие жоспарына сай жалғасын таппақ.
Аз қамтамассыз етілген отбасылар ішінен 74 оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі.
Мұрынтал бастауыш мектебінде 5 оқушы білім алуда, 1 ұстаз қызмет жасайды. Мектепте белгіленген жоспар бойынша жыл бойы жұмыстары өз мәнінде атқарылды. Шаруашылық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. Мектептердің материалдық - техникалық базасы жылдан-жылға жақсаруда.
Ауылдық мәдениет үйінде белгіленген жоспарлар бойынша мемлекеттік және атаулы даталар мерекелері, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып,өткізілді.Атап айтсақ,желтоқсан айындағы Президент күні, Республикамыздың тәуелсіздік мерекесі,жаңа жылдық мереке өз деңгейінде өтіп,ауыл жұртшылығының зор ықыласына бөленді.
Дегенмен,мәдениет үйінде мәдени үйірмелер ұйымдастырылмаған,үн таратқыш апаратуралардың тозығы әбден жеткен,күрделі жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, ауыл жастарына қатысты түрлі мәдени шаралар ұйымдастыруда өте сараң.Мысалы:жастар мәселелеріне қатысты дөңгелек үстелдер,дебаттар,квн,т.б.жастарды қызықтыратын игі істерді атқарса,нұр үстіне нұр болар еді.2014 жылдың 1 тоқсанына мәдениет үйінде драма үйірмесін ашу, әжелер ансамблін құру,би үйірмесін жандандыру мақсаты қойылып отыр.Жалпы ауыл мәдениетінің ошағыалдыңғы буын ағалар мен апалар құрған халық театрын қалпына келтіру бағытында аянбай жұмыс істеп,көркем өнерпаздар ұжымын қалыпты жұмыс істету мақсатында еңбек ету қажет.
Ауылымыздағы екі кітапхана да өз жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыруда.Мерекелік күндерге арналған әдеби монтаждар мен кітап көрмелері,әртүрлі тақырыпта пікірталастар ұйымдастырылып,үнемі оқырмандармен байланыс жасауда. Кітапханалар жаңа әдеби кітаптармен түрлі журналдармен үнемі толықтырылып отырылады.
Ауыл тұрғындарының денсаулықтарын жақсарту мақсатында жергілікті медицина қызметкерлері тарапынан жұртшылыққа тиісті көмектер көрсетуде.
ФАП-та барлығы 6 медбике қызмет көрсетеді, барлығы аттестациядан өтіп, сертификат алған.
Ауылдағы тұрғындар ішінде ересек адамдар 882, 14 жасқа дейінгі балалар саны 310, 1 жасқа дейінгі 30,53 жасөспірім балалар, ана болу қабілеті бар әйелдер 258, мүгедектер 42, (оның ішінде бала жасынан мүгедек - 5, жасөспірім - 2).
2013 жылы 0 ден 18 жасқа дейін 363 бала, ересек 180 адам, диспансерлік есепте тұрған 165 адам барлық скринингтік тексерулерден өтті.
Медицина қызметкерлері тарапынан жеке басынының гигенасы, ауру адамдарды анықтау және аула ішіндегі тазалық жөнінде үйлерді аралап түсініктеме жүргізілді. Медпункте дәрігерге дейінгі алғашқы көмек, ауруларды қабылдау, жедел шақыруларға бару, алдын-алу екпелерді салу, сияқты жұмыстар атқарылады. Екпелер саны - 330. Бірге толмаған балаларға жұмасына 1 рет патронаж- аралау жүргізіледі, жүрек және қан тамыр ауруларымен есепте тұрған адамдар және әр түрлі аурумен ауыратын адамдар күндізгі стационардан емдерін уақытымен алып тұрады. Емшара алғандардың саны-690. Екі рет автопоезд келіп, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп, скринингтік тексеруге жататын жастағы адамдар тексеруден өтті. Фапта жылжымалы дәріхана жұмыс жасайды,жалпы қан мен зәрді лабораториялық тексеру өткізіледі. Жылдағыдай флюрографиядан өткен адамдар саны-380, жоспар бойынша 425. Туберкулезбен ауыратын адамдар саны - 5. Тубвиражды балалар саны -12, барлығы тексерілген, 3 айлық химопрофилактикасын қабылдап, мектеп асханасынан тегін тамақтануда. Туберкулезбен ауыратын адамдармен қарым-қатынаста - 10 адам, оның ішінде 6 бала, барлығы тексеруден өткен. 9 айдың ішінде 27 нәресте дүниеге келді. Узиден 85, мамнографиядан 24 және колькоскопия – 3 әйел адам тексерілуден өтті.
Казпошта бөлімшесі округ шеңберінде жұртшылыққа сапалы қызмет көрсетуде. Атап айтсақ республикалық, облыстық, аудандық мерзімді баспасөзге жазылу, зейнетақы, әр түрлі жәрдемақылар, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбек ақысы, салық төлемдері, байланыс және энергия қуаты қызметтеріне төлемақыларын қабылдайды. Жалпы ауылдық округ бойынша бұқаралық басылымдарға жазылу дұрыс ұйымдастырылды.Нәтижесінде:
Облыстық Сарыарқа самалы басылымы-114
Аудандық “Баянтау” газеті-113
Республикалық басылым Егеменді Қазақстан-54
Казахстанская правда-14
Басылымдар өз оқырмандарына уақытында жеткізіліп отырылады.
Округте 2 ұялы Аctiv, Beеleine KZ қондырғылары орнатылып, 172 нүкте телефондық байланыс жақсы жолға қойылған.
«Хабар», «Ел арна», «Қазақстан», «Евразия» телеарналарымен қатар отандық «Отау ТВ» және сандық теледидар қондырғылары орнатылған.
Ауылдық округ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімімен тығыз байланыста, белгіленген жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқаруда.
Ауылдық округте 20-шаруа қожалығы, 223 аула ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдіруде.
«Ынтымақ» шаруа қожалығы егін салумен айналысады, 100 га жерге егін салып, мол өнім жинады.
Қысқы мал азығын даярлауда шаруа қожалықтары 2550 тонна, жеке меншік 3120 тонна шөппен қамтамасыз етілді.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар біздің шаруа қожалықтарында да байқалуда. Атап айтсақ, «Жасталап» ш/қ басшысы Жұмаділов Мұрат, «Ботан» ш/қ басшысы Дөнешов Серік, «Ыңтымақ» ш/қ басшысы Алтынбек Алдамжар, «Бабыр» ш/қ басшысы Адамбек Рамазан мал азығын арзандату, егін еккені үшін және ірі қара мал тұқымын асылдандыру бағытында өнімді жұмыс атқарғаны үшін үкімет тарапынан төленетін субсидиямен қаржыландырылды.
Қой шаруашылығын дамытуға арналған «Жайлау» бағдарламасына округтен «Қараүңгір» шаруа қожалығының басшысы Ержанов Серікбай мен «Олжа» ш/қ басшысы Ержанова Айтжамал қатысып, 200 бас қой сатып алынды. Негізгі мақсат қой санын арттыра отырып, шаруалардың жағдайын жақсарту. Бұл бағдарламаға «Бабыр» шаруа қожалығы басшысы Адамбек Рамазан қатысып, келісім бойынша 200 бас қойын сатты.Осы бағдарлама бойынша қой түлегін асылдандыру мақсатында Май ауданынан 8 бас асыл тұқымды қошқар алынды.Өткен жылда ауылдық округ бойынша ірі қарадан 5191 центнер,ұсақ малдан 5433 центнер,жылқыдан 3312 центнер ет өндірілді.Ауыл шаруашылығының дамуына қажет жем-шөп өндіруде әлі де мақсатты жұмыстар атқарылуы тиіс.Атап айтсақ,көп жылдық шөп (житняк) егуді қолға алмай келеміз.Осы шөпті өсірген жағдайда әр гектарына 4 мың теңге мөлшерінде мемлекет қаржылай көмек ұйымдастырып отыр,бізде осы көмекті пайдалана отырып малдың сапалы азығын дайындайын деген көзқарас әлі қалыптаспай отыр.Осы бағытта біраз жұмыс жасалуы керек.Биылғы жылы 2090 гектар қорық қамтыған жерге мемлекеттік жер актісі құжаты алынып,ауылдық округ әкімшілігі меншігіне қойылмақ.Сөйтіп, дамбыларды жөндеу жұмыстарына қаржы сұрастыру мәселесі көтеріледі.Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу (қымыз өндіру,сүт өнімдері,ет өнімдері,тері өңдеу,жүн өңдеу т.б.) цехтарына мелекеттік қолдау “Даму”,”Жұмыспен қамту 2020 жол картасы” бағдарламалары арқылы жүзеге асыру істеріне баратын уақыт жетті.
Елді мекендердегі барлық нысандағы малдарға профилактикалық іс – шараларды ауылдық округтің бас маман мал дәрігері және аудандық ветеренарлық пункттің мал дәрігерлері малдарды егіп, емдеу жұмыстарын жүргізді.Өткен жылда атқарылған ветеринарлық профилактикалық іс- шараларға тоқталсақ:
Бруцеллезге қарсы қан алу:
Ірі қара мал -3500 бас
Бұзаулар - 1300
Ұсақ мал қой ешкі -10500
Туберкулезге қарсы тексеру -7500
Сібір жарасына қарсы егу:
Жылқы -1900
Ірі қара мал 5200
Қой ешкі 11000
Қарасанға қарсы 6000 бас
Пастереллезге қарсы:
Ірі қара мал 300 бас
Қой мен ешкі 1000 бас
Құс тұмауына қарсы 500 бас егілді.
22 мал қораларына 2700 шаршы метр залалсыздандыру дизенфекциясы жасалды.Көшедегі иесіз жүрген 85 ит атылды.Малдың амандығы,жанның амандығы дейміз.Өкінішке орай осындай ауқымды істер атқарылу барысында енжарлық білдіріп,ветеринарлық-профилактикалық жұмыстарға мән бермейтін аулалар мен шаруақожалықтарының да иелері бар екенін несіне жасырайық.Күні бүгінге дейін атқарылған істердің (сырға мен ветеринарлық төлқұжаттың) төлемдерін қайтармай жүрген шаруақожалықтары және аула иелері кездеседі.Жоғарыда айтылған жұмыстардың барлығы мемлекеттік маңызы бар істер,сондықтан осындай іс шараларға мән бермегендерге нақты шара қолданылады.Ауылдық округке қарасты ветеринарлық пунктінің ғимаратының болмауы,мал өлекселерін (скотомогильник) тастайтын арнайы орынның жабдықталмауы болашақта шешілетін басты іс болып табылады.
2014 жылдың 1 қаңтарына ірі қара мал саны – 5062 бас, қой мен ешкі – 6859 бас, жылқы 2219 бас, кұс саны – 1768.
Шаруа қожалықтарына тиесілі жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілді.
Ауыл тұрғындары қысқы отынмен толық қамтамасыз етілді.
Округ бойынша өткен жылда 349 мемлекеттік қызмет көрсетілді; атап айтсақ жеке қосалқы шаруашылықтың болуы туралы анықтама беру, тиісті әкімшілік - аумақтық бірліктің аумағында қолданылатын ветеринарлық анықтама беру, үй жануарларына ветеринарлық паспорт беру т.б.
Статистикалық есеп бойынша азаматтардың өтініштері мен сұраныстары негізінде 99 өтініш тіркелді. 55 жазбаша түрде, және 44 ауызша түрде.2 өтініш жер мәселесі, 7 өтініш жұмысқа орналастыру, қалған 90 өтініші малы туралы мәлімет беру жөнінде.
Ауылдық округ бюджетіне 2013 жылы 20 693 000 жоспарланған қаржы толығымен игерілді.Осы жылғы ауылдық округ бюджетінің көлемі 23893000 теңгені құрайды.Бұл қаражат жергілікті жерде атқарылатын іс шараларды толық қамтамасыз ете алады.
Жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасымен елді мекенде атқарылатын экономикалық дамулардың барлығы қамтыла отырып,жұртшылықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін шешуіміз қажет.Сондықтан жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасы бойынша кәсіппен айналысуда,мамандық алуда,кәсіби оқуларға баруға енжарлық танытпай,мемлекеттік бағдарламаның халық үшін қызмет жасайтынын түсіністікпен ұққанымыз абзал.Ауыл жұртшылығына қызмет ететін кәсіптерді осы бағдарламаға сүйене отырып неге ашпасқа.Мысалы:тігін цехы,шаштараз,монша,наубайхана,аяқ киім жөндейтін орын,кулинария және т.б.
Ауылдық округтегі жұмыссыздарды жұмысқа тарту мақсатында, бос жұмыс орындарын тиімді пайдалану және атаулы әлеуметтік көмек алушыларды бірінші кезекте жұмысқа орналастыру мәселесі жөнінде төмендегі жұмыстар атқарылды, аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелерінен жыл бойы қоғамдық жұмыстарға 46 адам, әлеуметтік жұмысқа - 3 адам 1 жылдан жұмысқа тартылды.
Көктемде жергілікті тұрғындар мен мекеме ұжымдарының бірлесуімен ауылымызда тазалық және көріктендіру жұмыстары өз дәрежесінде өткізілді. 500 тонна көң-қоқыстар апарылып төгілді. Бұл жұмыстар аудандық «Серпіліс» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының және жеке меншік көліктерінің көмегімен атқарылды.
Осыншама жұмыстар атқарылғанымен ауыл тазалығын үнемі жұртшылық назарында ұстап отырған жоқ.Ауылдың төрт жағына күл-қоқысты,малдың қиларын,қажет емес заттарды,қалдық құрылыс материалдарын бәсекелестікпен төгудеміз.Келешекте бұндай келеңсіз жағдайға нүкте қоятын боламыз.Ол үшін арнайы қоқыс тастайтын жерді анықтап,мемлекеттік жер актісін алып,жеке кәсіпкерлік ашылып жұртшылықпен жұмыс атқарылады.
Жаңатілек ауылдық округі бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын іске асыру мақсатындағы жұмыстармен жүргізіліп жатқан жұмысы жөнінде айтып өтейін.
Жалпы округте 14 пен 29 жас аралығында 268 жастар бар.
Б. Хайдаров атындағы ЖОББМ-дегі 14 жастан бастап 43 оқушы бар.
Студенттер – 95.
Жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер саны - 38
Арнаулы орта білім беру мекемелерінде – 57
Отбасын құрған жас отбасылар саны – 23
Мүгедек жастар саны – 4, (1-уі мектеп оқушысы бала кезінен мүгедек, қалған 3-уі ІІ топта).
Жұмыс істейтіндер саны – 53
Бақыт Хайдаров жалпы орта білім беру мектебінде 29 жасқа дейінгі мұғалімдер саны – 17, шаруа жұмыстарында 2 адам.
Мәдениет саласында – 3 адам қызмет етеді.
Әкімшілікте – 2 адам, жұмыс атқарады.
Қалғандары шаруа қожалықтарында, өз қарекетімен, маусымдық жұмыстармен айналысты.
Жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жастардың 10 ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып отырылды.
Спорт.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 30 маусымдағы «Салауатты өмір салты» кешенді бағдарламасы туралы» № 905 қаулысын іске асыру мақсатында төмендегідей жұмыстар атқарылуда.
Мектеп әкімшілігімен келісе отырып, қысқы мезгілде сабақтан тыс уақытта жастарға арнайы аптасына 3 күн сағат 1900-ден 2100-ге дейін мектепте волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, дойбы т.б. спорттық ойындармен жастарымыз бос уақыттарын өткізуде.
Әр жылдың сәуір айында жерлесіміз спорт маманы Орақ Нәжмиденовты еске алу мақсатында аймақтық волейбол турнирін ұйымдастыру қалыптасқан.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтың 155 жылдығына орай, аудандық жазғы ХVІ спартакиадаға сәуір айының 24 күні Күркелі ауылдық округінде стол теннисі, тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы спорт түрлерінен өткен аумақтық іріктеу жарыстан волейболдан (қыздар командасы), тоғызқұмалақ және дойбыдан, тамыз айындағы финалға дейінгі іріктеу ойындарында стритбол, миннифутбол спорт түрлерінен Жаңатілек ауылының жастары іріктеу ойындарынан 1- орынға иеленіп, финалдық ойынға жолдама алды.
Аудан орталығында ұйымдастырылған финалдық ойындарға жолдама алған командалар арасында тоғызқұмалақ ІІ орынды және дойбыдан ІІІ орынды қанағат тұтты.
Қол күресі және кір көтеру спорты түрлерінен нәтижелі көрсеткіштерге жетті. Барлық жеңімпаздар мадақтама қағаздарымен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Аудан бойынша жалпы командалық есепте өткен жылы 7 орында болдық.Бүгінгі күні 2014 жылы өтетін Баянауыл аудандық ХVII жазғы спортакияданың аумақтық ойындарында спорттың мына түрлерінен: волейбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, мини футбол,стритболдан нәтижелі көрсеткішке жетіп,финалда үздіктер қатарынан табылуымыз қажет. Биылғы жылы ұлттық ат спорты түрлерінен аудандық жарыс (қыз қуу,теңге алу,аударыспақ,тоқ бәйге,аламан) біздің елді мекенде өтеді. Нәтижелі ойын көрсету елдігімізге сын. Өткен жылы спортшы жастарымызға арнайы спорттық киімдер мен спорт жабдықтары алынды.
Барлық ауыл өміріне, тіршілігіне, көркеюіне, мемлекеттік, дәстүрлі мерекелерімізде мәдени – спорттық іс шараларымызға ауылымыздың жастары жоғары белсенділікпен қатысуымыз керек дегім келеді.
Әскери есеп.
Жалпы әскери міндеттілер саны – 176;
Запастағы офицерлер – 2;
Запастағы сарбаздар, сержанттар – 152;
Әскерге шақырылғандар саны – 42, оның ішінде 6 шақырылушы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарында азаматтық борышын атқаруда.
Павлодар қаласындағы әскери – техникалық мектепте 3 шақырылушымыз оқып В және С категориялары бойынша жүргізуші куәліктерін алды.
2013 жылдың ақпан айында 1996 жылғы туылған 8 жасөспірім дәрігерлік тексерістен өткізіліп, әскерге шақырушылар есебіне қойылды.
Ауылдық округ бойынша әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылармен жұмыс жүргізіліп, есеп ай сайын беріліп отырылды. Тиісті құжаттар, аңықтамалар уақытылы аудандық қорғаныс істері бөліміне тапсырылуда.
Қадірменді ауылдастар! Мен жоғарыда Сіздерді өткен жыл ішінде әкімшілік аппаратының атқарған жұмыстарымен таныстырып,осы атқарылар істерді атап өттім. Алдағы уақытта ауылдың келелі мәселесін шешу мақсатында мына жұмыстарды маңызды істер деп есептеймін.
1. Б. Хайдаров атындағы ЖББОМ-тің төбесін қатты жамылғымен жабу жұмысын 2014 жылы аяқтау. Бүгінде 26 млн-ға 400 мың теңгеге жобалау-сметалық құжаттары (ПСД) жасалып аяқталды.
2. Жергілікті МҮ-нің төбесі мен сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттарын жасауға қаржы сұралып, ауданның бюджеттік комиссиясына ұсынылды.
3. Жаңатілек – Қарашат асфальт жолының 13 км орта деңгейдегі жөндеу жұмысына жобалау-сметалық құжаттары 600 мың теңгеге жасалып, мемлекеттік экспертизадан өткізілді. Бұған қажетті 185210 теңге қаржы облыстық не республикалық бюджеттік бағдарламаларынан шешілуіне сұраныс жасалды.
4. Ауылымызда мектеп жасына дейіңгі балалардың санының артуына байланысты балабақша мәселесін шешуді қажет деп есептеймін. (0-5 жас аралығында 144 бүлдіршін, 2-5 жас аралығында 78 бүлдіршін бар.)
5. Шағын стадион ашу мәселесі қолға алынатын болады.
6.Жаңатілек ауылында су құбырының жобалау сметалық құжатын жасау.
Ауылымыздың өркендеу жолындағы осы маңызды мақсаттарды іске асыруға өз үлесімізді қосайық, ардақты ауылдастар.
Назар қойып, тыңдағандарыңызға рахмет.
Жаңатілек ауылдық округі әкімі Ж. Мұсабаев
Достарыңызбен бөлісу: |