Шығармалары:
Майлин Б. Көп томдық шығармалар жинағы.- Алматы: Жазушы, 2002.
Майлин Б. Бес томдық шығармалар жинағы.- Алматы: Жазушы, 1986- 1988.
Майлин Б. Таңдамалы: Повестер мен әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1977.
Майлин Б. Қанжар: 1928-1930 жылдары жазылған өлеңдері.- Семей, 1932.
Майлин Б. Асулардан асқанда: Әңгімелер.- Алматы: Қазбаспасы, 1933.
Майлин Б. Қос жетім.- Алматы, Қазбаспасы, 1933.
Майлин Б.Он бес үй.- Қызылорда: Қазбаспасы, 1933.
Майлин Б. Майдан: 4 перделі, 7 суретті.- Ақмола: Қазбаспасы, 1933.
Майлин Б. Екі пьеса.- Алматы: ҚМКӘБ, 1934.
Майлин Б. Талтаңбайдың тәртібі: 3 перделі4 суретті.- Алматы: МКӘБ, 1934.
Майлин Б. Шұға: 4 перделі драма.- Алматы: ҚМКӘБ, 1935.
Майлин Б. Алтын сандық: Әңгімелер жинағы.- Алматы: ҚМКӘБ, 1935.
Майлин Б. Маржан: Поэмалар.- Алматы- Қазан, ҚМКӘБ, 1935.
Майлин Б. Мырқымбай.- Алматы: ҚМКӘБ, 1935.
Майлин Б. Біздің жігіттер: 5 перделі пьеса.- Қызылорда: Қаз. баспасы, 1936.
Майлин Б. Қырманда: Повесть.- Алматы-Қызылорда: ҚМКӘБ, 1936.
Майлин Б. Жалбыр: 4 перделі, 8 картиналы музыкалы пьеса.- Алматы: ҚМКӘБ, 1937.
Майлин Б. Өтірікке бәйге: (Ертегі).- Алматы: ҚМКӘБ, 1937.
Майлин Б. Байшұбар.- Алматы: ҚМКӘБ, 1959.
Майлин Б. Повестері мен әңгімелері.- Алматы: Мектеп, 1972.
Майлин Б. Қызыл жалау: Роман, повесть, әңгіме, фельетон, очерктер.- Алматы: Жазушы, 1979.
Майлин Б. Раушан- коммунист.- Алматы: Мектеп, 1980.
Майлин Б. Кемпірдің ертегісі: 1916 жылдың оқиғасынан бір сурет.- Алматы: Жалын, 1982.
Майлин Б. Ел сыры: Повестер, әңгімелер, фельетондар, өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1994.
Майлин Б. Тұңғыш құрбан: Белгісіз шығармаларының жинағы.- Алматы: Рауан, 1994.
Майлин Б. Шұғаның белгісі: Повестер, әңгімелер.- Алматы-Астана: Елорда, 1999.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Байменшин С. Майлиннің Бейімбеті.- Алматы,1994.
Байменшин С. Бейімбеттіңсөзстаны.- Алматы, 1996.
Бейімбет Майлин- жазушы.- Алматы: Өнер, 1994.
Бейісқұлов Т. Дарын даралығы.- Алматы; 1994.
Жармағамбетов Қ. Бейімбет Майлин.- Алматы, 1961.
Ордалиев С. Сөз зергері: (Б. Майлиннің творчествосы туралы).- Алматы: Жазушы, 1982.
***
Асылбекұлы С. «Шұғаның белгісі» баянының жазылу тарихы
//Жұлдыз.- 2008.-№10.
БейісқұловТ. Бейімбет Майлин- жазықсыз құрбан //Жас қазақ.- 2008.-22 ақпан.
БейісқұловТ. Сүйген жар: «Халық жауының» жары Гүлжамал Майли-
наның ерлігі //Түркістан.- 2011.- 26 мамыр.
БейісқұловТ. Бейімбеттің қазасы //Жұлдыз.- 2009.-№8.
БейісқұловТ. Біз білмейтін Бейімбет (Майлин) //Ана тілі.-2009.- 19-25 қараша.
Рахманова Н. «Раушан коммунистегі» автор мен кейіпкер //Жұлдыз.- 2010.- №2.
Мақатаев Мұқағали
(1931-1976)
Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдың төл перзенті және қазақ поэзиясындағы шығармашылығы күрделі нар ақындардың бірі.
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының «Қарасаз» деген жерінде туған. Аудандық газетте әдеби қызметкер, қазақ радиосында диктор, кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған.
М.Мақатаевтың алғашқы өлеңдері Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған.
Мұқағали Мақатаевтың «Аппосианата» (1962), «Ильич» (1964), «Мавр» (1970) поэмаларымен қатар, «Қарлығашым келдің бе?» (1968), «Дариға - жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975), «Өмірдастан» (1976), «Өмір - өзен» (1978), «Бәсіре» (1981), «Соғады жүрек» таңдамалы 2 томдық (1982), «Шолпан» (1984), «Қош, махаббат» (1988) атты поэзиялық жинақтары ұлттық әдебиетімізге қосылған үлкен үлес болды.
Мұқағалидың бүкіл шығармашылығына жүгінсек, ақынның бүкпесіз ашық сырласуға ден қоятыны. Шым - шым тереңіне тартқан ақын жүрегінің құпиясы, өлең сиқыры, сыршылдығы оқырманын еріксіз еліттіреді. Бұл ақынның творчестволық принципі, әрі мұраты болған ең басты қасиеті.
Өлеңімсіз өмір сүрмес болыппын,
Өлеңімсіз өмір де жоқ борықпын.
Ақындық бір жазылмайтын дерт екен,
Ақындық бір ауру екен, соны ұқтым.
Ақындық деген лапылдаған өрт екен,
Ақындардың жанып өту- серті екен.
Бықсымаспын, шалам қалмас артымда,
Жана алмасам, ерте келдім, ерте өтем,- деген жолдардан ақын болмысын нақты көруге болады. Өмірі - өлеңге, өлеңі - өмірге айналған мұндай шынайы туындылар Мұқағали шығармашылығының көркемдік биіктігін көрсететін дүниелер.
Ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жерге деген бар махаббаты жыр болып төгіледі, оның табиғат сұлулығын көруі, сезінуі өзгеше.
Апырмай,
Туған жер- ай!
Теңдесер кім,
Бұл жерге сен болмасаң келмес едім.
Кіндігімді байлаған қазығым- ай,
Сен болмасаң, бұл маңды көрмес едім...
Ақынның жүрегі, алау сезімі туған өлкесінің тағдырымен біте қайнасып кетеді.
«Бізде туған жер туралы ән де, өлең де аз емес. Ал соның іішінде М.Мақатаевтың туған жерге арнап жазған өлеңдерінде өзгеше жылу, сыршылдық, жан - жүйені шымырлатар қасиет бар. Қай - қайсымыз болсақ та толқи, тебірене әндеткіміз кеп тұрады. Мұнда, туған жер туралы өлеңдерде, сырт шолу, жадағай желпіну, жер байлығын жалпылай атап, жадағай тамашалау жоқ та, ішпей сүйсіну, құштарлану, толғану бар»- деп ой түйіндейді қазақтың белгілі ақын қызы Фариза Оңғарсынова.
Бүгінде ақынның өлеңдеріне жазылған әндер қалың жұршылық арасына кең тарап жүрегіне жол тауып, үлкен эстетикалық сұлулыққа бөленуде.
Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдағы ұлы ақындарымыздың бірі, оның бүкіл шығармашылық ғұмыры қалың оқырман қауымның, халықтың жүрегіне ұялаған.
«...Халқының қалтқысыз бағасын алған Мұқағали жырлары келер ғасырға керуен көшін сенімді түрде ұзартып барады. Азаматтық пен адамгершілікті асқақ мұрат санаған ақынның жүрек сырлары шынайы болмысымен, ақиқаттың алдында аласармауымен қымбат, құнды»,- деп жазды ақын Әділғазы Қайырбеков ақынның 1991 жылы шыққан жарияланбаған жырларына жазған алғысөзінде.
Иә, ақиық ақынның жырлары мәңгі тозбас асылдай боп, ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға бар бояуын жоғалтпай көшкені анық.
Небәрі 45 жыл ғұмыр кешіп, соның 30 жылын қазақ поэзиясын көркемдік тұрғыдан байытуға, көркейтуге, Хантәңірдей биікке көтеруге арнаған ақын ұлттық көркем санамызда да биік шыңға көтеріле бермек.
Мұқағали поэзиясын түсіну көзінің тірісінде ғана емес, дүниеден озған соң да толастаған емес...
Дүниеге ақын көз жұмған соң «Өмір - өзен», «Соғады жүрек» (екі томдық), «Бәсіре», «Шолпан», «Қош, махаббат», «Аманат» сияқты кітаптардың келуі, оқырмандар қолына тиюі осының кепілі бола алады. Оның «Өмірдастан» таңдамалысы да оқырман қолына ақын өлген соң барып тиді.
Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев мол қазыналы мұрасын ХХІ ғасырдағы ұрпағына аманаттап үлгерген. Ақын туындылары өзі дүниеден өткен соң ғана Мемлекеттік сыйлыққа екі рет ұсынылды. Бірінші рет 1984 жылы ақын көз жұмғаннан кейін сегіз жыл өткен соң, екіншісі 2000 жылы «Аманат» атты жыр жинағы. Ақынның туғанына 70 жыл толуы қарсаңында «Атамұра» баспасынан жарық көрген жыр кітабына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының берілуі қандай ғанибет!
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деген ақын болжамының, ақын сенімінің құдіретіне қайран қаласың! Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, парасатын кемелдендіре түсті.
Ұлы ақынның поэзиясы әр ұрпақпен бірге жүріп, бірге көшіп, бірге тұратын мәңгілік асыл рухани қазына болып табылады.
Мұқағали Мақатаев жыр аудармасы саласында американың ақыны Уолт Уитменнің өлеңдерін, В.Шекспирдің сонеттерін, италия ақыны А.Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады.
Мұқағали Мақатаев 1976 жылы 45 жасында дүниеден өтті.
Ақынның туған жері Қарасазда мұражайы ашылып, туған ауданында қазақ орта мектебіне есімі берілді. Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылдан бері үздік әдеби шығарма авторларына берілетін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындады. Алматыда бір көшеге Мақатаев есімі беріліп, ескерткіш орнатылды.
Шығармалары:
Мақатаев М. Шығармалары: Көп томдық толық жинағы.- Алматы:: Жалын, 2006.
Мақатаев М. Шығармалары: 4 томдық.- Алматы: Жалын, 2001.
Мақатаев М. Шығармалары: 3 томдық.- Алматы, Жазушы, 1991.
Мақатаев М. Бәсіре: Өлеңдер, толғаулар, дастандар.- Алматы: Жалын, 1981.
Мақатаев М. Қош, махаббат: Прозалық шығарма.- Алматы: Жазушы, 1988.
Мақатаев М. Жырлайды жүрек: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1989.
Мақатаев М. Күнделік.- Алматы: Жалын, 1991.
Мақатаев М. Жылап қайттым өмірдің базарынан: Жыр кітабы.- Алматы: Жалын, 1994.
Мақатаев М. Аққудың қанатына жазылған жыр: Өлеңдер, поэмалар, аудармалар.- Алматы:: Шартарап, 2001.
Мақатаев М. Аманат: Жыр жинағы.- Алматы: Атамұра, 2002.
Мақатаев М. Өмір- өзен: Өлеңдер мен дастандар.- Алматы: Раритет, 2005.
Мақатаев М. Өлеңдер, поэмалар.- Алматы: Ан Арыс, 2009.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Қаупынбайұлы Т. Аққу саздары: Роман: эссе.- Алматы: Білім, 2001.
Мұқағали: Естеліктер. / Құрастырған А.Әбдіқалов.- Алматы: Жалын, 1995.
Мұқағали Мақатаев // Қазақ әдебиетінің тарихы: 10 томдық. 9 том.- Алматы, 2005.
***
Адамзаттың ақыны: М.Мақатаев- 80 //Қазақ әдебиеті.- 2011.- 22 шілде.
Айтақын Ә. Ақын аманаты парыз // Парасат.- 2001.- №3.
Алаштың ақиық ақыны: ( Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған мақалалар) // Егемен Қазақстан.- 2011.- 27 шілде.
Алпысбаев Қ. «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін...»: М.Мақатаев-80 //Қазақ әдебиет.- 2011.-22 шілде.
Әлімқұлов Қ. Мұнартқан мұң мақамдары: (М.Мақатаевтың шығарма-
шылығы туралы //Жетісу.- 2011.- 2 шілде.
Дәуітұлы Т. «Райымбек, Райымбек» поэмасының жариялануы жайлы... //Жас Алаш.- 2011.- 8 ақпан.
Жарқынбеков С. «Жазылар естеліктер мен туралы!» : М.Мақатаев- 80
//Ана тілі.- 2011.- 3 ақпан.
Мұқағали Мақатаев (1931- 1976) //Жұлдыздар отбасы (Аңыз адам) .- 2011.-№3.
Мариковский Павел
(1912- 2008)
Көрнекті жазушы - натуралист, биология ғылымының докторы, пофес-
сор Павел Иустинович Мариковский 1912 жылы Ресей Федерациясының Хабаровск өлкесіндегі Вяземская станциясында туған.
Қиыр Шығыс медицина институтын бітіріп, КСРО Ғылым Академия-
сының Қиыр Шығыс филиалында энтомолог болып істеген.
Павел Мариковский 1946 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының зоология институтында ұзақ жылдар жұмыс істеген. Жәндіктер биологиясы мен энтомологиясы лабораториясының меңгерушісі, көптеген ғылыми еңбектердің, екі монографияның авторы.
П.Мариковский ғылыми жұмыспен бірге жазушылықпен айналысады. Оның жәндіктер туралы ондаған кітаптары жұршылыққа кеңінен таныс. Бірқатар кітабы Бүкілодақтық конкурстарда жүлделі орынға ие болған.
Оның шығармашылығы жас оқырмандарға жәндіктер туралы танымдық мәлімет беріп, ой - өрісін кеңейтуге зор әсер етеді.
Жазушы – натуралист Павел Мариковскийдің Балқаш көліне арналған «Забытые острова» (1991), «Вокруг синего озера» (2000) атты танымдық шығармалары бар.
П.Мариковский Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдарымен марапатталған. Ғалым жазушының кітаптары энтомология саласындағы бағалы да, қажет еңбектер.
Жазушының шығармалар тізімін орыс тілінде берілген бөлімнен қараңыз.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Мариковский Павел //Советтік Қазақстан жазушылары: Биобиблио-
графиялық анықтамалық.- Алматы, 1987.
Мариковский Павел //Қазақстан жазушылары. ХХ ғасыр: Анық-
тамалық.- Алматы, 2004.
Мархабаев Абдул- Хамид
(1938)
Қазақ қаламгерлері арасында фантастика жанрында жазып жүрген жазушы, ұстаз, ғалым Абдул-Хамид Мархабаев 1938 жылы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Аван ауылында туған.
1984 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты.
А.-Х. Мархабаев біраз жыл ұстаздық етті, 1970-жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналында бас редактор, Қазақ ССР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетте редактор болып істеген.
А.- Х. Мархабаевтың «Ғарыштағы қымыз» кітабы 1972 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Жазушының бұл тұңғыш кітабы фантастиканы түсінетін оқырмандарды елең еткізген еді. Осы кітабының атынан – ақ автордың ұлтжандылығын байқасаңыз, кітапты оқыған соң қазақи ұлттық нышандар арқылы да фантастика әлеміне емін - еркін енуге болатынына көз жетеді. Келесі шығармасы «Арал әуендері» (1981) Арал тағдырына ғарышаралық маңыз беріп, оқырманның жанын тебіренткен шығармалар. Бұл кітаптар фантастика жанрына ден қойған жастардың, шетелдік тақырыпқа көп әуестенбей ұлттық нышандағы төл фантастикамыздың шығуына жол ашқан дүниелер еді. Бүгінде кемелерін тот басқан, әрі құмға көміліп жатқан Арал трагедиясы жазушы
А.-Х.Мархабаевтың шығармашылығының негізгі діңгегі болып алған.
Республикамыздағы фантастика сүйер қауымның басылымына айналған «Зерде» журналында қызықты сюжеттер бере отырып, А.-Х. Мархабаев айналасына талантты жас жазушыларды жинап, тағылым беріп отырады. Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетінде болашақ журналистерге дәріс бере отырып, теориялық еңбектер жазды.
1998 жылы «Ана тілі» баспасынан «Қазақ фантастикалық әдебиеті» атты сүбелі ғылыми танымдық деңгейінің шыңын пайымдайтын оқулық кітабы жарық көрді. Бұл бүгінгі заманғы жоғары оқу орындарындағы білім алып жатқан студенттерге, аспиранттарға арналған мазмұнды оқу құралы .
Ол тұңғыш рет фантастика жанрына ден қойып кандидаттық диссертация қорғады. Кейінгі жас жазушылар қиял әлеміне еркін сүңгуі үшін, өзі жақсы меңгерген жанрына шақырғандай «Қолыңды әкел, келешек» деген теориялық танымдағы кітабын дүниеге әкелді.
Сонымен қатар А.-Х. Мархабаев «Ислам = Ғылым + Журналистика: шәкірттерге бағышталған дәрістер» (1996) кітабының авторы. 2002 жылы «Санат» баспасынан А.-Х. Мархабаевтың фантастика жанрын зерделеуге арналған «Қиялгер қисындары» атты зерттеу кітабы жарық көрді.
А.-Х. Мархабаев біраз қиялгер жазушылардың шығармаларын, атап айтқанда В.Михайловскийдің «Шексіздікке шеру» романын қазақ тіліне аударды, аудармашылық шеберлігін көрсетті. Жазушының шығармалары орыс, украин, молдаван басқа да туысқан халықтар тіліне аударылған.
Қазақ фантастикасына арналған көптеген әдеби - сын мақалалары мерзімді баспасөз бетінде жарияланып келеді.
Шығармалары:
Мархабаев А.- Х. Ғарыштағы қымыз. Фантасика: Повесть және әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1972.
Мархабаев А.- Х. Қолыңды әкел, келешек. Қазақ фантасикасы кеше, бүгін және... –Алматы: Қазақстан, 1978.
Мархабаев А.- Х. Арал әуендері. Фантасика: Повестер мен әңгімелер.- Алматы: Жалын, 1981.
Мархабаев А.- Х. Қазақ фантастикалық әдебиеті: даралау, қарастыру, дәйектеу. –Алматы: Ана тілі, 1998.
Мархабаев А.- Х. Жарылқаушы...- Алматы: Шартарап’ С, 1998.
Мархабаев А.- Х. Қиялгер қисындары: Ғылыми- танымдық зерделеу- зерттеулер. – Алматы: Санат, 2002.
Мархабаев А.- Х. Ислам = Ғылым + Журналистика: Шәкірттерге бағышталған дәрістер.- Алматы, 2002.
Мархабаев А.- Х. Қызық қиял: Хикаяттар.- Алматы: Раритет, 2008.
Мархабаев А.- Х. Жұлдыздар жарығы жерге жетеді: Фантаситка.- Астана: Педагогика- Пресс, 2010
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
А.-Х Мархабаев //Советтік Қазақстан жазушылары: Биобиблиогра-
фиялық анықтамалық.- Алматы, 1987.
Мархабаев Абдул - Хамид //Қазақстан жазушылары. ХХ ғасыр: Анық-
тамалық.- Алматы, 2004.
***
Әбдәкәрімов С. Абдул- Хамид : Фантаст жазушы: (Профессор А.-Х. Мархабаев туралы сыр) //Әдебиет айдыны.- 2008.- 31 қаңтар.
Қирабаев С. Шыншыл қиял жоқшысы: (Абдул- Хамид Мархабаевтың шығармашылығы туралы) //Қазақ әдебиеті.- 2010.- 29 қазан.
Мәуленов Сырбай
(1922- 1993)
«... Қазақ әдебиетінің осынша рухани кемелденуіне белсене атсалысқан үлкен тіректі тұлғаның бірі Сырбай Мәуленов деп білемін... Оның шын жібектей майса әуезді, тұнық бұлақтай мөп - мөлдір, кәусар көлдің жағасында өскен бал құрақтай сылдырлы да сыңғырлы, сыпайы да сұлу лирикасы тоталитаризм тоңы мұздатып тастаған оқырман қауым көңілін сағына күткен көктемдей бірден жібітті. Содан бастап-ақ қазақ поэзиясының лирикалық сарылы күшейіп, тереңдей түсті»,- деп жазды Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбай ақынның «Өлеңім- өмірім менің» деп аталатын жыр жинағына жазған алғысөзінде.
Жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген Сырбай Мәуленовтің таңғы шықтай таза, өрнекті өлеңдері қазақ халқының өмірінің жарқын беттерін ашады. Дәуір келбетін, тарихымыздың өткен жылдардағы дәріс сабағын, Отан соғыстың отты жылдарын, жауынгерлердің ерліктерін өзіне тән айшықпен баяндайды. Сондықтан да Сырбай Мәуленов адамды нағыз сыршыл сезімімен де, ойымен де, көркемдік бейнесімен де бірден баурап алатын, шынайы поэзияның орнығуына ең бір ықпал ете білген ақын.
Соғыс пен бейбітшілік, өмір мен уақыт, қарттық пен жастық, достық пен махаббат, лирикалық қаһарманның Отанына деген перзенттік жүрек діріліне толы толғанысы табиғат суреттерімен келіп ұласады.
Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Сырбай Мәуленов 1922 жылы Қостанай облысы, Жанкелді ауданындағы Торғай селосында туған.
1940 жылы Қызылорда педагогикалық инситутына оқуға түсіп, екінші курсында әскерге алынып, Отан соғысына аттанған.
Соғыстан кейінгі жылдары Қостанай облыстық газетінде (қазіргі «Қостанай таңы») бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып, 1951- 1955 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, 1957- 1961 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып істеді. 1964- 1971 жылдар аралығында «Жұлдыз» журналының, кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды.
Сырбай Мәуленов қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы. «Өлеңдер» атты тұңғыш кітабы 1948 жылы жарық көрді. «Жолдас» (1954), «Жас жүрек» (1956), «Жол үстінде жалындар» (1963), «Жұлдыз жырлар» (1963), «Қызыл арша» (1969), «Найзағай жарығы» (1973), «Бозқырау» (1976), «Тау гүлдері», «Шалқар», «Жалын» (1979), «Жаңбырсыз күз» (1980), «Шуақ», «Алтын тасқын» (1981), «Жұлдыз жүрек» (1985), «Күзгі бұлттар» (1987), «Мизам» (1990) т.б. жыр кітаптары сыншылар тарапынан жоғары бағаланған. 1966 жылы «Шаңқай түс» жинағы, 1972 жылы таңдамалысының 2 томдығы басылып шықты.
1981-1984 жылдары ақынның таңдамалы шығармаларының 3 томдығы жарық көрді.
Ақын қайтыс болғаннан кейін «Ақшамның қызыл қанаты» (1994), «Өлеңім - өмірім менің» (1997) жыр кітаптары жарық көрді. Соңғы жинаққа ақынның таңдаулы өлеңдері іріктеліп берілген. Оның «Жаңа көктем» (1956), «Дала таңы» (1957), «Көгілдір таулар (1964), «Жер нәрі» (1970), «Апрель жапырақтары» (1972), «Таңдамалы лирикалары» (1967), «Жапырақтар жанады» (1972) жыр жинақтары орыс тілінде Мәскеуде басылды.
Сырбай Мәуленов мерзімді баспасөзге белсене қатысып, көптеген мақалалар мен очеркте жазды. «Жер нәрі» атты әдеби портреттер мен очерктер жинағы, «Үркер төбеде тұр» (1971) кітабы естеліктер мен портреттерден құралған. Соңғы жинаққа Абай, Ыбырай, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қасым Аманжолов, М.Тұрсынзаде т.б өмір жолын қысқа әрі көркем бейнелеген. «Шыңдағы шұғыла» жинағы Отанымыздың 50 жыл ішінде қол жеткен табыстарын баяндайды.
Сырбай Мәуленов балаларға арнап «Барлаушы бала», «Құлыншақ», «Бала жолбарыс», «Қорқақ торпақ» т.б. өлеңдер мен әңгімелер жазды. Сонымен қатар С.Мәуленов орыс және туысқан халықтар әдебиетінің классиктері А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов, Т.Г. Шевченко, В.Маяковский, А.Блок, С.Есенин, Н.С.Тихонов, Ә.Науаи т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. С.Мәуленов І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.
Су сыбырлап ағады,
Сыбырының сыры бар.
Жел аймалап соғады,
Көкейімде жыры бар.
Жастық дәурен барады,
Алды - артына қарамай.
Жарық жұлдыз ағады,
Қол созамын баладай.
Ағып жұлдыз, зулап жел,
Тоқтамасы ол анық.
Бұл өмір де бұраң бел,
Бір жасайтын балалық!- деп жазған Сырбай Мәуленов қазақ поэзиясының аққан жарық жұлдызындай 1993 жылы 13 қаңтарында дүниеден өтті.
Өз өлеңдерімен ақын қазақ поэзиясының лирика жанрын дамытуға үлкен үлес қосып, жаңа белеске көтеріп кетті.
Бүгінде ақынның туған ауылы Мелісайдағы орта мектепке, Қазақстанның үш қаласы : Алматы, Арқалық, Қызылорданың көшелеріне ақын есімі берілді.
Ақынның әдеби мұрасы ұрпақтан ұрпаққа өтетін өміршең рухани азық боларына дау жоқ.
Шығармалары:
Мәуленов С. Шығармалар жинағы: 3 томдық.- Алматы: Жазушы, 1982.
Мәуленов С. Таңдамалы өлеңдер жинағы: 2 томдық.- Алматы: Жазушы, 1972.
Мәуленов С. Таңдамалы өлеңдер. 1938- 1958.- Алматы: ҚМКӘБ, 1958.
Мәуленов С. Сыр мен жыр: (Туған әдебиет туралы ойлар).- Алматы: Жалын, 1991.
Мәуленов С. Ымырт.- Алматы: Қайнар, 1992.
Мәуленов С. Өлеңім- өмірім менің: Жыр жинағы.- Алматы: Санат, 1997.
Мәуленов С. Алыс кетіп барамын: Өлеңдер.- Алматы: Атамұра, 2003.
Мәуленов С. Өлеңдер, поэмалар, балладалар, аудармалар.- Алматы: Ан Арыс, 2010.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Әлім Қ. Сырбай мен Ғафу: Эссе- хикаят.- Астана: Фолиант, 2003.
Ергөбек Қ. Бұлбұл ақын, бұла жыр //Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар.- Алматы, 2003.
Жұмабек С. Найзағайдың жарығы: (С.Мәуленов) //Жұмабек С. Сын әуені.- Астана, 2001.
Жыр тұлпары, сыр сұңқары Сырағаң. /Құрас. К.Мәуленкеліні, Қ,Сырбайұлы.- Алматы: Атамұра, 1996.
Сырбай Мәуленов //Қазақ әдебиетінің тарихы: 10 томдық. 9 том.- Алматы, 2005.
Қайырбеков Ғ. Еңселендірер естеліктер: (С. Мәуленов) //Қайырбеков Ғ. Саға.- Астана, 2003.
Оспанов С. Сырбай Мәуленов- журналист, публицист: Оқу құралы.- Алматы: Ғылым, 2001.
Сәрсекеев Қ. Алдаспан ақын: (Сырбай Мәуленов) //Сәрсекеев Қ. Портреттер: Әңгіме- эсселер.- Алматы, 1999.
***
Әнесұлы Ж. Жыр тұлпары Сырағаң ( Мәуленов) //Әдебиет айдыны.- 2007.- 26 шілде.
Раушанов Е. Жанның жұпар жаңбыры : (Сырбай Мәуленов туралы)
//Жас Алаш.- 2009.- 24 қыркүйек.
Сәрсекеев Қ. Өтті дүние дөңгеленіп бір елес: (Ақын Сырбай Мәуленов туралы естелік) //Қазақ әдебиеті.- 2008.- 27 желтоқсан.
Ыбырайым Б. Ақ түн, қара жұлдыз..: (Ақын С. Мәуленовтің шығармашылығы туралы) // Қазақ әдебиеті.- 2008.- 14 наурыз.
Медетбеков Темірхан
(1945)
Қазақ поэзиясына жетпісінші жылдары қосылған өзіндік қолтаңбасы бар, бүгінде елімізге танымал ақындардың бірі- Темірхан Медетбеков. Ақынның тұңғыш жинағы 1970 жылы шыққан «Жанымның жас құрағынан» бастап соңғы жылдары жарық көрген «Тағдырлы жылдар жырлары» (1999) жыр кітабына дейінгі аралықта қаншама асу, белестер жатыр. Атап айтқанда, «Сапар алдында» (1973), «Алыс шақырымдар» (1975), «Мәртебе» (1977), «Әуедегі толқындар» (1980), «Көгершін қауырсындары» (1982), «Дауыс» (1984), «Жүректегі ендіктер» (1987), «Сырым бар саған айтатын» (1989), «Аңқа кептірген аңызақ» (1992), «Тынышыңды алам дүние» (1998), «Тағдырлы жылдар жырлары» (1999).
«Тағдырлы жылдар жырлары» жыр кітабы жайлы жұртшылықтың, оқырман қауымның ой - пікірі, ықыласы мен тілектері аз айтылған жоқ.
Темірхан Медетбеков 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Аманкелді атындағы колхозда туған. Орта мектептен кейін Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтында оқыған. Қазақ теледидарында, «Жазушы» баспасында, Маңғыстау облыстық газеті, «Егемен Қазақстан» газетінде, Ұлттық қоғамдық - саяси журнал «Ақиқаттың» бас редакторы болып қызметтер атқара жүріп, көптеген жыр кітаптар жазды. Ақын өмір - тірлікте сан алуан құбылып, әр алуан сипат алып жататын небір ұғымдардың өміршең философиясын поэзия тілінде шынайы шеберлікпен жеткізеді. Оның өлеңдерінде адам, табиғат, өмір сияқты ұғымдар соншама асқақ, отаншылдықпен мейлінше астасып жатады.
Ақын уақытпен, заманмен сыр бөліскенде әр алуан тақырыптарды қозғайды. Ақынның «Тағдырлы жылдар жырлары» кешегі кеңестік идеологияның темір тәртібіне түбегейлі бас иіп, қалыптан шықса қателестің деп жазаланатын замандағы қазақтың зар - мұңын, араман - мұратын жырға көшірген киелі кітап.
Тегінде, Темірхан Медетбеков Адам болмысын - оның Жан дүниесінің қалтарыстарын жалықпай ақтарып, айдай әлемге ақиқатын ашып айтуға құштар.
Бәрі қымбат
Арзан бірақ жиғаның.
Арзандады көкірекке құйғаның.
Дүниенің бәрі қымбат,
Бірақ та,
Арзандады арыңменен иманың,
Жақын етіп қияндағы алысын,
Жауға шығып арын берген ар үшін,-
Көшелердің мүйісінен сығалап
Көк тиынға көзін сатты намысым.
Мұндай шумақтар оқырманның ой - санасын сілкіндіріп, уақытқа өкпесін, заманға ренішін, адамға ескертуін жеткізетін шумақтар. Ақын жырлары қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді қозғап туған еліміздің, жеріміздің тағдырына қатысты ой - толғаныстарын өлеңмен өріп, шебер жеткізеді:
Бұл өмірде аз ба, көп пе үлесің-
Бәрібір сен!-
Жылайсың да, күлесің...
Ғұмыр бойы еркіңнен тыс - өлгенше
Қос ниеттің қоршауында жүресің.
Енді мұны түсін мейлі,
түсінбе,-
Мейлі, сенің аппақ болсын ісің де-
Жүресің сен, ғұмыр бойы өлгенше
Қара ниет, ақ ниеттің ішінде.
Жанып тұрса біреуіңнің шырағы,
Құрту, жою біреуіңнің ұраны.
Қара ниет күлін шашып құтырып,
Аппақ ниет нұр себелеп тұрады.
Өмір сені қаншама әлі сілкеді,
Өмір сені қаншама әлі тінтеді...
Қара ниет жақса саған күйесін,
Аппақ ниет ақ бұлт болып сүртеді,- дейтін өлең жолдарында ақын өмір қайшылықтарын, тіршілік драмасын әсерлі суреттейді ( «Тағдырлы жылдар жырлары»).
Темірхан Медетбек - сын саласында да тер төгіп жүрген ақын, оның көптеген проблемалық мақалалары оқырман қауымға кеңінен таныс. 2001 жылы «Өлке» баспасынан Темірхан Медетбектің әдебиет туралы ойларын жинақтаған «Баба дәстүрдің мұрагері кім?» деген атпен жеке кітап болып шықты.
Ақынның өлеңдері орыс, украин тілдерінде жарық көрген коллективтік жинақтарға енген. Темірхан Медетбеков украин ақыны Валерий Гужваның, өзбек ақыны Еркин Вахидовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
Ақын поэзиядағы тамаша жыр кітаптары үшін Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты болды. Темірхан Медетбекке «Тағдырлы жылдар жырлары» жыр жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бүгінде Темірхан Медетбек шығармашылығы жан - жақты толысқан кемел шағында, оқырман қауымға талай жыр кітаптарын тарту етер деп ойлаймыз.
Адамзаттың арман – тілегін, табиғаттың бояуы мен реңін - бәрін сөзбен сомдап соғып, жүрегінде қорытып, тоқыған Темірхан ақынның өлеңдері ұлтымыздың рухани әлеміне қосылған құнды қазына.
Достарыңызбен бөлісу: |